Назарбаев зияткерлік мектептерінің 15 жылдық мерейтойына орай Петропавлда мұғалімдер арасында “Қос аңыз” республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Оған еліміздің өңірлерінен қазақ лигасының 12 командасы қатысты.
Екі күн бойы Астана, Павлодар, Ұлытау, Семей, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірлерінің мұғалімдері қоғамның өзекті мәселелерін ортаға салып, өзара талқылап, шешу жолдарын ұсынды. Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Данияр Кемешев дебатқа студенттік кезден қатысып келеді. Қазір ол “Қағида” пікірсайыс клубына жетекшілік етеді.
– Мұғалімдер арасында да пікірсайыс турнирлері өтсе екен деп ойлайтынбыз. Сол арманымыз Петропавлда жүзеге асқанына қуаныштымыз, – деді Данияр Кемешев.
Ұлытау облысының Қарсақбай кентіндегі №15 тірек мектебінде тарих пәнінен сабақ беретін Дархан Есенбаев үшін бұл дебат сайысы – алғашқы сынақ. Білім саласына 4 жыл бұрын қосылған маман алдағы уақытта дебат сайыстарына жиі қатысып, тәжірибе жинақтауды көздеп отыр.
– Небір мықты мамандар келген екен. Бұл – таным көкжиегімді кеңейтіп, тәжірибе жинап, кейін оны оқушыларыма үйретуге керемет мүмкіндік. Бұрын дебатқа аса қызықпайтынмын. Өйткені кез келген тақырыпқа байланысты өзіңе ұнамай тұрған жақты қолдап, сөйлеуге қарсы едім. Бүгін тартысты дебатты көріп, қызығушылығым оянды, – дейді ұлытаулық Дархан Есенбаев.
Турнир британдық парламент форматында қомандалық сайыс және Линкольн-Дуглас форматында жеке спикерлердің сайысы түрінде ұйымдастырылды. “Үздік спикер” атағын қостанайлық ұстаз Дастан Қалиев жеңіп алды. Құрамалар арасында үшінші орынға “Павлодар А” командасы тұрақтады. Екінші және бірінші орындар бұл жолы Қостанай қаласының “Амангелді тарландары” және “Парасат майданы” құрамаларының дебатшыларына бұйырды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.