«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТТІҢ ЖАҚҚАН ШЫРАҒЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мұғалім деген ат – қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам – мұғалім” , – депті жерлес жазушы Сәбит Мұқанов. Иә, шәкірт жүрегіне білім нәрін құюды мақсат еткен, осы жолда аянбай тер төгіп жүрген ұстаздардың еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Біздің өңірімізде ұстаздықты өмі­рінің алтын арқауына айналдырған жандар аз емес. Солардың бірі – қаламыздағы гуманитарлық-техникалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қарлығаш Шаймергенова.

– Мектеп қабырғасында әкем мен ағама сабақ берген Зейнеп апайым менің де талабымды ұштап, білім биігіне жетелеген еді.  Жиналыстар, асығыс шаруалары шығып қалса сыныпты маған тапсырып кететін. Сол кісіден үлгі-өнеге алдым. Үйде бауырларыма мұғалімімнің әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып сабақ үйрететінмін. Радио, теледидардан естігенімді бір айтқаннан жаттап алатын құймақұлақ болдым. Анам Шолпан Қабиболақызы – тарих пәнінің мұғалімі. Ардақтымнан да көптеген игі әдеттерді бойыма сіңірдім, – дейді кейіпкеріміз.

Қарлығаш Аманбайқызы 1968 жылдың 12 қыркүйегінде Жамбыл ауданына қарасты Айымжан ауылында дүние есігін ашқан. 1986 жылы Айымжан орта мектебін бітіреді. 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің “қазақ тілі мен әдебиеті” бөліміне оқуға түсіп,  Қызылжардағы Ушинский атындағы пединститутта қазақ бөлімі ашылғаннан кейін соған ауысып, 1995 жылы диплом алған. 1998 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аспирантурасында кандидаттық минимум тапсырып, сол жылы Түмен мемлекеттік университетінде зерттеуші және аспирант болды. 2001 “Русские лексические заимствования в казахской экономической терминологии” атты тақырыпта жазылған диссертациясын сәтті қорғап шығады. Осыдан кейін Қызылжар қаласындағы бірқатар оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, шәкірттерін мемлекеттік тілді білуге баулиды.

Филология ғылымдарының кандидаты Петропавл бизнес және басқару институты ашылған күннен бастап сол оқу орнында қазақ тілінен дәріс берді. “Ұлпан” үйірмесінің жетекшісі болды. Оның еліміздегі және РесейФедерациясындағы басылымдарда жарық көрген 76 ғылыми жұмысы бар. Әр жылдары ғылыми бағдарламалар аясында Ресейдің Қорған, Түмен, Ялуторовск, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында болып, ондағы мамандармен тәжірибе алмасқан.  2002 жылы Польшадағы Гданск қаласына симпозиумға шақырылады. 2003-2005 жылдары Петропавл жоғары әскери училищесінде лингвистика кафедрасының меңге­рушісі, ғылыми бөлім офицері, ғылы­ми бөлімнің аға қызметкері болды. 2004 жылы Петропавл экономика­лық-техникалық білім беру кешенін­де мамандар даярлау бөлімінің вице-президенті, іс жүргізу, кәсіптік қазақ тілі пәндерінің оқытушысы лауа­зымын абыроймен атқарды.

Қарлығаш Аманбайқызы диаспоралар арасында қазақ мәдениетін насихаттағаны үшін көптеген дипломдармен марапатталған. Оның алдын көріп, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері аз емес.

– Қарлығаш Шаймергенова – білікті маман. Кәсіби шеберлігін педагогика саласында тиімді пайдалана біледі. Бірнеше әдістемелік құралдың авторы. Біз әріптесіміздің студенттермен тез тіл табысып, кез келген тақырыптағы дәрістерді жан жүрегімен түсіндіре алатын қасиетін ерекше бағалаймыз. Оның көптеген шәкірті республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды еншіледі. Ұлағатты ұстаздың “Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану” мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арнап құрастырған кітабына М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары пікір жазды, – дейді гуманитарлық-техникалық колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алмат Қазақбайұлы.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жанның еңбегі елеусіз емес.  “Білім беру саласының үздігі” төсбелгісінің иегері. “Адам болған соң еңбегіңнің еленгеніне қуана­сың. Білім саласы менің – бала күнгі таңдауым. Осы саланың үздігі атан­ға­ныма разымын. Ұстаз үшін бұдан асқан марапат жоқ” , – дейді ұстаз.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan” .

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp