Соңғы жылдары әлемнің ірі мегаполистерінде қандала қаптап, бұл үлкен әлеуметтік-саяси мәселеге айналып отыр. Көзге оңайлықпен көрінбейтін, түнде “жорыққа” шығып, адам қанымен қоректенетін паразит мазаны қашырып қана қоймайды, оның түрлі аурудың қоздырғышы ретінде денсаулыққа келтірер зияны орасан. Петропавлда дезинфекциялық орталыққа түсетін шақыртулардың басым бөлігі осы зиянкестермен күреске қатысты екен. “Ұлттық сараптама орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорны “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығы” қалалық филиалы директорының орынбасары Жұлдызбек Жамантаев паразиттермен, соның ішінде қандаламен күрес жайында айтып берді.
Маманның айтуынша, дезинфекциялық орталық инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу үшін дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізеді. Дезинфекция деген – сыртқы ортадағы инфекциялық және паразитарлық аурулардың қоздырғыштарын жоюға арналған кешенді іс-шара. Дезинсекция болса – ашық алаңда немесе пәтерде, яғни, белгілі бір аумақта құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді құртуға арналған жұмыс. Дератизация – кеміргіштермен күрес.
“Филиал мемлекеттік тапсырыс аясында облыс тұрғындарының арасында тіркелетін инфекциялық және паразитарлық аурулар ошақтарында қорытынды дезинфекция, камералық дезинфекция, аса-қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарында тосқауылдық дератизация және дезинсекция жүргізеді. Сонымен қатар инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында жергілікті халықтың, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Біз ел аумағында пайдалануға рұқсат етілген, қауіптілігі төмен 4-ші класты “Фоскон 55”, “Альфацин 10%”, “Фаворит” инсектицидтік препараттарын қолданамыз. Бұл препараттардың бір-бірінен айырмашылығы олардың құрамына және әсер ету мерзіміне байланысты”, – дейді Жұлдызбек Жамантаев.
Дезинфекция және дезинсекция жүргізуге арналған препараттардың тікелей адам ағзасына әсері орасан зор, сондықтан бұл шараларды жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасын сақтаған абзал. Дезинфекция және дезинсекция жүргізілетін бөлмелерде адамдардың, үй жануарларының болуына, азық-түлік өнімдерінің сақталуына тыйым салынады. Техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмаған жағдайда, өңдеуге арналған сұйықтық буларының адам ағзасына тыныс алу жүйелері арқылы енуі мүмкін.
“Зиянкестермен күрес – ауқымды шаралардың бірі. Шақырту, немесе өтініш келіп түскен кезде, ең алдымен зиянкестердің пайда болу себебін, олардың санын, түрін анықтау жұмыстары жүргізіледі. Пәтер, үй иелерімен әңгімелесу арқылы қандай жағдайда, саны бойынша қанша, көршілерінде зиянкестерге қатысты шағымдар болды ма – барлық мәселелер анықталады. Соның барлығы, қорытындылап келгенде, жүргізілетін жұмыстың тиімділігіне әсер етеді. Өңдеу жұмыстарын жүргізу күні мен уақыты алдын ала белгіленіп, көршілерге дезинсекциялау шараларының өткізілуі, күні, уақыты туралы міндетті түрде ескертіледі”, – дейді маман.
Елімізде зиянкестерге қарсы дезинфекция жұмыстарынан кейін бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Мәселен, Ақтауда 2 бала қайтыс болды, Маңғыстау облысында бір отбасының бес мүшесі уланып қалды. Осындай жайттардың алдын алу үшін қансорғыштармен күресті маманға сеніп тапсырған абзал.
Жалпы дезинфекция орталығына келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі облыс орталығы тұрғындарына тиесілі. “Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 173 шақыртуға шығып, жұмыс істедік. Оның ішінде қандаламен күресуге – 140, тарақандармен – 31, өрмекшілермен күресуге қатысты 2 өтініш түскен. Аудандар бойынша өтініштер тіркелмеді. Зиянкестердің пайда болуының басты себебі – нысандарда санитарлық нормаларды сақтамау, зиянкестердің өмір сүруіне, көбеюіне қолайлы жағдайға жол беру және т.б.” – дейді Жұлдызбек Жамантаев.
Маман қандаланың шаққанын адамның сезбеуі мүмкін екенін айтты. Бірақ кейін адам денесінде қызыл дақтар пайда болады, зақымданған жер қызарып, қышып, ыңғайсыздық туғызып, мазасыздана бастайды. Сонымен қатар қандала – көптеген аурулардың тасымалдаушысы. Қандала – тез қоныс аударатын жәндік. Олар төбе бойымен пәтерден пәтерге көшеді, көшеден ашық терезе арқылы үйге кіруі мүмкін. Қандала шаққанда бактериялар мен вирустар табанынан, денесінен немесе тұмсығынан қанға енеді. Сонымен қатар вирустарды аурудан сау адамға тасымалдайды.
Қай уақытта, қандай жағдайда қандаланың үйде пайда болатынын ешкім біле алмайды. Мәселен, ол қоғамдық көлікте киімге жабысып үйге келуі мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын жүргізу мүмкін емес. Қандаламен күрес олардың пайда болғаны анықталғаннан кейін ғана жүргізіледі .
“Қандалаға қарсы дезинсекциялау кезінде өңдеуге жататын заттардың бірі – жұмсақ жиһаздар, өйткені қандала көбіне сонда тығылып, ұя салады. Әрине, өңдеу жұмыстарын жүргізу кезінде, үй иелерін жоспарланбаған шығынға әкеліп соқтырмау үшін, жиһаздағы зиянкестерді жою үшін барлық шаралар қолданылатыны сөзсіз. Бірақ ол нәтиже бермесе, жиһазды қоқысқа тастауға тура келеді”, – дейді Жұлдызбек Жамантаев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.