«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қандаладан қауіп көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары әлемнің ірі мегаполистерінде қандала қаптап, бұл үлкен әлеуметтік-саяси мәселеге айналып отыр. Көзге оңайлықпен көрінбейтін, түнде “жорыққа” шы­ғып, адам қанымен қоректенетін паразит мазаны қашырып қана қой­майды, оның түрлі аурудың қоздырғышы ретінде денсау­лыққа келтірер зияны орасан. Петропавлда дезин­фекциялық орталыққа түсетін шақыртулардың басым бөлігі осы зиянкестермен күреске қатысты екен. “Ұлттық сараптама орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіп­орны “Сол­түстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығы” қалалық филиалы директорының орынбасары Жұлдызбек Жамантаев паразиттермен, соның ішінде қан­даламен күрес жайында айтып берді.

Маманның айтуынша, дезин­фекциялық орталық инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу үшін дезинфекция, дезинсек­ция және дератизация жүргізеді. Дезинфекция деген – сыртқы ор­тадағы инфекциялық және пара­зитарлық аурулардың қоздыр­ғыштарын жоюға арналған кешен­ді іс-шара. Дезинсекция болса – ашық алаңда немесе пәтерде, яғни, белгілі бір аумақта құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді құрту­ға арналған жұмыс. Дератизация – кеміргіштермен күрес.

“Филиал мемлекеттік тапсы­рыс аясында облыс тұрғындарының ара­сында тіркелетін инфекциялық және паразитарлық аурулар ошақ­тарында қорытынды дезинфекция, камералық дезинфекция, аса-қауіпті инфекциялардың таби­ғи ошақтарында тосқауылдық де­ратизация және дезинсекция жүр­гізеді. Сонымен қатар инфекция­лық және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында жергілікті халықтың, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Біз ел аумағында пайдалануға рұқсат етілген, қауіп­тілігі төмен 4-ші класты “Фоскон 55”, “Альфацин 10%”, “Фаворит” ин­сектицидтік препараттарын қолданамыз. Бұл препараттардың бір-бірінен айырмашылығы олар­дың құрамына және әсер ету мерзіміне байланысты”, – дейді Жұлдызбек Жамантаев.

Дезинфекция және дезинсек­ция жүргізуге арналған препараттардың тікелей адам ағзасына әсері орасан зор, сондықтан бұл шараларды жүргізу кезінде қауіп­сіздік техникасын сақтаған абзал. Дезинфекция және дезинсекция жүргізілетін бөлмелерде адамдардың, үй жануарларының болуына, азық-түлік өнімдерінің сақталуына тыйым салынады. Техникалық қауіп­сіздік шаралары сақталмаған жағдайда, өңдеуге арналған сұйықтық буларының адам ағза­сы­на тыныс алу жүйелері арқылы енуі мүмкін.

“Зиянкестермен күрес – ауқым­ды шаралардың бірі. Шақырту, не­месе өтініш келіп түскен кезде, ең алдымен зиянкестердің пайда болу себебін, олардың санын, тү­рін анықтау жұмыстары жүргізі­леді. Пәтер, үй иелерімен әңгіме­лесу арқылы қандай жағдайда, саны бойынша қанша, көршілерінде зиянкестерге қатысты шағымдар болды ма – барлық мәселелер анықталады. Соның барлығы, қорытындылап келгенде, жүргізілетін жұмыстың тиімділігіне әсер етеді. Өңдеу жұмыстарын жүр­гізу күні мен уақыты алдын ала белгіленіп, көршілерге дезинсекциялау шараларының өткізілуі, күні, уақыты туралы міндетті түрде ескертіледі”, – дейді маман.

Елімізде зиянкестерге қарсы дезинфекция жұмыстарынан кейін бірнеше қайғылы оқиға тір­келді. Мәселен, Ақтауда 2 бала қайтыс болды, Маңғыстау облы­сында бір отбасының бес мүшесі уланып қалды. Осындай жайт­тардың алдын алу үшін қансорғыштармен күресті маманға сеніп тапсырған абзал.

Жалпы дезинфекция орталы­ғына келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі облыс орталығы тұр­ғындарына тиесілі.  “Биылғы 11 ай­дың қорытындысы бойынша 173 шақыртуға шығып, жұмыс істедік. Оның ішінде қандаламен күресуге – 140, тарақандармен – 31, өрмек­шілермен күресуге қатысты 2 өті­ніш түскен. Аудандар бойынша өті­ніштер тіркелмеді. Зиянкестердің пайда болуының басты себебі – нысандарда санитарлық нормаларды сақтамау, зиянкестердің өмір сүруіне, көбеюіне қолайлы жағ­дайға жол беру және т.б.” – дейді Жұлдызбек Жамантаев.

Маман қандаланың шаққанын адамның сезбеуі мүмкін екенін айтты.  Бірақ кейін адам денесінде қызыл дақтар пайда болады, зақым­данған жер қызарып, қышып, ыңғайсыздық туғызып, мазасыздана бастайды. Сонымен қатар қандала – көптеген аурулардың тасымалдаушысы. Қандала – тез қоныс аударатын жәндік. Олар төбе бойымен пәтерден пәтерге көшеді, көшеден ашық терезе арқылы үйге кіруі мүмкін. Қандала шаққанда бакте­риялар мен вирустар табанынан, денесінен немесе тұмсығынан қанға енеді. Сонымен қатар вирустарды аурудан сау адамға тасымалдайды.

Қай уақытта, қандай жағдайда қандаланың үйде пайда болаты­нын ешкім біле алмайды. Мәселен, ол қоғамдық көлікте киімге жабысып үйге келуі мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын жүргізу мүмкін емес. Қандаламен күрес олардың пайда болғаны анықталғаннан кейін ғана жүргізіледі .

“Қандалаға қарсы дезинсек­циялау кезінде өңдеуге жататын заттардың бірі – жұмсақ жиһаздар, өйткені қандала көбіне сонда тығылып, ұя салады. Әрине, өңдеу жұмыстарын жүргізу кезінде, үй иелерін жоспарланбаған шығынға әкеліп соқтырмау үшін, жиһаздағы зиянкестерді жою үшін барлық шаралар қолданылатыны сөзсіз. Бірақ ол нәтиже бермесе, жиһазды қоқысқа тастауға  тура келеді”, – дейді Жұлдызбек Жамантаев.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp