«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұрпақтар теориясы: Z буын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғалымдар әр жиырма жыл сайын қоғамдық ахуал ауысып, заман бей­несінің жаңарып отыратынын айта­ды. Өмірде тұрақты ештеңе жоқ. Бү­гінгі күні мызғымас берік болып кө­рінетін қағидалар мен ережелер күні ертең келер ұрпақтың ықпалымен өзгеріске ұшырап, тіпті теріске шығарылуы да мүмкін. Дүниежүзін­дегі ірі саяси өзгерістер, әлемді елең еткізер айтулы оқиғалар да адам­дар­дың жүріс-тұрысына, өмір сал­тына әсер етеді. Осылайша заман дейтін үлкен теңізде жаңа толқын пайда болады. Мұны ұрпақтар са­бақтастығы деп атаймыз.

Осы құбылысты байқаған АҚШ ға­лымдары Уильям Штраус пен Ни­л Хау “Ұрпақтар теориясы” атты жаңалықты ашты. Аталған теория соңғы бір ғасырдағы ұрпақтардың алмасуын сипаттап, әр заманның адамдарын буын-буынға жіктеп көр­сетеді. Оған сенсек, қоғамда әр 15-20 жыл сайын бір буынның екіншісін алмастыру процесі жүреді. Мәселен, 1946-1964 жылдар аралығында дүниеге келгендер Бэби бум ұрпағы, 1965-1980 жылғылар Х буыны, одан кейінгілер Ү, Z, A буындары болып жалғасып кете береді.

Қай кезде де бір буын өкілдері қо­ғам өміріне белсене араласып, оның негізіне айналады. Елдің назары сол буынға ауып, олардың “дәуірі” туа­ды. Кейін оларды өздерінен кейінгі ұрпақ өкілдері алмастырып, замана дөңге­легі тоқтаусыз айналып кете бе­реді. Осылайша “Ұрпақтар теория­сы” әлемдегі соңғы өзгерістерді, адам­­дардың іс-әрекетін түсіндіруге мүм­кіндік береді.

Бұл жаңалықты естіген адамда “Сонда қазіргі онжылдық қай буын өкілдерінің кезеңі?” деген сұрақтың туындауы заңдылық. Әлеуметтану­шы­лар бүгінде дүниежүзінде Z ұрпақ заманының орнағанын айтады. Бұл – шамамен 1997-2012 жылдары ту­ғандар. Біздің жағдайымызда бұлар – толықтай Тәуелсіздік кезеңінде туған қазіргі жастар. Жастардың қоғамда­ғы маңыздылығын, ерекше орнын аталған теория да айғақтап тұр. Яғни қазіргі жастар жаңа ере­желерді қалыптастырушы, трендтер жасау­шы буын саналады. Бүгінгі марке­тингтік амалдар мен сан алуан жар­наманың бәрі дәл осы санатқа енетін жастардың талға­мына сай жасалған. Бүгінгі қандай өзгеріс болсын Z ұрпақ өкілдерінің арала­суынсыз жүрмейді.

Жастар дегеніміз – адамның жа­сына қарап қана айтылатын өлшем емес. Жастар санатына жататын адамның ойлау формасы, құнды­лық­тар жүйесі жас болуы керек. Жас­тар тұлғасының қалыптасуына қо­ғамдағы әлеуметтік, экономика­лық, сая­си және технологиялық фак­тор­лар үлкен әсер етеді. Қысқаша айт­қанда, қазіргі жастар өткен ға­сыр­дың соңы мен осы ғасырдың басын­дағы әлеуметтік ахуалдың нәтижесі. Осы уақыт аралығында болған өз­геріс­тер, оқиғалар, қақтығыстардың бәрі қазіргі жастардың тұлғасын қалып­тас­тырды. Хоув пен Штраус та адам­ның мінез-құлқы оның 10-12 жас­­қа де­йін қалай өмір сүргеніне байланысты қалыптасатынын ай­тады.

Осы сияқты ғылыми тұжырым­дар бүгінгі жастардың табиғатын жа­қынырақ танып, олардың артықшы­лығы мен кемшіліктерін, шешілуі тиіс мәселелерін анықтауға септігін тигізеді. Қазіргі жастар – осыдан 10-20 жылдар бұрынғы алмағайып заман мен уақыт өлшемі өзгерген кезеңнің өкілдері. Мысалы 2009 жылдың қыр­күйегінде мұхиттың ар жағында орын алған қайғылы оқиға кейінгі буынның бойындағы сақ­тықты, не нәрсеге болсын күмәнмен қарауды қалып­тастырды. Теория авторлары қазіргі ұл-қыздардың бо­йындағы ерекше байқалатын мінез­дердің бәрін өткен күндегі осындай оқиғалардың сал­дары ретінде түсін­діруге болатынын ай­тады.

Бүгінде жастардың әлеуметтік желілерге, ғаламторға тәуелділігі жай­лы жиі айтылады. Аталған құбылысты да “Ұрпақтар теориясы” түсін­діріп беріп отыр. Өйткені бүгінгі Z буын дегеннің өзі – цифрлық дәуірдің жемісі. Z буынның пайда болуы жер бетінде ғаламтордың кең таралуы­мен тікелей байланысты. Мәселен, технологиялық жағынан әлдеқайда жетілген Жапонияда Z жастар сек­сенінші жылдары дүниеге келсе, біз­де тоқсаныншы, екі мы­ңыншы жыл­дары өмір есігін ашыпты. Жастар үшін ғаламтор тек құрал ғана емес, күнделікті өмір салтына ай­налды. Ақпараттық технологиялар кейінгі буынның бойында өзгеше ойлау формасын қалыптастырды. Осы мә­селе тұрғысында зерттеу жүр­гізген америкалық психолог Гэри Смолл Z буынның миында бұған дейінгі буын өкілдерімен салыстырғанда айтар­лық­тай өзгерістер бар екенін жаза­ды. “Ғаламтор ақпарат алудың жаңа тәсілі ғана емес, ол – жүйке жүйесі үшін мүлде жаңа тәжірибе. Ғаламтор мидың әдепкі жұмысына әсер етіп, оны онлайн әрекеттерді жүзеге асыруға бейімдейді”, – дейді ғалым. Қазіргі жастар қандай да бір ақпа­ратты есте сақтап қалуға тырыс­пай­ды. Олар бұл тапсырманың бәрін ға­ламторға тапсырып, өз назарын бас­қаға аударуға бейім. Осыдан барып “гуглдық ойлау” ұғымы туын­дайды. Яғни қазіргі ұрпақ өкілдері үшін қажетті ақпаратты есте сақтау емес, оны ғаламтордан жылдам та­будың жолын білу әлдеқайда ма­ңыздырақ.

Қазіргі жастардың тағы бір ерек­шелігі – ерте есейіп, ересек өмірге күні бұрын араласуында. Олар үнемі әлдеқайда асығып жүреді. Өз уа­қыт­тарын жоспарлап, ертеңгі уақытты күні бұрын ойлайды. Белгілі бір затқа көп зейін қойып қарай бермейді. Әлеуметтанушылар 10 жастағы Z буынының өкілінің ойлау деңгейі Ү буынының 14 жастағы өкілімен ша­малас екенін дәлелдеген.

Жоғарыда айтылғандай, қазіргі жастардың құндылықтар жүйесі де өзгеше. Қазіргі Z буын үшін гендерлік теңдік, табиғат пен жануарларға қамқорлық көрсету, жеке өмірге қол сұқпау, пікір білдіру еркіндігі аса ма­ңызды. Сонымен қатар ақша, ер­кіндік, жайлы өмірді бәрінен биік қоятын кейінгі буын өкілдері де көп. Бүгінгі таңдағы еріктілер қозғалысы, қайырымдылық акцияларының ба­сында да осындай жандар тұр. Ин­клюзия, толеранттық, теңдік сияқты ұғымдар да жастардың ұранына айналғаны шындық. Олар әлемді біртұтас жүйе ретінде қарастырады. Және онда болып жатқан әділет­сіздік пен қатігездікке ашық қарсы­лық көрсетіп келеді.

Барлық буын сияқты “зеттіктер­дің” де бойында артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Қазіргі жас­тардың артықшылығына жағдайға жылдам бейімделгіштігі, білімге ұм­тылу, шығармашылық ойлау, айна­ладағы өзгерістерге бейжай қара­мау сияқты қырларын жатқызуға болады. Өкінішке қарай, бұл буынға жа­та­тындар зейінінің төмендігінен зар­дап шегіп келеді. Ондайлар қандай да бір нәрсеге 8 секунд қана зейін са­лып қарай алады. Сол сияқты жа­дының нашарлығы, айтылған сынды тым жақын қабылдау, қарым-қа­ты­насқа бейімінің жоқтығы, стресске жиі түсу де Z буынның алы­сып келе жатқан кемшілігі.

Бүгінде жер бетінде 2,5 мил­лиард­тан астам Z буынға жататын жас тұрады екен. Заман ағымы жаңа бағыт алған сайын келесі буынның да кезегі жақындап келе жатыр. “Ұрпақтар теориясының” авторлары кейінгі А(Альфа) буынының өкілдері толық ХХІ ғасырда туып өскен ал­ғашқы адамзат ұрпағы болатынын айтады. Олар бүгінде дүниеге келіп, қалыптасу кезеңінен өтуде. Осы­лайша қоғамымыздағы қазіргі құбы­лыстар 10-20 жылдан кейін қайтадан жастарымыздың мінез-құлқынан кө­рі­ніс табады.

Сарыхан ДҮЙСЕНБАЙ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp