Ғалымдар әр жиырма жыл сайын қоғамдық ахуал ауысып, заман бейнесінің жаңарып отыратынын айтады. Өмірде тұрақты ештеңе жоқ. Бүгінгі күні мызғымас берік болып көрінетін қағидалар мен ережелер күні ертең келер ұрпақтың ықпалымен өзгеріске ұшырап, тіпті теріске шығарылуы да мүмкін. Дүниежүзіндегі ірі саяси өзгерістер, әлемді елең еткізер айтулы оқиғалар да адамдардың жүріс-тұрысына, өмір салтына әсер етеді. Осылайша заман дейтін үлкен теңізде жаңа толқын пайда болады. Мұны ұрпақтар сабақтастығы деп атаймыз.
Осы құбылысты байқаған АҚШ ғалымдары Уильям Штраус пен Нил Хау “Ұрпақтар теориясы” атты жаңалықты ашты. Аталған теория соңғы бір ғасырдағы ұрпақтардың алмасуын сипаттап, әр заманның адамдарын буын-буынға жіктеп көрсетеді. Оған сенсек, қоғамда әр 15-20 жыл сайын бір буынның екіншісін алмастыру процесі жүреді. Мәселен, 1946-1964 жылдар аралығында дүниеге келгендер Бэби бум ұрпағы, 1965-1980 жылғылар Х буыны, одан кейінгілер Ү, Z, A буындары болып жалғасып кете береді.
Қай кезде де бір буын өкілдері қоғам өміріне белсене араласып, оның негізіне айналады. Елдің назары сол буынға ауып, олардың “дәуірі” туады. Кейін оларды өздерінен кейінгі ұрпақ өкілдері алмастырып, замана дөңгелегі тоқтаусыз айналып кете береді. Осылайша “Ұрпақтар теориясы” әлемдегі соңғы өзгерістерді, адамдардың іс-әрекетін түсіндіруге мүмкіндік береді.
Бұл жаңалықты естіген адамда “Сонда қазіргі онжылдық қай буын өкілдерінің кезеңі?” деген сұрақтың туындауы заңдылық. Әлеуметтанушылар бүгінде дүниежүзінде Z ұрпақ заманының орнағанын айтады. Бұл – шамамен 1997-2012 жылдары туғандар. Біздің жағдайымызда бұлар – толықтай Тәуелсіздік кезеңінде туған қазіргі жастар. Жастардың қоғамдағы маңыздылығын, ерекше орнын аталған теория да айғақтап тұр. Яғни қазіргі жастар жаңа ережелерді қалыптастырушы, трендтер жасаушы буын саналады. Бүгінгі маркетингтік амалдар мен сан алуан жарнаманың бәрі дәл осы санатқа енетін жастардың талғамына сай жасалған. Бүгінгі қандай өзгеріс болсын Z ұрпақ өкілдерінің араласуынсыз жүрмейді.
Жастар дегеніміз – адамның жасына қарап қана айтылатын өлшем емес. Жастар санатына жататын адамның ойлау формасы, құндылықтар жүйесі жас болуы керек. Жастар тұлғасының қалыптасуына қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси және технологиялық факторлар үлкен әсер етеді. Қысқаша айтқанда, қазіргі жастар өткен ғасырдың соңы мен осы ғасырдың басындағы әлеуметтік ахуалдың нәтижесі. Осы уақыт аралығында болған өзгерістер, оқиғалар, қақтығыстардың бәрі қазіргі жастардың тұлғасын қалыптастырды. Хоув пен Штраус та адамның мінез-құлқы оның 10-12 жасқа дейін қалай өмір сүргеніне байланысты қалыптасатынын айтады.
Осы сияқты ғылыми тұжырымдар бүгінгі жастардың табиғатын жақынырақ танып, олардың артықшылығы мен кемшіліктерін, шешілуі тиіс мәселелерін анықтауға септігін тигізеді. Қазіргі жастар – осыдан 10-20 жылдар бұрынғы алмағайып заман мен уақыт өлшемі өзгерген кезеңнің өкілдері. Мысалы 2009 жылдың қыркүйегінде мұхиттың ар жағында орын алған қайғылы оқиға кейінгі буынның бойындағы сақтықты, не нәрсеге болсын күмәнмен қарауды қалыптастырды. Теория авторлары қазіргі ұл-қыздардың бойындағы ерекше байқалатын мінездердің бәрін өткен күндегі осындай оқиғалардың салдары ретінде түсіндіруге болатынын айтады.
Бүгінде жастардың әлеуметтік желілерге, ғаламторға тәуелділігі жайлы жиі айтылады. Аталған құбылысты да “Ұрпақтар теориясы” түсіндіріп беріп отыр. Өйткені бүгінгі Z буын дегеннің өзі – цифрлық дәуірдің жемісі. Z буынның пайда болуы жер бетінде ғаламтордың кең таралуымен тікелей байланысты. Мәселен, технологиялық жағынан әлдеқайда жетілген Жапонияда Z жастар сексенінші жылдары дүниеге келсе, бізде тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары өмір есігін ашыпты. Жастар үшін ғаламтор тек құрал ғана емес, күнделікті өмір салтына айналды. Ақпараттық технологиялар кейінгі буынның бойында өзгеше ойлау формасын қалыптастырды. Осы мәселе тұрғысында зерттеу жүргізген америкалық психолог Гэри Смолл Z буынның миында бұған дейінгі буын өкілдерімен салыстырғанда айтарлықтай өзгерістер бар екенін жазады. “Ғаламтор ақпарат алудың жаңа тәсілі ғана емес, ол – жүйке жүйесі үшін мүлде жаңа тәжірибе. Ғаламтор мидың әдепкі жұмысына әсер етіп, оны онлайн әрекеттерді жүзеге асыруға бейімдейді”, – дейді ғалым. Қазіргі жастар қандай да бір ақпаратты есте сақтап қалуға тырыспайды. Олар бұл тапсырманың бәрін ғаламторға тапсырып, өз назарын басқаға аударуға бейім. Осыдан барып “гуглдық ойлау” ұғымы туындайды. Яғни қазіргі ұрпақ өкілдері үшін қажетті ақпаратты есте сақтау емес, оны ғаламтордан жылдам табудың жолын білу әлдеқайда маңыздырақ.
Қазіргі жастардың тағы бір ерекшелігі – ерте есейіп, ересек өмірге күні бұрын араласуында. Олар үнемі әлдеқайда асығып жүреді. Өз уақыттарын жоспарлап, ертеңгі уақытты күні бұрын ойлайды. Белгілі бір затқа көп зейін қойып қарай бермейді. Әлеуметтанушылар 10 жастағы Z буынының өкілінің ойлау деңгейі Ү буынының 14 жастағы өкілімен шамалас екенін дәлелдеген.
Жоғарыда айтылғандай, қазіргі жастардың құндылықтар жүйесі де өзгеше. Қазіргі Z буын үшін гендерлік теңдік, табиғат пен жануарларға қамқорлық көрсету, жеке өмірге қол сұқпау, пікір білдіру еркіндігі аса маңызды. Сонымен қатар ақша, еркіндік, жайлы өмірді бәрінен биік қоятын кейінгі буын өкілдері де көп. Бүгінгі таңдағы еріктілер қозғалысы, қайырымдылық акцияларының басында да осындай жандар тұр. Инклюзия, толеранттық, теңдік сияқты ұғымдар да жастардың ұранына айналғаны шындық. Олар әлемді біртұтас жүйе ретінде қарастырады. Және онда болып жатқан әділетсіздік пен қатігездікке ашық қарсылық көрсетіп келеді.
Барлық буын сияқты “зеттіктердің” де бойында артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Қазіргі жастардың артықшылығына жағдайға жылдам бейімделгіштігі, білімге ұмтылу, шығармашылық ойлау, айналадағы өзгерістерге бейжай қарамау сияқты қырларын жатқызуға болады. Өкінішке қарай, бұл буынға жататындар зейінінің төмендігінен зардап шегіп келеді. Ондайлар қандай да бір нәрсеге 8 секунд қана зейін салып қарай алады. Сол сияқты жадының нашарлығы, айтылған сынды тым жақын қабылдау, қарым-қатынасқа бейімінің жоқтығы, стресске жиі түсу де Z буынның алысып келе жатқан кемшілігі.
Бүгінде жер бетінде 2,5 миллиардтан астам Z буынға жататын жас тұрады екен. Заман ағымы жаңа бағыт алған сайын келесі буынның да кезегі жақындап келе жатыр. “Ұрпақтар теориясының” авторлары кейінгі А(Альфа) буынының өкілдері толық ХХІ ғасырда туып өскен алғашқы адамзат ұрпағы болатынын айтады. Олар бүгінде дүниеге келіп, қалыптасу кезеңінен өтуде. Осылайша қоғамымыздағы қазіргі құбылыстар 10-20 жылдан кейін қайтадан жастарымыздың мінез-құлқынан көрініс табады.
Сарыхан ДҮЙСЕНБАЙ.
Петропавл қаласы.