«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еліктер осылай жосады екен…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде елік көбейді. Олардың көптігі соншалық, елді мекен көше­леріне де кіре бастаған. Табиғат жанашырлары жануарларды атуға бол­майтынын еске салады.

Соңғы күндері әлеуметтік желіде еліктерге қатысты бейнежазбалар кө­бейді. Біреуінде бұл жануарлар елді мекеннің көшесіне кіріп кетсе, енді бірінде автомобиль жолында жүр. Жол жиегінде жайылған үйір-үйір елік адамдардан үрікпейтін болған. 

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанындағы жануарлар әлемі және балық ресурсы бөлімінің басшысы Михаил Никитиннің ай­туынша, өңірде еліктердің көбеюіне байланысты аңшылық шаруашы­лықтар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Ондағы мақсат – жан­уарларды қорғау, браконьерлікке жол бермеу.

“Өңірде 47 аңшылық шаруашы­лық бар. Мұндағы мамандар рейдтердің санын арттырды. Сон­дай-ақ қазіргі уақытта автомобиль жолдарына арнайы белгілер орнату бойынша әкімшілік полицияға ұсы­ным әзірлеп жатырмыз. Жол белгі­лері еліктер жиі жүретін орын­дарға қойылады”, – дейді Михаил Никитин.

Біздің өңіріміз еліктердің өмір сүруіне қолайлы саналады. Жылдың басында жүргізілген санақ бойынша облыс аумағында 18 мыңға жуық сібір елігі бар.  Ал қыста  олардың саны артады.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспаловтың айтуынша, жыл­дың осы мезгілінде өңірге Ресейдің көрші облыстарынан еліктердің миграциясы басталады. Былтыр еліктер облысқа қараша айынан бастап келе бастаған. Оның бір себебі – қоректік жемшөп және жайлы жер іздеуімен  байланысты.

“Былтыр еліктерді заңсыз атуға қатысты 14 дерек тіркелді. Бра­коньер­лердің басым бөлігінің бас бостандығы шектелді. Біреуі келтір­ген шығынға байланысты 7 жылға түрмеге отырғызылды. Биыл осын­дай 11 факті анықталды. 4 елік атқан Ғабит Мүсірепов атындағы аудан­ның тұрғыны мемлекетке 4,5 млн. теңге шығын келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Қы­зылжар ауданының екі тұрғыны бір елік атып, екі жылға сотталды. Келтірген шығынның орнын да толтырады”, – дейді Олег Беспалов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp