Дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен облыста соңғы бір жылда патриоттық тәрбие бағытында атқарылған шаралар қорытындыланып, осы салада белсенді жұмыс істеп жүргендер марапатталды.
Өңірде алғашқы әскери дайындық сабақтары 368 білім ошағында беріледі. Онда 360-тан астам педагог тәлім береді. Бұл жолғы шараға жастар мен аға буын өкілдері қатысып, ересектер көрген-білгендерімен бөлісіп, жастардың бойына жігер берді.
– Биылғы жылдың қорытындылары көңіл толарлықтай. Әскери-патриоттық бағытта 7 спартакиада ұйымдастырылды. Өңір жастары республикалық шараларға да белсенді қатысты. Биыл солтүстікқазақстандық өрендер Қарағандыда өткен “Айбын” жарысында жақсы өнер көрсетті. Облысымыздың командасы республикалық қысқы “Қалқан-2023” спартакиадасының жеңімпазы атанды, – дейді дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақас.
Бүгінде облыста 347 “Жас сарбаз” патриоттық клубы жұмыс істейді. Онда 5 мыңнан астам жас тәлім алады. Одан бөлек 600-дей өрен – әскери-техникалық бағыттағы клубтардың мүшесі.
– Әр буынның мойнына жүктелер өз міндеті болады. Бізге дейінгілер небір қиын кезеңдерде елді жаудан қорғап, қайсарлық танытты. Бейбіт кезеңде де елдің әскери қуатын нығайтып, батырлықтың үлгісіне айналған жандар табылып жатты. Бүгінгі жастарды да сондай рухта тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте ұрпақтар сабақтастығының алар орны айрықша, – дейді облыс бойынша қарулы күштердің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалиолла Сауытбеков.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.