Көлік министрі Марат Қарабаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, көлік инфрақұрылымының жағдайымен танысып, бірқатар нысандарды аралады.
Салалық ведомство басшысы алдымен С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жұртшылықпен кездесіп, олардың тарапынан қойылған көкейкесті сауалдарға жауап берді. Жиынға автомобиль жолдары, темір жол және су көлігі, азаматтық авиация, автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеттерінің, “ҚазАвтоЖол” ҰК, Жол активтері ұлттық орталығының жетекшілері қатысты.
Ашық форматта ұйымдастырылған кездесу барысында жол-көлік саласына қатысты маңызды мәселелер көтерілді.
Тұрғындар елдің оңтүстік өңірлерімен байланыстыратын әуе қатынасын ашуға, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Алматы – Екатеринбург республикалық тас жолы арқылы жүк тасымалдайтын көліктерге бақылауды күшейтуге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар Петропавлда және аудандарда қоғамдық көлік тасымалы, жеке жолаушылар тасымалын дамыту, автобус жүргізушілерінің тапшылығына байланысты мәселені шешуге ықпал ететін D санатындағы жүргізуші куәлігін алу талаптарын жеңілдету бойынша кәсіпкерлердің бастамасы талқыланды.
Жергілікті тұрғындармен кездесуден кейін министр негізгі көлік инфрақұрылымы объектілерін аралады.
Алдымен Петропавл қаласындағы темір жол вокзалында болды. “Ресей темір жолдары” АҚ-ның бастамасымен қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары үш жылдың ішінде тап-тұйнақтай атқарылып, заманауи үлгідегі нысан жолаушыларға барлық жағынан ыңғайлы етіп жасалған. Қызмет көрсету сапасы да жақсара түсті. Қазір мұнда үш лифт және эскалатор орнатылған. Ғимараттың шатыры ауыстырылып, қасбеті, таблолар мен желдеткіш жүйесі толық жаңартылған. Бұл мақсаттар үшін 3 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Бұдан кейін министр автовокзалға барды. Мұнда да ғимараттың іші талапқа сай қайта жабдықталған. Бірнеше халықаралық, облысаралық және ауданаралық бағыттар бар.
Петропавл халықаралық әуежайының тыныс-тіршілігі де назардан тыс қалмады. Сенімді басқаруға берілген нысан жұмыс істеп тұр. Бірақ ұшақтар Астана мен Алматыға ғана қатынайды. Бұл бағыттарға бюджет есебінен субсидия бөлінеді.
Ал облыстық әкімдікте өткен алқалы басқосуда автокөлік жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.