Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров аудан экономикасының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы екенін атап өтті. Қаңтар-қараша айларында жергілікті бюджет 109,3 пайызға орындалып, 2,7 млрд. теңгені, ал орташа айлық жалақы 247 мың теңгені құраған.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 69 млрд. теңгеге жуық. 448 мың гектар алқаптан 415 мың тонна дәнді, 40.5 мың тонна майлы дақыл жиналған. Ірі қара – 37 мың, ұсақ мал – 3 мың, жылқы – 12 мың, шошқа – 37 мың, құс 287 мың басқа жеткен. Бүгінгі таңда ауданда 5 тауарлы-сүт кешені жұмыс істейді. Олар – “Полудинское”, “Ноғайбай”, “Қызылжар МТС”, “Нұрсен Агро” және “Үлгілі” серіктестіктерінде. 10 айда 9,8 мың тонна сүт өндірілген. Келесі жылы Советское ауылында 1200 басқа арналған сүт кешенін іске қосу жоспарланып отыр. “Алтын-Мұра” ЖШС базасында сыйымдылығы 2 мың тонна көкөніс қоймасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. “Чистовское” ЖШС 50 млн. теңгеге кентішілік жолдарды жөндеп, Мәдениет үйін қалпына келтіруде. “Ноғайбай” ЖШС демалыс орталығын, қоғамдық монша, дүкен тұрғызды. Кентішілік жолдарды жөндеп, көшелерді жарықтандырды. Мұндай мысалдар аз емес.
Өнеркәсіп өнімін өндірудің нақты көлемі – 4,2 млрд. теңге. “Пальчик” ЖК май зауытының өнімі сұранысқа ие, мұнда өнімнің 13 түрі шығарылады. “Тамаша-2050” ЖШС ешкі сүтінен ірімшік, сүзбе, йогурт, май, қаймақ өндіреді.
Брифингте автомобиль жолдарын жөндеуге 3,6 млрд. теңге қарастырылғаны айтылды. 12 шақырым Булаево – Чистое республикалық жол учаскесі жөнделіп, алдағы уақытта “Қарақоға” өткізу пунктіне дейін жалғасады, бұл аралық 12 шақырымға жуық. Бәйтерек, Ганькино, Новотроицкое, Полтавка, Сарытомар ауылдарына кіреберіс жолдарға 1,4 млрд. теңге бөлінген. Возвышенка – Ұзынкөл бағытындағы жолды қалпына келтіру келесі жылы аяқталады. Кентішілік жолдарды жөндеуге бағытталған қаржы – 1,2 млрд. теңге. Олардың ішінде Жастар, Бәйтерек, Лебяжье, Қарағанды, Сулышоқ, Новотроицкое, Надежка, Ұзынкөл, Возвышенка, Қарақоға, Таман ауылдары бар. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі – 78 пайыз.
Жыл басынан бері 9,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 3 қабатты 45 пәтерлі несиелік үйінің құрылысы жуық арада аяқталмақ. Елді мекендердің 99 пайызы ауызсуды орталықтандырылған жүйе арқылы тұтынады. Сумен жабдықтау жұмыстарына 2,3 млрд. теңге, 15 елді мекенге жергілікті қазынадан 168 млн. теңге бөлінген. 26 ауыл толық жарықтандырылған. 1523 адам жұмысқа орналастырылған, 658 жаңа жұмыс орны құрылған. Қоғамдық жұмыстарға 190, әлеуметтік жұмыс орындарына 13, жастар практикасына 56 адам тартылған. Әлеуметтік осал топ санаттағыларына 30 млн. теңгенің 28 гранты беріліпті. Мысалы, Елена Агафонова өз ісін ашуға 1,3 млн. теңге алған. Қазір оның шаштаразы бар.
Әкімнің айтуына қарағанда, әлеуметтік сала жоспарлы түрде дамып келеді. Ауданда 39 дәрігер, 207 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Дегенмен жалпы практика дәрігері, хирург, офтальмолог, кардиолог жетіспейді. Денсаулық сақтау мекемелеріне 6 дәрігер орналасып, әрқайсысына 2,5 миллион теңге мөлшерінде көтермеақы төленген. Медицина ұйымдары жеті телеметриялық электро-кардиографпен жабдықталған. Электрохирургиялық жоғары жиілікті аппараттың және лор-комбайнның сатып алынуы медицина қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдеткен. Онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау 20 пайызға ұлғайған. Қарақоға, Возвышенка ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынуда. Келесі жылы Чистов және Советское ауылдарында ФАП, Бәйтерек, Надежка және Бастомар ауылдарында медициналық пункт бой көтереді.
Білім беру жүйесінде бір мыңнан астам мұғалім мен тәрбиеші еңбек етеді. Олар 4.5 мыңға жуық мектеп оқушысы мен мектепке дейінгі мекеме балаларына білім береді. №2 Булаев, Совет, Ұзынкөл, Медвежинка, Октябрь мектептеріне 390 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Сарытомар орта мектебінің терезелері ауыстырылды. “Орта білім беруді жаңғырту” жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – білім сапасын жақсарту, орта білім беру жүйесінде қолжетімділікті қамтамасыз ету. Қарағанды, Сарытомар, Октябрь орта мектептеріне химия, биология, физика пәндері кабинеттері сатып алынды. Асханалар жабдықталды, мектеп жиһаздары жаңартылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.