«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛАДЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті қаралды. Жиын бары­сында облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант үш жылдық бюджеттік жоспар аясында қай салаға қанша қаржы бағытталатынын баяндады.

– Ендігі жылы білім беру саласына 148 млрд. теңге, денсаулық сақтау жүйесіне 9 млрд. теңге қарасты­рылған. Мәдениет саласына 5 млрд. теңге бөлінеді. Спорт саласына 1 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр, – деді Наталья Дыш­кант.

Басқарма басшысы облыстың үш жылдық бюджетін жіпке тізген­дей қылып баяндағанымен, қоғам­дық кеңес мүшелері күмәндерін сейілту үшін сұрақтарын тартынбай қойды. Әсіресе қаржыны тиімді бөлу жайлы сөз қозғалды. Мәселен,  қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі Павел Афанасьев Оқушылар са­райының ғимараты толыққанды пай­даланылмай отырғанын айтты. “Оқушылар сарайында көп кабинеттер бос тұр. Соны­мен қатар оқушылардың қызығу­шылығы қаншалықты ескеріледі?” – деген сауалын жолдады. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, 2500 орындық сарайда үш мыңнан астам бала білімін жетілдіріп жүр.

– Оқушылар сарайы жобалық қуатынан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатса да,  кабинеттерді әлі де тиімді пайдалануға болатынын байқадық. Сондықтан осы мәселені жан-жақты талдап, бала санын кө­бейтуді жоспарлап отырмыз.  Оқушылар сарайы 8 бағыт бойынша жұмыс істейді, – деді Нәзір Жәші­беков.

Кеңес отырысында облыс­тық және аудандық маңыздағы жолдардың жайы да сөз болды. Алдағы уақытта бұл мақсатқа 17 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Ауыл­ішілік жолдарды жөндеуге 667 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфақұрылымын дамы­ту­ға 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мәселен, Кішкенекөл­дегі 250 орындық емхана құрылысына 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарас­тырылып отыр. Ал Талшықта 1 млрд. теңгеге жылу желілері, Тими­рязев ауданында қазандық салына­ды. Сонымен қатар келесі жылы ауылдық жерде жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға 1 млрд. 142 млн. теңге бөлінеді. Бұл – 136 адамға арналған сома.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp