Жолда жүру қауіпсіздігін тексерген облыс прокурорлары жергілікті атқарушы органдар мен өңірдің полиция бөлімшелерінде жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары “Жол қозғалысы туралы” Заңның 24-бабының талаптарын бұза отырып, жол қозғалысы туралы полиция органдарының 79 ұйғарымы бойынша шара қабылдамаған. Яғни жол жамылғысын белгіленген нормативтерге сәйкестендіруге асықпаған.
Заң талабына сай білім беру мекемесінің жанында жол белгілері мен таңбалары болуы қажет. Облыстағы күн сайын 6 мыңнан астам бала баратын 83 мектепте мұндай белгілер мүлдем болмаған.
Денсаулығы бойынша көлік жүргізуге тыйым салынған 138 адамда жүргізуші куәліктерінің барлығы анықталды. Соның бірі – Н. деген адамға сот арқылы көлік құралын басқаруға тыйым салынды. Қалғандары бойынша қазіргі уақытта жұмыс жүргізіліп жатыр.
Полиция органдары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының талаптарын бұзып, 17 құқық бұзушыны жол қозғалысы ережелері туралы білімін тексеруге жіберу туралы қаулы шығармаған.
Қадағалау органының актілері бойынша 22 лауазымды тұлға, оның ішінде облыстық әкімшілік полиция бөлімшелерінің қызметкерлері мен Айыртау ауданы әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, жіберілген заң бұзушылықтарды жою және осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.