Оқушылар сарайында “Amanat” партиясы депутаттарының алғашқы форумы өтті. Шараға жиылғандар партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасын жүзеге асыру мәселелерін, депутаттық фракциялардың жұмысын талқылады. Жиынға барлық деңгейдегі депутаттар, ауылдық округтердің әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жиналды. Сонымен қатар шараға облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода қатысып, сөз сөйледі.
– Баршаңызды аймақ дамуындағы маңызды оқиға, бүгінгі форумның ашылуымен құттықтаймын. Бүгінгі жиында Мемлекет басшысы айқындаған реформаны іске асыру аясында маңызды мәселелер талқыланады. Тәуелсіздік жылдары өңірде көптеген түйткіл шешімін тауып, ауқымды істер жүзеге асырылды. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша өңірдегі маңызды салаларда өсім бар. Экономика, құрылыс, инвестиция тартуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Өңір диқандары 3,7 млн. тонна астық жинады. Жыл басынан бері өңір экономикасына 382 млрд. теңге инвестиция құйылды. Ел Президенті өз сөзінде тұрғындардың мәселелері жергілікті деңгейде шешімін табуы керек екенін айтты. Бұл ретте түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарына артылар міндет зор, – деді Қанат Дүзелбаев.
Кейін партиядан бір мандаттық жүйе арқылы сайланған Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов сөз алып, төменгі палатада атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетіне мүше ол ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдер қалай шешіліп жатқанын сөз етті.
– Біз бірінші кезекте ауылдың, ауыл шаруашылығы саласының, тауар өндірушілердің мәселесін көтереміз. Мәселен, биыл күзде кеңейтілген отырыс барысында қолайсыз ауа райы салдарынан зардап шеккен шаруалардың жайы талқыланып, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Субсидия бойынша қарыздарды қайтару, несие мерзімдерін ұзарту, алдағы егіс науқаны үшін тұқым қорын жинау, астық тасымалын тиімді ұйымдастыру мәселелері комитеттің тұрақты бақылауында. Бұдан бөлек, өңірді газдандыру, су желілерін тарту, көші-қон мәселесіне қатысты түйткілдерді де көтеріп келеміз, – деді депутат.
Одан кейін Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. “Amanat” партиясы фракциясының жетекшісі Ирина Эктова депутаттардың жұмысы жөнінде есеп берді. Экономика және қаржы басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталып, жол картасын жүзеге асырудың кей бағыттары бойынша артта қалушылық бар екенін жеткізді. Кейін партияның өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов баяндама жасады.
Жалпы отырыстан кейін форум жұмысы панельдік сессияларда жалғасты. Онда жиналғандар өңір экономикасының нақты секторын дамыту, солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, депутаттардың сайлаушылармен жұмысы мәселелерін талқыға салды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.