С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Тәуелсіздік күніне арналған викториналық ойын ұйымдастырылды. Оған қаламыздағы колледж студенттері белсене қатысты. Шара барысында қыз-жігіттер тарихқа, қоғамдық-саяси өмірге қатысты бірсыпыра сұраққа жауап берді. Көңілді әрі пайдалы кездесу соңында білгірлігімен танылған жастарға диплом мен естелік сыйлық ретінде кітап табысталды.
– Шара барысында жастардың ел тарихынан біраз ақпарат білетініне көзім жетті. Ел болашағы жастардың қолында екені анық. Тәуелсіздікті уысымыздан шығарып алмас үшін тарихымыздың өткеніне көз жүгіртіп отыру қажет. Азаттық үшін ата-бабамыз талай ғасыр күресті. Бұл мерекенің құндылығы зор, – деді кітапхананың бөлім жетекшісі Қайыржан Мәлікова.
Викториналық ойынға белсене қатысқан студенттер бұл сайыстың қызықты өткенін айтты. Түрлі сұрақтарға жарыса жауап берген олардың таным көкжиектері кеңейгені анық.
– Қазақстанның тарихын әр азамат білуі тиіс. Менің бір байқағаным, күрделі сұрақтардың жауабы осындай ойындар кезінде есте қалады. Әрі біразға дейін ұмытылмайды. Бүгінгідей шаралар жиі ұйымдастырылып отырса екен деймін. Өте қызықты өтті. Келесі жолы қуана-қуана қатысамын, – деді гуманитарлық-техникалық колледж студенті Ромай Кайзер.
Гүлден Сембаева.