С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада тәуелсіздікке арналған жиын өтті. Аға буын өкілдері мен жастар кездесіп, өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол, тұшымды әңгіме өрбітті.
Қазіргі жастарға қазақ жері тәуелсіз ел атанғанға дейін небір зұлматты жылдарды бастан өткергенін айтып отырған абзал. Себебі мына кең байтақ жерді ұрпаққа аманаттау үшін арпалысқан батырларымыздың ерлігі, жанқиярлығы ұмытылмауы керек. Одан бері аға буынның елді дамыту, мемлекеттің іргесін нығайту үшін қажырлы еңбек еткені әлі де ел есінде. Сондықтан бүгінгідей тәуелсіз, егемен елді қалыптастыруға үлестерін қосқан ардагерлердің жастарға өмір жолынан сыр шертіп, көрген-білгенін, ақыл-кеңестерін айтуы орынды.
Жастармен кездесуге келген құрметті қонақтың бірі – Тілек Әбдірахманов. Еңбек ардагері 40 жыл бойы байланыс саласында қызмет еткен. Қазақстанның қалыптасу кезеңі көз алдында өткен оның айтары мол. Содан да болар жиында екі буынның өкілдері қысылмай, ойларын ашық айтып, еркін тақырыпта сөйлесті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықты аға буынның айтқанынан ғана білетін жастар өткенді бүгінгі өмірлерімен салыстырып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
– Қазақ халқы үшін тәуелсіздіктің маңызы зор. Себебі ғасырларға ұласқан озбыр саясаттың кесірінен қазақтың рухы жаншылды. Түп тамырымыздан ажырап қала жаздадық. Жастар осы ақиқатты білуі тиіс. Сондықтан аға буын өкілдерімен өтетін осындай кездесулер біз үшін пайдалы. Болашақта еліміз ешкімге тәуелді болмай, еркін дамуы үшін өскелең ұрпақ білімді, сауатты болуы керек. Қазір – білекті емес, білімді мыңды жығатын уақыт, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті Ерлан Бекен.
Мәдина ҚАБИ.