Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті қаралды. Жиын барысында облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант үш жылдық бюджеттік жоспар аясында қай салаға қанша қаржы бағытталатынын баяндады.
– Ендігі жылы білім беру саласына 148 млрд. теңге, денсаулық сақтау жүйесіне 9 млрд. теңге қарастырылған. Мәдениет саласына 5 млрд. теңге бөлінеді. Спорт саласына 1 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр, – деді Наталья Дышкант.
Басқарма басшысы облыстың үш жылдық бюджетін жіпке тізгендей қылып баяндағанымен, қоғамдық кеңес мүшелері күмәндерін сейілту үшін сұрақтарын тартынбай қойды. Әсіресе қаржыны тиімді бөлу жайлы сөз қозғалды. Мәселен, қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі Павел Афанасьев Оқушылар сарайының ғимараты толыққанды пайдаланылмай отырғанын айтты. “Оқушылар сарайында көп кабинеттер бос тұр. Сонымен қатар оқушылардың қызығушылығы қаншалықты ескеріледі?” – деген сауалын жолдады. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, 2500 орындық сарайда үш мыңнан астам бала білімін жетілдіріп жүр.
– Оқушылар сарайы жобалық қуатынан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатса да, кабинеттерді әлі де тиімді пайдалануға болатынын байқадық. Сондықтан осы мәселені жан-жақты талдап, бала санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Оқушылар сарайы 8 бағыт бойынша жұмыс істейді, – деді Нәзір Жәшібеков.
Кеңес отырысында облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жайы да сөз болды. Алдағы уақытта бұл мақсатқа 17 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Ауылішілік жолдарды жөндеуге 667 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфақұрылымын дамытуға 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мәселен, Кішкенекөлдегі 250 орындық емхана құрылысына 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Ал Талшықта 1 млрд. теңгеге жылу желілері, Тимирязев ауданында қазандық салынады. Сонымен қатар келесі жылы ауылдық жерде жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға 1 млрд. 142 млн. теңге бөлінеді. Бұл – 136 адамға арналған сома.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.