«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәңгі сөнбейтін шырақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Тәуелсіздік күніне орай бірқатар әдеби шара ұйымдастырылып, “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының студенттері өнер көрсетті. “Ақындардың тағдырдан мысы басым” атты “дөңгелек үстел” отырысына жиналған жырсүйер жастар поэзия, ақындық тұлға табиғаты, өлең құдіреті төңірегінде әңгіме өрбітті.

Кеш барысында Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы, жастар шығармашылығы талқыға түсіп, қатысушылар өзара пікір алмасты. Университетте оқып жүрген жас ақындар да өз шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, ой-толғаныстарымен бөлісті. Жиын соңында жиналғандар Тәуелсіздіктің мән-маңызы жайлы айтып, өлең оқыды.

Сонымен қатар бұл күні Абайтану орталығында аға оқытушы Жазира Көкбастың жетекшілігімен “Жүректің көзі ашылса…” атты Абай Құнанбайұлының қарасөздеріне арналған әдеби кеш өтті. Шарада Абылайхан Ақмағамбет Абай әнін әуелетсе, Алуа Кеңесбай өз арнауын оқыды. Диас Ізбасар, Жанелхан Қуандық бастаған бірінші курс студенттері бас ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Ал төртінші курс студенттері Абайдың 30-дан астам қарасөзін айтып, қатысушыларды терең ойға батырды.

Абай мұрасы – ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы, қазақ әдебиетінің мәңгі сөнбес шырағы. Оның шығармаларын көкейге түйіп, хәкімнің толық адам іліміне терең бойлау – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі іс. Шара қорытындысында Жазира Көкбас студенттерге Абай қара сөздерінің құндылығы жайлы баяндап, оны оқуды, зерттеуді әлі де жалғастыра беру керек екенін айтты.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp