«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңір

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің қалыпты және жоспарлы дамуын тежейтін, экономикалық өсуге кедергі келтіретін, инвестициялық ахуалды бұзатын, әлеуметтік саланың дамуына тұсау болатын ең күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан да мемлекет бұл жағымсыз әлеуметтік құбылысқа қарсы тұруға ерекше көңіл бөлуде.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар азаматтық қоғаммен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және жаңа өскелең ұрпақпен бірлескен іс-қимыл жасау арқылы ғана сыбайлас жемқорлықпен күресте оң нәтижелерге қол жеткізіп, оны біздің өмірімізден түбегейлі жоя алады. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте атап өтті. Алқалы жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айта келіп, аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталған болатын. “Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, “бармақ басты, көз қысты” әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Талап қатаң болады. Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды. Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаңғырды. Қол астындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін басшыларын қызметінен босату қағидаты енгізілді. Мемлекетіміздің осы бағытта қолға алған шараларын белгілі халықаралық агенттіктер атап өтуде. Дегенмен, біз бұған тоқмейілсіп отыра бермеуіміз керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін берді. Себебі сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқықтық нигилизмге әкеп соғады. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқаншылдыққа ұласып кетпеуі керек. Осы ретте сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн. Түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасау керек. Заң барлық мемлекеттік органдарға түйткілді тұстарды өз бетінше анықтап, жоюға міндеттейді. Дер кезінде алдын алу және ескерту жұмысы жүргізілмесе, жемқорлық деген кесел көптеген адамның жарқын келешегіне балта шабуы әбден мүмкін.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Құжатта ағымдағы жағдайға талдау жасалып, алдағы жылдарда шешілетін міндеттер айқындалған. Тұжырымдама зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталған. Стратегиялық құжат халықаралық стандарттарға, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарына негізделген.

Бесжылдық тұжырымдаманың іс-шара жоспарында алты міндет белгіленген. Бірінші міндет – сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, яғни құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, мемлекеттік аппараттың парасаттылығын арттыру, бизнестің парасаттылығына жәрдемдесу. Екінші міндет – сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін болдырмау, яғни бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және сатып алуда сыбайлас жемқорлықты азайту, бюджеттік қолдаудың тиімділігін арттыру, мемлекеттің экономикаға үлесін азайту, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын анықтау және жою құралдарын жетілдіру. Үшінші міндет – жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру. Төртінші міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту, яғни халықтың пікірін есепке алу, қоғамдық бақылау институтын дамыту, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау тетіктерін жақсарту. Бесінші міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету. Алтыншы міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру.

Әр адам сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік таныта білсе, яғни қоғам мен мемлекеттің күш-жігері бірігетін болса, осы жоғарыда көрсетілген алты міндет орындалады. Бұл – Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты жүзеге асты деген сөз. Сондықтан қоғам болып осы міндеттердің орындалуына атсалысуымыз қажет.

Солтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстар жемісті екенін айта кеткен жөн. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша, облысымыз бірнеше жылдан бері сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер тобына еніп келеді. Тіркелген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар санының азайғаны байқалады.

Бұл облыс әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті арасында қалыптасқан өзара іс-қимылдың арқасында мүмкін болып отыр. Біздің алдымызда тұрған міндеттер айқын. Біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау бойынша үнемі жұмыс жүргіземіз.

Жоғарыда айтылғандардан басқа, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі “осал” салаларда – мемлекеттік қызмет көрсетуде және бір көзден алу арқылы мемлекеттік сатып алулар санын қысқарту бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін тұрақты жұмыс жүргізуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді құралдарының бірі адам факторын азайтатын автоматтандыру жүйесі екенін атап өткен жөн. Біздің облыста қазірдің өзінде бұл бағытта ілгерілеушілік бар екенін байқауға болады. Қазір мемлекеттік қызметтердің 98 пайызы электрондық форматта көрсетіледі. Соның арқасында мемлекеттік қызметші мен көрсетілетін қызметті алушы арасындағы байланыс толығымен жойылады. 2019 жылдан бері электрондық мемлекеттік қызметтердің саны 2,5 есеге өсті.

Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Міне, осылайша азаматтарға сыбайлас жемқорлықты қабылдамауды үйретеміз. Бұл оның барлық көріністерін бастапқы кезеңінде болдырмауға мүмкіндік береді. Пара беру мен алу қоғам үшін жат әрекет болып қалуы керек.

Ғауез Нұрмұхамбетов,

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp