Тәрбие басы – еңбек. Сондықтан әр ата-ана баласын жастайынан еңбек етуге баулиды. Кейін мектеп қабырғасында да баланы іске икемді болуға тәрбиелейді. Әсіресе мектепте сабақ беретін азаматтардың тікелей міндеті – бала бойына еңбекқорлық сынды қасиетті сіңіру. Бұл – Мағжан Жұмабаев ауданы Құралай ауылындағы Қызыл Қазақстан орталау мектебінің технология пәнінің мұғалімі Қанат Исековтің күнделікті атқаратын ісі.
Қанат Мәкенұлы көпбалалы отбасыда дүниеге келген. Ол – үйдің ортаншысы болғандықтан ба, жастайынан шаруаға мығым болып өсті. Әкесі – кеңшарда мал дәрігері, анасы – сауыншы. Ата-анасы күні-түні шаруашылықтың жұмысынан босамайтын, сондықтан әулеттің ұл-қыздары үйге қарайлайтын. Адал еңбектің жемісін жастайынан көрді десек, артық айтқандық емес.
– Ауылды жерде көп еңбек ету керек. Сонда ғана еңбектің дәмін тата аласың. Ал белгілі бір саланы игеру үшін оқу қажет. “Білімсіз күнің жоқ” деген сөз бекер айтылмаған. Мұны ата-анам да жиі айтатын, – дейді Қанат Исеков. Ол Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін тамамдап, кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Алғашқы әскери және дене шынықтыру дайындығы” мамандығын игерген. Бүгіндері ол туып-өскен ауылында технология пәнінен сабақ беріп жүр.
– Көп жылдар бойы ауылдағы шаруашылықта дәнекерлеуші болып қызмет еттім. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң сол кездегі мектеп директоры Қаһарман Жетібаев балаларды қолөнерге үйретуімді сұрады. Мен оның сөзін жерге тастамай, мұғалім болдым. Еңбек сабақтарында темірден түйін түйіп, қайың қабығынан түрлі бұйымдарды оқушыларға үйрете бастадым. Мұның барлығы балаларды қызықтырады. Олардың көздеріндегі отты көріп, дұрыс таңдау жасағанымды түсіндім, – дейді Қанат Мәкенұлы.
Оның сөзінше, еңбек сабағының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі орны ерек. Бұл пәннің мектеп бағдарламасында болуы балалармен етене қарым-қатынас орнатып, олардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне септігін тигізеді. Оқушылар өздері жасаған бұйымдарын мақтан тұтады. “Бұл балалардың еңбекке деген махаббаттарын оятады”, – дейді Қанат Мәкенұлы.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.