«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аты аңызға айналған ана

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқында елді аузына қаратқан даналығымен, кие қонған әулиелік қасиетімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік қасиеттерімен аттары аңызға айналған әз аналар аз емес. Халық олардың есімдерін есте сақтап қана қоймай, аруақтарына бас иіп, пір тұтып, өздерін кие, өмірлерін өнеге етіп, тағылымын ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Жерленген жерлеріне әспеттеп белгі қойып, тәу етіп баратын қасиетті орын санаған. Үйсіннің қызы Момынның Арғын биден туған жеті ұлы өсіп-өніп, өркен жайып, “Жеті Момын” деп аталатын іргелі рулар ретінде тараған. Үйсін Самырзаның Әппақ деген қызының ұрпақтарынан Абақ Керейдің 12 руы өрбіген. Қыпшақ Тоқтар бидің бәйбішесі Алтыншаштан туған 5 ұл “Алтыншаш”, Ұлы жүз Бәйдібектің қызы Күнбүбі найман елінде Қызай атанған. Тұтас рулы елдің қамын жеген, өнегелі өмірі рухани азық болған, дала даналарының бірі – Қарқабат ананы ұрпақтары әспеттеп, Қарқаралыда ескерткіш орнатқан. Бүгінгі әңгіме Баян ана туралы болмақ.

Баян деп аталатын ынтымағы жарасқан ауыл. Жамбыл ауданында орналасқан. Академик жазушы Сәбит Мұқанов “Баян колхозы” атты еңбегінде: “1918 жылы Баян ауылы орталығында жуандығы кісінің құшағы жетпейтін жалғыз қайыңды қоршаған қалың зират еді… 1930 жыл. Мезгіл – майдың аяғы… Баян дөңіне, өткен күз тұрғын елден ұйымдасқан бір ауыл шаруашылығы артелі осы жылдың көктемінен бастап қоныс салмақ. Дөңге шықсақ, баяғы өзім бұдан 12 жыл бұрын көрген Баян бейіті жанындағы алқапқа бірнеше ағаш үйдің іргелері көтеріліп қалыпты…. Қазан төңкерісінен кейін де 11 жыл бойы қазақ ауылдары жайлауға көшіп жүрді. “Баян” колхозы орналасқан жер – Мықтыбай, Шағырай, Дүйсе, Жәдігер аталатын 4 ауылдың жайлауы еді… Ауыл шаруашылығын коллективтендіруде отырықшылыққа бейімделіп, колхоз атын Баян атаған”, – деп жазады.

Баян – Қантай атамыздың бәйбішесі. Біз – олардың Тілеу, Қалибек деген ұлдарынан тараған ұрпақпыз. Баян анамыздай баянды бірліктің жалғасы болсын деп пәтуаласқан кедейлер қауымы 1928 жылы ұжымшардың қазығын қадаған. 1934 жылы МТС құрылып, іс ілгерілей бастайды. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталады. Киіз үй іспеттес ағаштан қиылып салынған шошаланың макеті көрмеге қойылады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде колхозшылар 60 мың сомды қорғаныс қорына аударып, Сталинге алғыс хат жолдайды. Жерлес қаламгер И.Шухов “Кремлевская телеграмма” деген очерк арнайды. Ауылдағылар өгізбен тың жерді жыртып, астық, темекі өсірген. Кейін ауылдың ортасында үлкен двигатель жұмыс істеп, электр жарығы әр үйге дейін тартылған. Құрылыс цехы, өрт сөндіретін қондырғы, ұста дүкені, кішігірім сүт зауыты бой көтерген.

Әйел заты – адал жар, асыл ана болсам деген ізгі ниетпен жаратылған. Оның өмірінің басты мәні – отбасы. Бойындағы білігін, жылуын жары мен баласына арнауы шарт. Әйелдің еріне деген риясыз сүйіспеншілігін, ризашылығын алу деген ұғымның арғы жағында елге деген қызмет жатса керек. Көнекөз қариялардың айтуынша, 1680 жылдары Жағалбайлы еліне Ырыс бабамыз 17 жасар немересі – Қантайды бір тойға ертіп барады. Балуандар белдесуінде Қантай қарсылас шақ келтірмейді. Жаугершілік заманда ел қорғаған ержүрек ұлды халық бағалайтын уақыт қой. Жас жігіттің сөзіне, жүріс-тұрысына сүйсінген Жағалбайлы елі Қантайға қыздары Баянды қосады.

Қантай бабамыз қазақ жерін жау шапқыншылығынан қорғауға белсене қатысып, ел ішінде сыйлы, әділ билік жасаған атақты адам болған. Ауылдың батысына қарай 5 шақырымдай жерде Тұрсынбай кардоны деген орманды алқап бар. Сонда жастарды әскери дайындыққа, садақ атудың, найзамен, шоқпармен, қылышпен шайқасудың, ат үстінен қарсыласын аударып тастаудың әдіс-тәсілдеріне үйреткен. Жоңғарларға қарсы соғыстарда Қантайдың інісі Жәнібек Төлекұлы, немерелері Мықтыбай мен Жолан ерліктерімен танылған.

Қантай өз алдына отау құрған соң ауылдың, Төлек отбасының, қарашаңырақтың барлық тұрмыстық билігі ақылды да инабатты Баян анамызға өтеді. Ауыл адамдарының бірлігін сақтап, ұлдары мен немерелеріне бас болады. “Әйелдің қандайы жақсы?”– дегенде Баян анамыз: “Көшкенде жетелейтін боталы түйесі болса, ерттеп мінетін құлынды биесі болса, алдында бесігі болса, маңдайының несібі болса, әйелдің жақсысы – сол”, – деген екен. Ол туралы ел арасында сабырлылығы, ақылдылығы, шеберлігі, көпшілдігі аңыз болып тараған.

Қазақта ұрпақ өсіріп, артыңа саналы ұрпақ қалдыру – ата-баба аманаты. Осыны жадына мықтап түйген әжеміз ер адамның отбасындағы жауапкершілігін арттыруға, әкенің ақ батасын алуға ұрпағын тәрбиелеп отырған. Қоғамда, тұрмыста әр нәрсені нақты танып білу, жете түсіну, ой түюге ұмтылу адамды рухани кемелдікке бастайтынын бүкіл болмысымен сезінген. Қантай атамыз дүние салғаннан кейін ағайын, ел ішінде даулы мәселелерге араласып, бітімгершілікпен шешімін табуға өз үлесін қосуы Баян анамыздың қоғамдағы беделінің зор болғанын айғақтайды. Тұрмыстық мәселелерге дейін әділетті шешіп отырған. Бір сөзбен айтқанда, ауыл-аймақ арасындағы қарым-қатынастарды түзеу, бірлікті сақтау, адамгершілікке баулу басты ұстанымы болып, өзгені де өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін төгіп, алдағы күннің берекесін ойлайтын Баян ана атанған.

Ұлдары Қалибек, Төлектің атасы Сырлыбай, Күнту ауыл жанындағы қорымға жерленген. Күнтудың балалары Маса, Қалпе де осында мәңгілікке тыныстап жатыр. Елді мекеннің оңтүстік батысындағы Маса, шығысындағы Мықтыбай көлі қазір де бар. Қасиетті топырақтан талай тұлғалар қанат қағып ұшты. Қазақ Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, 1962-1965 жылдардағы ауыл шаруашылығы министрі Әбдірахым Еламанов, Социалистік Еңбек Ерлері Алиакбар Асадулаев, Иван Калмыков, Құрманғали Сұрағанов, Заң институтының бірінші ректоры Еркеш Нұрпейісов, ҰҚК полковниктері Қараби Мұқанбетқалиев, Марат Тұралин, ғылым докторы Абай Ахметжанов, “Социалистік Қазақстан” газетінің меншікті тілшілері Ожан Қали, Байтұяқ Жанымбетов, күрестен әлемнің 3 мәрте жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рүстем Калин, тағы басқалары – мақтаныштарымыз.

Айналасын қалың қайың қоршаған ауылымыздың көркіне көз тоймайды. Ал Баян анамыздың атын иеленуі көңілімізді көкке көтеріп, бойымызға ерекше шаттық сыйлайды.

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp