«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЕРІКТІЛЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінде “Еріктілер кеңесінің” жиналысы өтті. Онда мемлекеттік қызметшілердің волонтерлік ұйымдармен бірлескен қайырымдылық қызметі қорытындыланды. Шара барысында “Birgemiz” волонтерлік фронт-офисінің басшысы Анастасия Волкова, “Помощь рядом” волонтерлік қозғалысының басшысы Дамир Абдин бұл бағытта атқарылған жұмыстарын баяндады.

Жиын барысында 35 мемлекеттік қызметші департаменттің Алғыс хатымен марапатталды. Соның бірі – қалалық әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сот басшысының міндетін атқарушы Әсел Балташ. Ол жұбайымен үш жылдан бері волонтерлік қызметпен айналысады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жәрдемдесіп тұрады.

– Отбасыларға ақшалай, азық-түлікпен көмектесеміз. Жаңа жылдық шараларға міндетті түрде қатысамыз. Біз бір отбасыға жыл сайын тұрақты түрде жәрдемдесіп тұрамыз. Бұл отбасы алты бала тәрбиелеп отыр, – деді Әсел Балташ.

Облыс бойынша бұл марапат 46 мемлекеттік қызметшіге бұйырады. Олар тұрақты негізде өз бастамасы бойынша аз қамтылған отбасыларға, осындай отбасылардан шыққан балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келгенше көмек көрсетеді, қан тапсырады. Олардың арасында экологиялық акциялардың белсенділері де бар. Есіл өзенінің жағалауын, іргелес аумақты қоқыстан тазартады, ағаш отырғызады. Осылайша туған өлкесін көгалдандыруға атсалысып жүр.

– Облыстық экология департаментімен, білім басқармасымен, волонтерлермен бірлесіп, көп шара өткіздік. Мемлекеттік қызметшілер “Мектепке жол” акциясына белсенді қатысады. Қазіргі уақытта 15 мемлекеттік қызметші қан тапсырып, донор болып жүр, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Дулат Тайшабай.

“Еріктілер кеңесі” қоғам өміріне белсенді қатысады. Аудандар мен ауылдық округтердегі еріктілер клубтарымен тығыз байланыс орнатылған. Жыл басынан бері еріктілер ұйымдарының құрамындағы мемлекеттік қызметшілер 600 қайырымдылық акциясын өткізді, 900-ден астам зейнеткер мен жалғыз тұратын қарттарға көмек көрсетілді. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілер аз қамтылған отбасылар үшін 23 қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, қан тапсырды, сенбіліктер өткізді. Мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілер қозғалысын дамыту жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp