«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кәсіби қазақ тіліне сұраныс артты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесі нығая түскен сайын түрлі салалардағы кәсіби қазақ тілінің маңызы артты. Себебі жақсы маман болумен қатар сауатты, кәсіби қазақ тілінде сөйлей алатын кадр ұжымның абыройы емес пе?! Сондықтан мамандарға қазақ тілін үйретудің ең жоғары нәтижесі – тыңдаушыны кәсіби тілде сөйлесе алатындай деңгейге жеткізу.

Қазіргі таңда елімізде мамандарға қойылатын талаптың бірі – қазақ тілінде ойы мен пікірін еркін айта алатын маман болу. Бұл – кез келген мамандық иесінің алдында тұрған міндет.

Бүгінгі күні тілдерді оқыту орталығында екі мыңнан астам солтүстікқазақстандық қазақ тілін үйреніп жүр. Ақпан айында басталатын сабақтардың күнтізбелік-тақырыптық жоспары алдын ала жасалып, бекітіледі. Бұл жоспарға оқытылатын қызметкерлердің саласына байланысты терминология бөлігі қосылады. Тіл үйренушілердің бойында жазылым, оқылым бөлігінен гөрі тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыруға көп мән беріледі.

Оқу жылы бойы өзге оқытушылармен тәжірибе алмасу мақсатында республикалық, облыстық деңгейлерде семинар-тренингтер өтіп тұрады. Орталық арқылы оқытылатын әр топта он бестен астам тыңдаушы бар. Менің тобыма түрлі ұлт өкілдері қатысады. Көбі сауатты жазып, оқығанымен, айтылымға келгенде қиналады. Жұмыс барысында қолдану үшін шекара қызметкерлеріне қажетті терминдерді көбірек қолданамыз. Оқыту барысында негізінен тура әдісті қолданамын. Бұл әдісті лингвистер “Пальмер әдісі” деп те атайды. Тура аталу себебі – өзге тілдер қолданылмай, сабақ тек қана үйретіліп жатқан тілде өтеді. Айтылым бөлігіне басымдылық танытылған соң сабақ барысында сұхбат құру, мәтінді тыңдап, сұрақтарға жауап беру, мазмұнын айту бойынша жұмыстар атқарылады. Сөйлемді дұрыс әлде қате құра ма, оған қатты мән бермеймін. Басты мақсатым – қазақша сөйлете беру. Өйткені дұрыс сөйлеуді қателерді түзеу арқылы үйренуге болады. Егер тіл үйренуші үндемейтін болса, оның нені білмей отырғанын анықтау қиын. Тыңдаушылар жалығып кетпеуі үшін “Ән – көңілдің ажары” деп караоке қосып, қазақша ән салуды жақсы бір әдіске айналдырдық. Сабақ барысында орталықтан шыққан бейне сабақтарды да қолданамыз. Заманауи сабақ өткізу үшін жан-жақты ізденіс үстінде жүремін, “Quizizz”, “Baamboozle”, “Curipod” сияқты қосымшаларды қолдана отырып, сабақ барысын түрлендіріп отырамын.

Шынымен, кәсіби қазақ тілін оқытудың көтерер жүгі ауыр. Себебі, кәсіби сөздерді және мамандыққа қатысты ауызекі сөйлесуді меңгерту көп еңбекті қажет етеді. Бұл үшін қатынас екі жақты болуы керек. Яғни тыңдаушылардың тіл үйренуге деген ниеті, қызығушылығы болуы қажет. Ең бастысы, қажеттілік болуы керек. Бұл тұста қазақ тілі оқытушыларына үлкен міндет жүктеліп отыр. Тілдерді оқыту орталығының әдіскерлері мен оқытушылары осы күрделі істе әртүрлі әдіс-тәсілдерді, оқытудың түрлі формаларын қолдануға тырысамыз. Кәсіби қазақ тілін оқытудың тиімді жолы ретінде деңгейлеп оқыту әдісін ұсынамыз. Бұл әдіс сабақ барысында тыңдаушылардың білім деңгейлерін есепке ала отырып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Кейбір тыңдаушылар тілді мүлде білмесе, кейбірінің қазақша жақсы сөйлейтіндері байқалады. Ондай тыңдаушыларды қазақ тілін алғаш үйренушілермен салыстыруға болмайды. Бұларға бірдей тапсырма берілмейді. Сондықтан әр тыңдаушыға өз деңгейіне сай келетін мәтін, тапсырма беру керек деп ойлаймын. Деңгейлеп оқыту әдісін пайдаланған оқытушылар сабақ үстінде әр тыңдаушының білім деңгейіне байланысты тапсырма беріп, бағалайды.

Тіл үйрену мен тіл үйретуде ынтаның болғаны маңызды. Қазақ тілін үйрету барысында әдіс-тәсілдерді қолданып, қызықты өткізу, бұл оқытушылардың ұйымдастыру шеберлігіне байланысты. Тыңдаушы берген материалдан жалықпау керек. Ал жалықтырмаудың амалын табу – инновация, жаңашылдық. Осы тұста айта кететін нәрсе, әдістеме қатып қалған нәрсе емес. Өткен ғасырдың басында Алаш зиялыларының бірі Жүсіпбек Аймауытов: “Оқыту әдістемесі – ол жаңадан жаңаны табу”, – деген екен. Яғни жаңа деген нәрсенің өзін аудиторияның деңгейіне, қажеттілігіне, өтілетін тақырыптың мазмұны мен құрылымына қарай түрлендіріп отыру керек. Кәсіби тілді оқыту барысында барлық нормаларды сақтай отырып, жаңашылдықтан қалыспай, жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта маман иелері қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлейді деген сенімдемін.

Меруерт ҚАСЕНОВА,

облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp