Денсаулық – басты байлық. Ауырған адамға ешқандай дүниенің керегі жоқ. Мұндайда жанына дәру, ажалға араша болатын дәрігер қажет. Еліміз енді тәуелсіздік алған жылдары медицина ескі құрал-жабдықпен қалып, кадр жетіспеушілігі мәселесін бастан өткерді. Араға жылдар салып еңсесін тіктеген денсаулық сақтау саласында бүгінде жетістік көп. “Tıkelei bailanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов оқырмандарымыздың сауалдарына жауап берген еді. Соны оқырман назарына ұсынамыз.
– Біздің өңірде қандай аурулар көп тараған, оған не себеп?
Мәриям Сапарғалиқызы, Петропавл қаласының тұрғыны.
– Қан тамырлары жүйесі ауруларына шалдыққандар азаймай отыр. Оның себебі көп, негізгілеріне тұқым қуалаушылық, дұрыс тамақтанбау, кәрілік және зиянды әдеттерді жатқызуға болады. Жалпы өңірде ересек тұрғындардың 20 пайыздан астамы жүрек-қан тамырлары ауруымен есепте тұр.
Онкологиялық сырқатта да алдыңғы орындарда. Сырқаттанушылық 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5 пайызға 1 274-тен 1 405-ке дейін өсті. Мамандар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауды 7,8 пайызға арттырды. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 12,9 пайызға төмендеді, биыл 311 адам көз жұмды.
Соңғы уақытта өңірде туберкулезбен ауыру жиіледі. Жыл басынан бері 175 адам туберкулез жұқтырған. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыста бұл дертке шалдыққандардың қатары 14,3 пайызға өскен. Көрсеткіштің өсуі туберкулезді анықтау бойынша жұмыстың оң жолға қойылғанын көрсетеді. Аудандар бойынша тоқталсақ, Тимирязев ауданында 12 жағдай тіркелді. Мағжан Жұмабаев ауданында 14 адамнан ауру анықталған. Шал ақын ауданында – 7, Жамбыл ауданында – 10, Мамлют ауданында 5 тұрғын есепке алынды. Петропавлда 3 адамның ауруы асқынған. Облыс бойынша 17 жасқа дейінгі балалар арасында 10 баладан туберкулез таяқшалары табылды.
9 айдың қорытындысы бойынша облыста 61 азамат туберкулезді қайта жұқтырған. Әсіресе, Айыртау мен Уәлиханов аудандарында қайталану жағдайы көп тіркелді. Жыл басынан туберкулезден 13 сырқат қайтыс болды.
Туберкулездің негізгі белгілері мыналар: 2 аптадан астам жөтел, кеуде тұсының ауыруы, түнде терлеу, дене салмағының төмендеуі, температураның 37,5 градусқа дейін көтеріліп, ұзақ уақыт бойы сақталуы, жалпы әлсіздік. Бұл белгілер басқа ауруларға да тән. Сондықтан нақты диагнозды тек дәрігер ғана қояды. Жөтел – өкпе туберкулезінің жұқпалы түрімен ауыратын науқастардың негізгі симптомы. Сондықтан, егер жөтел пайда болса және осы белгілердің кез келгені байқалған жағдайда, дәрігердің қабылдауына жазылған жөн. Туберкулез анықталған кезде емдеуші фтизиатр дәрігерінің барлық талаптарын қатаң сақтауы қажет. Емдеу режімі мен уақыты туберкулездің түріне байланысты. Ауру созылмалы түрге, одан әрі ауыр түрге айналмауы үшін емделу уақыты ұзақ, толық және үздіксіз болуы керек. Емдеудің жалпы курсы кемінде 6-8 ай. Туберкулезді емдеу барлық кезеңдерде тегін жүргізіледі. Маңызды көрсеткіштердің бірі – туберкулезді уақытылы анықтау. Облыс флюорографиялық техникамен жеткілікті қамтамасыз етілген, 40 қондырғының 13-і – жылжымалы.
– Петропавлда құрылысы басталып, кейін тоқтап қалған көпбейінді аурухана қашан пайдалануға беріледі? Осыған байланысты қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Мейірбек Айтбекұлы, Бескөл ауылының тұрғыны.
– “YDA&Global” түрік инвесторы 2020 жылдан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 480 орындық көпбейінді облыстық аурухананы салу бойынша жобаны іске асырып жатыр. 2022 жылдың ақпанынан бастап компания барлық құрылыс жұмыстарын тоқтатты, бірақ жоба аяқсыз қалмайды, ол міндетті түрде жүзеге асады. Қазіргі уақытта түрік инвесторы жобаның құнын қайта есептеп және жобалық құжаттаманы сараптамадан өткізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Жобаның мемлекеттік сараптамасын алудың болжамды мерзімі – осы жылғы желтоқсан айы. Аурухана құрылысын 2024 жылдың бірінші тоқсанында жалғастыру жоспарланған. Ал нысан 2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деген болжам бар.
– Дәрігерге көріну үшін немесе белгілі бір ауруыңды тексерту үшін міндетті түрде алдымен учаскелік терапевтке жазылуың қажет. Бұған көп уақыт жоғалтамыз. Мәселені басқа жолмен шешуге болмай ма?
Қайсар Амангелдіұлы, Петропавл қаласының тұрғыны.
– Бұл ереженің заңнамалық негізі бар. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі №ҚР ДСМ-37 “Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы” бұйрығы бар, онда пациент тар бейінді маманға тікелей жазыла алатын жағдайлар егжей-тегжейлі жазылған. Олар мыналар:
1) шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да жарақаттар кезінде;
2) пациент шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету жөнінде жүгінген кезде;
3) пациент дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар бойынша бейінді маманға жүгінген кезде;
4) жүктілік бойынша есепке қою жағдайларын қоспағанда, пациент акушер-гинекологқа және тіркелген жері бойынша психологқа жүгінген кезде;
5) пациент онкологиялық және гематологиялық ауруға күдік бойынша бейінді маманға жүгінген кезде;
6) пациент жастар денсаулық орталықтарына жүгінген кезде;
7) пациент динамикалық байқау бойынша денсаулық сақтау ұйымына бейінді маманға жүгінген кезде;
8) бейінді маманға ауруға байланысты бір рет жүгінген жағдайда, сондай-ақ ісікке күдік болған кезде;
9) жылжымалы медициналық кешендермен және медициналық поездармен қызмет көрсету кезінде.
Басқа жағдайларда міндетті түрде учаскелік дәрігерге жазылу қажет, ол өз кезегінде пациенттің жағдайын бағалайды және диагностика мен емдеу хаттамаларын басшылыққа ала отырып, қажетті зерттеулерге немесе консультацияға жолдама береді. Тар бейінді маманның кеңесіне қажеттілік болмаған жағдайда, учаскелік дәрігер емдеуді өз бетінше тағайындауға құқылы.
– Өңірімізде сирек кездесетін ауруларға шалдыққандар бар ма? Оларға қандай көмек көрсетіледі? Жалпы мұндай дерттер қалай пайда болады?
Болат Жангелдіұлы, Шал ақын ауданының тұрғыны.
– Облысымызда сирек кездесетін, медицина тілімен айтсақ, орфандық ауруларға шалдыққан науқастар бар. Соңғы уақытта мұндай дерттерге сәбилер жиі шалдығуда. Облыстағы “диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі” ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 987 бала орфандық аурумен есепте тұрса, басым бөлігі, яғни 746-сы эпилепсиямен ауырады. Жалпы бүгінде әлемде 7 мыңнан астам сирек кездесетін ауру түрі белгілі. Біздің елімізде 10 мың адамға 1 жағдай тіркелген ауру сирек аурулар деп саналады. Жалпы Қазақстанда сирек кездесетін аурулары бар 40 мыңнан астам адам бар, олардың 80 пайызы генетикалық сипатқа ие. Көбінесе осындай аурулар уақытылы патогенетикалық емдеу болмаған кезде тұрақты мүгедектікке және өмір сүру сапасының төмендеуіне әкеледі. 2011 жылдан бастап кейбір орфандық аурулары бар пациенттер республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілуде. 2017 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде орфандық аурулар бойынша өңірлік үйлестірушілер жұмыс істейді. Жалпы сирек кездесетін дерттердің пайда болу себебін ғалымдар бүгінге дейін зерттеуде. Оның дәлелденген бір себебі – генге байланысты.
– Тегін дәрі-дәрмек кімдерге беріледі?
Бақыт Бексұлтанова, Қызылжар ауданының тұрғыны.
– “Белгілі бір аурулары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы “Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығы бар. Оған сәйкес пациенттерге тегін дәрілік препараттар беріледі. Дәрі-дәрмекті алушылардың негізгі бөлігі – динамикалық бақылаудағы пациенттер. Биыл дәрі-дәрмектерді тегін алғандардың жалпы саны 102726 адамды құрады.
Бірыңғай дистрибьютор 8,43 млрд.теңгенің 481 атаулы дәрілік препаратын жеткізді.
– Биыл өңірдің емдеу мекемелеріне заманауи медициналық қондырғылар алынды ма? Бұл мақсат үшін қанша қаражат жұмсалды?
Еркегүл Есмағұлова, Петропавл қаласының тұрғыны.
– Биыл медициналық заманауи қондырғылар сатып алуға жалпы 5,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл мақсатқа 2020 жылы 3,8 млрд. теңге, 2021 жылы 3,3 млрд. теңге, 2022 жылы 4,5 млрд. теңге бағытталған болатын. Яғни жылдан-жылға бөлінетін қаражат артып келеді.
Жергілікті бюджеттен 231 медициналық құрылғы сатып алуға 4,9 млрд. теңге бөлінді, оның 59-ы жеткізілді, 84-і бойынша сатып алу шаралары жүргізілуде. Желтоқсан айында 2 ангиографты іске қосу жоспарланып отыр. Қан тамырларын зерттеуге арналған қымбат техника көпбейінді облыстық аурухананың кардиологиялық орталығы мен көпбейінді қалалық аурухананың инсульт орталығына орнатылды. Биыл сатып алынған жаңа компьютерлік томограф адамның іш қуысы мен бүйрек органдарын, тыныс алу және сүйекті диагностикалауға пайдаланылады. Көбінесе бұл аппарат жарақаттардың нақты орналасуын анықтау үшін қолданылады, ультра дыбыстық зерттеу қондырғысы – жүкті әйелдерді скринингтен өткізу, сондай-ақ барлық ішкі ағзалардың патологиясын іздеу үшін, маммографтар – сүт бездерін скринингтік және диагностикалық тексеруден өткізу үшін сатып алынды.
– Биыл өңірде қызылшамен ауырғандар саны артты, бұған не себеп? Дерттің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Қанат Елтайұлы, Петропавл қаласының тұрғыны.
– Өңірде қызылша жұқтырғандардың жағдайы орташа, жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ. Соңғы дерек бойынша облыста қызылша жұқтырудың 150 дерегі тіркелсе, оның 132-сі қала тұрғындарынан анықталды. Қазір өңірде 250 екпе бригадасы құрылған. Ал жүріп-тұруы қиын адамдарға медбикелер вакцинаны өздері барып қойып жатыр. Облыс бойынша сырқаттанғандарға арналған 181 орын бар. Осы уақытқа дейін 3540 адам вакцина салдырды. Екпе алудан қорқудың қажеті жоқ. Біз тексерілген препаратты қолданып жатырмыз. Он жылдың ішінде екпеден кейін асқыну фактісі тіркелмеді. Екпе егу жұмыстары тұрғылықты мекенжай бойынша емханаларда жүргізіледі. Вакциналар туралы қосымша ақпаратты EGU.kz сайтынан немесе 7701 жедел желісі бойынша алуға болады. Бұл аурудан сақтанудың бірден-бір жолы – вакцина. Сырқаттанғандардың 93 пайызы егілмеген.
– Емханада жоқ маманды жекеменшік медициналық орталықтан тауып, ақы төлеп қаралуға мәжбүрміз. Сонда не үшін медициналық сақтандыру қорына ай сайын ақша төлеп жатырмыз? Бұл мәселе қашан шешіледі?
Сабыржан Көпбосынұлы, Уәлиханов ауданының тұрғыны.
– Облыстың көпбейінді ауруханаларында тар бейінді мамандар бар. Егер сіз баратын емханада қажетті маман болмаса, алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманы МӘМС аясында облыстық және республикалық мемлекеттік мекемеге консультацияға тегін жолдама бере алады.
– Өңірде қандай дәрігерлер жетіспейді? Қандай мамандар мүлде жоқ? Дәрігерлерді жұмысқа қабылдау бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Серікгүл Бабақұмар, Қызылжар ауданының тұрғыны.
– Облыста қазіргі уақытта 1 471 дәрігер мен 5 032 орта медицина қызметкері бар. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету көрсеткіші 0,7 пайызға ұлғайды. Бүгінгі таңда өңірге 144 дәрігер, оның ішінде қалаға – 71, ауылға – 73 маман қажет. Мәселен, 16 жалпы практика дәрігері, 13 акушер-гинеколог, 9 хирург, 6 офтальмолог, 7 оториноларинголог, 10 педиатр жетіспейді. Өңірге кадр тарту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Медициналық мамандарды қолдау шараларының бірі – көтермеақы төлеу. Осының арқасында 2022 жылы облысқа 280 дәрігер келді, оның 167-сі 314 млн.теңге көтермеақы алды. Рекрутинг аясында еліміздің 6 медициналық оқу орны түлектерімен кездесу ұйымдастырылып, жұмысқа орналасу туралы алдын ала шарттар жасалды. Нәтижесінде емдеу мекемелері биыл 200 маманмен толықты. Биыл қараша айынан бастап келген дәрігерлерге берілетін бір реттік көтермеақы мөлшері өсті. Бұрын маман ауылға барса 2,5 млн., қалада қалса 1,5 млн. теңге алатын. Үстіміздегі жылдан бастап ауылды таңдағандарға 5 млн, Петропавлға келсе 3,5 млн. теңге берілуде. Келген мамандарға көтермеақы беру үшін биыл бюджеттен 250 млн. теңге бөлінді. Өңірге келіп, орналасқан дәрігерлердің 133-і бір реттік көтермеақы алды. Ол үшін дәрігер өтініш беруі тиіс, кейін комиссия қарап, шешім шығарады. Сондай-ақ егер ерлі-зайыптының екеуі де дәрігер болса, пәтерақысы бюджет есебінен толық төленеді. Тек біреуі медицина қызметкері болған жағдайда 50 пайызын өтеп береміз. Дәрігер ауылға барған жағдайда жергілікті әкімдік үймен қамтиды. Емдеу мекемелері өздері де қосымша қаржылай қолдайды. Жергілікті бюджет есебінен қазіргі уақытта 30 резидент білім алып жатыр. Келесі жылы облыстық бюджет есебінен білім алған 50 маман оқу бітіреді. Көтерме ақылар дәрігерлік кадрлардың тапшылығын азайтуға, облыста медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Өңірде қанша адам нашақор ретінде есепке алынған? Биыл олардың қатарына қаншасы қосылды? Емделіп, есірткіден бас тартқандар бар ма? Бір нашақорды емдеу үшін қанша қаражат керек? Нашақорлардың ішінде қаншасы 14 жасқа дейінгі бала?
Әзиза Орынбасарқызы, Петропавл қаласының тұрғыны.
– Биылғы 31 қазандағы есеп бойынша 532 нашақор тізімге алынған. 10 ай ішінде жаңадан 34 адам есепке қойылды. Бір жылдан астам уақыт бойы есірткіні қолданбау ремиссиясымен 31 адам тізімнен алынып тасталды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында есірткі қолданатындар биыл анықталған жоқ.
– “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы қабылданғанын білеміз. Жаңа медициналық нысан салынуы үшін қандай талап қойылады? Осы бағдарлама аясында бірінші кезекте қай ауылдарда жаңа ФАП-тар бой көтермек?
Хамит Исламұлы, Петропавл қаласының тұрғыны.
– Жаңа медициналық нысанның құрылысы барлық құрылыс, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға және басқа да нормаларға сәйкес келуі тиіс. Сонымен қатар бұл нысандар қажетті медициналық және технологиялық жабдықтармен жабдықталуы керек. Сондай-ақ объектілердің сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес болуы маңызды. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 46 нысанын: 5 дәрігерлік амбулатория, 18 фельдшерлік-акушерлік пункт, 23 медициналық пункт салу жоспарланған.
Нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын барлық облыстар бойынша “Turar Healthcare” коммерциялық емес акционерлік қоғамы әзірледі. Өңірде жаңа медициналық мекемелер: Айыртау ауданындағы Лобаново ауылында, Ақжар ауданы Восходское, Ақжарқын, Бостандық, Кіші Қараой ауылдарында; Аққайың ауданының Ивановка, Власовка, Тюменка ауылдарында; Есіл ауданына қарасты Петровка, Чириковка ауылдарында; Жамбыл ауданының Кладбинка, Айымжан, Баян ауылдарында; Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка, Қарақоға, Надежка, Таман, Бәйтерек, Чистовское, Советское елді мекендерінде, Қызылжар ауданының Прибрежное, Якорь, Налобино, Белое, Пеньково, Новокаменка, Асаново, Пресновка, Большая Малышка, Кондратовка ауылдарында; Мамлют ауданына қарасты Новомихайловка, Покровка, Бостандық, Бексейіт ауылдарында; Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка, Тахтаброд, Привольное, Бірлік ауылдарында; Тайынша ауданының Қарағаш ауылында; Тимирязев ауданындағы Мичурино, Ақжан, Докучаево ауылдарында; Уәлиханов ауданына қарасты Ақтүйесай ауылында; Шал ақын ауданының Ақан-Барақ, Мерген, Семиполка елді мекендерінде бой көтереді.
– Аудандық ауруханалардың мамандары әлеуметтік желіге еңбекақыны кешіктіріп жатқанын, сыйақы бермейтінін, жиі жазады. Осы қаншалықты шындыққа жанасады?
Майра Есболатова, Петропавл қаласының тұрғыны.
– Қазіргі уақытта ауруханалар қаржыландырудың жеткіліксіздігінен және медициналық қызмет тарифтерінің төмен болуы салдарынан бірқатар қиындықтарға тап болуда. Сонымен қатар ауруханаларда қызмет көрсетушілер мен бірлесіп орындаушылар алдында кредиторлық берешек бар. Еңбекақы “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы қаржыландырған жағдайда ғана төлене бастайды. Ал сыйақы әдетте үнемдеу нәтижесінде төленеді және жұмыс беруші сыйақы беруге міндетті емес.
Кредиторлық берешек және қаражат тапшылығы бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты қараша айының еңбекақысын төлеуде қиындықтар болғанын жасырмаймын.
Дайындаған
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.