«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАРЛАНҒАН АУЫЛДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығынан шалғай орналасқан Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға жұмыс сапары барысында ауылдарды аралап, жұртшылықпен кездесті.

Ғауез Торсанұлы алдымен Айыртау ауданы Лобаново елді мекенінде “Денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген жаңа дәрігерлік амбулаторияға соқты. Бұған дейін емдеу мекемесі апатты деп танылып, шаруашылықтың бір ғимаратын жалдап келген болатын. Аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Ербол Уахитов атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Жалпы аумағы 432 шаршы метр болатын медициналық нысанның құрылысы 2023 жылы көктемге салым басталып, “ПМК-5” ЖШС қысқа мерзім ішінде тұрғызып берген. Жобалық құны – 286 млн. теңге. Озық жабдықтар орнатылған. Қазір мұнда бір дәрігер, екі фельдшер тұрғындарға қызмет көрсетеді. Күндізгі стационар үш адамға лайықталған. Жедел көмек, балалар кабинеттерінің, зертхананың есігі әрдайым ашық. Алдағы уақытта дәріхана ашылмақ.

Облыс әкімі медицина қызметкерлерінен дәрі-дәрімекпен қамтамасыз ету, туу көрсеткіштері жайлы сұрастырды. Биыл 350 әйел ана атанған. Соңғы жылдары аудан бойынша демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқаны байқалады.

“Мемлекет тарапынан жан-жақты әлеуметтік қамқорлықты жете сезініп отырмыз. Алыстан көз тартатын дәрігерлік орталық болашаққа деген сенімді нығайтады. Бұдан бөлек, туристерге де медициналық қызмет көрсетіледі”, – деді жергілікті ардагерлер кеңесінің төрайымы Ольга Спиридонова.

Ғауез Нұрмұхамбетов ғимараттың жылы болуына, қажетті дәрілік препараттардың қолжетімділігіне, жас мамандардың тұрмыстық жағдайына назар аударды. Аудан әкімі мен тиісті ұйым жетекшілеріне нысанды қажетті жиһазбен, құрал-жабдықтармен толықтыруды тапсырды.

“Бұл – биыл облыс бойынша іске қо­сылған тоғызыншы медициналық ны­сан. Осы мақсаттарға респуб­ли­калық бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ұлттың өмір сапасын жақсарту, медициналық қызметті талап­қа сай ұйымдастыру басты міндет бо­лып қала береді. 2025 жылға та­ман бар­лық елді мекендерге сапалы ауыз­­су жеткізілетін болады”, – деді әкім.

Округ құрамына Лобаново, Шал­қар, Әлжан және Заря елді мекен­де­рі кіреді. Екі мыңға жуық тұрғынның қорасында 1213 ірі қара, 4855 қой-ешкі, 1272 жылқы, 1263 шошқа, 29230 құс бар. 40 үйлі Заряның оқу­шылары Лобановаға қатынап оқиды. Ол үшін арнайы көлік бөлінген. Көп­бейінді колледж ашылып, жаңа жұ­мыс орындары құрылған.

Арықбалық – ірі округтердің бірі. 2861 тұрғынның 1558-і жұмысқа қабілетті. Зейнеткерлер саны – 668, мү­гедек­тер – 111, көп балалы отбасы­лар – 36. Жұмыссыздық деңгейі – 2,22 па­йыз. 424 адам өзін-өзі жұмыс­пен қам­тыған. Ауыл шаруа­шылығы жерлерінің жалпы көлемі 58196 гек­тар болса, соның 40470 гек­тары­на бидай және басқа дақылдар егіледі.

Арықбалықтағы 380 орындық Мәдениет үйі 1985 жылы салынған. Әбден ескіріп, тозғаны ескеріліп, 2022 жылы “Ауыл – ел бесігі” жобасы шеңберінде 136 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Тұрғындар көше­лерді асфальттау, балалар үйірме­лерін ашу мәселелерін көтерді. Ба­лалар дәрігері қажет.

Облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданның да тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен Тахтаброд ауылында қалпына келтіріліп, заманауи құралдармен қамтамасыз етілген, 1209 тұрғынға қызмет көр­сететін фельдшерлік-акушерлік пунктке барды. Осында бес жыл бұ­рын “Дипломмен – ауылға!” бағдар­ламасымен оңтүстік өңірден келген жалпы тәжірибедегі дәрігер Бекзат Мейірқұловты әңгімеге тартты. Жас маман отбасы құрғанын, кішкентай­лы болғанын, теріскейге әбден үйре­ніп, бауыр басып кеткенін жеткізді. Ғауез Торсанұлы жастарды елді мекендерге тұрақ­тан­дыру, олар үшін барлық жағдай­ды жасау қажеттігін атап көрсетті.

Бұдан кейін өңір басшысы Қы­рым­бет ауылдық округіне қарасты Со­кологоровка ауылының тұрғын­да­рымен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Облыс бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Тұрғындар жерлерін жалға бер­ген компаниялардан пай үлестерін ала алмай жүргендерін ашына жет­кізді.

Ковыльное ауылындағы “Ақсе­леу” ЖШС-ға облыстың құрметті аза­маты, “Парасат”, “Құрмет” орденде­рі­нің иегері, білікті басшы, тәжірибелі диқан Серік Ма­лаев жетекшілік ете­ді. Егістік алқабы 15500 гектарды құ­райды. Асыл тұқымды ірі қара өсіріледі.

Үйлер то­лықтай орталықтанды­рылған сумен жабдықтау жүйесіне қо­сылып, орталық қазандық биоотын ар­қылы жы­лытылады. 5-11 сынып оқушылары тегін тамақтандырыла­ды. Нәресте дү­ниеге келсе, 40 мың тең­ге мөл­шерінде бір реттік жәрдем­ақы бері­ліп, бір жасқа толғанға дейін ай сайын 10 мың теңге төленеді. Үй­лену тойларына, жерлеу рәсімдері­не де материалдық қолдау көрсеті­леді. Отын, жемшөп қолжетімді баға­мен босатылады. Орташа жалақы 210 мың теңгені құрайды. Күнгей жақ­тар­дан отбасыларды көшіріп әкеліп, қоныстандыру, үймен, жұмыспен қамтамасыз ету тәжірибесі өзгелерге үлгі десе де болады.

Облыс әкімі жақсы бастама­лар­ды бағалап, жұмыла еңбек ету арқылы ғана барлық қиындықтарды еңсеруге болатынын еске салды.

Ирина БУРКОВСКАЯ,

Шолпан САЛЫҚОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp