«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ – ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңірдегі бірлік пен татулықты нығайтуға, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі филиалының жұмысына байланысты семинар-практикум өтті.

Шараға өңір басшысы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Ғауез Нұрмұхамбетов, бірқатар басқарманың, департаменттер мен құқық қорғау орындарының, жергілікті атқарушы органдардың, этномәдени бірлестіктердің басшылары, азаматтық сектор мен қоғам белсенділері қатысты. Барлық ауданның өкілдері бейнебайланысқа шықты.

Шараны алғы сөзбен ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қазіргі жағдайда өңірдегі бірлік пен татулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

– Біз кеше ғана Тәуелсіздік күнін атап өттік. Санаулы күндерден кейін тарих қойнауына енетін жылды қорытындылап, болашаққа жоспар жасайтын уақыт таяп қалды. Бүгінгі семинар-практикумның тақырыбының астарында үлкен мән бар. Халқымыз “бірлік жоқ жерде тірлік жоқ” деп бекер айтпаған. Тәуелсіздікті нығайту үшін достық пен тұрақтылық қажет екендігі сөзсіз. Ол үшін сіздермен бірлесіп, бірігіп, еңбек етуіміз керек. Жуырда Президенттің қабылдауында болып, облыстың дамуы жөнінде баяндадым. Мемлекет басшысы өңірді өркендетуге қатысты бірқатар тапсырма берді. Оны жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Осы ретте өңірдегі татулықты нығайуға қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жүзеге асырып отырған әлеуметтік, танымдық жобалардың қоғамға берері мол, – дей келе өңір басшысы ассамблея жұмысына белсенді араласқаны үшін Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының профессоры Анатолий Башмаковқа Ассамблеяның “Алғыс” төсбелгісін тақты.

Одан әрі семинар елдегі татулық пен тұрақтылық жайлы баяндамалармен жалғасты. “Қазақстандық бірегейліктің әлеуеті, қоғамдық сананы жаңғырту” тақырыбында сөз қозғаған Анатолий Башмаков қазақ халқының көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері екенін, тілі мен рухы өлген халықтың болашағы бұлыңғыр болатынын айтты. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Елена Семидоцких мекеменің бір жылда атқарған жұмыстары жөнінде баяндады.

– Бүгінде ассамблея құрамына 28 этномәдени бірлестік кіреді. Аталған бірлестіктерден бөлек, ғылыми-сарапшы топ, аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы, медиация кабинеті, журналистер клубы, қайырымдылық клубы, кәсіпкерлер қауымдастығы, жастар ұйымы белсенді жұмыс істеп келеді. Қоғамдық келісімді нығайтуда аудандардағы орталықтарға да ерекше көңіл бөлінеді. Осы күні аудандарда 183 этномәдени орталық жұмыс істеуде, – деді Елена Семидоцких.

Бір жыл ішінде ассамблеяның бастамашылығымен 200-ден астам шара өтіп, оларға 30 мыңдай адам қатысқан. Белсенділер 15 мектепте болып, оқушылармен кездесулер өткізген. Әлеуметтік осал топтан шыққандарды қолдау үшін 40 млн. теңге жұмсалған.

Шараға Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров қатысып, өзі басқаратын аудандағы этномәдени бірлестіктердің жұмысын сөз етті. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная кафедра жұмысы туралы есеп берді. Юлия Радионова болса, ұлттық мүддеге адал қызмет ету үшін мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын айтты.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp