Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Кәсіпкерлер палатасында өткен алқалы жиын барысында бизнесті дамыту, осы саладағы ахуалды жақсарту және түйткілді мәселелер жайы сөз болды. Бизнес өкілдері өңір басшысына өз ұсыныстарын айтып, қолдау күтетіндерін жеткізді.
Биыл өңірімізде шағын және орта бизнесті қолдауға 12,6 млрд. теңге бөлінген. Бұдан бөлек ісін енді бастағандарға түрлі оқу курстары, бағдарламалар қарастырылған. Оларға кәсіпкерлік негіздері бойынша ғана емес заң тұрғысында көмек беріледі.
Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіпкерлік саласында оң өзгеріс байқалып отырғанын жеткізді. Мәселен, 2021 жылдан бері облыстағы кәсіпкерлік субъектілердің саны 5 мыңға өскен. Қазіргі уақытта барлығы 35,2 мың шағын және орта бизнес субъектісі өз жұмыстарын дөңгелетіп отыр.
“2023 жылы орта және шағын бизнесті субсидиялауға 10,6 млрд. теңге, мемлекеттік гранттарға шамамен 37 млн. теңге бөлінді. Ал өндіріс орындарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 1,1 млрд. теңге жұмсалды”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жиында алғашқы болып сөз алғандардың бірі – Елена Погорелец. Ол – Солтүстік Қазақстан фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының өкілі. Кәсіпкердің айтуынша, медициналық оптика саласында кадр тапшы. Яғни, біздің өңірде оларды оқытатын арнайы оқу орны жоқ. Сондықтан Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінде оптикометрист, медициналық оптик, оптик-офтальмолог мамандықтарын ашу керек.
“Біз бұл мәселені қарастырдық. Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде осы сала бойынша “біліктілікті арттыру” курсын ұйымдастыруды жөн деп шештік. Мұндай курстарды ашуға колледж басшылығы да қызығушылық танытып отыр. Оқимын деушілер курсқа қатысуға өтініш бере алады”, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Ольга Усольцева мектеп асханаларындағы ыстық тамақтың құнын көтеру керек деген пікірде. Азық-түлік бағасы қымбаттап жатыр. Сондықтан, тамақты 500 теңгеден сату шығынға соқтыруда.
“Қазіргі таңда мектеп оқушыларына берілетін ыстық тамақтың құны 500 теңге. Өткен жылғы инфляция 20 пайыз және биылғы жылғы бағаның өсуін байқайтын болсақ, бұл біз үшін тиімсіз. Сондай-ақ сапалы қызмет көрсету жайын да ескеру қажеттігі туындауда”, – дейді кәсіпкер. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, келесі жылдың бюджетінде 1-4 сыныптар үшін түскі ас 614 теңгеден есептелді.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар “Солтүстік маржаны” облыстық туристік слетті дәстүрлі түрде жазда өткізуді ұсынды. Биыл бұл іс-шара студенттер арасында Айыртау ауданындағы Лобаново елді мекенінде ұйымдастырылған еді.
“2024 жылы осындай слеттер үшін бюджеттік өтініш беруді және салалық туризм кеңесімен бірлесіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Палатадан тиісті хат алдық және осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз”, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ильдар Ысмағұлов.
Облыс әкімі де бұл ұсынысты қолдады. Оның пікірінше, туристік слеттерді Айыртаудағы Имантау-Шалқар табиғи аймағының аумағында өткізу сол мекеннің дамуына өз септігін тигізбек. Бұл жастар үшін де пайдалы іс болмақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.