Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығынан шалғай орналасқан Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға жұмыс сапары барысында ауылдарды аралап, жұртшылықпен кездесті.
Ғауез Торсанұлы алдымен Айыртау ауданы Лобаново елді мекенінде “Денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген жаңа дәрігерлік амбулаторияға соқты. Бұған дейін емдеу мекемесі апатты деп танылып, шаруашылықтың бір ғимаратын жалдап келген болатын. Аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Ербол Уахитов атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Жалпы аумағы 432 шаршы метр болатын медициналық нысанның құрылысы 2023 жылы көктемге салым басталып, “ПМК-5” ЖШС қысқа мерзім ішінде тұрғызып берген. Жобалық құны – 286 млн. теңге. Озық жабдықтар орнатылған. Қазір мұнда бір дәрігер, екі фельдшер тұрғындарға қызмет көрсетеді. Күндізгі стационар үш адамға лайықталған. Жедел көмек, балалар кабинеттерінің, зертхананың есігі әрдайым ашық. Алдағы уақытта дәріхана ашылмақ.
Облыс әкімі медицина қызметкерлерінен дәрі-дәрімекпен қамтамасыз ету, туу көрсеткіштері жайлы сұрастырды. Биыл 350 әйел ана атанған. Соңғы жылдары аудан бойынша демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқаны байқалады.
“Мемлекет тарапынан жан-жақты әлеуметтік қамқорлықты жете сезініп отырмыз. Алыстан көз тартатын дәрігерлік орталық болашаққа деген сенімді нығайтады. Бұдан бөлек, туристерге де медициналық қызмет көрсетіледі”, – деді жергілікті ардагерлер кеңесінің төрайымы Ольга Спиридонова.
Ғауез Нұрмұхамбетов ғимараттың жылы болуына, қажетті дәрілік препараттардың қолжетімділігіне, жас мамандардың тұрмыстық жағдайына назар аударды. Аудан әкімі мен тиісті ұйым жетекшілеріне нысанды қажетті жиһазбен, құрал-жабдықтармен толықтыруды тапсырды.
“Бұл – биыл облыс бойынша іске қосылған тоғызыншы медициналық нысан. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ұлттың өмір сапасын жақсарту, медициналық қызметті талапқа сай ұйымдастыру басты міндет болып қала береді. 2025 жылға таман барлық елді мекендерге сапалы ауызсу жеткізілетін болады”, – деді әкім.
Округ құрамына Лобаново, Шалқар, Әлжан және Заря елді мекендері кіреді. Екі мыңға жуық тұрғынның қорасында 1213 ірі қара, 4855 қой-ешкі, 1272 жылқы, 1263 шошқа, 29230 құс бар. 40 үйлі Заряның оқушылары Лобановаға қатынап оқиды. Ол үшін арнайы көлік бөлінген. Көпбейінді колледж ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылған.
Арықбалық – ірі округтердің бірі. 2861 тұрғынның 1558-і жұмысқа қабілетті. Зейнеткерлер саны – 668, мүгедектер – 111, көп балалы отбасылар – 36. Жұмыссыздық деңгейі – 2,22 пайыз. 424 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 58196 гектар болса, соның 40470 гектарына бидай және басқа дақылдар егіледі.
Арықбалықтағы 380 орындық Мәдениет үйі 1985 жылы салынған. Әбден ескіріп, тозғаны ескеріліп, 2022 жылы “Ауыл – ел бесігі” жобасы шеңберінде 136 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Тұрғындар көшелерді асфальттау, балалар үйірмелерін ашу мәселелерін көтерді. Балалар дәрігері қажет.
Облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның да тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен Тахтаброд ауылында қалпына келтіріліп, заманауи құралдармен қамтамасыз етілген, 1209 тұрғынға қызмет көрсететін фельдшерлік-акушерлік пунктке барды. Осында бес жыл бұрын “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен оңтүстік өңірден келген жалпы тәжірибедегі дәрігер Бекзат Мейірқұловты әңгімеге тартты. Жас маман отбасы құрғанын, кішкентайлы болғанын, теріскейге әбден үйреніп, бауыр басып кеткенін жеткізді. Ғауез Торсанұлы жастарды елді мекендерге тұрақтандыру, олар үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін атап көрсетті.
Бұдан кейін өңір басшысы Қырымбет ауылдық округіне қарасты Сокологоровка ауылының тұрғындарымен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Облыс бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Тұрғындар жерлерін жалға берген компаниялардан пай үлестерін ала алмай жүргендерін ашына жеткізді.
Ковыльное ауылындағы “Ақселеу” ЖШС-ға облыстың құрметті азаматы, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері, білікті басшы, тәжірибелі диқан Серік Малаев жетекшілік етеді. Егістік алқабы 15500 гектарды құрайды. Асыл тұқымды ірі қара өсіріледі.
Үйлер толықтай орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, орталық қазандық биоотын арқылы жылытылады. 5-11 сынып оқушылары тегін тамақтандырылады. Нәресте дүниеге келсе, 40 мың теңге мөлшерінде бір реттік жәрдемақы беріліп, бір жасқа толғанға дейін ай сайын 10 мың теңге төленеді. Үйлену тойларына, жерлеу рәсімдеріне де материалдық қолдау көрсетіледі. Отын, жемшөп қолжетімді бағамен босатылады. Орташа жалақы 210 мың теңгені құрайды. Күнгей жақтардан отбасыларды көшіріп әкеліп, қоныстандыру, үймен, жұмыспен қамтамасыз ету тәжірибесі өзгелерге үлгі десе де болады.
Облыс әкімі жақсы бастамаларды бағалап, жұмыла еңбек ету арқылы ғана барлық қиындықтарды еңсеруге болатынын еске салды.
Ирина БУРКОВСКАЯ,
Шолпан САЛЫҚОВА.