Мемлекеттік тіл – ұлттық саясаттың ең негізгі әрі басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда мемлекетімізде жаңа қоғамның талаптарына сай кешенді де жүйелі түрде мемлекеттік тіл саясаты жүргізілуде.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы “Тіл туралы” Заңның 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі” делінген. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуға тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашан да білікті де, саналы, туған тіліне жанашыр ұрпақпен кеңеймек. Соңғы жылдары елімізде сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Ресми құжаттар негізінен мемлекеттік тілде жазылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы – бұлжымас талап.
Жалпы мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ықпалы зор. Өйткені, мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын негізгі буын осы болғандықтан, қарапайым халық, әсіресе жастар шенеуніктерге қарайды, солардың кәсіби біліктілігіне сүйеніп, билікті бағалайды, өз болашағына қатысты бағыт-бағдарын, жоспарларын түзеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе, қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта бермек.
Қазіргі күні республика соттарында сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алады. Егер де халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар жеткілікті. Жоғарғы сот төрағасының бастамасы аясында сот жүйесі одан әрі реформаланып, сот билігіне деген жауапкершілік те арта түсті, жаңашыл реформалар жүзеге асырылуда. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріліп, соттың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізіліп жатыр. Елімізде соттан ашық, соттан жария бірде-бір мекеме жоқ десем, қателеспеймін. Халықтың сотқа деген көзқарасы жақсарды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріп те жүр. Жоғарғы сот тарапынан судьялыққа үміткерлерді іріктеу кезінде қазақ тілін меңгерген, істі қарай білетін мамандарға басымдық беретіндігі, соңғы кезде судья ретінде тағайындалған, сот төрағалығына ұсынылғандар арасында мемлекеттік тілді меңгергендер санының өсіп келе жатқандығы қуантады.
“Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” Заңның 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады. Десек те, әлі де болса соттарда іс жүргізу көбінесе орыс тілінде өтетіні рас. Оның себебі АІЖК-нің 14-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Талап-арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі. Бұл ретте кездесетін қиындықтар да бар. Қазақ тілінде жазылған арызға тіркелген құжаттардың басқа тілде болуы, іс бойынша жасалған сұраныстарға іс жүргізу тілінен басқа тілде жауап берілуі қолбайлау болып отыр. Мұндай кездерде, арыз берушіге басқа тілдегі құжаттардың аудармасын тіркеу ұсынылады, оған мүмкіндігі болмағанда, аудармашының көмегімен құжаттардың аудармалары жасалады. Немесе, сотқа талап-арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау барысында талапкердің өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал талап-арызды басқа құжаттар орыс тілінде болуына байланысты ғана сол тілде бергенін айтып жататын жағдайлар да кездеседі.
Қызылжар аудандық сотында құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Атап айтқанда, ішкі ұйымдастырушылық құжаттар – өкімдер, анықтамалар қазақ тілінде шығарылады, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары қазақ тілінде әзірленеді. Аудандық соттарға, өзге мекемелерге құжаттар тек мемлекеттік тілде жолданады. Басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, азаматтардың арыз-өтініштеріне де жазылған тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде жауап беріледі. Әрбір сот маманы –мемлекеттік қызметшіден мемлекеттік тілді жетік білуі талап етіледі.
Таңат СМАҒҰЛОВ,
Қызылжар аудандық сотының судьясы.