«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық саясаттың басым бағыты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік тіл – ұлттық саясат­тың ең негізгі әрі басым бағыттары­ның бірі болып табылады. Қазіргі таңда мемлекетімізде жаңа қоғам­ның талаптарына сай кешенді де жүйелі түрде мемлекеттік тіл саясаты жүргізілуде.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткіз­ген­нен кейін қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақ­стан Республикасындағы “Тіл тура­лы” Заңның 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық са­ласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі” де­лінген. Мемлекеттік тіл – мемлекет­тің бүкіл аумағында, қоғамдық қа­тынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуға тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұра­тын елдің өрісі қашан да білікті де, саналы, туған тіліне жанашыр ұрпақ­пен кеңеймек. Соңғы жылдары елі­міз­де сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі­не жіті көңіл бөлінуде. Ресми құжат­тар негізінен мемлекеттік тілде жа­зылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы – бұлжымас талап.

Жалпы мемлекеттік тілдің да­муы­на бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ық­палы зор. Өйткені, мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын негізгі буын осы болғандықтан, қарапайым халық, әсіресе жастар шенеуніктерге қарайды, солардың кәсіби біліктілігі­не сүйеніп, билікті бағалайды, өз бо­ла­шағына қатысты бағыт-бағдарын, жоспарларын түзеді. Сондықтан мем­лекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе, қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта бермек.

Қазіргі күні республика соттарын­да сот төрелігін жүзеге асырушы судья­лардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемле­кеттік тілде сапалы жүзеге асыра алады. Егер де халық сот­қа қазақ тілінде жүгінетін болса не­месе өкілетті органдар тергеуді мем­лекеттік тілде жүргізсе, барлық өңір­лерде сот істерін қазақ тілінде қа­рауға қауқарлы судьялар жеткілікті. Жоғарғы сот төрағасының бастама­сы аясында сот жүйесі одан әрі ре­формаланып, сот билігіне деген жа­уап­кер­шілік те арта түсті, жаңашыл реформалар жүзеге асырылуда. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріліп, сот­тың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізіліп жатыр. Елімізде соттан ашық, соттан жария бірде-бір мекеме жоқ десем, қате­леспеймін. Халықтың сотқа деген көз­қарасы жақсарды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріп те жүр. Жоғарғы сот тарапынан судьялыққа үміткерлерді іріктеу ке­зін­де қазақ тілін меңгерген, істі қарай білетін мамандарға басымдық бере­тін­дігі, соңғы кезде судья ретінде та­ғайындалған, сот төрағалығына ұсы­нылғандар арасында мем­ле­кеттік тілді меңгергендер саны­ның өсіп келе жатқандығы қуантады.

“Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” Заңның 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолда­нылады. Десек те, әлі де болса сот­тар­да іс жүргізу көбінесе орыс тілін­де өтетіні рас. Оның себебі АІЖК-нің 14-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қа­рай сот ұйғарымымен белгіленеді. Талап-арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүр­гізіледі. Ал іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысу­шы адамдарға сотта ау­дармашының қызметін тегін пайда­лану қамтама­сыз етіледі. Бұл ретте кезде­сетін қиындықтар да бар. Қазақ тілін­де жазылған арызға тіркелген құжат­тардың басқа тілде болуы, іс бойын­ша жасалған сұра­ныстарға іс жүргізу тілінен басқа тіл­де жауап берілуі қолбайлау болып отыр. Мұндай кез­дерде, арыз беру­шіге басқа тілдегі құжаттардың ау­дар­масын тіркеу ұсы­нылады, оған мүмкіндігі болмағанда, аудармашы­ның көмегімен құжаттар­дың аудар­ма­лары жасалады. Неме­се, сотқа талап-арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау бары­сында талапкердің өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал талап-арызды басқа құжаттар орыс тілінде болуына байланысты ғана сол тілде бергенін айтып жата­тын жағдайлар да кездеседі.

Қызылжар аудандық сотында құ­жат айналымы мемлекеттік тілде жүр­гізіледі. Атап айтқанда, ішкі ұйым­­дастырушылық құжаттар – өкім­­дер, анықтамалар қазақ тілінде шығарылады, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары қазақ тілінде әзірленеді. Аудандық соттарға, өзге ме­кемелерге құжаттар тек мемле­кет­тік тілде жолданады. Басқа да мем­лекеттік органдар мен ұйымдар­дың, азаматтардың арыз-өтініште­ріне де жазылған тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде жауап беріледі. Әрбір сот маманы –мемлекеттік қыз­метшіден мемлекеттік тілді жетік білуі талап етіледі.

Таңат СМАҒҰЛОВ,

Қызылжар аудандық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp