Биыл мемлекеттік сатып алу бағасын асыра көрсетудің 90 фактісі анықталып, 1,8 млрд. теңге бюджет қаражаты үнемделді. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әрекетінен кейін облыстың қаржы басқармасы журналдың алдын ала жоспарланған сатып алу бағасын 1 млн. 368 мың теңгеден 24 мың теңгеге өзгерткен. Ал “Ақан сері” орман шаруашылығы АИ-92 маркалы жанар-жағармайдың литрін 16696 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін жанар-жағармай сатып алу жоспарының 4-пункті қайта қаралып, жалпы сомасы 664,5 млн. теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмеді. Осындай келеңсіздіктер Айыртау ауданында да анықталған. Айыртау аудандық білім бөлімі мектеп қазандықтарының әр біреуін 30,7 млн. теңгеге сатып алмақ болған. Жоспарланған қаржы сомасы – 307,6 млн, теңге. Тиісті органның араласуынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгерістер енгізіп, 279,3 млн. теңге үнемделді. Ал Жамбыл ауданындағы Преснов ауылдық округінің әкімдігі 7,5 млн. теңгеге орындық сатып алмақшы болған. Мұнда да бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудың жолы кесілді. Үнемделген қаржы – 6,7 млн. теңге. Бұл індетпен күресте еріктілердің де қосқан үлесі зор. Еріктілердің көмегімен жалпы сомасы 17,4 млн. теңгені құрайтын заңсыз мемлекеттік сатып алулар анықталған. Сонымен қатар облыс орталығы мен аудандарда құрылыс-монтаж жұмыстарындағы олқылықтар жойылды. Мәселен, еріктілер Қызылжар ауданындағы заңсыз қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде металл қоршау, бейнебақылау камерасы орнатылып, тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды.
– Агенттік қызметінің басым бағыты – сыбайлас жемқорлық привенциясы болып табылады. Яғни жемқорлықтың салдарымен емес, оны тудыратын себептерімен күресу қажет. Бұл жұмыс әлеуметтік маңызға ие мәселелерден тұратын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы шеңберінде жүзеге асырылуда, – деген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов алдын алу шаралары арқылы қол жеткізген оң нәтижелерді баяндады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдамалық жұмыстың арқасында жалпы сомасы 201 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтады. Оның ішінде мемлекет пен меншік иелеріне 124 млн. теңге сомасында активтер қайтарылды. Атап айтқанда, білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижесінде 61 млн. теңге өтелді. “Бизнеске жол” жобасы шеңберінде салықтық әкімшілендіру саласындағы қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемді өз бетінше қате енгізген 161 кәсіпкерлік субъектісіне 54 млн. теңге қайтарылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы талдау ұсынымдарын орындау аясында Петропавл қаласының әкімдігі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның жарғылық капиталына 7 техниканы берді.
Сараптамалық бақылау саласын талдау қорытындыларына сәйкес шекара арқылы өткізілетін тауар көлемін тиісінше есепке алмаудың жемқорлық тәуекелі анықталды. Бұл келеңсіздік инспекциялық-тексеру және таразылар орнату арқылы жойылуға тиіс. Сонымен қатар ветеринарлық бақылау саласында жеке зертханалары бар цехтардың мүдделерін қолдау тәуекелдері, сондай-ақ, тыйым салынған өнім түрлерін Қазақстанға импорттайтын кәсіпкерлерге қамқорлық көрсету де анықталып отыр.
Мәселен, осы жылдың қыркүйегінен бастап Ресей Федерациясынан тірі шошқа мен оның термиялық өңдеуден өтпеген етін, жемазық пен жемазық қоспаларын әкелуге уақытша шектеу қойылған. Алайда қараша айында дүкен сөрелерінде Ресейден енгізілген ет өнімдері пайда болған. Бұл өңірде ветеринарлық бақылаудың деңгейі төмен екендігін аңғартады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.