«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАДАН ЖЕТКЕН МИРАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі “Miras” республикалық кеңесі “AMANAT” партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының “Құн­ды­лықтары ортақ, біртұтас қоғамның мүшесі болу”, “Ұлт­тық мәдениетті қолдау”, “Ыңғайлы тілдік ортаны дамыту”, “Азаматтық қоғамды дамыту” бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Негізгі міндеті – ата-бабаларымыздан осы күнге дейін аман жеткен мәдениет пен өнер саласын, тіл саясатын, қазақстандық қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау жөніндегі жұмысты жетілдіру жайын талқылау және сол бойынша ұсынымдар әзірлеу.

Биыл “AMANAT” партиясы Сол­түстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы “Miras” кеңесінің құрамы жаңарғанын айта кеткен жөн. Ха­лықаралық “Қазақ тілі” қоғамы об­лыс­тық филиалының төрағасы Жа­нат Мұхаметжанов, М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ профессоры Жанар Таласпаева мен кафедра меңгеру­шісі Фариза Мұқанова, “Асыл мұра” орталығының қызметкерлері Ахмет­жан Қуантаев пен Сағындық Сал­мұр­зин, айтыскер ақын Жарқын Жұ­пархан, Петропавл қалалық Мәде­ниет үйінің көркемдік жетекшісі Мұ­хаметәлі Испанов, кәсіпкерлер Жо­март Омаров пен Дәстен Баймұ­қанов, журналист Дана Ғизатова – кеңестің мүшелері.

“AMANAT” партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауал­ды бағдарламасын жүзеге асыру­дың жол картасы қабылданғаны бар­шаға мәлім. Сол құжаттың 62-66 пунктері руханият саласына арнал­ған. Жол картасында айтылған өнер мен мәдениетті, тілдерді дамыту бағытындағы кеңес мүшелерінің жұмысы нәтижелі. Биылғы жылы өт­кі­зілген үш отырыс барысында жер­гілікті атқарушы органдарға 26 ұсы­ныс жолданып, соның 25-і оң шеші­мін тапты.

Жол картасының тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген нысанда­рына жол бермей, мемлекеттік тілді одан әрі дамыту мен практикалық қолдануды ынталандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында өңіріміз­дегі орыс мектептерінде қазақ сы­ныптарын ашу жайы кеңес отыры­сында талқыланып, нәтижесінде Петропавлдағы БЭСТ, ІТ-лицей және бірінші гимназияда балалар қазақша оқытыла бастады. Бұл жұ­мыс аудандарда да жүргізілді. Се­бебі қазір өңірімізде ұлты қазақ ба­лалардың қырық пайызы орысша бі­лім алып жүр.

Кеңес мүшелері ата-аналармен кездесіп, балаларын қазақ сыныпта­рына беруге үгіттеу жұмысына да атсалысты. Бұл істе “Қазақ тілі” қоға­мының өкілдері белсенділік таныт­қа­нын айта кеткен жөн. Облыс орта­лығындағы барлық дерлік балабақ­шаларда кездесу өтті. Өздері қазақ­ша дұрыс сөйлемейтін ата-аналар балаларына үй тапсырмасын орын­дауға көмектесе алмайтындарын айт­қандықтан, облыстық білім бас­қармасы жоғарыда аталған үш мектепте ұзартылған күн тобын ашты. Яғни балалар сабақтан кейін мектепте қалып, мұғалімнің қадаға­лауымен тапсырмаларды орындай­ды. Бұл қызмет ата-аналар үшін тегін.

Ал өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін “AMANAT” партиясының “Жастар рухы” жастар қанаты “Сөй­ле” клубын ашты. Клубқа келушілер алдымен күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздерді жаттап алып, ауызекі сөйлесуді меңгереді. Бұл әдіс шет тілдерін үйренуде кеңінен қолданылатыны белгілі. Болашақта аталмыш клубты аудандарда ашу ұсынылды.

Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын қазақша жүргізу жағы аса маңызды. Бұл тұрғыда құжат ал­масу түгел дерлік қазақша болға­ны­мен, бар жұмыс аудармашының мойынына жүктелгенін жасырып қайтеміз. Ал іс қағаздарын қазақша толтыра алатын мамандар әлі де аз.

Идеологиялық тұрғыдан ескір­ген елді мекен және көше атауларын ауыстыру мәселесі де “Miras” кеңе­сінің назарынан тыс қалған жоқ. Ау­дандарда осы бағытта қандай істер атқарылып жатқаны жайлы аудан әкімдері орынбасарларының есеп­тері тыңдалды. Мәселен, 2021-2023 жылдар ішінде Шал ақын ауданында 19 көшенің атауы ауыстырылған. Бұ­дан бөлек, аудандық мәслихат сес­сиясының қарауына Семиполка ауылдық округінің 5 (Комсомольс­кая, Ленин, Советская, Киров, Пер­во­майская) көшесінің атауын өзгер­ту туралы құжаттар жолданған. Ал Тайынша ауданында осы аралықта 8 ауылдық округ пен Тайынша қа­ласында 50 көше қайта аталған. Соң­ғы бес жыл ішінде Мағжан Жұма­баев ауданында 5 ауылдық округтің, 3 ауылдың, 17 көшенің атауы өзгер­тіліп, кейбіріне жаңа атаулар беріл­ді. Бұл жұмыс басқа аудандарда да атқарылуда. Дегенмен, әлі күнге дейін өзгеріссіз тұрғандары қанша­ма, әсіресе ауылдардың атауларын ауыстыру мәселесі өзекті.

“Miras” кеңесінің 2023 жылғы соң­ғы отырысында өңірдегі мәдениет нысандарын күрделі жөндеу бары­сы, облыс тұрғындарын мәдени іс-шаралармен қамту, белгілі тұлға­лардың мерейтойларын өткізу, мә­дениет саласындағы кадр мәселесі қаралып, айтыскер ақындардың жет­кен жетістіктері сараланды.

Жол картасының 62-тармағына сәйкес, 2023 жылы облыста 8 мә­дениет нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орын­басары Санат Әубәкіровтің айтуын­ша, Н.Погодин атындағы облыстық драма театрды жөндеу үшін “КазЕв­роСтрой” ЖШС-мен 161367,2 мың теңге сомаға келісімшарт жасалды. Жоба екі жылға арналған. Электр сымдарын ауыстыру, іргетасын ны­ғайту, киім ауыстыратын бөлмеле­рін сырлау және әктеу, есік жақтау­ла­рын ауыстыру, линолеум төсеу, 3-ші қабаттың еденіне және жертөлеге плитка төсеу, ғимарат сахнасының үстіндегі жұмсақ шатырды жөндеу аяқталды.

Аққайың ауданының Аралағаш елді мекеніндегі ауылдық клубты күрделі жөндеу үшін 130160,0 мың теңге бөлінген. Қызылжар ауданы­ның Пеньков ауылдық Мәдениет үйі­нің ғимаратын жаңғыртуға берілген қаржы 42453,6 мың теңге. Бұл екі ны­сандағы жұмыс аяқталуға жақын. Шал ақын ауданындағы Кривощеково, Новопокровка және Ысқақ Ыбы­раев ауылдарындағы мәдениет ны­сандарын күрделі жөндеу жұмыста­ры толығымен біткен. Бұдан бөлек, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Со­ветское және Қарақоға ауылдарын­дағы Мәдениет үйлеріне күрделі жөн­деу жүргізілді.

– Жол картасының 64-тармағына сәйкес белгілі тұлғалардың ме­рей­тойларына арналған іс-шаралар өткізілді. Биыл Мағжан Жұмабаев­тың 130 жылдығы аясында туған же­рінде ауқымды шара болды. Оған 7000 мың адам қатысты. Шал ақын­ның 275 жылдығына орай әдеби кеш ұйымдастырылды. Қожаберген жы­рау­дың 360 жылдығына арналған ғы­лыми-практикалық конференцияға мыңға жуық адам қатысты. Облыс орталығында Ақан сері Қорамса­ұлының 180 жылдығына арналған рес­публикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті, – деді “Miras” кеңесінің қорытынды отырысында Санат Әу­бә­кіров.

Өкінішке қарай, Қызылжардың қасиетті топырағында дүниеге кел­ген ұлы тұлғаларымыздың бәрінің бірдей мерейтойлары жоғары дең­гейде өтпей жатқанын мойындауға мәжбүрміз. Есеп үшін немесе атаусыз қалмасын деген мақсатпен ғана кітапханада немесе мұражайда жиырма-отыз адамның басын қо­сып, шағын шара өткізе салу үрдісі байқалады. Бұл жайтты кеңес мү­шелері де ашық айтты. Бұдан бөлек, мемлекеттік мерекелерге орай, ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларына арналған мәдени шаралардың фор­матын өзгертіп, мазмұнын жаңарту ұсынылды. Әсіресе ұлттық өнері­мізге, соның ішінде дәстүрлі ән мен күйімізге басымдық берілсе деген пікірлер өте орынды.

Солтүстікте соңғы жылдары қай­та жаңғырған ұлттық құндылықтары­мыздың бірі – айтыс. Айтыс ақын­дары және жыршы-термешілер ода­ғының облыс бойынша филиалы­ның директоры, Ерік Асқаров атын­дағы облыстық жас ақындар мекте­бінің басшысы Жарқын Жұпарханның айтуынша, биылдың өзінде өңірімізде халықаралық, республика­лық және облыстық айтыстар өткізіл­ген. Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған аламанға Қа­зақстаннан бөлек Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мен Моңғолияның от ауызды, орақ тілді айтыскерлері кел­ген. Ұлттық өнер жас өрендер ара­сында да қанатын кеңге жайып келе­ді. Бұл сөзімізге оқушылар ара­сында екі рет өткен облыстық айтыс дәлел.

Отырыста биыл ерекше жетістіктерімен көзге түскен, республика­лық додаларда жүлде еншілеген ай­тыскер ақындар Жұмабек Рахимов, Хабдолла Бейісхан және Аманжол Зағыпар партия филиалы атқарушы хатшысының және облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар “AMANAT” партиясы өткізген “Ұлы дала” байқауына қатысып, облыс на­мысын қорғаған ақын Жарқын Жұ­парханға саяси ұйымның атқарушы хатшысының Алғыс хаты табыс етіл­ді. Айтыс жанашыры, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек орта мекте­бінің директоры Шамшухан Шәймер­деновтің омырауына “Алтын глобус” ұйымының “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі қадалды. Сондай-ақ “QYZYLJAR” телеарнасының ди­ректоры Ерлан Тоқшылыққа айтыс өнерін қолдағаны үшін айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Алғыс хаты табысталды.

“Miras” кеңесінің қорытынды отырысында 2024 жылдың жұмыс жоспары жасалып, келер жылы тал­қылауға салынатын тақырыптар бе­кі­тілді. Еліміздің басты саяси пар­тиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған азаматтық қоғамды дамыту, мәдениетті қолдау, мемле­кеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­ту, ескірген атауларды ауыстыру және тағы да басқа мәселелердің оң шешілуіне кеңес мүшелері бір кісідей атса­лыспақ.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“AMANAT” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Miras” кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp