Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында өңірдің қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің кіріс-шығыс бөлігінің орындалуы қаралды.
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов экономикалық индикатор 96,7 пайызды құрап, республикада 20 орынмен шектелгенін жеткізді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 828,1 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 15,8 пайызға төмендеген. Сол сияқты дәнді және бұршақты дақылдар өндірісі 20,7 пайызға кеміп кеткен. Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 2,1, оның ішінде ет өндірісі – 1,8, сүт 3,3 пайызға өскен. Ал жұмыртқа өндіру 3,6 пайызға төмендеген.
Баяндамашы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары екенін, фермерлер үшін мемлекет тарапынан қолдау жүйелі түрде көрсетілетінін айтып өтті. Озық технологияларға негізделген сүт кешендерін салуға жеңілдетілген несие беріліп келеді. Қызылжар – майлы дақылды ең көп егетін өңір.
11 айда өнеркәсіптің нақты көлем индексі 113,4 пайызға орындалып, 574,7 млрд. теңгенің тауарлары шығарылған. Өңдеу өнеркәсібі – 13,7, тау-кен өндіру өнеркәсібі – 7,4, электрмен жабдықтау 18,9 пайызға артқан.
Осы мерзім ішінде негізгі капиталға 382,1 млрд. теңге инвестиция құйылып, өсім 22,3 пайыз болған.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шарауашылығын дамыту бағытында ілгерілеу бар. Құрылыс саласында орындалған жұмыс көлемі 27,6 пайызға артқан. Жалпы ауданы 240,2 мың шаршы метр немесе 135,9 тұрғын үй іске қосылған. Жеке адамдар есебінен 118,5 мың шаршы метр баспана тұрғызылған. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестициялардың үштен бірі – бюджет қаражаты.
Жыл басынан бері бөлшек саудада 340,2 млрд. теңгенің тауарлары сатылған.
Есепті кезең аралығында 24749 адам жұмысқа орналастырылып, 10612 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылған. Осылайша жұмыспен қамту жоспары 102 пайызға орындалған. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша атқарылған жылдық көрсеткіш 99,8 пайызға тең. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 18141 адам жұмыспен қамтылған болатын. Атқарылған шаралардың нәтижесінде үшінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз болды. Оның өсуіне жол бермеу үшін барлық шаралар қабылдануда.
Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің орындалуы жайлы ақпаратты ұсынды. 11 айда жергілікті бюжетке 103,7 млрд. теңгенің орнына 108,3 млрд. теңге қаражат түсіп, жоспар 104,4 пайызға орындалған. Ал жергілікті бюджеттің шығыс бөлігі 98,9 пайызға игерілген.
Республикалық қазынадан және Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша жоспар 96,8 пайызға атқарылған. Игерілмеген қаржы мөлшері – 2,1 млрд. теңге. Жергілікті бюджеттен 2,6 млрд. теңге игерілмеген.
Өңір басшысы кей аудандарда ет, сүт, жұмыртқа өндірісінің төмендеп кеткенін сынға алды. Осыған дейін өткен жиындарда да аудан басшылары жағдайды түзетуге уәде бергенімен, көрсеткіштер сол қалпы қалған.
“Ет өндіру Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 178, Мағжан Жұмабаевта – 71, Мамлютте – 31, Есілде 75 тоннаға азайған. Аталмыш аудандарда бұл көрсеткіштің құлдырауы бірнеше ай бойы байқалған. Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі осыған дейінгі басқосуларда ет өндірісінің төмендеуін бухгалтерияның қателігі деп түсіндіріп, барлығын түземек болған. Бірақ уәдесінде тұра алмады. Осы цифрлар үшін аудан әкімі тікелей жауап береді”, – деген Ғауез Нұрмұхамбетов аудан әкімінен түсініктеме талап етті.
Әкімдік отырысында бюджет қаражатын игере алмаған аудан әкімдері мен басқарма жетекшілері де ескерту алды. Бұл тізімді Петропавл қаласы бастап отыр. Мұнда 1 млрд. 593 млн. теңге игерілмей қалған. Уәлиханов ауданы бойынша – 488,5 млн., Шал ақында – 419,3 млн., Қызылжарда – 356,4 млн., Мамлют ауданында 252,3 млн., теңгені ұқсата алмаған. Ведомстволар арасында бұл тізімде білім (223,7 млн.), құрылыс, сәулет және қала құрылысы (211,8 млн.) табиғи ресрустар және табиғатты пайдалануды реттеу (145,3 млн.) басқармалары тұр.
“Кей облыстар республикалық бюджеттен қаражатқа қол жеткізе алмайды. Бізде керісінше жағдай орын алған. Мұны жауапты ведомство басшылары мен әкімдердің өз ісіне салғырт қарауы деп бағалаймын. Уақытты создырып, жыл соңына қарай қозғала бастайды. Жағдайды жедел түрде реттеуді талап етемін”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өңір басшысы, тұтастай алғанда негізгі салалар бойынша оң өзгерістердің қалыптасқанын атап өтіп, тиісті ведомство басшыларына 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және бюджеттің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.