26 желтоқсан күні өңірде қолайсыз ауа райы туындап, жаңбырдың арты қарға, кейін боранға ұласып, тұрғындарды әбігерге салды. Жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен желдің салдарынан жолдар жабылып, инфрақұрылым зақымданды.
Қарлы боранның салдарынан кейбір елді мекендерде жарық өшті. Бұл күні барлығы 181 ауылдың тұрғыны электр қуатынан ажыратылған. Осыған байланысты өңірде арнайы штаб құрылып, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысы қыза түсті. Туындаған жағдайға байланысты әлеуметтік нысандар, аудандық аурухана, мектептер, балалар үйлері, жылу қазандықтарының жұмысы ерекше бақылауға алынды.
Желідегі ақауды жөндеу үшін өңір бойынша “СЕВКАЗЭНЕРГО” акционерлік қоғамының 55 апаттық-жөндеу бригадасы мен 55 техникасы, “Көкшетау Энерго” серіктестігінің 37 бригадасы мен 140 техникасы жұмылдырылған. Аталған жұмыстар қазіргі уақытта да жалғасуда. 27 желтоқсан сағат 15.00-дегі жағдай бойынша облыстағы 92 елді мекен мен 5 мыңнан астам абонент электр энергиясынсыз отыр. Оған – желілердің үзілуі мен станциялардан шыққан ақау себеп болуда.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.