Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі “Miras” республикалық кеңесі “AMANAT” партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының “Құндылықтары ортақ, біртұтас қоғамның мүшесі болу”, “Ұлттық мәдениетті қолдау”, “Ыңғайлы тілдік ортаны дамыту”, “Азаматтық қоғамды дамыту” бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Негізгі міндеті – ата-бабаларымыздан осы күнге дейін аман жеткен мәдениет пен өнер саласын, тіл саясатын, қазақстандық қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау жөніндегі жұмысты жетілдіру жайын талқылау және сол бойынша ұсынымдар әзірлеу.
Биыл “AMANAT” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы “Miras” кеңесінің құрамы жаңарғанын айта кеткен жөн. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхаметжанов, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры Жанар Таласпаева мен кафедра меңгерушісі Фариза Мұқанова, “Асыл мұра” орталығының қызметкерлері Ахметжан Қуантаев пен Сағындық Салмұрзин, айтыскер ақын Жарқын Жұпархан, Петропавл қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхаметәлі Испанов, кәсіпкерлер Жомарт Омаров пен Дәстен Баймұқанов, журналист Дана Ғизатова – кеңестің мүшелері.
“AMANAT” партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасы қабылданғаны баршаға мәлім. Сол құжаттың 62-66 пунктері руханият саласына арналған. Жол картасында айтылған өнер мен мәдениетті, тілдерді дамыту бағытындағы кеңес мүшелерінің жұмысы нәтижелі. Биылғы жылы өткізілген үш отырыс барысында жергілікті атқарушы органдарға 26 ұсыныс жолданып, соның 25-і оң шешімін тапты.
Жол картасының тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген нысандарына жол бермей, мемлекеттік тілді одан әрі дамыту мен практикалық қолдануды ынталандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында өңіріміздегі орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу жайы кеңес отырысында талқыланып, нәтижесінде Петропавлдағы БЭСТ, ІТ-лицей және бірінші гимназияда балалар қазақша оқытыла бастады. Бұл жұмыс аудандарда да жүргізілді. Себебі қазір өңірімізде ұлты қазақ балалардың қырық пайызы орысша білім алып жүр.
Кеңес мүшелері ата-аналармен кездесіп, балаларын қазақ сыныптарына беруге үгіттеу жұмысына да атсалысты. Бұл істе “Қазақ тілі” қоғамының өкілдері белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Облыс орталығындағы барлық дерлік балабақшаларда кездесу өтті. Өздері қазақша дұрыс сөйлемейтін ата-аналар балаларына үй тапсырмасын орындауға көмектесе алмайтындарын айтқандықтан, облыстық білім басқармасы жоғарыда аталған үш мектепте ұзартылған күн тобын ашты. Яғни балалар сабақтан кейін мектепте қалып, мұғалімнің қадағалауымен тапсырмаларды орындайды. Бұл қызмет ата-аналар үшін тегін.
Ал өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін “AMANAT” партиясының “Жастар рухы” жастар қанаты “Сөйле” клубын ашты. Клубқа келушілер алдымен күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздерді жаттап алып, ауызекі сөйлесуді меңгереді. Бұл әдіс шет тілдерін үйренуде кеңінен қолданылатыны белгілі. Болашақта аталмыш клубты аудандарда ашу ұсынылды.
Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын қазақша жүргізу жағы аса маңызды. Бұл тұрғыда құжат алмасу түгел дерлік қазақша болғанымен, бар жұмыс аудармашының мойынына жүктелгенін жасырып қайтеміз. Ал іс қағаздарын қазақша толтыра алатын мамандар әлі де аз.
Идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекен және көше атауларын ауыстыру мәселесі де “Miras” кеңесінің назарынан тыс қалған жоқ. Аудандарда осы бағытта қандай істер атқарылып жатқаны жайлы аудан әкімдері орынбасарларының есептері тыңдалды. Мәселен, 2021-2023 жылдар ішінде Шал ақын ауданында 19 көшенің атауы ауыстырылған. Бұдан бөлек, аудандық мәслихат сессиясының қарауына Семиполка ауылдық округінің 5 (Комсомольская, Ленин, Советская, Киров, Первомайская) көшесінің атауын өзгерту туралы құжаттар жолданған. Ал Тайынша ауданында осы аралықта 8 ауылдық округ пен Тайынша қаласында 50 көше қайта аталған. Соңғы бес жыл ішінде Мағжан Жұмабаев ауданында 5 ауылдық округтің, 3 ауылдың, 17 көшенің атауы өзгертіліп, кейбіріне жаңа атаулар берілді. Бұл жұмыс басқа аудандарда да атқарылуда. Дегенмен, әлі күнге дейін өзгеріссіз тұрғандары қаншама, әсіресе ауылдардың атауларын ауыстыру мәселесі өзекті.
“Miras” кеңесінің 2023 жылғы соңғы отырысында өңірдегі мәдениет нысандарын күрделі жөндеу барысы, облыс тұрғындарын мәдени іс-шаралармен қамту, белгілі тұлғалардың мерейтойларын өткізу, мәдениет саласындағы кадр мәселесі қаралып, айтыскер ақындардың жеткен жетістіктері сараланды.
Жол картасының 62-тармағына сәйкес, 2023 жылы облыста 8 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Санат Әубәкіровтің айтуынша, Н.Погодин атындағы облыстық драма театрды жөндеу үшін “КазЕвроСтрой” ЖШС-мен 161367,2 мың теңге сомаға келісімшарт жасалды. Жоба екі жылға арналған. Электр сымдарын ауыстыру, іргетасын нығайту, киім ауыстыратын бөлмелерін сырлау және әктеу, есік жақтауларын ауыстыру, линолеум төсеу, 3-ші қабаттың еденіне және жертөлеге плитка төсеу, ғимарат сахнасының үстіндегі жұмсақ шатырды жөндеу аяқталды.
Аққайың ауданының Аралағаш елді мекеніндегі ауылдық клубты күрделі жөндеу үшін 130160,0 мың теңге бөлінген. Қызылжар ауданының Пеньков ауылдық Мәдениет үйінің ғимаратын жаңғыртуға берілген қаржы 42453,6 мың теңге. Бұл екі нысандағы жұмыс аяқталуға жақын. Шал ақын ауданындағы Кривощеково, Новопокровка және Ысқақ Ыбыраев ауылдарындағы мәдениет нысандарын күрделі жөндеу жұмыстары толығымен біткен. Бұдан бөлек, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Советское және Қарақоға ауылдарындағы Мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізілді.
– Жол картасының 64-тармағына сәйкес белгілі тұлғалардың мерейтойларына арналған іс-шаралар өткізілді. Биыл Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы аясында туған жерінде ауқымды шара болды. Оған 7000 мың адам қатысты. Шал ақынның 275 жылдығына орай әдеби кеш ұйымдастырылды. Қожаберген жыраудың 360 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға мыңға жуық адам қатысты. Облыс орталығында Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті, – деді “Miras” кеңесінің қорытынды отырысында Санат Әубәкіров.
Өкінішке қарай, Қызылжардың қасиетті топырағында дүниеге келген ұлы тұлғаларымыздың бәрінің бірдей мерейтойлары жоғары деңгейде өтпей жатқанын мойындауға мәжбүрміз. Есеп үшін немесе атаусыз қалмасын деген мақсатпен ғана кітапханада немесе мұражайда жиырма-отыз адамның басын қосып, шағын шара өткізе салу үрдісі байқалады. Бұл жайтты кеңес мүшелері де ашық айтты. Бұдан бөлек, мемлекеттік мерекелерге орай, ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларына арналған мәдени шаралардың форматын өзгертіп, мазмұнын жаңарту ұсынылды. Әсіресе ұлттық өнерімізге, соның ішінде дәстүрлі ән мен күйімізге басымдық берілсе деген пікірлер өте орынды.
Солтүстікте соңғы жылдары қайта жаңғырған ұлттық құндылықтарымыздың бірі – айтыс. Айтыс ақындары және жыршы-термешілер одағының облыс бойынша филиалының директоры, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің басшысы Жарқын Жұпарханның айтуынша, биылдың өзінде өңірімізде халықаралық, республикалық және облыстық айтыстар өткізілген. Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған аламанға Қазақстаннан бөлек Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мен Моңғолияның от ауызды, орақ тілді айтыскерлері келген. Ұлттық өнер жас өрендер арасында да қанатын кеңге жайып келеді. Бұл сөзімізге оқушылар арасында екі рет өткен облыстық айтыс дәлел.
Отырыста биыл ерекше жетістіктерімен көзге түскен, республикалық додаларда жүлде еншілеген айтыскер ақындар Жұмабек Рахимов, Хабдолла Бейісхан және Аманжол Зағыпар партия филиалы атқарушы хатшысының және облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар “AMANAT” партиясы өткізген “Ұлы дала” байқауына қатысып, облыс намысын қорғаған ақын Жарқын Жұпарханға саяси ұйымның атқарушы хатшысының Алғыс хаты табыс етілді. Айтыс жанашыры, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек орта мектебінің директоры Шамшухан Шәймерденовтің омырауына “Алтын глобус” ұйымының “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі қадалды. Сондай-ақ “QYZYLJAR” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылыққа айтыс өнерін қолдағаны үшін айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Алғыс хаты табысталды.
“Miras” кеңесінің қорытынды отырысында 2024 жылдың жұмыс жоспары жасалып, келер жылы талқылауға салынатын тақырыптар бекітілді. Еліміздің басты саяси партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған азаматтық қоғамды дамыту, мәдениетті қолдау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ескірген атауларды ауыстыру және тағы да басқа мәселелердің оң шешілуіне кеңес мүшелері бір кісідей атсалыспақ.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Miras” кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.