Роман
БІРІНШІ БӨЛІМ
СЫРЫМБЕТ САЛАСЫНДА
«Лашынға лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?»
Ақан сері
Биыл қыстай Мезгіл, Шалқар, Жыланды болысындағы атығай-қарауыл елі ішінде тебіндегі жылқы малына бықбырттай тиген құйрығы бір тұтам шолақ қасқыр аңызға айналды. Ана ауылда да, мына ауылда да әлгі қасқыр малды қырып кетіпті; өзі де анау-мынау емес тайыншадай, тіпті кішігірім жабағыдай екен; боран-шашыныңа, ашық-жабығыңа, күн-түніңе де қарамайды, кейде тайдай тал түсте неше жылғы ту биелеріңді алып ұрып жәукемдеп, жылқышылар қиқуды салып қуғанша нағыз шиманды үлпершек майын қалпынша қылғытып тайып отырады. Не бір жүйрік сәйгүлікпен соңына түскен жылқышылар біраз қуа түсіп қарасын да көрмей қалады; тегі бірішек болса керек. Ондай Бөрілердің өкпесінде көрігі болады дейді, қанша шапса да шабысынан бір танбайды. Сонысымен қоса арланның күшінде қисап жоқ. Сақ жүрген талай жылқышы тазыларын қосып та көрген екен, маңайлай берсе-ақ бір-ақ қағып кете барады. Тіпті, тәуір иттерден тұқым қалар емес.
Және өзінің бір ғажабы, бүгін бір ауылдың малын жарып кетсе, арасына бірер күн салып екінші бір алыстағы ауылды қан қақсатады. Бір құныққан жердің малына қадала бермейді. Із тастап, бір ай шамасында қайта соғады. Үстіп жүрген адамнан айлалы бөріні қайтіп аңдырсың, қай жерден күтерсің?
— Өзі қорқау қасқыр емес пе екен — дүрдиген түрі жаман: желкедегі қара қылының өзі аттың жалындай, алқымы ана-мына тайынша бұқаның алқымындай, кеудесі алқам-салқам, шапқандағы екпіні үй жыққандай — бұрын-соңды көрген бұл жақтың аңы емес, тегінде жолбарыс, не арыстанмен шатысы бар кәпірдің, итала қаздың інге салған оныншы жұмыртқасынан жаралған малға ауызданған дала құмайы болуы да ықтимал, — десіп, көрмегендер де көргендей жыр ғып, ертегіге айналдырды.
Малынан шашау шыққан талай байлар, қасқыр соғуға кәнігі аңшылар тісін қайрап, қаншама сайланса да бір бөріні ала алмай, осынау жалпақ елдің үстінде тайраңдатып қойды.
Жақында тағы бір суық хабар естілді. Шынында да бұл суық, әрі үрейлі жаманат еді.
Күн борасындау болса керек. Ыға бастаған табынды қайырып жүрген бір жылқышы буы бұрқырап жайрап жатқан семіз байталдың үстінен шығады. Жан-жағына қараса, анадай жерде селтиіп қарсы қарап тұрған жалғыз қасқырды көреді. Аттың басын солай қарай бұрып алып, қамшыны басады. Дәл жанына келгенше шімірікпеген арлан «ал көрейін, соңыма түсші» дегендей, айбат шеге бір қарап, жорта жөнеледі. Бой салып қашпайды да. Жылқышы құйғытқан бойы жете беріп, қарына ілген ұзын құрығын алып сілтей береді. Өзінің де киімі күржиген қалың болса керек, ебедейсіз байғұстың бөрінің мойнына қарай лақтырған құрығы жонына былқ еткенде қасқырдың да тісі сақ етіп, көз ілестірмей құрықты жұлып алады. Жылқышы атын бұрып қайта келгенше өзі қарсы қарап, көзінен от шашып қозғалмай жатады. Жылқышы да қасқыр соғып жырынды болмаған балаң жігіт болса керек, енді не істерін білмей, таралғыны ағытып, темір үзеңгіге қолды сала бергенде аттан қалай ұшып түскенін де аңғармайды. Тек көзі қанталаған бөрінің астында жатқанын бір-ақ көреді. Жан дәрмен бе, әлде бұрын аңшылардың айтқаны есінде ме — екі көзін көкжалдың көзінен алмайды. Айғайлайын десе, үні шықпайды. Құдайдың сақтауы ма, әйтеуір зілде қасқыр екі иығынан тырп еткізбей бар салмағымен басып тұрды да, бір мезетте бір-ақ атылып қас пен көздің арасында жоқ болады. Сол екі ортада тырағайлап шауып, басқа жылқышылар да жетіпті. Жас жігітті орнынан тұрғызып алса, тіл жоқ, тұла бойы қалтырап, есі шығып кеткен, екі көз ғана алақтайды. Содан төсек тартып ұзақ жатады. Жақында ғана тілі шығыпты. Тегі кекеш боп қалатын түрі бар деседі.
Бұрынғы бұрынғы ма, малды қойып, енді адамға да шаба бастаған қасқырдан жұрт шын сескенейін деді. Қайтсе де бұл бірішек кәпірдің көзін құртпай тыныштық болмайды. Қанша әккі, күшті дегенмен адамнан жеңілмейтін хайуан жоқ.
Осыдан былай ол Бірішек атанды.
Наурыздың орта кезі еді. Бұл айда жылдағыдай ұдайы түтейтін ақ боран болмағанмен, жиі-жиі қар жауып ашылып, желсіз тымық күн маужырап тұрады да, ойда жоқта жел көтеріліп алдап соғады. Ақпан-қаңтардағы ызғарлы боран емес, жабысқақ, жауа еритін жылы май боран. Осындай боранның бірінде Бірішек арлан жылқыға тиіп, буаз торы биені жер қаптырған. Ішін жарып жіберіп, ішек-қарынын ақтара тартқанда, биенің жатыры жыртылып, әлі түгі жетіле қоймаған, бүк түсіп тыныс алған шалажансар, қызылшақа, жылы құлыншақ тырбаң етіп бірге шықты. Қанша малдың қанын жүктеп жүріп, тап мынадай ғаламатты көрмеген Бірішек ыр етіп бас салды да, қауып-қауып асай бастады. Қызылшы бөріге қаны сорғалаған жас еттің бәрі дәмді, бірақ тап мынадай жұмсақ, тәтті етті көрген жоқ. Шайнамай жұта берді. Анда-санда «ғыр-ғыр» етіп құныққан үннің қай көмейінен шығып жатқанын ашқарақ көкжал аңғармады да. Құлыншақтың аппақ шеміршек тұяқтарына жеткенде барып, сала құлаш тілімен омырауына баттасқан, езуіне шашыраған қанды ұзақ жалап кетірді де, желдің өтіне қарап ырылдап, тырнауыштың тісіндей ырсиған азуларын ақситып, есінеді. Арандай аузына ұсақ қиыршық қар тигенде барып есіне түскендей жалма-жан ұлпа қардан асап-асап алды. Содан соң екі-үш рет аунады да, созыла керілді. Қалың көк ала қылшықты арқасына, жонына жабысқан сықпа қардың әр жері жентектеле ашылғанда, дүр етіп қатты сілкініп-сілкініп қалып, бабына келген Бірішек енді бұл арада аялдамай, сөлеңдеп жорта жөнелді.
Торы биенің иесі желінің құты боп саналатын қасиетті малын боран ашылған соң тауып, шашын жұлды. «Неге ғана жылы қорада ұстамадым екен» деп шөбі аз биылғыдай жылы қыс бойы ұстау қиын екенін біле тұрса да, бармағын шайнады. Кәрі биенің етін ауылға алып келіп, итке беруге де қимай жерге көміп еді, Бірішекті соғуға жұлынып шыққан аңшы қайтадан алдырып, бұрынғы орнына апарғызып тастады. «Неше жерден ақылды қасқыр болса да, бөрі бөрілігін жасамай қоймайды, қайткен күнде ол өлімтік жатқан жерге екі, не үш күннен соң қайырылып соғады, басқа аң жеп кетсе амал жоқ», — деген.
Аңшының айтқаны келді. Үшінші тәулікте, түні бойы Бірішек ұзақ жортып өлімтікке оралды. Қасында қаншығы бар. Салаңдап соңынан еріп келеді. Арланның қасында қаншық сияқты емес, әлі үйіне жетпеген бөлтіріктей. Жылқылы елдің сөзімен айтқанда, Бірішек қазір құлынын ерткен бие сияқты.
Таң жаңа сарғайып ата бастаған. Дала әлі ұйқыда. Түн ортасына дейін қыламықтап жауған қар ескі шымыр қардың үстін жұқа ақ мамық көрпемен бүркеген. Екі бөрі ақша қарға жаңа айқын мөр басып, өлімтіктің қасына сықырлата кеп тоқтағанда жапан түз тым-тырыс үңірейе қалды. Үстін ұлпа басқан теңкиген қоңыр өлімтікті көргенде, сілекейі шұбырып ұмтылған қаншық арланның кәрлі қиыс көзінен қаймығып, жұтынып, қипақтай берді. Өлімтіктің жатысынан секем алған әккі Бірішек маңайда аңдушы жоқ па деп, тоғай жаққа ұзақ қалшиып сезіктене қарап тұрады да, мүмкін өлтіретін бірдеме сепкен шығар дегендей тұмсығын жақындатпай жиі тартып алып, өлімтікті алыстан иіскелейді. Торы биені екі-үш рет айналып шыққан Бірішектің өзі одан әрі шыдай алмады. Екі күндей жапан түзде, терең сай ішіндегі тау-тау биік үрдісін қардың арасында ұйығып, қатты ойнақ салып қарындары қабысқан аш бөрілер бір кезде лап беріп кірісіп кетті. Үш күн далада жатып қатқан өлімтіктің үстіне шығып, табандарымен басып, торы биенің қабырғаларын шірей тартып айыра бастады…
Бірішек пен молақ қаншықтың бір-бірімен табысқанына биыл үшінші қыс. Ең алғаш екеуі осы арадан үш-төрт жүз шақырымдай жерде жырақ жатқан Теке көлінің маңында кездескен.
Қаншық үйіне жетіп, толысып, жаңа ғана беймаза бір күйге еніп, әлденеден мазасыздана бастаған еді. Тұла бойы ұйып, жиі-жиі есіней берген қаншықтың соңынан бір күні топ қасқыр түсіп, ұзақ күнге қалмай қойды. Бәрі де өзінің ұяластары. Қаншық сәл бөгеле қалса, қасқырлардың әрқайсысы жанамалай беріп бір иіскеп кетеді. Алғашқыда әлденеден қыдығы келген қаншық жақтырмай арс етіп, қайсы бірін қауып тастап жүрді. Сүйтсе де олардың ешқайсысы ашу шақырып, қаншықты зәбірлеп көрген емес. Тек бір-біріне айбат шегіп, ырылдап, кейде өзара таласып қалады. Бірақ талас ұзаққа бармайды, орнынан жылжи берген қаншықтың соңынан тағы да жұбын жазбай еріп, сөлең-сөлең жорта береді. Үстіп жүріп арландардың әрекетіне қаншықтың да еті үйрене бастады. Бұрынғыдай емес, енді алды-артынан ойқастап, жанасып, аузынан, жонынан жалаған бөрілерге айбат шекпей, үнсіз тұрып қалады. Әйтсе де тым бойы үйрене келе, кейбір ұяластары еркінсіп асыла бастағанда, қаншық жақтырмай тағы да ілгері оза береді. Ұяластардың осы бір әрекеті күшік кездеріндегі асыр салып асылып ойнағандарына ұқсамайды. Бұрын ойнап жүріп, жанына аса батырмай қауып алып, қаңсылатып та қоятын. Ондайда күшік мұңын шағып, енесінің бауырына тығылып, ұзақ қыңсылап жататын да, артынша-ақ ұмытып кететін. Қазіргі күйі одан бөлек. Ұяластардың ойыны да бөлек. Олардың көздері қызыл шоқтанып айбат шекпейді, әлденеге мүләйімсігендей жасаурап, бірдеме дәметкендей болады. Алды-артын орағытып еркелетіп, орталарына алып, жортса, алдына шықпай, тек соңынан ерген ұяластардың ішінде өзінің беделінің артқанын аңғарды. Бір енеден шыққан ұялас күшік қана емес, енді өзінің ұрғашы — қаншық екенін сезді.
Қаншама әуре-сарсаңға салып, екі-үш күн ұдайы жортып, бір топ қасқырды соңынан салпаңдатып қойған қаншықтың қарны қабысып аштық біліне бастады. Қызылшыл аңның есіне ет түскенде ашығып, тамақ іздегендей болса да, ештемеге зауқы соқпайтындай, аузын арандай ашып есіней береді. Күннен-күнге іші өртеніп, әлдебір қызыл жалынның өткір ұшы тұла бойын жалап барады. Сілекейі сор татып, шөліркеген қаншық енді бір кезде беті мұздақ қабыршық қарды жалап-жалап алады да, аузын сақ еткізіп қиыршық қарды өршелене асап-асап жібереді. Іштегі жалын одан сайын күйдіре түсіргенде шиыршық атып, өз құйрығын өзі тістеп шыр көбелек айналады.
Не істерін білмей аласұрған қаншық үшінші тәулікте тұмсығымен қарды тесіп, қорылдата біраз тартып, иіскелеп тұрды да, жан ұшырып, алдыңғы екі аяғымен бұрқыратып қаза бастады. Артын борандатып жіберген қаншық қар астындағы өлі шөбіне жеткенде барып дамылдап, дымқыл жерді ұзақ иіскеп, әлденені енді өзі шын дәметіп, іздеп, исініп, сұлық тұрып қалды. Осы сәтті күткен ұяластардың бірі бөксе жағынан келіп асыла бергенде тұла бойы дір етіп тітіркенген қаншық басын көтеріп алып, бұлтың етті. Жонынан сырғып түскен ұялас қайта ұмтылып асылғанда қаншықтың манаурап, буалдырланған көзіне оң қапталдан құйғытып келе жатқан арлан түсті. Зу етіп жеткен көк шулан жат арлан әлгі ұяласты кеудесімен қағып жібергенде әлсіз жас қасқыр екі-үш домалап барып, аяғынан зорға тұрды. Бұл келген Бірішек еді.
Ойда жоқ жерде тап болған омыраулы, биік көкжалға басқа ұяластар ұмтыла бере қаймығып, тосылып қалды. Сіңірлі аяқтары бала қайындай сом, белі бүкіш, мойны жуан, алқымды — бар бітімі ерекше Бірішек әй-түйге қарамай қаншыққа асыла түсіп еді, төтеден келіп өңмендеген бөтен бөріні жатсынған нәзік аш қасқыр бұратылып, танауын тыржитып, қайырыла берді. Арлан ұяластардай емес, аса қайырымсыз екен, арс етіп желке тұсынан азуды салды да, сілкіп — сілкіп қалды. Tic тиген жер тыз еткенде тұла бойы шымырлап қарауытқан қаншық әлуетті күшке мойын сұғып, тілерсегі дірілдеп, буын-буыны қалтырап, жонын бұра бергенше ойран-топан болды да кетті. Әлгінде зәбір көрген ең ашулы, қайратты ұяластың бірі Бірішектің алқымына қарай атылып еді, қалғандары да тарпа бас салды. Арылдап, ырылдап алысқан бөрілер ұмар-жұмар боп, қар құйындатып, борандатып жіберді. Қайсысы қайсысын талап жатқаны белгісіз, шаң-шұң. Екі-үшеуі қыңсылап, сытылып шыға берді. Бірішек ә дегенде-ақ екі-үшеуін домалатып түсіріп еді, қатты айқасқа әлі тәжірибесіз болса да, жонына, сауырына кірш-кірш қадалған жас бөрілердің тістері етін удай ашытып, шын ашуға мінді. Алғашқы ұялас қос аяқтап тік қарғығанда Бірішек арандай аузымен алқымнан асай алды да қираң еткізді. Екі-үш рет толғап, мытып-мытып жібергенде тынысы тарылған ұяластың шошаңдаған құйрығы да жығыла берді. Жағы қарыспай тұрып аузын тез босатқан Бірішек желкесіне жабысқан тағы бірін оқыс сілкіп қалып, жұқа шап етін алмастай азуымен жарып жіберді. Өзі оның үстінен тез қарғып, сытылып шығып, қайта бұрылды. Шалқасынан үйелеп, әлі құрып жатқан ұяласқа қайтадан міне түсіп, түгін қалдырмай паршалап талады, талаған сайын құнығып, арылдап, жемтік жегендей өлерменденіп, кесек-кесек етін жұла берді. Қызыл ала қанға бөккен жас арланды көргенде жас бөрілер де тағылығын жасамай тұра алмады. Бәрінің көзі қанталап, бас салып, өз ұяластарының денесін парша — парша етіп, бөліп-бөліп әкетті.
Анадайдан мағынасыз қараған қаншық не істерін білмей, біраз уақыт есеңгірегендей мәңгіріп тұрған. Аздан соң өз бетімен мақсатсыз жортып, көз ұшындағы жотаға қарай кете барған. Осы кезде ғана қаншықты аңғарған Бірішек маңындағы бөрілерді тастап, соңынан құйындай ұшты. Қаншықта зәре жоқ. Көзі жасаурап, жалтақ-жұлтақ етеді. Бірішек зор тұлғасымен күдірейіп, алдын кес-кестеп тұра қалғанда құйрығын шабына тығып, шоңқиып отыра кетті. Бірішек екі-үш рет айналып келіп шабынан иіскегенде әр түгіне дейін қалтыраған қаншық мүләйімсіп, басын созды.
Бірішектің құйрығының дәл жуан тұсын шайнап тастаған, бір тал шеміршекке ілініп, салбырап, үзілейін деп тұр. Бүкіл денесінде тіс тимеген жер қалмапты. Қаншық енді осы жараларды қалай жалай бастағанын өзі де аңғармай қалды. Әлден уақытта ұмтыла беріп Бірішекке бата алмай артта қалған ұяластарын біржола тастап, әлуетті, айбынды арланның қасына ілесіп, шоқырақтап келе жатқанын бір-ақ сезді. Сол түні жапан түзде екеуі алғаш рет ұйықты да…
Содан бері Бірішек пен қаншық жұбын жазған жоқ. Үлкен таласқа түсіп қатты жараланып, күшпен тартып әкеткен жас қаншық аса ыстық. Әйтсе де тым асыр сап ойнап, еркелетіп, бойын үйретпейді, үнемі суық, салқын. Қатал арлан өне бойын жаралап, туғалы алғаш рет талаған дала бөрілеріне де кәрлі. Олармен үйір қосып бірге жүрген емес.
Бір тал шеміршекке ілінген құйрығы тілерсегін соғып бөгет болып, оның үстіне қара қотырланып жазыла бастағанда қатты қышып, мазасын алған. Бір ашулы күні қайранға шыққан шабақтай қайырыла беріп, оқыс қауып алған да, үзіліп түскен өз құйрығын өзі шайнап-шайнап тастаған. Содан бері бір тұтам ғана құйрықпен қалды. Көктем шыға Жамансорға асқан Бірішек тұзды суды екі-үш рет жалдап өткенде денесіндегі жаралары да сорығып, қабыршақтанған қотыр түлеген жүнмен бірге түсіп, орны қылшықтанып, тез жетіліп кетті.
Содан былай екі жыл қатарымен қаншығын қасына ертіп, бейғам елдің малын қыра берді. Тау-тасы аз тоғайсыз жалаңаш адырлы жалпақ түзде ойларына келгенін істеді. Жылпос қаншықта арланның қасында ысылып, малдың қай жағынан шығып аңдуға, қуғыншы болса қалай қашып құтылудың амалына төселіп, әбден тәсілденіп алды.
Қанша дегенмен, «көп жүрген жылан да аяғын көрсетеді», кейінгі кезде қос бөрінің соңына түсіп, ізін аңдушылар да көбейіп кетті. Алғашқы күшіктері жаңа ауыздана бастағанда шетінен сетінетіп, бірер айдың ішінде түгел соғып, көзін құртты. Келесі жылы шүпірлеген сегіз күшік те құтаймады. Бауырларын көтеріп, жарғақ құлақтары жаңа қатая бастағанда үш-төрт аңшы келіп, түтін салып, шашалып-қақалып аспаннан шұбыра шыққан бөлтіріктердің тілерсегін қиып, қапқа салып әкеткен.
Екі аяқты адам баласына әбден өшігіп, ауыл түбіндегі малдарына дейін жарып кетіп жүрген қос бөрі бір күні шын бақытсыздыққа тап болды. Бұлар қалың шіліктің арасымен жайбарақат келе жатыр еді. Қаншық ит жон оппа қардың үстінде өліп жатқан қоянды көрді. Әшейінде арланнан бұрын қимылдамайтын жасқаншақ қаншық түлен түртіп қоянға ұмтылды. Бара аузын сала берем дегенше ақсақ ойылған қар астынан әлдебір суық нәрсе оң аяғын сақ еткізіп қауып алды. Зәресі ұшқан қаншық аузындағы жемін тастай беріп, қан кетіп көкке қарғығанда салдыр-гүлдір етіп күртік астында жасырынған темір қақпан бірге шықты. Жанталасып бұлқынып, қайраңға шыққан балықша бүктетіліп аласұрған қасқырды шынжырлы азу жіберер емес. Қысқан үстіне қысып, тартқан сайын қайырымсыз болат тісін батыра түседі. Жігіттің жігіті ғана табанымен басып тұрып зорға ашатын сом шаппа сүйегіне дейін жеткенде қаншық бар бар даусымен қаңсылап жіберді. Жапанды жаңғыртқан ащы дауыс арланның жынына тиді. Жан-жағына алақтап ашуланған Бірішектің зәрлі көзі шегірейіп, жалы тікірейе берді де, өзі аяғынан ілініп, ғарып болған қасқырды бас салып домалатып, талап тастады. Өз кінәсін мойындағандай қыбыр етпей жатып, жалбарынышты үнмен болар-болмас қыңсылаған ұрғашысын тастап кетуге қимаған ашулы арлан олай-бұлай шауып келді де, бір кезде қақпандағы аяққа салды ауызды. Аяусыз шайнап-шайнап тастады. Әлден уақытта оң аяғы жеп-жеңіл боп шыға келген қаншық шоқаң-шоқаң етіп қиралаңдай жөнелді. Ақ қардың үстінде дірдектеп аққан қан жосылып келеді. Шіліктің қалың жеріне жетіп құлаған қаншық шолақ аяғын ұзақ жалап, аянышты үнмен тұншыға қыңсылай берді…
Содан былай қаншық шолақ боп қалды.
Үш аяқпен шоқырақтаған ол Бірішекке енді серіктікке жарамай масыл бола бастады. Екі рет аңшылардың қолына түсіп қала жаздаған қос бөрі ақыры бұл жақтағы адамдардан зәрезап боп, тауы шағылып, күздің қара суық, қатқақ кезінде, өліараның қараңғы қарлы-жауынды түні ұзақ жолға шығып, жер ауған.
Бірнеше күн нәр сызбай, күндіз жатып, түнде жортқан қасқырлар ақыры Сырымбет, Имантау, Айыртау, Сандықтау, Зеренді, Бұқпантау, Жыланды жерін жайлаған ағашты, тау-тасты елге жетіп паналады. Бұл өңірде де мыңғырған мал, бұл жақта да еркін жайылған жылқы, анда-санда жеке шыққан саяқтарын жеп кетсе аса іздеп, аттан салмайтын марғау жұрт, кең халық. Бірақ адамға өшігіп, кектеніп алған ашқарақ бөрі ондай сыпайылықты қайтсін. Бейғам елдің малына келе ауызды салды. Салған сайын құныға түсті. Аз күнде тиген жерін алатайдай бүлдірді.
Қалың ағаш арасындағы неше жылғы шөбі шіріген ескі шөмелені қуыстап, екеуі үйшік еткен. Бірішек күнде бір жердей мал жеп қайтады да, артынан қаншығын ертіп, өлімтікке сілейте тойдырып алып қайтады. Қауіпті кезде ертуге запыс болған…
Міне, қазір де сол әдетімен бұдан екі-үш күн бұрын жығып кеткен малдың үстіне қос бөрі өлермендене түскен.
Бір кезде етке тойып езуін жалай бастаған Бірішек басын оқыс көтеріп алды. Екі құлағы тікірейіп, кеудесін кере ұмтылып, көзі шегірейіп, әлденені тесіп жіберердей алысқа қадалып тұр. Қаншық та қалшиып, қыраулы кірпігін жиі қағып, арланына бір, алға бір қарайды. Бірішектің құлағына маңқ етіп үрген ит үні шалынды. Жер астынан талықсып шыққандай әлсіз. Бірішек таза ауаға тұмсығын төсеп біраз тұрды да, алыстан жеткен жат иісті сезді. Таңғы ауада дабырлап сөйлеген адам үні де құлағының түбінде дүңгірлегендей болды. Танауы жыбырлап тыржия бастаған Бірішек алдыңғы аяғымен қарды тырмалап, ызалы қыңсылады да, өлімтікті бір айналып, бағанағы келген жағына қарай жорта жөнелді. Қауіп атаулыны арланының әр қимылынан, көзінің жанарынан ұғатын молақ қаншық зып етіп алға түсіп, шоқырақтай жөнелді.
Алғашқыда үздік-создық бірінен-бірі озып отырған екі қасқыр бір қыр асқан соң, бір топ қурай түбіне сарыды да, оңға қарай күрт бұрылып, бірақ көсіле шапты. Алқымына қар кептелген, іші күртік ағаш арасына кірмей, алаңқаймен келеді. Арлан алдында.
Бұл кезде күн де көтерілді. Аппақ қардың бетіндегі сан мыңдаған ұсақ жұлдызшалар жалт-жұлт етіп, неше құбылып, көзді аштырмайды. Ерегіскендей күнде тынымсыз соғатын жел де жоқ. Шапқанда сыза түсіп отырған тырнақ ізіне дейін сайрап жатыр. Қос қасқыр қалың ағаштың тасасымен өте бергенде тоғайдан шыға, үркіп кері қайтқан қоян ізін, бір-екі жерде шоқырақтап секіріп, ұшып кеткен сауысқан ізін көрді. Таң сәріден тұрып ін-іннің арасында жортатын ақ тышқанның қыбырлаған ұсақ ізі де жатыр. Әншейінде тарбиып жататын қасқыр ізі, жосылып жататын елік іздері жоқ.
Екі-үш қыр асқан соң қос бөрі бейғам күйге ауысып, әдеттегі жайбарақат жортысқа түсті. Қарны тоқ молақ қаншық сөлең-сөлең бүлкілдеген Бірішекке еркелеп бір-екі рет асылып, ойнағысы да келді. Ондай кезде күдіс арлан күжірейіп тоқтай қалып, көзінің астымен жақтырмай қарайды да, мойнынан сырғып түскен қаншығын кеудесімен қағамаға алға озады. «Асықпа, алысатын уақыт алда, әуелі мекенімізге жетіп алайық» дегендей тағы жортады.
Бұл кезде екі итерткен, өңкей қаншырдай қатқан жарау ат мінген бес аңшы өлімтіктің қасына жеткен. Өлімтікті жартысына дейін жеп, қалғанының да әр жерін қажалап, маңайдағы қарды опыр-топыр шиырлап кеткен қос қасқыр ізі келген ізімен қайта шұбатылып, сайрап жатыр. Келгендегі іздерінің арасы жақын, қайтқан іздерінің арасы алшақ.
Аңшылар көп аялдаған жоқ, сүйреткен сойылдары қар сызып, жеңіл шоқырақпен аң соңынан салдырта жөнелді. Қасқыр алып әбден үйренген иттер жылмың қағып, жиі-жиі жер иіскеп, оқтай атылып аттылардың алдына шығады.
Суыт жүрген аңшылар күн тұсау бойы көтерілген кезде көз ұшында кетіп бара жатқан екі қарайғанды көрген. Олар да сезіп қалса керек: шоқ ағаштың тасасына түсіп, ғайып болды.
Бірішек құлағын тікірейтіп артқа бір қараған да, көсіле тартқан. Бұл белгіні білетін молақ қасқыр алдына түсіп алып зымырай жөнелді. Үш аяққа әбден төселіп алған. Жарымжан аяғын көтеріп ап зытқанда кез келген қуғыншыға қапелімде жеткізе қояр түрі жоқ.
Бірішек енді адымын қысқартып, жеңіл шоқырақтап аялдай берді. Мұнысы қаншығы мүгедек болғалы істеп жүрген әдісі. Молақ көз көрім жерге ұзап, қуғыншылар жақындап қалғанда арлан жалт беріп, бір бүйірге қиыс тартты. Талай рет осы айламен аңшыларды алдап, соңына түсіріп, қаншығын құтқарып қалған.
Жоқ, бұл жолы олай болмады. Біраз жерге ұзап барып, артына бір қайырылып еді, аттылар тура қаншығы екеуі айырылысқан тұсқа жұптарын жазбай жеткен екен. Тізгіндерін тартып кідірді де, көлденеңдей бұрылған кері аттың үстіндегі біреу қолын сілтеп, қасындағыларға бірдеме дегендей болды. Содан соң-ақ аңшылардың үшеуі молақтың соңына түсіп, екі ит ерткен екеуі осылай қарай құйғытты. Бірішек өзіне сенімді. Онша қауіп ойламайды. Бірақ қаншығының күні не болады. Қуғыншылар да, жобасына қарағанда, жолай кездесіп қызық қуған жүргіншілер емес, әдейі сайланып шыққан аңшылар сияқты. Көп сұрқылтайды көрген көзі жіті, тәжірибелі арлан аттардың түр-түсіне дейін, үстіндегі адамдарының киім киісі, сүйреткен сойылдарына дейін анық көрді. Әсіресе туа қастасқан қас жауы иттердің түс тұлғасын анық байқады. Бірі тұрқы ұзын күдірейген сары ала ит те, екіншісі мүше бітімі жинақы қара қасқа ит. Екеуі де ауыл ішінде мықтымсып көп үретін барқылдақтардай немесе қасқырға айтақтаса-ақ көрсін-көрмесін арсылдап, далақтап жарыса шабатын майбасар төбеттердей емес, иелеріне қарап, солардың сыңайын аңдып, бұйрығын күтетін есті, алғыр иттер тәрізді. Бірақ олардан да онша жүрегі шайлығып, ыға қоятын арлан жоқ.
Бірішек тағы да бағытын өзгертіп, қайтадан қаншық кеткен жаққа қабырғалай салды. Не де болса оның ізінен адастырып, бар аңшыны өзіне бұрып алмақ.
Көз ұялтатын шағырмақ қардың бетіне түскен ұлылы-кішілі аңдардың ізі көбейіп қалыпты. Түнгі ұйқыдан соңғы жауған қардан кейінгі күндегі тіршілік.
Ойқастай шауып біраз лекітіп-лекітіп алған Бірішек аз уақытта қаншығының қарасын көрді. Алғашқы шабысынан болжырап қалған екен. Бағана түлкідей құлдырап жөнелгенде аяғының ақсақтығы сезілмегендей еді. Енді қанша жан ұшырып баққанымен басы қалтаңдап, артына әлсін-әлсін жалтақтап, шоқырақтап барады. Екі-үш жыл серік болған молаққа арланның жаны ашыды. Бірақ енді көмек етер дәрмен жоқ. Қиқуды салып қуған үш атты жан-жағынан қаумалап, жақындап қалған. Бір амалын тауып, жалтарып ағашқа еніп, жол тауып кетпесе, төнген ажалдан енді құтылуы неғайбыл.
Үстіп келе жатқанда Бірішек өз соңынан дүрсілдеген ат тұяғын сезді. Мойнын бір бұрып қалып еді, қазір соғып алатындай қолындағы сойылын оңтайланып, әудем жерде ұшыртып, таяп қалған күрең қасқа аттыны байқады. Кер атты соңында — алысырақ келеді. Түстері сұсты. Екі ит те тым айбарлы.
Денесі сәл қызынып, буын-буыны жазылып, бабына келген Бірішек енді бұдан әрі жақындатудың қауіпті екенін сезіп, көсіле тартты. Ә дегенде-ақ қанатты құстай ұшқан арлан қуғыншыдан сытыла жөнелген. Енді артына бұрылған жоқ.
Бауыры қарға тиер-тимес боп, күзендей бүктетіліп шапқан бөрі өзінің күшін бір байқайын дегендей, түс ауғанша тоқтамады. Шапқан сайын қарқыны үдеп, екі құлағының түбінен жел гу-гу етеді.
Көкше жерінде ит мұрыны өтпейтін қалың қарағайлы, шақпақ тасты кішігірім әсем таулар қанша көп болса, айдын көлдер, жайылма, қара сулар, шалшық, томарлар да қисапсыз. Қары қалың, жауыны мол жылдары ойдым-ойдым шіліктің маңы да суға толып, кейде күзге дейін тартылмайды. Көрден су көп сияқты көрінеді. Бірішек қазір көгілдір мұзды айдын көлдерден, шоқ-шоқ қызылдан, үстінен қалың қар жүрген сай-жыра, қара сулардың талайынан айналып өтіп, ирелеңдей берді. Қаншығынан айрылып жалғыз қалғандай ес сезініп, бар өшін жер танабынан алатындай қуырып келеді. Не де болса бұл маңнан ұзағырақ барып, ұрғашысының қайғысын алыстағы бір ауылдардың малымен өтемек.
Ойдым-ойдым өскен шоқ қайыңдардың ара-арасымен құйындай ұшып, шұнақ көкжал кең жазыққа шықты. Алыста Сырымбет тауы бұлдырайды. Дәл төбесіне дейін сыңсыған қарағайлы көгілдір таудың бауырында арлан талай рет болған. Қысы-жазы тынбай тас арасынан бүлкілдеп ағып жататын ақ бұлақтың кәусар суын талай малшылаған. Оң қапталындағы қалың қамысты көлдің ығындағы қолдың саласындай ақ балтыр қайыңның арасы жыпырлаған қоян. Арлан анда-санда қоян да аулап, талайының таңын айырып, қан-жоса қылған. Әсіресе көжектері қандай тәтті. Бас сүйектерімен қоса бытырлата жегенде дәмі ауыздан кетпейді. Көмей суырады. Осыны ойлағанда Бірішектің езуінен сілекейі шұбырды. Таң ата жеген өлімтіктің тоқтығы тарап, енді қарны шұрқырағандай болды.
Түс ауа арлан Сырымбеттің бергі сілеміне ілікті. Тау да алыс емес. Енді асықпаса да болады. Жау қарасын үзгені қашан. Оның үстіне өрге қарай көтерілгенде, жол ауырлап, ықтасынға түскен күртік қардың кей тұсы ақсақ ойылып, Бірішектің құлағының түбі жіпсігендей болды.
Қалың тоғайдың шетінде өскен жалғыз қайыңның түбіне омбылап барып, бір айналып аяғын көтере берген арлан көзі шатынап тұрып қалды. Шын ба, өтірік пе? Қалың қырау басқан сирек кірпігін қайта-қайта қағып, келген жағына үрке қарады; басын қалың ұлпа қар көмген меңіреу тоғайдың бауырынан қылт еткен бағанағы кер аттылы аңшы ұшыртып келеді. Қасында сары ала иті де бар. Бірішек шала сарып, бұтына ағызып-тамыза жөнелді, тумысында зәресі ұшып қатты үрейленгені. Осынша ұзақ шауып, қара үзіп кеткенде соңынан бір елі қалмаған қуғыншыны кездестіргені осы.
Арлан жан дәрменде қайта қарқындап, тоғайдың тасасына айнала тартты. Бұл жолы құлағының қалай жымиып кеткенін де аңғармады. Аңшының сұсы жаман. Осынша жерге қажымай жеткен ат пен иттің тұқымы басқа болар. Сасқалақтап қалған қасқыр тоғайдың дәл түбінен өте бере, бір қырындай келіп, оң жағына ышқына қарғыды. Сирек өскен екі-үш түп ағаштың бауырындағы күртікке түскен бөрі тағы қарғып барып, екінші тасаға түсіп, құйындай ұшты.
Бұл — ізінен жаңылдырардағы қасқыр әдісі. Із қуып аңқылдатып жеткен аңшы, әдетте, аттың басын күрт тоқтата алмай, екпінімен өте шығады. Қайта бұрып келгенше, не іздің өзін жоғалтады, не үзілген іздің ұшығын таба алмай лағып кетеді. Ең болмағанда, қашан тапқанша, сол арада айналшықтап, ұзақ күйбіжіктеп, бөгеліп қалады.
Бірақ Бірішектің бұл әдісі де сәтсіз болды. Жалт бұрылып бағытын өзгерткен Бірішек енді ойға қарай тоңқаңдай шапқанда, артында ажал елесіндей боп қалмаған кер аттыны тағы көрді.
Бұл жолы Бірішек аянған жоқ. Қайтсе де құтылудың қамын ойлап бар күшін салды. Ғұмыры бұлай зымырап көрген жоқ шығар. Еңкейе бастаған қысқы қызыл күнге қарай қар боратып құйындай ұшты. Ұзақ шапты.
Жоқ, бәрібір кер атты қалар емес. Қайта бұрынғыдан аралары жақындап, тақымдай бастады. Сары ала ит қана артта ұзаңқырап қалды.
Өнe бойы түгел бусанған Бірішек енді бір кезде терлей бастағанын сезді. Ана жылы көп бөрінің ортасынан шыққанда осылай бір малшынып еді. Жараларын жалап отырып, аузына келген кермек ащы дәмнен тұшырқанып, қайта-қайта қар асап шөлін басқан. Енді бір кезде тура сол ащы дәм тіліне тигендей болды: тұла бойынан аққан тер көзінің түбінен де саулай бастаған екен.
Әлден уақытта таңдайы кеберсіп, өз тілі өз аузына симады. Аузын арандай ашқанда сала құлаш тілі жантәсілім берердегі сиырдың тіліндей салбаң етті. Бірішек енді сәл жүгірсе қызылмай боп алқынып қалатын ауылдың сабалақ иттеріндей қайтып тілін жинай алмады. Ол ол ма, аздан соң жүрегі дүрс-дүрс соғып, басы айнала бастағандай болды.
Ат тұяғының дүрсілі күшейіп, жақындап қалған сияқты. Аңшы мен екі арасы уақыт өткен сайын қысқарып, тарылып келеді. «Осынша ұзақ шабысқа қажымайтын мұндай да дүлдүл мал болады екен-ау. Қандай ұшқыр аттардың өзі бас салып қуғанда құйрық тістесіп келсе де, біраздан соң шаңын көре алмай шатқаяқтап қалушы еді. Ал мына албасты шапқан сайын үдей бере ме, қалай…». Бірішектің көзі алайып оң жағына үрейлене қарады. Кер ат басына бой бермей ала-ала қашып, қапталдап келіп қапты. Тіпті озып барады.
Жоқ, Бірішектің өзі екен ойыса бастаған. Басы-көзін тер жуған арлан енді өзінің шауып келе жатқанын, немесе биік жарға шыға алмай тырбаңдап, өрмелеп келе жатқанын түсінбеді. Жүрісі өңдімей қойды. Тілерсегінің сіңірі тартқандай адымы тарылып, буын-буынынан әл кетіп, талықси берді.
Көкжиекке жақындаған қып-қызыл күн біресе оң жағынан, біресе сол жағынан шыққандай боп, көзі бұлдыраған Бірішек енді бір кезде тілі салақтап шоқырақтаған сары ала итке тұра салып келе жатқанын көрді. Сонда ғана өзінің қашаған малдай бұлтыңдап, кер аттылының айдағанына көніп, бір арада шыр көбелек айналып жүрген мүшкіл халіне көзі жетті. Қатты қысылып шын ышқынған арлан жан дәрменде жалт бұрылып, ақтық күшін салып, жақын арадағы тоғайға төтелей тартты. Кер атты ағып өтіп, басын қайта бұрғанша қалың омбы қарлы қызылдың ішіне қалай қойып кеткенін де аңғармай қалды.
Жал-жал күртікті кеудесімен сүзіп, бір-екі қарғып, шоқаңдап, омбылап, ағаш ортасындағы алаңға әлсіреп шыққан Бірішек қуғыншы жаққа қарсы қарап жатып алды. Ендігі жаулықты қайтсе де осы арада күтіп алмақ. Бұдан әрмен қашуға мұрша жоқ. Екі өкпесін соғып, тілі салақтап, ентігіп жатыр.
Ұзақ шауып, еті қызып, еліріп алған кер ат есік пен қарлы қылтадан өтпей үркіп, ауыздығымен алысып шыр көбелек айналады. Қасқыр жаңа аңғарды. Қысқы жүні қалыңдаған кер құла жас мал. Мұндай жылқының жұмсақ етін талай жеген арлан оның жас мал екенін бірден айырды. Екінші ата жауы — сары ала ит. Ол кер аттай емес, алқынып, шаршаған. Қазіргі өзінің халі секілді. Төрт аяғы төрт жаққа кетіп, қолбаңдап жаңа жетті. Ат үстіндегі иесі ағаш ішін сілтеп, «ал, Басарала, ал?» деп даусы саңқ еткенде, ол да қалың қардан шоқырақтап, малтығып өтіп, тайсалмай тұра ұмтылды.
Аз да болса тыным алған арлан сәл сейіліп, сергіп қалған сияқты. Бойына қуат біткендей серпіліп, гүр етіп түрегелді. Күн шыққаннан бергі қасқырдың қарасынан көз жазбай қуып, мүлдем өшігіп, зығыры қайнаған алпауыт сары ала иттің екі көзі от шашып қанталап кеткен. Сырт түріне қарағанда әлді төбеттерге де, қарны қабысқан биік тазыға да ұқсайды. Омырауы алқам-салқам, күдірейген жуан мойын, арт жағы шөмиіңкіреген, белі күдіс, аузы жырта қарыс ит алдында кесе-көлденең жолбарыс тұрса да қаймығып, іркілетін түрі жоқ. Бұрын тап мұндай өлермен итпен ұшырасып көрмеген Бірішек бір қырындап ығысып, орнынан жылыса бергенін өзі де сезбей қалды. Мысы басқан ит алдында тайқақсып жасықтық жасап алғанына ызаланған арлан лезде бойын жинап, атылайын деп келе жатқан азулы ажалға қарсы бұрылды. Бұлшық еттері жиырылып, жалы тікірейіп шиыршық атқан Бірішек сәл бүгіле беріп, үстіне төніп қалған алпауытқа қарсы қарғыды. Екеуінің әдісі де бірдей екен. Кез келген жауын бір қаққанда жұлындай ұшыратын темірдей қос кеуде бар екпінімен кеп серіппедей соғылғанда, екеуі де шалқалақтап барып қайта түзелді. Ар-ар еткен ызалы үн шығарған қос дұшпан енді алдыңғы аяқтарымен тік шапшып бірін-бірі кеудеден, алқымнан тіреп, қосаяқтап тұрып қалды. Ауыздарын арандай ашып ұмтылғанмен бастары жетпейді. Іштен шыққан ыстық лептері ғана беттерін шарпыды. Екеуінің де сояу-сояу ырсиған аппақ азулары бірдей. Сәл мүлт жіберсе, алмастай өткір азу кәдік. Тиген жерін орып түседі. Осыны аңғарған екеуі де садақтың оғындай өткір, зәрлі көздерін бірінен-бірі алмайды. Біреуі сәл жасықтық жасап, көзін бұрса, екіншісі қағып тастамақ. Бірішек те, Басарала да тегін жаумен кездеспегендерін ә дегеннен-ақ ұқты. Саусақтары салалы, сіңірлі аяқтары да бірдей. Оңай берісетін дұшпандар емес. Екеуінің де бүгін түгі қалмай талануы хақ. Бірақ біреуі өлуі керек. Ажалсыз айырылысуға жол жоқ. Бұл — екі сырттанның арасындағы бітіспейтін жаулық заңы.
Бір-бірінің қапысын аңдыған қос арлан бірдей қимылдады. Алдыңғы аяқтарымен көз ілестірмей қаққанда екеуі екі жаққа ұшып, қайта атылды. Бұл жолы ұмар-жұмар боп ұзақ алысып кеткен Басараланың тамағына ұмтылған Бірішектің аузы қара езуге ілікті. Бірақ терең қамти алмады. Қалың шеміршекті шайнап, қасқырды тұқырта беріп еді, жыланша бүктетіліп шиыршық атқан Бірішек жауырынмен қағып, ұшырып жіберді. Омақаса барып тұра берген Басараланың үстіне сасық күзенше атылып жабысқан бөрінің азуы желкеге тиді. Бұл жолы қапсыра тістеді. Бір аяғын иттің үстіне артқан Бірішек жерден мықты тиянақ таппай, дұшпанның кең қолтығына әлгі аяғын тығып жіберіп адамша шалып алды. Басарала үстіне қонжиған қасқырдың шабына қарай мойын созып еді, желкеден сығып толғаған азу босатар емес. Батып барады. Басарала жерге жабыса бере көкжалды үстінен асыра лақтырды. Бір айналып барып дік етіп, қайта бұрыла берген бөрінің шабынан алып, тағы да көтеріп тастады.
Ағаш арасындағы қардың беті шыңылтыр да, асты күпсек. Кесек-кесек қар томырылып, әлгіндей болмай опыр-топыры шықты. Кей тұсы қара жеріне дейін көрініп, жұлынған жүн, аққан қанмен мидай араласып қара-қошқыл түске айналған.
Кер дөненнің ақылды, үлкен көзі бадырайып, үрейленіп, шылбырын үзердей жұлқынып, үрке берген соң, аңшы оны алыстау апарып байлаған да, ағаш арасында тұрып, қан майданды бақылаған. Басында иті жеңіп бара жатса, «иә, сәт!» деп ұмтыла түсіп, қасқырдың азуы тисе үрейленіп, Басараласын аяп тұрса, біраздан соң үнсіз мелшиіп қалды. «Қайсысы жеңсе де, әйтеуір, тең айқас. Шіркін, жекпе-жекке келіп, өз теңімен алысып өлгенге не жетсін» деп, ойлы қараған жігіт бір кезде табиғаттың ғажабына қайран қалды. Бұл екі арада шаңырақтай үлкейген кешкі күн балқыған темірдей қызарып, дөңгелей домалап көкжиекке құлаған. Селдір тоғай арасынан шашырай түскен өткір сәуле дүниені қып-қызыл бояуға малып алды. Қарсы беттегі селдір қарағайдың ара-арасында әдейі қолмен еккендей араласа өскен көп терек бар. Күзде үзіліп түспей әрі бұтағына ілініп аман қалған бірен-саран қызыл жапырақтары күн сәулесіне шағылысып, шоқтай жайнады. Қожырмағы аз қайыңның аппақ балтырлары, ақ қар, сұр қасқыр, сары ит — бәрі де оттай жанып, қан-қызыл түске енді. Қып-қызыл от ішінде арсылдап, жыланша бұратылған қос арлан дауыл ішінде дүрілдеп кеп ұмар-жұмар айқасып, бүктетіліп, қайта шапшыған биік жалын сияқты. Сумаңдаған жалын отты тілімен бірін — бірі жалап, лап етіп шалқып, қауып-қауып алады. Бір сәт жерге сылқ етіп құлап, шиыршық ата домалап, қайта шалқиды. Дүние қызыл от, қып-қызыл қан. Дәл ортасында тіршілік үшін жан алысып, жан беріскен қос арлан. Үлкен ойлы көзін қадап, қайың арасынан бақылаған аңшы:
Дүние жалын, дүние от,
Дүние ыстық, дүние шоқ, —
деп әр сөзін қайталап, бөгеле берді: «Дүние жалын, дүние от…».
Күні бойы шауып зорыққан ит пен қасқыр жекпе-жек кездескенде бойларына қуат бітіп, ашуға мініп лезде ширығып алған еді. Бірінің етін бірі жаралап, қалың терілерін қарулы тістерімен шүберекше жыртып ұзақ алысқан арландар бір кезде алқынып, тілерсектері қалтырай бастады. Құлақтан, езуден, жұқа шаптан дірдектеген қан әлсіретіп тастады. Бірін-бірі оңайлықпен ала алмаған соң, көздері бұлдырап, енді айлаға көшкен.
Неше бір әдіс жасап бірінің астынан бірі сытылып жүргенде Басараланың аузы Бірішектің тамағына тиді. Ең соңғы күшін салып асай қапқан ит сіресіп жіберер емес. Енді босатса осы халге өзінің келетіні айдан анық. Көзіне өлім елестеген Басараланың әр түгіне дейін қалтырап, қасқырдың кеңірдегін қыса түсті. Бірішек ақтық рет бұлқынып еді, тамағынан ыстық қорғасындай басқан зілдей салмақ төмен қарай тұқырта берді. Тынысы тарылып, қылғынып, көзінің алдындағы қызыл от күреңітіп сөне бастаған арланның алдыңғы аяқтары шалысып, жас талдай майысып барып гүрс етіп құлады. Бір-екі рет ышқына серпілген аяқтары, әлден уақытта жан-жаққа тарбия жайылып, қимылсыз селтиіп қалды.
Бұл кезде күннің қызыл бояуы ағаштың ұшар басына қарай асыға өрмелеп, ысқаяқ көк күмбезге сіңіп, лезде ғайып болды. Серейген рабайсыз ұзын көлеңкелер де ақ қардың үстімен қара жыландай жер бауырлай жылжып, ұмтылған сайын асығып барады. Әлден уақытта бар көлеңке бас қосым, бүкіл алапты қоңыр сұрқай көрпесімен бүркей салды. Әлгінде ғана жалындай шапшыған Бірішек арлан да, шоқтай жайнаған терек жапырақтары, бар алап сөніп күлге айналғандай бозара қалды.
Басараласы мауқын бассын деп, маңына жоламаған аңшы екі жол өлеңінің жалғасын жаңа тауып, басын біріктірді:
Тіршілік нәрін сепкен күн —
Дүние жалын, дүние от,
Тіршілік бойдан кеткен күн —
Сөнген шала, өшкен шоқ.
Бұл — атығай-қарауылға, бүкіл Көкшетау өңіріне аты жайылған аңшы, саятшы сері жігіт, өз жанынан шығарып айтатын әнші, суырып салма ақын, Қорамсаның Ақаны еді. Азан шақырып қойған шын аты Ақжігіт. Үй іші, ауыл-аймақ еркелетіп Ақан деп кеткен.
Содан бері ел Ақан дейді.
Таң атқалы ат үстінде отырып тершіген Ақан Басараласы майдан салып жатқанда қанжығаға бүктеп байлаған жеңіл ықшам қасқыр ішігін алып үстіне жамылған да, басындағы жұқа малақайын ауыстырып, ердің жырымына байлаулы жасыл шибарқыттан тыстаған қырдың қызыл түлкісінен тіктірген жекей тымағын киген. Саптама етігінің қонышынан асатын ағаш ішіндегі қарды омбылай, Бірішектің тамағына аш күзенше қадалып, жағы қарысып қалған итінің қасына келді. Титықтап шаршаған Басарала иесін сезер емес. Тыныштық алып, қалғып кеткен сияқты. Әйтеуір, кеудесінде жаны барын қар соғып қимылдаған сыптырықтай қысқа құйрығынан, толғап-толғап жұтынған тамағының бүлкілінен ғана айыруға болады.
— Жә, жетті, Басарала. Жарайсың, Басарым, енді дем ал! — деп иесі итін еркелетіп, жүресінен отырды да, желкесінен, жонынан сипалады. Жынын құстырып, бабымен жаратқан иттің денесінде бір жапырақ арам ет жоқ. Салалы, ұзын саусақтарымен аңшы бұлшық еттерін ұстап еді, буылтық — буылтық болып тастай қатып қалыпты. Ақан ұзақ сипап, тартылған сіңірлерін, буын-буынын жұмсақ алақанымен уқалап, босата берді. Әлден уақытта барып қарысқан жағы ашылған Басарала тәлтіректеп тұрып, екі-үш аттап сүрініп, жата кетті. Денесінде сау-тамтық жоқ. Тумысында алғаш рет қатты жараланған маң төбет қатты әлсіреп, есеңгіреген. Талықсып, басын көтере алмайды. Иесі шолақ тонның кең қалтасында шүберекке ораулы бір кесек құйрық майды зорлап жұтқызды да, қасқыр ішігін үстіне жауып, тер қатпасын деп қымтап тастады.
Алып Бірішектің созыла түсіп жатқан ғажап ірілігіне таң қалған Ақан біраз уақыт көзін алмай тұрды да, «ауылға осы күйінде жеткізсе» деп құйрығынан көтерді. Қырда еркін жүріп, ойына алған малдың аппақ қардай семіз, борықтай жұмсақ етін жеп сүйегі ағарған арлан зілдей екен. Аттың үстіне екі-үш адам болмаса, көтеріп салу да қиын. Бірақ жәй ойлағаны болмаса, ұсақ аң емес, сойылмаған бітеу қасқырды атқа өңгерсе, жүйрік аттың бағы қайтады дейтін ырымды білетін аңшы қынындағы кездікті суырды…
* * *
Ақанмен аңға шыққандар бағанағы күрең қасқа атты төре тұқымынан Жұпының Әлжаны мен оның жылқышысы, ақынның қасынан соңғы кезде бір елі қалмайтын қалжыңқой серігі Шәкей, әнші жігіт Сұлтанмұрат еді. Түнеугүні Бірішектің жайратып кеткен малы — осы Әлжан байдың құтты биесі. Зығыры қайнап, талай сайланып шыққанмен арланда ала алмай мысы құрыған бай Ақанға қолқа салған. Бір жетсе Құлагер мен Басарала жетер деп үміттенген. Heшe күндей аттарын жаратып, иттерін баптаған аңшылар қазір қасқырдан да, қуғыншы Құлагер, Басараладан да көз жазып, орта жолда қалды. Бағана молақ қаншықты қуған Шәкейлер онша қиналған жоқ-ты. Мүгедек ақсақ қасқыр қара үзіп ұзай алмай, қарулы, әдісқой Шәкейдің қақ сойылымен тұмсықтан бір ұрғанынан қалмай, әліп боп түскен.
Ал Әлжанның ұшқыр, жарау, күрең қасқасы ә дегенде қасқырды бастырмалатып, суырылып шыққанмен, ұзақ үрдіс шабысқа шыдай алмай түске таман босаңси берген Содан біраз жер өткен соң, жаңа бусанып, жазыла бастаған басы қатты Құлагерді тежеңкіреп отырған Ақан бір кезде еркін қоя бергенде, ақ көбік боп терлеген күрең қасқа барлығып, айдалада қалған. Аңшының ізімен шоқытқан iн күн еңкейе жүруге жарамай, сағалдырық түбінен бастап, қолтық шабы сабынданып, аяңға түскен. Қара қасқа, төрт көз иттің де күні сондай.
Қазір Әлжанға Шәкейлер қосылған. Ұзақ жерге дейін Құлагердің ізімен келген аңшылар аттары болдырып, әрі бара алмады. Аттарынан түсіп, ағаштың бауырына жайғасып, насыбайларын атып, ай туғанша отырды.
— Апырай, — дейді Әлжан, — бұл Ақан білмейтін нәрсе жердің астында шығар. Қыз қылығы түгілі, қасқыр қылығын да біледі. Іштен туа үйренген бе?
— Не білетінін айтасыз? — деді Сұлтанмұрат, — Ақан ағаның білетінін санай берсеңіз шашыңыз жетпес.
— Жоқ деймін-ау. Далада жатқан өлімтікке қайырылып соғатынын қайдан біліп қойды?
— Қасқырдың екі мекені болады дейді Ақан, — деп сөзге Шәкей араласты, — Ол екеуін үнемі алма-кезек ауыстырын отырады. Мал жарып кеткен қасқыр өлімтікке екі-үш күн өткен соң қайткенде де бір айналып соғатын көрінеді. Ол соның үшінші, уақытша мекені. Ал мына қаншықтың соңынан бізді қалай біліп жіберді дейсіз ғой? Былтыр Арықбалық көлінің ық жағындағы бір тоғайға жеткенімізде жалғыз арлан ағаштан шығып жөнеле берді. Тұра ұмтылып ек, Ақан біреуімізді ғана жіберіп, қалғанымызды тоқтатып тастады. «Анау алдамшы қасқыр, әдейі еліктіріп кетін барады. Дәу де болса осы ағаштың ішінде бөлтіріктері бар», — деді. Айтқаны тура келді. Ағаштың жан-жағынан баспалап кіріп, қаумалап жүріп, алты күшігін соғып алдық. Бағанағы көкжалдың қашысы да тура соған ұқсайды… Жазда қасқырды қашанда көлде күту керек екен. Және аттан түсіп отырсаң, алыстан көрген бөрі онша елей қоймайды. Сосын, бір топ қасқырдың әуелі бөлтірігін соғу керек. Өйткені олар қашуға айласыз, әрі әлсіз болса, оның үстіне қасқыр мен қаншық оларды тастап ұзай алмай, төңіректей берді. Әбден күдерін үзгенде ғана кетеді…
— Бір топ қасқыр дейсің, тұра тұр, Шәкей, — деп Әлжан таңдай қақты. — Сонда қалай? Егер бөлтіріктері үйіне жеткен болса, қасқырлар оның қаншығынан, арланынан қалай құтыласың? Сенде айтасың-ау!
— Әуелі тұра тұрыңыз. Аңшыға оны айыру қиын емес. Оның әдісін де Ақан үйреткен. Егер қасқырларды күнде көрсеңіз, бөлтіріктері мейлі есейіп кетсін, ылғи осында жүреді. Ал кешке көрсеңіз, ылғи артынан ереді.
— Не дейді құдай-ау! Мұның бір қызық нәрсе екен, — деп Әлжан басын шайқады… — Әй, тоқта, біреудің даусы шықта ма, қалай?
Бәрі елеңдей қалды. Ақ қасқа да басын көтеріп, қыңсылап иесіне тығыла береді. Тегі, май табаны тоңа бастаса керек аяқтарын алма-кезек көтеріп, бүрісіп тұр.
— Ақан!
— Ақанның даусы, — деді бәрі қосыла.
Алыстан салған ән түнгі ауада қалықтап анық естіле бастады. Сар желдірген аңшы өзінің бағанағы ізімен салбырап келеді.
— ақан ағам көңілді сияқты, Бірішекті соққан-ау, — деп еді Сұлтанмұрат.
— Әй, қайдам, әшейін бізге дыбыс беріп келе жатқан болар, — деп Әлжан қашан көзімен көргенше сенімсіздене сөйледі. — Бірішегің оңайлықпен қолға түсетін неме емес-ті.
— Ақан көзге көрінген қасқырды соқпай қойғанын көрген жоқ. Егер ондай сәтсіздік болса, ол бұрынғы ізімен кері қайтпауға тиіс, — деді Шәкей. — Ал өлең дегенді Ақан көңілді кезінде де, ренжігенде де айтады. Оның менен кейінгі айырылмас серігі өлең ғой, — деп, қалжыңын араластырып, сирек ірі тістері ақсиып, жымия күлді. Ай көтеріліп қалған. Әлгіндей болмай Қабанбай шоғының теріскейінен кер дөненді Ақан да қылт етіп көрінді. Басараласы осында. Кер дөнен жиі пысқырынып келеді.
Ой, сабазың-ай, өзі де атым-ақ екен. Әлі тың ғой, қарағым, деп Әлжан, тіл тимесін дегендей түфа-түфалап түкірініп жатыр…
Тұрқы ұзын кер дөнен көлденеңдей кеп тоқтағанда, аңшылар айналасына шығып қаумалап кетті. Көкжалдың терісімен қоса басын бітеу сойып алған, Бірішектің азулары ырсиып, көзі ашық күйінде қалыпты.
— Әһ, атаңа нәлет, сен ғой ақ адал малымды құртқан, езуіңді ұрайын! — деп қалың тері шалбарлы Әлжан басынан теппекке аяғын көтере беріп шалқасынан түсті. Аңшылар ду күлді. Ұялғанын сездірмейін деп, тұра салып, аттың үстінен Бірішектің шолақ құйрығын іздеп жатыр, — Өзі шынымен сол ма, иә, иә, сол, мына қара, шолтаңдаған құйрығыңды ұрайын!..
— Жігіттер, ал жүрейік. Аттарға да, иттерге де тер қатпасын. Өздерін де онша бапты емес шығарсыңдар. Ана шоқ жұлдызға қарай жүрсек, ел жобасын табармыз. Жолай кездескен ауыл болса, тамақтанып алармыз, — деп Ақан алға түсті.
Әлжан — төре тұқымынан шыққан ақсүйек болса да, мұндай жерде көп шіренбейтін кішіпейіл, оның үстіне аңғал адам. Бірішекті өзі соққаннан бетер қуанып келеді. Талай-талай оқыс сөздер сөйлеп, жол бойы аңшыларды күлдірді.
Қара қасқа иті де, күрең қасқа аты да болдырған төре атын қос өкпеге тепкілеп, Ақанға қатарласты:
— Ақан, осы мен бір нәрсе ойлап келе жатырмын. Осы бар ғой, бәріміздің де атымыз қаншырдай қатып жараған. Бірақ біздердікі болдырып қалды. Ал сенікі қалай болдырмайды? — дегенде, Ақан күліп жіберді:
— Оны үйдегі жеңгейден сұраңыз, — дегенде, аңшылар қарқылдап тұрып күліп, даланы басына көтерді.
— Әй, Ақан-ай, сөзге ұстасың-ау. Біздікі әйтеуір қыңыр-сыңыр, қисық-шойтық бола береді, — деп тағы күлдірген Әлжан Ақанға жақындай түсті, — Жоқ дейім-ау, менің түсінбейтінім, осы қаншыр деген сөз не сонда?
Жігіттер де елең ете қалды: «Расында да не сөз?»
— Қаншыр деген — арыстанның ұрғашысы, — деді Ақан.
— Арыс-тан-ның?! Оны қазақ қайдан біледі? Көрген де жоқ қой.
— Негe көрмесін. Бір кезде болған шығар. Әйтпесе арыстан деген атты қайдан қойды дейсіз.
— Рас, рас, жаны бар сөз.
— Ал сонда арыстанның қаншыры, қасқырдың қаншығы дегенде, ұрғашы ит деп неге атайды екен, ұрғашы қасқыр демейді ғой, — деді Сұлтанмұрат та ойланып.
Ақан оған да жауап берді.
— Кейінгі кезде біз ескі сөздердің көбін ұмытып бара жатырмыз. Ол біздің кінәміз. Менің естуімше, иттің ұрғашысын қазір қаншық десе, бұрын итақай дейді екен. «Иттің итақайына дейін басынды-ау» деген сөз адамдардан қағажу көрген біреудің «қатындарға дейін басынды-ау» деп, ашынғанда шығарған сөзі болса керек. Ал мегежін, кәнден иттерді итаршы деген. Үлкен төбеттер абалап жатқанда, тапитақ иттер де шаужайдан алады. «Итаршыланбай былай тұр», «итаршыланып не жоқ» деген сөз содан шықса керек. Мәселен, шегірткенің ұрғашысын «өлекшін» дейді. Ал аюдың ұрғашысын не дейтінін білесіңдер ме? Көкшетау жерінде бұрын аю көп болған ғой.
Аңшылар біріне-бірі қарасып жауап қата алмады.
— Аюдың ұрғашысын кірекей дейді.
— Кірекей дейді?
— Кірекей. Ой, аллай! — десті жігіттер.
— «Кірекейді өлтірме, қонжығы жетім қалмасын» деген сөз бар. Сондағы «қонжығы» дегені баласы екен, — деді Ақан.
Қатты аяңмен келе жатқандар әр кездескен сайын жаңа бір сөз, дәріс, өнер үйрететін Ақанның жан-жағынан шығып ынтыға тыңдайды. Ара-арасында сұрақ беріп, аз сөзден көп мағлұмат алғысы келеді. Аң мен малдың төңірегіндегі ұсақ ми болса да, тілдегі бұрын естімеген, аңғармаған нәрсеге ақынның мән бергіштігіне, ұғымталдығына қайран.
— Аюдың кірекейі, қонжығы дегенді бірінші естуім. Біз ғой аюдың ұрғашысы, аюдың баласы дейміз.
— Ендеше, — деді Шәкей еліре күліп, — мысықтың баласы, тышқанның баласы деп әлдеғандай ғып адам баласына теңестіріп тәлтеңдетпей, оларға да бір ат табу керек екен.
Бұрын аты жоқ болса, ойдан қоя салу қиын-ау, — деді Ақан басын шайқап. Бұл айтқаның да, ойласаң, қызық нәрсе. Тегі, үй ішіндегі мақұлұқтарды солай атаса керек. Сыртта жүрген иттің баласын күшік дейді. Тек адамды жерлеп ұрысқанда ғана иттің баласы дейді. Ал «иттің күшігі» деген соған қарама-қарсы қалжың, еркелету ретінде айтылады. Мәселен ит күшіктеді, сиыр бұзаулады, бие құлындады десе, енді үйдегі мақұлық: мысық пен тышқанды мысық балалады, тышқан балалады дейді. Ойлай берсең көп қызықтар бар. Әттең не керек… Қызылжарда оқыған кезімде аңғардым – осындай сөздің бәрі орыс мектебінде, орыс ғылымында зерттеледі екен. Біз ғой мұндайды әңгімелеудің өзін ұсақтық санаймыз. Одан да кімнің соғымы семіз, неше елі — соны мына зәре еткенді ұнатамыз.
— Айтам ғой, Ақан жеті қат жер астындағының тілін біледі. Осы сен аттың да, иттің де тілін білетін шығарсың, Ақан, — деп Әлжан өзінше қалжыңдаған боп кеңкілдеп күлді.
— Неге білмеймін, білемін, — деді Ақан да жұлып алғандай. — Бағанадан бері атыңыздың аяғына оралып, құйрығын шабына тығып қыңсылап, жүре алмай бұралып келе жатқан итіңіздің не деп шағынғанын түсіндіңіз бе?
— Не деп шағынсын, шаршап келе жатқан да.
— Жоқ сіздің сараңдығыңызды Басаралаға айтып, бетіңізге салық қып, кінәлап келеді, — деді Ақан атының басын тежеп.
— Тек, сараңдық демеші. Менің жомарт, сараңдығымда иттің шаруасы қанша.
— Не дейді сонда?
— Не дейді? — деп, басқалары күліп, ақынды қолқалай жөнелді. Ақан сәл ойланып, аз үнсіз келе жатты да:
— Иә, сөзін жаңа құрадым. Ол былай дейді, — деп, бір ауыз өлеңді қолма-қол суырып салды:
Жонымда бір жапырақ ет қалмады,
Жүретін аяғымда еп қалмады.
Көженің қоюы да тимеген соң,
Қасқырға қарайтұғын бет қалмады, —
деп келеді.
Аңшылар қыран-жапан күліп, қайта-қайта қайталап, осы бай атаулының бәрі сараң ба қалай?», «Сараң болмаса байымас та еді», «Әй, Әлжеке-ай, бір итіңізді тойдыра алмасыңыз бар, оны ұстап қайтетін едіңіз, ол ішетін көжені өзіңіз ішетін көжені өзіңіз ішетін шығарсыз, тым құрмаса өз сыбағаңыздан бөліп бермейсіз бе», — десіп, Әлжанды іліп-қағып, ішек-сілелері қатты. Олжан да еріксіз езу тартып қосыла күліп, ақыры Ақанға жанасалап, жалына бастады.
— Айналайын, мына өлеңіңді менің итіме айттым дей көрмеші, ауызбастырық үшін ертең бір семіз тай сойып шақырайын. Елге тарап кетсе, мазақ етеді ғой… Айналайын!..
— Оны ана жігіттерге айтыңыз. Ауыздан шыққан соң ол, енді ол менің өлеңім емес, жұрттікі, — деп Ақан маңайлатпай келді де, әлден уақытта өз-өзінен ыңылдап аңшылардан бөліне берді. Ит туралы әңгіме оған жаңа бір ойлар салып, бір ырғақты қайталай береді. Қабағын шытынып, кейде үнсіз қалады. Ақан көптен бері «Ит үрген» деген әннің күлдіргі сазын, қайырмадағы иттің үрген үніндегі қызық әуенін тапса да, сөзін ұнатпаушы еді. Енді сөзі де, әні де табылғандай көңілінде сайрап, бір-біріне үйлесіп, жараса бастағандай. Әнші көп ыңылдады, кей-кейде даусын шығарып та айтады. Мұны аңғарған жолдастары өзді-өзі күбірлесіп, ызың озып барады. Олар да жаңа әннің дүниеге келгенін сезіп, бөгет болмауға тырысады.
«Ит үрген» осы далада, аңшылықта жүріп туған ән еді…
Бір кезде бұлардың артынан қиқу салған көп дауыс шықты. Ақан жалт бұрылып артына қарағанда, маң-маң басып жай келе жатқан Құлагер де елең етіп, құлағын қайшылап, ойқастай берді. Жаңа ғана өздері өткен жол түйісіндегі қалың шоқтың тасасынан тасырлата шауып шыға келген төрт-бес атты үздік-создық құйғытып қиқуын салып жақындап та қалды. Ұзақ шабыстан қалжырады ма деген кер дөнен енді тықыршып, ең алдыңғы атты құйғытып өтe шыққанда жұла тартты. Атты қинағысы келмеген Ақан тізгінін іркіп еді, екінші адам қатарласқанда шыдай алмай, бip жағы бұлардан жөн сұрап қалайын деп атының басын қоя берді. Денесі тоңазып, буын-буыны қата бастағанмен бабындағы кер дөнен шиыршық атып жұла тартып, лекіте жөнелді де, көсіле түciп, бүктетіліп, әудем жер ұзап кеткен алдыңғы аттылыны басып озды. Басы қатты дөненнің тізгінін шірене тартқан иесі, әлгі аттылы алдыңғы қарқынмен тағы қатарласа бергенде шылбырынан ұстай алды. Екеуі де шоқырақтата түсіп, бүлкілдетіп, ақыры аяңға ауысты.
— Оу, шешелерің ұл тапқандай қуанып, түн ішінде еліріп жүрген кімсіңдер? — деп Ақан бейтаныс аттылының бетіне еңкейе түсіп үңілді. Басына екі құлағын артына қайырып байлаған түлкі тымақ, үстіне ақ сеңсең қойдың терісінен әдіп жүргізген шолақ тон киген он бес, он алтылар шамасындағы бала күлгендей болды. Мұрнына дейін түбіт бөкебаймен тартқан баланың екі көзі ғана жылтырайды.
— Тауып айттыңыз, ағасы. Шешеміз ұл таппағанмен жеңгеміз ұл тауып, соның қуанышымен жүрміз, — деді бала сыпайы ғана. Сәл еркелеу ме қалай, аузын толтыра қомпаңдап сөйлейді. Оның үстіне қалың бөкебай астынан даусы да анық естілмейді.
— Е, сонда бұларың не, бәйге ме, өздерің бесеу-ақсыңдар, — деп Ақан алға ұзаңқырап кетіп, аттарының басын тежеп, шоғырланып бара жатқандарға қарады.
— Жоқ, аға, бәйге әлі алда, біз мына көрші ауылдарға хабар беріп келе жатыр ек, ел жақын қалған соң жарысып барайық дегеніміз ғой, — деп бала жайын айта бастады.
— Ол кім жаңа босанған, бұл кімнің ауылы еді?
— Тастан деген адамның ауылы, соның жамағаты, естуіңіз бар шығар?
— Е, білемін, Бақтыбайдың інісі Тастан десейші. Онда бағытымыз дұрыс екен.
— Ал өздеріңізге жол болсын, аң аулап келе жатырсыздар ғой тәрізі, — деп бала кер дөненнің жаясынан екі жаққа салбыраған қасқыр терісіне қарады, — Кім боласыздар?
— Иә, аң аулап келеміз. Қоскөл жақтыкіміз.
— Байқаймын, олжалы көрінесіздер, сауға.
— Ал, ал, — деді Ақан, — ана кейінгі атта бір қаншықтың терісі бар, соны байлан.
— Ол қаншық болғанда, мынау арлан болды ғой, байлаған соң арланын байлаңыз.
— Ай, өзің қулау баламысың деймін. Сендердей бозбалаларға қасқырдың арланынан көрі қаншығы жақсы, қаншыққа үйір болатын кездерің емес пе, — деп Ақан қалжыңдап күлді.
— Сіз де бұрын аңшылықты қаншықтан бастап па едіңіз, — деп бала да іліп түсіп, сыңғыр етіп күлді. Күлкісі тым нәзік екен.
— Жеңілдім, жеңілдім. Менікі жай әншейін қалжың ғой. Шынымды айтайын, байлар едім, біраз мұның сыры болып тұр Бұл өзі осы өңірді шулатып жүрген арлан. Әдейі елге апарайық деп ек.
— Бірішек шолақ емес пе?! — деді бала жұлып алғандай.
— Иә, дәл түстің үстінен. Немене сенбейсің бе, таңырқап қалдың ғой?!
— Жо-оқ, Бірішекті соққаныңызға сенем, сізді танымағаныма таңырқап келемін. Сіз… сіз Ақжігіт… Ақан аға емессіз бе? Астыңыздағы кер дөнен ғой?
Ақан таң қалып балаға бетін бұрып, ат үстінде жамбастай отырды.
— Сен оны қайдан білдің?
Бала аз ойланып, әлденеден қысылғандай бөгеліп, кімілжіңкіреп барып жауап берді.
— Мұндай бөрінің сырттанын Ақан ағайдай жігіттің сұңқары, кер дөнендей жылқының тұлпары ғана соға алады деп топшылағаным ғой.
— Ойдоу дерсің, бізді әулие ғып аспанға бір көтеріп тастадың-ау, Қалқа бала! Сенің атың кім өзі?
«Қалка бала» Ақанның ең бір жақсы көргенде, ұнатқанда айтатын сөзі еді.
— Атым өзіңіз айтқан Қалқа бала, — деп күліп жіберді де, «ерсілеу болды ма мұным» дегендей іле Ақанның өзіне жармасты. — Аға, «бұра сөйлеген күлкіге жақсы деп», өзіңіз сөзді бұрып әкеттіңіз-ау. Сауғаңыз арлан бола ма?.. Қаншық па? Маған байламай-ақ қойыңыз, ана жаңа дүниеге келген нәрестеге байлаңыз. Ол да еркек кіндікті азамат қой, ол да жігіттің сұлтаны болар ма екен.
— Балақай, өзің жас та болсаң, сөзің түйеден түскендей екен. — Жарайды. Тастанның өзі болса, байламақ түгіл, бір қылшығын сипатпас ем, сәби ғой. Байладым. Ал сен өзің бір сырттанды емес, жүз сырттанды байлауға тұрарлық жігіт екенсің, Қалқа бала.
— Бәсе, — деп бала күліп жіберді, — сізді ақын ғана емес, жұрт сері дейтін болыпты. Сері осылай жомарт болса керек-ті. Әйтпесе серінің серілігі қайда.
— Сен өзің мені сынап та келе жатыр ма ең? Егер менің серілігімді шын сынағың келсе, аң аулағанда сынама…
— Қыз аулағанда сына дейсіз бе?..
— Әй, қу бала, өзің көп нәрсенің ретін білетін сыңайың бар.
— Аға, сіз қыздарды жақсы көресіз-ау деймін?
— Еһ, сен жақсы көрмейтін шығарсың!
— Дегенмен сізді тым бейімірек тұрады дейді. Сіздің «Мақпал», «Кепсер», «Бәтима қызға», «Ақмарал», «Торыны таң асырып мінген қандай» деген әндеріңізді айтып жүреміз. Бәрі де қыз туралы ғой.
— Оларды да білемін де, қу бала. Дұрыс-дұрыс, жастық шағында ойна да күл, жанған шам, жағылған от бір күн сөнер. Әнге, сөзге құмарлық жастық көңілге ынтықтық, жақсыға, сұлуға құштарлық — нағыз жігіттіктің белгісі… Сіздің ауылда қыздар көп пе? — деді бір кезде Ақан төтесінен.
— Бар, жетерлік. Бүгін шілдеханада боласыздар ғой. Көресіз. Өздеріңіз құтты қонақсыздар. Бірақ қандай қыздарды сұрайсыз, аты қыз болса бола ма?
— Айттым ғой, Қалқа бала, сен өзің бір болайын деп тұрған бала екенсің. Дұрыс айтасың. Менің сұрап келе жатқаным шотылар емес, тотылар, — деп Ақан риза көңілмен сұрады.
— Қалай-қалай дедіңіз, түсінбей қалдым.
— Қыз жақсысын тоты, қыз жаманын шоты дейді. Ал ер жақсысын жігіт, ер жаманын мігіт дейді.
Бала күліп жіберді.
— Дегенмен жаманын демеңізші, Ақан аға, кім жаман болам, кім кем болам дейді.
— Жоқ, жаман дегенде аяғы ақсақ, көзі соқыр кемтарларды, не беті бұжыр, мұрны пұшық кемсіндерді айтып тұрғам жоқ, жаны жадағай, көңілі кір, мінезі тік, ойы тайыз мүгедектерді айтам, — деп Ақан ұғындыра сөйледі.
— Ендеше, Ақан аға, жаман қыздар қандай, жақсы қыздар қандай болады.
— Ой-бой, ол бір сөзбен бітпейтін қияметтің қияметі ғой.
— Білем, аға, сіздің қыздарды сипаттап шығарған өлеңіңізді білемін. Әйтседе, тағы қандайлары болады, — деп бала ынтыға сұрады. — Тым құрмаса, қыз келбетін айтыңызшы.
Бұл кезде артта келе жатқан Шәкейлер де болдырған аттарын тебіне түсіп қатарласқан. Олар да Ақан не айтар екен дегендей құлақтарын түріп, үнсіз келеді. Ақан сөзін неден бастарын ойлап, жүрексінгендей, не талай ойдың бұлтына қамалып, қай жерінен шығарын білмей саңылау іздегендей, ат үстінде дұрыс отыра алмай қайта-қайта қозғалақтады да, қотанданып тұрған айдан көмек сұрап, шабыт тілегендей ұзақ тесіле, сүзіле қарап келе жатты. Енді бір кез сол айдың өзімен тіл табысқандай, содан қуат, нәр алғандай шешіле сөйлеп кетті.
— Бар әлемге, бар ғаламға атың таныс, жарық ай, сол әлемге бірде келіп, бірде кетіп, көк жүзінде күлім қағып сыланған, көк аспанның ортасында тана көздей, алтын, күміс теңгедей, қарағанның көзі тоймас, ойлағанның ойы жетпес сен де бір қыз қызықтырған пендені. Бір сызат жоқ аппақ уыз балбыраған жүзінде, жиі үркерден, шоқ жұлдыздан бұлғақтаған шоқ үкің, құс жолынан жыпырлаған алқа сәнің құс төсіңе қондырған, ерке күліп, еркін жүзіп, көзге түсіп, қолға түспей, іш күйдіріп ойқастайсың алыстан; тыпырлатып төрт аяғын ақ жұлдыздан ақбоз атты ойнақтатып босағаңа қойсаң да, темірқазық — ертең барар жаңа жұртың суық қарар алыстан; торуылдап сені жалғыз түсіре алмай уысқа, біреу емес жеті жігіт — қарақшылар күнде арманда қалысқан, таң атқанда мақпал шапан етегіңнің бір жалт етіп оқасы, ақ отауға мың бұралып кіргендей, арманда ғып, шерменде етіп тағы ғайып боласың; күншығыстан кірпік қағып, күлімдеп, шыға келген таң шолпаны сенің гауһар сұлу, нұрлы көзіңдей. Екіншісін нұрлы көздің ылғи қысып, жылы жүзді назбенен, әлде жұртты емексітіп, үміт беріп жүрегіңе күйдірерлік, өртеп жанды лаулатып, жалыны мол, қызуы көп шоқ тастап, күнде келіп, күнде кетіп жүретұғын аспанында жігіттің, сырың да көп, мінезіңде қызық-ай, өн бойыңда, тал бойыңда көп құпия, көп жұмбақ, жерде тұрып, бірге күліп, бірақ іште сыр бүгіп жүретұғын қыздардай.
Ақан сәл бөгелді де, айға үнсіз тесіле қарап, тағы да жалғады:
— Кейбір кезде шарбы бұлттан перде салып бетіңе, сәулеңді ұрлап, қызықтырып, көз талдырып ұзақ шықпай бұлт астында жүзесің, бірақ жүзің торғын жібек астынан көрінгенде жүрек тербеп, ұзай алмай қасыңнан, қалай ғана алыс кетіп, қалай күдер үзесің. Бұлт астынан ақша маңдай бір қылт етіп көрінсе, өзен бойын бойлай өскен жасыл талдың ішінде жасырынбақ ойнап жүрген ерке назды сұлудай, мамық төсін толқынға ұрып, бірде бұрып, бірде бұрмай маңғаз аппақ мойынын, бірде сүңгіп, бірде жүзіп ақ маржанды домалатқан иығынан, жонынан көзге ыстық көрінесің көлдің ерке құсындай;
Кейде алыста бұлт астында бір орнынан тапжылмай, жүзі сынық, көңілі жадау көрінгенде мұңайып, көңіл сүймес, жан қаламас алыс-суық сапарға аттанатын кісендеулі арудай. Жолаушы да жалғыз жортқан жабырқап, тыныс бітіп, қапырық тылсым далада жылы орынға тез жетуге асыққан, қаяу көңіл, дел-сал болған аурудай.
Тас қараңғы кейбір түні бұлт басқанда аспанда бір көрінбей, белгі бермей, тым құрмаса, сығаламай жабықтан, тас бекітіп қара құрым есікті жауып алған өкпешіл бір қыздардай зарықтырып шықпай қойсаң күмбезіне жігіттің, ұзақ жауған ақ жауыннан көз жасындай сілбіреп, әр тамшыдан бетке тиген тілгілеп жігіт көңілі мұздап кетер қалтыратқан аспандағы ызғардай. Біз, жолаушы, бұл өмірде аз тіршілік сапарында өтетін, сен шамшырақ жолын оның жарық ететін. Сен болмасаң жолаушының көңілін де түн басып, әлденеге ұрынады-ау байқамай, сен барыңда жетпесе де саған қолы қуат алып, жарығыңнан ұзақ жолда талмай жортып шаршамай жүре берер ұшын іздеп үміттің, нұр себелеп, жебеп көңілін жігіттің аспанында тұра берсең — тілегім сол, қалқам-ай!..
Өзін — өзі ұмытып, шалқып-шалқып алған Ақан енді қайтадан сабасына түсіп, бұрынғы қалпына келгендей. Әркім өз ойымен әлек. Бірі жымиып, бірі мұңайған жүргіншілер үнсіз. Әлден уақытта алдан ай сәулесіне шағылысып теңіздей жалтыраған қыр астынан ит үрді: «алыстан жолаушылар келе ме, қалай?» деп бейғам ауылға дүдамалдау хабар берген сақ иттің тұншыға шыққан қысқа, енжар үні.
— Ауыл да енді алыс емес. Рақмет, Ақан аға, көңілге көп ой салдыңыз. Күнде көріп, көңіл бөлмеген ай жарығынан, көп жұлдыздан мүлдем жаңа сәуле көргендеймін. Көп нәрсенің мол сырына қанбақ түгілі, ештеме сезбей дүниені бір-ақ қырынан қарап жүреді екеміз. Әттең, қасыңызға еріп, сөзіңізді жиі тыңдасам, осынау кең дүниенің де, адамдарды да ақын көзімен көріп, ақын жүрегімен ұғынуға үйренер ме ем. Бірақ… — деп бала әлдебір сөздің ұшығын жасырып, тосылып қалды. Атының суық жалынан сипап, еңкейіп өз сөзінен өзі қысылғандай болды. Бағанадан бері аса аңғармай, онша елемей келе жатқан Ақан «Қалқа баланың» даусынан бір жасандылық сезгенде, түлкі тымағының маңдайынан түскен көлеңкеден көмескі көрінген бала жүзіне тағы қарап еді.
— Ал енді мен сіздерден озып, елге хабар берейін, — деп бала атын тебіне берді.
— Сәл бөгелші, — деп қасына бұрынғыдан да жақынырақ таянып, аттарын қабырғаластыра жанасқан Ақан бағанадан бері көңілінде ұққан құпиясын, басқаларға естіртіңкіремей, баяу ғана айтты. — Балақай, байқаймын, сен зерделі жастардың бірі сияқтысың. Сырға да берік боларсың. Осы ауылда Бақтыбайдың Ақтоқты деген қызы бар дейді…
Бала Ақтоқтының атын естігенде селк етіп, шошып кетті. Өй, сен соншама неге үріктің. Өзіңнің бір шатағың жоқ па? — деп Ақан жымиып күлді.
— Жо-оға. Бірақ ол қыз атастырылып қойылған, басы бoс емес қой.
Ақан қабағын түйді.
— Иә, білем. Сүтемгеннің Жалмұқанына айттырыпты деп естігем. Сүтемгеннің болашақ келіні болғанмен, Ақтоқты оның желілеген құлыны, көгендеулі қозысы емес.
— Ол рас қой. Бірақ, Ақан аға, біреудің ауына түскен балықты алып, пәлесіне қалып қайтесіз.
— Ау Жалмұқандікі болғанмен, балық Есілдікі емес пе?!
— Есілдің Ақтоқтыдан басқа да ақ сазандары көп қой.
— Әй, бауырым-ай, көбінің дәмін татып жүрміз-ау, су татыған жүзінен бал татитын бірі артық, — деп ақын айға қарап күрсінді, — Балақай, сөз жарыстырып қайтесің, тоқ етері сол, Ақтоқтыны бір көруге армандамын, оның себебін сұрама. Өзім де білмеймін. Бұл ауылға келіп көруге сылтау таба алмай жүруші ем. Бүгін сәті түскен сияқты. Тек енді сен ағаңа қол ұшын бер. Шілдеханаға әкелуге мұршаң келе ме?
— Е, Тастан ағасы емес пе. Өзі де келетін шығар.
— Әйтсе де.
— Жарайды, қисынын табармын. Бірақ, — деп бала басын қисайта қарап күлімсіреді, — алдын ала ырымын жасаңыз. Көрімдігі кейін.
— Апырай, сен тоның суланбай жатып, тонауға кірістің-ау.
— Өзіңіз біліңіз. «Қалмады белде белбеу, баста бөрік, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» депті ғой.
— Егер сен жеңгелікте тұрып, жігіт көңілінен шықсаң, жан пида, — деп Ақан атын тоқтатты да, сұқ қолына тағып жүретін қадірлі бұрама сақинасын алып, — шеш, биялайыңды, — деді.
Биялайын шешкен бала аса бір ептілікпен Ақанның қолындағы сақинаны жып еткізіп алды да, жылы саусағына өзі киді.
— Бұл нешінші сақинаңыз, ағасы, кеңдеу екен?
— Әй, өзің қылжақбастаусың ба, қалай. Алтын сақина ұсына беретін алтын Ақтоқтылар көп деп пе ең!
— Ғафу етіңіз, Ақан аға, әшейін сөздің ретімен… Әйтсе де есіңізде болсын, жүйткіген жүрек болмаса, желіккен жел көңілге жеңгетай бола алмаймын, — деп жұмбақтаған бала оқыс тебініп қалып шаба жөнелді.
* * *
Тастан осы өңірдегі байлығы шалқыған аты шулы ірі бай болмағанымен, дәурені жүріп тұрған іргелі байлардың бірі. Ағасы Бақтыбайдың Дәмелісіндей мұның үш әйелі де аса ұқыпты, қолы берекелі, жоқты бар, барды көп етіп көрсете алатын ердің құты. Әйтсе де, осынша маңдайы ашылып, шын ырысқа кенеліп отырған Тастанның ішін жегідей жеген қайғысы да жоқ емес. Ол кіші тоқалы Қадиша жайы. Осы босағаны аттағалы нәресте көтермегені өз алдына, кейінгі кезде оның қайсыбір оғаш қылығынан секем алған Тастаннан маза кеткен. Бірақ тайға таңба басқандай дәлелі болмаған соң, іштей мысы құрып, белгісіз намыстан жарылып кете жаздағаннан басқа істер амалы да жоқ. Өткен күзде бір секем алған адамы Қорамсаның Ақаны. Енді, міне, сол Ақан осы үйге келе жатыр.
Тастан алғашқыда жыланша жиырылып, ытырына қалса да қартайғанда көрген ұлына жоралғы жасап, дала арланын байлапты дегенде аздап жібігендей болды. Оның үстіне бүкіл атығай-қарауылға аты шулы Бірішек екен соққаны. «Іншалла, менің осы ұлым да жігіттің сырттаны, нағыз қасқыр болар» деп ырымдаған Тастан келген қонақтарды аттан өзі түсіріп алған.
Мыңғырған малы бола тұрып астына тулақтан басқа салмай, бұтына киген дамбалы өрім-өрім боп жыртылғанша жаңартпай, үстіндегі тоны бой-бой боп сөгіліп қақырағанша ауыстырмай жүретін сараң, сасық байлардай емес, Тастанның үй, киім-кешек, жиһазы да бөлек. Қалың қайыңның бауырына бөренеден қидырып салған сегіз бөлмелі саңғыраған ағаш үйдің ішіндегі жасаудан көз сүрінеді. Жазда болмаса, қыста үш әйелін де осы бір қораның астында ұстайтын Тастан аңшы, әнші жолаушыларды шілдехана өтетін кең сарайдай бөлмеге кіргізген.
Күні бойы ат үстінде аң қуудың қызығымен жүрген аңшылар қарағайды маздата жаққан жылы үйге кірген соң маужырап, өздерінің әбден зорығып, қатты шаршағандарын жаңа сезді. Аттарын сыртта таң асырып, Басараланы ұядай қораға кіргізіп жайластырған соң енді кең көсіліп жатып, шілдехана басталғанша сәл мызғып алуды ұйғарған. Kip, қоңыс үйге жоламайтын, тумысынан кірпияз кінәз Ақан мына мұнтаздай таза үйге көңілі көншіп, аппақ мамық жастыққа қисайды. Шәкей мен Сұлтанмұрат та астарына бірсалар салдырып, төрдегі ақыннан төменірек, жылы пешке тақала жатып, лезде қалғып кетті.
Ақан қанша қажығанмен көпке дейін ұйықтамады. Төбедегі қобыздап салған сырлы тақтайға қарап ұзын, қайқы кірпіктерін жиі қағып, өз-өзінен күлімсірейді. Күндегідей ойлап жатқаны тағы Ақтоқты: «Апырай, бұл қай бала болды? Бұл ауылдың үстінен талай өтіп жүріп қыз дегенге көз де салмапты-ау. Бірақ ол кезде Ақтоқты күлдің арасынан кәрлен шыныаяқтың сынығын жинап, матаның қиқымынан қуыршақ жасап ойнап жүрген, тұлымшағы желбіреген бала шығар-ау. Оған қалай көз тоқтатып, қыз деп қарарсың. Шынында да әйел бала ер баладан гөрі тез жетіліп, тез піседі-ау. Көрінбей-көрінбей келіп бір-ақ жылда қылт етіп, қырдың қызғалдағындай құлпыра қалады. Бір суық соққан күні сол гүлдің жапырағындай бүрісіп, тез солады да. Тегінде жұрттың қызды гүлге балайтыны да содан-ау». Ақтоқтының аты да былтырдан бері осы өңірге тез жайылды. Ақан алғашқыда жай ғана сырттан бір көруге құмартып, осы ауылға бір-екі рет келіп кеткенмен, көре алмаған. Бірде әдейілеп Тастан үйіне сылтаумен келіп, байдың жас тоқалы Қадишаны зорға көндіріп, Ақтоқтымен кездеспекші болған. Бірақ ол жолы Ақтоқты үйінен шықпады. Елден аттанып бара жатқан Ақанды түнделетіп жеткен Тастанның көзі шалып қалып, соңына түскен. Құлагер болмағанда кім екенін бай аңдап қалатын еді. Бір абұйыры жүйрік аттың арқасында жігіт құтылып кетті. Содан бері Ақанның құмары арта түскендей. Енді, бүгін Ақтоқтыны көрудің сәті түскен сияқты. Әлі күнге дейін ештемеден беті қайтып, тауы шағылмаған сері жігіт Ақтоқтыны сырттай иемденіп, қолына қондырып аялап ұстайтын, тәрбиелеп баптайтын өз құсындай кәміл сенімде жатыр.
Тәтті қиял ұшығына жете алмай, ұзақ сабырсыз оймен көзі іліне берген Ақан мызғи да алмады. Сыртта абыр-сабыр боп дабырлап үйге біраз адам кірді. Олар — осы маңдағы Тастанның құрбылары, жасы егде тартқан шала байлар. Ортасында Тастанның ағасы, Ақтоқтының әкесі Бақтыбай, Мырзалы баласы Мұқанәлі, кезбе Су Құсайын да бар. Бүгін дүниеге келген нәрестенің — қарауыл ішіндегі малтабардың болашақ азаматының тойы өз алдына, Ақан келіпті. Бірішек қасқырды соғып әкепті дегенді естісімен тағаты қалмай тез жеткен. Іргелес отырған ауылдың адамдары, баланың тойы ертең басталады дегенге қарамай, «той десе қу бас домалайды дегенді сылтау етіп, шақыру күтпей-ақтан атқанша тоқтаусыз ағыла берді. Той дегенде қазаққа мезгілдің ерте-кеші жоқ.
Жиналғандардың әңгімесі алдымен Бірішек жайы болды да, оны соққан Құлагер, Басаралаға ауды.
— Өй, көсегең көгерсін, Ақан балам, малдан мал, жаннан жан қоймай, берекемізді кетіріп еді осы бір көкжал, ақыры алдымызға сұлатып салдың-ау, бәтірі! — деп Бақтыбай сөзге араласты. — Қарағым Басаралан күні бойы шапқанда бір талмайтын не деген мықты неме еді! Өзі қай жердің иті?
Үй іші толған сайын, өңкей байлар, төрелер төрге шығып, орындарынан созалаң тұрған шала ұйқылы Шәкейлер төмен қарай сырғып, ақыры есіктің тұсына жақындап қалған. Taп бүгінгідей күні жас та болса алыс ауылдың баласы болып құрмет көрмеген Шәкей, іштей зығыры қайнап, әр сөзге әдейі араласып, шалыс сөйлеп отырған. Бақтыбайға жауапты сол берді:
— Басарала — өзіміздің жұрағатымыз: қарауыл, қарауыл ішінде есембай, есембай ішінде малтабар.
Жұрт ду етіп күліп, басыла қалды. Шәкей әдейі Бақтыбайға тигізіп, бұра сөйлеп еді. Қисық сөзді ұнатпай қалған Мұқанәлі қабағы түксиіп, үнемі ұшықтан арылмайтын сілекейлі аузын бір сүртіп:
— Сондай да қалжың бола ма екен. Үлкен адам жөн сұрап отырғанда беталды қылжақтай берудің не орны бар, — деп, енді төрде жымия күліп отырған Ақанға бұрылды, — Шынында жүйрік ат, ұшқыр ит, алғыр құсты қайдан тауып аласың? Сенің итіңнің қандай қасиеттері бар осы?
Ақан Мұқанәліні суқаны сүймейтін. Ол қарағанда жүзін басқа жаққа бұрып отырды. Әйтсе де әлгі Шәкейдің сөзі Бақтыбайға ретсіздеу тиді ме, «ит те болса көктабан дегендей, Ақтоқтының әкесі ғой» деп әңгіме бетін басқаға аударып, жуып-шайғысы келді.
— Менің Басараламның бойында қасқыр алатын итке тән үш қасиеттің үшеуі де бар. Алдымен — кеуделі, мұз бел, бүкіш, — бұл күштіліктің белгісі, одан соң көзі отты, қабақты, танауының қарасы мол — өжеттіктің белгісі, үшіншіден — аяқтары сіңірлі, саусақты, тырнағы ұзын — жүйріктіктің белгісі. Иттің қалған қасиеттерін, кем-кетігін өзін де білесің ғой, — дегенде үй ішіндегілер тағы да мырс-мырс етіп күліп жіберді. Ақанның бір кішігірім жиында Мырзалы байдың балаларын Сауытбектік сарала итінің күшіктеріне теңеп:
«Бісміллә, Мырзалы,
Піскен басы Сералы,
Сары тоқалын Сердалы,
Қотыр ауыз Мұқаның,
Кенек ауыз Нұралы,
Баялы, Жанәлі —
Сауытбектің Сарыала итінің балалары» —
деген шоқтай мысқылы ауыздан ауызға тарап кеткен. Содан бері әсіресе осы Мұқанәлі Ақанға тісін қайрап-ақ жүр. Бірақ шалып түсер оңтайлы кезең таба алмай-ақ қойды. Қазір де екі беті долырып, тұтана қалған ол не дерін білмей, сасқанынан қалтасындағы шақшасын алып, саптама етігінің өкшесіне тықылдатып қаға берді. Ашу шақырып бірдеме десе, Ақаннан бұрынғыдан да ащырақ таяқ жеп қалуы ықтимал…
Шай келді. Бетін оюлап сырлаған жималы дөңгелек столдар екі-үш жерден құрылып, астау-астау аппақ ыстық бауырсақтар шашылып, табақ-табақ сары май, суық еттіктен жаңа әкелген шыртылдақ май, күрт, ірімшік, туралған тоң-желін қазы — қарта қойылды. Тастанның бәйбішесі бауырына қысқан ала дорбадан екі-үш уыс шақпа қантты үлкендердің алдына аса қасиеттеп, санағандай етіп ырғытып-ырғытып тастады. Тоқбас жіліктің басын өткір балтамен жаңқалап шауып, жұртқа кемік үлестіріп шебердің қолынан шыққандай ұп-ұсақ шағылған қантқа алдымен қолдарын салған шалдар жағы кәрлен аяққа жұқтыра құйған қою шәйді сораптай тартып, әңгімені қайта жалғады.
— Апырай, әлгі Бірішегің көрінген қотандағы төбет түгілі, қасқырға салып жүрген айтулы иттеріңнің өзі ала алмайтын дау бірдеме ғой. Өзін атқылай көтеріп келген, — деп отырғандардың бірі, жаңа осында келгенде, қорада ілулі шұбатылған шикі теріні тамашалап көргені есіне түсіп, тағы да арланды әңгіме етті.
— Өзі қайдан келген неме екен? — деп тағы бірі сұрап қалып еді.
— Қап, тірісінде сұрай алмай қапы қалған екенсіз ғой. Керей жақтан келіпті, — деді Шәкей күліп.
— Керей дейді?
— Әй, керейдің қасқыры екен! — деп төрден есікке дейін таңырқаған аңғал жұрттың сөзі жүгіріп өтті.
— Иә, керей көрінеді, — деп Ақан да көзінде күлкі ойнап құптады да, ойға қалды.
Атамзаманнан бері қазақ жұртына індет боп жайылған ру, ата тартысының қанқұйлы сорақылықтары кейінгі жылдары қарауыл мен керей арасындағы босағаға жыланша оралған. Іргелес, қоныстас отырып-ақ бір-біріне араласып әр елдің алтын босағасынан табалдырық аттап өте берсе-ақ, әлгі сары аурудай сары бас жыландар кез келгеннің алдынан ысылдап шығады. Не үрейлендіріп шошытып, жолатпайды, не кері қайтқанында бойына ұзақ жылдар айықпайтын дертті уын құйып жібереді. Екі ел бір-біріне құда түсіп қыз алыспайтыны былай тұрсын, жақсы өнеге, өнер атаулыны араластырмай, жиіркенішпен қарайды. Думан, той бола қалса қарауыл керейді, керей қарауылды керек етпейді. Бәрінен қауіптісі — осы бір санасыз тірлік, сорақы, сұмдық қараңғылық қанаттанып, өштік қаныпезерлікке, жиреніш жауыздыққа айналып, елге салт, атадан балаға мирас болып, өскелең нәсіл келешегіне қағылған қара қазық беки түседі. Осыған кінәлі кім? Әр адамға арам қан егуші кім! Сері жігіт әлі бұл сұрақтарды жүре ойланып, оның жауабын көп іздей де бермейді. Бірақ, әйтеуір санасындағы бұлдыр, көмескі ой кейде есіне түскенде, осылар кінәлі-ау деп әлдекімдерге қаны қайнайды.
«Күндестің күлі де күндес» дегендей мына отырғандардың «керейдің қасқыры» дегенге сенбесе де, сол елдікі екен деп айыздары қанып, елеңдей қалғандары мынау. Ертегіні де шындай көріп тыңдайтын қауымға Ақан сайқымазақ бір әңгіме айтып беруге бекінді.
— Иә, — деді қаршығадай түйіле түскен Ақан иығын ашулы бір қозғап, — Керейдің берісі екені рас. Басараланың қысқаштай қысқан аузынан босатып алып, шала-жансар арланды соя бастағанда тілге келді.
Отырғандар бір қызық әңгіме айтыларын сезіп, бәрі күлімсіреп қозғалақтап, жайғасып отырды. Бағанадан бері есікке кептеліп, бірінің иығынан, бірінің қолтығының астынан сығалап, бері өтуге жасқанып тұрғандар босағадан орын алып, қайсыбір кемпірлер кимелей өтіп, «әрі отыршы-ай, қағынғыр, сөз тыңдайық» деп, жастарды ығыстырып жатыр.
— Алғашқыда майысқақ тобылғы қол қамшыны екі бүктеп, арандай ашылған аузына кергіш салып тастайын деп ем, «қайтесін кергішті, қорықпай-ақ қой, астында жығылып жатып, тістейтін қатын емеспіз ғой, тұрмастай боп бір жығылған соң енді қауқар жасамаймын. Атың да, төбетің де өзіне сай ажалыма туған жігіт екенсің, соңғы сөзімді тыңда» дегені бар емес пе. Ұстарадай лыпып тұрған жалақтаған кездікті қынымнан алып, қасқырдың жанары сөне бастаған көзіне қарап отырып қалыппын. «Неге отырсын, соя бер, мен айта берейін, шын арлан терісінен ажырағанша өлмейтінін білмеуші ме ең» деді. Кездікті қалың теріге қадап, қолмен де іреп сыпыра бастадым, ол сөйлеп жатыр: «Үйіме жетіп, мал жаруды үйренгеннен былай қыр елінің жылқысынан жылқы қоймадым… Қысқартыңқырап айтайын, содан алдыңғы жылы ғана қапы соғып қақпанға түстім. Бір абұйырсыздығы ұлы дәретке отыра беріп, нақ қыл құйрықтан түскенім. Шайнап тастайын деп бұрылсам, аузым жетпейді. Жан ұшырып, аласұрып жатқанымда бір топ аттылы шоқпарларын сүйретіп, cay ете қалмасы бар ма. Істер амал, қылар дәрмен жоқ: шоңқиып отырып қалдым. Аңға емес, тойға шыққандай сәнді киінген бір адам маң-маң басып келіп, «аһ, атаңа нағлет, түстің бе қолға, тимеңдер, өзім өлтірем» деп анадай жерден тұрып, сойылын оңтайлана берді. Көзіне көзім түскенде тани кеттім — бірер жыл бұрын түнделетіп жүріп көргем — болыс Азнабай екен. Ғұмыры жалынып, жалбарынып көрмеген басым, мүсәпір боп отырғанда қоқаңдап батырсынып тұрған болысқа не істерсің, бөрінің де бір айласы болады, ажал көзіме көрінгенде тілім шықты. «Азеке, болысеке, дат!» дедім. Алдына тізе бүккенге масаттанатын мансапқор болыс маңындағыларға мақтана қарап қойып, «Не датың бар еді, айт. Жазықсыз малды неге қырасың, сволыш!» деп қойды. Соңғысы болыс болғалы Омбыдан жаңа үйренген сөзі болу керек. Сөз таластырып жататын күш қайда, жай-жапсарымды майдалап, түлкі тілмен, ара-арасында дөрекілеу бөрі тілімен түсіндіріп бақтым. «Азеке-ау, екеуіміз де құдайдың құлы емеспіз бе? Сізді алла тағала момын қара халықтың үстінен күн көруге жаратқанда, мені тілсіз қара малдың есебінен күн көруге жаратпап па еді. Сізге керек тұрмыс маған да керек». Өзі де иттің тілін судай білетін хайуан екен, лезде шүйіркелесе кетті. «Әй, тұрмыс дейсің. Сенің тұрмысың менен артық қой. Шыныңды айтшы, неше қаншығың бар?» деп, нәпсіге жаратылған майлы көзі жылтыңдап, күншіл неме жұтынып-жұтынып қойды. «Ой, Азеке, біздің тұрмысымыз қайдан пірдей болсын, сіздің төрт қатыныңыз бар. Менде бар болғаны бір-ақ қаншық, оллахи, беллахи! Оның өзі жарымжан, ақсақ байғұс… Егер… алам десеңіз оны да берейін, тек босата көріңізші»… деп күмілжідім. «Жарайды, оны кейін көрерміз» — деді ұрғашы атаулыны бос жібермейтін болыс одан да дәмеленіп, — «ал, датыңды айтшы». «Датым сол — мені өлтіргенмен сізге түсер пайда не, өзіңіздің көп бөрілеріңіздің бірі құрлы еңбегім сіңер, мені жауыңызға жұмсап, қасыңызға салып көрмейсіз бе? Сізге азусыз момын жүз тобырдан жақын іздегенше, азулы қаныпезер бір бөріден дос тапқаныңыз артық емес пе?» дедім. Азнабай болыс шалбарының терең қалтасынан күмістеткен мүйіз шақшасын алып, бір шөкім бұйра насыбайды ерніне баппен салды да, шырт еткізіп бір түкіріп «сөзіңнің қисыны бар. Егер еркек боп уәдеңде тұрсаң босатайын, бірақ бұйрығымды орындамасаң құйрығыңды бұраймын» дей бергенде, «айтыңыз, бәрін орындаймын, мен де өзіңіздей еркекпін» деп жөппелете жөнелдім. «Бұйрығым сол, менің үлкен жауымның бірі – іргедегі керей деген көп жылқылы қалың ел. Соның малының, бас-көз демей, кез келгенін алқымынан алып қыра берсең, менің де қолым солардың алқымында болғаны. Ал енді еркінсің» деп қақпанға түскен құйрығымның дәл түбінен шорт кесіп қоя берді. Зытып отырдым. Ұзай бергенде Азнабай: «Әй, айтқандай қаншығың қайда, бұйрықты ұмытпа» деп айғай салды. Босап алған соң ішінде қызғаныш оты ойнайды екен. «Қаншықты қатқақта қуып ұстарсың. Бұйрығың орындалмаса, құйрығым қолында ғой, бұрай бер» деп зымырай жөнелдім.
Анда-санда ду етіп, өткінші жауындай жаппай күліп, оқыс тыйыла қалған жұрт, әңгіменің осы тұсында гуілдеп кетті.
— Аһ, қаныпезер Азнабай, қарашы қасқыр екеш қасқырға дейін жұмсауын.
— Тек жатқан елде не өші бар екен ала алмай жүрген, әлде ғана. Екі елдің арасына іріткі салатын осылар екен ғой.
— Өй, тілеуің бергір, Бірішек. Әлгіні айтқан ана қорадағы тері ме-ей?!
— Кетерінде мықтап кеткен екен, — деп кемпірлер бірін-бірі шымшылап мәз боп жатыр.
— Тұра тұрыңдар, ар жағын естиік, — десіп гуілдесіп алып, тағы да Ақанның аузына қарасты жұрт.
Ақан Біржан салдың басына жазықсыз қамшы үйіртіп, зәбірлеген Азнабай болысты осылайша бір шоңқитып алып, ендігі әңгімені өз ішіндегілерге қарай ойыстырды.
«Бірішектің сөзіне күліп отырып пышағым тайып кетіп еді, арлан қиқаң етіп «байқасайшы, батыреке-ау» деп ыр етті. «О не, пышақ етіңе тиіп кетті ме» деп ем, «жоға, етімнен ет кессең де қыңқ етпейтін қасқыр емеспін бе, теріні кесіп алдың ғой, бүлдірмесейші» деп, Бірішек әрі қарай сөйлей берді. «Содан не керек, ұзын сөздің қысқасы, әлгі сөзіме шамданған Азнабай бар атқа мінерлерін соңыма салып, күн көрсетпеген соң, бір күні қасыма нақсүйер жалғыз молақ қаншығымды ертіп алып, керей еліне қарай жорттым. Екі жылдай жақсы тұрмыс құрып ем, ол жақта да Жанбота деген бір сұм бар екен, сол соңыма жарық алып түсіп, күн көрсетпеді. Абалаған талай төбетін жұмсап: «тіршіліктен үміті болса, бұл арадан кетсін, қарауыл жағына барып паналасын» деп қайта-қайта сәлем айтып, мазамды ала берген соң, құйрығым қоныс таппай, Сырымбет қайдасың деп тартып бердім. Сүйтсем, қарауылдың нағыз қалың шетінен бір-ақ шығыппын ғой. Құдай біледі-ау, керей іздеп кергитіндей, қарауыл іздеп қарғитындай Азнабайдың, Жанботаның жыртысын жырта жүргем жоқ, бәрі күн көріс қамы ғой, даяр ас болса болғаны — келе ауызды салдым малға. Шынын айтқанда, кедей-кепшіктің жалғыз-жарым арық-тұрағына тимедім, ғұмыры жасық жеп көрмеген мен де төре тұқымы секілді асылдың сынығымын, байлардың былқылдаған биелері мен байталдарына бастым азуды. Мынау қай ру, қай ата деп қарағам жоқ, жылқы малы, бір жақсысы, үйірге бөлінсе де, руға бөлінбейді ғой, көшейдің Назар, Тілеубай деген ағайынды байларының, төреден Уәлі балалары Шепе, Махмет, Қозыкейдің, атығайдан көшкіл ораз Тұмырзаның Мұқаны, көшқұлы Боқа, бораншы Сасықтың Тоқсанбайы, Қисықтың Исанбайының, малтабар, құлтабар, көшей, көлдей, көбей жұртының шаруасы мығым байларының малын қынадай қырдым. Тіпті бір боранды күні Кемел баласы саудагер Сүлейменнің қызыл шатырлаған сиыр қорасына дейін түстім. Қорқайын ба!»
Күнде естіп жүрген кісі аттарын естігенде есік жақта шүпірлеген жастар жағы мәз боп күліскенмен, төр жақта отырғандар енді үнсіз тымырайып, өздеріне де қолайсыз тықыр таянғанын сезіп, жөтеліп, қозғалақтай бастады.
«Сен қорқайын ба дейсің, әлгілерің, жарайды, ерлік болсын, бірақ түнеугүні Кемелдің Нұртазасының жылқышысын неге аттан жұлып алып, есін шығардың. Ол малайдың не жазығы бар?» деп ем, Бірішек басын көтеріп алды. «Тұра тұр, тұра тұр. Малай, малай» дейсің, сол малайға не жоқ итаршыланып, «байдың асын байғұс қызғанадының» кері. Жыным келіп аттың үстінен әдейі жұлып алдым да, өңменінен басып тұрып: «Әй, оңбаған малай-ау, жалшы, сорлы неме, сен ғой таң қараңғысынан көзің жыртиып тұрасың да боран демей, шашын демей күні-түні салпақтап, Нұртазаның малын бағасың. Сондағы алатының не? Әлі бауырыңа басқан қаншығың да жоқ, ә-ә, қатының дегенім ғой. Егер ертемен тұрмай гөр. Бір күн ұйқтап қалсаң қаражүрек Нұртаза үстіңе мұздай су құйып, шошытып оятады. Тағы, ол аз дегендей, тепкінің астына алады. Ал, сен болсаң, мыңғырған малдың біреуін жегенге желігіп, менің соңыма түсесің. Маған күш көрсеткенше, ана Нұртазаға бір ауыз қарсы сөз неге айтпайсың, сен туғанда да қалжа жемеп пе еді. Өй, адам болмайтын ынжық неме деп, бір нұқып, қарға нығарлап кетіп қалдым. Тіл-аузы байланып, зәресі ұшқан өзінен көрсін, жасық неме. Мен оны жеп қояды деді ме екен, қуыс қурай», — деп езуін ыржитты. «Ал енді Бақан, Тастандардың малын неге жеп жүрсің, олар маңдайы шылқыған бай емес қой» дедім.
Өз атын естігенде Бақтыбай селк етіп, ыршып түсті:
— Қой, айналайын, менен аулақ. Сол Бірішек жеген бір биеден ырысым ортаймас. Жеймін десе, тағы жесін мейлі! — деп ат-тонын ала қашты.
Отырғандар ду күліп:
— Айтыңыз, айтыңыз, Бірішек не деді?
— Бақа, сіздің малыңызды Бірішек енді қайтып тіріліп кеп жемейді, — десіп жатыр.
Тастан тымырайып, күреңітіп отыр.
Бірішек не десін. «Ай, өзің де қызық жігіт екенсің, — деді тыржиып, — Бақаң мен Тастан қыздарын балиғатқа толар-толмаста, құтылуға асыққандай жанталасып, ұзатып, балаларының көз жасымен байып алған жоқ па. Талай өлтірінің ішінде біреуі маған бұйырмай ма?»
— Өй, қарағым, мұны айтқанда қасқырыңнан жан кете бастаған ғой. Әйтпесе, алжыған ба, өлтіріні пайдаланып, жаныма басып қалыппын ба, қасқырға жем қылатын өлтірі жоқ, — деп Бақтыбай ағынан жарылып, жұртты тағы күлдірді.
Содан не керек, қасқырдың терісін басына келтіріп айналдыра бере соңғы жауап алдым: «Ал енді сүттен ақ, судан таза бола тұрып, осы жүрісің не? Далада ордалы қасқыр жұбын жазбай бірге жортады. Сен болсаң үнемі жалғыз шабасың малға. Қаншығыңнан басқа серігің де, досың да жоқ. Бөрілермен аразбысың?» «Дүниедегі ең мықты да, ақылды да адам дейміз. Оның даласы мен құласы бар, — деді Бірішек. — Сен мені кінәлама. Мен түгілі бір Шөбектен тараған Бегалы, Мырзалы балаларын қарашы. Қасқырдан бетер емес пе, бір-біріне атарға оғы, қабарға азуы жоқ. Бөрі менен сұрағанша, адам боп жүрген солардан сұра. Оларға не жетпейді?! Керей мен қарауыл, сендерге не жетпейді?» — деп Бірішек көзін жұмды.
Ақан суыңқырап қалған қою қара шайды табаққа құймай, шыныаяғынан ұрттап, үнсіз отырып қалды. Күнде ауыл арасында кешқұрым ермек үшін айтылатын жын, пері, дию жайындағы адам иланбаса да, жұмбақ бір өмірге жетелейтін қызықты ертегілер естіп жүрген жұрт Ақан әңгімесінен жаңа, тың нәрселер ұққандай. Өз ауылдастарын қосып, дала бөрісінің аузымен талай сырдың ұшығын ұқтырған мына әңгімеде үлкен астар да бар. Оны әркім өз шамасына қарай топшылап, бірі күлкілі жағына ғана ырза боп, сөзді келістіре білетініне ден қойса, енді кейбіреулері оның мысқыл, ажуа жағын басымырақ бажайлап, неше бір арам, сұмдық ойға түсіп кеткен. Торсиған жұмсақ, жылы бауырсақ пен сары алтындай майды көсіңкіреп алып қарбыта жеген жұрттың ойы әр сақта. Үнсіз отырып шайды ұзақ ішті.
Шыныаяқтар шиқылдай төңкеріліп, шай жинала бастағанда, босағаға таяу отырған бір кемпір тыныштықты бұзды:
— Айналайын Ақанжан, жүрген жерің думан ғой. Көңілімізді бір көтеріп тастадың. Енді, қарағым, бір-екі ауыз лебізіңді тыңдасақ па деп отырмыз.
Шайдың аяғына қарай мал сойылған қорадағы шаруасына кеткен Тастан есікке жақындай бере кемпірдің сөзін естіп, қабағы түксиді. Ауыл адамдарының үлкен-кішісіне өктем сөйлейтін ол:
— Әй, кемпір, ішер шайыңды іштің ғой. Енді жаспен жас болмай, ана қазандық жаққа барсаңшы. Бақа аға, сіздердің де үлкен үйге кіріп отырғандарың дұрыс болар, — деп басқаларына да әкімшілік етті.
— Үй кең ғой. Біз де өлең тыңдайық, — деп Бақтыбай қарсылық білдіріп еді, Тастан қынжылып, алақанын жайды:
— Мына арада жастар келіп тұр. Кіші бөлмелерге сыймайды. Балалармен қалай араласып отырсыңдар. Ақтоқты да келді. Осында отырамыз дейді.
Жел қағып, тотыққан Ақанның жүзі Ақтоқтының атын естігенде ду ете қалғандай болды. Бұрын-соңды қыз алдында аса қымсына қоймайтын ерке, сері жігіт тап осы арада бұлай өзгере қалғанына өзі де қысылғандай, ыңғайсыздана берді.
— Қой, онда болмас, үлкендер өзіміз жеке кетейік, ал мына дәмге бата қайыр, — деп Бақтыбай ас ішіп осы үйден біржола аттанып бара жатқандай қасындағы қара сақалға қарады.
Қара сақал еңгезердей шалдың даусы да гүрілдеген жуан екен, күректей алақанын жайып жаттанды батаны сыдырта жөнелді:
— Бай қылсын, бақтылы қылсын, Сүлеймендей тақтылы қылсын, арқардың мүйізіндей шақшалы қылсын, Кенесары, Наурызбайдай ақшалы қылсын, Аққошқар-Сайдалыдай жылқылы қылсын, жамандық ойлағанның құлқыны құрсын. Қоныпсыз қораңызға қоңыр күзден, қойларыңның қиы бар жалпақ тізден, бата бізден болғанда, тілек сізден, не тілейсіз, ей, балалар, енді бізден. Астырсын да тастырсын, сыйлы адамға бас тұрсын, осы үйге қастық еткенді қара таспен бастырсын. Аллаһ акбар! — деп әндете қайырып, бетін сипады.
Үлкендер кетісімен ауыз үйде ұйлығып тұрған ауыл жастары кең бөлмеге лық толды. Ақанның күтіп отырғаны Ақтоқты. Келіп жатқан қыздардың ішінде мынау сол болар дейтіндейі жоқ.
Бір кезде жұрттың соңын ала Ақтоқтының маңдайы жарқ етті. Өзі де айтса, айтқандай-ақ екен. Тоқсан түрлі шөптің ішіндегі раушандай жайнап, көздің жауын алғандай, Тостағандай қарақат көзі анадайдан жарқырап, бір-ақ уыс беліне қиылған жағасыз камзол қыналып, аппақ ұзын мойынды, жасы он жетілерге келген қыз маңындағы құрбыларынан ерекше көрінеді.
— Ақтоқты, жоғары шығыңдар, — деп бозбалалар да аса бір жылы ілтипатпен орындарынан сырғып жол беріп жатыр.
— Жоқ, мен отырмасам да болады, өз үйім ғой, — деп даусы сыңғыр етіп, босағаға сүйеніп тұрып қалып еді. Онда біз де отырмаймыз.
— Сен отырмасаң кетеміз, — деп ауыл-үйдің жастары жапа — тармағай бәйек болған соң барып, Ақтоқты қасындағы қыздармен бірге өтіп, оң қатардан орын алды. Жүріс-тұрысыңды еркіндік, өз жұртының алдында бір келісті еркелік бар.
Бала күнінен бері Сарыкөл, Қоскөлдің жағасында асыр салып, жұмыртқа іздеп, құс аулап ер жеткен Ақан келген құсбегі саятшыдай сынай қарап, біраз отырыстан соң әрқайсысына өзінше ат қойды. Маңындағыларға көзінің қиығымен ғана маңғаздана қарап, қақ-соқта жұмысы болмай сабырлы отырған толықша, мол кеуделі, бұғақты қараторы қыз барылдауық қоңыр үйрек сияқты; келгелі сыбдыр шықса елеңдеп, жан-жағына жылтыр, өткір көзімен алақтаған қара камзолды, ақ көйлегінің кестелі жағасына үлкен тана таққан қыз сүңгуір қасқалдақтай, ытырынған, киімі де, өңі де сұп-сұр, түсі суық көк көз қыз сұқсыр үйректей; жаңа ғана той-думанға араласып, өздерінше шашын жылмита тарап бой түзей бастаған, әлі ешкімге елеусіз, лақтың асығындай жүдеубас шарқы қыздар бір-ақ уыс еті бар шүрегейлер секілді, олардан да жастау, кірпігін жиі қағып қонақтарға тосырқай қарап босаға жақта томпия қалған сап-сары уыздай екі егіз қыз әлі қанаттанбаған қаздың сары балапандарындай. Ал Ақтоқты болса солардың ортасында мойнын иіп тастап балдыр сүзген, ерке, сұлу аққудың көгілдіріндей.
Бұл жаққа таңсық — аспалы ондық шамды Тастан Қызылжардан алдырған. Дәл ортаға ілінген шамның бір сымын қысқартып, кіші жас тоқал жоғары ілді. Ақан Ақтоқтыдан көзін алмай отырып, жолда кездескен Қалқа баланы ойлады: «Неғып келмей жатыр. Дегенмен жігіт екен — айтқанды орындады. Өзі қайда жүр?»
Жастар отырар-отырмастан-ақ бір жігіт орамалды бұрап есіп:
— Көрші ойнаймыз, аяқтарыңды тарта отырыңдар, — деп босаға жақтан бастап, жоғары өрмелеп, жастардың апшысын қуыра жөнелді. Есік жақтан әлі де ұзай қоймаған бағанағы кемпір:
— Өй, көкшешек, Құлмақ, ойының осылсын! Ойнауға таң ұзақ жетеді, әуелі өлең айтқызбайсың ба? Қонақтардың лебізін тыңдайық, — деп тағы да ескі сарынына басты.
— Апатай, көкетай, шешетай, шақшадай сабыр ет. Құлағынан тартса дарылдай жөнелетін сіздің үйдің қол диірмені жоқ бұл жерде. Әуелі жұртты, былай тоғыстырып, табыстырып дегендей, екшеп алайық. Сосын, сіздің осы тұрысыңыз не? Бәрібір ойынға қоспаймын, дәмеленбеңіз, — деп Құлмақ қуланып «көршіні бастап» кетті…
Талай алақандар күйіп, талай қыз орнынан ауысып келіп, ақыры Ақтоқты Ақанның қасына отырған. Сол кезде, осы сәтті аңдып отырған Шәкей:
— Оу, жігітім, Құлмақ деді ме сенің атыңды? Енді біраз өлең айтып, ауыз жақта күтіп отырған қарттардың да көңілін аулайық, — деп қолқалай сөйледі.
— Дұрыс айтасың. Ол да болсын. Бірақ мұның арты «жаман үйдің иесін қонағы билейді» болып кетпесін. Бір арызыңды орындаймын. Ал ана сығыр кемпірлер біздің барылдаған даусымызды күнде естіп жүр, олардың ынтығып, жылтыңдап жүргені Ақан ағай ғой. Тұра тұр, әлі біраз жалықтырармын оларды. Әуелі, кәне, ауылдың алты ауызын бастаймыз. Жеңеше, жеңеше, тұра тұр, — деп аузы-аузына жұқпай сөйлеген Құлмақ жиі кіріп-шығып жүрген Қадишаны тоқтатып алды… — Сіздей кеме тұрғанда қайықшыға орын жоқ.
— Нағыз кемешілер мына аңшы қонақтар ғой. Біз де бүгін қайықшының ескегін алып судан тайып тұратын шығармыз, — деп күлген Қадиша ауылдың алты ауызын айтар-айтпасын білмей бөгеле берді.
Қадиша Тастанның кіші тоқалы. Жасы жиырмаларға жаңа келген жас келіншек. Осы үйдегі Ақтоқтыдан кейінгі әйел жынысының көріктісі. Басына тартқан жеңіл ақ жібек шалысы болмаса, ауыл-үй қыздарының бірі деп ойлайтындай. Әлі уылжыған жас, үлбіреп тұр. Ақ қағаздай бетінің ұшындағы қызылы бүгін бұрынғыдан да ерекше нарттай. Ақан келгелі осы жаққа той қамының сылтауымен көп кіріп жүр. Маңдайы кере қарыс, қаршыға көз, әсем жіңішке, қою мұртты жүзі желге тотыққан қара торы жігітке қараған үлкен сұлу көзінде албырттық та, мұң да бар. Ұзақ уақыт көз алмай тұнжырап тұрып қалатынын өзі де аңдамайтын сияқты.
Алқа-қотан жайғасқандардың бәрі Қадишаға қарап үнсіз отыр, Қадиша ыңғайсыздана түсті.
Осы кезде есіктен қарап зілденген Тастанның бәйбішесі қабағын керіп, тосын мінез көрсетті:
— Әй, Қадиша, сенсіз де осында өлеңшілер жетеді ғой. Жастармен жас болмай, шаруаңа жүр, — Қадишаның екі беті шиедей болы кетті де, теріс қараған күйі:
— Сізбен жарысып қайтем, аяқ-табаққа өзіңіз де жетесіз ғой, — деп, Сұлтанмұраттың қасына барып отырды да, өлең бастады.
Ақанның әні — «Мақпал». Бертін шыққан ән лезде ауыздан ауызға тарап, қазір бүкіл Көкше жеріне мәшһүр болған. Жиын-той «Мақпалсыз» өтпейді.
Ақан басын сәл ие түсіп, ойлы тыңдап қапты. Қадишаның ақжарқын, ашық мінезіне қанық ақын оның әнші екенін жаңа естіп, қайран қалды. «Үйірі қысырақтың мақпал қара» деп, екі жолын жүрексініп, әрі бәйбішенің әлгі сөзіне намыстанып, босаңдау бастап еді, өлеңнің екінші буынында жұмсақ, таза үнмен еркін шырқады. Көп жерлерде айтылып жүргендей емес, Қадишаның аузынан шыққан ән жаңа бір өрнек, кесте тапқандай. Ақан әнін бұзып айтқандарға қабағын шытынып, жаратпай, қашан аяқтағанша шыдамсызданып бітетін. Немесе, мына жерін былай айт деп өзі түзеп, тіпті болмаса, «әннің аузын жалақ, арқасын жауыр етпеші, әлі мұның үлкен сынға түсетін кездері болады» деп айтқызбай қоятын. Қадишаның айтуынан өзі де байқамаған бір сезім толқынын аңғарғандай болып, аса тебіреніп, ұйып тыңдайды.
…Алыстан ат аямай келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.
…Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
Бір көріп қайтайын деп, Мақпал сені, —
деген сөздер тап қазір Ақанның Ақтоқтыға айтып отырғанындай. Жігіттің қызға ренжімей, наз ғып айтқан «қырындамай» сөзі мен қиылып, ағынан жарылған «қайтайын» деген сөздерін толқыта, екпіндете айтады. Осы екі жолдағы ақынның айтайын дегені де осы екі сөз, әндегі үзіліс жасап, жеке бунақпен, жаңа нақышпен оймышталатын тұсы да осы ара. Қадишаның әнді әшейін дауысын көрсету үшін барынша зорланып айтатын әншілердей емес, оның сыр-мәніне қарай нақыштап, айшықтап айтатын әнші екеніне көзі жеткен Ақан дән риза. Қадиша ақынның қасындағы жас қызға айтар сөзін әнмен жеткізгендей көрініп, Ақтоқты тура өзіне арналған жігіт назынан қысылған күйде отыр.
Қадишадан соң ешкім қолқаламай-ақ Сұлтанмұрат Құлмақтың қолындағы тұмар тағып күмістеген мойны ұзын домбыраны алып, қатты бұрап, қара шертіске салып, лекітіп, біраз бабына келтірді. Содан соң Ақанның «Майда қоңырына» басты. Бұл ән де ақынның бозбалалық, жігіттік өлеңдерінің ішіндегі аса бір сырлы, құдіретті әні еді. Бұған да аса шебер әнші болмаса, ауыл арасындағы «ұялмаған өлеңші болады» дейтін көрінген адамның қолынан келе бермейді. Ақан осы әнді Сұлтанмұраттың айтуын қалап, бір жиында «Майда қоңырды» сенің меншігіңе бердім дегені бар. «Жігіттің падишасы Әмір-Темір» деп, соңғы «Әмір-Темірді» ширатып-ширатып, толқыта көтергенде, Сұлтанмұраттың саңқылдаған ашық ұранды даусы ағаш үйді жаңғырықтырып жіберді. Күн ұзын далада жаураған жігіт жылы үйге келіп, қою шайды ғана ішіп, енді жастардың ортасына түскенде қанаттанғандай, аруақтана, еркін сілтеді. «Ахахау майда қоңыр» деп, домбыраның жоғары пернесіне барғанда да тынысы тарылмай, бұйраланып неше құбылған ұзақ толқымалы қайырманы еркін, бір деммен аяқтайды. Әннің әр буынының ара-арасында домбыраны шертіп-шертіп жіберіп, кеудесі көрікше бір көтеріліп, бір басылған жігіттің даусы үдей — үдей соғады. Бұрын Сұлтанмұраттың атын естігенмен, өзін көрмеген, даусын естімегендер бағана «Ақанның қасында жүретін әнші жігіт» дегенде, қазанның түп күйесіндей қара жігітті қорашсынып, «осы ма мақтап жүргендері» деп, іштен мысқылдай қараған. Сұлтанмұраттың әніне риза болған Ақан бірде: «Шіркін-ай, тосын көрген баланың жүрек қабы жарылатын жүзіңді теріс қаратып қойып, бал татыған әніңді тыңдай берер ме еді» деп еркелете күліпті, «Ақан етінің қаралығын кетірем деп Сұлтанмұратты Сарыкөлге апарып, үш иіс сабынмен жуыпты» деген құрдасының қалжыңы елге аңыз боп тараған. Осыны естіген кейбір жастар алғаш көргенде айтса-айтқандай екен деп, біріне-бірі сыбырлап күлісіп қойған. «Қараның іші сара» дегендей, қара жігіт аузын ашқан сайын, көмейінен маржандай ән, меруерттей таза дауыс, қиятастағы жаңғырықтай үн шыққанда, әні де өзгере түскендей. «Күлімдеп, жарқылдаған тұрымтай көзі, дүрдие біткен қызыл ерні, дөңестеу мұрны, жел қағып, күн күйдіргендей шөген өңі ер жігітке лайық екен…» деп, «Ат ерінді, ер мұрынды келсін» дегеннің өзі екен», — деп, жастар енді іштей ұнатып, әрі-беріден соң қызыға түскендей. Бойындағы бар жылылық қасиетін, жібектей созылған мінезін әнімен танытқан өнерлі жігіт «Майда қоңырды» қоңырлата аяқтағанда, үй ішінде де майда самал ескендей.
— Пay деңіз!
— Әлеу деге-ен!
— Шіркін-ай!
— Туһ, не деген үн! — деп қайран қалысқан дауыстар әр жерден шықты. Босағаға үймелеп, ән тыңдаған ақ жаулықты, кимешекті кемпірлер де бастарын шайқап:
— Айналайын-ай, тусаң ту!
— Бір айтқан әнің бір қаралық екен.
— Көсегең көгерсін! — деп баталарын беріп, тағы өлең айтуын қолқалап жатыр.
Мұндай кіші-гірім той, шілдеханада «Көрші», «Хан мем уәзір», «Мыршым-мыршым», «Ат жүзігім, ат» сияқты ұлт ойындарын ойнап, көбінесе бұғыбай айтысатын жастар, бүгінгі түні ән тыңдаумен болды.
Сұлтанмұрат пен Қадиша кезектесіп айтып, бір кезде «Екі жиренге» қосылып кетті. Екеуінің даусы да қоңыраудай сыңғырлап, бұрын да талай рет бірге өлең айтып жаттыққандай бірдей шығады. Бұрын қыздардың қосылып ән салатынын немесе жігіттер мен қыздардың екі жақ боп бөлініп жар-жар айтатынын білетін жастарға Қадиша мен Сұлтанмұраттың мына өнері тосын, әрі қызық боп көрінді. Ақан болса, бірнеше дауыспен айтылатын ән де шығару керек екен деп көптен көкейінде жүрген мақсатын ойланумен отыр…
* * *
Үлкен үйге келісімен Мұқанәлі әлгі Ақанның қылығын он саққа жүгіртіп, біраз шенеді:
— Осы Қорамсаның баласынан кейінгі кезде түңілейін дедім. Жұрт астына көпшік қойып, Ақан, Ақан деп дәріптеген сайын құтыра түседі. Мұның арты жақсылыққа саймайды. Айтқаның келді дерсіңдер: Қарауылдың Азнабайын шеней отырып, өз елін де былғаған жоқ па?! Қыз-қырқын жетпегендей үлкендерге ауыз сала бастапты. Түбі, аузың жаман демеңдер, бәріміздің ата-тегімізді лайлап, бабаларымыздың көріне дейін қопарады. Сендер де оны мадақтап күлдіңдер. Неменелеріңе жетісіп күлесіңдер!
— Енді күлмегенде қайтейік, күлмесіңе қояр емес, — деп қара сақал гүж етіп, тағы да әлгі әңгіме есіне түсіп, күліп жіберді. — Аман қалған мына Әлжан ғана, басқамызды бір сыбап алды ғой.
— Мені де жетістірген. Маған айтатынын жолда айтқан. Сыбағамды алғам, — деп Әлжан зілсіз күлді.
— Иә, саған не дейді. Неғылмайсың дейді? Тиіспеген адамы қалмапты ғой, — деп Тастан Әлжанды да қайрап, улай түсті.
— Қой, айтпаймын. Отыз тістен шыққан сөз отыз руға жетеді, ертең мазақтағыларың келеді ғой.
— Айтпасаң да Ақан айтқан сөз жерде қалмайды. Қасына ана бір Шәкей дегенді салпақтатып ертіп алыпты. Ол да бір аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін керауыздың өзі. Ертең-ақ елге жаяды. Өңкей есер, әңгүдіктердің жүрген жері оңушы ма еді, — деп Мұқанәлінің зығыры қайнай түсті. Шәкей деп меңзеп отырғаны Су Құсайын еді. Ол да ертең ел аралағанда айтар сөзін ішке түйіп, үнсіз отыр.
— Әй, айтқандай, Мұқанәлі-ау, Ақанның сендерді итке теңегендері қалай, басқаға теңесе де, Сауытбектің сары ала иті сендерге ұқсамайды ғой, — деп Бақтыбай не сөйлерін білмей қыстырыла кеткенде, үйдегілер жарылып, ду күлді.
Мұқанәлі ғана түксие түсті.
— Немене, сонда Сауытбектің итінен басқа итке ұқсай ма екенбіз. Сол да сөз болыпты-ау. Сізді де жаңа жетістірді. Қай қызыңыздың қалыңына байып едіңіз. Ақанның сөзінде шындық болса, Тастан екеуіңіз де байитын жерді тапқан екенсіңдер. Бәсе, бәсе…
— Жарайды, Мұқанәлі, шамыңа тиетін сөз болса, маңындағылардың бәрін тырнауыштай қоса әкететін не жының бар осы. Сенің көнектей аузыңның ұшығына дейін айтқанына жұрт кінәлі болып па, — деп Тастан да қармыжысын жібермеді.
— Оның Шөбек балаларына жұлдызы қарсы.
— Қой, онда Ералыға апасын ұзатар ма еді. Сердалымен де әмпай сияқты еді, қайдам, — деп Әлжан басын шайқады, — Сендер түгілі төре тұқымы бізге тиісті ғой. Онда не тұр. Елдің бір еркесі. Не айтпайды.
— Еһ, сендер не, сонда аспаннан аяқтарың салбырап түсіп пе едіңдер. Осы «төре-төре» деп, шөре-шөрелегендеріңді қашан қоясыңдар. Замандарың өткен жоқ па! Тымақтарыңды алшысынан киіп, кекіреңдеулерің жетпеді ме, — деп Мұқанәлі Әлжанға да тиісіп еді, анау да тарпа бас салды.
Қыздым — қыздымға келіп, өзді-өзі айтысып кеткенін де білмей қалды. Ақан айтқан бұл әңгіме бұл үйден шықпай осындай болып жатыр. Ертең елге тарағанда не болмақ.
Аяғы дауға, жанжалға қарай ұласа бастаған шуыл, қатқыл, зілді сөздерді Тастан басты. Бұл кезде Қадиша Біржанның «Жайма шуағына» әуелете салып еді. Жастар жағында шырқаған дауыс үлкен үйді де жаңғырықтырып әкетті. Бүгін тым еркінсіп алған тоқалына қалай тиісерін білмей мұрны шуылдап, зығыры қайнап жүрген Тастан:
— Жетті, енді доғарыңдар. Осы үйге нәрестенің қызығына келіп пе едіңдер, әлде айтысқалы келдіңдер ме? Бір есердің оттағанын сонша құндап… Әй, Құсан, Құсан-ай, бері кел, — деп ауыз үйде ойнап жүрген шолжың ұлын шақырып алды. — Ана қатынға барып, жаман керейдің әнін айтпасын де. Бар, тоқтат!
Өзіне үлкен міндет жүктелгеніне әжептәуір болған тентек бала мұрнын бір тартып, екі жауырынының ортасына таққан киелі бураның алқым шудасы желк-желк етіп, көптің арасына қойып кетті. Бара, жеңгесінің шалысын жұлқып-жұлқып қалды. Алғашқыда жай әншейін еркелігі шығар деп, Қадиша оны құшақтап өзіне тартып, өлеңін тоқтатпай айта беріп еді, басындағы шалысын жұлып алды. «Өй, тұра тұр, Құсан, Құстай» деген бозбалаларды теуіп жіберіп:
— Әй, қатын! — деді Тастан құсап, — жаман керейдің өлеңін айтпасын дейді. Айтпа!
Ән үзілді.
— Енді сен қалып едің осы үйде басынбаған, — деп Қадиша үніне булыққанда, Ақтоқты қып-қызыл боп, немере інісіне ала көзімен қарады. Әлі де жеңгесін жұлмалап жатқан ерке бала өзі қаймығатын қатал апасы:
— Әй, кетемісің, — дегенде барып етегінен тартқан жігіттің бетіне бір түкіріп, ауыз үйге шығып кетті.
Жұрт тым-тырыс. Үнсіздікті Ақан ғана бұзды:
— Шәкей, домбырамды әперші, — деді, өңі күреңітіп.
Қайда шықса да қасынан тастамайтын бүктемелі домбыраны үйге келісімен қабынан алып, жүкаяқтың үстіне кептіріп қойған. Ешкінің ашы ішегінен жуандау етіп сыдырған қоңыр ішек кеуіп, дыңылдап тұр. Аяз сорған домбыра шанағы жылы үйде бусанып, енді ғана жасаңғырай бастаған. Ақан құлағын бұрап шертіп қалғанда майда, қоңыр үнмен күмбір ете қалды. Жұрттың көзі ақында. Бір кезде салалы саусақ домбыра сағағына дейін орай жүгіріп, әнші қайың қақпақты Тастанның маңдайын шерткендей қатулана шертіп — шертіп алды да, ұзақ тартып зарықтырмай, жұртты жалықтырмай, «Біржанның әнін тыңдамайтын неме екенсің» дегендей, шалқытып кеп «Адасқаққа» басты. «Созады Біржан даусын қоңыр қаздай» деп толқытқанда, бағанадан зорға тізгіндеп отырған көмейдегі үн домбырамен бірдей күмбірлей жөнелді. Айғайға басып, дауысқа салып айтатын биік әндердің өзін домбыраны бос бұрап айтқанда Ақанның үні аса майда, жанға жайлы тиеді. Отты көзі бір араға қадалып, түйіліп кеп:
Жасым бар жиырмада жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.
Басымнан дұшпан сөзі асар болса,
Сен түгіл, басқаға да бас ұрмаймын, —
дегенді тура Тастанға арнағандай зілмен, қаһарлана айтты да «ах-а-ау» деп көтере шалқып, үннің неше бір бұрылыстарымен зергердей нақыштап барып, баяулата қоңырлатқанда, әнші енді: «Қойшы, сендей надандармен надан боп қайтем» дегендей, тісі ақсия күліп, жайдарыланып, бетінде қан жүгірді. Сұлу, көрікті әнді ақын: «Біржанның тырнағына тұрмайтын сендейлер, бір әнінің садағасына кет, мен түсінетін қауымға, жастарға айтып отырмын» дегендей, айналасына күлімсірей қарап тоқтады.
Ауыл-ауылдан келіп жатқан адам аяғы түн ортасына дейін саябырсымады. Тағы бір топ адам сықырлап кеп, ауыз үйге сырт киімдерін үйіп, ән шыққан жаққа ұмтылды. Тойды атқарып жүрген даяғатшы жігіттер әр бөлмеге бөліп, қонақтарды жасына қарай реттесе де, көбі көнер емес. «Ақан қайда?» «Мына дауыс Ақандікі ғой», «Біз тамақ іше келді дейсің бе» десіп, жастар жағына сығылыса кіреді.
Ақан қай ауылда болмасын — Ақан. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін біледі. Жаңа ауыл-аймаққа шапқылап, Тастанның үлкен тоқалы ұл тапты деп жар салған балалар хабарласпайтын елдерге дейін барып, «Ақан келді ауылға», «Ақан келділеп» әнші серінің келуін ұлы жаңалық қып, қуана жеткізген. Көрінген той-томалаққа еліге бермейтін кәрі-құртаңдарға дейін жалғыз атына міне салып асыға келіп жатқан себептері де сол.
Ақан келгендердің де көңілі үшін, Біржанның аса шебер әншіні керек ететін, қиын, айшықты «Мәті-Дәулен», «Сырғақты», «Ақтентек» әндерін нақышына келтіре айтып берді. «Гей, геги-гек-гек, гей-геги-гек-гек» деп келетін «Ақ тентектің» сұлу қайырмасын бипылдата жорғалатқанда, жастар жағы іштей қайталап, ән ырғағымен бірге қозғалып теңселіп, қара камзол, ақ көйлек, сары көйлек киген қыздар ырғалғандай болды. Күн ұзақ мал жайлап, отпен кіріп, күлмен шығып, шаруамен салпақтап, қажыған қарттардың тұла бойы шымырлап, балқып, кейбірінің көзінен жас сорғалайды. Қуаныштан, тебіреністен шыққан рақат көздің жасы.
Әнге ұйымаған, қайта іші күйіп, бұрынғыдан бетер ашуға міне түскен жалғыз Тастан. Әттең, жұрт өз қызығына жиналып отыр. Ақанды қошаметтей келсе де, әйтеуір жаңа дүниеге көзін ашқан сәбидің шілдеханасы сылтау ғой. Әйтпесе, бұрын төріне ойнақ салмақ түгілі, босағасынан сығалауға бата алмайтын мына тобырды ауласынан жүргізбес еді. Ал Ақан жайы басқа. Ол аса бір сүрінетін ұрымтал жерін таппасын, жеңіл-желпі ашуыңа бой бермейтін өткір, алғыр жігіт. Егер оған орынсыз қызбалық көрсетсең, жұрт алдында ащы тілімен масқара ғып, қайтып тұрмастай етіп кететін бір бет, шешен. Қанша жас болғанмен, бұл өлкенің үлкен-кішісі одан қатты қаймығады. Ал Тастан деген кім? Тастан Ақанмен салыстырғанда өзінің кім екенін іштей жақсы біледі.
Тастанның жанына тиген, әсіресе, Қадиша қылығы. Сұлу, жас келіншек бұл үйдің әйелі емес, алыстан қонаққа келген жат адамдай сылаңдап, бар өнерін салып, жұрттың көзіне түсіп отырғаны анау. Тіпті, әдейі қыр көрсетіп жүрген сияқты.
Ақан Шәкейге иек қақты:
— Шәкей, енді сен біраз домбыра тартшы.
— Е, сіздің де өнеріңіз бар екен ғой. Тартыңыз. Өлең айтыңыз.
— Апырай, қонақтардың бәрі әнші екен-ау! — десіп жастар жағы Шәкейге қарады.
Шәкей шынында да әнші, әсіресе, домбырашы жігіт. Ақанға еріп, ел аралағаннан бері әнге де, күйге де бұрынғыдай салғырт қарамай, жанға қорек, елге керек өнер деп ұға бастаған.
Шәкей Сұлтанмұраттың тізесінде жатқан сырлы домбыраны алып,өзінің еркін орындайтын қара шертістерін мың құбылтып, құйқылжытып тартты да, бір кезде домбыраны қайта бұрап алып, Ықластың «Ерден күйін» сарната жөнелді. Одан соң Дайрабайдың «Ала байрағын», жан жүйкені қозғайтын Тәттімбеттің шертпе күйлерін салды.
Шәкейдің домбыраны ойнатып, төбесіне, артына қойып тартуы жұртқа аса қызық боп көрінді. Елде бақайымен тартатын да не бір талапкерлер болғанмен, мына домбырашының тартысы бөлек. Сырлы домбыраны біраз желдіртіп алып, енді ол өлеңге көшті. Ақан отырған жерде тым ауыр әндерге жоламайтын әнші әдейі, жеңіл айтылатын күлдіргі өлеңдерге басты. Бұл жолы да Ақанның «Қыз сипаты» деген өлеңін маңындағы қыздарды қабағымен, иегімен, ымдай отырып айтып, біразына тидіріп, одан соң «Ағаш аяққа» басты. «Ала жаздай нәр татпай іздегенім қыз болды, ойбай, қыз болды-ай! деп ойбайын салып, өтірік жылап, көзіне жас алғанда үйдің ішін қыран-топан күлкі кернеп кетті. Енді бір кезде «Өлеңді жатып та айтам, тұрып та айтам, тым еліріп, есіріп алғанымда жорғалап құйрықпенен жүріп те айтам» деп құлағын, құйқасын қимылдатып, отырғандардың ара-арасымен босағаға қарай жорғалағанда қыздар, кемпірлер тырақайлап қашып, жастар ішек-сілелері қатып күлкіге батты. Шәкей тоқтаған жоқ. Жұрттың назарын өзіне аударып алды: Ақанның елеусіз отырып сөйлесуін қалап еді.
Ақан қасындағы Ақтоқтыға бір қырындап, көзінің қиығымен ғана қарап отырған. Қараған сайын мінсіз сұлу мүсінге тойымсызданып, ынтыға түскендей. Бір кезде Ақан өз — өзіне іштей күбірлеп, қап-қара қою қасы бір түйіліп, бір жазылып, қайта-қайта бір өлеңді қайталай берді. Өңі өзгеріп, өзін-өзі ұмытқан жігіттің даусы да оқыс шығып кеткенде, бағанадан бері үнсіз отырған Ақтоқты, мәрмәрдай аппақ мойнын бұрып күлімсіреді де, бетіне қан жүгіріп, сыпайы ғана үн қатты:
— Ақан аға, сіз құран оқып отырған жоқсыз ба!
— Жоқ, дұға оқып отырмын, — деп Ақан да қып-қызыл ернінің арасынан аппақ тістері түгел көрініп күлді. Екі сұлу кез бір-біріне алғаш қадалғанда, Ақтоқты кірпігін төмен түсірді. Жігіт көзіндегі оттан жүрегі дір ете қалғандай болды,
— Ол қандай дұға, біз тыңдауға болмай ма?
— Махаббат дұғасы, тыңдасаң айтайын.
— «Яман ұйғы, яман ұйғы» — ол ұйықтар алдында айтылмаушы ма еді.
— Жоқ, менің дұғам мезгілге қарамайтын, көңіл күйіне бағынышты өлеңмен айтылатын дұға:
Ақан басқадан өлеңін қызғанғандай тек Ақтоқтыға ғана сыбырлап өз-өзінен толқып кетті:
«…Жаудырап екі көзің отырасың
Тұндырған шай секілді құмандағы.
Көзіме мұнарланып көрінесің
Түлкідей тұра қашқан тұмандағы.
Сен болсаң ал қызыл гүл, асыл еркем,
Мен бұлбұл сайрап тұрған иран бағы.
Құрбыңа назарыңды бір салмайсың,
Кер тағы сияқтанып құландағы,
Қия тас қиынына қонсаң дағы,
Қайшылап қанатымды бұрам дағы.
Жеме-жем қиын қыстау болса дағы,
Тәуекел майданында тұрам дағы».
Ақтоқтының екі беті алаулап, тағы да күліп жіберді. Қызғалдақтай үлбіреген ерні дір-дір етіп:
— Ақан аға, бұл қай қызға шығарған өлеңіңіз? Жамалға ма, Зағипаға ма, Ақшабаққа ма, Мақпалға ма, әлде Шамшиқамарға ма? — деді.
Ақанның да екі беті оттай күйіп, Ақтоқтының қаздың қауырсынындай ұзын саусағына тесіле қарап:
— Қалай дедің, қайталап айтшы, — деп көзін алмай отырып қалды. Ақтоқтының аты жоқ қолында — өзінің бұрама алтын сақинасы. Бағана аңнан қайтқан жолда кездескен Қалқа бала осы Ақтоқты еді. Жасынан ер балаша киініп еркекшора боп боп өскен қызды ақын танымай қалған. Жеңгетай ырымымен алған сақинаны Ақтоқты тастамай, әдейі киіп алыпты. Ақанның көріп қойғанын аңғарған Ақтоқты да енді:
— Ақан аға, сіз қыздарды жақсы көресіз-ау деймін, — деп жолдағы Қалқа баланың даусына салып сөйлегенде, Ақан басын көтеріп ап, Ақтоқтыға жалт қарады:
— Еһ, сен жақсы көрмейтін шығарсың?!
Екеуі де оқыс күліп жіберді.
— Ей, Қалқа бала, Қалқа бала-ай, — деп өзінің жолдағы жігіттік сөздерінен қысылған, жас қыздың алдауына түскеніне ұялған Ақан басын шайқай берді. — Мен Қалқа бала қайда жүр деп елегізіп отырсам…
— Ол қасыңызда отыр екен ғой, — деп жымиып күлгенде Ақтоқты, шынында да, өзімен қалжыңдасқан ерке, шолжың баладай Ақанға тым жақын боп көрінді. Бұрын кездесіп, ойнап-күліп, әзілдесіп жүрген қыздарға Ақтоқты ұқсамайды. Бір сөз айтсаң, екі сөзбен жауап қайыратын сып — сықай да емес, бір көргенде-ақ жігітпен өліп-өшіп ашық қалжыңдасып, шүкіркелесіп, үйіріле кететін көңілшек те емес, жігіт алдында қысылып, қылымсып үні шықпай қалатын сиқыр да емес, еркекпен еркекше сөйлесетін алдың-дұлдың дарақы да емес, әшейін қарындасындай, не інісіндей ағасымен зілсіз ойнап, еркелейтін бала сияқты. Ақан да енді еркін сөйлесіп аңнан қайтқан жолда оның қыз бала екенін қалай білмегенін айтып, ұзақ күлді, Ақтоқты да күле отырып:
— Шынында да мені қараңғыда көрген адам ер бала деп қалады. Жасымнан еркекшора боп өскендікі ме… Ер бала боп жүре бергенге не жетсін, шіркін… — деп жеңіл күрсініп қалды… — Ақан аға, сіз кешіріңіз, өзі ойламаған жерден болды. Сіз ер бала құсатып сөйлескен соң, мен де… Мына сақинаңызды алыңыз, тек кешіре көріңіз!
— Жоқ, айналайын Ақтоқты, бұл алғашқы қызық кездесуіміздің белгісі болсын, — деп Ақан саусағынан ұстап алды. — Және мен мұны саған емес, Ақтоқтымен кездестіретін Қалқа балаға бергем. Егер қайтарып берсе, соның өзі қайтарсын.
Екеуі де бір-біріне қарап, көздері ғана күлімсіреді…
2
Мамыр. Биыл бұл айдың басы жиі-жиі төпелеп жауған өткінші жауынмен басталған. Көпке дейін былтырғы қатаң қыстың салдарынан айырылып-айырылып кеткен қара жердің тоңы енді ғана жібіп, жаңа бусана бастаған еді. Дүркін-дүркін күн күркіреп, үсті-үстіне селдеткен жауын суы қырат-қыраттардан жылай ағып сай-сала, жыраларды аузы-мұрнынан шығарып шүпілдетіп жіберген. Бір күн ішінде тебіндеген көк, енді қаулай өсіп, дала түсі масатыдай құлпыра қалды. Тау бөктерінде қызғалдақ, түзде сарғалдақ жайқалып, бүршік жарған қайың жапырақтары алақандарын жайып, көктем самалына дірілдеп тұр.
Қалың нөсердің артынан шайдай ашылған аспан жаңбыр суымен тазарғандай мөп-мөлдір. Көкжиекте аққудай тізілген ақша бұлттар шуақтап жатқан тәрізді, бүлк етпейді.
Көкшетау өңірінің дер шағына келіп, бой түзеген қыздай сыланған кезі бұл.
Қыстан қысылып шыққан жатақ ауылдар да арқасын қарыған аяздан арылып, белін жаза бастапты. Шағын үйлі Қантай ауылының маңында арық-тұрақ малдар көкке кенеше жабысып, қазыққа арқандап қойғандай ұзай алмай жүр. Маңайдағы көлшіктерді қанағат тұтып жайлау іздемейтін қысқа жіпті жатақтар жер үйлерінің сыртына — қарға адым жерге қараша үйлерін тігіп жатыр. Киізі кем кедейдің үйі де кем — бірінікі керегенің артқы жағынан он шақты уықпен көтерген тоңқайма болса, енді бірінікі екі туырлықты, уығы қысқа, үзіксіз жаба салма.
Күн сәске түс еді. Жер үйдің төбесіне төсеген терінің үстінде күннің шуағына маңдайы жіпсіп, салқам-салқам болған екі керегелерін қайтадан көктеп отырған қара шал ұңғысын салып алысқа көз тікті. Қасындағы әнші Сұлтанмұрат та орнынан ұшып тұрып:
— Мынау бір үлкен көш қой, қай ауылдікі болды екен, — деп таңырқай қалды.
Шағын ауыл әлгіндей болмай аяғынан тік тұрып, бәрі де көш жаққа қарасып тұр.
Ұзыннан ұзын шұбатылған көш ауылды жанай дабырлап өте берді. Адам да, мал да аралас. Кісінеген жылқы, маңыраған қой. Көш алдында биік атанды бұйдасынан жетектеген биенің үстіндегі кемпірдің ақ шағаладай күндігі бұлғақтап барады. Қаздай тізілген он шақты түйенің қомына артқан жүк адам айтқысыз. Ішін жүнмен тығындаған аттың желдігі сияқты екі өркешке кигізген жадыны айналдыра салған текемет ортасында мойны қылқиып шулаған кебеже, ораулы текемет алаша, кілемдер теңселіп, маң-маң басқан түйе ырғағымен бірге ырғалып, тербеліп барады. Көш айналасында ат үстінде бірін-бірі қуып, ойнап жүрген жастар, құнан мінген бозбалалар, тай жарыстырған жас балалар. Бәрі үлде мен бүлдеге оранған. Айыл-тұрман күнге шағылысып жарқ — жұрқ етеді. Көштің дәл орта тұсында екі жағына ерттеулі екі бос ат жетектеген су жаңа қара пәуеске кетіп барады.
Көш соңында радуанға, екі аяқты шиқылдауық ағаш арбаға жеккен аттың басында мәсілі аяқтары салбыраған әйелдер де отыр. Арба ішінде киіз үйлердің дестелеп салған сүйегі. Ара-арасында қырық жамау жүдеу киінген бала-шаға, күнге шағылысқан жез самауыр, леген, қазан-ошақ. Бұлар мал бағатын бақташылардың, есікте жүретін малайлардың үй іші болса керек. Олар да өздерінше масайрап, көктемнің жарқын күнінде алыстағы жайлауға шыққандарына қуанып бара жатқанға ұқсайды.
Ауыл маңында көбелек қуып, асық ойнап, топай атып жүрген балалар да ойындарын тастай беріп, көшке араласып кетті. Жүндері түлеп, жоны жылтырай бастаған иттер де көздері шатынып, көштің о жерінен бір, бұ жерінен бір сумаңдап, арбап кіріп, жат елдің иттеріне айбат шегіп, шабаланып жүр. Қайсыбір шыдамсыз кемпірлер жаулығын ала жүгіріп, бұрын көрмеген бөтен адамдардың шаужайынан алып:
— Бұл кімнің көші, кімнің малы?
— Қай жайлауға барасыңдар? — деп, ынтығып сұрап жатыр.
— Бұл — Бәкеңнің ауылы.
— Бақтыбай, Тастан, Шағатайлардың көші, — деп ат үстіндегілер де жүре жауап беріп, өтіп кетті.
Иә, бұл — Бақтыбай көші. Маңдайына жүздеген ақтылы-қаралы мал бітіп — шала байып, таңдайы ағарғалы оның қан жайлауға тұңғыш шығуы. Бұрын жайлауға қорадан шыға көшетін Бақтыбай биыл мамырдың аяғында ырғалып-жырғалып, сән-салтанатпен үдере көшіп келеді. Оның сыры бүкіл қарауылға мәлім. Атақты бай Сүтемген құрдасы биыл жайлауда қатар қоныстайық деп, жылда барып жүретін Сасықкөлді інісіне беріп, әдейі Мезгілсорды қалап алған. Қызылжар шәріне апарар кең қара жолдың екінші жақ бетіндегі інісі Шәлтіктің Ақшасорын биылша Бақтыбайға сыйлады. Тап көшер алдында Ақтоқтының төлемі — қалың мал да келген. Қалың мал болғанда да малдың өңкей сұрпы — биыл туған төлдерін ерткен балаулы қырық жеті. Бөтен елге келген қонды мал қыстан көтерем боп шыққан Бақтыбайдың малын менсінбегендей үйір-үйірімен асылдың сынығындай ерекше көрініп барады.
Ақтоқтыға жасалған жасаудың ішіндегі ең қадірлісі — ресорлы қара күйме көштің бел ортасында. Күйме ішінде үш адам: Бақтыбай, әйелі Дәмелі, қызы Ақтоқты.
Тығыршықтай келген кіші-гірім тегенедей ғана бұлтиған қарны бар, қоңқақ мұрын қысық көз Бақтыбайдың аузында дамыл жоқ. Жаңа ғана көшті аралап келіп, кереге жал қара айғырын жетекке байлап, күймеге отырған. Отыра сала таңертеңнен айтып келе жатқан «гөй-гөйіне» басты:
— Әлі күнге дейін сенбеймін, осы, шынымен, құдайтағала Сүтемгенге құда қылды ма? — деп шыбық сисадан тіккен көйлегінің түймесін ағытып жіберіп, шілдеде басынан тастамайтын сеңсең бөркін алып, тершіген бұғағын, кеудесін сүртті. — Аллатағала жарылқайын десе бір-ақ күнде екен-ау. Тәубә, тәубә!
Бақтыбайдың бойы сәл қалқыңқы, дене бітімі тік, ақ сары бәденді Дәмелі шалқая біткен жіңішке қасын одан сайын керіп, еріне жақтырмай қарады:
— Немене, соншама түк көрмегендей қайта-қайта өзеурей бересің. Сүтемгенмен құда болғанға құдаймен құда болғандай. Бір айтқаныңды бүгін жүз айттың ғой.
— Батыреке-ау, енді өтірік пе? Сүтемген кім, біз кім? Қой әрі, жоқты айтпай. Немене, сонда көрінгенге берердей, далаға тастай алмай жүрген баламыз бар ма екен. Ақтоқтыдай күніме Сәменнің Сүтемгені түгілі, уыз емген хан баласы құда түсер. Бір мезгіл жұрттан ұялсайшы, жерден жеті қоян тауып алғандай болмай! — деп, Дәмелі жағасыз сарт шапан жамылып, күйменің бір бұрышында қысылып, бүрісіп жатқан қызын ымдады.
— Еһ, жұрттан ұялғанда не сонша, мен ұрлық жасаппын ба, біреудің ақ адал малына қиянат етіппін бе! Мал алсам, алақаныма салып үлбіретіп өсірген қызымның қызығына алып отырмын. Жұрттың мәж топай қыздарына балаулы қырық жеті түгіл, балаусыз қырық жетінің өзі түгел келмейді. Келсе, арық-тұрақ қотыр торпақ бірдемелермен, әйтеуір оты, орнын толтырады. Осы отырған күйменің өзін сонау Омбы-Томбыдан солар әперген жоқ па? Сенің қай әкең мұндай солқылдақта отырып еді? Іші күйгендер мейлі тұз жаласын. Ішіне қара пышақ неге сұғып алмайды.
— Жарайды аспай-ақ қой, — деп Дәмелі кимешегінің жағын саусағымен түзеп, бетін сыртқа бұрды, — «Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса, екеуі де амалы жоқ зорға жүреді» деген. Әркім өз қызығын өзінше, қадари халінше базарлайды, несіне есіріп, есің шығып әулекілене бересің.
«Әулекі» деген сөз Дәмелінің аузынан әбден шыдамы таусыла бастағанда шығатын. Бұдан әрі «сыбағаңды беремін, емді доғар» деген емеурін тұратын. Ақылды, әрі бір бет жамағатының бұл сырын білетін Бақтыбай мұндайда әңгімені көп көпіртпей қысқарта қоюға әккіленген. Және қысқартқанда сөзден мүлдем тыйылмайды, бос сөзге жаны құмар сөзуар, бір мақтанса түбі түскен шелектей бөсе беретін кеппе, әшейін, сөздің бетін ғана желдің өтінен бұра қояды. Қолма қол әйеліне жағынудың шарасын ойлап, ашу үстінде теуіп жібергендей анадай жерге ұшып барып төрт тағандай түсіп, иесіне құйрығын бұлғап қайта келетін жасық мысық құсап қибыжықтап, көзі кілегейлене қалады.
Шаруаға қылап, ұстаған асына берік, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, киім-кешегіне бір қыл жұқтырмайтын таза, алысты жақындатып, жақынды туыс етерлік тілге де бай, дәм-тұзы да әсте ортаймайтын қолы берекелі — нағыз бес аспап дейтін тұз елінің әйелдеріне айтылатын мақтаудың бәріне Дәмелінің ісі сайма-сай. Ақылына өңі, көркі сай. Бүгін күндегі шаруаға киетін киімдерін түгел тастап, алыс жерге, тойға барарда киетін бір киерлерін іліпті. Неше құрсақ көтерсе де сары қарын тартып құрсағы кеңімеген келбетті әйелдің жеңіл қимыл шапанының ішінде белі қыздың беліндей қиылады. Бір қолына арасына маржан салған шарбақ жүзік, бір қолына бауыры тұтас, құс тұмсық құйма жүзік салған. Жағына мөрі таймаған сары қиғаш шытыра, бетіне, омырауына қызыл маржан қадаған кимешек ішінде ақсары жүзі бал-бұл жанып, реңі кіріп, ерекше құбылып отыр.
— Бақтыбай енді әйеліне бүгін көргендей өзеуреп, жұтына қарады да:
— Бәтір-ау, өзің күндегіден құлпырып, ителгінің балапанындай боп отырсың ғой. Тіпті көз тоймайды, — деп сығырая қалды.
— Ителгісі несі!
— Е, сүйгенін шұнағым демей ме?
Бұл — өзінше қулығы, жағынған түрі. Осылайша сөз аралатып барып, тағы да күпсігісі келіп, орайын күтті. Үндемей қалуға да болар еді, бірақ мына көш, сән-салтанат қайта-қайта жұлын құрттай жыбыршытып, іштен түрткілеп, желпінбеуіне қояр емес.
Тап көшер алдында Дәмелі:
Мына малды несіне қотанға иіріп қойдың. Жайлауға алдын ала жібере берсең де болмайтын ба еді, — деп ерінің не ойлағанын сарапқа салмай, әшейін сөз арасында айтқан.
Мақтанарға келгенде бүкпесі жоқ, қолқ етпе Бақтыбай бар ойын ақтара салды.
— Дәмеш-ау, биылғы жыл құдайтағаланың бізге құты түскен жылы емес пе? Мына көбейген малды бөлшектеп шашыратқанша, топтап бір-ақ айдасақ, көзге түседі. Соның тап ортасында өзің кетіп бара жатсаң, ырғалып-жырғалып. Алдын ала айдасаң, мына дөдеңнің малы екенін кім біледі, құр айтқанға сене ме осы күнгі жұрт, — деп Бақтыбай кеудесін қағып-қағып қойды.
Ә дегенде «не айтып келеді осы» деп түсінбей тұрған Дәмелі ерінің қолы кеудесіне қарай көтеріле бергенде-ақ «е, әшейіндегі бөспе ауруы екен ғой қысып отырған» деп, әжімсіз, толық салалы саусақтарын тарбита, қолын бір сілтеп кетіп қалған.
Қазір көш ортасында айғай-шуға, жеңіл де болса көп малдың аяғынан көтерілген шаңға қамалып келе жатқандары мынау. Бірақ оны елер Бақтыбай жоқ, қайта масаттанып, бағанағы сөзіне қайта оралды:
Амандық боп биыл Тоқтымды құтты орнына қондырсақ, сосын Сүтемгенмен бірге көрге кіргенше қызықты бірге көрсек. Енді, кемпірім, бұрынғыдай үйде отыру жоқ, шақыратын адамдар да көп, баратын жер де көп. Сүтемгенмен ана шынжыр балақ, шұбартөс Шыңғыс әулетінің де қарым-қатысы жақсы. Ол жақсы болды дегенше, біздің де тереземіз теңелді дей бер.
— Қой енді, тап төре тұқымымен терезем теңеледі дегенді ayзыңа алмай-ақ қой. Бір кетсең тым алысқа шауып кетесің-ау, шалым, — деп Дәмелі енді жұмсара сөйледі.
— Еһ, теңелмейтін несі бар. Биыл қысқы соғымға бір үйір жылқы соямын. Алысты да, жақынды да шақырып, құдай берген ризықты бір шашып көрейік. Дөденнің байлығы жетеді оған. Бұрын Шыңғыс, Мұсаларды шақырудың қыбын таба алмай жүруші ем, енді сылтау бар, аллаға шүкір. Сүтемгеннің мың жылдық құдасымын. Тоқтымды осы жайлауда отырып ұзатамын. Осы Омбы өңірінде неше болыс бар, сегіз бе, он ба — бәрін шақырам. Мейлі, ішсін, жесін, ет пен қымызды мелдегінен келтіріп, ауыздарынан шығармасам, атым өшсін. Ықылық атып отырып, «Бақаңның майы бетінде томырылып жүзген сары қымызындай қымыз ішіп көргем жоқ» деп аузын аша бергенде кеңірдегінен келген қымыз езулерінен ағып жатсын. Кекірігі азып, кеңірдегі сасыған жампоз мешкейлер, өмір бойы аузынан тастамай «Бақаңның қолының кеңі-ай, ондай ас та төк асты ғұмырымда көргем жоқ, содан бері асқа қарай алмай қалдым, майдан біржола шығыппын» деп жүрсе, шіркін. Тұра тұр, бәйбіше-е-е, биыл осы қан жайлауды қан сасытпадым бар ғой!.. — деп, Бақтыбай тағы да бірді айтып, бірге кете берді.
«Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді» дегендей Бақтыбайдың айтқандарының көбі шындыққа сая бастаған. Ақтоқтыға құда түскен Сүтемген биыл жайлауға іргелес шықты. Бұл — ауылы ауылдас, қойы қоралас болудың алды. «Болған жердің қызы» атанған Дәмелі Бақтыбайдың табалдырығын аттағалы біртүрлі басылып, бұрынғы сауық-сайраннан айрылып, ұнжырғасы түсіп жүруші еді. Жиын, тойға, құдалық шақырған жерге алдымен шақырылса да, Дәмелі жұрт тарарда бұрын кететін. Ақыл, нақыл сөзге шорқақ, әрі мақтанарға келгенде алдына жан салмай, төпелей жөнелгенде, Дәмелі жұрт көзінше байының бетінен ала алмай әдеп сақтап мысы құрып отыратын. Үйде де, түзде де әйелінен ғана жасқанатын Бақтыбай енді ешқандай қақпай көрмеген соң, «е, мен түзу айтып отыр екем ғой» деп, ішек-сілесі қатып, мазақтап отырғандардың сыңайын түсінбей, масаттанып, өрескел бірдемені қойып қалғанда, Дәмелі үйіне қара жердей боп қайтады. Енді аталы елге, атақты жерге қызын ұзатқан соң әлгі Бақтыбай айтқан жақсы мен жайсаңдарға бұрынғыдан да молырақ араласарына көзі кәміл жетеді. Соны ойлағанда «әлі талай шашымды ағартарсың-ау» деп отырды да, Дәмелі «қой, күл болмаса, бүл болсын, жатырынан шыға жамбастай жатып жайыла сөйлейтін Бақтыбайды қартайғанда жөндеймін бе, одан да ендігі қалған ғұмырымда жақсылармен араласып, дүниенің қызығын көрейін, басыла-басыла болдым ғой» деп, ері айтып отырған қуанышқа іштей ортақтасқандай болды. Қыстыгүні жеңіл танауынан құшақ-құшақ буы бұрқыраған қос атты парлап жегіп, ат тұяғынан ұшқан боран ішінде қалың қасқыр ішікке оранып алып, сыдыртып жүріп жақын-жұрағаттарды, құда — құданаларды аралағанға не жетсін! Кең сахараның осынау бір тамаша салтанатын ойлағанда Дәмелі қызықпен кешкен өмірге тойымсыздана беріліп, құныға түседі.
Бақтыбай көші күн қайта маңында шоқ ағашы көп, суы мол томарға кеп аялдады. Бұл араға әлі ешкім шықпапты, кімнің жайлауы екені де белгісіз. Шөбі шүйгінді, суы тұщы жайқалған томарға түнеуді ойлап, жалшыларына бай бұйрық берді.
— Әй, мұндар, бүгін осы арада түнейміз, қос тігіңдер, — деп көшті аралап кеп, шөктірген түйелерінің бас-басына жеке келіп, әрқайсысының бұрауын байқап көрді. — Мына ақ шелек келгірлер аунап қоймасын, байқап отырыңдар. Өй, ант атқырлар, қыруар малды тышқақ тигендей қуа бермей, кіре оттасаңдаршы… Ана ала айғыр құданың көк айғырымен тебісіп қалмасын…
Күймелі арба жолдан шығып, жердің тоңқылдағымен жүріп, томардан әрірек кеп тоқтағанда:
— Өй, бейбақ, томарлы жермен жүруін қарашы, құдайдың мидай даласы тұрғанда. Көзіңе қарасаңшы, анау көз бе, қотыр ма? Күйменің күпшегін сындыратын болды-ау. Өй, жексұрын, андағы қазақ арба деп тұрмысың, күбернатор мінетін бәуеске емес пе, көрсоқыр! — деп Бақтыбай аттарды жетектеген атқосшы баланы анадайдан жерлеп келеді. Дәмелі күймедегі қызына:
— Тоқтым-ау, ақ тоқтым, бір мезгіл тұрып бой жазсаң етті арбада жата бермей. Мұның не — шыққалы бүрісіп жатып алғаның, — деп, басынан сипады.
Өз қайғысы өзінде боп, іштей күйіп жатқан Ақтоқты шешесіне үн қатпады. Елден аттанғалы бұрын ауылдас боп отыратын Ақан ауылынан ұзай бере, енді мүлдем көріспейтіндей болып, артында қалып бара жатқан асыл мекеніне көзі жетпесе де, алаңдап қарай берген. Оның үстіне жол бойы әкесінің айтқан сөздері, басын қанша тұмшалап алса да, құлағына келіп, әбден мазасын кетірді. Ертең келін боп түсір жерін ойламаса да, жүрегі қобалжып, тілемеген, қаламаған сұрғылт күндердің жақындығын сезіп, көңілі енжарланып, екі күннің ішінде көзі кіртиіп, қатты құлады. Бетін ашып қараған Дәмелі ақмаралдай қызынын, қуқыл тартқан, сынық өңін көргенде шошып:
— Ботам-ай, өңің қашып кетіпті ғой, ауырып қалғаннан саумысың. Қай жерің ауырады, басың ба? — деп алақанын кең маңдайына басты. Қызының маңдайынан ыстық білінбеген соң, айналып-толғанып, тағы да сұрақты жаудыра берді, — Әлде арбасы бар болғыр соғып тастады ма, әлде ішің ауыра ма?..
— Иә, мазаламашы, апа, — деп, басқа жауап бергісі келмеген қызы басын сарт шапанмен қайтадан тұмшалап, бұрынғыдан бетер бүк түсіп жатып алды.
Дәмелі шын шошыды. Тап кетерде келген қалың малмен бірге, жаясына маса тайып жығылғандай былқылдаған арда емген семіз тай өлтіріге келген. Өлтірі, әдетте, қалың малдан кейін келеді. Кейде бір шалағайлықтан, не күйеу жағының тағатсыз асығыстығынан болмаса, өлтіріні қалыңға қоспайды. Қоса қалған екен, не малды, не қызды жасырады. Қашан өлі — тірінің етін жұртқа таратқанша қыз қалың малды көрсе, оған іш ауру — кірне жабысады. Бақтыбай әлгі тайды елде соймай, жайлауға шыққан соң, жаңа қоныстың тойына екі боз қасқамен қоса жұртқа берем деп, көп малдың ішіне қосып жіберген. Қазақтың ғұрпын жақсы білетін ырымшыл Дәмелі, «қызым малды аңдаусызда көрген екен, құдай-ау, ауру жабыспаса игі еді» деп қатты абыржып, арбадан түсті.
Бақтыбай қосты елден ала бөтен томардың бір шетіне тіктірді. Дәмелі: «қызым ауырыңқырап келе ме қалай» деген соң, байдың зәресі ұшып, айқай-шу, абыр-дабырдан бөлектеп, аулаққа қондыртты. Алдында бір түн болса да биіктеу, әрі кең болсын деп шаңырақ салмай тіктірем бе деп еді, енді жанталасып, өзі де жүгіріп, соңғы түйенің үстіндегі туырлықты тез ала бастады.
Туырлықпен ғана тігілген шаңырақсыз қос қашан ақ киізбен жабылғанша Ақтоқты үнсіз жата берді.
Бір кезде өң бе, түс пе, құлағына ыңылдап салған ән келді. Ақтоқты шошып кетті: «Бұл не, түс көріп жатырмын ба, әлде шынымен ауырып қалғаным ба?» Жоқ, ән тағы қайталанды. Ақтоқты басын жұлып алып, құлағын басты. Ол ызыңдағандай, алыстағандай болды. Қайтадан ашып еді, күйменің оң жағынан жақыннан шықты. Ана жолы Тастан ағасының үйінде отырып Ақан айтқан өлең:
«…Қия тас қиынына қонсаң дағы,
Қайшылап қанатымды бұрам дағы», —
Деген сөзін анық естіді. «Апыр-ай, шынымен қанатын бұрғаны ма, осы араға келіп қалды ма» деп, Ақтоқты күйменің жібек пердесін ашып қалғанда анадайдан ат үстінде баяу ғана ән салып, белгі беріп, тісі ақсия күлген Шәкейге көзі түсті. Ақтоқты көрген соң Шәкей енді бөгелмей, тебініп қалып, бұлаң құйрықпен алға қарай оза берді.
Ақтоқты күймеден қалай домалап түскенін өзі де білмей қалды. Есі шыққан адамша төрт тағандай құлап, арбаға қайта бұрылды. Үстіндегі судыраған көк бұрса көйлектің көлдей етегі бірдемеге ілігіп қап, жібермей жатыр. Дірілдеген қолы икемге келмеген Ақтоқты оны ағыта алмай әлек.
Қос тігілісімен мамық төсек салып, Ақтоқтыны жатқызбақ боп күймеге қарай беттеген Дәмелі қызының мына түрін көріп зәресі ұшты. Жан ұшырып кеп, қолтығынан демей берген ана байғұстың көзінен жас ыршып кетті.
— Күнім-ай, жарығым-ай, не болды?!
— Aпa, ештеме болған жоқ, — деп бетіне қан үйіріле қалған қызының жарқ етіп өзіне бұрылғанда барып ерні кемсеңдеп, күліп жіберді.
— Тәубә, тәубә! Жазылдың ба, кішкене, жарығым?! Айықтың ба?!
— Жазылдым, апа… Бірақ… Басым зеңіп тұр, біраз серуендеп, сейіліп қайтпасам… апа, атқа мінетін киімдерім жақында ма, әперші.
— Қазір, қазір. Бәсе, сүйтші, құлыным, әлдекім құсап сарғайып жата бермей, — деп Дәмелі күйменің алдыңғы жағындағы қол сандықты ашты.
Жылда қан жайлау түгілі, он-он бес шақырым жердегі қысқа жайлауға шыққанның өзінде атқұмар Ақтоқты ертеден қара кешке жорға үстінен түспейтін. Бұл жолы үстіндегі қыз киімін де ауыстырмай, таранып, сыланбай, жол бойы езіліп жатқаны әлгі…
Ақтоқты күйменің ішінен жұтынып шыға келді. Басыма құндызы жалпақ қайырма бөрік, аяғына сал жігіттер киетін қонышының аузын тіс-тіс қып көк, қызыл жіппен жиған табаны түзу шоңқайма етік, жеңіл қимал шапан, белінде гауһар тасты кәмәр белбеу, қолында бүлдіргелі тобылғы caп қол қамшы. Ерінің қасын қара ала кавказдатып күмістеген, қызыл атанымен тыстап, шым кестемен оюлаған кестелі тоқымды, айыл тұрманы жарқ-жұрқ еткен ақ боз атқа ер балаша лып етіп отырды. Кешеден бері айналасындағы әрлі-берлі шапқылап жүрген аттарға осқыра қарап, осқырынып, әлсін-әлсін көлденеңдей басып, делебесі қозып, шылбырын үзердей көкке қарғып, жетекке зерігіп, құтырынып келген ат Ақтоқтының тақымы тиер-тиместе ала қашты. Ат құлағында ойнап өскен қыз қысылған жоқ, жұрттың көңілін аудармайын деп, тізгінді іле жиып алып, атты аяңға түсірді. Ауыздығын қарш-қарш шайнап тізгінді сүзе тартқан ақ боз ор текеше орғып, желігіп келеді.
Сыртынан қарап қалған шешесі қызына әрі қызығып, әрі масаттанып, көңілі өсіп тұр. Бөріктегі бұрама балақ үкісі бұлғақтаған Ақтоқты алыстан жығалы қоқы киген сымбатты бала ханға да ұқсайды. Қызының әп-сәтте өзгеріп, ерекше бір көңілді күйге енгенінен жанашыр ана түк секем алған жоқ.
Ақтоқты Шәкейді анадайдан көріп, соңынан еріп келеді. «Ақан жіберген ғой, не сәлем айтты екен, хат берсе, жаңа тастап кетпес пе еді, мұнысы несі?!» деп, көштен ұзай бере ат тізгінін босатты да, cap желдіріп кеп, хабаршысымен қатарласты. Шәкей аса аңғармаған болып, бір ғана көз тастады да, «сонау шоқ ағашқа» деп қамшысымен аңдаусыз белгі беріп, өзі басқа жаққа қарай шоқыта жөнелді.
Қазақта: «Қызға қырық жерден тыйым, қырық үйден қарауыл», «қыздың жолы жіңішке» деген сөздер бар. Бұл жол қыз кәмелетке толып, бойжеткен шағынан басталады да, қашан келіншек боп жат жерге түскенше ирелеңдеп, таусылмай жүре береді. Айттырылып қойған қыздың күні одан да жаман, жолы одан да жіңішке — Ақан келіп кеткелі ешкім туралап ештеңе айтпағанмен, бойдақ, сері жігіт пен қыздың көзқарасын аңдап қалған жұрт әлденеден секем алып, екеуінің арасындағы жақындықты нобаймен жобалап, тұспалмен сөз қылған. Сыпсықай өсектің кейбірін құлағы шалған Ақтоқты ойында ештеме болмаса да, сақ жүріп, аңдап басатын. Ақаннан келген жасырын хаттарға жауап бермесе де, өз — өзінен көңілі толқып, хат үзілсе тағатсыз күтетін. Ақанның жазатыны, көбінесе, өлең хат. Ақтоқтыға арналғанмен кейбірінде, аты аталмай, жалпы қыз атаулыға бағышталған ашықтық хаттар сияқтанатын. Ауыл жастары оны өлең етіп айтып, кейбірін өздері шығарғандай, сүйген қыздарына жазып жіберетін. Бірақ қанша атсыз болғанмен, кейін ол өлеңдердің Ақандікі екенін біліп, жұрт Ақанның «Ой, қалқа, біздің көңіл қайда жатырын» айтшы, «Қарағым, қарақаттай көз жанарымын» айтшы, «Қарағым, жіберейін сізге сәлемі» қандай жақсы деп, ауыздарынан суы құриды.
Ақанға Ақтоқты қатты ұнаған. Оның көркі ғана емес — жолда кездескендегі балалық ерке мінезі, қатар отырып сөйлескендегі еркін ашықтығы. Бірақ ақын хат арқылы көңілін тұспалдап білдіргенмен, өзі жолығып, жеке отыра алмаған. Секем алған ауыл ішіне келіп, көзге түсе беруді лайықсыз көрген, әсіресе, Ақтоқтыға сөз ермесе екен деп өзін — өзі ашық жүруден тыйған. Рас, бұған дейін әншіде мұндай мінез жоқ еді. Жасынан атастырып, әкесі алып берген атақты Шомат қожаның қызы, алғашқы қалыңдығы Бәтима араларын жиілегіп екі перзент көтеріп, қайтыс болған соң, екі-үш жылдай жігіттік серуен дегенді ойламай, жастығын аңшылықпен өткізген жігіт, келе-келе той-думанға араласып, ән айтып, жұртты аузына қаратып, сауық құра бастаған. Қайда тәуір қыз, қыз ұзату, үйлену тойлары болса Ақан елігіп тұратын болды. Ол жүрген жер думан, қызық. Ойын-күлкі, бозбалалық құрудан сері жігітте әсте тартынған жоқ. Ал Ақтоқты жайы Ақанға бөлек көріне береді. Басында көп қыздардың бірі сияқты қырындап жүрермін деген әнші енді бұл қырындаудың басқа қырындаудан бөлек екенін өзі де сезе бастады. Ақтоқты ауылы жайлауға шығады дегенде Ақан да қасына Шәкейді ертіп, осы көшті алыстан жанап отырған. Ақтоқтыны қайтсе де бір көріп, жеке сөйлеспекке бел байлаған. Ақтоқты да осы ойда еді. Ақанның соңғы хатын алған ол, үнсіз жатқанына іштей ұялатын да. Ақан ол хатын өкпелеп те, наз ғып та жазыпты.
«Нұсқамен өлең жаздым, ей қалқатай,
Көргенде дидарыңды көңілім жай.
Алмайсың бір сөзімді ілтипатқа,
Қыз жоқ па әлде сендей әкесі бай.
Тұрайын ұнамаса өз жайыма,
Жоқ болса айтқан сөзің жұбайыма.
Обалың өкпелесең маған емес,
Жаратқан жақсы қылып құдайыңа.
Ақмарал мақаның бар биік жерде,
Мен жүрмін қолым жетпей тілдесуге.
Ылайық жанабыңа жарасуға,
Ылдидан аяғымды бастым өрге.
Осылайша бір-бірін көрмекке ынтығып, ұзақ уақыттан бері сағынып ұшырасқан екі жас оңаша шоқ ағаштың бауырында кездескенде көпке дейін тілдесе алмай, үнсіз күлімсірей берді. Аттарын алшағырақ байлап, ағаш арасының көлеңкесіне енгенде барып жас бозбаладай ыңғайсызданған Ақан өкпелі үн қатты:
— Сіздің ауыл молдасы көп ауыл деуші еді, қағаз, қалам табылмағаны қиын болған екен.
Аппақ тістері ақсия күлген Ақтоқты, қыстағыдай емес, өңі аққұбаланып, мұрты қап-қара көмірдей боп, бұрынғыдан да сұлулана түскен, сұңғақ бойлы, мойны ұзын, иықты жігітке тура қарады:
— Ақан аға, хат жазуға шорқақпын. Сосын не деп жауап беремін. Сіз аға, мен бір қарауылдың ішіндегі қарындасыңызбын. Айыбымды арқалауға әзірмін. Соны Құлагердің үстіне жапсам ба деп ем, — деп жұқа желбегейінің ішінен бүктелген сары жібекті ала берді.
— Атқа жапқаның қалай, Кербестінің айыбы не?
— Ең алғаш сол Кербестімен қуып жетіп, шылбырымнан ұстап едіңіз. Ол болмағанда…
— Ол болмағанда жаяулап қусам да жетер ем ғой, — деп, Ақан да күліп, Ақтоқтының қолынан алған жібекті жазды.
Көл көсір жаңа жібектен тіккен ат жабу екен. Ақанның көзі жайнап, Ақтоқтыны қолынан ұстап жетелеп, артқы тұяғының ұшын салқын жерге қадап, бір жамбасына қисая, сұлқ тұрған Құлагерге жүгіре басып келді.
— Қарғыма, марғауым, міне, саған Ақтоқты жабу әкеп сыйлап тұр. Жамылшы, Құлагерім — қанатым! — деп аттың үстіне жабуды үлбірете жапты.
Құлагер де иесінің көңілді ыңғайын танып, ақ қайыңның бұғағына артқан иегін алып, аялы үлкен көзін бір төңкере қарады да, төрт аяғына бірдей салмағын салып, түзеліп тұрды. Үстіне жабу жауып Ақан шегініңкіреп қарағанда, Құлагер де құлағын қайшылап, үстіндегі жабуға сол жағына бір, оң жағына бір мойнын садақша иіп қарады да, қайтадан иегін бұтаққа артып, керіле түсті.
— Ой, марғауым менің. Аздап мақтаншақтығы да бар өзінің, — деп Ақан атын еркелетіп, мойнынан қақты.
— Серінің аты да сері болуға тиіс қой, Ақан аға.
— Сонда қалай, сері — мақтаншақ дегенің бе?
Ақтоқты күліп жіберді:
— Егер мақтана білмесе, сері болмас еді, жарасымды нәрсе ғой. Орынды мақтаныштың өрескелдігі жоқ па деймін.
— Сөз тапқанға қолқа жоқ, — деп, Ақан жымыңдап, жабуға қарай берді қарай берді. Аттың тілерсегін жапқан жылт-жылт еткен шымқай сары жібектің етегіне айналдыра таққан қан қызыл қою шашақ бұйра шашасына дейін түседі. Айналдыра шетін екі елі етіп шым кестемен оюлаған. Оның асты-үстінен араларын бір сүйемдей етіп жалтылдаған қиғаш, бөртпе, құмырсқа бел шытыраларды меруертпен араластыра қалаған. Сарыға сарының жарасатынын Ақанның тұңғыш көруі. Аттың екі жамбасына келер тұсқа балалардың бесігіне, шапанына қадайтын есек тас, жылан бас тастарды дөңгелек қадап, тап ортасына қып-қызыл асыл тас қондырыпты. Аттың екі қабырғасына «Қарақай», «Қарақай» деп хадымша қызыл жібек жіппен қалың кестелеп, ірі етіп жазған. Бұл – атығай-қарауылдың ұраны. Оның астына екі жол өлең ұсақ әріппен жазылған: «Керіні таң асырып мінген қандай, үкілеп әсемдетіп жүрген қандай». Қалған екі жолы екінші жақ қабырғасында: «Ауылыңа өлеңдетіп сен қайтасың, бәйгеден атың келіп шаттанғанда!» Ақан өзінің «Торыны таң асырып мінген қандай» деген өлеңінің басқы екі жолы мен соңғы екі жолын, атты бір айналып шығып, қайта-қайта оқыды.
— Ақан аға, ұрса көрмеңіз. Өлеңіңізде аз ғана өзгеріс бар, — деді Ақтоқты қиылып.
— Жоқ, қалқам, тіпті дұрыс өзгерткенсің. Құлагердің үстіндегі жабуға торыны деп жазса, бөтен біреудің дүниесіндей көрінер еді. Ал, соңғы жолдағы «шаттанғандай» дегенді, аттың озып келген шағына ауыстырған екенсің. Тілегіңе мың да бір рақмет. Өзің ақын екенсің ғой, Тоқтым! — деп қалды Ақан. Ақындығыңнан ақылдылығың көрінгендей.
Ақтоқты қызараңдап, үнсіз төмен қарады.
— Сіздің ақындығыңыз дарымаса да, бәрімізге дәйім ортақ болса, көңілге сол да демеу болар еді…
Қыз сөзін назар сала тыңдай қалған Ақан:
— Жақсы айттың-ау, Тоқтым, — деп тағы қайталап, ат үстіндегі жабуға қызыға, тойымсыз көзбен күлімсірей қарап тұрды да, тебіреніп кетті:
— Ауызымен күс тістеген дүлдүлім, қаз мойныңды тағы иіп, мөлдіреген миуадай, төңкерілген тостағандай көзіңмен, Сарыарқаның самал желпіп, алтын күні аялаған етек-жеңі кең көсілген сағым сары беліндей, шашағымен жер сипаған үстіндегі жабуыңа тағы, тағы қарашы. Heшe күндер, неше түндер бота көздің нұрын салып, ақ сүйріктей саусақпен, шым жібекке төккен екен қыз өнерін аямай. Ақ жаңбырдың тамшысынан мөлдіретіп, құлыншақтың ақ тісіндей тізілтіп, ақ моншақты, жылан басты қадаған, шығар күннің шапағындай, зерлеп оқа жүргізген жабуына бір айналып қарамай, өтер екен қандай адам. Құжынаған талай топтың, аңыздаған көп жұрттың көшесінен «Қарақайлап», үздік келіп өткенде, екі көзден жас домалап, жүгірермін сүрініп, сонда алдымнан тал шыбықтай бұратылған, тобылғыдай майысқан қалқатайдың жүзі шығар елестеп. Күлте құйрық маңмаңгерім, жабу салып көлбеңдетіп, аяңға сап жетелеп, оқшау шығып желдетіп, қуаныштан ән салғанда, көкейімде, көзімде домбыраның шегіндей, көбелектің қанатындай дірілдеген кезімде сен тұрарсың күлім қағып, қуат беріп, қарындасым Ақтоқтым! Маңмаңгерім, Қурайкерім, Құлагерім, тұлпарым, ерге қанат, жерге жанат, елге шырақ сұңқарым, үнсіз жүріп, шын ділмардан артық көңіл білдірген, көп ұйқысыз түндер бөліп, мың ділдәдан артық шапан кидірген, жаны — ақын, көңілі — әнші, сәнді, сұлу өлеңдей, асыл туған бекзат бала, қарындасым Ақтоқтыға тәжім ет!
Үйретілген Құлагер иесінің соңғы сөзін естігенде, бұрылып, бір тізесін сәл бүгіп, басын қайта-қайта шұлғып, Ақтоқтыға тәжім етті.
Ақындықпен өзін-өзі ұмытып шалқыған Ақан қасындағы Ақтоқтыны бас салып, ақша маңдайынан қалай шөп еткізіп сүйіп алғанын да аңғармай қалды. Ақтоқтының екі беті алаулап кетті.
Қайта қырындаған Құлагер екі көзі мөлдіреп иесіне өкпелегендей қылыш мойнын бұрып қарағанда барып Ақан басын шайқап күлді де, өзі икемдей берген атының маңдайынан барып сүйіп, мойнынан қақты. Құлагер өкпесі тарқағандай иегін бұтаққа қайта артты. Ақтоқты мына кереметке таң қалып, көзіне жас үйіріліп, ақынға бір, атқа бір жаутаңдап қарай берді.
— Қанатым менің. Өзі қызғаншақ-ақ. Біреуді сүйгеніңді көрсе, ол да маңдайын тоса береді, — деп аңғал ақын не айтқанын байқамай қалды.
Көз жасына булыққан Ақтоқты оқыс күліп жіберді:
— Онда, Ақан аға, Құлагердің көңілін қалдыра бермеңіз.Тегі жиі қалдырасыз-ау деймін.
Осы кезде «ыһе-ыһе» деп жөткірінген дауыстан Ақан да, Ақтоқты да бойын жиып алды. Құлагер, «бағана көргемін» дегендей көзінің қарашығын ғана бұрып, ағаш ішінде жасырынып, тісі ақсия күліп тұрған Шәкейге ұнатпай қарады.
— Сен қашан келіп едің?
— Әлгі әзірде. Жастар жан-жаққа шапқылап жүр. Осы жаққа келіп қалса, үшеу болып тұрғанымыз жақсы ғой. Пой — пой, мынау не деген керемет-ай, өй, Құлагер, енді той жасау керек, той, — деп жап-жалпақ жауырынын қозғап, Шәкей Құлагерге таянды.
Ақан аз үнсіз тұрды да, ағаштың күнгей бауырына қарай жүріп, қасындағы Ақтоқтыға бұрылды:
— Ақтоқты, жаңа сенің «Құлагердің көңілін жиі қалдыра бересіз-ау» деген сауалыңды жауапсыз қалдырдым ба? Осы сұрақты бұрын да қойып едің. Есіңде ме «Сіз қыздарды жақсы көресіз-ау» дегенің. Менің өлеңдерімнің де көбінше қыздарға арналатынын айтқан ең.
— Ақан аға, оны әшейін әзіл деп ұғыңыз. Ол кезде мен Қалқа бала едім ғой.
— Аз әзілде де бір мысқал шындық бар, — деді де Ақан жүресінен отырып, бір топ шөпті уыстады.
— Мына қарашы, Ақтоқты. Мына қос уыс шөпте бір-біріне ұқсамайтын неше түрлі балауса бар. Сырттай қараса түрі көп емес сияқты. Ал зер салып қарашы, осында тоқсан түрлі шөп бар. Мынау бүлдіргеннің жапырағы, мынау раң, мынау қымыздық, ат құлақ, жылан қияқ, мына бірі қоза сияқты, енді мына бір нәзіктерінің аттары қалай екен, қол шетіндегі өлең шөпке де ұқсайды, бірақ өлең емес, ол бұл жерде өспейді. Мынау шәлпей, түйемойнақ, сүттіген мына бір гүл жара бастағаны, әлі үкісі жоқ бақбақ. Ағаштың бауырына не бір жұпар шөптер араласып өседі? Мұның маңында сая да, күн де, көлеңке де, ылғал да жетеді. Ал гүлдердің сан түсті бояудан көйлек киген неше түрі бар емес пе, қарашы. Көкше өңірі жалпақ түз осындай бәйшешектей балауса қыздарға да бай. Ана ұшып жүрген араны көрдің бе. Ақын да сол ара сияқты. Неше бір көздің жауын алған рауғашқа да қонып шырын жинайды. Гүлсіз ара, арасыз түз гүлі болмаса, ақын мен қыз күні де сондай. Біріне-бірі дем беруші, өсіруші, жетілдіруші. Ақын да арадай бағбан. Ол гүлдің қанатын сындырмайды,аялайды, арадай ұшып жүріп ән салып, гүл жырын, әсемдік жырын жырлайды. Менің гүлім сендерсіңдер — балауса қыздар. Маған әрқайсыңның бір аты шашың, кірпігің, айдындай ашық көзіңнің жанары, селт еткен қабағың, қиылған қасың, ыстық лебің, лүпілдеген жүрегің, күрсінген демің, дірілдеген ернің — бәрі де жыр. Мен соны жырлаймын, өмірдің көркін, қуанышын жырлаймын. Әттең шамам келіп жырлай алсам, бар сұлулықты әнге қосып шырқай алсам, екі дүниеде арманым болмас еді, — деп Ақан екі алақанын аузына қалқалап, айғай салды: — «Аһа-ау. Мен сұлуларды жырлаймын. Жырламайсың. Жырлайсың, жырламайсың!»
Әр жерге өскен шоқ-шоқ ағаштар: «Жырлайсың, жырламайсың» — деп жаңғырығып, бірінен-бірі іліп алып, алысқа әкетіп жатыр: «Жырлайсың, жырламайсың!»
— Әне, — көрдің бе, Ақтоқты. Жаңғырық не дейді. Не айтсаң, соны қайталайды. Жаңғырықта ой да, ес те жоқ. «Жырлайсың» деп тұрып, қолма-қол «жырламайсың» дейді. Жұртшылық арасындағы өсек те сондай. «Ақанда тұрақ жоқ, әр қызды бір әнге қосады, әр қызға бір көңілі ауады, алдамшы, тұрақсыз десе», өсекқұмар құлақтар соны құйып алып, санасына жүгіртпестен жаңғырықша қайталайды. Ал мен болсам, өлеңім де, сұлулық та кісендеусіз азат болса екен деймін… Айтқан жұрт айта берсін, бәрібір жасырарым жоқ, — қыздарды жақсы көрем, Ақтоқты.
Ақтоқты көзі жаудырап, баладай қуанған ақын мінезіне таңырқап, ақын сөзін ойына жүгіртті.
— Ақан аға, кешіріңіз, мен балалық жасаған екенмін. Кейін өзім де жаңағы сіз айтқандай ойлап ем. Ойым дұрыс боп шықты.
— Оныңа рақмет, Тоқтым. Мен мүлдем ұмытып кетті ме деп ем.
— Ақан, Ақан, — деді осы кезде соңдарынан жеткен Шәкей, — анаң қарашы. Бұлар да ұя салайын деп жүр-ау. Бір-бірімен алысып-алысып екі шымшық торғай, ұмар-жұмар боп ағаш арасында ойнап, бұлардың алдындағы бір қайыңның бұтағына қонды. Шиқ-шиқ етіп сөйлескендей, жақтарын таяп сүйіскендей болды да, қайтадан таласып ойнап, ұша жөнелді. Шыр көбелек айналып жүріп шырылдап ағаштың арасына сүңгіп кетті.
— Біреуі ұрғашы, біреуі еркек, — деді Шәкей күрсініп, олар да адам сияқты.
— Сыртынан аңдушы болмаған соң еркін қауышып жүрген азат құстар ғой, — деп Ақан соңдарынан ұзақ қарап тұрды.
— Әй, — деді Шәкей қуланып, — дәу де болса әлгі ұрғашы шымшық бар ғой, әлі тұрмысқа шықпаған қыз.
— Қой сен енді бүлдірейін деп тұрсын.
— Нені бүлдіремін. Мен бүлдіреді деп қорықпай-ақ қой.
— Жетеді деймін енді, — деп Ақан аттарға қарай бұрылды.
Шәкей Ақтоқты екеуінің соңынан қалмай, сөйлеп келелі:
— Жоқ, деймін-ау, менің ойлап тұрғаным, бұлардың қыздарын айттырып қоя ма екен, әлде сүйген торғайына берер ме екен?
— Түһ, саппас екенсің, — деп Ақан да, үнсіз жымиған Ақтоқты да қатты күліп жіберді…
3
Жайлауға орныққан Бақтыбай, Тастан, Шағатай ауылдары көңілді. Қоңсы қонған үйлер қыстан қалған сүрлерін кебеже түбінен, азбыншы ұндарының арасынан шығарып, бір-бірінен сыбаға жесіп мәре-сәре. Жасы бес-алтыға келген еркек кіндікті бала атаулыны ауыл қожалары шетінен сүндеттеп, кішігірім ат шаптырған тойлар да өтіп жатыр. Қыз бозбала күні-түні сауық құрып, қызойнақ салып, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап мәз.
Шұрайлы жердің шүйгініне тойынған мал да тоқмейіл. Алысқа тентіремей, ауыл маңында жайылып оттаған мал соңындағы бақташылардың да жағасы жайлау.
Жолда жүзі сынық тартып, ауырыңқырап келе жатқан Ақтоқты күрт өзгеріп, қабағы ашылып жадырағалы бай үйінің де көңілі жай.
Осыншама масайрап, масайған ауыл салтанаты бір-ақ күнде су сепкендей басылды.
Жайлау арасы жақын болғанмен, Сүтемген, Бақтыбай құдалар әлі бірін-бірі шақыра алмай, екі жастың алғашқы қауышу сәттерін күтіп жүрген. Жалмұқан күйеу жолымен ұрын келсе, содан кейінгі арадағы ырым-жырым басталып, той жабдығына екі жақта қамданбақ.
Бақтыбай аулының қыз-желеңдерінің көзі төрт боп, алғашқы кезде ұры күйеуді көре алмай қалмайық деп, күнде Сүтемген аулы жағынан шыққан қарайған болса, желігіп тұратын. Ерке өскен Жалмұқан қанша тентек атанса да, қызды ауылға келерде жүрексініп, кешеуілдей берді.
Ақтоқты оны ойлаудан қалғалы қашан. Қыздың есіл-дерті Ақан. Жатса, тұрса ойлайтыны да сол. Көкейінде сайраған әні де — Ақанның әні. Жадында жатталған сөз — Ақанның сөзі.
Ақан да кейінгі кезде бұл ауылды көп торуылдап, кейде ойын — сауыққа да араласып жұрт көзіне түскенмен, Ақтоқтымен жеке сөйлесіп, сөз байласудың қыбын таба алмай жүр. Серіге шын жаны ашитын сенімді адам бұл ауылда екеу: жігіттен Құлмақ, әйел затынан Қадиша. Ақтоқтыны жеке шығару Қадишаның ғана қолынан келеді. Сезікті елдің көзіне түсу — үйлену тойын жеделдетіп жіберетін қауіпті жол.
Құлмақ болса, Ақан мен Ақтоқты арасын әлі де біле қоймайды. Оның білетіні Қадиша. Ақан бозбалалық әуенімен сұлу келіншекке, кәрі байдың солқылдаған жас талдай тоқалына ара-тұра келгенде оны шығарып беретін, жеке табыстыратын осы жылпос жігіт Құлмақ еді. Енді өрімдей боп түрегелген Ақтоқтыға көңілі біржола ауып, өмірлік жар етуді қалаған. Ол ниетін Қадишаға қалай айтар, әдейі шақырып алып, бұрынғы әдетпен келген дәмелі келіншектің ынтық көңіліне қалайша қара пышақ сұқпақ. Ақан өткен ісіне өкінді, Ақтоқтының жеңгесі Қадиша болғанына қатты қиналды. Бәрібір ағынан жарылмаудың реті жоқ, кейін басқа біреуден естісе әйел жүрегіне түсер одан асқан жара жоқ.
Ошақ басында сүт қайнатып, тамақ пісіріп жүрген Қадишаны Құлмақ сыртқа оп-оңай алып шықты.
— Ақан жолығып кетсін дейді, ана өзек жақта күтіп отыр, — деп біраз жер еріп келіп, бағытын сілтеп жіберген соң Қадиша көп аялдамады. Бәйбішесінің қасынан келіп, Тастан күн батысымен ас піскенше мызғып алайын деп төсекке киімшең қисайған. Үстінен жүріп өтсең оянбайтын ұйқысы қатты бай киіз үйді басына көтере қорылға басқан Күн ұзын малының маңында болып, шаруасын жайғасып, түн болса үш әйелінің көңілін қалай табам деп егде, мосқалдыққа беріскісі келмей, үш керегенің арасында жан таласатын шаруақор бай үнемі ұйқылы-ояу маужырап, қалжырап жүреді.
Жастыққа басы тисе-ақ кәрі денесі ұйып, ұзақ, тәтті қорылға басатыны да содан. Күйеуінің ұйқылы сәтіне қуанған Қадиша Ақанның атын естігенде тағат таппай айдалаға қарап қалай дедектей басқанын да аңғармай қалды.
— Қай арада күтіп отыр, қасында кім бар, жалғыз ба, ешкімнің көзіне түскен жоқ па, — деп сыбырлап сұрап келе жатқан Қадиша Құлмақ шегіншектеп қалғанда барып, есін жиғандай болды. «Апырау, мен осы несіне мәз боп келем, не десем екем, бұ дүние не боп кетті» деген келіншектің аяғы шалысып, жүре алмай қойды. Жүрегі алып-ұшып барады. Көз алдына аяулы қайын сіңлісі Ақтоқтының жүзі келді.
Анада жайлауға көшіп келе жатқан жолда Ақтоқты Ақанға жолығысымен өзімен сырлас жеңгесіне бар сырып күн аралатпай қолма-қол жеткізген.
— Қайдан білейін, еркем, — деп Қадиша Ақтоқтыны еркелетіп, қалжыңдаған: — Қордың қызына бардың дейін десем, өзің де қордың қызысың. Перінің жігітін көрген шығарсың, әлде Жалмұқанды көрдің бе?
— Қойшы, Қадиша, — деп бұртиған Ақтоқты лезде қайта жадырады. – Перінің жігітінен де, он Жалмұқаныңнан артық адаммен, жігіттің сұңқарымен кездестім. Саған айтпай жүрген бір құпиям бар еді. Кешіре гөр, жеңешетай. Тұңғыш кездескелі араға айлар аралап, ұмытармын, ойламаспын деп салқын тартып үнсіз жүруші ем. Бүгін өзін көргенде жүрегімнің терең қалтарысында қалғып кеткен жастығымның қуаты қайта оянды. Сүю деген қандай тәтті дүние еді, сүйгеніңді ойлау не деген ләззат еді. Қарашы, жеңешетай, менің көзіме. «Мың бір түн» хикаясындағы махаббат шарабына мас болған қыздардың көзіндей емес пе! Бүкіл айдай әлем қазір әдемі бір көгілдір түске бөленгендей, адамдардың бәрі де күле, қуана қарайтындай. Тамаша бір түс көріп, тәтті ұйқы құшағында жатқандаймын…
— Ол кім еді, еркем, бұл маңда мен көрмеген ол қандай сұңқар, айтшы ынтықтырмай.
— Тап, өзің тап, осы өңірде кім бар еді одан басқа. Онымен теңесер қай жігітің бар. Соны да білмейсің бе? Айтқың келмей ме? Айтшы өзің.
Алғаш махаббат дегеннің не екенін түсініп, қуанған сәби қыздың мына қылығына Қадиша қызыға да, қызғана да қарады.
— Әдейі айтпайсың ғой, ә, Қадиша. Білемін, атын өзі атасын деп тұрсың ғой, білем, білем, — деп жеңгесінің алма мойнынан құшырлана қысқан Ақтоқты ыстық демімен Қадишаның құлағына сыбырлады, — Ақан, Ақ-а-ан!
Қадишаның жүрегі мұздай боп кетті. Ақтоқты оны сезген жоқ, жеңгесінен құшағын жазбай сөйлей берді, сөйлей берді.
— Сен байқайсың ба, Қадиша. Ақан биыл келіп кеткеннен бері мен де сөзшең болып барамын. Тегі жұғады білемін. Ділмарсып сөйлей бергім келеді. Ақандай болмасам да, көкейімі бір сұлу өрнекті, ұшқыр сөздер құйыла беретін сияқты. Сүю деген деген не деген бақыт еді, тіпті неге сүйгеніңді білмесең де бақыт екен, шаттық екен! — деп күліп, құшағын жазып жеңгесінің бетін өзіне бұрған Ақтоқты тосылып, үлкен көзі шарасынан шығып, аянышпен қарағандай болды. Қадишаның көзінен ыстық жас сорғалап тұрған. Жүзін жасырып, бүркегісі келмеді. Бетін жыбырлата жорғалаған көз жасты біржолата шығарайын дегендей, Ақтоқтының алдында қыбырсыз тұрып, ағыл-тегіл жылады. Жанындай жақсы көретін, сүйкімді қайын сіңлісінің қуанышын естігенде, жүрегіне байланған ғашықтық дерті сыртқа шығып, тыйылмай, көзінен тоқтаусыз аға берді. Екі бетін жас бұлап, үнсіз егілген Қадиша тамағына әлдене кептелгендей булығып, зорға шыдады.
— Саған не болды, Қадиша, неге бүйттің, жаным, жеңешетайым, — деп Ақтоқты екі бетінен алма-кезек сүйгенде барып:
— Қимаймын сені, күнім, сен де бір күні мені тастап кетесің бе?! — дегенді ықылық атып зорға құрады. Көңіліңде «Ақан да менен біржолата кетеді» деген үзілген арманның ұшығы тұр еді.
— Жыламашы, көкетайым, мен әлі кеткен жоқпын ғой, — деп еркелей жұбатқан балғын Ақтоқты жеңгесінің көңіліндегі қасіретін сезген жоқ.
Міне, енді Қадиша Ақанға келе жатыр. Бұл келістің басқа келіс екенін де түсінеді. Ақанның көңілінде әлі жарылмаған қауын, аршылмаған жұмыртқадай Ақтоқты екенін де біледі. Бұған салса, Ақанды тірі пендеге қимас еді. Бірақ ондай иеліктің аулы тым алыс. Тастандай байдың қолына түскен келіншек жастық шағын, арманда қалған махаббатым жасырын жолмен өткізіп қапысын таппаса, одан басқа жол бітеу, тас қараңғы меңіреу. Оның үстіне Ақтоқтысының бақытына қалай қол сұғар. Енді Ақанмен арадағы жібек жіпті үзіп, көңіл суытып тыйылмасқа амал жоқ. Қадиша осыған бекінді.
Өзекке қарай таяна бергенде:
— Қадиша, Қадиша, — деп сыбырлаған дауыс шығып, алдынан екі қарайған көрінді.
Ақанның да жүрегі дүрс-дүрс соғып, жазықсыз келіншектің алдында не деп ақталарын да білмей, кінәлі адамның қалпында ұялып отыр еді. Қадиша қасына келгенде бұрынғыдай еміреніп, жылы құшағына да ала алмай, ұмтыла түсіп мүдіріп қалды. Қасындағы Шәкей аттарға қарай кеткенде де, аузына лайықты сөз түспей, үнсіз тосыла берді. Жігіт бойындағы ыңғайсыздықты сезген Қадиша араларында бұрын ештеме болмаған әшейін бір ауыл адамдарындай жарқылдап, өткен іске елеусіз қарайтын жеңілтек әйелдердің мінезіне салып, сөйлеп кетті.
— Иә, бұл жүрістеріңе жол болсын, түнделетіп қыз аулап жүрсіңдер-ау, ә, қулар. Ақан, өзін айтпасаң да білем, әйел жаны сезгіш келеді, тоқтымды аңдып жүрген қасқырсың ғой, жасырмай-ақ қой, — деп сықылықтап күлген болды.
Бұрын бұлай өктем, өрескел сөйлемейтін Қадишаның күлкісіндегі жарықшақты да аудырмай таныған Ақан жас келіншектің жеңгетай кейпіне түскен жасанды қылығын аяп кетті.
— Қадиша, айналайын, менде қазір дәрмен жоқ. Жер дүниеде маған қорек болар жалғыз ғана тоқты қалыпты. Жақсыларды Тастекең сияқты аш бөрілер қоя ма, — деп сөзінің артын қалжыңға бұрған Ақан екі иінінен қапсыра ұстап еді, Қадиша иығын оқыс тартып алды.
— Aқан алшақ тұрып сөйлесейікші, біз енді жеңгетай мен күйеу баламыз ғой, — деп шегініп тұрды.
— Өкпең орынды, Қадиша, қайтейін.
— Не өкпе не ол? Менің саған еш өкпем жоқ.
— Қадиша!..
— Ақан… серім, сенен сұрайтыным, арада жастықтың қылтың — сылтың кездері болса, оны ұмытайық. Ондай-ондай кімде болмайды. Өткен істі жаңғыртпай-ақ қой. Ал енді айтарың Ақтоқты ғой.
— Иә, ретін тауып, бүгін жолықтырсаң.
— Жәрәйді, бұйрығыңыз орындалады. Енді жүре берейін бе? Қазір тауып әкелемін, — деп Қадиша асығыс басып кете барды. Бұдан артық бөгелсе, соз де көбейіп, өзінің шыдамсыз жайға түсетініне көзі жетті.
Сөзі де, күлкісі де асығыс. Бұрын бұлай сөйлеп көрмеген Қадишаның үні де, қимыл-тұрысы, бар қылығы Ақанға ерсі көрінді. Оның себебін де жақсы түсінген ақын, «шіркін-ай, дүниеге жаңа көзін ашып, бүршік жара бастағанда жоқшылық құрбанына шалынып, қор болған қыз-ау. Өз теңіңе қосылсаң, бір деген азаматтың жары болатын асылсың-ау!» деп қала берді.
Қадиша алтыбақанда жүрген Ақтоқтымен біраз сауық құрып, әткеншекте тербеліп ән салып, ауыл жастарынан бір қаға берісте сыбыр етіп, үйге қарай алып кеткен. Былай шыққан соң, Ақандар жаққа кілт бұрылып, жаңа өзі келген жерге дейін әкеліп, кері қайтты.
Бір бұрым етіп өрген Ақтоқтының қалың шашындағы шолпысы сыңғырлап, ұзақ зарығып күткен жігіт қасына жеткенше аялдаған Қадиша, ауыр бір күрсініп үйіне қарай беттеді. Мойнына ақ білегін артып тұрғанда, аш белінен құшақтап, ыстық лебімен аймалап, көзінен, ернінен үлбіріте сүйетін сымбатты, сұлу Ақаннан ұзап, еміреніп, толғану жаратылысына жазбаған, жай шөппен бірге қыр гүлін де тілімен бір-ақ орап, қомағайлана шайнайтын мүйізді хайуандай Тастанға қарай амалсыз аяқ басқанда Қадишаның екі иіні салбырап, ұнжырғасы түсіп, көңілі жаси берді. Жұпар иісі шыққан кең далаға өздері де жұпардай екі жасты, тең-құрбыларын қалдырып, Тастанның түнгі тамағын алдына тосып, аяғын жуып, қасына жататынын ойлағанда өз тіршілігінен жерінгендей жүдеп, налып келеді.
* * *
Есік алдындағы оты маздап жанған жер ошақтың басында екі адам қараңдайды. Ауыл-үйдің жігіттері. Тілі бір жақ ұртынан шығып жантәсілім еткен қойдың басын үйітіп отырған қара жігіт оттың жалынынан бетін қорғалап, тілің жалақтатып, шалқалай береді. Тура қолындағы шала үйітілген бас құсап, Қадишаны көргенде тісін ақситып, үнсіз күлді, Білегін сыбанып алған сары жігіт — Құлмақ сабына дейін қызыл-ала қанға боялған пышақты жас терінің үстіне бұтарлаған семіз еттің арасына тастай беріп, белін жазды.
— Иә, бұл ненің құрметі бейуақта, — деп сөйлеп келе жатқан Қадишаға аузын басып, «дауыстама» деген белгі беріп, Құлмақ сыбыр етті:
— Үндеме, жеңеше. Қонақ келді, қонақ.
— О, кім ол? Қандай қонақ мезгілсіз жүрген?
— Ұры қонақ. Қадірлі қонақ, — деп жігіт жымыңдағанда, Қадишаның жүрегі су етті: «Ұры қонақ!»
Енді кейін шегінуге сылтау жоқ: жігіттер көріп қойды, әйтпесе жасырынып барып Ақтоқтыға хабар берер еді.
Үйге беттеген Қадишаның алдынан жарма есікті сықырлата ашып, Тастан шықты. Үстіне жамыла салған жеңіл желбегейінің етегін жайқап, «бері жүр» деп әйелін ошақ басына әкелді.
— Күйеу келді, бар көріп шық. Сосын әлгі Тоқтым қайда, алтыбақан жақта ма, бір-екі қыз ертіп, тез алып кел. Ел — жұртқа сездірме, сен келген соң мен кетермін, — деп қысқа ғана бұйрық берді де, ошақ басындағы жігіттерге бұрылды.
Құлмақ үй иесі шыққанша қойдың қан-жынынан басқасына тимей, етін жеке-жеке мүшелеп бөлген. Тастан жүрелей отырып етке көз тастады да:
— Семізін — ай жарықтықтың. Өзі де күйеуге бұйырған бағы бар қой екен, — деп қулық айтқансып, түсін қайта суытты. — Жігіттер, ауыздарыңа сақ болыңдар, ата ғұрпымен ұрын келудің еш сөлекеттігі жоқ. Оның ұры күйеу болуы да ата дәстүрі. Мұндайда жар салмас болар.
Бастың құйқасын лөкет пышақпен қырып, қайта отқа отыра берген қара жігіт таңдайын қақты:
— Атамаңыз, бала дейсіз бе, осы маңда қыбырлаған тірі тышқан білмейді, — деп ыстық жалыннан кіржиіп маңыздана қалды.
— Неге білмесін, құлақтанбағанмен иісін сезгендер бар, — деп Құлмақ қуланып қабақ шытқан болды.
— Ол кім тағы? Бұл ауылдың өсекшіл қатындары білмей қоюшы ма еді. Иісшіл емес пе!-деп Тастан сары жігітке қарады.
Құлмақ әлі де түсі жібімей, қиналған боп:
— Иісшіл болғанда қандай, ой, антұрғандар-ой, көш жерден біледі ғой, кілем үстінде жатқандай, әне шынтақтай түсіп жайғасуларын қарашы, — дегенде, қара жігіт жаңа түсініп, оқыс баж ете күлді.
Жер ошақтан әрірек, көздері жалтылдап, жылы қаннан дәметіп, қатар-қатар тізілген ауыл иттері селк етіп, орындарынан атып-атып тұрды.
— Әй, Құлмақ-ай, әйтеуір, керейдің қу Сүлейменіндей-ақ барсың — ау, мен қатындар дегенде сенгенімші, — деп Тастан да екі иіні селкілдеп, көзі жасаурай күлді де, бір жерге үйген жау жұмырды шетінен алып: «Мә, сыбағаларың, мына Құлмақ ағаларың айтпаса, ұмытып кете жаздаппыз», — деп құлаштап лақтыра берді. Көк бауыр, ащы ішекке таласқан иттер әуелі ырылдасып, одан әрі шайнасып шаң-шұң етіп, қыңсылап, түнгі ауылды көтерді.
— Сіздің жомарттығыңызға риза боп, қуанғаннан ішек-сілесі қатып күлулерін қарашы, — деп Құлмақ, сойғанда байқамай жіберіп алған сан еттегі арам тамырды сылып тастады.
— Қулық айтам деп отырып, етті арамдай жаздапсың ғой, — деп Тастан төстің астындағы жетім шеміршек ат жүйрікті алып, бір түкірді де ерінбей тұрып есік маңдайшасына барып сарт еткізіп жабыстырды… — Ал етті түгелдей қазанға сала беріңдер. Қонақтар дем ала тұрсын ет піскенше, үйге кіріп мазаламаңыздар.
Тастан бай ауылының мырза баласының өз үйіне келіп ат басын тірегенінен іштей күрсініп, сыртқа қарай желпініп келуге кетті.
Үй ішіндегілерге дем алу қайда. Бұрын күйеу кәдесімен босаға аттамай бірден ұрын келген Жалмұқан қашан қызды көргенше жүрегі тағат таппай, шынында да ұры адамдай үйден шыға алмай, қасындағы жолдасымен күбірлесіп, қашан шолпысы сыңғырлап сұлу қыз сыпайы басып кіріп келеді деп, оюлы есікке қарап телміріп, елегізіп отыр…
Қадиша үлкен көлдің қырқасына құрған алтыбақан жаққа із тастап барды да, соңынан аңдыған ешкім болмаған соң жалт бұрылып Ақтоқтылар жаққа қарай ұшты. Көк шалғынды кең өзектің екі қапталы қыраттау, алаңқы. Шоқ-шоқ қалың изен мен кей тұстарда тобылғылар ұшырасады Алғашқыда қыз бен жігіттің бағытын білетін Қадиша оп-оңай тауып, қайын сіңлісін тез ертіп келем ғой деген. Енді ай даланы жанұшырып шарлаған сайын, үрейлене берді, Ақан мен Ақтоқты — жер жұтқандай зым-зия.
Қадиша еңкейе түсіп қарайды да, асығыс басып анадайдан биік көрінген қарайғанға келсе, бір шоқ ши, немесс қурай боп шығады. Жүгіре-жүгіре өкпесі өшкен оның маңдайынан шып-шып тер шығып, шын қысылайын деді. Бір-екі рет, амалсыздан, «Тоқтым», «аһ-оу, қайдасыңдар» деп әлсіз ғана дыбыс та берді. Ешкім жауап қатпайды.
Енді біраз жүрген соң тағы бір қарайған көрінді. Құшақтасып тұрған екеу. Қадиша қуанып кетті. Әйтсе де қуанышынан гөрі бағанадан қызылмай боп іздеген ашуы басымдау боп, анадайдан сөйлеп келеді:
— Дүниенің қызығын сендер көріңдер, мен байғұсқа түсер сонда не пайда. Тіпті өздерің құлақтарыңды бітеп алғансыңдар ғой, — деп ыза аралас ашық қалжыңмен жақындай бергенде, әлгі қарайған қатты пысқырып қалды.
Қадиша енді шын қорқайын деді. Ел жаққа қараса, тым ұзап кеткен. Ауыл оттарының өзі көмескі сығыраяды. Алтыбақан басындағы жастардың үні де естілмейді. Аспанда жұлдыз жиі көңілді болғанмен, дала үңірейген қап-қара, үрейлі. Ескі ай жұқара тозып, жаңа ай әлі туа қоймаған — өліара. Қадиша біраз уақыт алқынып басып, жайылып жүрген жалғыз атты ес көріп, тың тыңдап ұзақ отырды. Қыратты жерді шарлап жүріп өзектің шет жағына қиыстап түскен екен — бұл ара қалың көк орай.
Бір жамбастай отырған Қадишаның жадау көңілі әлденеге босап, жабырқай берді. Есіне алыста Үлкен Қараой жақта жатқан елі, төркін жұрты түсті. Ол жақта да қазір тыныш өмір, бейғам тіршілік. Онда да жастар. Олар да қазір екі жағын тал көмкерген жіңішке сұлу өзен бойындағы жайылымдарға, жайлауға шыққан шығар. Онда да алтыбақан, онда да ойын-той. Үйелмелі-сүйелмелі қызыл қарын жас балалары көп момын шаруа — Қадишаның ата-анасы қазір не күйде.
Ана жылы осы былтырғыдай қыс қатты болып, аязды ғана емес, қалың оппа бар ағашты өлке Айыртау, Сырымбет жағын көміп тастады да, жылқы қарға омбылап, малтығып, өз тұяғымен теуіп оттай алмай, титықтай бастаған соң, қайсыбір байлар қарауылдың төрт руы — атқы, жауар, сары жайлаған осы өлкенің, сонау Текеге дейінгі жақын — жұрағаттарын, құдандалы жамағайындарын сағалап, тоғай — бұтасыз адырлы кең жазық далаға малдарын төккен. Ол жылы Қараойдың қары жұқа, қамысты аралына түскендердің ішінде Бақтыбайлардың да жылқылары келді. Жылқышыларды бастап келген Тастан. Со жылы Қадишаның әкесіне Тастанның құты түсіп, қарамағына жылқышылыққа алып, ауыздарынан ақ май ағызды. Ақыры, жер аяғы кеңи келе, қыстан арық шыққан жылқыларынан қалың мал беріп, ағайындарының малымен қоса балалардың ең тұңғышы Қадишаны да ала кетті. Он жетіге жаңа келген қыз, өзіме ойнап-күліп жүретін құрбы-құрдастарымен де қоштаса алмай, бір түнде жат елге бодан боп, аттанып кете барған. Содан бері шаруасы мешел ата-ана төрт-бес күншілік жердегі қызына келген жоқ. Не Тастан барған жоқ, не арада құдалық ырымдары жасалмады. Екі жақ та бірін — бірі ұмытқан сияқты. Қадишаны аларда өзінің тең құрбысындай әкесінің алдында сызылып, күйеу қалпын сақтап оғаш мінез көрсетпеуге тырысып, жалпақтап, асты-үстіне түскен Тастан енді оның атын ауызға алуға намыстанады. Екі сөзінің бірінде «көрер ем ана күнін көре алмай, битін сығып, қанын жалап отырған үйінде отырсаң. Мол байлыққа күп етіп түсе қалған соң шалқақтайсың ғой!» деп бәйбіше тарпа бас салып, кедейлігін бетіне басса, Тастан оған ара түсіп бір ауыз сөз айтпайды. Қайта Қадишаға бәйбішеден бетер түнере түсіп, «өтірік пе, тәубеңді ұмытайын деген екенсің, жалшының қызы» деп көзіне зекиді. Елін, жұртын сағынып, туған бауырларын, әке-шешесін көргісі келген Қадиша бір жолы бала құсап қыңқылдап еді, Тастан беттен алды: «Сені іздеп отырған шығар олар. Керек етсе, бір рет болса да ат ізін салар еді ғой. Ана шұбырған балаларын асырай алмай, миқата боп жүрген байғұсты сағынып, соған да шынымен ішің елжірей ме? Барарым жоқ. Ал сен барам десең, осы үйден біржола кет!»
Жас келіншектің қазіргі күйі мына саяқ жүрген жылқының халіндей. Бақтыбай жұртында ең жақын тартып сыр ашысатыны, өзімен құрбы сияқты ойнап күлетін Ақтоқты ғана. Араларындағы айырмашылықта үш-төрт жас. Енді осы Ақтоқты кетсе, Қадишаның күні не болмақ. Он екіде бір гүлі ашылмай келген қыз, тұңғыш рет шын еміреніп жақсы көру дегеннің не екенін Ақаннан біліп еді. Ол үшін әшейінгі бозбалашылықтың әуеніндей көрінгенмен, Қадишаға сол келіп-кетіп тұрғанының өзі бір ұмытылмас қуанышты сәттер еді.
Жүнді балақ Тастанды қанша жақтырмай, қараңғы қапаста, уайымда жүргенмен, Ақанмен кездескелі дүниенің бір жарық сәулелі алтын есігі алаулана ашылып, сол саңылаудан бар әлемді тегіс көргендей тіршілігіне шуақ түсіп, жадыраған Қадиша енді қайтадан тұңғиыққа батып бара жатқандай сезінеді. Бірақ оған Ақанды да, Ақтоқтыны да кіналаудан аулақ. Ақан тұңғыш рет бал-шырынды ұмытылмас түнді бірге өткізгенде де, қыз бен жігіт арасында болар құрғақ уағданы айтып, үміттендіріп, жалған жұбатып, имексіткен жоқ. Екеуі де бір-біріне ауадай қажет адамдар екенін айтпай-ақ түсінді. Ұрланып келіп, тәтті мерзім, қызықты, қуанышты сәттерді бірге өткізу екеуіне де жеткілікті еді. Енді сол сәт, махаббат билігі жанындай жақсы көретін қайын сіңлісінің қолына ауды. Әрине, Ақтоқты жеңгесі мен Ақан арасындағы жақындықтан бейхабар. Ол кезде түк түсінбейтін сәби еді. Жаңа қылтиып көрінген қайыңның бір тал сабағындай еді. Енді бала қайыңдай толып, бойлап жетіліп, тамырлана да, жапырағына да күннің жылуын мол тілей бастаған өсімтал шағы. Өсе берсін, өне берсін. Ақтоқтыдай адал құрбыға Қадишаның тілері шын бақыт қана. Әттең көз алдынан кететіні ғана Қадишаның жанына батады. Ертең Ақтоқты ұзатылып кетсе, ол да бұл жаққа жоламайды. Сонда жұртта, көң-қоқырдың арасында елеусіз жатқан кәрлен кесенің сынығындай Қадиша жалғыз қалмақ. Тым құрмаса ермек қылар, басқа тіршілік күйбеңін ұмытарлық бойына нәресте де бітпей қойды. Екі жылдың ішінде ауыл арасында «бедеу» деген атқа ие болса, былтырдан бәрі жұп — жұмыр болып тола бастағаны да оны уайымға салды. Еріккен көлденең жұрт оны да сөз қылып өсекке таңды.
Ат тағы пысқырынды. Ол да Қадишаны елемей, жалғыз қалдырып, ұзап кеткен екен. Он жақ бүйірден бөдене «бытпылдық, бытпылдық» деп түннің ауған бір мезгілін хабарлағандай тықылдады да, ол да жым болды.
Қалың ойдан лезде айығып, бойы тез сергіген Қадиша орнынан ұшып тұрды. Есіне ұрын келген күйеу, жоғалған қыз жайлы қайта түсті. «Апырмай бұлай болмаса игі еді ғой. Әлде мен бұрыс кеттім бе» деп елге қарай жүгіре басқан Қадишаның көңіліне мына тастай қараңғы түнде қорқыныш пен күдік қатар енді.
* * *
Бақтыбай намаздыгер кезінде ақ үйінен талтаңдай басып шыққан. Өрістен қайтқан малдарына, желі басындағы биенің соңғы иіндісін сауып, құлындарын қосақтап, түнгі отқа ағытып жатқан малайларына ұзақ қарап тұрды да, көлдің басына барды. Қамысты көлдің бұл арасы алаңқы, ашықтау. Аз күнде көп мал су ішкендіктен, бір қарыс болса да кейін шегінген көлдің жағасы шұрқ-шұрқ. Жылқының жалпақ тұяқтары мен қойдың айырбақай жіңішке, өткір аша тұяқтары батқан. Қорысқа айналған батпақты судан мал қиының күлімсі иісі шығады.
— Жарықтық малдың иісі-ай, кеңсірігіңді жарып, көкірегіңді ашып жібереді-ау, — деп, үстінде қорасаннан қалған дағы бар, борықтай домаланған мұрнын көтеріп, әлгі иістерді Бақтыбай біраз уақытқа дейін мейірлене тартып тұрды да, көлдің жарқабақтау тұсына келіп, мал баспаған көгалға иығындағы жайнамазын жайды.
— Ал, енді дөденді қараңдар, — деп екі құлағын ұстап, батысқа қарап намаз оқи бастады.
Бес уақыт намазын қаза қылмайтын Бақтыбай әр уақытта неше бас барын әлі күнге білмейді. Әйтеуір «Аллаһакпар, аллаһакпар» деп бастап, шала жаттаған «пайғамбар сөзін» бірнеше қайталап құдайына сиына береді. «Шолақ қайырмаса болды. Қазақ оқығаннан күнә болмауға тиіс» деп ұғады.
Ол бүгін күндегіден ұзақ оқыды. Қас қарайып, аспанда жұлдыздар бадырайып көріне бастағанда жайнамазын жиып, молда шоқынып отырды да, көлге қарап жымыңдай берді.
— О, Бақтыбай, Бақтыбай, — деді оңаша отырған өзіне-өзі. — Сені ғой қазір алты алаштың азаматы түгел біледі. Сүтемгенмен құда болды дегенді сонау алтай-қарпық мына жағы Түменнің керейлері, он жақтағы қыпшақтар, сол жақтағы қоңырат, маңдайдағы қаржас, шекедегі қанжығалы, жалпақ жатқан қуандық шалқып жатқан сүйіндік, бегендік, шегендік, ту-ту айдабол, бәсентиын, тобықты, мына тұрған қарауыл, ана тұрған атығай — естімеген ел қалмады. Мына көлдің қамысын тыңдашы өзің, қамыс екеш қамысқа дейін не деп сыбырлайды. Ә, тыңдашы деймін, тыңдашы. Ә, бәлем, жаңа түсіндің бе, түсінерсің әлі. «Бақтыбайға бақ қонды, бақ қонды» деп сыбырлайды. Ал, жұлдыз не деп жымыңдайды. Қатын үйде күлімдейді, жұрт сыртта күбірлейді, жау күндейді. Ә, солай ма екен. Бақаң қай шешеніңнен кем. Бақаңның тілі де шықты, үні де шықты. Тұра тұр әлі, бәрі де шығады. Өй, Бақаң, жаса. Бақа. Ө-өй!
Бақтыбай жападан-жалғыз өзімен — өзі болып айғайлап жіберіп, өз даусынан өзі шошынғандай тыйыла қалды:
— Бақа, сап, сап! Сен сабырлы едің ғой. Ертең Сүтемгендермен төрдің нақ төбесінде тізе қағыстыра отырғанда жеңілтектік жасауға болмайды. Жұрт сынай қарайды, — Енді сен сасыған надан бай емессің, шалқыған байсын. Е-һе, — деп, Бақтыбай өз санын өзі бұрап алып, ішек-сілесі қата күлді.
Қуаныштан не істерін білмей болдырғанша сөйлеп, үйге қайтқан Бақтыбай киіз үйдің төріне тағы ұзақ отырып жасиғы оқыды. Намазын аяқтаған соң шаруамен жүрген кемпіріне де бұрылып қарамай, тізерлеген күйі отыра берді. Жаңа жайлауға келген соң Дәмелі ақ зонттан кең көйлек, дамбал тігіп кигізген. Жерге тиген қолқылдаған шапандай мол көйлектің етегін басып-басып қойып ойға кетті. Тағы сөйлейін деп еді, кемпірінен қаймықты. Екі тізесінің арасындағы күйектей кең ауын шұқылап, жынды адамша жымың-жымың етіп отырды да, көйлегінің астына қолын жүгіртіп, дамбалының бауын шығарды. Кең шалып байлаған салақтаған добалдай баудың ызындысына бұрынғы әдетімен ұзақ тесіле қарап, бір кезде белін қиып бара жатқандай болған соң тартып қалды. Бауы босаған белдігі кең дамбал қап құсап майлы мықынынан түсіп кетті. Толқында тербелген ақ шағаладай осы отырысы өзіне қатты ұнап, кеудесін, иығын сипап орнынан тапжылмады.
Әлден уақытты оның есіне Ақтоқтыға келген қалың мал түсті. Өз малынан гөрі бір күнде ауыл қотанына толып кеткен балаулы қырық жеті Бақтыбайға көктен жаудырған құдай тағаланың құтындай көрінген. Енді ол сол малдың он жылда қанша болатынын ойша есептеп еді, ерні жыбырлап, саусақтарын бүгіп санағанмен шатаса берді. Сосын балаулы дейтін құлын, торпақтарын алып тастап, қырық жетінің өзін жеке есептеді. Бәрін ұрғашы мал санатына қосты. Сонда да есебін шығара алмады.
— Әй, Дәмелі, — деді бір кезде, салқын қымызды үлкен шараға сүзіп отырған әйеліне. — Қырыққа қырықты қосқанда қанша болады осы?
— Е, оның не керегі бар, намазың қаза болды ғой, жарықтық-ау, сөйлемесеңші.
— Намазды оқып болғам, — деді бұрылмастан.
— Сексен болады, соны да шығара алмай отырсың ба?!
— Оған жетіні қосқанда ше?
— Сексен жеті болады да.
— Оған жетіні қосқанда?
— Сексен жеті демедім бе.
— Жо-жоқ, тағы жетіні қос.
— Тағы жеті, — деп Дәмелі де саусағымен есептеп, тез шығарды, — тоқсан төрт.
— Тоқсан төртке тоқсан төртті қосқанда ше?
— Өй, қожанасыр сол, басқа ермек табылмады ма? Қойшы әрман, сен құсап ерігіп отырғам жоқ.
— Жәрәйді, батыреке, ендігісін өзім де шығарам, — деп Бақтыбай жыбырлап, тағы санай бастады. «Пой-пой, не деген көп мал. Ақтоқтының қалыңы екі-үш жылда-ақ мыңғырып түрегеледі екен-ау. Қыз құт деген ып-ырас. Тоқсан төрт, тоқсан төрт. Оған тоқсан төртті қосқанда…» Бақтыбай намаз оқыған адамша аузы жыбырлап, күбірлеп отыр.
Осы кезде үйге асығыс кіріп келген Тастан қара мұрты жыбырлап жан-жағына қарады да, бозарып кетті. Дін жолынан қатты қорқатын ол ағасының намазын бұзбайын деп, Дәмелі жеңгесіне сыбырлап сөйледі:
— Ақтоқты қайда?
— Немене, тағы бірдеме боп қалды ма, жүрген шығар алтыбақан жақта, — деп Дәмелі Тастанның үрейлі өңіне мән бермеді. Қадишаны зәбірлеп, ренжіткенде ылғи Ақтоқтыны іздеп келетін әдеті. Бірге өскен құрбыдай Ақтоқты жеңгесінің көңілін тауып, ойнап-күліп уататын. Тастанның да сыбағасын беретін. — Ол, енді Қадишаға ұрысса, бармаймын. Жетер енді, — деп ашуланып жүрген, барар деймісің.
Бақтыбай үнсіз, өз ойымен отыр.
— Ойбай-ау, жеңеше-ау, кейін айтам деп ем, бағана іңірде күйеу бала ұрын келген, біздің үйде, — дегенде, Бақтыбай құлағы елең етіп, қуанғанынан ұшып кете жаздап, әрең шыдады. «Қой, сабырлық етейін» деп жымыңдап, тыңдай берді.
— Е, онда Ақтоқты қайда кетті дейсің, жүрген шығар, оны іздеп қайтесің, жеңгесі бар емес пе? Сен осында отыр, жастар өздері еркін ойнап-күлсін, — деген Дәмелінің аузын қаққан Тастанның даусы қатқылдау шықты:
— Қадишаны жібергелі не заман. Қадиша да, Ақтоқты да жер жұтқандай жоқ. Іздемеген жеріміз шамалы. Менің жүрегім бірдеңе сезетін сияқты. Бетін аулақ қылсын. Бағана жастардың арасында аш қасқырша тіміскілеп Ақан жүр деген. Ол да жоқ… — дей бергенде көзі ақия бастаған Бақтыбай баж етіп, атып тұрды.
— Ойбай, құрыдық, ойбай, аттан! — деп есікке қарай айғай — сүрең сала жүгіргенде, аяғына сыпырылып түскен дамбалына сүрініп, қайта тұрды.
— Тұра тұр, даурықпай, жұрт естімесін, — деп кеудесінен итерген Тастанға болар емес. Домаланып есікке қарай, алыса ұмтылған Бақтыбай, аяғына оралғы болған дамбалын да бақайымен бір серпіп, лақтырып жіберді.
— Аттан, аттан! Ойбой, ат-та-ан!
Тастан ағасының аузын басып, Дәмелі байының етегінен тартып жүр. Бақтыбайдың есі шығып кеткен, жөпшендіге көнер емес.
— Ойбай, аттан! Жау шапты, аттан!
Жазғы түндегі дауыс қандай ащы. Жұқа үйдің шаңырағынан көтерілген үрейлі дауысқа елеңдеп, жер ошақ маңында сүт қайнатып, қой сауып жүрген әйелдер «не боп қалдылап» Бақтыбайдың үйіне қарай ұшты.
Үйге алдымен кірген жас келіншек, әуелі дым түсіне алмай бедірейіп тұрды да, бетін басып, ата жөнелді. Тастан ағасының қолтығынан сүйреп төсекке қарай дырылдата әкетіп бара жатқанда тыр жалаңаш май құйрығын көрген кемпірлер «бетім-ау, байекеңе не болған абұйырын ашып» деп еріндерін сылп-сылп еткізді.
Бетіне жапқан көрпенің астында тыпырлап: — Аттан, аттан, Ақтоқты, Ақтоқты, құрыдық, құрыдық, — деп тұншыға барып, Бақтыбайдың үні өшті.
* * *
Ақан мен Ақтоқты түнеугүні шоқ ағаштың бауырында бірге болғалы, бір-біріне үйренісіп, сағынысып көріскен жақын ағайынды адамдардай, бірге өскен құрбылардың мінезімен шүйіркелесе кетті.
Әдеттегі амандық сұрасу, хал-жай білісуден соң, Ақтоқты ақындық жайына көшкен:
— Ақан аға, бізге деген тағы қандай жаңа өлеңдеріңіз бар. Ел жастары бұл күнде Қоскөл жаққа елеңдеп, жаңа әнге құлақ түретін болыпты. Бұрын сіздің ауыл жақтан Сарыкөлдің қамысының сыбдырын, Қараталдың шуылын ғана естісек, енді тамаша ән самалы есетін сияқты.
Ауыл арасында көп ұшырайтын іліп-шалма тілімен қалжыңдасатын қыздардай емес, Ақтоқтымен сөйлесу Ақанға женіл, әрі көңілді. Сөз арасына кейде тұрпайы, ұшқары сөздерді де жиі араластырып, қисынды-қисынсыз жерінде де мақал-мәтелдеп, қызыл тілін орынды-орынсыз безей беретін кейбір келіншектерден ығыр ақын сөзінің тігісін жатқыза, барынша мәнерлеп, орынды сөйлеуге талпынатын Ақтоқтыны қызыға тыңдайды. Жас та болса түйсігі мол, жаны нәзік қыздың салған жерден сұрағаны да өлең, өнер. Қазақ жұртында есендік-саулық сұрасудың түрі қисапсыз мол болғанмен, тап ән-күй, ақын көңілінен көкала үйректей ұшқан өлең жайын көп адам сұрай бермейді. Ақтоқтының мұнысы өз құрбыларынан ерекше, зерделі екенін көрсетсе, ақынға жан-сезімімен де үйлесетін жақындықты білдіреді.
Ақан кейінгі кезде шығарған төрт-бес өлеңін әуелі сөзімен, Ақтоқты қолқалаған соң, баяу ыңылдап әнімен айтып берді.
Ауылдан алысқа ұзап, еркін күліп, ара-тұра дабырлай сөйлескен екеу, түн тыныштығын бұзып, ұрланып табысқан қыз бен жігіт екенін де ұмытып кеткендей.
Түннің бір уағында Ақан:
— Көңілімде сайраған, домбыра пернесіне түспеген тағы біраз әндерім бар, бәрі өзіңе арналған, қалқам, — деп әңгіме бетін бұрды.
Осы кезде ғана үйі есіне түскен Ақтоқты үрейленіп:
— Ақан аға, қыз жолы жіңішке екенін білесіз ғой, бұрынғы еркекшора кез емес, осы күні аңдушының торына түскен қамаудағы құстай күйіміз бар, енді лұқсат болса, мен кетейін, — деді.
Бозбалалық құрып жүрген кездерінде, қыз атаулыны өзіне тез бейімдеп, қаршығадай іліп түсетін Ақан Ақтоқты алдында ондай оғаш мінездерінен тосылып, ыңғайсыздана береді.
— Ақтоқты, айналайын, асықпашы, барасың ғой, біраз жүре тұрайықшы, — деп қиылғаннан бөтен сөз таба алмады.
— Сізбен жер шетіне дейін жүре беруге жалықпас ем, бірақ… — деп Ақтоқты да көмейіне тірелген сөзін айта алмай бөгеліп қалды.
— Иә, иә, сөзіңді аяқташы, қалқам, тосылмашы, аз көріссек те көп біліскен екеуіміздің арамызда жасырын сыр болмаса екен, айтшы, жасырмашы.
— Қорқамын, Ақан аға, — деді Ақтоқты жүрексініп, даусы дірілдеп.
— Неден қорқасың? Айтшы, түсінбедім ғой. Неге қорқасың?..
— Күн өткен сайын, ұзақ зарығып, қыбын тауып кездескен сайын мүлдем сізге бауыр басып, үйреніп барамын. Әуелде аға деудің де, Ақан деудің де есебін таба алмай күбіжіктеп, аузыма лайықты ат түспеуші еді. Енді түн баласына көз ілмей жатып, іштей айта беретін, қайталап жаттай беретін сөзім де басқа. «Яман ұйғы, яман ұйғы» деп махаббат дұғасын үш қайтарғанда, сіздің атыңызды неше рет іштей айтатынымды өзім де білмеймін. Енді іштей емес, сол бір демеу болатын сөзді сырттай да айтып, тек өзіңізге ғана сыбырлап жеткізгенше асық бола бердім, Ақан аға, серім, — деп Ақтоқты соңғы сөзін жаздың майда, жылы желінен де қызғанғандай сыбырлап, тұңғыш рет ауыздан шыққан лебізден ұялып, ақша маңдайын Ақанның төсіне басты. — Қыз бала әу баста жат жұртқа жаратылғандықтан ба, әйтеуір ерте есейіп, өзінен мүшел жас үлкен адаммен теңесіп, ересек тарта қалатынына қайранмын. Қазір сіз екеуіміздің арамызда шек жоқ сияқты, қайта мен өзімді үлкен санайтын секілдімін, — Ақтоқты басын сүйеген қалпы күліп жіберді.
— Мен де таңмын, күлкіңнен айналдым! — деп Ақан да оның қолаң шашынан еркелете сипап, балаша ағынан жарылды. — Жас болса бұрынғы жиырма бес емес… қалған ғұмырды ел аралап, ат үстінде жүріп «ахахаумен» өткізетін шығармын, бозбалалық етсем де, шын сүйерлік жүрек жоқ шығар, жүрдек те, тілек те шау тартып есейіп кеткен шығар деуші едім. Сені көргелі бір тіршілік қасиетін жаңа ұққандаймын. Сен мені ұяң, балаң жастығыма қайта шегердің. Мендегі жастық жүрек ырқынан айрылған шығар, кісенделген болар деуші ем. Енді, міне, сол жүректің тізгінінен енді өзім айырылып қалғандаймын.
Ақан Ақтоқтының жұмыр иығынан құшақтап тұрып, қара түнде ештеме көріп жасқанбаса да, өз-өзінен қымсынғандай, өз сөзінен өзі қысылғандай, екі көзін жұмып, терең тұңғиық сезіммен айтты. Өз сөзін өзі ести алған жоқ, тек жүрек дүрсілі ғана тым-тырыс даланы жалғыз кезген ат тұяғының дүрсіліндей асығыс соғып тұрды.
Мұндай жас жандар мерзіммен санаса ма! Жаздың сүт пісірім қысқа таңы жақындаса да, өздерінің қайда екенін ұмытып, үнсіз, ұзақ тұрып қалды. Әлден уақытта барып, көп, бұлдыр ойдың, рақат бір сезімнің құшағында маужыраған Ақан бағана бір айтқан Ақтоқтының сөзі есіне еміс-еміс түсіп кеткенде басын көтеріп алып, оның түнгі салқында тоңазыған бетін етсіз, сіңірлі алақанымен қаздың балапанындай үлбірете ұстап, өзіне бұрды да, анық көрмесе де, өзіне танық қарашығы балападай тап-таза көзіне ынтыға, құмарлана қарады. Сәл жымия күліп, қайтадан құшырлана құшағына қысты да:
— Айтшы, аққұсым, сен осы неден қорқам дедің! Бір-бірімізге не бауыр басып, үйреніссек оның несі қорқыныш? — деді Ақтоқтының бағанағы сөзін қайталап.
Ақтоқтының қараңғыда күңгірт тартқан сүйріктей ақ саусақтары Ақанның иығынан төмен түсіп, кеуде тұсына келгенде сәл дірілдеп тұрып қалды. Оны сездірмейін дегендей серінің өңірі ашық шапанының түймесін салалы саусақатрымен қозғап, ыңғайсызданған Ақтоқты әлденеге батылы жетпей жүрексініп, тағы да сыбырлап үн қатты:
— Менің қорқатыным… оң жақта отырып жат жұртқа бодан болуға бет бұрған қыздардың, көптің үркуі емес. Ол қорқыныш әрі кеткенде, жүрексінуден аспас еді. Менің қорқынышымда үрей бар. Ол — тыныштығы бұзылып, мазасы кеткен жүректің, бұрынғы Ақтоқтының емес, жаңа Ақтоқтыдағы жүректің үрейі. Ол жаңа жүрек өзіңізді көрген күннен бастап пайда болған. Содан бері бұрын ештемені білмейтін, әйтеуір бөтен елге барам ғой дегенді алыстағы бір сағымдай ғана сезетін, ырықсыз, ынжық жүрек жаңа талпынып, алысқа ұмтылып, шарқ ұрған қанатты жүрекке айналған. Мен қазір сол қанатпен мүдірмей ұшып келемін, қайда барамын, не боламын? Оны ойлауға мұршам жоқ. Өзіңіз айтатын, бейіштің бағында тек жаным ғана ұшып келе жатқандай, өң мен түстің арасындағы рақат бір дүние. Осылайша кете барсам не болам. Алдымда не күтіп тұр. Жартасқа соғылам ба? Құзға құлаймын ба? Мен одан өлем деп қорықпаймын, әлгі жаңа жүрегімнен айырыламын, содан қорқамын. Ендігі жерде сізден бөтен адам да, бөтен ұя да жат… Не деген үрейлі еді. Неге ғана кездестік екен. Бұрынғы қалпымда, көптің бірі болып кете бармас па ем! — Ақтоқтының тұла бойы қалтырап, үзіп-үзіп күрсінді.
— Жақсы айттың-ау, жаным! Бұрын көзсіз сүйіп, шарапқа мас болғандай елтіп, есім ауып жүрсе, енді сен сол махаббатыма мағына бере бастадың. Өз сезімімнің алдамшы емес, нәрлі сезім, болжамы дұрыс, ойлы сезім екенін түсінгендеймін. Тек сұрарым болсын, кездескенімізге өкінбеші.
Ақтоқты тағы күрсінді. Бүгін өзінің ашыла сөйлегеніне іштей риза боп, көңіліндегі бар сырын ақтарғысы келді.
— Құдай-ай, неден ғана қыз баланы осынша шідерлеп жаратты екен. Жүрегің, жаның кімге дәрі, ол түгілі, әр қадамың санаулы. Әр аттаған сайын жалтақтап, құры адамша жан-жағыңа қаранумен боласың, қарманарың жоқ. Бұ дүниеге біреу үшін, басқаның қызығы, мазағы үшін ғана жаратқан сияқты. Бала-шағаның қолындағы қуыршақ не, қыз не. Күні бірдей. Естіп, көріп білмеген адамыңнан жетегінде жәрмеңкеде алған жылқыдай бүлкектеп кете барасың. Жынды ма, нақұрыс па, ойлы ма, жігерлі ме, таз ба, соқыр ма — оны да білмейсің. Білсең де тулауға дәрменім жоқ. Көнуің керек, не мойныңа түскен бұғалыққа қылғынып өлуің керек. Ал ол сенің бас-аяғың бүтін бе, кеміс пе — қарамайды, кейде ұнамаса да зорлықшыл әкенің аз тіршілігінің күйкі есебі үшін ала салады. Кейін, тағы бірін, тағы бірін. Ал сен…
Елден тым ұзап кеткен Ақан Ақтоқтының иығынан қапсыра құшақтап, кері бұрылып жүріп келеді. Қазір өз тағдырын, сүйгенінің тағдырын ойлаған ғашықтай емес, қыз атаулының маңдайына жазған айықпас сорын ойлап, Ақтоқтымен бірге қиналып, егіліп келе жатқан құрбысы, не ағасы тәрізді.
Шығыс жақ есінеген жылқыдай ақ таңдайланып, қараңғылық сейіле бастады. Ұзақ, үнсіз жүріп келіп, тағы да Ақтоқтының жүзін өзіне бұрған Ақан, қинала тұрып ойын айтты:
— Ақтоқты, қалқам, кетсек қайтеді бірге. Аттар да дайын.
Ақтоқты ә дегенде төбесінен жай түскендей, ләм демей үнсіз мелшиіп қалды да:
— Не дейсіз, Ақан? — деп мағынасыз қарай берді.
Бағанадан еңкеңдей басып, жоқ іздеген адамдай жиі шоқаңдап, бір отырып, бір тұрып келе жатқан ауыл жігіті тап қастарына келгенде, беттеріне үңіле түсіп:
— Ә, Ақтоқты мұнда екен ғой, бәсе… — деп міңгірлеп, сөйлеп барады, — Қараңдағанға оттап жүрген мал екен десем…
Екеуі дәл тұсына жете бергенде, бір топ шидің түбінен состиып шыға келген ақсақ әйел күйбіжіктеп:
— Бұлары кім еді тағы, жапанның жалпақ түзінде де жөндеп отыра алмайсың, — деп кейіген боп, қираң-қираң етіп ауылға қарай о да елбектей жөнелді.
Бұл кезге дейін ауыл кәдір түнін күткендей ұйықтаған жоқ еді. Ұрын келген күйеуді Тастан жасырғанмен Бақтыбайдың «аттандаған» айғайынан соң-ақ жұрт тегіс құлақтанып, жайлау үстінде сыбыр-сыбыр сөз лезде су жыландай жүріп өткен.
— Жалмұқан келіпті.
— Ақтоқты қайда?
— Жоқ дейді. Таба алмай жүр.
— Бір жаққа қашып кетпесе игі еді.
— Ойпырым-ай, масқара болды-ау! — дескен ауыл адамдары істің артын күтіп, бір-бірімен жиі хабарласып жатқан.
Суық сөз Жалмұқандарға да жетті. Қалыңдықтың ұзақ келмеуінен секем алған күйеу бала жолдасын жұмсап, Ақтоқтының қайда екенін біліп келуге жіберген. Алтыбақан басына қараңғыда көрінбей барған жігіт жастардың аузындағы үрейлі сөзді естіп, Жалмұқаннан жасқана отырып айтқан. Ақтоқтыны жоғалтқан Тастан да қашан табылғанша бетінен басып, үйіне келмей қойды. Бағана көрініп кеткен жас тоқал да жоқ. Жер ошақ маңындағы екі жігіт те отты көсеп, есінеп отырып, жас талдан жасаған істікке жас еттен түйреп біраз құйқалық жеген де, кетіп қалған.
Таң біліне келген Тастан мен Қадишада өң жоқ. Күйеулердің көңілін аулайын дегендей, көздері ұры мысықтың көзінше жылтыңдай күліп, қайдағы бір қисынсыз сөздерді айтып қалжыңдаған болады. Бірақ түстері келмейді.
Қадиша түні бойы бұрқылдап қайнап, сүйегінен сыпырылып түскенше жидіген қой етін табаққа салып әкелді. Сығырайған май шамның астында бәсең инені сабақтай алмаған суды көз кәрілер құсап үй иелеріне сығалап қараған күйеу жігіттер табаққа қол салмастан тысқа шықты.
— Күйеу бала, бір сәтсіз күнде келуіңді қарашы. Ақтоқты қатты ауырып жатқаны, жайлауға келгелі тымау-сүзбеден айыға алмай жүр байғұс бала. Әйтеуір артын қайырлы қылсын, — деп Қадиша Тастанға көзінің астымен ұрлана қарап, өзінше тапқырлық жасаған.
Жалмұқан ләм деп жауап қайырмады, түнерген күйі босағадан аттап, қолын да шаймастан аттарына келді. Үй маңында қызық көруге жылтыңдап жүрген бір-екі қыз бұларға әдейі естірте сөйлеп тұр:
— Әлгі күйеу бала ғой, сойы қайнап, киіз үйде таң күзетіп отыр.
— Енді қайтсын байғұс, қалыңдықтың қызығына батам деп келген ғой. Иә саған, қызыққа белшеңнен батарсың.
— Ақтоқтының өз қызығы өзінде. Дәу де болса Ақанмен кетті, көйейсің. Кеше ұйқы ашайда қатай отыйған түйлейі жаман еді.
— Бәсе, бәсе, менің де мына жаман көңіліме сол келіп еді. Ақан ағай тиген жерін ойып түспей, аман жіберер ме.
— Күйеу сойлыға несі қалады. Құйамай қапты-ау, сойың құйғый, Сүтемгеннің жалғызы. Өзі де тірі пендені менсінбей кекійеңдеген жел кеуде деуші еді. Сол кейек, шоқ-шоқ! Өй, ана аттайдың қасында биеу қаяңдай ма, — десіп, ағараңдаған таң сәулесінде анық көрсе де, танымаған боп сықылықтай күлген қыздар үйді айналып жүгіріп кетті…
Ел қалың ұйқыда шығар деп, Ақан мен Ақтоқтының қаперлеріне түк келмей, ауыл тұсына жақындап кеп тоқтағанда, таң да аппақ боп атқан.
Ажырасуға бірін-бірі қимаған екі жас, кете алмай бөгеле берді.
— Ақтоқтым, жаным, не істейміз! Сені қашан ұзатқанша жіпсіз байланып, дәрменсіз отыра бермекпіз бе?! — деген Ақанға:
— Ақан аға, сәл шыдайықшы. Күзге дейін әлі көп уақыт бар емес пе? Мүмкін басқа бір шарасы болар, — деп Ақтоқты қиыла қарады.
— Не шара, қалқам, менде қазір басқа шара қалған жоқ. Елге салып, ата-ананың алдынан өтетін хал жоқ. Сенің тағдырың сырттай шешілген. Барар жерің анық. Енді, не де болса тәуекелге бел байлап, қол ұстасып, бірге кету ғана қалды. Егер сен осыған тұрсаң, мен жазмыш салған ауыртпалықтың қандайын болса да көтеруге бармын. Аянып, тартынып қалар жай жоқ. Оқ тиіп мәңгірген құстай сенделіп өтер ендігі уақытқа шыдар дәрмен жоқ. Тек қана сенің бір-ақ ауыз сөзің керек.
— Жан аға, Ақан аға, бір жолға шыдаңызшы. Күзге дейін өзім бір хабарын берем. Барам деген әлгі жолыңыздан да қалмаңыз. Одан тартынсаңыз, ренжимін. Сізбен бір тілдеспей, үнсіз кете барсам, ант ұрсын. Анталаған қасқырлардың ортасындағы сорлы әкем мен аяулы анамды аяймын. Тым құрмаса, соларды иіп көрейінші, қанша қорқып, үрейленсе де мүмкін өз балапанын түсінер, илігер. Көнбеген күнде басқа амалын жасармыз. Асықпаңызшы, Ақан аға! — деп көзіне жас кеп қалған Ақтоқты Ақанның мойынынан құшақтап тұрып қалды.
Тап осы кезге дейін әр киіз жаппаның ішінен сығалаған көп аңдушы сарт-сұрт еткізіп есіктерін жауып алғанда барып Ақтоқты мен Ақан селк етіп, бойларын түзеді.
— Хош бол, Ақан аға, енді қашан көрем, хош, — деп Ақтоқты да ұзай берді.
Бұлардың бар қимылын алыстан болжап Тастан үйінің сыртында түтіккен Жалмұқандар да аттарына қонып, қара жамылғандай түнеріп, беттерін терістікке бұрып, жүріп кетті.
4
Ел орынға отырғанша көрші ауылға тығыз шаруамен жүгіртіп барып келе қояйын деген Еркімбай айдалада ербиген біреуді көріп атын бұрды: «Тегінде, болдырған көлігін шалдырған жолаушы болса керек». Cap желдіріп жақындай берген Еркімбай тізгінін тартып, қасына арсалаңдап, лекітіп келуді лайықсыз санап, бұлаң құйрықпен таяна берді. Жолаушы елең етер емес. Басы салбырап кеткен. Атының тізгінін де жимайды. Біреу өлтіріп жансыз тұлып денені ер — тоқымға шандып, байлап тастағандай міз бақпайды.
Еркімбай үрейленіп, не де болса көрейін деп, ердің қасына еңкейе қарап жеткенде бір-ақ таныды: Су Құсайын. Жамбасы жалақ кәрі шабдар ат. Қанжығаға байлаған атамзаманғы ала қоржын, үстінде түйе жүн жыртық шекпен.
Бәрі баяғы қалпы. Бәрі Су Құсайынның өзімен бірге жасап келеді. Еркімбай қуанғаннан жарылардай боп: «Ау, Құсеке» деп айғайлап жібергісі кеп, өзін зорға тежеді. Су Құсайын қалың тәтгі ұйқыда екен. Аузынан сілекейі шұбырып, жапан түзді басына көтере қорылдап, ара-арасында «айт, айт» деп қояды. Бұл қызықты бұрыннан білсе де, Еркімбай мырс етіп күліп жіберді.
Жасынан әке-шешеден жетім қалып, жоқшылық тауқыметін тартқан жетім бала байлардың қойын бағып, қозысын жайып күнелткен. Жігіт болып есейгенше осы кәсібін талшық етті. Мінезі момын қойшының бойындағы бір қасиеті аса ертегішіл. Ертегінің неше атасын біледі. Келе-келе өзі де жанынан шығарып әңгіме де айтуға дағдылана бастаған. Әңгімесі әрі қызық, әрі шылғи өтірік. Қызық өтірік айтатын тазша бала құсап, қисынын келтіріп соғатын Құсайынды жұрт аузын ашып, көзін жұмып тыңдайды. Ел күземде отырған кез болатын. Қара суықта қотанға иіріп тастайтын қойды күзететін де осы Құсайын. Өзінде құстың ұйқысындай ұйқы жоқ. Түн баласына көзінің шырымын алмай, қойды айнала жүріп, дала бөрісіне сес көрсетіп, айғайлап шығады. «Айт, айт» деп жағы тыным таппайтын Құсайын күндіз де жамбасы жерге тиіп, ұйқтап көрген емес. Жұрт таң қалып, «Құсайын-ау, осы сенің ұйқың қайда, түн болса қой күзетіп, ит айтақтап шығасың, күндіз болса, тыным таппай ел ақтайсың» десе, «Е, ұйқы деген өліммен тең нәрсе. Өлім қайда қашар дейсің, мен тіршілікке аса құштар адаммын, бір күн ұйықтасам өзімді тірі өлікке санаймын, ұйқыны сендерге-ақ бердім» деп күлетін. Бір күні ауыл жастары қой маңында ұйқы ашар жасап жүріп, Құсайынның өтірігінің үстінен шығады. Бір-екі қыз бен жігіт сырласып, қойды айнала келе жатса, таяғына сүйеніп, селтиіп тұрған Құсайынды көреді. Түн қараңғысында жасырынып келіп қорқытпақшы болып қылжақбастау жігіт қасына таянса, қойшы түк сезбейді. Сүйтсе, ұйқтап тұр екен. Және ұйқысы бір жосын. Қатты бір қор ете қалып, демін алғанда, «айт» деп қояды, тағы қорылдап, тағы «айт!» дейді. Жастардың ішек-сілесі қата күліп, келесі күні жұртқа жаяды. Сүйтсе, жасынан қой бағып, көзі шыққан Құсайынның күндегі кәсібі осы екен ғой. Ұйқтап жатып та, қалғып тұрып та ит айтақтау әбден терісіне сіңген әдет екен. Ел содан бері бұрын да өтірік әңгімелер айтатын Құсайынды «Су Құсайын» атап кетеді.
Су Құсайын — әлі үйленбеген адам. Алдында бір тұяғы жоқ жетімге кім қызын беруші еді. Бірақ оған қыңатын ол жоқ. Ұрғашы затынан гөрі өзінің шабдар атын артық көретін сопы адам. Орта жасқа келгенде белінен құяң болып, алыс ағайынының қолында біраз төсек тартып жатып қалған ол, кейін байлардың малын бағудан да қағылған. Содан бері басқа кәсіпке ауысты. Ел арасындағы өсек-аяңды қағып алып, құлақтанбаған алыс ауылдарға барып мәнерлеп, қисындырып жеткізетін өнер шығарды. Келе-келе бұған да жаттығып, машықтанып алды. Маңдайына басқан жалғыз атымен қыдыратын. Су Құсайынға әбден үйреніп, жұрт сағынып көрісетін халге жеткен. Ол келе жатқанда-ақ құлақтары елеңдеп, елегізіп отырған өсек құмарлар қолға тигізбей қағып әкетеді.
Еркімбай да осындай зеріккен өсек құмарлардың бірі. Су Құсайынды көргенде «қап!» деп, біраз тұрды да, «қой, шаpya өлгенде ғана бітер, жау шауып бара жатқан жоқ, ертең барармын. Бүгін мына ұзынқұлақ қу көсені үйге апарып, өз құлағыммен ел жаңалығын тыңдайын, кейін естіген өсектің дәмі жоқ» деп ойға кеткен Еркімбай:
— Ау, Құсеке, Суеке! — деп айғай салды.
Су Құсайын оянар емес. Шабдар ат қана, «қарағым ерікпей, жөніңе кетсейші, ұйқыдағы адамның мазасын алып не жұмысың бар» дегендей басын көтере жаратпай бір қарады да, бөтен аттылы кете қоймаған соң, «тфу, ұятың жоқ саппас екенсің» деп, танауы делдие қатты пысқырып, қайтадан оттай берді.
Су Құсайын он шақты күн тынымсыз ел кезіп, өлердей шаршаған. Қарауыл жайлаған қалың елдің бір шетінен түре түскен ол, қазір екінші басына зорға жетіп, мал өрістен қайта Жекебояқ жайлауына құлады. Астындағы арбиған биік жалқау шабдар аты тоңқ-тоңқ етіп өнімсіз бүлкілдеп, ішін ауыртқан соң аяңға түсірген.
Он шақты күннен бері Су Құсайынның тамағы тоқ. Өсек сөзге, жаңалыққа жаны құмар еріккен жұрт жол бойы қонағасын мол беріп, мелдегінен шығарған. Күнде ат үстінде жүрген онда еш уайым жоқ, тек ағаш ер қажаған жері ғана удай ашып, ұзақ уақыт екі жамбасына алма-кезек қисая отырып, мазасызданып, орын ауыстырып келеді. Біраз жүрген соң еті қызған Су Құсайын ол қайғыдан да арылды. Енді жиі кекіріп, көмейінен келген тәтті қымыздың иісіне мас болып, самайынан тарамдана тер ағып, маужырай бастаған. Аяңға түскен адымы кең шабдардың үстінде түйе өркешіндегі жазыдай ырғалып, басы салбырап, қалғып кетті. Иесіне сыралғы ат өзіне таныс қорыл шыққанда жалғыз аяқ жол жиегіндегі қалың көдеден жұла оттап, қыл шылбыр сусып алдына түскенде жолдан шығып, қалың қауға жабыса қалды. Ауыздығымен оттап үйренген шабдар бозғылт қаудандай қалың қияқ жалы бармақтай ноғаласы бар көзіне түсіп, шөпті тамырымен жұла жайылып, жолдан ұзай берді. Желсіз тынық ауада кешкі бозторғай ұзақ шырылдап, ашық аспанда қанаты жыбырлап, ән салады. Сары гүлдердей титімдей шымшықтар қалың шөп арасында өзді-өзі сөйлескендей шиқылдап, тыпың-тыпың еткен шидей аяқтарымен тынымсыз жорғалайды. Тарыдай көздерімен шабдар атқа қызыға қарап, еті үйренген сайын тұмсығына жақындай түседі. Белінде отырған шүйкедей иесінің салмағына үйренген ат оны жаңқа құрлы көрер емес. Келесі күнге дейін жүре берсе ауырсынар түрі жоқ. Бабымен мініп, жиі оттатып, аузынан жем-суды айырмайтын иесіне риза шабдар жиі пысқырып, қарнын бүрістірген артқы қайыс айылдан ғана тынысы тарылғандай анда-санда ыстық леппен ішін тарта күрсініп, басын жерден көтермей, жылжи берді. Қасына келген салт атты адамды керек қылмады. Жақындай бере оқыранған бөтен атқа да мойнын бұрып дыбыс бермеді. Шабдар ат өз қожасынан басқаны менсінбейтін маңғаз. Ғұмыры үйірлі жылқыға қосылып көрмеген саяқ. Жал- құйрығының түбіндегі аздаған қышымасы қозғанда ғана өзі секілді бос жайылған жауыр атты тауып алып, айқасып тұрып ұзақ қасынатыны бар. Онда да қышуы қанған соң, «жарайды, біраз күнге жетер» дегендей, әлгі атқа қайрылмастан кете баратын тәкаппар.
Анда-санда мазақтағандай «айт-айт!» деп қойып қорылдаған Су Құсайын мен керенау шабдар аттың мына қылықтарына ыза болған Еркімбай енді ай даланы басына көтере:
— Құсайын, Су Құсайын, сутәк Құсайын! — деп жәрмеңкеде орыстардан үйренген сөзін араластыра дәл құлағының түбінен баж ете қалды.
Бұл жолы басын оқыс көтеріп алған шабдар ат шын жаратпай, «өй, жүрегінің қабын жарайын деп пе ең, есің дұрыс па өзіңнің, ұйбай қайтеді, шайқы болармысың, өзіңді тістеп алайын ба!» дегендей ноғалалы айран көзімен ұзақ едірейе қарады да, құлағын жымитты.
Қатарласа тоқтаған Еркімбай Су Құсайынды иығынан сілкіп-сілкіп қалғанда барып қорылын басқан. Біраз пысылдап, айтағынан жаңылған ол сәл бұрылып, бір көзін ашты. Өзі әлі үнсіз отыр. Кең ашылған көк көз кірпік қақпай өзіне ұзақ қадалғанда Еркімбайдың зәресі ұшты. Жүзіктің бетіндегі тозған гауһардай көз өңменінен өтіп, ішіп-жеп барады. Еркімбай сасқанынан:
— Оу, Құсеке, мен ғой, Еркімбаймын, танымай тұрсыз ба! — деді.
Енді Су Құсайынның екінші көзі ашылды. Бірақ әлі мәңгіріп, түк түсінбей үнсіз қадалып отыр.
— Ассалаумағалейкүм, — деді Еркімбай.
Ұзақ отырып, әлден уақытта аузын кере есінеген Су Құсайын:
— Әлікімсалам, — деді…
Еркімбай үйіне келген соң Су Құсайын ширап кетті. Ауыл адамдарының біразы жиналып қалған. Киіз үйдің сыртына төсеніш жайғызып, дәл ортаға молдас құрып жайғасқан Су Құсайын әуелі біраз бұлданып ширатыла түсті:
— Еркімбай, сен ана әйеліңе алдымен қазан көтерт, тамақтың иісі мұрныма келмей, сөзімнің нәші де келмейді; сосын самауыр қойғыз, мына күннің ыстығында барлығып, маңдайым кеуіп отыр. Кірпіш шайларың бар ма еді, ет піскенше жеңіл-желпі құймақ құйғыза қойсаң да жаман болмас еді. Е-е, өздерің тауық та ұстайды екенсіңдер ғой, — деп, үйден алысырақ жерге төккен күлге аунап жатқан қарала-торала ақ тауықтарға қарады. — Самауыр ішіне он шақты жұмыртқа тастай салыңдар. Бірақ тым қатты пісіп кетпесін, сол бәлекеттің аршуы қиын. Бәрінен оңайы — соны қаймақ қайнатып пісіргендерің жөн болар. Сосын ана шабдар атты отқа қойғызсаң. Жарықтық өзіме тартқан тамақсаулау неме.
Еркімбай — Ақтоқтының апасы Ақботаның күйеуі. Шаруасы мығым бұл үйдің иелері қонаққа да барын беретін қолы ашық, қонақжай жандар. Бұл ауыл үстінен өткен адам мұнда ат басын тіремей кетпейді. Кер маралдай керілген аппақ Ақбота ақ жібек жаулығы, көк атылас кең етек көйлегі көлбеңдеп бәйек болып жүр. Сықпа құрт, ірімшік жайған шидің биік қазықтарына қақтаған қойдың жас етін қазанға жуып салып, астына даладан терге қаңылшық тезекті қалап, әп-сәтте ду еткізді. Сыртына орыс патшаларының суреті оймышталған жез самауыр да оттығынан қызыл жалыны шығып, кебу түйміштер шытырлай жанып, гүжілдей жөнелді.
Тер сіңген атамзаманғы сырмалы тақиясын алшысынан киіп, масаттанған Су Құсайын әлі де маңғазданып, шабдар атын тармақ қададан шешіп, үзеңгіге аяқ артып жатқан жалаң аяқ балаға әмір етті:
— Әй, балақай, мына тұрған көлге жетектеп барсаң да болмай ма? Алыстан келген атты қинап қайтесің. Ауыздығымен су ішкізіп жүрме. Ерді байқап ал. Шоқтығында жарасы бар, беті алынып қалмасын. Ана жырымда байлаулы тұсамысты көремісің, тым алысқа ұзамай-ақ көлдің бергі қабағына жіберсең де болады. Суарған соң аунатып ал, түнде аунаймын деп үйелеп қап, көзімді ағартып жүрмесін. Құнын төлейтін әкеңнің артық аты бар ма еді, — деп шылбырынан жетелеген қонақуар балаға қарап, басын шайқады, — Өзінің ат жандысына не берерсің, құйтымдай боп ап.
Ел арасында еркін сөйлеп, ерке боп алған Су Құсайынның аузына шал-кемпірлер жұтынып қойып қарап отыр. Биыл қыста Ақанның Бірішек жайындағы әңгімесіне жамау-жасқауды көбірек қосып, Нұртазаларды оңдырмай сілейтіп, әжуалағаны бұл маңның адамдары аузының суы құрып жүретін. Бір кезде ол ерніне насыбай салып әңгімесін бастамаққа қозғалақтады да, жер ошақ басында күйбеңдеген Ақботаға тағы қарады:
— Айналайын, ана самауырдың түйміші қайың-ау деймін. Кейін оттығын қағарда күлін төге көрме. Осы үйде үккіш бар ма еді. Насыбайым таусылып қалыпты.
— Бар, бар. Мына көрші үй алып кеткен, алдырамыз ғой, — деп Еркімбай да жөппелетіп жатыр.
— Ал, енді тыңдаңдар, — деп, бар мұқтажын жайғастырып алған Су Құсайын сөзге кірісті, — Апырай деймін-ау, бұлай болар деп кім ойлаған. Тап Сүтемген бұлай масқара болам демек түгілі, үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар. Аузы күншығыстан бір-ақ келді. Мейманасы тасып, қара қазақты менсінбей, төрелердей асқақтаған неме белі шойырылған қасқырша шоңқиып қалды. Бәлемге сол керек. Онымен иық теңестірер қазақ тумады деп жүрген шығар. Енді көрсін қалай екенін».
Ақтоқтының болашақ атасы Сүтемген құда жайындағы суық хабарға Еркімбайдың көзі шарасынан шықты. «Оған ит боп қалды. Тоқтым аман болса игі етті» деп елеңдеген Ақбота да кебісін ұшымен басып, аяқ астында тапталған сарғыш шөптесінге бір жамбастай сылқ етіп отыра кетті.
— Еркімбай, сен де бөтен емессің. Ақтоқтыға бір адамның жаны ашыса, сенің жаның ашыр. Жасы балиғаға толар-толмаста ана Сүтемгеннің қатынсыз жүрген Жалмұқанына атастырып, қартайғанда Бақтыбай да алжыды ғой. Бірақ ол байғұс та қайтсін, күштінің арты диірмен тартар деп, ана Сүтемген екі құлағын басып отырып зорлықпен көндірген жоқ па? Және мал да көздің құрты ғой, қызықпайтын пенде пар ма! — деп Су Құсайын ерніндегі насыбайын баппен алып шертіп жіберді де, сыздықтата бір түкіріп, ерніне тағы да сақа насыбай салды.
— Осы бір насыбайдың ашуы жоқ па, әлде күлінен болды ма, қоға татиды.
— Айтсаңызшы, тезірек, Ақтоқтым аман ба, құдай-ай, тағы не боп қалды, — Жаулығының шетімен жасын сүрте берген келіншекке күле қараған Су Құсайын:
— Еһ, Ақтоқтыға не болсын, қағанағы қарық, сағанағы сарық, қасында ай мен күндей жігіті бар, — деп шырт түкірді, — Асықпа әлі қызығы алда. Жақында Сүтемгеннің баласы ұрын келген. Сол күні Ақтоқты жоқ боп шықты.
— Иә, қайда кетіпті?!
— Қашып кеткеннен сау ма?! — десіп кемиек кемпірлердің иектері бүлкілдеді.
— Қашып кетіп қайда барсын. Аттандап, бүкіл ауылды тік тұрғызған Бақтыбай әкең ел болып іздеу салады. Алдында ғана алтыбақанға тербеліп ән салған қыз үшті — күйлі жоқ. Басқа ауыл қыздары түгел. Бақаң қайта-қайта келіп, қыз-қырқын, келіншектерді шетінен тізіп санайды Бәрі түгел. Зәресі ұшқан жұртқа ұрын келген ұры күйеу де қосылып іздеу салады. Айсыз түнде көзге түртсе көргісіз екен. Ауыл малын торып, маңайда өріп жүрген қасқырларды көргенде үрейлері ұшып, жұрт жылап-сықтап, дауыс қылып, Ақтоқтыдан күдер үзе бастайды, — деп, Су Құсайын әңгімесін аздап қорқыныштылау етіп қойды, — Кейбір қыздар «Ақтоқты тысқа үнемі жалғыз шығатын» деген сайын Бақаңда ес қалмайды. «Ойбой, даланы кезіп жүрген бөрілер қағып әкеткен екен ғой» деп, Дәмелі де ойбайын салып, шашын жұлады. Сол екі арада таң да атады. Қарбаласып жүрген ауыл адамдарымен бірге Жалмұқан да ақыры қалыңдығын табады ғой. Тапқанда қайдан тапты дейсіңдер ғой… ал өздерің табыңдаршы.
Су Құсайын күлімдеп, маңындағыларға қарап, отырып қалды. Ақбота «Уһ, аман екен ғой әйтеуір» деп ауыр бір күрсінді. Шал-кемпірлер көздері алақтап, «қайдан білейік» дегендей иықтарын қозғайды.
— Құдыққа түсіп кеткен бе? — деді Су Құсайын. — Әлде суға кеткен бе? Аю алып кеткен бе?
Ақбота қайта үрейленді.
— Қасқыр жеп, сүйегін қалдырған ба?.. Әлде ат теуіп мертіктіріп кеткен бе?
Әбден ызасы келген Ақбота:
— Ойпырмай, айтсаңызшы, тірі ме?! — деді.
— Аман-сауын бір құдайым білсін, — деп әлі де жұмбақтап отырды да, тоқ етерін бір-ақ айтты, — Ондай сұлу қыз құдайға жанын тегін берсін бе? Сүйтсе, бұрыннан көңіл қосқан жігітімен бірге жүрген Ақтоқтыны терең сай ішіндегі қалың қурайдың арасынан тауып алыпты.
— Не деп отырсыз?! — деп Ақботаның жандаусы шықты. Еркімбай қызарақтап, жер шұқыды.
— Жігіті кім екен?
— Ол маңда тап ондай жүрек жұтқан кім болды? — десіп, шалдардың көзі жылтыңдап, құмарта түсті.
— Ол кім болушы еді. Қарауылдың ардагері Ақан, — деді Су Құсайын.
— Ақан?
— Онымен қашаннан бері көңіл қосты екен?
— Апырай, Ақан да қыран-ау алыстағыны көзі шалатын, тегі көптен-ақ ілген-ау құсын.
— Итім білсін ол жағын. Әйтеуір былтыр қыстан бері бip — бірімен табысып, шариғат жолына түскен деседі ғой, — деп Су Құсайын қабағын керді.
— Онда бойына бірдеме бітіп қалған шығар-ау? — деп бір кемпір сыбырлап, күлім қағып, шиқ етіп күліп жіберді.
— Е, бітпегенде, жігіт пен қыз сай ішінде омпы ойнап жүр дейсің бе? Қазір шермиіп, қамауда отыр. Ақанға енді қалай бермес екен.
— Ендігі енді, доғарыңыз сөзді. Осыны айтуға келіп пе едіңіз, — деп Ақбота тамағы кеберсіп, даусына булықты.
— Әлі жеткен жоқ. Қызығы бар. Қарғам, ана самауырың сөніп қалды ма, одан да от салғаның жөн болар еді.
— Енді қызығыңның керегі жоқ, естімеймін. Сіздер де тараңыздар, — деп Ақбота ашу шақырып, маңындағыларға үлкен көзімен от шаша қарағанда ауыл-үй адамдары орындарынан сүйретіле тұрып, жылыстай берді. Миықтарынан күліп барады.
— Қалғанын кейін айтам, — деп жалғыз шоқиып қала берген Су Құсайын, солқылдап жылап үйге кірген Ақботаны уатуға кеткен Еркімбайға үй сыртынан айғай салды, — Әй, Еркімбай, мында кел, басқа бір қызық айтайын. Қарағым Ақбота, қыз күнінде сен де сондай болған шығарсың. Есіңе түсіп кетті-ау, шырағым! Ақандай жігітке кім құштар емес дейсің. Бағы ашылып қосылып кетсе жарар еді.
— Намыстан өлердей боп, өксіп-өксіп жылаған Ақботаның даусы күшейе түскенде Су Құсайын қазандық астындағы сөне бастаған отқа қарап күбірлей берді:
— Қарағым-ау, соған да жылайды екен-ау. Шын сөзді айтқанға кінәлі боп қалдым ба? Е, бірақ оның несі айып. Жігітпен түнде сайран құрған қыз жүкті болмағанда қайтуші еді. Оң жақта отыр демесең, Ақаннан алтын асықтап ұл туса, Дайыршасы өлген Бақтыбай да немерелі болмай ма? Әу, қарақтарым, — деді енді Су Құсайын дауысын көтеріп,-қазандық, қазанды-ы-ық сөні-п қалды. Самауырда да дыбыс жоқ.- Әу, қарақтарым! Өздеріңнен гөрі самауырды ызыңдатыңдар!
Су Құсайын күйген томардай шоқиып, қас қарайғанша отырды. Оты сөне бастаған жер ошақ маңы да, шам жағылмаған киіз үй іші де үңірейіп суық тарта берді. Әлгінде ғана жарқылдап отырған үй иелерін де қараңғы түн басты. Ойнап жүрген балаларын ерте жатқызған үй маңы тым-тырыс. Қонақтың барын да ұмытқан сияқты.
Су Құсайынның бұл екінші рет көрген тауқыметі. Биыл «Бірішек» әңгімесін өсіріп айтам деп, соңына салып қойған Нұртаза болыстың әумесер бір жігітінен таяқ жеген. Пісейін деп тұрған мына астан бірінші қағылуы.
Әлден уақытта барып орнынан зорға тұрған Су Құсайын ашық есігінен от көрінген басқа киіз үйге қарай үнсіз аяңдады.
5
Күн етекке қарай еңкейіп, байи бастаған. Шала сарғайған дала сілтідей тынып тұр.
Атақты Зілқараның Әлібегінің аулы. Аты шулы батырдың ауылы. Арасын ел көшкендей етіп алшақ-алшақ далита тіккен қарасы жиырма шақты ақ шаңқан үйлердің маңында бейсауат жүрген адам, жайылған мал жоқ. Қотаны кең ауыл көшесінің қалың шөбі де әлі жапырылмаған.
Қыркүйекке қарай ауған тамыздың соңғы күндері екіндіден былай күз нышанын білдіріп, салқын тарта қалады.
Құрғақ табаға қуырған бидайдай күнұзақ көде арасында дамылсыз ыршыған көкала, қоңыр шегірткелер, тынымсыз жортқан құрт-құмырсқа, көбелек атаулы бұл кезде шөп арасындағы жылы орнына жайғасып, тым-тырыс күйге енеді. Мал өрістен қайтатын кез болса да, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы даусы естілмейді. Оларға бұл ауыл қотанында орын жоқ. Әлібек аулы тыныштықты сүйеді. Даңғаза-айғай ғұмыры естіліп көрген емес. Батырдың қабағы қалай көтеріледі, солай ауыл түндігі ашылады. Қалай қабағы түседі, солай да жабылады. Әсіресе батыр бас қосты дегенше, ел аяғының ұшымен, асыра айтқанға төбесімен жүреді. Бұл әдетке жаздағы табиғат жәндіктері де үйренгендей. Қазір шоқ — шоқ ағашы бар әсем, ен дала — бар табиғат жым-жырт. Ауыл түбіндегі жатаған көк төбеде әңгіме дүкенін құрған бес-алты адамның сөзін тыңдау, аузына қарап, ұйып қалғандай.
Отырғандар мосқал адамдар. Ұзақ, қысыр кеңестен соң, сөз аяғы бұл арадан шалғай жатқан жат елде өтер бір асқа кеп тірелге. Еріндеріне ширатылған көк бұйра насыбай салып түкірген, өңкей барқыт шапан киген елдің өзім деген бектері бұл арада қателесіп кетпейін дегендей аңдап сөйлейді. Өздерінің үстінен қараған, өңкиген Әлібек батырдың алдында қымсына береді. Сөзге доғалдау болса да, қисық сөзді, көкейге қонбайтын былжыр ақылды тез аңғарғыш Әлібек күндей күркіреп, «өй, ішіңді ұрайын, ақылыңды да…» деп үлкен-кішіге қарамай зекіп тастауына шек жоқ. Сондықтан да бәрі бас изесіп:
— Дұрыс қой ол, мұныңыз тапқан ақыл, — дегеннен бөтен ештеме алып-қосарлары жоқ. Отырғанда ана-мына түрегеп тұрған тапал адамның бойымен барабар алып Әлібектің сол жақ тізесінің үстінде көлденең түсіп «патшадан алған» сарала қылышы жатыр. Ол қынынан суырылып шығып, біреудің жазықсыз басын қағып түспесе де, Әлібек әйтеуір осы бір суық қаруын қасынан әсте тастамайды. Бауырын көтергеннен бері, тірі пенденің етегінен алып көрмесе де, тіктеп қарағанда қызыл көзі өңменнен өтетін тайыншадай сарала иті оң жақ тізесіне басын салып ол жатыр. Осынын бәрі Әлібекті ертегінің батырынан да сұстылау етіп көрсетеді.
Сонымен сөздің тоқ етері, бұл асқа ешкімнен жылу жинамай-ақ өзім-ақ жеке сауын апарамын, — деді Әлібек күректей алақанымен сараласының басын сипап. — Ішіңді ұрайын, атығай-қарауылдың шіріген байларына салық салып қайтемін. Шақырған екен атымды атап, ендігі салмақты Әлібек қарақан басы жеке көтереді.
— Ол дұрыс қой, бірақ, Әлеке, елдің елдігі, қазақтың қазақшылығы болмаушы ма еді, — деп күлімсіреді отырғандардың бірі, — сіз екі елдің атынан ұзақ сапарға аттанғалы отырсыз, жәрәкім алла, иншалла жолыңыз болады екен. — Бағанадан бері бір тал шөптің сабағымен тісін шұқып отырған кемиек, шарқы шал енді мұрнына жүгіртіп жібергенде бырс еткізіп түшкіріп салды да, «Иә, иә, мен де бір қартайғанда сәбимін ғой, жолың болады екен, қарағым» деп көзі жасаурай қалды. — Иә, айтпағым сол, Әлеке, жалғыз сізге ауыртпалық түсіріп, біздің де бейғам қалғанымыз жарамас, айтыңыз, азаның малын біздің де қосқанымыз жөн ғой.
— Керек емес! Мен ол үшін шақырып отырғаным жоқ, өз байлығым өзіме жетеді біреудің қалтасына қол салмай-ақ. Менің кеңесейін дегенім басқа, — деп Әлібек сәл бөгелді.
Жаңағы бір шөптің қырсығынан әлі де мұрны жыбырлап, аузын ашып, маңдайы тершіген кемиек түшкірігін басайын деп, жөппелете сөйлеп, қыстырыла кетті.
— Иә, қарағым Әлібек дұрыс айтады. Өлім «бардың атын шығарам, жоқтың артын ашам» деп келеді екен, с-с-сол а- айт-қан-да-ай, а-аһ-атпшу!
— Әй, шал, түкірігіңді жұртқа шашпай, әрі қарап отыршы өзін, — деп Әлібек тыжырынып, жақтырмай қалды. Сарала да басын көтеріп, шалға бір қарап қойды, — Менің сендерден сұрайын дегенім — осы асқа апаратын жігіттер жайы, жүйріктер жайы. Күреске кімді, бәйгеге нені апарамыз. Әрине, жігіт те, ат та көп, бірақ ана жылғы іштегі астай масқара боп қалмауымыз керек. Ойланыңдаршы, ал сен қағазыңды алып, жазып отыр.
Әлібектің қасындағы жігіт төс қалтасынан бүктеулі сары қағазын шығарды. Бәрі қабақтарын түйіп ойланып, таңдаулы-таңдаулы деген атығай-қарауылдың жігіттерін есіне түсіре бастады.
Тым — тырыс мүлгіген дала осы кезде бір сәт селт еткендей елең етіп, қайтадан демін ішіне тартып, әлденеге құлақ түре қалғандай болды. Отырғандар да бастарын оқыс көтерісіп, батып бара жатқан қызыл ала шар жаққа қолдарын көтерісіп, батып бара жатқан қызыл ала шар жаққа қолдарын көлегейлеп, «бұл кім?» дескендей қарасты. Алыстан әсем ән естілді. Жанға жайлы, жаймашуақ ән қоңыр, жұмсақ дауыспен еркін басталып, кешкі ауада толқып барады. Жазық даланың қалтарыс-бұлтарысы аз даңғыл жолына салып жібергендей, өзі де кең жазылған жазық ән көмейден еркін шығып, бірте-бірте күшейіп, жақындап келеді. Бала қайыңның қожырсыз қабығынан қайнатқан қаймақ-сағыздай созылған қайырмасында көтерілген көңілдің, тауы шағылмаған албырт жастықтың күйі аңғарылғандай. Не деген келісті әсем ән, не деген әнге лайық сұлу үн. Қысылмайды да, аптықпайды да, бетегенің шашағындай жайқалып осы өңірді тербеп келеді. Әнші ат үстінде сияқты, ырғағы аттың ырғағымен бірге баяу шайқалып та қояды.
Әлден уақытта ауылдан бір шақырымдай жердегі қызылдың қалтарысынан қылт етіп аттың басы көрінді, ат тізгінін бос қоя беріп, көгілдір аспанға қарап, келісті шырқаған әнші көрінді. Соңында жүген-ноқтасыз екі құр ат құлын құсап еріп келеді. Бар алап, бар ағаш, көк күмбезге құлақ біткендей. Қыбырсыз тыңдап қапты. Ауыл үйлерінен асыға шыққан қатын-қалаш киіз есіктерін көтерген қалпы ауыздары ашылып, үй сыртында уыққа ала құрттап аяқ бау есіп отырған кәрі-құртаң белін жазып, самауыр тұтатқан бойжеткен түймішін оттыққа апарған күйі қолын қайтып алмай, тұрып қалыпты. Әңгімелері үзілген Әлібектер де үнсіз. Кемиек те түшкіруді ұмытып, насыбай салған ернінен сілекейі шұбырып отыр. Қайықтай қалқыған ат, сол жүріске айналған ән. Жақындай бере, әншінің қайталап салған сөзі де естіле бастады:
«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Жүйрік жоқ сенен озған құнан, тайда.
Жүрісің желмаядай, жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда».
— Оу, мынау Ақан ғой, — деді отырғандардың бірі.
Жұрт гуілдесе жөнелді.
— Бәсе, бәсе, бұл кім десем Қорамсаның Ақжігіті екен ғой. Ана соңындағы аттарына жол болсын. Мен арда еміп жүрген тай екен десем, ересек жылқылар ғой.
— Е, олар құр аттар. Ақан үйретіп қойған екі ат қайда барса да соңынан салпақтап еріп жүреді деуші еді, рас екен-ау.
— Бәсе, бәсе, ел іші Ақан деген атына сері дегенді қоса бастапты. Өзі де сері жігіт екен-ау.
— Ақанның киім киісі, бар қалпы жұрттан ерек. Ақындық та қонған ғой, тегі. Өзінің аруағы бар деседі қозып кететін.
— Әй, өзі де сері десе, сері-ау. Анада бір жиында көріп ем.
— Бүкіл қарауылдың маңдайына біткен асылы болайын деп тұр.
— Қарауылың не, бүкіл арғынға десейші.
— Бүкіл қазаққа десең де сияды, әшейін сөздің рәсімімен айтып жатқаным ғой.
Үндемеген Әлібек қана. Ол не десін. Ақанды әлі көрген жоқ. Оның үстіне әшейінде сыпайышылық сақтап батыр алдында үндері шықпайтын маңындағылардың қарғаша шулай қалғандары шамына тиіп отыр. Әнші ауылға жақындап қалды. Әні тоқталмайды, үдей түседі, пысықтап келе жатқандай қайталап-қайталап айтады. Жаңа ән-ау, тегі…
«Бәтір-ау, мұнысы несі? Қанша әнші, сері болса да, Әлекеңнің қотанына айғайлап ән айтып кіргені қалай? Апыр-ау, тоқтатар емес. Ауылдың шетіне кірді!» Манадан бері ән ырғағымен бірге ырғалып, елтіп отырғандар, енді шошып оянғандай көздерін ашып алып, Әлібекке үрейлене қарады. Осы сәтті күткендей, жалпақ терісі қалың шойын беті одан сайын күреңітіп, әрқайсысына қойдың тобығы еркін сиятын қос танауы желпілдеп, батыр орнынан гүр етіп түрегелді. Маңғаз төбет те «ғ-ғыр» етіп ұшып тұрды.
— Бұ не деген әдепсіз, бассыз неме еді, шауып тастайын басын! — деп Әлібек те ұмтыла берді.
Бұған ерегескендей, әнші де:
— Ax-a-ay, жігіт epi,
Дерсің мені,
Деп салған
Маңмаңгерге
Ақан сері», —
Деп қотанда тайпалтып, тура Әлібектің ақ үйіне келіп тірелді де, атын белдеуге байлай салып, жып етіп үйге еніп кетті. Екі бос ат басын төмен салып, айналып жүр. «Маймаңгер, ән қосайын жүрісіңе, Дер екен қалқа қалай келісіме» деген әнші жалғыз отырған Ақшабақтың үстіне кіргенде, Әлібектің тынысы тарылып, булығып, жүрісінен жаңылды. Аяғы алға емес, артқа сүйрегендей, шалысып келеді. Үйге жақындай бере, қынапқа салды қолды. Көкжиекте маңдайы ғана көрінген қызыл күннің соңғы сәулесіне алмас қылыштың жүзі жарқ етті. Соңынан ілесе бере іркілген мәжілісқорлардың да көздерінің оты жарқ еткендей зәрелері ұшып, үрпиісе-үрпиісе тұрып қалды.
Жасынан атжанды, аңшы, саятшы Әлібек белдеудегі атқа қарамай өте алмады. Тұрқы ұзын кер ат иегін дөдегеге салып, танауы делдиіп, керіліп тұр. Қасына таянған сұсты адамға отты көзінің қиығымен тосырқай, үрке қарады. Бірақ иегін дөдегеден алған жоқ. Талтайып тұрған құлабестінің бұтына көзі түскенде Әлібек таңдайын қақты. Салбыраған ұмада қатқан қан ізі бар, жақында ғана піштірген екен жануарды.
Аттың тұрысынан-ақ шын жүйрікті таныған сұңғыла батыр: «Аһ, атаңа нәлет, сендей тұлпарлар тұқым алмай қалған еліңнің екі дүниеде таңдайы ағармас» деп тістеніп, басын шайқады.
Ақан есіктен аттай бергенде-ақ, алыстан салған даусынан танып, қашан жеткенше дегбірі кетіп, жүрегі лүпілдеген ұзын бойлы, қызыл шырайлы, көзі сәл бадырайғандау, он жеті — он сегіздердегі қыз алдынан шығып бас салған. Мойнына асылып, қатты қысқан қарулы, ерке қыздың құшағынан босай алмай, қапыда қақпанға түскен аңдай, ә дегенде, Ақан сасып қалды. Қара көлеңке үйдің ішінде ешкім жоғын аңғарған соң ғана жүрегі орнына түскендей боп:
— Ақшабақ, айналайын, жіберші, — деп, бірақ өзі денесі толысып, найқалып тұрған арда емген құлындай уыз қыздың екі иығынан қапсыра құшақтап, бауырына басты.
Ақшабақ Ақанды бертін ғана біледі. Былтыр Бекқұлыда күземде отырған нағашыларына барғанда түнгі күзеттегі қыз-қырқынның ұйқы ашарында көрген-ді. Содан бері қайда кездесе қалса-ақ ашық, тентек қыз Ақанды «ағалап» бас салады. Бірақ өзге ағаларындай емес, ақын ағасының «туыстығы» бөлек секілді. Құшақтай алғанда-ақ Ақшабақ тұла бойының қалай дір ете қалғанын сезіп, бетіне ыстық қан жайыла береді. Ақан құшағында өзін жып-жылы ұяға кірген балапандай сезінеді, сол ұяда бұйығып, тұра бергісі де келеді. Қазақ жұртындағы «аға», «қарындас» деген сөздің септігінің тиетін жері көп-ау!
Қылышын жалақтатып Әлібек кіріп келгенде екеуі құшақтарын ажыратып, сескеніп, шегіншектей берді. Сыртта қанды бұт Құлагерді көргенде алғашқы райынан қайтып қалған Әлібек қотанында ән салып басынғаны аздай енді өз табалдырығынан уыздай қызын еліктіріп тұрған отыздарға таянған келбетті жігітті көргенде қайта ашуға мінді. Тісін қайрап, қылышын көтере бергенде «Көке» деп Ақшабақ шар ете түсті. Бірақ әкенің морт мінезіне қанық қызы, шамына тиермін деп жақындамады. Үстіне қара бұлт жамылған албастыдай төнген батырдан шын зәресі ұшқан Ақан қыз даусы шыққанда барып бойын жинап алды:
— Ағасы, дат! Дат, тақсыр!
Басы төмен салбырап, ұрлық жасаған кінәлі адамдай шегіншектеген жігіт енді басын көтеріп алып, өткір көзін қадай қалғанда Әлібек қылышын көтерген қалпы іркіле берді.
— Не айтарың бар еді. Бол, тез!
— Айтарым емес, сұрарым бар. Сосын, талша мойным қылша.
— Сұра, бол!
— Мені не үшін өлтірмекшісіз?
«Иә, не үшін өлтірмекші». Батыр ағаттау кеткенін жаңа аңғарды, әйтсе де бір тосылтып, бетін қайтарып алғысы да келді.
— Бейбастақтығың үшін!
— Бейбастақтығым үшін. Түздегі ме, үйдегі ме?
— Түздегің үшін де, үйдегің үшін де.
— Тым арзан емес пе?
— Неге арзан?
— Неге екенін айтайын.
— Әй, сенің сұрағың да, жауабың да көбейіп барады ғой. — Әлібек қылышын төмен түсірді. Ендігісі баланың ойынындай көріне берді.
Дегенмен, жұрттың аузының суы құрып жүрген ақын не айтар екен деп тыңдағысы да келді.
— Үлкен адам «неге?» деп сұрап тұрғанда, сөзін жауапсыз қалдырып, шаһит боп кетсем, ұят қой. Сіз де артымда армансыз қаларсыз, — Ақшабақ мырс етіп күліп жіберді.
— Түздегі бейбастақтығым — қотаныңызға өлең айтып кіргенім шығар, — деп, енді сері жігіт қауіп бұлтының сейілгенін сезіп, еркін көсіле жөнелді. — Мен сіздің қотаныңызға дауыс айтып, үн салып, қаралы хабармен енгенім жоқ, әнмен ендім. Соғыссыз жатқан батырдың бейбіт аулына ән, думан жат емес шығар деп білдім. Қала берді, алты алашқа өзінің билігімен қоса «Жиырма бес», «Тоқсан бес» сияқты әсем әндерімен мәлім Зілғара Әлібегінің аулы әннен үрікпейтін шығар, шошымайтын шығар дедім. Оның үстіне, менің Маңмаңгерімдей жылқыға мінген адам өзін пыраққа мінгендей айналасында аузынан жалын шашқан әбжыландар емес, жемісін көтере алмай сабағынан үзілердей майысқан миуалы бақ ішіндегі хор қыздары жүргендей сезінер еді, сондай пейіштің ішінде, пырақ үстінде келе жатқан пенде жар астынан шығар жау болар деп кәперіне де алмаса керек.
— Жетті, екінші бейбастақтығыңды айт! — Әлібек ақын сөзіне қызыға түсті.
— Екінші, үйдегі бейбастақтығым — Ақшабақты бауырыма тартып құшақтағаным шығар. Жалғыз отырған қызға жігіт құштарлығы бозбалалық әуені болса болар, бейбастақтық болмас. «Қызға сөзді кім айтпайды, қымызды кім ішпейді» дейтін бозбала аңдушыны әкеден күтпеуші еді. Егер әке көре қалғанда, көп болса, жігіт құлағын бір бұрап жіберер еді, бірақ қынабынан қылыш суырмас еді. Және, сөздің шынына келсек, Ақшабақ алдымен қыз қылығымен назданып шықпай, қарындас мінезімен еркелеп келіп, ағалап құшақтаса, Қоскөлдің сүйрігіндей қарындас білегін Шалқардың жел өтіндегі қара қоғасындай майыстырып, ағасы қалай кері қайтармақ.
— Нобайыңа қарағанда тіршілігің жаман емес сияқты. Ендеше өліміңді арзанға байлайтының қалай?
— Жоқ, мен өз елімді еш уақытта арзанға бағаламақ емеспін. Сіз үшін арзанға түспей ме дегенім ғой. Егер жаңағы өзіңіз айтқан «бейбастақтықты» Хазіреті Ғалы істеп, соның басын алам деп ұмтылсаңыз, сіздің батыр атағыңызға лайық: ерлік пен қымбатқа түскен өлім болар еді. Сіз үшін мені өлтіре салу не тәйірі. Арзан өлім болмай ма деуім осы еді.
— Ә, жігітім, жар-райды… Жаррайсың, ішіңді ұрайын. Қорамсаның ақын, әнші Ақжігіт деген ұлы бар деп естігелі бір көрсем бе деп жүруші ем, айтса айтқандай екенсің, бетіңнен жарылқасын, отыр, қонағым бол, айыбымды арқалауға әзірмін, ішіңді ұрайын! — деп Әлібек өзіне ұсынған Ақанның қолын алды.
Үй сыртында үзіктің етегін қайырып, сулы көзі жылтыңдап, жабықтан сығалаған кемиек шал басқаларын ішке бастап кірді.
Қазақ даласында хандық жойылып, сұлтандық дәуірдің күні өткенде бұрынғы ел батырларының да дәрежесі төмендеген. Батыр деген ат «мықты, жүректі» деген сөзге айнала бастаған. Әлібек — сол өткен батырлардың жұрнағы. Ел жауға салып қайратын көрмесе де, бұрынғы рәсіммен — батыр дейді. Әлібекке де осы ат ұнаушы еді. Түс, тұлғасы, ожар тік мінезі батырға лайық ол да өзін батырларша ұстайды. Осы мінезіне сырттай қанық Ақан да оның ық жағына келіп, көңілін дауалады.
Сері жігіттің жауабына, батырға тәжім еткендей сыпайы, әрі алғыр сөйлеген сөзіне мейлінше риза болған Әлібек дөнен қой сойдырып, ақынды қолына түсіре алмай жүрген сыйлы қонағындай күтті.
Ел орынға отыра жиналған ауыл ақсақалдары Ақанға ән салдырып, дуылдасып, таңға дейін тараған жоқ.
Жиын соңында, елге аттанар кезде Ақан Әлібекке келген себебін айтты:
— Әлеке, алыс сапарға жүргелі қамданып жатқан көрінесіз. «Асқа барсаң, асып бар» дейді, тегінде, азаға апарған мал, ас — судың молдығы ғана емес, бұл сөздің төркінінде «сән — салтанатың, айтар ән, тартар күйің де озық болсын, жиналған жұрттан кем қалма, кем түсерің бар — бекерге тыраштанба» деген мән жатса керек. «Көрген жерге бой сый, көрмеген жерге тон сый» дегендей, киген киім, жүріс-тұрыс та бөтен елде сын болса керек. Сырттай бағдарлауым бойынша, тойға, асқа барам деп көңіліңіз өрекпігенмен, тойға жіберетіндер жіберсе барарсыз, — деп салмақпен сөйлеп, езу тарта қарады.
— Айтқаныңның бәрі дұрыс. Бүгін мына шалдардың басын қосып, ақылдасқаным да астың жайы еді. Көктемде топтанып ұшқан құзғындарша бас шұлғысқаннан басқа қосары жоқ өңшең меңіреулерден бір аталы сөз, ақылды кеңес ести алмай қор боп ем. Жас та болсаң көпті аңғаратын жігітсің ғой, сөзің ұнап барады. He ақылың бар қосар? Тойға жіберетіндерің кім? Соныңды түсіне алмай қалдым. Ішіңді ұрайын, мені ұстап тұратын кім бар. О не дегенің? — деп Әлібек те соңғы сөзді ауыр алып қалған сыңай білдірді.
— Асқа барамын дейсіз, — деді Ақан, — көп болса, бір-екі жүйрігіңіз, бір үйір жылқы, ашытып жатқан қымызыңыз бар шығар. Көкше өңірінен Зілғараның Әлібегі келді дегенде кез келген сасық байлардың жемімен ғана келген сізді көріп, ел не дейді. Көкшенің әні қайда, Бурабайдың сәні қайда демей ме? Сынмен қараған елден мінмен қайтпай, үлгі-ұлағат көрсетіп, артыңызға белгі қалдырып, мереймен оралғаныңызды тілер ем.
— Miнe, міне, ей, ішіңді ұрайын, осы емес пе еді көңілімде сайраған. Тап үстінен түстің, бәсе, ай, серім-ай, адамның құйқа тамырын шымырлатар перісің бе, жынсың ба?! — деп қарқылдады Әлібек:
— Олай болса, осы жолға мен де жақсының шашпауын көтеріп барсам ба деп ем. Құнан, тай жарысында үздік шығып жүрген кербестінің бағын сынап, ұлы тойға салсам ба деп ем. Әнші-күйші, балуан — жиырма жігітім бар. Қалжыңға, әзілге алмастай өткір, отырса отырысқа жарайтын, жүрсе жүріске шыдайтын бес аспап қылшылдаған жастар. Құран шығарып, бас шұлғып қана қайтатын өлекселер емес, Көкшенің әні мен жырын таратып, жат елдің өнерін еліне әкеп жаятын, ездікті көтермей, ерлікті сөз қылатын ардагер азаматтар. Асқа барып бас жеп қана қайтпай, жақсыны, ұлағатты істі паш ететін өрендер. Мен солардың атынан келіп отырмын, — дегенде:
— Па, па!
— Қалай, қалай сілтейді!
— Өй, айналып кетейін! — деп отырғандар дуылдасып кетті.
— Жарайды, Ақан, көңілімді бір сергіттің. Ылайым барар, қайтар жолымыз осылай болсын. Енді өз көңілінде не бар, айт, тартынба. Тағы кімдерің бар, ертетін. Бердім тізгінді қолыңа, — деп Әлібек жадырап, шаттана түсті.
— Басқа апарар әзірге ойымда ешкімім жоқ. Ал тізгінді өз қолыңыздан шығармасаңыз да болады. Батыр қолы қуаттырақ қой, — деп әлденеге мегзеп тұспалдаған Ақан енді басқа бір тосын сөз айтып, асқа барамыз деп күмпілдеп дәмеленген ел ақсақалдарын, байларды ренжіте сөйледі, — Сізден сұрар бір ғана тілегім бар. Әлеке, егер маған салсаңыз, «өлімді жерде молда семіреді» дегендей, ас десе қалмайтын, «ас ішіп, аяқ босатарларды», құран шығарып, аят оқып, шариғат айтатын қожа-молдаларды, кісесі үзілгенше шіреніп, арқандай ширатылған дүңгірлеген қуыс кеуде бай-манаптарды ертпесеңіз. Ондайлар қыпшақ елінен де табылады. Сіздей батыр осы өлкеде біреу-ақ болса, соңыңызға ерткен топ та сондай елден ерек болса екен. Жаңа тілек, жаңа мінез көрсетіп қайтсақ екен деген ойымды қабыл етсеңіз, одан басқа қосарым жоқ. Қалған билікті ел ағасы өзіңіз-ақ шеше берерсіз.
Құты түскен батыр маңындағыларға қарап ойланған да жоқ, қоңқ етті:
— Ішіңді ұрайын, қыпшақ шақырса, осынау атығай-қарауылдан басқа біреуді көрмеп пе. Ендеше мен ерткен барады, ертпегеннің ішін ұрайын! Болды, мақұл! Батырда екі айту жоқ…
Арада бip жұма өткен соң уағдалы күні Ақан cepi жиырма жігітпен ауыл қотанын дүрліктіріп, шырқата ән салып, Әлібектің үйінің алдына кеп түсті.
Бұрын қотанында ән салдырмақ түгілі, жұртты аяғының ұшымен жүргізетін, жалған сыпайылықпен басы жерге жеткенше жастарды тәжім еткізетін төрелердің салтындағы меңіреу, өлі ауылдың үстіне жаңа жарық сәуле құйылғандай, мүлгіген сылбыр жұрттың енжар көңілі сергіп, шырт ұйқыдан оянғандай болды.
Үйден атыла шыққан Әлібек те тісі ақсиып күліп тұр. Aнадайдан қарағанда жиырма ақ боз атқа мінген жиырма жігіттің түрі — түсі, үстіндегі киімдері біркелкі. Өңкей қаракөк шапан, бастарында пұшпақ бөрік. Қолдарында үкілі домбыра. Жетектерінде жүйрік ат. Ақан тәрбиесінен өткен жас әншілер Сұлтанмұрат, Аяған, Бәтжан, Нұралылар сырнайды құлаштай тартып, әнге салғанда дауыстары бір кісідей сыңғырлайды. Ат үстінде аяқтары жерге салбыраған Ожымбай, Қойкүзет балуандар да беттерінен нұры шығып, жайнаң қағады. Жастардың ішінде Су Құсайын да жүр.
Ертеңінде Әлібек те әкесі Зілғараның сары ала оқалы офицерлік киімін киіп, қылышын тағып шыға келді. Полковник эполеты күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Қала киімімен сәнді киінген Ақан сері екеуі қос күрең қасқа арғымақ жеккен қара пәуескеге отырды. Асқа баратындай әдеттегі кәрі-құртаң, бай-манап емес, жиын-тойға, сауыққа баратын кілең жастар Көкше аспанын әнге бөлеп, артында қол бұлғағандарға биіктен қоштасып ұзай берді.
Ақан бастаған жаңа топ алыстағы қыпшақ еліне қарай жаңа салтанатпен аттанып барады.
6
Жайлаудағы Бақтыбай, Тастан, Шағатай ауылдары ұйқы-күлкіден қалғалы не заман.
Ақтоқты қаралы келіншектей үйден шықпай, жұрт көзіне көрінуге бетінен басып, жатып алды. Қасына анда-санда ата — анасы келіп, ақыл айтып, қыз көңілін аулайын десе де, маңына жуытпайды.
— Сөздерің керек емес, мені аямай-ақ қойыңдар. Ұл орнына ұстап жүр екен десем мал орнына ұстаған екенсіңдер, армандарыңа жеттіңдер енді. Несіне мүсіркейсіңдер, — деп жанындай жақсы көретін шешесі Дәмелінің де бетін қайырып тастады.
Heшe күндей нәр татпай жатқан кездері де болды. Жеңгесі келгенде ғана басын көтеріп алып, «не хабар бар, айтсайшы» дегендей мұңайып, Қадишаның жүзіне жалбарынғандай қарайды, үй ішіндегі адамдардан қаймыққан жеңге тіс жарып ештеме айта алмай басын шайқағанда, дәрменсіз мүгедек жанның мүшкіл халіндегі Ақтоқты қайта қисаяды. Қадиша бір қаға берісте сыбыр етіп, Ақанның алыстағы бір асқа кеткенін айтқан. Одан басқа хабар жоқ. Тастан қолынан жетелеп, тоқалын алып кетті. Көп араластырмайды.
Бақтыбай үйінің маңы күні-түні күзетте. Үш ауылдың ер азаматтары кеш түссе-ақ қой күзеткен боп, қолдарына қару aп, бай үйін кезекпен торуылдайды. Ұйықтар кезде Дәмелі қызын аймалап, сүйген боп, іргесіне алып жатады.
Ең арты түн ішінде тысқа шықса да әр жерде қылтиып, состиып жүрген қарауылшылардан Ақтоқты әбден ығыр болды. Ашуға булығып талай рет жыларманға келіп, қыбын тауып қашып кетейін десе де қыз баланың қылдай жолы жібермейді. Және қашқанда қайда бармақ? Ақан аулына өзі іздеп жетпек пе? Жоқ, мұндай ой әлі басына келген емес.
Қамаудағы басыр күндер керенау жылжып өтпейді. Үй ішінде аяқ-табақ та салдырамай, құрбы қыздары да қатынай алмай, не сырттан, не іштен жылы қабақ көрмеген Ақтоқты аз күнде сары ауруға шалдыққандай көзі кіртиіп, өңі жадау тартты.
Күнде тыста селтиіп, Сүтемген аулына көзі талғанша сығырая қарайтын Бақтыбай кешке аһылап-уһілеп келіп, құмалақ тартады. Өз-өзінен күбірлей отырып, Дәмеліні қасына шақырып алып айтатыны бір сөз:
— Мына қарашы, құмалақтың жатысы қандай жақсы. Оң жағы да, сол жағы да тұйық, маңдайы ашық, босағасы берік, — деп құмалағын уыстап алып қайта шашады.
— Аһ, бәрекелде, құдай жарылқады ғой, қатын, мына қара, аттың басын босағаға тіреді, құйысқаны берік, енді ар жағын айтып керегі жоқ, күйеу бала келе жатыр, қамдана бер. Тұра тұр, тұра тұр, мына біреу кім болды екен, апырай өзі атын қара терге малындырып, жанұшырып келеді ғой.
Ақтоқты құмалаққа да, сәуегей әкеге де сенбесе де, тап осы тұста «Ақан болмаса игі еді» деп болымсыз үмітпен басын көтеріп алады. Бірақ Бақтыбай тағы да оның көңілін су сепкендей басады.
— Е — е, білдім, білдім, бұл келе жатқан құдалардың хабаршысы екен ғой. Пой-пой, жүрісіне болайын, құйысқанының сартылдауын қарашы, әй қатын, өзі шөлдеп келе жатыр екен, таңдайы кеберсіпті байғұстың, қымыз әзірле, қымыз, — деп жынданған адамдай іштегі арманын құмалаққа айтқызған шалына аянышпен қарайтын Дәмелі:
— Байғұс-ау, әуелі келсінші, кәне, кеберсіген таңдайы қайсы? — деп шалының көңілін жықпай, құмалаққа үңіледі.
— Дәмелі-ау, сен де қыз күнінде құмалақшы едің, қартаяйын дегенбісің. Мына ортадағы таңдайы, мына екі жақтағы сыңар құмалақтар ат үстінде салбыраған екі аяғы емес пе? Өзінің жаны жайлау, жағасы бос. Пой-пой, өзі де серейген ұзын адам екен… Әй, ол елде мұндай ұзын бойлы кім бар еді?.. Е-е, білдім, таптым, бұл Тулақ болды, Тулақ. Ұста Тулақты білмеуші ме ең. әй, ерін-ай, екі өкпесін қолына алып ұшқан екен-ау, қайтсін… Дәмелі, Дәмелі, мына қарашы, мына жатқан құмалақ күйеу баланың жүрегі. Өй, айналайын, жүрегіңнен. Өзі жүрегі күптілеу ме қалай… Е, енді қайтсын, алғашқы қызығына келе жатқан баланың жүрегі күпті болмағанда, қайтсін. Баяғыда сені аларда менің жүрегім аяқ қаптай болған…. Жарайсың, құмалағым, жарайсың. Енді жинап қояйын. Қайталап тарта берсең, құмалақ алжып кетеді, — деп өзі де алжи бастаған Бақтыбай бір — бірлеп теріп, жинай бастайды.
Бірақ келеді деген күйеу де жоқ, құда жағынан естілер хабар да жоқ. Қос жайлаудың екі арасын аспан мен жерге тірескен көк шымылдықпен бөліп тастағандай қыбырлаған адам көрінбейді, кісінеген жылқы үні естілмейді. Құда жағы өлі даладай тым-тырыс.
Бір күні Бақтыбай ұзақ қайғыға түсіп, егіліп жылады. Түн іші еді. Дәмелі де, Ақтоқты да үн-түнсіз. Әрқайсысы өз ойымен әлек боп түндігі жабулы тастай қараңғы киіз үй ішінде ұйықтай алмай жатқан. Өз-өзінен сыңсып жылаған Бақтыбайдың үнінен екеуі де шошып кетті. Алғашқыда, ұйқысырап жатқан болар деп үндемеген Дәмелі күйеуінің үні үдей түскенде, «бастығырылып қалған екен» деп:
— Бісміллә, бісміллә, сухан алла, сухан алла, сүфу, сүфу, кет, бәлекет, кет! — деп жын-шайтанға алыстан айбат шегіп үшкіріп, — Бақтыбай, Бақтыбай! — деді.
Бақтыбай жаны ашыған кемпірінің даусын естігенде одан сайын үдей түсті:
— Құдай-ай, мына байғұсқа не боп қалды, — деп жылы орнынан іш киімі ағараңдап тұра жүгірген Дәмелі жұмарланған көрпеге аяғы ілініп, ұшып түсті. Қараңғыда серең етіп құлаған әйел одан сайын зәресі кетіп қайта-қайта жерге түкірініп, дұға оқып жатыр.
— Инна ағытайна кәлкәусар, пәсәлли лирапбика, оныхар инна шанияка өллә бітәр. Сүфу, сүфу!
Ақтоқты мырс етіп күліп жіберді де, қайта томсырайды. Жасынан ауыл моллаларынан неше түрлі дұғаны жаттап өскен ол биыл Ақанның: «Сіздің ауыл молласы көп ауыл деуші еді: қағаз, қалам табылмағаны қиын болған екен», — деп өзімсініп, өкпелегені есіне түсіп, қайтадан қалың тұман ойға кетті.
Дәмелі әр жерді сипалап, жыпылық шамды таба алмаған соң, боздай бастаған шалының қасына барып:
— Бақтыбай, Бақтыбай, саған не болды, — деп иығынан жұлқылап еді, мұрны бырс-бырс еткен Бақтыбай:
— Ж-ж-жатшы қ-қ-қасыма, ж-жатшы, — деп ықылық атты.
— Не қорқып жатырсың ба?
— Қ-қ-қорқып мені қ-құ-дай а-а-алар дейсің бе?
Бақтыбай көпке дейін өксігін баса алмай, үнсіз жатты да, әлден уақытта барып, басын көтеріп, көрпеге көзін сүртті.
— Өзім де біліп ем, — деді сосын, жылаған даусы әлі де түзелмей кемсеңдеп.
— Нені білдің?
— Бүкіл малымды жаудай шауып, өзімді жұрдай ғып тонап кетерін білгем. Өлетін бала молаға қарай қашады деп, Қожахметтің әулетіне қайдан килігіп ем.
Ертең анау Баймұрзасы, Жалмұрза, Есмұрзасы аяғынан тік көтеріліп, жаудай шауып алмай ма? Шетінен шіренген бай, болыс та, би де солардан. Қалыңдығына келмей жатқанында сыр бар. Бір-ақ күнде атой сап, түп-тұянағымды қоймай өртше жалап кететін алапат емес пе? Қыз тумадың, қырсық туған екенсің ғой!
— Тек, қайдағыны айтпай. Сондай сөзге аузың қалай барады. Қайдағы жоқ сұмдықты қайдан шығарып отырсың. Биыл күзде той жасаймыз деген. Қамданып жатқан шығар. Несіне асығасың. Ақтоқтының да көңілі Ақаннан суыған сияқты. Шыдасаңшы, бақыр-ау, байбаламды сала бермей.
— Мен шыдамаймын дейді дейсің бе? Бірақ шыдамның да шыдамы бар. Түсімнен қорқам. Жаңа жаман түс көрдім.
— Е, түс түлкінің қиы емес пе? Не көрдің соншама? — деп түске сенгіш, ырымшыл Дәмелі де басын көтеріп отырды.
— Түсімде… Өңімде дейінші…
— Қой, жаман түс болса, өңімде деме.
— Иә, айтқандай түсімде, аспан қап-қара құрымдай бұлт екен деймін. Күн жарқ ете қалғанда жалбай етіп, ақ сақалы желкілдеген бір қарақұс құлдилап келеді екен. Тұмсығы қоңқиған тобан аяқ бір кәрі әтеш құрқылдап қашып барады. Қарақұс найзағайдай жарқылдап, олай бір, бұлай бір жанап өтіп, қағып әкетейін деп жүр. Әтеш жан ұшырып, шыбын-шіркей боп жанталасып, қайда тығыларын білмейді. Бір кезде қарақұс сорғалап кеп, іліп кетті. Әтеш байғұстың қиқ еткен ғана даусы шықты. Екі аяғы салбырап, аспандап кетіп барады. Жүні ұшып, қарша жауады. Астағыпыралла, саған өтірік, маған шын, әлден уақытта байқасам, әтеш өзім екем де, қарақұс Сүтемген екен… «Өй, әкеңнің» деп ащы тырнағын батырғанда, қабырғам сытырлап, екі өкпем қыса түсті. Аузымды ашып, бірдеме дейін десем, тілім күрмеліп сөзге келмейді. Бір кезде, екі-үш рет шыр айналып, аспаннан тастап-ақ жіберді. Енді өлдім-ау, өлдім-ау деп жатқанда шошып ояндым.
Дәмелі күлген жоқ:
— Қойшы әрі, мен одан басқа бірдеме түсіңе енген екен десем… Мына бұлтты күннің амалына көрінген ғой, — деп жуып-шайып жатыр.
Ақтоқты күлерін де, жыларын да білмейді. Өз қызынап өзі құтыла алмай, әуре-сарсаңға түскен сорлы әке мінезіне ашулана да алмай, өзінің қыз боп туған бақытсыздығына іштей күйінді.
Өз үйі өзіне жат бола бастаған жас қыз ыстық тәнін пысынатқан ауыр көрпені серпіп тастап, ауыр дем алды. Жан-жағын тұмшалап, бүркеген тас қапастай қапырық үйдің ішінде тынысы тарылып барады. Кеудесінде дірілдеген ып-ыстық бауырдай тып-тығыз қос анарын сығымдай ұстап: «Құдай-ай, бұл қапастан қашан кетем. Жылы ұя емес, азынаған көрдей болды ғой. Тентіреп кетсем екем», — деп қараңғыда көзіне жас алды…
Көп ұзамай Ақтоқтының тілегені болды.
Түн ортасына дейін жасырын бас қосқан ата-ана, туыстары кеп қызын киіндіріп алды. Есік алдына қос арғымақ жеккен талдан тоқыған жайлы қорабы бар трәшпенке тоқтаған. Ешқайсысы тіл қатпастан қызды қалың шөп салған жеңіл арбаға отырғызды. Ақтоқты «қайда барамын» деп сұрағысы келді де, Тастанның сұсты жүзін көргенде, қара аспан жамылып жүрген пасық ағамен тіл қатысып сөйлесуге намыстанды. «Мейлі, әйтеуір, осы бір бейбақтардан, өңшең үркек елден кетсем болды қайда барсам да мейлі!» — деп Ақтоқты үнсіз кеп трәшпенкеге отырды.
Арба маңында сойыл сүйреткен төрт-бес салт атты жігіт бар. Ләм деп олар да аузының жігін ашқан жоқ. Ұйқыдағы ауылға да сыбысын білдірмей аттанған жолаушылар түн жамылып, белгісіз бір жаққа қарай шөптесін сүрлеумен ұзай берді.
7
Сүтемген ауылы. Ну орманның үзілген жеріндегі айдын көлдің жағасын жайлаған қалың елде жылдағыдай салтанат жоқ. Малшы төлін аяқтандырып, малын жайып, қойын құрттап, ұрғашы атаулы құртын қайнатып, жібін иіріп, жер ошақ маңында күнұзақ үнсіз шоқиып, әр адам өз шаруасының күйбеңімен әуре. Жастар жағы да бұрынғыдай ән айтып, сауық құрудан қалған. Бір-екі рет алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаймыз деген қыз-қырқынды үлкендер жағы тыйып тастаған. Ауыл қаралы ауыл сияқты.
Түнеукүнгі Жалмұқанның қайнына ұрын барып, масқара боп қайтқан сол түні Ақтоқтының Ақанмен серуен құрғанын естіген аталастар намыстан жарылып кете жаздап, іштен тынып жүр. Аз күнде бүкіл атығай-қарауылға, қала берді іргелес отырған керей жұртына тегіс тарап, Үрім мен Қытайға жайылып бара жатқан бұл қорлық — жалғыз Сүтемген емес, Қожамбеттен тараған бүкіл Баймұрза, Жалмұрза, Есмұрза әулетіне түскен жара. Елдің еркек кіндік азаматы қорланып, түнеріп алған. Биылғы қан жайлауда осы елдің басын біріктіріп отырған ұйытқысы, пайғамбардай Сүтемген ақсақалдың баласын үйлендіріп, қашан қыстауға қайтқанша қырық күн ойын, қырық түн тойын өткіземіз деп лепірген жел көңіл су сепкендей басылып, жайлау үстінен тілсіз жау — өрт алапаты өткендей.
Жалмұқан болса Бақтыбай аулынан қайтқалы еліне көрінуге бетінен басып, басы ауған жаққа кетіп қалған. Өз елінде алдынан ешкім шықпай ерке тотай боп өскен бұла жігіт оқ тиіп қансыраған жаралы аңдай сенделіп, бөтен елде жүр. Жүйрік ат та, алғыр қыран, сұлу қыз да өзінікі болып, еркін иемденіп, ешкімнен қағажу көрмеген Жалмұқан есейгенше үйленбеген. Ештемеден беті қайтып, тауы шағылмаған бозбалаға қыз атаулы ұнамады. Ақыры бір тойда осы Ақтоқтыны көріп, есі шығып құлай сүйген. Бұрын сүю-күю дегенге күле қарап, мысқыл, әжуамен айтып, «шынымен ғашықтық деген бола ма екен? Әлде күйрек, осал жандардың бұл да бір бойына біткен айықпас дерті, ауруы ма екен» дейтін. Ел арасында айтылатын ертегі, хиссаларды естігенде ғашықтық жолында опат болған қыз бен жігіт жайындағы дастандардың әшейін қызықты оқиғасына елікпесе, олардың жастық сезіміне албырт көңілі онша ұйи қоймайтын. Әшейін бір аусарлық, ессіз құмарлық деп қана ұғатын. Ал Ақтоқтыны бір-ақ рет, онда да алыс отырып көрген Жалмұқан сол хиссалардағы албырт жігіттердей өзгеріп, күннен күнге күлкі ететін дертке шалына бастағанын сезгендей. Бұрынғыдай алдың-дұлдың бос селтекбай ойсыз кезбелік жоқ, жатса-тұрса бір көрген Ақтоқтыны ойлаумен әуре. Басында «қыз емес жын, пері шығар менің басыма пәле боп жабысқан» деп, ойламауға тырысса да, күн өткен сайын ол дертіне дауа таба алмайтын күйге ұшыраған. Жүзін қайда бұрса да, тек Ақтоқтының аулы, Ақтоқты жүрген, Ақтоқты күлген жақ қана қызықты, ыстық көрініп сол жаққа барғысы келеді де тұрады. Бірақ өзі барып сөйлесудің қыбын таба алмай, ақыры ұятты қойып ағайындарына сөз салып еді, олар бірден мақұлдап, көп ұзамай құдалыққа барып, Бақтыбаймен оп-оңай келіскен. Олай болмас деп Жалмұқан да ойлаған жоқ. Бірақ тап мынадай сүрінермін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеп еді. Құдалық түскен соң көңілі жай тауып, атастырған қызды өзінің меншігіндей көрген жігіт, оң жақта отырып сайран салған қалыңдығының қылығына қара жердей боп өліп кете жаздады. Бұдан кейін елін көріп, әркімнің сырттан айтқан пыш-пыш өсегін тыңдап, өзі менсінбей жүрген қыздарының алдында масқара болғанша, қаңғырып өлгенді артық көрді.
Сүтемген болса баласынан әрі қан жұтып төсек тартып жатып алған. Сарыарқаны жайлаған иісі қазаққа мәлім мыңғырған малында, сән-салтанатында қисап жоқ, тасы өрге домалаған атақты бай қартайғанда көрген баласының қызығы үстінде осындай қазаға ұшырармын деп ойлап па?! Оның үстін кім басынып отыр. Ел ішінде мазаққа айналып, топас, надан атанған, жаман Бақтыбай. Не деген масқара! Қазақта ең көп дау не — жесір дауы, жер дауы. Жер үшін неше бір қырғын қан төгісті басынан өткермеді. Сол қасиетті жерге де тарылмай, өзім дегенге кең қол Сүтемген жаман Бақтыбаймен құда болған соң, жат жұртқа қыр көрсеткендей інісінің жайлауын беріп, көрші қонып еді. Енді іргесіне келіп алып қызын басқаның құшағына қосып, ойнақты өз жайлауында салып отыр. Екі аяғымен жер тіреп, төбесімен көк тіреп жүрген Сүтемгенге бұдан артық қорлық, бұдан асқан мазақ бар ма?!
Табиғатында мінезі сабырлы, әр нәрсенің қыбын ақылмен тауып, аптықпай пішетін саясатқа жүйрік бай осы тұста сең соққандай қатты алдырып қалды. Сөз көтере алмайтын кісі, қайғыны жеңе алмайтын күйрек боп, күннен-күнге төмендей берді. Үйінің маңынан бала сөйлеп өтсе де, алыста біреулер күлсе де, қабағын тыржитып, ашу шақырады. Тіпті босағасында тұрған сабаны да шығартып тастады. Көрші киіз үйден күмпілдеген піспек даусы шықса да, «тоқтатыңдар, миымды шағып бара жатыр» деп кейиді.
Жақында байдың көңілін сұрап, сәлем бере келген Бекболат, Көбен билер Сүтемгеннің қайғы отына май құйғандай, бұрынғыдан бетер еселеп кетті.
Елдің игі жақсылары әдейі ат басын тіреген соң Сүтемген аса сыр білдірмей, жылы ұшырап қарсы алған.
Қылды қарауыл Көбен бас қосқан жерде көрінгенге тиісіп, аузымен орақ орып ұрынып отыратын ұшқалақтау еді. Аурудың көңілін сұрап, ел арасының жайын біраз әңгімелеген соң енді Сүтемгенді көңілдендірейін деді ме, әлде әшейіндегі алаңғасарлығы ұстады ма, ұрынарға қара таба алмай бос сөзге көп үйірлігі жоқ байсалды Бекболат биге тиісе бастады. Ретті, ретсіз жерде сөзбен іліп-қағып сайқымазаққа салып, момын Бекболаттың әбден мойнына мініп алды.
Ел арасында түтін шықса елеңдеп, сылтау іздеп қымыз ішетін, тоқ жерді сағалайтын бір-екі қартаң адамдар Сүтемген ауырғалы жиі келуге бата алмай жүр еді. Қонақтарды сылтауратып, осы үйге бас сұғып, тамақ аңдып айналшықтап отырған. Көбейдің уытты сөздеріне мәз боп, көздері жыртия күліп, қолпаштап қояды.
Көбей бір кезде Бекболаттың өткен қыста іш тастап, жұтқа ұшыраған малына тиісті. Былтыр көк салпақта, қара жауын жауып, артынан біраз күн үскірік соғып, соқталанған қалың қар көк мұздаққа айналған. Тебінде жүрген үркердей аз жылқы шашасы қиылып, аузы жарып оттай алмай жүдеп, буаз биелер шетінен құлын тастаған. Шағын шаруалы Бекболат елден ала-бөтен жұтап, кедейлікке тап болды. Көбен осыны табалай сөйледі.
— Беке-ay, Беке, — деп ыржалақтай күлген Көбен соры қайнап Бекболатты ащы мысқылдады, — биыл өзіңіз тым жақсысыз. Қыс ішінде қымыз ішіп шекеңіз қызарыпты. Биелеріңіз ерте құлындаған соң семірейін дегенсіз бе қалай?!
Бекболатта шыдай алмай мырс етіп күліп жіберді. Қанша ашуға мінсе де, биязы тілмен, жұмсақ сөйлей отырып, қанын шығармай бауыздайтын тапқыр шешен би басын оқыс көтеріп алып:
— Дұрыс айтасың, Көбен, — деп өткір көзін қадап, тақпақтай жөнелді, — жер қарада даланың сызы болды, қар кетерде екі елі мұзы болды. Мұз болған соң биеде іш бола ма, ішті болған жалғыз-ақ Қылдының қызы болды.
Шалдар жымың етіп тыйылды. Көбен төбесінен жай түскендей көгеріп кетті: осы өткен қыста Күләйім деген қызы оң жақта отырып жүкті болып, өз үйінің шымылдығында босанған. Жұрт мұны түгел біледі. Бекболат тап осы масқараны айтар деп ойламап еді, Көбен би қара жердей боп түтігіп, басқа жауап қайтара алмай, асқа да қарамай, тез арада аттанып кетті. Тура сөзге дау айта алмай, іштей күйініп, кектеніп кетті.
Бекболаттың мысқылы Сүтемгенге де туралап атқан оқтай, жанды жеріне тиді… Болашақ келінін тұспалдап айтқандай көрініп, жүрегі өртеніп, бұл да сызданған қалпында қалды.
Қонақтар жөнелісімен Сүтемген екі-үш жігітті жан-жаққа аттандырып, баласына іздеу салған. Оның үстіне Қоскөл жақтан келген жансыз адам жеткізген суық хабарға мазасызданып, ұйқы-күлкіден қалған.
Бүгін орнынан ақ балақ кәрі бүркітше түрегеліп, түнеріп алыпты. Мүйізбен оюлаған ағаш төсекте, артына үш-төрт жастық тастап, шалқалай отыр. Ұшы қып-қызыл бетінің қаны сұйылған, жағы суалып, үлкен қой көзі шүңірейіп, ерте ағарған күмістей ақ сақалы сирей түскен сияқты. Ірі, сұлу денесі де кішірейіп, еті таралған. Көзінің қиығымен ғана қарап, босаға жақта малдас құрып жер шұқыған баласына зеки сөйлеп отыр.
— Miнe, табаны жалпақ үш ай болды, үйіңнің қарасын көрмей кеттің. Бүкіл елге бобылық жариялап, ат шаптырып, тінту салып зорға тауып алдық. Өзіңді ойламасаң да, жалғыз әкеңді, ата-бабаңды сыйласаң еді. Кім бар бұл Арқада менің аруағымды аттап, бетіме келген. Сен ғана ат атандырып, сүйек сындырып отырған, — дегенде төрдегі ағасы Шәлтік бай, оның үлкен баласы Сапа, ауылдың екі-үш ақсақалы Жалмұқанға көзінің астымен үнсіз түйілді. Әкесінен аумайтын ат жақты, қызыл шырайлы, шалғысы ұзын қияқ мұртты Жалмұқан басын көтермеді. Әшейінде әкесіне ерке сөйлеп, еркін жүрсе де, мұндай ашу үстінде қарсыласпауды жөн көрді.
— Жаман Бақтыбайдың қызын тапқан өзің. Мен зорлаппын ба сені. «Ақ тоқтыдан, ақ лақтан басқаны алмаймын» деп құдайдың зарын қылып көкке ұшып, жерге түскен өзің емес пе едің. Әйтпесе ана Шыңғыс әулетінен Жүсіп төренің қызын да, болысыңның, оязыңның қызын да әпермес пе ем. Енді төрдегі басымды есікке сүйредің. Бақтыбай кім? Қашан оның терезесі менімен тең келіп еді. Қайбір ол кісі танып, қадір білетін адам. Қолындағы жалғыз қызына билігі жүрмеген сұмпайы сорлы менімен құда боп қалай теңеспек.
Жалмұқан қозғалақтап, қызарақтай бастады.
— Қыз құтырды екен деп, ауыл сыртынан қайтып тентіреп кеттің. Көтенге өкпелеген құл болармысың.
— Сонда тартып әкел деп отырсыз ба, әке?
Жоқ, тартып әкел, алып қаш деген кім бар. Сәмен тұқымына кезінде қыздарын жұрт өзі әкеп беретін. Ал, сен болсаң, құса боп, ел кезіп кеттің. Ләйлі мен Мәжнүн болармысыңдар. Сені мен ынжық, жасық етіп өсірген жоқ ем. Қорамсаның ұлы қырындады екен деп құйрығын шабына тыққан үй күшікше ауылға зыттың. Жүйрік ат өрге салған сайын өршелене шабушы еді. Шын болат қайраған сайын өтеді. Пайғамбар жасына жеткенше сағым сынбап еді, енді Сүтемгеннің келіні оң жағында жүкті болыпты деген атаққа сен қалдырайын деп пе ең!
— Әке! — деп қалған баласының жүзіне де қарамаған Сүтемген үнінен булығып, өңі қуарып, қаһарлана түсті:
— Сендей қылшылдаған жігіт күнім болса, тізгінімнен тартқызып, кеудемді басқызбақ түгілі, ала шылбырымнан, атымның қыл құйрығынан ұстатпас ем тірі жанға. Енді қалыңдығыңа мен баруым керек пе? Ана, Ақан дей ме, көкіген екен. Ел әнін айтып, сөзін сөйлегенге бойы жетпейтін жерге ауыз сала бастаған екен. Оның әні де, тұқым-жұрағаты да енді мен көз жұмғанша бұл ауылдың жауы. Қартайғанша көрем бе деген қызығымды ойрандамаққа қасақана килігіп отыр. Бұдан өткен дұшпандық бар ма? Қорамсаның ұлы басынатындай Жалмұқан шірік болса да, мен алдыма шығара алмадым. Басындырармын. Тірі болсам, есесін қайтармай қоймаспын. Ал сен, құдай қосқан қосағың, қырық жетіні қырқа матап берген қалыңдығыңды осы босағадан аттатпай көзіме көрінбе. Содан соң көк есекке көлденең салып, тор төбелге теріс қаратып төркін жұртына қайтарып жіберсең де өз еркің.
— Енді маған қайт дейсіз. Ертең әкелейін бе? — деп дүңк ете қалды өзі де намыстан жарылардай боп жүрген баласы.
— Маған ертеңін керегі жоқ. Күйеу боп барып, құдай жолымен күйеу боп әкел. Сүтемгеннің баласы далада қаңғырып жүрген біреуді көлденең басып, атқа өңгеріп әкелмейді. Әуелі мына жігітті тыңда. Сені таптырып алғаным да осы хабаршының сөзінен. Әй, жігіт, мына ынжық күйеуге айтшы, не сұмдық естіп келдің.
Жалмұқан басын көтеріп алды. Ақтоқтыға бірдеме боп қалған жоқ па деп үрейленіп отыр.
Сопақ бет сары жігіт — осы ауылдың тыңшысы. Қорамсаның ауылына барып, жансыз жүріп, бүгін суық хабар әкеп отыр. Жігіт сайрай жөнелді.
— Ақтоқты көптен бері Еркімбай деген жездесінің үйінде, ту, ту Ащылы, Жекебояқ жайлауында екен. Бақтыбай Ақандардан запыс болған соң, ешкімге сездірмей сол жаққа жіберіпті. Жанында аңдушылары да бар дейді. Соны Ақандар естіп, қазір жолын тосып жүрген көрінеді. Осы ертең, арғы күндер Ақтоқтылар елге қайтады деп естідім. Ақандар жолда алып қашпақшы көрінеді. Жігіттері онша көп емес, сосын…
— Жарайды, жетті. Бар енді, жүре бер… Естідің бе? Егер қалыңдығыңды жолда алып кетсе — қолыңнан тартып әкеткенмен бірдей. Бақтыбай сен үшін қызын ұстап отыра алмайды, оған құдіреті де жоқ. Бүгін ел азаматтарын жиып, сайлап қойдық. Түнделетіп жетіңдер. Егер қыздан айырылсаңдар, бүкіл ауылын шабыңдар. Аузыңды ашып ай қарап отырғанда жұрт сені тірідей көміп, басыңа намаз оқудан таймайды. Намысыңды қорға. Әкеңді дұшпанның табанына салма. Бастаған екенсің бір ойынды, қызығын өзің көр, өзің аяқта. Қалғанын көре жатармыз. Бар, жолың болсын!
Жалмұқан бірдеңе дейін деп оқтала беріп еді, шал сіңірлі қолын бір сілтеп, теріс қарап жатып алды. Басқалары да сөз қосқан жоқ. «Байлау осы дегендей» үнсіз түнеріп шығып кетті.
8
Түні бойы суыт жүріп отырып, жолда үш-төрт жерге аялдап, қалың ағаш бауырында ат шалдырып, қоржындарындағы тоңжелін етпен тамақтанған жолаушылар еш ауылға бұрылмастан келесі түнде Жекебояқтағы Еркімбайдікіне жеткен.
Тастан, Бақтыбай, Дәмелілердің ақыл қосып, тапқан амалдары еді бұл: «Былтырғы Бірішек сияқты жалғыз шашабатын қасқыр Ақан бір қапысын тауып, Ақтоқтыны алып қашудан таймайды», — деп үрейлері ұшқан олар құда жақтан хабар болмаған соң, «Ақтоқты да мүлдем қажып, жүдеп кетті. Бүйте берсе, ауруға шалдығар. Біраз уақыт көз көрмес, Еркімбай ауылына жасырын жібере тұрайық. Ақботаны сыйлаушы еді. Апасы бізден көрі сыр айтысып, қоян қолтық сөйлесе алады. Мүмкін, райынан қайтарып, ақыл салып балалықпен желіккен жел көңілін тияр. Ақтоқты да бөтен елде сергіп, біраз желпінсін», — деп ұйғарған.
Ақтоқтыға желпіну қайда… Көресіні осы ауылдан көрді. Жалмұқанның ұрын келіп, масқара боп кеткенін түгел естіген Ақшасордан мойны алыс ел Бақтыбайдың қызы келісімен пыш-пыш әңгімені гулетіп жіберді. «Ойбай-ау, әлгі Ақтоқты келіпті», «Өңі жүдеу көрінеді, мұрнының үстіне ноқта түсіпті», «Өзінің іші көрінбейді, бәтір-ау», «Бірінші балада көбінше солай болады. Әлі тар құрсақ емес пе», «Мүмкін түсік тастаған шығар», «Мұнда неге келді екен, тегі, Сүтемгеннің баласы алмайтын болған ғой», «Әй, өзі де Ақтоқты десең дегендей-ақ, Есілдің талындай таралып, сұлу боп өскен екен», «Сорлы баланы Ақан да мазақтап, тастап кеткен екен-ау, шіркін, серінің серігі болар-ақ адам» дескен жұрт, күні-түні жоқты сылтауратып Еркімбайдың үйіне ағылды. Өзіне сынай қараған, тұла бойын тіміскіп тінте қараған неше бір сұм көздерден қорланған Ақтоқты ел ішіндегі бозбалалардан да көрді көресіні. Бұрын қос тұлымы желкілдеген титімдей күнінде талай рет жездесінің үйіне келген қызға ауыл балалары қонақ деп қадірлеп қараушы еді, енді бір-екі рет бастаңғы, алтыбақанға барғанында ел ішіндегі өсекке қанған кез келген қылжақбас жігіт орынды, орынсыз қалжыңдасып, ақмаралдай сұлу қыздың бойынан бір жеңілтектік іздейді. Бәрі де өздерінше үміткер, дәмелі. Отыра қалған жерде алаңғасар бозбалалар тарқылдап күліп, жөн-жосықсыз тиісіп, тіпті кейде қолын жүгіртіп ойнағысы да келеді.
Ақтоқты өткір тілімен беттерінен қайырып тастайын десе де, сөзді қор қылып, ушықтырғысы келмей, көп бөрінің ортасына түскен тоқтыдай көзі жаудырап іштен тынады. Ақыры көп тәлкекке түсіп, мазаққа шыдамаған абұйырлы, намысқор қыз бұл ауыл көшесіне де қайтып шықпай қойды.
Келген бетте өзінің бойынан бәлендей өзгеріс таппай көңілі орныққан апасына жеке отырып бар сырын жасырмай түгел ақтарған.
— Өнің жүдеу ғой, бір жерің ауыра ма? — деп алыстан орағытқан Ақботаға:
— Өңім жүдеу болмай қайтейін. Өңшең балық көз надандардың ортасына қамалған соң, амалым не? Бірақ өңім жүдеу болғанмен, жүрегімде тұтанған үміт оты сөнген жоқ, Ақбота, — деп сөз сыңайын түсінген Ақтоқты да тура жауап берді.
— Тоқтым менің, қайтейін, әлі баласың ғой, сендей кезімде мен де біраз әуреге түсіп, ғашықтық жолында өзімше өлердей болғамын, әлі бәрі ұмыт болады, — деп әке-шешесінің тапсырмасын ә дегеннен орындауға көшкен Ақбота, ақын, серілерше айшықтап сөйлеген сіңлісінің сөзіне онша мән бермегенсіді.
— Жоқ, Ақбота, мен өле-өлгенше ұмытармын деп ойламаймын. Тіпті одан басқаға барармын деген ой да жоқ менде. Өзің есіңе түсірші, ғашықтық деген қандай болады. Meн бұрын түк түсінбеуші едім. Әлі де сөзбен айтып жеткізер мұрша жоқ. Неге екенін өзім де білмеймін, Ақанның қасына ерсем, бар дүниені ұмытып, жұрттың өсегін де елемей, бірге жүре бергім келеді. Қайта ел көрсе екен деп көңіліме бір мақтаныш, қуаныш оралады. Ол көзіме түспегелі бір күннен бip күн ұзақ көрініп, бүгінгі сағынышым кешегіден басым тартып, бірде оның көзі, бірде қасы, кірпігі, мұрты, күлгенде көрінер тісі көз алдыма елестеп, соны ойлаумен жақсы күнді өткізем. Ер адамға мұнша қызығармын, сүйермін деп ойлаппын ба? — деп екі көзі мөлдіреп, аппақ жүзіне қан жүгіріп, Ақанның бұрама сақинасын сипап отырып қалды.
Түсінемін, жаным, сенің жаныңды мен түсінбегенде кім түсінеді, Тоқтым, — деп бірден шошытпай, сіңлісінің көңілін жықпаған ақылды, әдісқой келіншек Ақтоқтыны құшақтап маңдайынан сипады. — Бірақ сен мынаны ойлап көрдің бе? Сол Ақанды не үшін осынша сүйдің, несімен қадірлі ол саған. Рас, Ақан серідей көрікті, сөзге де, әнге де ұста, сегіз қырлы жігіт ілуде біреу болмаса, жиі кездесе бермейді.
— Мен тіпті соның көркін де, өнерін де басқамен салыстырып көрген емен. Оның бойындағы бар қасиеті әйтеуір, маған жұғымды, ұнамды. Бәрі-бәрі өзімді шын баурап алған жұмбақ сыр. Кейін бір жайлауда жеке кездескенімізде Ақан: Есіңде ме, жаным, сен екеуміз Тастан үйіндегі шілдеханада қатар отырғанда қалың қарағай ішінде бір-біріне сүйене өскен қос қайындай едік. Тек сенімен отырғанда ғана өзімді бұрын болмаған бір сиқырлы күйге, жайсаң күйге еніп, көңілім Көкшенің күніндей өсіп отырады» дейді. Менің көңілімде де тілмен жеткізгісіз осы ой бар еді, соның дәл үстінен түсті. Ендігі жерде қатар бүршік жарар егіз қайың сол Ақандай ғана көрінеді.
Бұдан әрі Ақбота талай қиқалаққа салып, көңілін суытатын талай әдісті сөздерге ауысты.
«Егер сен ұзатылып қоймасаң, жағдай басқа. Сүтемген елі, қала берді қазақ ғұрпы мұныңды дұрыс дей ме», — деп бір көрді де:
— Ақан сері сенімен ғұмырлық жар да болмайды, кейін жел көңіл ақын басқа сұлуға ауысып, саған салқын тартары хақ. Оған жазғыруға болмайды. Үйтпесе әнші, сері де болмас еді.
Басқасын былай қойғанда, әйелі өліп, екі баламен қалған адам қалай, Сүтемгендей шалқып отырған байдың ұлына барып, дүниені сапырып отырған қалай, ғашықтық та жақсы, бірақ түбін де ойлаған теріс емес. Бұл жерде ешкім жоқ, ана шешеміз бен әкеміз тең бе? Бірақ одан анамыз не қысастық көрді, өмір бойы ішкені алдында, ішпегені артында, Құдайға шүкір біздей ұрпақ өсіріп, өрісін кең жайып отыр.
Егер олай-бұлай болып кетіп, Жалмұқан сені алмаса, әкеңнің қалған ғұмыры итшілікпен өтеді. Сүтемген жұрты кек алмай тұрмақ емес. Тым құрмаса, сорлы әкеңді аясаң етті.
Сосын, Жалмұқан кімнен кем… Жігіттің төресі. Түр десең түр, ақыл десең ақыл бар. Бойға да, ойға да қораш емес. Ол да қыз менсінбей, таңдап жүрген жігіттің бірі. Ақылы болмаса, түнеугүні қалыңын төлеген басы байлы қалыңдығым еді деп, сені басқа-көзге төпелеп алып кетпес пе еді. Ондай аусар, есалаңдар да көп. Көзі соқыр, басы таз емес, тап-таза мүрсіндей бала. Осында Жанәбіл дегеннің қызы қыпшақ елінің бір байының без тамақ ұлына да барып отыр. Айта берсең ондайлар көп. Әрине, ондай жарымжан, жарыместерге сені ешуақытта қимас ем. Өзім-ақ ара тұрар ем. Ал мынадай ердің басын қорламас болар. «Асты қорлама, құстырар» деген сөз бар.
Есіңде болсын, бұл — қорқытқаным емес. Жақында бір суық хабар естідім. Қожамбеттен тараған бүкіл мықты елдің атқа мінер еркек кіндікті ер-азаматы зығыры қайнап, Ақанға кіжініп отырған көрінеді. Бір сәтсіз күні зақым қылуы да мүмкін. Сен екеуіңді қосып, қол қусырып отырар дейсің бе? Тым құрмаса, осыны ойла, Ақан — саған ғана емес, бар жұртқа керек Ақан. Шын сүйгенің рас болса, серіні ая. Оның әлі де талай айтып, еліне, нәсіліне қалдырар әні, өлеңі мерт болмасын. Мезгілсіз қаза бар өнерді, бар жақсылықты ешкімге бұйыртпай суық көрге ала кетерін білесің ғой. Тек бетін аулақ қылсын. Күйеу елінің сұсы жаман деседі. Пышақ жүзімен тілдерін тіліп ант етіскен намысқой жігіттер бар көрінеді, сенен әулие қыздар да қазақ салтына түк қыла алмай арманда өлген. Айға шауып, мерт боп қайтесің, — деп Ақбота бүгінше осы да жетер дегендей, Ақтоқтыны аз сөйлетіп, сөзді дауға айналдырмай ғана, талассыз доғарып, тысқа шығып кеткен.
Содан бері сіңлісінің миына ақылды сыздықтап құйып, күнде бір күдер үзер сөздер айтып сіңіріп қояды.
Ақыры Ақтоқты қарсы сөйлер дәрмені болмай, көп сөзден, көп кеңестен басы айналып, есалаң күйге түсе бастады. Ақбота үйі де, жайлаудағы бөтен ел де жонын теріс бұрған жат мінезге ауысып, он жетідегі жас қызды жабырқаңқы күйге ұшыратты. Енді қайда барып паналар.
Бұл кезде Көкше даласы да көркінен айрылып, кең далада күз желі азынай бастаған. Ауыл маңының сарғайған шөбі жапырылып, көп тұсы тақырға айналыпты. Үйілген тезек, күл аралас көшенің шаңын суыра соққан қара жел, кейде дауылдатып, құйындатып, ашық есіктен үйге кіріп, жын-ойнақ салып өтеді. Бауыры сиырдың құйқасындай бұйраланған қарала бұлттар тырс-тырс еткізіп, ірі тамшыларымен желпілдеген түндіктерді шертіп, жақында ұзақ жауамын, қамсыз болғаныңа рахымым жоқ дегендей түнере түседі. Ақтоқтының да көктем базары тарқап, көңіліне жалбыр бұлтты, ызғарлы күз түскендей қамығып, «не болса да, енді осы әурешілік тез бітсе екен» деп өмірден, қызықтан торыға берді.
Үстіп жүргенде Қыпшақ еліне барып, астан үлкен атақ, зор абыроймен оралған Ақан сері, Әлібектің жер жарған даңқы ауыл-ауылға лезде таpaп, Жекебояққа да жетті. Yш жүз аттан озып серінің Құлагері үздік келіпті. Оған «Үркеккер» деп ат қойыпты. Онысы несі екен? Көкшенің балуандары да белдескенін шетінен жығыпты деп гу-гу етеді. Бұл хабарды осында жеткізген Су Құсайын. Бұл жолы асығыс жеткен ол, «әуелі осы ауылдан бастаймын, түнеугүні Еркімбайдың қонағасын жей алмай кетіп едім, енді соның үйінде отырып түгел қызықты айтамын. Еркімбайдай тыңдай алмайсыңдар, ол отырған жерде сөз өз-өзінен туындап, иесін табады» деп шеткі бір үйден сәлем айтып жіберіпті. «Еркімбайдың құлағының құйма алтыны бар ма екен, оның құлағы да қалқиған кәдімгі жұқа шеміршек» дегендерге, «солайы солай-ау, бірақ тамақты Ақботадай етіп дәмдеп беретін бұл өңірде әйел заты жоқ» деп сырттан көпшік қоя сөйлеп, жол тауыпты.
Су Құсайынның бұл сөзінде де есеп бар. Оны ешкім сезбейді, ішкі пікірі ішінде: Ақтоқтының осы қайтатынын естіп, бірақ тап қай күні шығатынын біле алмаса керек. Содан осы Су Құсайынды «сен ел аралап, үйреншікті болған сезіксіз адамсың, бүгін барып, қашан қайтатынын, қасында неше жігіт барын қыбын тауып біл. Біз жол тосып жата тұрамыз» деп жіберген. Ақаннан сөз үйреніп, оны жанындай жақсы көретін Су Құсайын оған сөз қайырған жоқ. Оның үстіне Ақтоқты жайында біраз ғайбат сөйлегеніне іштей ұялып, немен жуып-шаярын білмей жүретін. «Екеуінің қосылуына өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай себебім тисе жарар еді» деп қуанған Су Құсайын кәрі шабдарын тебініп бүгін жеткен. Басқа жүрдек ат мінуге көзі үйренген жұртқа сезікті болар деп қорықты.
Ақтоқтының кейінгі кезде Ақанды да, басқаны да ауызға алмай, үнсіз жүргеніне «е, күдер үзген екен, әлі бала ғой, алғашында түсінбеген ғой, енді ұққан екен» деп қуанған Ақбота, үй шаруасымен айналысып жүріп, сіңлісіне ертең келін боп түскендегі неше түрлі құйтырқыларды, енеге, атаға, күйеу, қайындарға қандай инабат көрсету керек екенін үйретіп, салт-сана әдетке сіңген көп жоралғыларды ұғындырумен әлек.
«Бір жылдай ата-енеңе жүзіңді көрсете бермей, далаға шыққанда басыңа ылғи сарт шапан жамылып шығасың»;
«Үйдегідей еркіңмен ұзақ ұйықтамай, еріңнен қашан да бұрын оянып, шаруаңа тұрып кетесің»;
«Төсек жиғанда бәрінен де аяқ қабына ұқыпты бол. Шұлығың, не іш киімің шашылып жатпасын. Артығы болса аяқ қапқа салып, мұқият бол»;
«Қайындарыңа өзің лайықтап ат қой. Бадырайтып атымен атап жүрме. Атаң аты Сүтемген екенін білесің ғой. Оның есімін аңдаусызда атап қалма. Сүт деген сөзді айтқың келсе қашанда «ақ» немесе «сүме» деп, «бұзау емді», «құлын емген» дегенді «бұзау сорды, құлын жұтты» деген сияқты сөздермен жаттыға бер».
«Жат жерге келін боп түскен соң бәрі, бәрі сын: сөйлеген сөзің, артық күлкің, біреуге қарасың, шай құйысың, ең арты жүріс-тұрысыңа дейін сын. Ақтоқтым, үлгі-өнегеден кемсін емессің. Әйтсе де, қашан үйренісіп кеткенше «ақырын жүріп, аңдап бас…».
Әшейінде ұғымтал Ақтоқты талай рет шешесінен естіген мына сөздерге құлақ қоймаса да, әшейін бас изей береді.
Таңда Ақтоқты еліне жүрмек. Бүгін жөнелу жоралғысына Еркімбай семіз тай сойған. Көңіл жақын туыстарды шақырмақ. Жайрап жатқан етке шаң түспесін деп, шағын қос — ас үйде етті мүшелеп болған Ақбота Ақтоқтыны жетелеп әкеп, соңғы сабағын пысықтап отыр:
— Мынау қазы, қарта, жал, жая — бұларды білесің ғой. Жылқының ең қадірлі мүшелері. Он екі қазы ішекке салғанда алты қос қазы делінеді. Мынау — жығылар жағы. Мынау-белдеме — омыртқа мен жаяның арасы, бұл — алтыға бөлінеді. Мына жатқан екі талдан төрт кіші қабырға — тасты. Кейде бұл қазы орнына салынады. Міне — бұғана. Бұл да еті қаттылау болғанмен қадірлі мүше — құдаға салады. Ал мынау – омыртқа. Жылқыда он жеті омыртқа болады. Бұларды қашанда іркіп, сыйлы қонаққа бір-бірден салып отырады. Көптен дәм татпай өкпелеген адамның «үйіңнен бір омыртқа жегем жоқ» дейтіні осыдан шыққан. Омыртқа таусылса, оны төспен алмастырады. Мына қабырғаның басы қазының омыртқадан шығатын жағы, мұны қатаған басы дейді. Қатаған басын ішекке қазымен бірге салады. Ал жілік санда үшеу, қолда үшеу. Сандағы ортан жілік, асықты жілік, жамбас. Жамбасты да жілік деп санап, табаққа жеке салады. Қолдағы — тоқбас, кәрі жілік, жауырын. Жауырын да жілікке саналады. Бұл мүшеге жүреді, бірақ етті көбейту үшін салатын жанама мүше. Қазының шетін телшік дейді. Мұны жылқы сойған күні салады. Телшіктің ұшын кесіп алады. Оны мықын дейді. Мынау төс қазы. Жас малда, арық малда етегі болмайды. Семіз жылқы болмаса бұған май ілікпейді. Сондықтан қонаққа жарамайды. Мынау қарын, мына жатқан бұдырмақсыз тәттісін қара қарын, бұдырмақтысын жай қарын дейді. Қартаға таяу қадірлі қарынды жіңішке қарын дейді. Ішек — жуан ішек, жіңішке ішек болып екіге бөлінеді. Жуан ішекке қазы айналдырады. Жіңішке ішектен шұжық істейді. Бауырға жабысып тұратын мына бір жұмсақ етті жетім бауыр дейді. Мынау қолқа. Сабағы барын тұздап, айналдырып, құдандалы адамға сақтайды. Ал сабағы жоқ жүрек қолқасы — бала мүшесі. Айтқандай, жамбас үшке бөлінеді. Ортада шұқыршағы қалады. Екі жақ кемік басын қадірлі қонаққа береді. Кәрі жіліктің басын білесің бе? Мұны толарсақ басы дейді. Мұны «етігің қисаяды» деп балаларға, «толғағың қатты болады» деп әйелдерге бермейді. Мына жатқан өкпе. «Өкпе жетер көпке» дейтін осы. Бұл қуырдақтан басқаға жарамайды. Сондықтан сойған күні келген адамға мол ғып қуырады. Мүшелі тамақ емес. Мынау — жалбыршақ қарын. Мұны қазір итке тастаймын. Жалбыршақ, көкбауырдың бәрін «жау жұмыр» деген сөз содан шыққан, — деп келін боп түсер Ақтоқтыға ас-су ұстаудағы жөн-жосықты үйретіп жатқанда, тыстан күйеуі кірді.
Су Құсайынның осы үйге қонақ болғысы келетінін Еркімбай осы еттікте отырып, әйеліне жұмсарта жеткізген.
Ақбота Су Құсайынның атын естігенде ытырынып, көкке ұшып жерге түсті:
— Сағынып отыр ем жаманғатты. Ол суайтты енді төрім түгілі, осы үйдің маңына жолатармын ба? Кетсін әрі. Қарай гөр, ұялмай тағы келем деуін, — деп күйеуіне ұрсып тастады.- Сен де желігесің де отырасың, бар, тыңдағың келсе. Өтірікке жаның құмар ғой.
Араға Ақтоқты түсті. Су Құсайын Ақанмен бірге асқа барыпты дегенді естігенде, «апырмай, серім туралы бірдеме айтар ма екен» деп елегізіп, апасына жалынды:
— Ақбота, Су Құсайын ел ақтап, тілімен күн көріп жүрген жетім адам ғой. Оның сөзін ауыр алып керегі не. Айтса ол, шындықты айтады. Аздап тұздықтайтын шығар, қайтсін байғұс. Осында келгелі әбден зерігіп өлетін болдым. Тым құрмаса, сөзін тыңдап көңіл көтерейінші. Келсін, ертең кететін адаммын ғой. Мені де ренжітпе, енді бір-бірімізді көріскенше кім бар, кім жоқ, — деп сөзінің аяғын ауыр бітірген соң:
— Тек олай деме. Жарайды, Еркімбай, шақыр. Бірақ ол суайтқа қалай қолымнан ас берем. Қап, сен болмағанда, — деп қынжылды.
Шам жаға үйге «Кеш жарық, қойың сарық, тоқтың арық, ассалаумағалайкүм» деп күлімдеп кірген Су Құсайын, көтеріп келген ер-тоқымын босағаға гүрс еткізіп тастап, төрге өтті.
— Қойың сарығы нес! — деп жақтырмай теріс бұрылды ыдыс-аяқ сүртіп отырған Ақбота.
— Бұл жаңа шыққан сөз. Сарық деген қойдың жаңа түрі бар, Атбасар базарына казак-орыстар әкеледі екен. Кейбір жұрт «сәрік» дейді. Итім білсін. Әйтеуір жаңа шыққан сөз. Өй, сен қайдан жүрсің, — деп қара көлеңкеде жаңа аңғарған Құлмаққа таңырқай қарады. Қасында үш-төрт жігіт бар Құлмақ Ақтоқтыны алып кетуге келген.
— Қарауылдың қарауылдары, — деп Ақтоқты кекете күліп еді, Су Құсайын түсінбей қалды.
— Қарауыл екенін білем ғой, бұл жақта не ғып жүр дегенім де.
— Сіз неғып жүрсіз, сіз жүрген жерде біз жүре алмаймыз ба? — деп бір жігіт жөнін айтқысы келмей жалтарды.
— Е, айналайын, жүре бер, жер де, ел де көтереді. Мен болсам ел жаңалығын айта келген адаммын. Жұмыссыз құр селтеңдеулерің келіспейді дегенім де.
Су Құсайынның бұрынғысын ұмытып, тағы да еркінсіп отырған қышыма тіліне зығыры қайнаған Ақбота бір тұқыртпай көңілі көншімеді:
— Суеке, сізді осы үйге шақыртқан мына Ақтоқты, әйтпесе сыбағаңызды бір оңдап берем ғой деп жүр едім, — деп ызалана күлді. Су Құсайын да есесін жіберген жоқ.
— Білем ғой, күнім, сенің сыбағаны оңдап беретініңді. Әуелі, онда, Ақтоқтының сыбағасын жейік, асықпа, сосын сенің сыбағаңды жермін бұйыртса, — деп үйді бір күлдіріп желпінтіп алды…
Кешке тай сойған үйге көп адам жиналған. Шақырылмаған кейбір пысықша сұғанақтар да келіпті. Қазақ жұртында мұның айыбы жоқ.
— Арада үш-төрт қонып таулы, тасты Жыланшыққа да жеттік. Өңшең көк қыл-қыбырдан шапан, құндыз бөрік киген, кілең ақ боз атқа мінген өрімдей сал жігіттер сырнай-кернейлетіп, шоқ қарағайдың бауырына қаз-қатар тіккен үйлердің ең ортасындағысына кілем үстімен өткенде, он екі дуанның азаматы тамсанып, ауыздарының суы құрыды, — деп масаттана сөйлеген Су Құсайын, Қарасал деген марқұмның қажылыққа сегіз жыл қатарынан барғанын, артында тоғыз ұлы, жер қайысқан малы қалған байлығын, жүз он үш жасқа келген Хакім ақсақалдың асты басқарып, көрсеткен сый-сыйпат тәрбиесін, Ақанға ерген Сұлтанмұрат, Бәтжан, Аяған, Жанділдә, Шәкей, Нұралылардың елді аузына қаратқан әншілігін ұзақ жыр ғып, күресті біраз баяндады:
— Бізден, барған жерін орып тастайтын малтабар Ожымбай, дөңгелек, көркем Көбей Қойкүзет, ақ табан атанған балуан Ошандар ортаға шығып отырды. Бір кезде он жігіттің ортасында жұлынып, өкіріп, үсті-басы қап-қара жүн дәу шықты. Бұл Қарабұқа деген қыпшақ елінің балуаны екен. Қарсы қарап Ожымбайды көргенде бір кезде аю алған батыр атанған Қарабұқа маңындағыларға «апыр-ай, денем қалтырап бара жатқаны несі» депті. Бас балуан да осы екеуі еді. Ол жақтың күресі де қызық екен. Кезекпен ұстасып, күш сынасады екен. Бірінші кезек Қарабұқаға тиді. Ожымбайды келе бүрген алпауыт олай лақтырды, бұлай лақтырды. Ожымбай дік-дік түсіп бой алдырмады. Кезек Ожымбайға тиді. Қарабұқа да сіресіп міз бағар емес. Екеуінің де мерзімді уақыты бітіп, енді бірдей қимылға көшті. Биенің екі сауымындай алысқан екеуі әбден титыққанда, Ожымбай «Малтабар» деп ақырып кеп, көтеріп әкеп иықтан асыра бергенде Қарабұқаның жамбасы сынды… Одан кейін шыққан Қойкүзет те, Ошан да жықты, — деп тағы да біраз сырлап, тойды мәнерлеген Су Құсайын келесі күнгі ат жарысты ұзақ жырлады…
— Сонымен не керек үш жүз аттың алды боп, Құлагер келді. Бірақ бір кеселі сол, жапа-тармағай ұмтылған қалың нөпірден үріккен ат, басына мінген алпамсадай Шәкейге бой бермей, қарақшыдан әрі бұрылып, тауға қарай ала қашты. Әлібектің ұшқыр қара бедеуіне мінген Ақан жанамалай салып, ысқырып шақырады. Құлагер үш келіп, үш кетті. Жұрт шулап тұр. Сол кезде ұран сап екінші ат, одан кейінде де берген үйдің Қызбел деген аты, Қарабурыл қарашыдан өтті, қып-қызыл дау осыдан басталды. Жұрттың жарымы «бас бәйге кері аттыкі» десе, жарымы бой бермейді: «Жоқ, ол қарақшыдан өткен жоқ, қиыс лағып кетті» деп жосықсыз қиянат салып, дүрліге жөнелді. Қып-қызыл төбелес. Сарт-сұрт етіп, бірін-бірі сабаған ел шаңды аспанға көтерді. Бірді бір айырып болар емес. Кімді кім ұрып жатқанын да аңғару қиын. Қым-қуыт қызыл кеңірдекке салып, той ішіне мен де қойып кеткем. Қылыштарын жалаңдатып стражник, өредниктер де шырылдап жүр. Байқаймын, бәрі де патша киімін киген Әлібекті жақтайтын сыңайлары бар. Әлібекте шыдай алмай, білегін түріп жіберіп, дырау қамшымен ат үстінде кез келгенін шықпыртып, ысқырып келеді. Ғұмырымда төбелесіп көрмеген мен де қиғылықты салып, Әлібекті арқаланып, алдыма түскенін тымақша лақтырып, баудай түсіре бердім. Әлден уақытта тура қара құсымнан диірменнің тасындай бірдеме сарт ете қалғанда, есімді жия келсем, киіз үйде айнала қоршаған өзіміздің жігіттер отыр. Көзімді ашып алғанда бәрі ду күлді. Сүйтсем, ет қызуымен кез келгенді басқа-көзге төбелеп келе жатқан Әлібек екен, мені бөтен біреу деп гүрзідей жұдырығымен ұрған. Есім кіре сұрағаным, «Құлагер бәйгені алды ма?» бопты ғой. «Алды, алды» деп шу ете қалды. Тағы да талықсып, құлай бердім. Келесі күні жұрт Құлагердің атын «Үркеккер» қойып кетті. Қарақшыға таяна берген Шәкей қызбалықпен қамшы басқанда, байқамай қанды бұтқа ұрған екен. Жаңа кестірілген Құлагердің ала қашып, басына бой бермей тулағаны сол екен. Содан не керек, бар бас бәйге біздікі боп мерейіміз өсті. Батыр Әлібек болмағанда Құлагерге бас бәйгені беруі неғайбыл еді. Көріне көзге қиянат жасамақ. Сүйтіп, Ожымбай медал балуан атанды. Құлагердің кекіліне жарқыраған алтын медал тағылып, хүкіметтен атты күтіп баптау қазнадан болсын деген қағаз алып, екі-үш күн тағы да той-думандатқан соң, өлеңдетіп елге оралдық.
— Қазнадан деймісіз. Онысы кім?
— Қазна дегені қазіргі болыс, ояздар да.
— Әй, қойыңызшы, Құсеке, аздап қосып жібересіз-ау.
— Қосқаны несі! Айналайын, сенбесең мен сені сендірейін деп зорлап отырғаным жоқ. Тыңдамайды екенсің, жөніңмен жүре бер. Шырқ бұзба, қарағым! — деп Су Құсайын шамданып қалған соң, жас жігіт кешірім сұрап, әлхалдап зорға құтылды.
Су Құсайынның түн ортасына дейін айтқан қызық, дәмді әңгімесін үнсіз тыңдап, бас шұлғысқандар енді жапа-тармағай сұрақ жаудырып жатыр:
— Әй, бәйгені қайттіңдер, кім алды!
— Бәйге бір үйірлі жылқы еді. Ақан мен Әлібек «асқа мал жия келгеміз жоқ» деп; үш ту биені үш жүздің үш ақсақалына берді де, қалғанын Бәтжанның алдына салды. Бәтжан төрт жыл бойы сүйген қалыңын ала алмай, қайын жұрты қызын «басқа біреуге береміз» деп жүр екен. Ақан: «Қалып беріп қыз алғанды суханым сүймеуші еді, амал не, сүйгеніннен айырылып, арманда қалма» деді.
— Пау, шіркін, cepi десең cepi-ay!
— Бір үйірлі жылқыны жалынан ұстата берді ме, ай?
— Е, ұстатпағанда ше? Ол түгіл соңынан ерген сал жігіттер киімді қайдан киді дейсің. Қорамса сауда адамы. Үйінде Қызылжардан әкелген тай-тай мата көптен жатады екен. Ақан әкесіне қолқа салып, Шұңғыршаның тамам қызын отырғызып қойып, бір күн, бір түнде тіктіріпті.
— Ал саған керек десең!
— Өзі дүниенің ажарына қарамайды екен-ау!
— Ондайы жомарт болмаса, cepi бола ма?
Ақтоқты осы тұста қызарақтап, саба түбіндегі апасының қасында ыңғайсызданып, ұялып отырған. Еркімбайдың туыстары Ақан аты естілгенде жөткірініп, қозғалақтап, әңгіме бетін басқаға бұрғысы келіп қибыжықтаған. Әлгі сұрақты беріп отырғандар, серіні мақтасқандар — төтеден қосылған келгінбайлар. Солардың бірі тағы да Су Құсайынды тақымдап, Ақтоқтыға көзінің астымен ұрлана қарап қойып:
— Aқан серінің көңілі көтеріңкі екен ғой. Елге шалқып, толқып келген екен сабазың сол. Қазір қалай, қуанышты ма? – деп сөзді тірілте түсті.
— Е, бәйгеден аты келіп, үш жүзге мағлұм болған адамның көңілі өспеуші ме еді.
— Құлгердің тұлпар шығайын деп тұр екен, өткен қыста Бірішекті алғанынан-ақ сезіп ем, — деп Еркімбай жағы сөзді тағы басқаға бұрып еді, Су Құсайын осы арада қыздың жүрегін де бүлк еткізейін деп, әңгімені қайтадан иіп әкелді.
— Құлагерге бәріміздің де көңіліміз тасыды-ау. Бірақ Ақан астан қайтқанда бір түрлі ұнжырғасы түсіп, көңілсіз оралды, — деп бастап:
— Ас пісіп қалды, ендігісін кейін айтарсыз, — деп орнынан тұра берген Ақботаға қарамай сыдырта жөнелді.
— Жолда ұйқы жоқ, уһілей береді. Жүзінде қайғы бар. Жолда түскен жерде мұңайып, айдалаға жеке тентіреп кетеді. Бір күні кешкі мезгіл еді, ортасы қалың қоға, шеті айдын бір көлдің қасына кеп түнегенбіз. Аттарды отқа қоя беріп, биелерді сауып жүргенде, Ақан тағы да қол жағасына шапанын жамылып жалғыз кетті. Біраздан соң Әлібек ымдаған соң, екеуміз соңынан бардық. Ту сыртынан келген бізді аңғармады. Көл жағасындағы ұсақ малта тастарды уыстап алып, бір — бірлеп суға секірте тастап, ыңылдап отыр екен. Уілдеген даусында мұң бар. Тымық көлдің беті де шолп еткен тасқа шымырқанып дір ете қалады. Тас түскен жер де жасын сығып алған ботаның көзіндей сақиналанып барып жұмылатын сияқты. Қасына кеп отырған Әлібек: «Шырағым, Ақан, сенде осы не сыр бар, тым тұнжырап кеттің ғой, айтсаңшы», — деді. Біздің соңымыздан ілби басып, басқа жігіттер де жеткен екен. Бәрі де іштен тынып Ақанға үнсіз егіле қарайды. Бәрінің де жандары ашитын сияқты. Ақан ұзақ үнсіз отырып, «Шәкей, домбырамды әкелші. Әлеке, көптен бері көңілімді бір ән мазалап жүргені» деп жабырқаңқы жүзі күліп, сәл жымиғандай болды. Бәріміз де Ақанды қоршап, көл жағасына отыра кеттік. Сері домбырасын бос бұрап, шерлі баяу үнмен «Тағыбырың» деген бәйітті күн батқанша ұзақ айтып берді. Жас жігіттің ғашығына қолы жетпей жүргендегі зарлы арманы екен. Күрсіне түсіп қоңыраулатқанда, майда жұмсақ үн жүрегіңді қозғағандай. Күн бата жігіттердің күреңіткен жүзі жадау тартып, бәрі де мұңға батты. Жолбарыс жүректі Әлібекке дейін үнсіз тыңдап, бәйіт аяқталғанда орамалымен көзін сүртті.
Алыстағы белгісіз бір айдынның жағасында күрсінген серінің, суға басын иіп мұңайған қалың қоғаның түсі көз алдына келгенде, Ақтоқтының көзінен де бір тамшы жас үзіліп түсіп, сырт айналды.
— Өлеңі қалай сонда, сөзін білесіз бе, айтыңызшы, — деді үнсіз тыңдаған келгінбайдың бірі.
— Сөзінің жалпы сүйегі есімде. Бірақ бұзып айтқым келмейді. Ақан ондайды ұнатпайтын ақын ғой. Кейін жазып алып, таратармын. Ал, бірер ауызы жадымда, айтып көрейін.
Су Құсайын Ақанша ыңылдап отырып, орта тұсынан бастады:
Райхандай безіп өстің гүл бау шарбақ,
Гүл жүзің, зифа бойың, етің шәрбат.
Әуелден көңілімді бердім саған,
Нәзік бел, қиғаш қасты, қалам бармақ…
Сәулем ең жат пиғылдан аман жүрген,
Жоқ болсын уағдалы сөзден қалмақ.
Әшейін анау-мынау сүймесіңді
Жіберген емес пе едің сөзбен алдап,
Тұңғиық шыға алмасақ кеттік суға,
Тәуекел дариясына түстік жалдап,
Жас күнде қызылға қол көп сермедім,
Бір жеуге өлексені дерт көріп ем…
Бұл күнде көңіл суып, қызық тозып,
Таза жүрек, шын сөзбен серт беріп ем.
Нәпсіме жүрегімді сұлтан қылып,
Тоқтатып өз бойыма ерік беріп ем.
Жолыққан таңдап жүріп таңдағаным,
Сен едің бойға лайық қамдағаным…
Көрікті сіздің гүлді бек жаратып,
Басқаға өзіңе аян қонбағаным,
Зат біліп, ырық берсең мен де сендік.
Көргем жоқ пиғылыңнан қазір кемдік.
Сізден соң басқа қызық керек емес,
Егерде осы жолы кетсе теңдік.
— Осы тұстары ғана есте қалыпты.
— Ойпырмай, мына сөзіңе қарағанда, шын құмартқан адам ғой!
— Өмірлік жар етуді қалаған ғашықтың сөзі, — деп үйдегілер сыбырласып кетті.
— Содан елге келген соң, Әлібек «Айналайын Ақан-ай, менің Ақшабағым да, Ғайнижаным да бір адамға татитын, еpгe серік болатын-ақ қыздар. Қайтейін, ант-су ішіп, ата жолымен беріп қойған жерлерім бар. Әйтпегенде таңдағаныңды алар ең, енді тым құрмаса өкіл күйеу бол» деп, ұшқыр қара бедеуін, Қараторғай деген қыран бүркітін алдына тартты.
— Ой, ерім-ай!
— Батыр ғой.
— Бірақ қыздарына билігі жүрмегені қалай?
Ата жолын, қазақ салтын бұзатын ақымақ деп пе ең. Және батыр бір айтқанынан қайтқан ба?
— Жарайды, тұра тұрыңдар, Ақанның ол қыздарды ала қоятынын қайдан білдіңдер, — деп гүпілдескендерді тоқтатқан Су Құсайын Ақтоқтыға аңдаусыз ғана бір қарап қойды. — Ақан Әлібек үйінде отырып, атығай шалдарына, «Ішінде Орта жүздің жүрмін шалқып» деген өлеңін айтып берді. Құлагерін сипаттай кеп:
Бәйгеде үш жүз аттан озып келдің,
Артыңнан жете алмаған талай тұлпар.
Астынан сен жалаудың өтпеген соң,
Ат қойған Үркеккер деп тәмәм жұрттар,
Зілғара Әлібегі ырза болып,
Бір бедеу сыйға берді және сұңқар…
Аттанып соныменен кейін қайттық,
Ән салып, сырнай тартып, қызыққа іңкәр, —
деп жұртты әнге тойдырды. Ал енді астарыңды әкеле бер, — деп әңгімесін тәмәмдаған Су Құсайын жастыққа қисая кетті.
Су Құсайынның аузынан көптен бері шын әңгіме естіп, алыс елде мерейі үстем болған ағытай-қарауыл елінің өнеріне сүйсінген жұрт ас ішіп, кеш тарады…
Түн жарымда Су Құсайынға қалың құс төсекті көпірте салып, киіз үйдің оң жағына жатқызған. Қашанда өлік шығаратын жаққа ұйықтағысы келмей зырылдап тұратын көсе, бұл жолы қарсылық білдірген жоқ. Ақтоқтымен қалай оңаша сөйлесудің қыбын ойлаумен болды.
Үй ішінің әлі жататын түрі жоқ. Келген қонақтарға да төсек салынбады. Бақтыбай ауылының жігіттері даладағы аттарына кеткен. Еркімбай, Ақбота, Ақтоқтылар да көрші ас үйге кіріп-шығып ұзақ уақытқа дейін келмеді.
Бүгін бір жақсы әңгімеге өзінің де айызы қанып, тамаққа мелдегінен келе тойып алған Су Құсайын кебеже үстіндегі май шамға қарап жатып, көзі ілініп барады екен. Ақырын күңкілдеген дауыстан оянып кетті. Көзін ашып алғанда байқағаны Еркімбай әйелімен екеуі екі-үш қоржынды ортаға қойып, Ақтоқтыға соңғы ақылдарын айтып жатыр.
Су Құсайын көзін тарс жұмып, ыңырана аунап, теріс қарап жатты. Күңкілдеген сөздер анық естіледі. Тыңдаған сайын жүрегі мұздай берді: Ақтоқты таң жарығымен еліне жүріп кетпекші.
Бір кезде есікті сықырлатып сырттан Құлмақ кіріп еді:
— Аттарыңды әкелдіңдер ме? — деді Еркімбай.
Су Құсайынның жүрегі зірк етті.
— Алысқа ұзап кеткен екен, жақын әкеп, көлдің қабағына тұсап жібердік, — деп Құлмақ босағада ілулі қамшысын алды. Сыртта басқа жігіттер қамыт-саймандарды салдыратып, арбаны есік алдына қарай сүйретіп, дабырласып жүр.
Кеше де ұйықтамап едім. Көзіме ұйқы тығылып тұрғаны. Ертең жайланып жүрмейміз бе, таң қараңғысында от ала келгендей асығып не әкетіп барады осы, — деп Құлмақ кейіп еді.
— Ештеме етпейді, айналайын. Жас жігітке ұйқы деген ит? Мынау ауыл иттерін бөріктірмей-ақ, ешкімге көрінбей жөнелгендерің дұрыс қой. Аттарын тың, алла амандық берсе ертең-ақ ел орынға отыра жетіп қалмайсыңдар ма? Жүрдек аттарға қоналқы жер. Ана жақтағылардың да жүрегі күпті боп отырған шығар, — деп Ақбота қиылғандай сыбырлап сөйледі.
«Ауыл иттері» дегені ауыл адамдары ма, «ана жақтағылары» Бақтыбайлар ма, әлде Сүтемгендер ме — оны ойлап жатуға мұршам келмеді, «ойбай, жеген етке, ұйқыға мәз боп ауызымды ашып жатыр екем ғой, енді қалай үлгердім» деген Су Құсайын шошып оянғандай, жалма-жан атып тұрды. Көрпесін серпіп тастап, шалбарын, аяқ жақтағы етігін асығып-үсігіп, жау кеп қалғандай киіп жатыр.
Көздері бақырайған үй іші түк түсінер емес. Су Құсайынның ойынан да бейхабар.
— Ау, Құсеке, түсіңізден шошып ояндыңыз ба, мұныңыз не?! — деп таңырқаған Еркімбайға үн қатпастан, мұрны пысылдап жүріп мұздай киінген Су Құсайын:
— Ойбай, сұрама, көптен жас етті сағынып жүр едім, тайдың етін көп жеп жіберсем керек, ішім бүріп әкетіп барады, — дегенде, ұйқы қысқан басқалары да, үйді басына көтере күлді.
— Ішіңіз ауырса, шапаныңызды жамылып, желбегей-ақ шықсаңыз да болмай ма?
— Жоқ, қарағым, мен алысқа барып отырамын. Ішімді жел қармап қалады, — деп, белбеуін шірене тартып, тымағын бастыра киді де, босағада жатқан ер-тоқымын алды.
Үй ішіндегілер одан сайын күлді.
— Құсеке-ау, ұйқысырап жүрген жоқсыз ба? Ер-тоқымның керегі не, жаяу-ақ баратын жер емес пе? — деп Еркімбай үнсіз бүкшеңдеген қонағына қарап, түк түсінбей, көзі жыпылық атты.
Бұған қалай жауап беруді ойланбап еді, Су Құсайын да көзі жыпылықтап, ерні алдына өңгерген күйі ыржалақтай берді. Сүйте тұрып табан аузында сылтау таба қойды:
— Жаңа жатқанда есіме түсті. Түнеугі асқа барғанда қыпшақтың бір жігітіне көп ертек айтып, бір аттың құнындай күмістеткен әдемі шақшасын қалап алып ем. Сол түсіп қалыпты.
— Ойбой-ау, оны енді қараңғы түнде қайдан табасыз. Ішім ауырды дегенше соныңызды айтпайсыз ба?
— Білем түскен жерін. Жолда атымды шалдырып, далада біраз мызғып алған ем, сол жерде қалтамнан сусып түсіпті.
— Е, онда ертең күн жарықта барып аларсыз.
— Ә, қуын қарашы, менен бұрын барып тауып алайын деп тұрсың ғой, — деп көзі күлімдеген Су Құсайын үйден шығып кетті.
— Қайтсін байғұс, қатын ала алмай жүрген салт басты адамдар дүниеқор келеді. Жетім бейбақ қой, — деп қала берген Еркімбай көңіліне еш түйткіл алған жоқ.
* * *
Су Құсайын таң қараңғысында Жекебояқтан шығысымен жалқау атын борбайлап, қамшы басты.
Жайлаудағы ауылдан бір нәрсе ұрлап, қашып бара жатқандай артына дамылсыз жалтақ-жалтақ қарайды. Таңқылдаған күзгі қара жол да «кетіп барады, қашып барады» деп тыныш ауылға үрейлі хабар бергендей. Қайрақтай жолға тиген ат тұяғының тарсылымен бірге Су Құсайынның жүрегі де қашан ауылдан ұзағанша дүрс-дүрс етеді.
Бұрын-соңды мұндай үрдіс қимылды көрмеген шабдар ат қайта-қайта пысқырынып, басын шайқап, көпке дейін көніге алмады. Ақыры иесі алға қарай қолпаңдап, қоймастан-қоймастан бүйірлей берген соң, буы бұрқыраған біраз жылы құмалақ тастап, тайлақ құсап тайраңға басты. Күн шыға еті қызып алған ақ кез шабдар бұрын-соңды болмаған желіске салып, жел өтіне қарсы тайпалтып келеді.
Жалғыз атын бар затынан артық көретін Су Құсайынның дәл осы жолы есі шығып елірген жандай аяусыз қамшылауында үлкен гәп бар. Осы сарыала күзге дейін зорға шыдап, төзімі таусылған Ақан сері Құлмақ достары арқылы Ақтоқтыға жансыз адам салған.
Ақтоқты, жаным, менде енді төзім таусылды. Ғашықтық оты дегенді сезсем де, анық білмеген, көзбен көрмеген бимағлұм құпия сыр сияқты талып естілген үні, не бір ертегіде айтатын таңғажайып жұмбақ дүниедей ғана бұлдыр елесі ғана тұла бойымды шарпығандай болушы еді. Ал қазіргі күні, сол шарпыған жалынның, күйдірген оттың ішінде жүрмін, саған деген жаным күнде махаббат шоғында тыжылдай жанып барады. Бұл от мезгілсіз өлтіретін, тәніңді күлге айналдыратын от емес, ауруға шалдықтырар, дертке айналдырар, тілсіз жауға ауысып келеді. Енді шыдар менде күш, қауқар, тіпті ұят та жоқ. Мен бәрінің шегін бұзып, өрескел бір қимылға басармын, ел алдында сенің де, ата-анаңның да абұйырын төгермін деп қорқам. Бұл біреуді қорқытқаным емес. Егер енді екеуіміз қыбын тауып қосылмасақ, байлам біреу-ақ!
Бұл Ақанның Ақтоқтыға жеткізген сәлемі еді.
Ақтоқты зәресі ұшты. Ақан жазым болар деп үрейленді. Ол үшін ешкімді жазғыра да алмады. Бірақ тосыннан тауып кетер айла, амалы да жоқ. Көп ойланып, толғанар да уақыт жоқ. Сері жіберген жансызға айтқан бар жауабы:
— Ақан аға, менің күйім де қайбір күй дейсіз. Мен сіз айтқан отқа жанып болғанмын. Менде қалған сүлдер ғана. Сол сүлдерде титімдей ғана жалғыз жүрек қалған. Қос қанаты сынған өлмеші көбелектей. Бір тоқтап, бір соғып талмаураған әлсіз жүрек — сіз деп соғар жүрек. Ол да қажыды, бітті. Енді әрекет етсеңіз де, қарсылық етер менде дәрмен жоқ. Тек, бұрын айтқанымдай, әлі де бір сұрарым: дала кең ғой, үйден әкеткенше, түзден әкетсеңіз екен. Қашып кеткен қыздай болмай, алып қашқан қалыңдықтай болсам етті. Сорлы ата-анамды сормаңдай етпейік деген тілек қана! Ал оның реті келмеген күнде не салсаңыз да көндім. Менде іс шыдар шыдам жоқ!
Ақтоқты ылғи сұрай беретін осы бір тілегінің реті осы жолы келіп-ақ тұр. Қыз өзі сұраған жоқ. Жездесінің үйіне апарған басқалар. Егер содан қайтар жолда алып қашса, Ақтоқты мен Ақан серінің ертеден ойлаған әдісі екен, келісімі екен деп ешкім дүдамалданып бос жорамал айтпаса керек.
Міне, осы жолы Ақтоқтылардың қашан қайтатынын анықтауға ел арасындағы сезіксіз. Су Құсайынды жіберуі де осыдан. Тап осы жолы Ақан серінің бір өтінішін, үлкен тапсырысын орындау Су Құсайынға да өзінше орны толмас, ғұмыры ұмытылмас арманындай еді…
Имантау маңындағы қалың тоғайға жете бергенде Су Құсайыннан ес кетті. Ағаш бауырынан қылт етіп көрінген жалғыз салт аттыдан айырылып қалатыннан жаман, жамаулы, молақ құлақ малақайын шешіп ап бұлғап, айғайға салып келеді.
— Аһ-ей, аһе-ей!
Қасқыр тартқандай жан даусы шыққан адамды алыстағы аттылы ағаш бауырында тұрып тосып алды.
— Масқара болғанда ұйықтап қала жаздаппын. Ақтоқтылар бүгін шығайын деп жатыр, — деп дабырлап сөйлей жеткен Су Құсайын жігіттің өңіне де көз тоқтатып қараған жоқ,-Ақан қайда, тез сайланыңдар.
Бөтен жігіт алғашқыда аңтарылып қалды да, Су Құсайынның Ақандар жіберген жансыз екенін сөз ыңғайынан тез ұғып:
— Мына жалғыз аяқ жолға жүріңіз, — деп алдына Су Құсайынды салды.
— Құданың құдіреті, мына түрлеріңмен Ақтоқтыларды аңдамай өткізіп алады екенсіңдер. Мен болмағанда… Ай, өзім де тапқышпын-ау: шақшамды сылтауратып тайып бердім. Шабдарым да есті ат қой. Менің асыққанымды түсініп, желмаядай есті. Ғұмыры мұндай сұрқылтайды көрмеп еді. Қан-жыны араласып кетер ме екен. Тек ет қой. Бірақ Ақаннан аяған малды ит жесін. Тәубә, тәубә! Оу, Ақан, тұрыңдар, — деп ағаш арасымен дыбдырлап сөйлеп келе жатқан аңғал Су Құсайын отау орнындай қара көлеңке қуыста от жағып отырған бір топ жігіттің үстінен шыққанда да ештеме аңғармады. Атынан түсіп:
— Әй, балақай, мына атты жеке апарып байла, басқа аттармен тебісіп қалмасын, аттарыңды мертіктіріп тастар, мұның тегеуріні тым қатты. Уһ, әуелі жылынып алайыншы, — деп, шабдар аттың үстінде қоқаңдап, пысынап жетсе не, қаннен-қаперсіз маңғазсып кеп қызыл шоқтанып сөне бастаған отқа қақтанды.
— Ақтоқтыны бүгін алла жазып Қараталға апарып, отауға енгізсек тойдың қақ төрі менікі шығар. Солай емес пе, Ақан, еңбегім сіңді ғой, — деп, бетін шарпыған ыстық қоламтадан кіржиген Су Құсайын ер-тоқымға шынтақтай түсіп, сызданып жатқан жігітке бұрылғанда, қисайған жақ сүйегі одан сайын қисая түсті. Көзі жасаурап:
— Өй! — деп, жылайын деп тұрған баладай, иегі дірілдеді.
— Иә, айта бер, Ақтоқтыны қашан апарамыз? — деді әлгі жігіт қабағын шытынып.
Бұл Жалмұқан еді.
— Сені елшілікке жіберді ме, тыңшылыққа жіберді ме? Жаңа Ақандай келдің. Ал, не хабарың бар, айта отыр, біз де тыңдайық, — деп күйеу жігіт жарылардай тырсия түсті.
Жан-жағына алақтап, ағаштарға сүйеулі тұрған сойыл, шоқпарларды көріп, өзін жеп жіберердей төнген қарақшылардай түнек жігіттерден зәресі ұшқан Су Құсайын кімдерге тап болғанын жаңа түсініп, жынды адамдай ыржалақтай береді.
Белінде оқшантайы бар еңгезердей біреу орнынан ауыр қозғалып Су Құсайынға келді де, әр саусағы келінің сабындай жүндес қолымен тамағынан қылғындыра ұстап, тік көтеріп алды:
— Айт, жаның барында, Ақтоқты қашан шығады? Ақандар қайда?
Бұл күмістен мылтық соғатын аты шулы ұста Тулақ еді.
Көзі алақтап қылғынған Су Құсайын көгеріп-сазарып қалды. Тулақ қолын босатып жіберіп еді, сылқ етіп құлап түсті. Көзі аларып, жатып алып, енді жымысқы айлаға да көшті. Өзінің бүлдіріп алғанына өкініп, қателігін жөндемек.
Талып қалған боп үнсіз жата бермек еді ойы. Бірақ Тулақ жатқызбады, құйрықтан бір теуіп, тұрғызып алды:
— Қаярсыма, өлмейсің. Айт бол!
— Өй! — деп орнынан атып тұрған Су Құсайын аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнелді. Ендігі ойы — бұларды сөзбен бөгемек. «Ақтоқтылардың қара жолмен өткенін көрмей қалсын» деген арам ой. — Қане сені қылғындырып көрейін — өлер ме екенсің, өлмес пе екенсің. Өнесі-ей, мені шүрегей деп тұрмысың мойнымнан тұзақтап қанжығаға байлай салатын. Үйбай-ай, құйрықтан тепкені несі өзі қанжалақ боп қажалған немені одан сайын айғыздап. Ойбай-ай, ойбай!
— Әй, сөзді бұрма, тура атып тастаймын осы арада, — деп Тулақ сүйеулі мылтығын иегімен нұсқады.
— Туеке, сенің мерген екеніңді айдай әлем біледі. Екі сажын жерде тұрып мені атып өлтірсең, ертең саған жұрт қашып күлмей ме. Одан да мен бір шақырым жерге шығып қашайын, ер екенсің, малақайымды атып түсірші.
Жігіттер шыдай алмай мырс-мырс етіп күліп жіберді.
— Неменеге күлесіңдер, бұл жаман оған дандайсып, құтыра береді, — деп Тулақ тағы да бүре түсті.
Осы кезде хабаршы жігіт жетті:
— Жекебояқ жақтан аттылы арбалылар шықты!- Жігіттер алас-күлес тұрып, аттарына жүгірісіп барады.
— Әй, жігітім, менің атымды әкеп бер, — деп Тулақтың қуатты қолынан босаған Су Құсайын оттың қасына отыра кетті.
* * *
Түс мезгілінде Жыландыға жете берер тұстағы жалпақ жазықтың үстін қиқу басты.
— Әкетті, әкетті.
— Қуыңдар, ұстаңдар!
— Е-ей! Е-ей!
Таңертеңнен бері маңайында үш-төрт аттылы торуылшысы бар жалғыз арбалыны алыстан бағып, әр бұта, жылғаны, шоқ-шоқ ағаштарды, қыраттарды бүркеніп, көз жазбай баспалап келе жатқан Жалмұқанның жігіттері әр тұстан қаптай шығып, күзгі сұрқай даланы қою шаңға көміп жіберді.
Бұларды сезбей бейғам жортқан бір топ аттылы тосыннан шыққан айғайдан үріккен үйірлі киіктей тұра шапты. Ә дегенде-ақ оқша атылып, сытылып шыға берген қара бие құлдырай тартқан. Үстінде екі адам. Бұл — қарауылшы жігіттерді ұрмай-соқпай байлатып тастап, Ақтоқтыны алдына отырғызып алып қашқан Ақан еді.
Алғашқыда қалың тоғайға қарай салған Ақан ол беттен не сойыл сүйреткен бес алты атты шыға келген соң, қиыс бұрылып, жалт берген. Бірақ бұл жолы да сәтсіз болды. Қарсы беттен аңырата шапқан он шақты аттылы ұшыртып келеді. Ақан тағы да жалт бұрылды. Бұл жолы енді екі жақтан қапталдай шыққан екі топтың қыспағына түсті. Жер астынан шыққандай көлденеңдей салып тағы бір топ тасырлатып келеді. Қашаған аттай жан-жағына жиі бұлтақтап, саңылау іздеген сері ол қыспақтан да аман өтті. Ақанның астындағы Әлібектің Қарабедеуі еді. Қуғыншы біреу-міреу бола қалса, ақпа, ұшқыр бие құтылуға жақсы деп әдейі мінген. Дегеніндей болды. Қарабедеу найзағайдай жарқылдап, тар қыспақтан жайдың оғындай өте шықты.
Қарусыз, қауіпсіз жайбарақат жортқан серінің серіктері шоқпарларын басынан асыра ойнатып, бастырмалатқан тұтқиыл қуғыншыдан зәрелері ұшып, жан-жаққа бытырай қашқан. Әр бұтаның түбін паналап, жасырынып қала берді. Қарсылық көрсетпеген соң оларға қуғыншылар да аялдаған жоқ. Дүрия көйлегінің етегі желбіреп, Ақанның құшағында бара жатқан Ақтоқтының соңына түсті.
Киікше зымыраған Қарабедеу көзден бұлдырап ұзап кетті. Қуғыншы арты сұйылып, шашырай берді. Тек үзеңгі қағыстырып қатар аққан екі бурыл ғана алғашқы қарқыннан үдеп, бір қыр асты. Бұлар — Жалмұқан мен Тулақ.
Кең жазықта Есілді бетке ұстап құйындай ұшқан Ақан өкініп келеді. Ақтоқтының маңындағы адамдарының аз екенін естіген соң, оңай алып кететіндеріне көзі жеткен. Қосар ат алып шықпай, қазақ ғұрпымен Ақтоқтыны алдына өңгеріп әкетпек еді ойы. Бұл — еріксіз кеткен қыздың белгісі: Ақтоқтыға жабылар жаладан құтқарар жалғыз жол. Әр тоспадан тұрып тосыннан шығар жау боларын күтпеп еді. Енді ұшқыр Қарабедеу ұзақ шабысқа жарамай, үстіндегі екі адамды ауырлай берді. Бірнеше қыр асып, ұзаған сайын адымы тарылып, қалжырай бастады.
Қатар шапқан Жалмұқан мен Тулақ та барған сайын қашқындардың бойын көріп шым-шымдап жақындай түсті. Енді біраздан соң, болдыртып соққан түлкідей, желіп отырып-ақ жетпек.
Жоқ, Жалмұқанның жүрегі аузына тығылып, зәресі ұшты. Көз ұшында белдеуленіп Сары ми жатыр. Баланың еңбегіндей былқылдаған Сары миға жетті дегенше, айырылдым дей бер. Толарсақтан келер ащылы жер ат түгілі, адамды зорға көтереді. Қарға адым жер жүре алмайтын атты тастай беріп Ақан мен Ақтоқты жаяулап кетуінде шек жоқ. Жаяуды жаяудың қуып жете алмауы хақ. Оның үстіне, Сары мидың ар жағында қол созым жерде Есілдің жіңішке бір саласы ағып жатыр. Жағалауы ит мұрыны өтпейтін қалың тал. Оның қай тұсынан өткенін, қайда жасырынғанын табу қияметтің қияметі. Оған жетті деген сөз — қыздан айырылып, бүкіл атығай-қарауылға мәңгі масқара болумен, әке атын қара жерге тірідей көмумен барабар.
Жалмұқан жыларманға келіп қамшы басты. Қабағы қарс жабылған Тулақ та лекітіп, бастырмалата түсті. Қарабедеу титықтай бастаған. Көзіне саулап тер құйылып, шатқаяқтай берді. Төрт аяғы жан-жаққа бытырап, өгіз шабысқа, одан соң ит бүлкекке түсті. «Қап, асау қайыратын ғана тыз етпе тығырық екен ғой» деп тістенген Ақан қос өкпеге тепкілесе де, Қарабедеу қарқынынан айныған үстіне айни берді. Алда жарықтық Сары ми жатыр көлденең түсіп. Енді бір аз ғана Қарабедеудің қауқары болса, оған да жетеді. Ар жағы Ақанға да мәлім.
Міне, міне жетіп те қалды. Қарға адым жер – қыл көпірдің үстіндей. «Құдай-ай, жеткізе көр» деп Ақтоқты да көзі жаудырап, бар тілекті Қарабедеуден тілеп, Сары миға үміттене қарап келе жатқанда, үстерінен жай түскендей болды. Соңдарынан шаңқ еткен мылтық үнімен бірге, Қарабедеу де омақаса құлады. Ақан мен Ақтоқты мұрттай ұшты.
Енді құтылып кететін болды, ат! — деп қалғанда, Жалмұқанның бұйрығын күткен қолмерген Тулақ бурыл атты оқыс қарғытып тоқтатқан да, Қарабедеудің тілерсегінен ала ақ мылтықпен басып салған. Орнынан ақсаңдай басып тұрған Ақан Ақтоқтыға жетіп, басын сүйей берді.
— Тоқтым, жаным, бір жерің ауырып қалды ма?!
— Жоқ, серім, өзің амансың ба?! — деп көзінің жасы сорғалаған Ақтоқты Ақанның кеудесіне басын салып жылап жіберді. — Шын бағы ашылмаған сор маңдай екенмін. Бұдан да мерт болып өліп кетсемші.
Сері ғашығының мап-майда салқын бетін бетіне басып қатты қысып отырып қалды. Дүниеде не боп жатыр — онда шаруасы жоқ. Мең-зең. Ақтоқтының көзінен аққан ащы жас жылай ағып, Ақанның ерніне құйыла берді…
Арада бие сауым уақыт өткен, Жалмұқанның жігіттері тегіс жетіп, қоршап алыпты. Ақанның серіктері де алыстан торуылдап жүр. Серіні мерт қылар ма екен деп үрейленіп, бір-екеуі жақындағы ауылдарға шапқыншылап кеткен.
— Жігіттер, екеуін екі айырып, байлап тастаңдар! — деген Жалмұқанның үні зәрлі шықты.
Орнынан ұшып тұрған Ақан қынынан сары кездігін суырып алды:
— Осыдан маңыма бір табан жақындасаңдар, Ақтоқтыға да, өзіме де пышақ салам. Жалмұқан, Ақтоқты саған да, маған да жоқ, тілегенің сол болса!..
Ақтоқты да орнынан тұрып Ақанға жабыса түсті. Аттарынан түскен жігіттер бата алмай, Жалмұқанның қас қағысын аңдып, ошарылып тұрып қалды. Бәрі де өндірдей-өндірдей өңшең жас. Бәрі де Ақанның әнін айтып, жаттап өскен бозбалалар. Қайсыбірі әнін сырттай естігенмен өзін бір көруге құмартып жүрген ел серілері. Көмейлерінде күмбірлеп, көкейінде сайраған сол ән иесі қазір сынық қанатымен балапанын қарағұстан қорғаған дәрменсіз құстай орталарында тұр. Ақан серіні бұлай кездестіреміз деп ойлап па. Қазір Баймұрза, Есмұрза, Жалмұрза әулетінен тараған санасыздар баяғыда қаңқасы құрып қалған аталарының намысы үшін кек жұтып, Сүтемгеннің өз қолымен қайраған ұстарадай лыпып тұр. Шаш ал десең, бас алғалы тұр. Бір қарауылды сегізге, сегізді он алтыға, он алтыны отыз екіге көбейтіп, таратып, бастары біріге қалса жақ-жақ боп болымсыз айтыспен қырық бөлек қырық руға бөлініп өліспей беріспейтін ұсақ, пасық салттың мұрагерлері ата дақпырты үшін өз асылын қиып жіберуге даяр. Ертең өкіне білсе де, бүгін ойлай білмейтін шел көздер тарпа бас салып, өз әнін, өз сәнін қасқырша таламаққа даяр. Олар қазір өз жүрегі қалаған ғашығы үшін күйген Ақан сері дегенді ұмытқан. Ру, ата намысы лайлаған жау тұр деп қана түсінеді. Бөлтірікше баулынған жаужүректер қазір қыл арқанды жазықсыз жандардың мойнына бұғалық етіп тастап, қарауыл қотанында әулекіленіп, дырылдата сүйретуі де ықтимал. Ата намысы дегенді ел намысы деп түсінген зағиптар, айнала қоршаған азулы бөрілердің ортасында ертең өздерінің де осылай тұратынын ойламай, озбырлықтың жыртысын жырта жүргені кәперлеріне кіріп шықпайды. Қабақтарынан қан жауып, ата-бұтасынан қалған асыл мұрасын Ақан ұрлап әкеткендей қуып келіп, меншікті дүниесін қолтықтарына қысып, тақымдарына басып кетпек. Ақан — бүкіл қарауыл атын, қала берді қазақ атын аспанға шығарар ардагер емес, әрқайсысының әкесін өлтірген қаныпезер сияқты. Төніп тұрған көп тобыр, қапысын тауып айдалада жалғыз Ақанды қанға боямақ.
Ақтоқты көптің көзінен осыны көрді. Жан-жақтан садақтың оғынша қадалған мейірімсіз көздер адамдық жанардан жұрдай, бәрі де қанды ауыз қасқырдың көзіндей ажал шашады.
Ақтоқтының зәресі ұшты. Қапылыста қаза табар Ақанының тағдырын ойлап, мына қара нөпірдің, қара күштің алдында амалсыз жуасып, бас иді. Ақбота апасының «Ақанды шын сүйсең, басын сыйла, текке аяқ астында мерт болмасын, Ақан көптің Ақаны, елдің Ақаны» деп басу айтса да асыл айтқан есті сөзі есіне түсіп:
— Ақан аға, кездігіңізді маған беріңізші, — деді. Ақтоқтының бетін қайтарып көрмеген Ақан ештеме ойламастан қолына ұстата салғанын да байқамады. Ақтоқты кездікті шапанының ішіне тықты. — Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен. Мен үшін жүдеп, мынадай ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп, Ақан сері біреу қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса алмаған бір бейбақ екенмін. Сізбен бірге болу қолымнан келмеді. Бұғалыққа мойынсұнар көп жасық жандардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін серуен құрар азат Ақтоқты емеспін, көгендегі басыбайлы қара тоқтымын, — деп соңғы сөзін әрең құрап жылап жіберген Ақтоқты Ақанның мойнына асылып, көкірегіне соңғы жасын төгіп-төгіп жіберді.
Енді көзінен ұшқын атып кейін бұрылды да, тура қарай алмай жасқаншақтап тұрған Жалмұқанның алдына барды:
— Сен жеңдің, Жалмұқан, түс атыңнан!
Жалмұқан аттан қалай түскенін де аңғармай қалды.
Тізгінді қолына ала беріп, үзеңгіге аяғы тиер-тиместе бурыл айғырға лып етіп қонған Ақтоқты:
— Ал енді керектерің Ақан сері емес, Ақтоқты ғой. Еріңдер соңымнан, өңкей ұйыққан ұялас бөрілес, — деп оқша атылып, шаба жөнелді.
9
Салқын түсе күземнен қыстауына ерте оралған Бақтыбай ауылының үсті абыр-сабыр. Күйеулер келген. Ақтоқты ұзатылайын деп жатыр.
Бақтыбайдың ойы өткен-кеткен кінәсін, қызының жеңілтектік жасап, қылтың-сылтың жастықтың әуенімен бүкіл елге салған қара таңбасын жуып-шаю үшін ұзату тойын айта қалғандай етіп жасау еді. Күні бұрын ет жақын туыстарына, көрші-қолаң, ауылдастарға, мойны қашық Қызылжар, Атбасар жағындағы құдандалыларына, ат жетер жерге түгел хабар салып атығай-қарауылдың игі жақсыларын түгел жиып, қызының да, елінің де сағын сындырмай жөнелту еді ғой. Бұлай кеңес берген алдымен, інісі Тастан! Оны жамағаты Дәмелі де қостап, «Тоқтымнан аяған мал мен жаны құрысын. Жат жұртқа барғанда жүдемесін құлыным, тым құрымаса тойын жақсылап атқарайық дегенің аузыңнан шыққан бір тәуір аталы сөзің екен, шалым. Енді барыңды аяма. Шашып қал, жұртты риза ет. Тым құрымаса ашылған абұйырды шашылған ризықпен жабайық» деп көзіне жас алған. Осы ойды Бақтыбай ауылының бетке ұстар азаматтары да құптап, «елден ұзатылар қыздың аттану салмағы бәрімізге ортақ» деп төрт-бес күн ойын-той өткізуді ұйғарысып, аттарын жаратып, балуандарын дайындап, көл жағасына қаз-қатар жер ошақтар қазып тастаған. Сойылатын малдар да тізілді. Құдалармен ойнап-күлетін қыз-желеңдер білектерін сыбанып, әдетке енген сан-сапалақ ырым-жырымның салтына дайындала бастаған.
Бәрі аяқ астынан өзгерді.
Күн түске тармаса күйеу бала Жалмұқан елу шақты жігітпен келіп түсті. Басында көп адамның қарасынын көрген Бақтыбайлар қуанысып: «бәрекелде, бәсе, осылай болса керек еді. Мына келе жатқан салтанатты құдалар ғой. Ал, енді құдаларды аттан түсірісімен қолға алыңдар. Естерін шығарып жіберейік» деп, келіншектер жағы қалта ақтарып кәде алуға асығып, ел жігіттері аяқтарын асуға, шикі қой терілерінің арасына айран құйып үйге кірерде құлатуға, арбаға жегіп әурелеуге дайындалып тұр еді. Олары болмады.
Күйеу жігіттері өңкей «мен атайын, сен тұр» дейтін ығай мен сығай. Шетінен ұстараның жүзіндей қылпылдаған жастар. Ішінде шоқша сақал біреуі ғана бар. Жұптарын жазбай cap желдіріп келеді.
Қарсы алушы топ алдынан жүгіріп шығып, іркіле берді. Жас құдалардың түсі суық. Қыз алуға келе жатқандай емес, өрт сөндіргендей түнеріп, ауылды шабайын деген барымташылар сияқты. Ауылдың ер-азаматы бас шұлғысып салқын амандасқан құда жігіттерді аттарының шылбырынан алып түсірді де, жеке тігілген сегіз қанат ақ үйге енгізді:
— Бұлары несі, өңдері жаман ғой?
— Қыз алуға келген адамдардың сыңайы жоқ.
— Біреулері өліп, қаралы болған шығар, кім біледі.
— Е-е, онда кейінірек келмес пе еді.
— Уағдалы күн болған соң, амалсыз келген ғой.
— Қой, онда шапқыншы жіберіп, хабарласпас па еді.
— Енді бұларға не болды?
— Не болды дерің бар ма? Тіршілікте не болмайды.
— Бәріміз оң жақта отырып қылмыс жасаған қалыңдығы болармыз ба? Тіпті сәлемдері түзу емес.
— Сәлемді қайтейін деп ең. Амандықты білмеген надандықтың белгісі. Одан біздің неміз кетеді, ішін ұрайын.
— Әй, текке таусылмайық. Біздің де қайбір айдарымыздан жел есіп тұр. Жазықты екенсің, жұртты жазғырма. Не де болса артын күтейік: бұл — онша жақсы келіс емес… — десіп күйеулердің келісін қырық саққа жүгіртті. Әшейінде онша сыйлай қоймағанмен, той иесі — Ақтоқтының ата-анасының қас-қабағына қарап, ешкім естіртіп ештеме демейді. Бәрі сыбыр сөз.
Қызыл шырайлы шоқша сақалдың аты Сапа. Бұл — Сүтемгенмен бірге туған Шәлтіктің үлкен баласы. Жалмұқанның немере ағасы. Ақтоқтыға құда түскенде бас құда болып келген. Сүтемген де, Шәлтік те Бақтыбайға кеп үлкен бастарын июге қорланып, Сапа да жетер деген.
Қазір де, отырар-отырмаста Сапа Бақтыбайды шақыртып алып, ауыл сыртына аяңдап кетті.
Ұлы жүз үйсін елінде қызыл бөрік деген ел бар. Ол елде құпия-сыр айтысқанда топтанбай, екеу-екеу бас қосып, ауылдан жырақ бір дөңеске шығып алып оңаша сұқбаттасатын көрінеді. Оны қызыл бөрікшілеу дейді екен. Сол сияқты, құда өзіңізбен қызыл бөрікшілеуге тура келіп тұр.
— Айт, айт! Қызық екі жаққа да бірдей. Көңілдеріңде не бар, жасырмаңдар. Біз бәріне дайынбыз, айт, айт, — деп түсіне бермейтін Бақтыбайдың «айт, айт» деп айтақтағандай болғанын жаратпай қалған Сапа көп мәймөңкені қойып тоқ етеріне көшті.
— Бақа, өзіңізге мәлім, құдалық жасап, сән-салтанатпен жүретін жарастықтан екі жақ та айырылып отыр.
— Тек, қарағым, олай деме, құда мың жылдық деген. Сүтекең екеуімізді құдай айырмаса, адам айыра алмайды енді.
— Оны болашақ көрсетер. Тап осы ауқымда қыздың ұзатар тойын да, қалыңдық түсірер тойын да мадақтап өткізер сіздерде де, біздерде де бет жоқ.
— Бет күйіңкіреп қалды, иә!
Бақтыбайдың мұны салқын айта салғанына Сапаның жыны келді.
— Күйіңкірегені не, бырысып қалды демейсіз бе? Кімге қарайтын бет бар?!
— Иә, иә, сөзің дұрыс, менде бет жоқ. Мынау әшейін жансыз көң тері ғой тұзға піскен, — деп Бақтыбай екі бетін шымшып-шымшып алды.
— Ендеше, біз асығыспыз. Осы кеште Ақтоқтыны әкетеміз. Сән-салтанаттың қажеті аз — бұл Сүтекеңнің бұйрығы. Сосын, есіңізде болсын, қашан Ақтоқтыны ұзатқанша бұл маңға анау Үлкенкөл, Қоскөл жақтан тірі пенде келмесін. Ақан мұнда аяғын қия баспақ түгілі, аты аталмасын, бір өлеңі айтылмасын.
— Жоқ, айтылмайды, айтылмайды, о не дегенің.
— Олай болса, уәде! Қыздың жасауын әзірлей беріңіз. Түнделетіп жүріп кетеміз. Мәгәркім, осы уәденің бірі орындалмады, өкпелемеңіз!..
«Тоқпағы мықты болса киіз қазық та жерге кіреді». Бақтыбай да төбесінен гүрзімен ұрғандай мәңгіріп, мыжырайып тұрып қалды. Салмағымен жер ойғандай боп, кең нығарлай адымдап, Сапа кетіп барады. «Сен жаманды ма, тұра-тұр, қалыңдықты елге апарайық, содан кейін алдыңа талай келтірермін. Кісі сыйлай білмейтін, қадір түсінбейтін надан!» деп бара жатқанын Бақтыбай күдірейген желкесінен аңғарды.
Сапаның хабарын әйеліне үрейлендіре айтайын десе, одан қаймығып, жай-жапсарлап жіптіктей ғып жеткізейін десе, ондайға қыбы жоқ Бақтыбай не жаумай, не қоймай тұрған күздің мына беймаза желді, бұлтты күніндей іші алай-түлей боп аулақта жалғыз өзі селтиіп қапты. Күздің қара суық желі тынымсыз соғып, бүрінен айырылған жусанды, сүмбіленің ұзақ жауынынан түбі шіри бастаған бетегені етпетінен жығып, үрлеп тұр. Бауырында қой бүлдіргеннің жапырақтары, сарғайған қурай аралас бір түп қалың селеу сиреп, сидаң тартыпты. Жел өтінде дір-дір етеді. Бірін-бірі қуып ен далада рабайсыз тоңқаңдап, жосыла жөңкілген ірілі, ұсақты қаңбақтардың бірі осы селеуге келіп, ілігіп тұрып қалды. Тарбиған әлсіз аяқ-қолынан ұстап, жалбаңдаған етегінен тартқандай, жібермейді. Қаңбақ қалтырап, ышқынып, бұлқынғандай болады. Тосқауылға кеп тіреліп, қаңбақтай аңырып дәрменсіз күйде тұрған Бақтыбай да шапанының өңірінен, жеңінен үрлеген суық желге тоңазып, қалтырап кетті. Қураған ебедейсіз қаңбақты бір теуіп босатты да, мықынын бір көтеріп, отауға қарай томпаңдай жөнелді.
Оқшауырақ тігілген отау үйде ауылдың бетке ұстар қыздары ханшаның нөкерлерінше жиылып, Ақтоқтыны киіндіру қамында еді. Дәмелі, Қадишалар да бірнеше пысықша қатындармен бірге қыз жасауын дайындап, құдаларға көрсететін киім-кешек, кілем-алашаларды тау-теңіз ғып ортаға үйіп, санап салып жатыр. Қайсыбір келіншектер жүк аяқ үстіндегі сары ала абдырадан Ақтоқтының киімдерін алғанда, жайып, көтеріп қарап, тамсанып тұрып қалады.
— Апырмай, мына пұшпақ ішіктің тамашасын-ай. Өңкей қызыл түлкінің жонынан тіккен-ау! — деп таңырқаса:
— Мына қимал ішігі қандай әдемі еді, — деп етегіне төрт елі құндыз ұсталған, оның үстінен оқа жүргізген бой ішікті тамашалайды. — Мына алтын қаптырмалардың жарқырауын-ай.
— Өзі, неше ішік тіктіргенсіздер?
— Ойпыр-ау, мына бұрса көйлектері не деген көп еді?! — деп, біресе жалт-жұлт етіп судыраған қатты жібектен тігілген сары, көк, қоңыр көйлектерін созбалайды.
Түс киіз, алаша, текемет, кілемдерді үйгенде тіпті ауыздарының суы құрып:
— Шіркін-ай, Ақтоқтының да арманы бар ма екен, — деп кейбір дарақы әйелдер дүние жаңылдығын көрсетсе, Ақтоқты жаратпай қарап, тыйып тастады.
— Ақандай жары, Жалмұқандай күйеуі бар адамның арманы болушы ма еді?!
— Әй, қойыңдаршы сендер, жоқ жерде сөз шығармай, — деп шешесі де әйелдерге ұрсып тастайды, — Одан да ана ас жаққа барыңдаршы өздерің аяққа оралғы болмай!
Дүниенің ісін тындырып келгендей Бақтыбай сырттан айғайлай кірді. «Қызың киініп жатыр, тұра тұр» дегенге қарамай, «е, өзімнің балам емес пе, киіне берсін» деп баса-көктей кіріп, күйіп-пісті.
— Ойбой, жау алғыр қатындар! Әлі ырғалып-жырғалып, түк бітірмепсіңдер ғой.
— Еһ, не бітіріуіміз керек, сен едің ендігі жетпегені, — деген Дәмеліге Бақтыбай бас салып, қара аспанды жаудыра жөнелді.
— Не бітіруіміз керек, не бітіруіміз керек. Сендер бітіргенше аналар біздің шаруамызды бітіреді.
— Не боп қалды тағы?!
— Сапа құда бүгін түнде жүреміз, тездетіңдер, «ешқандай қызық-шыжық, той-мой керек емес» деп жатыр.
— Сонда не? От ала келіп пе? Не сандырақтары ол. Кергімесін әрі. Сол да сөз болыпты-ау. Апаш-құпаш аттандырып, қанжығасына байлап жіберетін қоянның көжегі деп отыр ма?! Сен де байбаламды салып, дамбалыңды қолыңа ала жүгіргенің не сонша! — деп көп ашуланбайтын биязы Дәмелі шын ашынып тесіле сөйледі. «Дамбалыңды» дегенде жаздағы Бақтыбайдың дамбалсыз қалған қызығын естіген қыздар жүздерін бұрып, еріксіз мырс-мырс етіп күліп жіберді.
— Ой, жуас түйе жүндеуге жақсы. Сорлы-ау, мені төмпештей бергенше, аналарға неге айтпайсың?
— Сен еркек емессің бе? Әке емессің бе?
— Оларың болайын деп тұр ма? Еркек-еркек дейсін қит етсе, сол еркекті саған-ақ бердім, шырағым, қызыққаның сол болса. Еркек те сен, әке де сен. Бар, айтшы, тілің жетсе.
— Басынбасын әрі. Қыз үйден аттамай жатып, о неғылған қоқан-лоқы.
— Сен оны айтасың, тойда Ақан болмасын, әні айтылмасын, ол елдің азаматы келмесін дейді.
— Әй, Ақан деген сөздерін қойсын енді. Ол байғұс та құса боп жатқан көрінеді. Ондағы шаруалары қанша.
Тойға анау келсін, мынау келмесін деген о не билік. Бар, айт, қызды қалай ұзатамыз — ол біздің еркіміз! О несі екен-ай, елде-күнде жоқ бүйректен сирақ шығарғандары.
— Мен бармаймын. Ал не істейсің. Мықты болсаң өзің барып көр… Ойбай-ау, олар ертең шауып алудан таймайды, сақалымның сорасын ағызып… ендігі көрмегенім сол еді, — деп Бақтыбай жыламсырап отыра кетті.
— Әке, — деді Ақтоқты, — сенің жаның менен қалса, өзім-ақ сөйлесейін. Қорықпай-ақ қой. Қадиша, соңғы жақсылығың болсын, әлгі Жалмұқанын шақырып берші. Шақыршы!
— Күнім-ау, күйеу баланы шақыртқаның ретке келмес. Қазақ ғұрпында, жоқ нәрсе. Өз рәсімімен келгенде, бір-біріңді көре алмадыңдар…
— Апа, мен қайбір ғұрып іздеп тұр дейсің. Жарайды, барыңдар. Үйден шыға тұрыңдар. Сөйлесетін сөзім бар, — деп Ақтоқты үйден шыға қоймағандарға зекіп тастады. — Сендер не, күйеуіммен сөйлестірмейін деп пе еңдер!
— Е, сүйтші, сүйтші, қарғам, күйеуіңмен сөйлесші, — деп Бақтыбай тібін белбеуі мықынынан түсіп, бүкшеңдеп шыға берді.
Жалмұқан Ақтоқтының хабарын естігенде шын сасайын деді. Қыз қылығы есіне түскенде намысы қозып, «тұра тұр, қолыма түсерсін» деп кіжініп, елінің, әкесінің мықтылығын арқаланып, бұрынғының батырларынша сайланып жеткен жігіт енді қалыңдығын көрерге келгенде ыңғайсызданып, не істерін білмеді. Сапамен ақылдасып еді, ол:
— Қайдам… Өзің қалай көресің. Неге шақыртқанын құдайым білсін. Барсаң бар, тығылып отыра беруші ме ең. Қайта еркін жүріп, еркін ұста өзіңді. Сен несіне қаймығасың, қылмыс жасаған сен емес… — деп неше толқып, екі ұшты жауап берді.
Тек жігіттердің сөзі шын ширатып жіберді.
— Әй, Жалмұқан, байқа, өзіңді оңашада жарып тастамасын, кім біледі, — деп бірі қалжыңдап, шамына тисе:
— Не болса о болсын, өзін жеке жерде бір жәукемдеп алшы, — деп екінші дөрекілеу бірі тісін қайрайды.
— Және өзі жеке келсін де пе ай?! Зарығып отырған ғой. Қайтсін, — деп қызға ренішті жігіттер алақанына түкіріп сырттай мықтап жатыр.
Жалмұқан мең-зең боп ағаш үйден отауға қалай жеткенін білмеді. Ойы он сақта. «Неге шақырды? Сөзді неден бастар екен? Мен не дейім?» деген ой мазалап келеді. Оның үстіне ауыл адамдарының бәрі масқара болған күйеуге сүзіле қарап, әр жерде үдірейіп, көздерімен ұзатып тұр. Тұла бойын аяздағы қыраулы темірдей қарыған мысқылды, ажуалы, кекесін көздерден өтіп, Жалмұқан киіз үйге кірді.
Ақтоқты оң жаққа салған төсегінің үстінде мамық жастыққа бетін басып, қисайып отырған. Оюлы қос есіктің топсасы сықырлап ашылғанда да тапжылған жоқ. Жалмұқан жөткірінгенде барып басын көтерді.
— Ақтоқты, амансыз ба?
— Ә, саламатсыз ба, — деп қабағын керіп, тура қараған Ақтоқтының жүзі ашулы еді. Барынша білдірмеуге тырысып, инабатпен сөйледі: — Төрлетіңіз. Отырыңыз.
Өзін-өзі қайрай келген жігіт үйілген киімдердің арасымен аттай өтіп, төрде төсеулі бітпестің үстіне қалай отыра кеткенін байқамай қалды. Енді аңғарса, қыз биікте, өзі төменде қалған. Басын көтеріп сөйлесу қандай ыңғайсыз. Қайтып тұрудың реті жоқ, қыбын таба алмады.
— Ақтоқты, сіздің бұйрығыңызбен келдік. Не айтпағыңыз бар еді. Айтып қалыңыз…
— Кейін кеш болады демексіз ғой!
— Жо-жоқ, енді өз босағаңызда айтқаныңыз дұрыс қой, — деп Жалмұқан күмілжіп қалды. Әшейінде ауыл қыздарына айтпағанды айтып, тілін де, қолын да жұмсап естерін шығаратын ерке жігіт Ақтоқтының алдында тосыла берді. Қыздың мысы басатын сияқты.
— Қай босағада қалай сөйлесетінімізді болашақ көрсетер. Ал қазір бір сұрағым бар еді.
Жалмұқан үнсіз құлақ түрді.
— Сіздер осында неге келдіңіздер?!
Күйеу селк етті: «Бұл не, кекеткені ме, мазағы ма?»
«Сені қатын етіп алуға келдім» демекке оқтала берген Жалмұқан қалыңдығының еліктің көзіндей мөлдіреген сұлу көзі қадалғанда өзін тежеп, зорлана отырып, қалжыңмен жауап берді:
— Осында көптен ала алмай жүрген Тоқтым бар еді, соған келдім.
— Болса болар. Адам емес, мал ала келгендерің көрініп тұр.
— Ақтоқты, тұспалдамай-ақ тура сөйлесетін кезіміз жеткен жоқ па осы. Мен де бір елдің қолқандай жігітімін, қашанғы қорлай бересің.
— Кім кімді қорлапты? Тура сөйлескің келсе, ауыл шетінен түспей жатып, не бұл басынғандарың. Менің әкем саған қолжаулық болып па. Әке, әке деп әкеңді арқаланып жүргенің адамға да, құдайға да аян. Әркімнің өз әкесі өзіне.
— Кім қолжаулық етіпті?
— Оны менен сұрағанша, себебін өзің неге айтпайсың? Қалыңдықтың аттанар жоралғысын ата-анасы билемей, күйеу, құда билегенді қай заманда көріп ең!
— Бізде қайбір жетіскен жоралғы қалып еді. Жоралғы жасаймын деген жолым ыңғай қырын кетіп, ақ жолмен келіп, қара жолмен қайтқаным өзіңе аян емес пе. Оны еске салып қайтеміз.
— Айтарыңды ірікпей түгелдей осы арада айтып арылып қал. Ішіңді күйдірген шала болса, өтеп ал. Кейін бықсымауға жақсы болады.
— Мендегі шала өртеніп болған, қазір ішім толған қап-қара түтін. Бетім күйе, жүрегім жара.
— Соншама қара аспанды жаудыратындай не күн туыпты басыңызға, — деп Ақтоқты жұмсара сөйледі, — Кетіп бара жатқан қызды қалың топ қара күшпен тартып алдыңдар. Miнe, бүгін аяқ-қолын жерге тигізбей әкетейін деп отырсыңдар. Енді не армандарың бар?!
— Иә, ел көзіне мазақ болған жігітте не арман бар екен? — деп Жалмұқан қияқ мұрты дірілдеп, сұрлана түсті.
— Онда ең алдымен мазақ болған сен емес, мен емеспін бе? Ондай қызды несіне аласың, екінші рет мазақ етіп, өз мазағыңнан арылғың келе ме?
Жалмұқан не дерін білмей тосыла берді. «Шынында да, қазір бармаймын, сүйген адамым бар деп отырып алса, қалай еріксіз өңгеріп әкетпек. Онда екінші қорлыққа ұшырау ғана қалады. Бұрын берген қалыңына қалың қосып, Бақтыбайды шауып кеткенде не өнбек. Бәрінен бұрын Ақтоқты, қайран Ақтоқты. Мұндай періштені түсте ғана көрерсің. Шынымен тағы айырылам ба» деген Жалмұқан қалыңдығына қиыла қарап, өз-өзінен жасып, жер шұқыды.
— Байқаймын, қимайсың-ау деймін? Айтшы шыныңды.
Тергеуге алғандай батыл сөйлеген, қажырлы ақ маралдың алдында мойындамасқа дәрмен жоқ.
— Рас, басқаға қимаймын, Ақтоқты, — деп Жалмұқанның даусы да дірілдеп шықты.
— Олай болса, басқаға қимағанда, болашақ жарыңды өсекке қалай қиясың? — деп, үнсіз құлақ түріп, қыздың сөзі жағымды естілген. Жалмұқаннан бетін бұрып, Ақтоқты жасына булыға отырып ұзақ сөйледі. — Мен жігіт басынды кемітпеймін, қорламаймын. Саған да ұнаған шығармын. Содан болар, қанша оқталып келгенмен, әлің жетсе де, маған да, Ақан ағаға да қиянат жасаған жоқсың, оныңа рахмет! Бірақ қай өнеріңмен, қай қылығыңмен маған базына айтасың. Сырттан бір көрдім екен деп әкеңнің беделін салып, құда түсірттің. Біраз көріп, сөйлесіп не мен, не сен бір-бірімізге сыралғы болған жоқпыз. Әйтеуір, сырттан ен тақтың да, Бақтыбай ауылында құлағы кесілген бір тоқтым бар, піскесін алам, алдарыңа жайратып салам деп бар ғаламға жар салдың. Мен де тағдырдың жазуына, қазақтың салтына мойын сұнып жүре бердім. Малдың төлеміне баратын көп қыздың бірі едім. Ауылыма Ақан келді, ақ пейілді, ақ жүректі Ақан келді. Ұйқылы-ояу, мең-зең боп, алдым да, артым да қараңғы дуадақша құр далбақтап, атқа шауып, соқыр жапалақша жарбаңдап жүрген кезім еді. Ақан жарыққа алып шықты, көзімді ашты, қыз ертең басына жаулық салар қалыңдық қана емес, ердің қасында серігі, кісі сүйер жүрегі, тебірене білер сезімі бар адам екенін үйретті. Мен Ақаннан қыз қалай аунатсаң көне беретін күлді көмеш емес, күннің сәулесін, жаздың шуағын сүйетін, аялайтын алақанға, ұрық шашар ұрпаққа жаратылған нәзік гүл екенін түсіндім. Жігітке ерлік, өнерліге талап, ақынға жыр, әншіге күй беретін қыз екенін түсіндім. Қыз адам екен, құдаға, күйеуге, сыйлы қонаққа тартар соғымның мүшесі емес, жалпақ ел, қалың жұрттың белді бір мүшесі екен. Ақан шын сүйді. Сол себепті ол өз сүйгенін жамандыққа бұйырмады. Ол ғашықтық жарасын жанға салғанмен, тәнге салған жоқ.
Жалмұқан осы тұста басын көтеріп алып, шын ба, рас па, не айтып отырсың дегендей, көзі жасаурап кетті.
— Сен болсаң алмай жатып, елдегі сасық ауыздарға қосылып, бірге байбалам салдың. Мені сыйламасаң да, өзіңді сыйласаң етті. Намысыңа тиген екем, намысыңа тимейтін басқаны іздеуің керек еді. Намыс жолында кегіңді алатын мен жауың емес, егеске тұратын жігіт емеспін. Менің атым қыз емес пе? Ақанның ашса алақанында, жұмса жұдырығында жүрдім. Ол не десе де тартынар менде хал қалмап еді. Қыз абұйырын сен үшін сақтайын деген ой болған жоқ. Мені сақтаған Ақан — ақын жүрегі. Оның сендердің бәріңнен артықтығы сонда. Тым құрмаса, соның жүрегін, адал жүректі жараламасаңдар етті. Жасырмаймын, тағы да айтам, сені кемсіткенім емес, бірақ саған шын сүйіп қосылып отырғам жоқ. Олай екен деп кейін қорласаң оныңа да көнбеймін. Әкеңнің, қараңғы әкеңнің, бұрынғы салған ескі салттың құрбанымын. Сол үшін ғана кетіп барам. Айтарымды айттым. Басқаңмен сөйлеспеймін. Мені алатын сенсің, сенімен ғана сөйлестім. Бар қаупің, жаныңның жарасы — қыз тәнінің жарасы екен. Егер оған Ақан жазықты болса, ертең көк есекке теріс қаратып жіберсең, ренжімеймін. Ал, аттанар тойымда, мен не істесем, соған көнесің. Ақылсыз топас қалыңдығымның айтқанына көнбеймін деп шіренсең, оныңды қазір айт.
Жалмұқан осы сөзді күтіп отыр еді.
— Ақтоқты, айналайын, мен қайтейін, ел көп қой. Көп айтқан соң өсекке ергенім де шын еді. Онымды кешіре гөр. Көзім жаңа жетті. Енді не де болсын көнейін, Ақтоқты. Бірақ өтінерім сол болсын, бүгін ана жақтағы ел де күтіп отыр. Мүмкін болса тойдан соң аттанып кеткеніміз жөн болар.
— Мен де бұл арада сауық-сайран құрып жатқым келмейді. Менде де масайраған көңіл жоқ. Бірақ өз елімнен қыз күнімде, Ақтоқты атыммен кетсем деймін. Егер, есіңде болсын, ана әумесер жігіттерің қара ниеттік жасап, шырқ бұзса, мені бұл арадан енді күшпен әкете алмайсың. Оған мына Ақанның кездігі куә, — деп Ақтоқты жастық астындағы анада өзі әкеткен сары кездікті шығарды,- Уәде осы! Келгеніңе мың да бір рахмет!
…Жалмұқан орнынан шұбатыла тұрып, күнәдан пәк Ақтоқтыны құшақтағысы кеп оқталды да, бата алмай, шыдамын тежеп шығып кетті. «Мен не істесем де көнесің» дегені несі? Оны Ақтоқтыдан сұраған жоқ.
10
Күн көзі өтпейтін қалың қарағайдың саңылау-саңылауын қуалай, жыландай ирелеңдеген жалғыз аяқ былқылдақ жолмен Ақан Құлагерінің тізгінін бос жіберіп тіке өрмелеп келеді.
Осы жолмен сонау жылдары бала кезінде жүрегі дүрсілдеп әлденеге қуанғандай, қашан тау төбесіне шыққанша асыға жүгіргені бар. Онда Қызылжардан елге оралған беті еді. Қорамса мен Жаңыл барып алып қайтқан.
Қызылжарда Уәли-ахун медресесінде оқыған үш жылдың соңғы жылы Ақжігітке шүйкедей созылған бітпейтін ұзақ сергелдеңдей көрінген. Жаратылысында бір айтқанды екі айтқызбай қағып алатын ұғымтал, зерек бала мұсылман оқуын медресе дәрісінде тез игеріп, муридтердің алды болды. Келе-келе күнде қайталайтын жаттанды сабақтан жалығып, құжыралар ғана емес, бүкіл медресе іші ел тірлігінен аулақта қалған суыр ініндей сұрқай тартып, қапас үйдің іргесі қабырғасын қысқандай тынысы тарыла берді. Бұрын өзі жасия етіп, тарз тұтатын халфелердің білімі енді өзінен саяз көрініп, медреседегі тіршілік тамамдалғандай сияқтанды. Кішкентайынан ән құмар, домбырашы Ақжігіт құжырада шалқасынан жатып алып, өлең шығарып, ән айтатын мінезге басты. Бұл мінезін халфелер ұнатпап еді, әнші бозбала ұлықсатсыз қала аралап, талай күндер медресе бетін көрмей кетті. Қазақ қыздарындай емес, өздерін еркінірек ұстайтын татар бойжеткендерімен сауық құрып, сырнайға қосылып, қазақша, татарша ән салып, сылқым келіншектермен тең айтысып, Қызылжар ішін аузына қарата бастады. Көп ұзамай бұл да жалықтырып, Ақжігіт елін сағына берді. Медресе тәртібін бұзған шәкіртті Уәли-ахун шақырып алып жазаламақшы да болған. Бірақ тілге шешен, құран-сүрелеріне, пайғамбар хадистеріне жүйрік шәкірт қасқиып тұрып, шалдырмаған.
— …Мен алмаған қай сабағыңыз қалды. Енді медреседе тірі өліктей салбырап, құр салпақпен жүрерім жоқ. Тіпті молда болар жайым да жоқ. Бұдан былай зіркілдемеңіз. Медресеңнен де, мешітіңнен де біржола кеттім! — деп Ақжігіт теріс айналып жүре берген.
Қалаға саудамен жиі келіп тұратын Қорамсадан баласының оқу-жамбас ақысын, жыл бойғы жұмалық есебін малдай да, ақшалай да мол алатын Уәли-ахун пайдалы шәкірттен қанша айырылғысы келмегенмен, Ақжігіт бұдан былай мүлдем өзгеріп, тыңдаудан кеткен. Енді өз абұйырынан айырылмауды көздеген ол қолы ашық ауыл саудагерлерінен де біржола ажыраспаудың қамын ойлап, Қорамсаны хатпен шақыртып алған.
— Ақжігіт зур-зерделі малай! Үзеңнен гыйлемгә хиреслеге, сүзге осталығы, моназараларда үзі дәрәсләр алған остаздарынан остенләк ала. Әйтсәдә, күніліңізгә килмәсін, адан мулла шыкми, мәмкән түгел. Көңілі башкада. Ир, уләнгә күңілі бик ауған. Татарча һәм казакча гына түгел, гарапча да, фарсыча да зур-зур әсәрләр ижат итәріне күмәнім юк. Нисі бар, алай итәргә де булар, қулын қақпағыз! — деп Қорамса мен Жаңылды үйінде қонақ етіп, Ақжігітті оқытқан ұстаз Уәли-ахун тағы да көп ақша алып, көп көпшікпен шығарып салған.
Ақанның сыңайын байқаған Қорамса да одан молла шықпасын сезіп, ендігі орнын басар саудаға баулу еді. Бір жұмадай ұлын қасына ертіп, Қызылжар саудагерлерінің дүкендерін аралатқан. Әке баласын байлыққа қызықтырмақ болды. Бірақ одан да ештеңе өнетін емес. Аңызақтай тыншу қала тіршілігінен тез құтылып, ауасы кең сахараға асыққан Ақан бірде:
— Әке, ата-бабамыз осы саудамен байыған жоқ. Қор тіршілік қой мынау. Жібі түзу бір досыңды көре алмадым.
Өңшең көздері жылтыңдап, жүзі күліп, іші жібімейтін тас жүректер; қайтсем артық алам, алдап алам деп тұрған қу мүйіз сұрқиялар ғой, тамұқ отын көсеген әзірейілдер ғой мыналарың, — деп, бір дүкен ішіндегі маталарын жайып, былғары бұйымдарын созбайлап, Қорамсаның асты-үстіне түскен саудагерлердің қылықтарын беттеріне басқан.
Сонда да үмітін үзбеген әке енді басқа жолын қарастырып, елден келген бір топ жолдас-жораларының көзінше:
— Ақанжан, енді жас емессің, ер балаларымның тұңғышысың. Осы жолы бір дөйдің қызына құда түсіп кетсек қайтеді, — деп Қызылжардағы аты шулы татар байларын санап шыққан.
Көбінің қызын Ақан біледі. Біледі де, бәрінен түңіледі. Қазақ қыздарын пайдалы жерге ата-ене икемдесе, татар қыздары ондай болашағы зор атақты жерге өздері икемделіп, жігіттерді өздерінің аулайтыны бар. Кейінгі жылдары ауыл байларының, атақты саудагердердің не бір жақсы ұлдары қармаққа түсе бастаған. Ақан мұндай күйкі тірліктен де жиренді.
— Жоқ, әке, ол айтқан татар саудагерлеріңіздің қызын аларым жоқ, — деп салды.
— Ойбай-ау ертең мына қалада шылқыған бай атаң болса, арманың не? Жігіттің үш жұрты болады. Соның бірі — қайын жұртың емес пе? Әшейін шалжие-е-еп жатасың, — деп ел жігіттерінің бірі қосылып еді.
— Шалжиып жатам ба, қалжиып жатам ба, оны сендерден сұрамаймын. Ертең біреудің дүкенінде есеп шотын сыртылдатып, матаны дар-дар айырып, тұз өлшеп тұрсын дейсің ғой, — деп Ақжігіт балалық көңілімен ағынан жарылды.
— Е, өзің дүкенші болам деп қорқады екенсің ғой. Қатының жақсы болса, татар саудагерінің бар иелігі өз қолыңда, — деп әлгі жігіт тақымдап қоймаған соң, Ақжігіт:
— Иә, білем, білем, татар қыздарын. Татар саудагерлерінің қыздары қазақ жігітіне тигенше қойнына құмартады, тиіп алған соң мойнына құм артады, — деп мақалдап, бәрінің шек-сілесін қатырды.
Сөз осымен тамамдалып, бұлар ауылға жүріп кеткен…
Күн шыға Сырымбетке жеткен жолаушылар Шыңғыс ауылына бұрылуға дәті бармай, тау бауырында аттарын шалдырған. Күймелі арбадан қарғып түскен Ақжігіт алды-артына қарамай, Сырымбеттің биігіне өрмелей жүгіріп еді. Жолындағы қалың қарағайды сырғандай екі қолымен алма-кезек жасқап, жалғыз аяқ жолмен еңкеңдей басып жан ұшырған талдырмаш бала жалаңаш шоқыға шыға келгенде көзі жайнап сала берген.
Сырымбет – андағайлап алыстан көз тартар аса биік болмағанмен, етегінде жарқыраған көл, баурында сылдырап аққан кәусар бұлақ, сыңсыған қалың жынысты әсем шоқы. Ең биігінен қарағанда Көкше даласының көп тұсы алақанға салғандай анық көрінеді. Екі өкпесін қысқандай еңсесін басқан қала қапырығынан, аядай жерде аят оқып, күні-түні сарнап, күңіренген мешіт тіршілігінен Ақжігіт жалаңаш төскейге шыға келгенде, бар азаптан құтылған қамаудағы адамдай тынысы кеңіп сала берді. Ентігін басқан бала айна көлдерге, қалың орманға, алыстан мұнартқан көгілдір ту нарға дейін тойымсыздана қарап, арқан бойы көтерілген жазғы күндей жүзі жайнап:
— Аһа-һей, а-һей! — деп қалай айғайлап жібергенін аңғармай қалды. Бар алап саңқылдаған бала дауысымен жаңғырып, орман ішінде, көл бетінде сыңсыған бүкіл құс атаулы дүрліге ұшқандай болды.
Көңілі тасыған бала өзін осы өлкенің иесіндей, тәңірісіндей санап, құлақ күйі келген шешен домбырадай күмбірлеп:
— Аһа-һей, А-һей… жаңғырып айқай десе, бірге ұрандап, жүйрігін тосқан тоспадан ат көпір боп жиналған қалың жұрттай, делебесі қозған, алға ұмтылып кимелеп, тұлпарын күтіп мойнын созған қазағымдай қалың жыныс қайың, терек, қарағайыңнан айналдым, айхай, дала! — деп аз кібіріктеп тұрды да, шешіле жөнелді. — Айдыныңнан шалқарыңнан құс жыртыла айрылған, сұлу көлдер, әсем өзен, көк белдер тар қапастан шыққан мұңлы-шерлі ұлыңды айықтырар алып батпан, зілдей зұлмат қайғыдан. Көк зеңгірдей мөлдір аспан, күмбезінде жүз құбылтып, сұңқылдап, әнге салып күн астында қиқулап, жүйке тамыр тұла бойды балбыратып, сыңғырлап ұшып жүрген аққу, қазың тілін бассаң сыбызғыдай сызылтып, күй төгілткен көмейінен сырнайдай, тасасында қоғажайдың жасырынып, тығылып, қырғи, лашын, қаршығадан үрейленіп бұйығып, балдыр сүзген момын, жуас құстарың ақ моншағын аспанға атып, су астында сәуле қуып өзді-өзімен ойнаған, жасағанның ақ күніне, жасыл жаздай жас күйіне тоймаған, ақ шабақтай ақ балтырлы, аршын төсті қыздардай. Айхай, дала, қайқаң бел, өркеш-өркеш мұнартқан көк төбелер, киіз үйдей, көк түбіттей сонадайдан көрінген, сағымда ойнап, қатар жүзген кемедей — әне Көкше, әне Имантау, міне Айыртау, іргемде Сандықтауым, Зерендім, ар жағында Жыланды, Ақан тауы, Жалғыз тау, айналайын Көкшем сенің жеріңнен, күншіліктен жолаушыға қол бұлғап, басын иіп, қол қусырып қарсы алар меймандосты, қолы ашық қарттардай, қайдан келдің? Кімсің өзің? — Аты-жөніңді, мекеніңді сұрамай, орын берер ең әуелі қасиетті иманындай төрінен. Айхай, дала, қайқаң бел, шықтан күміс тағынан, гүлдер жұпар жағынған. Әр бетеген, әр шөбін, күнмен ойнап шағылысқан айнадай әр өзенің, әр көлің, жиған жүктей әр ағашың, әр тасың шетін бассаң күмбір етіп күй шерткен тұнып тұрған, ұйып тұрған әнсің-ау! Тәтті өмір, жастық шақ бұдан былай бірге өтер сенімен, ит жүгіртіп, құс салып жазығында, белінде, әупілдеген жұдырықтай құсындай жүрегімді алып ұшып қашан демім біткенше, босағанда, төрінде, сұңқылдаған аққуындай, бұл-бұлындай сайраған тәтті әніне бар әнімді қосармын. Маңдайымнан, кекілімнен сипайтын анашымның жылы алақанындай самалыңа, жібек торғын желіңе күй тербеткен домбырамның қос ішегін тосармын. Айхай, дала, қайқаң бел, жері жомарт, құшағы кең асыл ел!
Осылайша сонау жылдары сағынып, жеткенде арнасына сыймай тасыған әндей бар сұлу келбетімен қарсы алып, жас ақынды тебіренткен Көкше жері қазір салқын сұсты. Аспанды торлаған қара ала, торы ала бұлттан басқа биікте қанат серіпкен тірі құс та жоқ. Алыстан мұнартатын әсем таулар, сұлу шоқылар да сұр далада еңсесі түсіп бұғып қалғандай. Жапырағын жайған жасыл орман да қазір үсті-басын қырау басып, түнеріп суық қарайды. Күзгі ымырттағы қарағайлы қалың орман найзаларын шошайтып қабақ түсіп, мұз құрсанған қалың қол сияқты. Сүтемген аулынан белгі болса-ақ найзаларын оқтанып, атой салып, қоршап алар иін тірескен қалың қарулы ғаскердей. Ызыңдаған жел өтінде, Сырымбеттің төбесіндегі жалаңаш таста отырған Ақанның бойы тоңазып, қалтырағандай болды. Ауық-ауық күрсінген сері сонда да ағаш ішіне ықтасынға кірмей, жел ызыңына домбырасын қосты. Сүйгеніне қосыла алмай, жалғызсырап, иесіз тауда оңаша отырған әнші саусағы домбыра пернелерін бойлап, төменгі сағақта ұзақ дірілдеп тұрып қалады. Қоңыр бұралған қос ішек те, ақын қайғысын бөліскендей мұңды үнмен егіліп, баяу күрсініп, сыңсығандай болады. Ақан үзіп-үзіп, талықсыған шерлі ән айтып отыр, шарасыз дәрменсіздік ішін өртеп, ызадан булығып:
Аулым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына-ай,
еркем-ай…
Аулым қонған Сырымбет жел жағына,
Артық туған бала едің ел бағына-ай,
еркем-ай, —
деп келіп «Қарындас-ай, енді есен бол» дегенде көз жасы төгіліп-төгіліп кетеді.
Бүгін кешке Ақтоқтының ұзатылу тойы. «Тойға Ақан аға келсін. Аужарымды өзі айтсын. Тым құрмаса соңғы әнін алыс сапарға жылы қымтап алып кетейін. Сол да болса, дәтке қуат, көңілге медеу. Қайғылы шағымда да, қуанышты кезімде де жебеушім, демеушім болсын», деп Ақтоқты Құлмақтан сәлем айтып жіберген.
Ақтоқты сөзін қимаса да, өзі көзінен аттандырып салуға дәті бармай, сең соққандай сенделген ақын Құлагеріне мініп, Сырымбетті бетке алып жүріп кеткен.
Әлгінде қаңтарулы Құлагер әлденені көргендей оқыранып еді, артынша ағаш ішінен сыбдыр естілді. Домбырасын құшақтап ыңылдаған шерлі Ақан құлақ қойған жоқ. Жөткірініп белгі беріп, үш-төрт жігіт қарағай ішінен шықты. Бұлар Ақанның ізімен жүріп, іздеп келген Ожымбай, Сұлтанмұрат, Шәкей, Бәтжандар еді. Әншінің жеке күңіренген мұңлы үнін, домбыраның өксігін естіп, ағаш арасында бөгеліп, ұзақ отырған.
Бұлар қасына кеп, ымырттай түнеріп, үнсіз жайғасқанда да Ақан селт еткен жоқ. Мойнына жағын сүйеп құшақтаған домбырасын алдына қайта алып, әлгі әнін баяу тарта берді.
Қараңғы түсе бар тұлғасы бұрынғыдан да ірілене көрінген Ожымбай, қияда қомданған алып бүркітше, екі иығын қозғап қойып сөз бастады:
— Ақан аға, — деді күмілжіп, — сізді Ақтоқтының тойына шақырғанын естідік. Жалғыз барып қала ма деп, соңыңыздан еріп мазалағанымызды cөгe көрмеңіз.
— Тойға бару кәдік. Бүкіл Есмұрза әулетінің сойыл соғар жігіті жиналып келіпті, — деп, Шәкей де қосылып еді, ызалы Ақан бетінен алып тастады.
— Сонда неғыл дейсің, ін түбінде қарап жатар ақ тышқанша омалып, елге көрінбе дейсің бе, әлде ін аузында бетін тырнап жылар суырша алыстан зарла демексің бе. Одан басқа сендердің қолдарыңнан не келеді?!
Жігіттер үнсіз тосылып, жер шұқыды. Ақан жазықсыз жолдастарына зекіп, бәрі ашуын тырнадан аладының кебін кигеніне назаланып, енді сабасына түсіп, жұмсара сөйледі.
— Өзім де білмей отырмын не істерімді. Аттандырып салып, артында сыңсыған жеңгесіндей қала бергенімше көрінбегенім де абзал ғой.
— Иә, Ақан аға, біз әйтеуір соңыңыздан бос салпақтаған қуыс қурай екенбіз. Әттең не керек, — деп басын көтерген Ожымбай өкінішпен тісін қайрады, — Ақан аға, бізді де бір тыңдаңыз. Сіз бармаңыз, біз барайық, егер қол көтерер болса, бір-екеуін ала өлерімде шәк жоқ. Сәлеміңізді біз жеткізейік. Бас көрсетпегеніміз қорлық болар.
— Арандап қалар болсаңдар, сендерге де лұқсат жоқ.
— Біздегі шаруасы қандай олардың?! — деп Сұлтанмұрат Ақанға қарады. — Жаңағы әніңізді ертең соңынан жел жеткізгенше, той үстінде өзім жеткізейін…
* * *
Таң қылаң бере елінен аттанған Ақтоқты әке-шешесімен де, ел жұртымен де қалыңдық ғұрпымен қоштасып, жылап-сықтаған жоқ. Ақан серінің жолдастарымен, Қадиша жеңгесімен ғана үнсіз құшақтасып, Жалмұқанның қара күймесіне өзі келіп отырды.
Күзгі қатқақ жолмен аулынан ұзап, жат елге қарай бет бұрғанда ғана ырқынан айырылып, көз жасын тия алмады. Күйме жақтауына жағын таянып, үнсіз егілген Ақтоқтының есінен Ақан айтқызған аужар кетер емес. Таң алдында серіден күдер үзіп отырғанда сау етіп кіріп келген Ожымбайлар, жұртты баса-көктей төрге өткен де, Ақтоқтыны қоршай отырып аужарға қосыла салған:
«Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныңменен, жар-жар,
Талай мейіз беруші ең тіліңменен, жар-жар,
Алысқан қол бар еді, айтысқан серт, жар-жар,
Ант етіп ең айнымас дініңменен, жар-жар!» —
дегенде, антында тұра алмаған осалдығына, жасықтығына күйінсе,
«Өз үйінде патшадай қарындасым, жар-жар,
Шәһизаға басыңды балаушы едім, жар-жар,
Күміс тұрман, алтын ер, боз жорғамен, жар-жар,
Қырық ауылдан көшіңді жанаушы едім, жар-жар!» —
дегенде, жаз жайлауда Ақанмен кездескен жастық шағы, бақытты күндері мәңгі келмеске кетерін ойлағанда, серіні күтіп есікке алаңдаған бота көздерінен жас сорғалаған.
Жалмұқанның қимылын бағып, іштерінен тынған күйеу жігіттерден жасқанбай Сұлтанмұрат домбырасын өксіте тартып:
— Ал, Ақтоқты, Ақан ағаң келмесе де, саған арнаған әнін жіберді тойыңа, — деп сағыныш зармен, қимас мұңмен «Сырымбет» әнін салғанда, тойдағылар да күрсініп, тебіреніп кетті…
Енді мына ақ таңдақ дала да, сыңсыған орман, гулеген жел де сол әнді салғандай Ақтоқты құлағынан «Сырымбет» кетер емес. Бозамық тартқан аспанда қалың қара бұлт арасында шудаланып көшкен бір ақ бұлт ілесіп, қалмай келе жатыр еді. Ақтоқты соған қарап, көзінен жас парлады. Ақ бұлт ішінде Құлагерін желдіріп, алыстан ойқастап, «Сырымбетке» салып Ақан келе жатқандай. Ақ бұлт түнерген қара бұлтқа кіріп, бірде жоғалып, бірде қайта шығады. Ән бірде алыстап, бірде тап құлағының түбінен естіледі. Әсем қоңыр үнді Ақан даусы. Талай рет қасында отырып тыңдаған серісінің шерлі үні…
Қыламықтап алғашқы қар ұшқындады. Ақ бұлт алыстап барады. Әлден уақытта аспан асты жыбырлап, ақ көбелектер саулап құйыла берді. Жапалақтап қар жауып кетті. Ақ бұлт бар тілеуін Ақтоқтының алдына шашудай шашып, көзден ғайып болды. Ақан да, Құлагер де жоқ. Алдан жат тіршіліктің суық желі ғана еседі. Ақтоқты енді басын тұмшалап ап, күйменің бұрышына қисайған. Ақан әнін іштей айтып, көз жасын бұлап келеді.
Ат үстінде үнсіз жортқан күйеу жігіттердің де құлағында Ақан әні. Қанша ұмытайын дегенмен, естерінен шықпай қайта-қайта түсе беретін құдіреті күшті «Сырымбет» жүрген сайын әр көкейде жатталып келеді. Қалыңдық Ақтоқты болса, жасауы «Сырымбет». Есмұрза әулеті бір-бірінен ажырата алмай екі асылды аулына бірге әкеле келе жатыр. Ақтоқты күймеде, «Сырымбет» көңілде:
«Аулым қонған Сырымбет саласына
Ғашық болдым Ақсұңқар баласына…
Қарындас-ай, енді есен бол», —
деп амалсыз ән ырқынан шыға алмай, іштей қосылып салған қалыңдық көші бір белден асып, Сүтемген аулына құлай берді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ҚАРАТАЛ ҚОЙНЫНДА
…Басты ғой қайғы-қасірет мен пақырды,
Дүниеден арманда боп сәулем кетіп»
Ақан сері
1
Күздің қара суығында кең қара жолға таласып, Қызылжардан таң сәріде шыға жарысқан өңкей сүліктей қос қара арғымақты төрт-бес пәуеске жолда бір қонып, мал өрістен қайтар мезгілде Сүлеймен аулының қырқасынан қоңыраулатып салтанатпен түсе берді. Қалың қарағайдың бауырына қаз-қатар салған ағаш үйлерден маңқ-маңқ үріп өре шапқан өңкей ұзын құйрық ұялас қызыл иттер алдыңғы күймені танып, қапталдай шауып, арсалаңдап келеді. Әр үйден жүгіре шыққан қыз-желең, бала-шаға есік алдында үйіріліп, кенеттен қайтқан жолаушыларды алыстан күтіп тұр. Ескі бөренелері сұрланып, шөге бастаған шатырлы жалпақ үйдің алдындағы тарбиған қалың бұтақты, қабығы аршылған аппақ мама ағашқа қос ат ұшыртып кеп күрт тоқтағанда, пәуеске ішінен қоңыр мауыты кең шапаны желбіреген ұзын бойлы біреу түсті. Жаңағы иттер жапырласып төсіне, арқасына асылып, еркелеп жатыр.
— Өй, қайтеді, мына мұндар! — деп иттерді етегімен жасқаған еңгезердей сары кісі шапанын шешіп, шаңын қақты да, қайта киді. Иесіне жеңсігі басылған ұяластар енді жан-жағына шоқиып бірдеме дәметкендей жолаушының әр қимылын бағып, жұтынып отыр. Жолаушы төс қалтасынан алтын бауы салақтаған қақпалы сағатын алып, өзінен алыстата қарады.
— Пой-пой, жануарлар-ай, мына жүріспен жер шыдамайды екен-ау, — деп, қайтадан салды да, ұйыған аяғын баса алмай тәлтіректей түскен, жасыл барқыт шапанды әйеліне «үйге бара бер» дегендей ым қағып, соңынан лекіте жеткен басқа пәуескелерге қарсы жүрді. Кереге көз белдеулері жарқыраған шағын қол сандықты ала түсіп, үйге беттеген іркілдеген сабадай семіз әйелдің соңынан қызыл иттер шұбырып барады. Есік алдында шүпірлеген балалар да әйелдің шаужайынан тартқылап, аяқтары шалыса үйге таласа-тармаса кіріп кетті.
Бұл — осы өңірдегі атақты көпес, миллионер Сүлеймен. Бір жұмадай Қызылжарда болып, апарған бұйымдарын өткізіп, екі күндей базар аралап мол түсіммен оралған беті. Соңынан жеткен жолаушылар да осы төңіректің кіші-гірім саудагерлері. Оның ішінде базарға әйелі Жаңылды апарған Қорамса, ол-пұл дүние алуға қала шыққан Сүлейменнің інісі Нұртаза, кіші інісі Әнәпиялар. Қорамса бұл жолы құдасы Ыбырайды да ерте барған. Басында шашақты бөркі бар, түріктерше киінген еңкіштеу, қаба сақалды Ыбырай басқалардан кейіндеп қалып, күймеден бірге түскен Жаңылға Сүлеймен аулын қолмен нұсқап сөйлеп тұр.
— Сіздің, бірінші көруіңіз болса, бұл ауыл басқа ауылдардан бөлек. Көрдіңіз бе — үй салысы, көше тәртібі бәрі басқа. Қазір бүкіл Көкшетау өңірі, бұрынғы хан тұқымдарынан гөрі осы Сүлекеңнің тұрмысынан үйренеді. Үй жиһаздарына дейін еліктейді. Бұл кісінің қора-қопсысына дейін басқаға ұқсамайды. Оған ерем дегендердің таңы айырылады, сіздер ғана болмасаңыздар, — деп Ыбырай Жаңыл құдағиына күле қарады.
— Ой, бізге бұндай тұрмысқа жету қайда, — деп, әлі пәлендей ештеме көре қоймаса да, Сүлейменнің байлығын сырттай еститін Жаңыл, жан-жағына тамсана қарап тұр. — Тәубә, тәубә, мұндай тұрмысқа да жетерміз, балалар аман болсын!
Жаңыл ішке кіргенде үй жасауына тіпті қайран қалды. Бір-бірін қуалай салған едені, төбесі, әйнек кәсектеріне дейін түрлі бояумен сырланған бөлмелердің іші дүниеге тұнып тұр. Қабырғалардан көз сүрінеді. Түрлі-түрлі қалы, масаты кілемдер шашағымен жер сызып, құлпырып, аспалы шам жарығында неше құбылады. Үлбіреген ақ торғын шымылдықтардың толқындаған желбіректері суда жүзген аққу төсіндей. Әр пердесіне сақиналандыра ұстаған алтын білезіктер шымылдық қасына жүргізген сары оқалармен жарасып, жалт-жұлт етеді. Үй ішіндегі ағаш бұйымдар да өзгеше. Өңкей сирақтары бұрама, қызыл столдар қала тәртібімен жиналған. Қорамсамен неше барып жүріп, атақты қазақ, татар көпестерінің үйін сыртынан ғана тамашалап, ішіне әлі кіріп көрмеген Жаңыл Сүлейменнің мына үйін солардың үлгісімен безендірілген-ау деп шамалады.
Бөлме іші құлақ күйдіргендей қыз-қыз қайнайды. Күз түсер-түспесте кент тәртібімен салған пештерге ақ қайыңды қалап, қашан жаз шыққанша үзбей жағатын үй іші сырттағы қара суықта желден тоңып келген адамға ұядай. Қонақтар кіре бергенде қазандық жақ бөлмеден ыстық тамақтың мұрын жарған иісі шыққан. Жолаушылар жылы сумен беті-қолдарын жуып, төрге төселген бөстектерге отырар-отырмаста-ақ алдарына шай келді. Ауыз жақтан ызыңдап ән салып жеткен үлкен сары самауырмен бірге жалғанның жартысындай кең столға екі-үш қара таба келді. Ұзын лөкет пышақты алып, Сүлейменнің өзі аузын бүрген тегенедей-тегенедей бәліштің қақпағын ашқанда құс етінен жасалған таңдай суырар дәмді тағамның буы бұрқ ете қалды.
— Ал, қой сойылып, піскенше не заман, әзірше бой жылыта тұрайық, — деп қонақтардың алдына сары қасықтарды тастап, кәрлен шыныаяқтарға құйылған қою шайды Сүлеймен өзі жылжыта берді.
Қақ-соқта жұмысы болмайтын, топқа түскенде сирек сөйлейтін сөзге сараң Қорамса, жұрт дуылдасып отырғанда, шәйді ұзақ ішіп, тершіп, арқасына жамылған шапанын қымтай түсіп, көптен көкейінде жүрген ойын ойлаумен болды.
Иегінде бір уыс қою сары шоқша сақалы бар, көзі көкшіл, еңгезердей, жауырынды Сүлеймен қазақша, татарша мақал-мәтелді араластыра есіп отыр. Қорамса мен Жаңылдан басқа осы үй ішіндегілер өңкей аталас туыстар. Сүлеймен, Нұртаза, Әнапия — үш ағайынды — Кемел балалары. Ыбырай болса, Ақан қызын алған Шомат қожаның баласы. Бәтимаға Ақан ұрын барғанда ауылдан жырақ киіз үй тігіп, қарсы алатын осы Ыбырай. Білімдар, оқымысты адам: панисламист, тюрколог. Біліміне тілі сай — шешеннің шешені. Бәтима қайтыс болған соң, есейгенше менде болсын, оқытамын деп, жиендері — Рахия мен Ыбанды өз қолына сұрап алған. Шомат қожаның әкесі Боқан мен Кемел әріден қосылатын туыс. Олардың арғы аталары Қазаннан көшіп келіпті дейтін де сөз бар. Десе дегендей, Нұртаза мен Ыбырай болмаса, қалған тұқымдары Сүлеймен тақылеттес өңкей ақ сары, көк көзді, қушық шекелі. Үй ұстау, жүріс-тұрыстары, сауда-саттыққа бейімділіктері де татар байларына ұқсайды. Ал, түп төркіні — қожа.
Шетінен мен атайын — сен тұр. Шомат қожа болыс болса, Боқан балалары Балапай, Қалақ та — ірі шонжарлар. Кемел баласы Нұртаза да болыс, нағыз қисық, қыңыр шонжар. Бұлардың ішіндегі ең жуасы — Әнапия.
Ақан Ақтоқтысынан айрылғалы бір жылдай сүзек ауруына шалдыққан науқас адамдай, кәріптікке түсіп үйден шықпай жатып алған. Биылдар ғана бас көтеріп, ел аралап, бұрынғы желігіне, бозбалалық қалпына қайта түскендей. Соңына он-он бес жігітін ертіп алып, күнде ауыл аралап, ән салып, сауық құратынды шығарды. Ақтоқтыдан аузы күйген Қорамса, баласын бірдемеге соқ болар ма екен деп, іштей күйзеліп, аяғына бұғау салуды ойлады. Соның есебін кейін тапқан сияқты. Қызылжарға саудамен барған сайын, жолда осы Сүлейменнің үйіне бір қонбай кетпейтін. Ескі құрдасының үйінен соңғы аттанар жолы екі беті татардың сары тоқашындай уылжыған жас қызын көріп жүрегі бүлк еткен. Егер Сүлейменмен жұрт жаңғыртып құда түссе, одан артық тілек бар ма. Мал қумай, ән-күй, сауық-сайран қуып желігіп жүрген Ақанның аяғы шідерленіп, шаруаға бетбұрар ма еді. Сүлейменмен тізе қосып біріксе, Қорамсаның да саудасы түзелген үстіне түзеліп, Қызылжарды билеп отырған Қарағайдай болар еді. Кеше тері, май заводы бар ірі көпес қозған Қарағай Сүлейменмен ғана саудаласып, Қорамсаны көзіне де ілмеген. Бай байға, бай құдайға жетем дегендей, бір кезде татар көпесі Ғабардың дүкеншісі болып, өзінің пысықтығымен алдына мал салып, басына үй тігіп, саудасының арқасында байып алған Қорамса, енді осы Сүлейменнің дәрежесіне бір жетіп алуды да іштей ойлайды. Соның сәті түскен сияқты.
Анада бір жолы жылқыдан өңшең ақ боз аттарды ұстап мініп серіктерін қасына ертіп ел ақтауға кетіп бара жатқан Ақанын үйге шақырып, Жаңыл екеуі ортаға алған.
— Ақанжан, мына шешең екеуміз саған бір шүйкебас тауып қойдық, жақында құда түспекпіз, — деген.
Ақан шошына қарап:
— Бір рет дегендеріңе көніп ем, енді қалың беріп қыз аларым жоқ, мені әлі де бала деп жүрмісіңдер, — деп шыға берген.
— Тұра тұр… Ақан, жасың болса жер ортасына келді. Ол қыз біреудің әлпештеген ортаң қолдай бүлдіршіні. Әлі бере ме ол, бермей ме, — деп Қорамса қыздың беделін көтере түскен.
— Ол кім еді соншама қалыңға қыз бермейтін. Қай қазақ ол — қызының көз жасын саумалдай санап жүрген?
— Естісең өзің де мазамызды алар ең. Сүлейменнің қызы, атақты Сүлейменнің.
— Қай Сүлеймен?
— Неше Сүлеймен бар еді. Кемелдің Сүлеймені де.
— Ә, Сүлейменнің көк көзі десейші, — деп, Ақан қарқылдап күліп, шығып кеткен.
— Апырай, Ақанжанның жер бетінде білмейтін қызы болсашы…
— Ата балаға сыншы, мен білсем Ақан онша кет әрі емес, құлағына құя бер, қайда барар дейсің. Баяғыда да ерін бауырына алып тулап-тулап ақыры көнген, — деп Қорамса Жаңылға ескерткен еді.
Осы жолы, ие де болса Сүлейменмен құда түсу — ойлары. Ол үшін Ыбырайды да әдейі ертті. «Сүлейменнің Гүлшаһрасы – қарындасың Бәтиманың жақын сіңлісі. Ертең ана балаларға да қолайлы. Еш сөлекеттігі жоқ. Осыған көмектесе көр» деген сөз Ыбырайдың да көкейіне қонып, келіскен: «Өзінің қарындасын алған Ақан серідей ел ардагерінің туыстықтан жатсынып, жырақ кетпеуіне жақсы». Ыбырай келісімін берісімен, көп ұзамай Сүлеймендерді де алыстан орағытып құлақ қағыс қылған. Жұрт арасында улы тілімен Кемел балаларын да Ақан ажуалағалы Сүлеймен Қорамсамен де тоң терістеу жүретін. Осы жолы қайтадан жібіген сияқты. Бірақ Ақан жөнінен бір ауыз сөз айтпады. Өзін ештеме естімеген, білмеген адамдай ұстап, әшейін құда мың жылдықтың кебімен ғана жүрген сияқтанады. Дегенмен екі жақта әңгіме үстінде көздерімен арбасып, құдалық жайындағы сөздің басталуын үрейлене күткендей.
Қызылжар шәрінде біріне-бірі қонағасы беріп, Сүлейменнің әйелі Наушарбанмен тез тіл табысып кеткен Жаңыл, шай ішіліп болысымен ерлердің сұқбатына араласпай, тамақ пісіріліп жатқан қазандық бөлмеге кеткен. Болашақ келіні — Гүлшаһраны көргенше тықыршыған ол, құдағиымен қатар отырып алып, ұзақ әңгімеге көшкен.
Жаңыл — осы өңірдегі аты шулы әйелдердің бірі. Қорамса алыс-беріс, сый-құрметке сараңдау болса, бұл қонағасына қолы ашық, жақын-жұрағаттарын ерінің төңірегіне топтап ұстай білетін, табиғатында біреуге зекіп көрмеген, не айтса да көкейіне қондыра, зердесіне құя айтатын ақылды, көпшіл бәйбіше. Ойын-той, ырду-дырдуға жаны қас Қорамса шақырған жердің өзіне көбінесе сылтау тауып бармай қалса, Жаңыл ондай жерден тартынбайды. Барған жерін өзінің ойлы сөздерімен, ұлағатты қалпымен баурап, еркін билеп алады. Ел арасындағы өсек сөзді қаламай, үнемі тәрбиелі сөзге бұрылып, сыпсықай, жыртақай әйелдерді қас-қабағымен үйіріп отыратын сабырлы, нұрлы жүзді Жаңылдың тұла бойынан шуақты күннің лебі ескендей. Бұрын үлкен тойларда ғана сырттай көріп, алыстан иек қағысып амандасатын тәкаппар, менмен Наушарбан да қоян-қолтық араласа келе Жаңылдың алдында өз бойын қораш санап, өз ойын олақ көріп, қалай төменшік тарта бергенін аңғарып, енді онысына іштей намыстанғандай бойын жиып ала қойды. Осы жолы құдалық ниетімен қара жолдан әдейі бұрылғанын ерінен естіген Наушарбан ұзақ сөзден соң салбыраған иінін көтеріп, тіке сыр тартпаққа көшті.
— Сіздің ана екі ұлыңыз әкесіне тартқан шаруақор, деген үй ұстайтын азамат боп келеді деп естиміз. Ақаныңыз кімге тартып жеңілтектеу болды екен, ана кішісін әлі ауызға алмаймын, жас қой, — деп сөз арасында жанына тие сөйледі.
— Иә, балаларымның көбі жиылып бір төбе болса, Ақанжан өзі бір төбе ғой, — деп Жаңыл қырын жауап беріп, ақырын миығынан күлді. — Қолдағы бес саусақ та бірдей емес, бір анадан ала да, құла да туа бермей ме. Шаруаға қыбы жоғы рас. Бірақ, бойына алла тағала ерен өнер құйған ерекше бала ғой. Айбергенім де ағасына тарта ма деген үміттемін.
— Құдағи, өзіңізбен жақын сырласып, аз күнде абысын-ажындай боп кеткен соң айтамын, көңіліңізге келмесін, Ақан ән шығарады екен, онысы жақсы делік, біреудің атастырылған қызына, елдің алды боп жүрген ақсақалдарына ауыз салатыны-ақ жараспайды. Мінезі сізге тартпаған-ау.
— Кім білсін, Қорамсаның әйелі болмай, Ақандай жігіт болсам, мен де сүйтер ме едім, — деп Жаңыл қасын кере езу тартты, — Біреудің атастырылған қызына қараса, өзіне лайық тең іздейтін шығар. Ал, елдің алды дегенде, бұл күнде елдің алды кім, арты кім оның нарқын алтыны көп шешпейді, ақылы көп шешсе керек. Алтыны көпті көрсек те, ақылы көпті көруге әлі қырағылығымыз жетпей жүрген жоқ па. Зерделі Ақанжан соны бағдарлайтын болар.
Наушарбан өз-өзінен сақылдап күлді:
— Құдағи-ай, әйтеуір, қанына тартпағанның қары сынсын деуші ме еді, әшейінде періштедей әділ, балаңызға келгенде сіз де тура жолдан таяды екенсіз. Тіпті құс қондыратын түріңіз жоқ. Әнші-күйші дегендеріңізге құдайтағала өнер бергенмен ақыл бере бермейді ғой. Әкесінің бар малын қиду-суди ғып, көрінгеннің астына, кез келгеннің үстіне дегендей, шашып-төгіп жүрген баланы әңгі дермін, біракесті дей алмадым.
«Соншама несіне таусылып отырсың, өзің ондай ұл таба алмаған соң аузыңа келгенін оттай береді екенсің» деп шаптыға түсетін ауыл арасындағы қатындардың тығырыққа тірелер тұсы келіп-ақ қалғандай. Бірақ, күйеуі сияқты есіп сөйлейтін алдың-дұлдың әйелмен сөз жарыстыруды Жаңыл бойына шақ көрмеді. Жуас отырып қана жуадай ащы мысқыл айтты.
— Әкесінің малын шашса одан ризық кемімес, бәрі бала үшін жинаған дүние емес пе. Есі кіре тоқтар, бірнеше баланың анасы болған біз де әлі еске жарып жүргеніміз шамалы. Адам баласы қартайған шағында кейінгіге қашанда міней, шеней қарайтын пендешілік әдеті емес пе. Әйтпесе, елдің ең ақылды қыздары Ақанжанға дегенде құты түсіп тұрады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтайды» деуші ме еді. Сылқылдаған қыз күніміз болса, ондай жігітті біз де құтқармас ек-ау, — деп қалжың, күлкімен есік жақтан көрінген қызға қарады.
Бойы Наушарбаннан да қалың қырақ аяқ-қолы балғадай, шашы сап-сары, көзі тұздай қызды «Гүлшаһра осы боларсың-ау» деп шамалады. Кеудесіндегі биік қос анарын еркін жіберген, дене бітімі жалпақ, қайқы төс, қайқы еріндеу қыз. Алшаңдай басып, ауыл үйдің келімді-кетімді кемпірлерін менсінбейтін менмен мінезіне салып, үстіндегі суық киімін жұла шешіп тастап, қазандық ернеуінен бірдеме іздеп жүр. Еңкейген сайын теңкиген — үлкен бос бөксесі бұлғақ қағады.
— Гүлім, мына апаңа сәлем бермейсің бе, — деді Наушарбан қызын еркелетіп.
Үлкен көк көзін жалт етіп бұрған Гүлшаһра, бір сәт тіке қарап:
— Есенбісіз, — дей салды.
— Амансың ба, қарағым, — деп Жаңыл да, бір көргенде-ақ болашақ келіннен денесі мұздап қоя берді.
— Бұл апаң біздің құдағиымыз, өздерін әнін айтатын Ақанның шешесі дегенде, — дегенде:
— Ә-ә, — деп қайта бұрылған Гүлшаһра жасанды биязылыққа басты, — Амансыз ба, апа, Ақын ағайдың анасысыз ба?
Гүлшаһра езу тартып, ірі аппақ тістерін көрсетіп күлгенмен, көгілдір мұздай көзі суық қалпында қалды. Суыққа тоңып көгерген беттей долырған жүзінде күлкі табы жоқ. Жаңылдың есіне Ақан айтатын «Қыз сипаты» деген өлеңінің бір аузы түсті:
«Алтыншы бір қыз келер толық сары,
Бойына тең келмейді жанның бәрі.
Лайықты өзіне тең таппаған соң,
Кетпейді көкіректен қайғы-зары…»
— Қой, ана жаққа барайын, шалым іздеп жатқан шығар, — деп Жаңыл жіп-жіңішке оқа жүргізген кимешегінің жағын түзеп, төр жаққа беттеді.
Ол кетісімен Гүлшаһра семіз құнажындай ырғалып келіп, шешесін бас салды:
— Апа, ана кісі шынымен Ақанның шешесі ме?
— Иә, қимай тұрмысын.
— Неге? Өңі Ақаннан аумайды екен, жасында қандай сұлу болды екен.
— Ақанды көріп пе едің?
— Көрмегенде ше. Ана жылы Ақтоқтымен әуей болмай тұрып, бір тойда көргемін. Қасына да отырғанмын, — деп Гүлшаһра шұбырта жөнелді. — Қыздар қырылысып, өліп қала жаздаған. Ақан қарасын ба. Ешқайсысын да менсінбей, жиналған қыздарды сипаттап өлең айтқан. Мен қасына ұзақ отырғанмын.
— Өзі жұрт мақтағандай жақсы жігіт пе, әлде жұрт әншейін әншілігін ғана мақтай ма?
— Түһ, апа, сен әлі көрген жоқсың ба?
— Бәтиманы алған кезінде көргенім бар. Күйеу бала болған соң онша көз тоқтатқан жоқпын.
— Ондай жігіт бұл өлкеде жоқ қой, апа. Тұр, сымбат, ән айтқандағы даусы, сөйлеген сөзі ешкімге ұқсамайды. Ақтоқтының бағы ашылатын еді ғой.
— Eh, ол Сүтемгеннің баласынан не қорлық көріпті?!
— Қорлық көрмегенмен Ақанның орны бөлек қой.
— Солай еді де. Ендеше мына Қорамса мен Жаңылдың неге келгенін білдің бе?
Гүлшаһра әлдебір алыстағы үміт шырағы жылт етіп жанғандай көзі жыпылық атты:
— Қайдан білейін?!
— Құдалыққа түсе келіпті, — деді Наушарбан төтесінен.
— Кімге, қай баласына, — деп үрейленгендей көкшіл көзін кең ашып, шешесіне сенімсіз қараған Гүлшаһраның беті оттай күйіп, қызарып кетті.
— Кімге болушы еді, Ақан серіге… Немене үлкенсініп тұрсың ба?
Көзі жасаурап, көмейіне бірдеме тірелгендей жұтына алмай тығылып қалған Гүлшаһра шешесіне көзінің жасын көрсетпей, құшақтап алды:
— Ол не дегенің, апа, Ақанды кім үлкенсінуші еді. Бірақ рас па, рас па осы айтқаның, — деп қуаныштан ықылық атты.
— Расы рас-ау. Бірақ ана әкең келіссе жарайды әлі.
Жаңа тапқан асыл тасты жүзікті саусағына кие бергенде біреу тартып алғандай, Гүлшаһра түсі бұзылып, басын көтеріп алды.
— Келіспегенде мені сиырдай ғып үйде ұстап отырайын деп пе еді, — даусы ашулы шықты.
— Түменнің бір байына берем деп жүрген.
— Егер Ақанға бермей көрсін осыдан, тура асылып өлейін, — дегенде иегі дірілдеп кетті.
Көң етіктіге бермей, көк етікті кездеспей үйде көп отырып қалған қызына Наушарбан аянышпен қарады:
— Ойнап айтам, қызым. Егер қаласаң Ақанға бергіземін, әкең бүгін көнбесе, ертең көнгіземін. Бүгін, енді асатпай жатып құлдық деп, айтар-айтпаста қолқ ете қалмайды ғой, әрине. Оп-оңай келісіп, бағаңды түсірмес.
— Баға-саға деген не ол. Ойпырмай, осы мал базарлағандай шіреніп, сондай қулықтың не керегі бар, — дегенде, Гүлшаһраның жүзі бір қуарып, бір қызарды.
Бұл кезде үлкен үйде құдалық жайы айтылып жатқан. Ыбырай ұзақ сөйлеп, кестелі сөзбен орағытып отырып Қорамсаның құда түсу ниетін айтқанда Сүлеймен басын салбыратып, қызын жат жұртқа қимайтын әке қалпымен дөң мұрнын сипалап ойланып қалды.
Қоңқақ біткен дөң мұрны болмаса, түсі Сүлейменнен гөрі Ыбырайға көбірек ұқсайтын көмірдей қара қаба сақалды, көзінің қарасынан ағы көп алакөз, жауырыны күдірейген, кеудесі шалқақ Нұртаза тісін шұқып отырып, жиренішпен мырс етті.
— Ақан серің басында тәуір жігіт еді. Есейе келе сері болмай пері боп барады ғой. Ана жылғы өзі соққан Біршегіндей елді алатайдай бүлдіріп болды. Бір қарындасымызды өлтіріп еді, енді екіншісіне ауыз салды ма.
— Қой, олай деме, Бәтима ажалынан өлді, ажалға кім араша тұрушы еді? — деп Ыбырай Нұртаза сөзін ұнатпай қалды.
— Әй, қайдам, ортамызда жайқалған гүлімізді тамырымен жұлып алып, ертең, көрінгенге көз салатын көрсеқызар әумесер, обалына қалмаса!
Қорамса ішінен тынып, бүкжиіп, үнсіз отыр.
— Нұртаза қарағым, — деді Жаңыл, Ақан серіге тигізген дөрекі сөзіне шыдай алмай, — еркек отырып әйел сөйлегеннен без деуші еді, дегенмен реті келгенде, баласы жайында қолайсыз сөз айтылса анасының да сөзден сыбағасы бар шығар, құлынына ара түсер бие құрлы, балапанына арашашы тауық құрлы жоқпыз ба. Сені ел басқарған, көш бастаған ерім бар деп жүр елің. Аталы сөз айтып, ағаның билігін айтатын жасқа келдің. Өз еліңнің асыл азаматын кемітіп, асылыңды шеттен іздейсің. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым, болмас елдің баласы бірін — бірі қатыным» дейдінің кері осы емес пе. Қарындасыңды қимасаң, үйге кірген жыланға да ақ құйып шығармаушы ма еді, жылы сөзбен аттандырсаң біреу бермесіңді тартып әкетуге келген жоқ қой. Ақан есер болса, жаман қап тесерлер де бар шығар – соны сарапқа салып қайтеміз.
Қорамса безерген қалпы, әлі үнсіз түнеріп отыр. Әйелінің сөзін құптағанын да, жаратпағанын да білдірмейді. Сөз есесін жіберуді өзіне ар көретін, оның үстіне әйел затынан тұңғыш рет мынадай еселі сөз естіген Нұртаза тісін тереңірек шұқи түсіп:
— Бәсе, бәсе, Ақан сері кімге тартқан десем, жатқан жатырын жаңа көрдім ғой, аттылыға жол, жаяулыға сөз бермейтін ауыздықсыз алып-қашпа қайдан жаратылды десем, жаңа ұқтым ғой, — деп ызалы күлді.
Жаңыл тағы да есесін жібермеді.
— Жаман құлын айғырында енесімен ойнайды, менің жатырыма жеткен көзің көз-ақ екен, шырағым!
Сөз аяғы қоюланып бара жатқан соң, Ыбырай киіп кетті:
— Ойпыр-ой, құда мен құдағи қалай шарпысады, көптен кездесе алмай жүр екен ғой. Кезеңге шыққан қос жүйріктей сілтіседі ғой, батыр-ау, — деп жуып-шайған болды.
Ешкім бұған сөз қосқан жоқ. Ac үстінде де екі жақ үнсіз арбасты.
Сүлеймен де басын көтермей отырып:
— Қореке, асығатын не бар, жата-жастана ойланып-толғанып көрерміз. Қыз ұзату оңай мәселе емес, — дегеннен басқа Сүлеймен ештеме демеді.
— Жата-жастана дегенге Ақан көнсе жарайды. Тым ұзатып жіберуге жүрегім дауаламайды, — деп, тұспалды сөзден көрі тура сөзді ұнататын Қорамса да қайтып қолқаламады…
Жамбасқа жайлы мамық төсекке көміле түсіп жатса да бұл түні қонақтар да, үй иелері де ыстық үй тыншу болғандай, аунақшып-дөңбекшіп ұйықтай алмады. Әсіресе Гүлшаһра ұзақ таңды көзімен атырды. Жастыққа басы тиісімен қор ете қалған Нұртаза ғана.
Әшейінде аз ұйықтайтын сергек, құс ұйқы Қорамса мен Сүлеймен таң ата тысқа бір мезгілде шықты. Жеңіл трәшпанға ат жектіріп, шаруасына жүргелі тұрған Сүлеймен Қорамсаның шығатынын білгендей күткен. «Құдалыққа қарсы емес екенімді әзірше емеурінмен білдіріп, күдерін үзбейін» деген оймен, құдасын тез киіндіріп, бірге ала кетті:
— Талай келіп көре алмай жүр едіңіз, бүгін сәті түскен екен, жүріңіз, байлық көзін көрсетейін.
Аулынан екі шақырымдай жердегі қалың қарағайды айнала бергенде күн шыққан. Қорамса өз көзіне өзі сенбей таңырқап келеді. Кішігірім бір көлдің аумағындай қалың қарағай бауырында тізілген жүз қаралы үй Қызылжардың ой қаласы сияқты. Жатаған жер үйлер тегі шымнан қаланған болса керек, терезелері жермен-жексен, табалдырық астынан басын жартылай шығарып сығалаған мысықтың жаңа көзін аша бастаған қызыл-шақа балаларындай жыртиып әрең көрінеді. Сыртын май балшықпен сылаған қараша үйлер күзгі жауыннан зәрезап болғандай құнысып, мықшиған көпей күшіктер сияқты. Ауыл шетінде ұзындығы ат шаптырым, қызыл шатырлы үйді көргенде, аты шулы сиыр қорасы осы екен ғой деді Қорамса. Сол қораның алдынан табын-табын боп шыққан мал да өріске қарай ұзай берді. Сүлеймен құдасын әдейі осында әкелді. Сиыр, өгіз, торпақтар қора алдындағы кең алаңда күзге дейін жатады да, қыс түсе қораға кіреді екен. Қора іші адам айтқысыз. Бөлек-бөлек қоянның жымындай ғып, су ағарымен салған асты тақтайлы мал қора тап-тұйнақтай. Сиыр сауып, шелек-шелек сүт көтерген келіншектер иіліп сәлем беріп, анадайдан-ақ жол кеспей күтіп тұрған. Сүлеймен олардың сәлеміне жауап қатқан жоқ.
Мал қорадан арман тағы бір ағаш үй тұр екен. Жақындай бергенде гүрс-гүрс соғылған үннен құлақ тұнады. Қорамса үйге бас сұққанда бір-ақ түсінді: қаз-қатар тізілген өңшең бойжеткен қара домалақ қыздар білектерін түрініп алып, піспе пісіп жатыр.
— Бүгінгі май — соңғы бөшкенің сыбағасы. Ертең кірешілер Шеләбіге тартады, — деді Сүлеймен.
Ол үйден әрі екі жүз қадамдай жерге биік ашалар тұрғызып шатырмен жапқан. Жиегінде су ағар. Шатыр асты десте-десте қаланған жылқының, қара малдың, қой-ешкінің терілері, тай-тай ғып буған үйдей-үйдей жүн-жұрқа.
— Бұлар Қызылжарға өткізгеннен қалған жүн, терілер, — деді Сүлеймен. Сонау қара шым үйлердегі жатақтардың тері илеуші, мал бағушы, сиыр сауып, піспе пісуші, ел ақтап тері жинаушы, күз шөп шабушы, отын тасушы, мал жайлаушы малайлар екенін Қорамса сонда түсінді. Қансымасын деп ернеуіне дейін шүпілдете су құйған кісі бойындай төрт шенді ағаш бөшкелер. Жаңағы шатыр астында, шет жағында, адам айтқысыз мал сүйегі үюлі жатыр.
— Мұны неге жинағансыңдар, — деді Қорамса сүйек жайын топшыласа да анықтай түсейін дегендей.
— Қореке, жалқау қазағым тоқпақ жіліктің кемігінен басқа сүйекті далаға шашып, қыруар дүниені ысырап етіп жүрген жоқ па. Бұл — Омбының сабын былғайтын заводына май боп кететін саудыраған тегін сүйек, сылдыраған қалта-қалта сөлкебай.
— Иә, иә, айтқандай солай екен ғой. Баяғыда бір жұт жылы ел осы сүйек майың қара көжеге қатық етіп, жан сақтаған.
Бұдан әрі қалың қарағайдың бауырына сұғындыра ағаштан қиып салған көш құлаш үйдің жармысы тұр. Ортасын шым-шытырық бөле берген. Үйдің табанын Қызылжар, Омбы көпестерінің үйіндей таспен көтеріп өрген.
— Үй қалаушылар қазір шөп тасуда жүр. Ана маяны көрдіңіз бе? — деді Сүлеймен оң қолдағы ағаш арасын көрсетіп. Бағанағы қызыл қайыңның ішіне үйген екі мая шөп ұланғайыр. Маңында қос-қостан атан түйедей биік өгіздерді жеккен көп көк арбалылар, айыр, бастырық, арқандарын салып, шөп тартуға жүрмек боп жатыр, — Биыл бұл үйді бітіре алмайын деп тұрмын. Амандық болса, көктем шыға қауырт қолға алып жіберсек, бір-екі айда дайын болғалы тұр. Омбыдан әкелген мәскүрлерім бар еді, олар да көктемге келмек боп уәделесіп кетті. Ал бұл не үй дейсіз ғой. Жүріңіз, енді ішін араласайық, — деп есіктерге қалдырған ашық орындардан кіріп, алға бастады.
— Мынау — май айыратын бөлме. Піспе майын қанша сорғытқанмен базарда арзанға кетеді. Қаланың қу саудагерлеріне берсең, сіресіп су тегін алады. Үш бөшке ақ майың бір бөшке шыртылдақтың құнына тұрмайды. Қыстай сауылатын төрт жүз сиырдың, жыл бойы сойылып жататын қойдың іш майын айырмасан қайда сақтайсың. Мына бір бөлме тері тұздап, илейтін, кептіретін жер… Бері жүріңіз. Ал мына бөлменің сыры бөлек. Мына пеш орындарын көрдіңіз бе, мұнда тай қазандар тұрады. Омбы, Қызылжарда орыс-татарлардың қыста киетін ұйық сияқты киіз байпақтарын көргеніңіз бар ма? Оны пима дейді екен. Қазақ баласы әлі киіп көрмеген зат. Бұл — сол пима басатын орын. Жарты жылдай Қызылжардың бір-екі татарын ұстасам, киіз басып үйренген жігіттеріміз, қалыпқа салып өздері-ақ ертең мәскүрленіп алады. Сонда бұл ғұмыр бойы пайданы шаш-етектен келтіретін көнермейтін кәсіп болмақ. Қарағайдай жылы пимаға дәнігіп алса, ел қазақтарына мұның біреуін бір қойға бермейсің. Шығыны да аз — құдайға шүкір қазақ жерінде жүннен көп неме жоқ… Бері жүріңіз. Енді мына бөлме — дүкен. Мұнда татар мәлішшілері әкеліп бұлдап сататын айна-тарақ, қасық, ожау сияқты көр-жер, керек-жарақтар, маталар тұрады. Есіңізде ме — ана жылдары қатарымен екі-үш жылда Фахруддин дейтін татар мәлішшісі күзде келіп, екі жәшік айна-тараққа екі-үш мая жүн жинап әкеткені. Не деген тегін байлық десеңізші. Ел байлығын сыртқа төккенше, өзіміз пайдалансақ болмай ма. Ел жарықтық тегенедей май құйрық, батпан құйрық, жапан түзде теп-тегін жатқан құйрық емес пе, тек, борсықтай сора біл, — деп Сүлеймен бүгін құты түсіп, байлық көзінің біраз құпиясын ақтарды, — Ал мына ең шеткі пешсіз бөлме — ұн қоймасы. Қар түсісімен Омбыдан, Қызылжардан қыс бойы кіре тартып, ұн жинайтын кәсібім бар. Ертең — жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы — ұзын сары келгенде, ұнның бір пұлы — бір жылқы, бір қадағы — бір қой.
Қорамса бұрын сырттай естісе де, енді Сүлейменнің пайда табар шым-шытырық жолдарын өз көзімен көріп, құлағымен естігенде шын таңырқады:
— Е-е, біздің саудамыз әшейін баланың ойыншығы екен ғой. Апырмай, осының бәріне жете беретін не деген ми!
— Отағасы-ау, ақша көздің құрты емес пе. Бір құнықса бұл жарықтықтың қат-қабат жолдарын адам баласы көзсіз-ақ көкірегімен сипалап табатын көрінеді ғой.
Сүлейменнің көп саудагерлер арасында шәһарде тұрмай, шашылып жатқан тегін байлықтың ортасында — қалың елдің ішінде тұратын себебін Қорамса жаңа ұққандай.
— Сіздің жасыңыз біразға кеп қалды ғой, Қореке. Сізді қажытатын шаруа ғой бұл. Ана Ақан сері балаңыз ақылды, алғыр жігіт деп естимін. Пайдасыз ән салып, сауық қуғанша, мына заманға қарай бар ақылын саудаға салса, лезде игеріп-ақ кетер еді. Менің қасымда бірер жыл болса, алдына жан салмайтын, миллионды уыстап шашатын, деген көпестің өзі болар еді. Өзі орысша, татаршаға да жетік дейді ғой. Шіркін, тілінен де, қолынан да келетін ондай жігіттер, орыс, татар саудагерлерінің бөркін теріс айналдырар еді, — деп арбаға отырған соң, Сүлеймен болашақ күйеуіне, «болар еді, тұрар еді» еділеп, көп үміт артып, ауылға қайта бұрылды.
Жолда түндегі әңгімені қысқа ғана қайырып:
— Қореке, ана Нұртазаның мінезі доғал, тентектеу ғой. Жеңгей екеуі де шәлкем-шалыс боп қалды. Бұл жолы олардың көзінше әңгімені қайта тірілтпей-ақ қояйық. Ұл иесі сіз де, қыз иесі менмін ғой. Жақын арада тағы бір айналып соғарсыздар. Жеке отырып, өзімізше тон пішейік, — деп сөзді осымен доғарды…
Со күні ертеңгі астан соң, Қорамсалар да жүріп кетті.
Ауылдан ұзай бере-ақ Жаңылдың Қорамсаға айтқаны мынау болды:
— Қыздың түркіні қолайлы-ақ-ау. Бірақ қалыңдығынан шошиын дедім. Алдың-дұлдыңдау екен…
— Біреудің әлпештеген қызы емес пе, еркелігі бар шығар.
— Еркелігі ештеме етпес-ау, бір келіннің еркелігіне жарылып кетпеспіз. Тіпті өңі, жобасы келіспеген екен. Қоянның бойын көріп, қалжасынан түңілдім. Көрерсің — Ақан оған пысқырып та қарамайды. Екі ортада біз ұятты боламыз әлі. Несіне осынша асыға қалдың…
Бұлар ауылдан ұзай бере-ақ Наушарбан да Сүлейменді шаужайдан алған.
— Осы сен де әйтеуір бұлданбайтын жерде шірене қаласың. Баланың бағын байлайын деп пе ең. Ақан дегенде өліп тұр қызын. Ана сері жігіт мұны естісе, ерегісіп, енді қайтып жоламауы да кәдік. Оның үстіне шешесінің сөзі де ұнамады. Ол да байын айныта салуға бар.
— Пішту дерсін. Қорамса айнитындай кім деп тұрсың. Баласымен келісіп, шегелеп келген адам, енді мазаңды күнде алмасын де. Кішкене шалқая түсейін, тегін жатқан бала жоқ… Бірақ мен де оншама кеудесінен итергенім жоқ. Үміткер етіп жібердім.
— Ай, қайдам, он жақта ұзақ отырып қалған бір қыз: «Қашан шымылдық ішінде отырып күйеудің білегінен ұстағанша сенбеймін» депті ғой…
Ел құлағы елу дегендей, қайдан естігенін кім білсін, сол күні-ақ Сүлеймен ауылында, одан көрші ауылдарда Қорамса мен Сүлеймен құда болыпты деген сөз де дүңк ете қалды.
2
Күн нөсерлетіп құя-құя салды да, тасырлата өткен жауын ұзай берді. Қарсы беттен соққан салқын жел алқымы іскен қара бұлтты тағы да айдап келеді. Дымқыл тоғай шулап тұр. Үстінен төнген қалың жаңбырдың қанаты тағы да суылдап келеді.
Кержалқау күрең биеге мінген Сұлтанмұраттың үсті малмандай. Қанжығадағы қос түйіншек пен қоржындағы омырылмалы домбырасын қымтай береді.
Өңменнен өтер қара жел жұқа шапанның өңірінен кіріп, тұла бойын аралап, қалтыратып жіберді. Жамаулы жұқа көйлек қоңылтақсып, пана болудан қалды. Жауын өткен сайын етегіне дейін суланып, денесіне жабыса түседі. Қазір Сұлтанмұраттың үстіндегі бар лыпа жауыннан қоруыш емес, дене тітіркентер көп қолбақаның дымқыл терісінен тіккен жиіркенішті жабысқақ бірдеме сияқты.
Мана алдан жалғыз жолаушы көрінген. Биік доңғалақтары қисалаңдаған шиқылдауық екі аяқ қазақ арбадағы суық торғайша бүріскен адам жеткізер емес. Ұзап та кетпейді. Артына қайырылып мойын да бұрмайды. Ағаш арасындағы үш аяқты бұралаң ескі сүрлеумен бірде көрініп, бірде көрінбей жай аяңдап барады.
Сұлтанмұрат мына үңірейген салқын далада жалғыз жолаушыны ес көріп, жол қысқартпаққа қуып жеткісі келіп еді, онысы болмады. Қанша бүйірлесе де, аяғын кібіртіктеп үнемдеп басқан мес қарын қулық бие ширығар емес. Иесі ашуланып қос өкпесіне екі өкшесін қадай тебініп, қамшы басса, тоңқ-тоңқ бүлкектей беріп, күрт аяңға түседі. Тағы бір ащы қамшы сауырына тиіп еді, құйрығын шыбжың еткізіп, артын көтеріп, мөңкіп қалды. Бұдан әрмән қайран болмасын білген жігіт, енді аяқ артар сыралғы жалғыз көлігінің әдетіне көндігіп, қанша ұмтылса да адымын аштырмай қажытқан қулық биедей ту кедейлігін есіне алып, мұңайып, өз ойын еркін серік етті.
Сұлтанмұрат — Қантай аулының жатағы Байбосынның жалғыз ұлы. Жасынан домбыра тартып, ән салып шаруаға мойын бұрмай еркін өскен бір үйдің еркесі. Жасы жиырмадан асқанша ата-анадан қырын қабақ көрмей өз бетінше сауық құрып, Ақан сияқты атақты серіге еріп, ел аралап, жұрт танып жүрген әнші еді, бір-ақ жылдың ішінде ол заман келмеске кеткендей болды. Былтыр көктемде көптен дімкәс анасы көкірек ауруынан дүние салды. Аурулы-сырқаулы болса да, ілініп-салынып жүріп аз дүниені берекелі ұстаған шеше кетісімен, жып-жылы ұядай шағын жер кепені ұлыған суық кернеп, азынап сала берді. Бір уыс жұтаң шаруасын жалғыз өзі түйіртпектеп, әнші баласына салмақ салмай бетінен қақпаған әке де қабағы кірбің тартып, кейінгі кезде кіді мінездер шығарар халге жетті. Ауыл аралап, қыз қуып, ән салып құр салпақпен айлап жүретін Сұлтанмұрат үйге оралғанда, ағаш жонып, айыл-тұрман жасап кәсіп ететін әкенің шүйкедей боп тұқыраңдап, қазандық аузында отырған күйкі жайын көріп іші ашиды. Бұрын жайраңдап үйге енгенде, ыңылдап ән салып, масайрап қарсы алатын әкенің енді көңілді жүзін емес, қатпар-қатпар әжім басқан қайғылы желкесін ғана көретін күйге ұшырады. Бұрын қарны ашып, арсалаңдап жеткенде шешесі қойған жылы-жұмсақ буы бұрқырап алдына келуші еді, енді қақпағы сүйеулі жамаулы қара қазанның ішінен темір қырғыштан басқа ештеме көре алмай әлем тапырық ішін жылан жалағандай болады. Бұған әке кінәлі ма? Әйелсіз үйдің берекесін алмай орнықты біреуді кіргізе қоюға — даяр тұрған кім бар?! Үйсіз-күйсіз, баласыз бір бейбақты әкелсе — жер ортасы жасқа жеткенде сыр алмаған жат адаммен табысып, үйлесіп кете қойса жақсы. Соңында шүпірлеген бір қора баласымен шұбыртып байсыз қалған бір жесірді әкелсе — біреудің жетім-жесірлерінің бабы табыла қойса жақсы? Ал, сонда, бұған кінәлі Сұлтанмұрат па? Әкенің кір-қоңын жуып, шешеден қалған аз дүниені ықтияттап ұстайтын бір шүйкебас алатын кез жетті. Бірақ оны кім беріп тұр. Қай қазақ қалыңсыз қыз берген. Айналасы бір-екі қара, төрт-бес ұсақ тұяқты қалыңға бергенде, одан кейінгі күйлері не болмақ. Тағдыр салмағына көніп, елдегі ең бір бағы ашылмаған сормаңдай ақсақ-тоқсақ біреуді қалыңсыз ала қойғанмен жүрегі құрғыр тыным тапса жақсы. Әйел қолыңа жылы су құятын басыбайлы күң емес, қойныңа жылы нұр құятын асыл жар емес пе?!
Міне, табаны жалпақ екінші жылға ауып барады, бір үйдегі әке мен бала — екі бойдақ — екі жетім. Салт басты сомаладай екі еркектің тапқан-таянғанын да береке жоқ. Бұрын жалғыз ердің тапқаны қалай жеткен? Әйел — үйдің қазығы екен ғой шіркін. Қазықсыз үй жел айдаған қаңбақтай. Сәл жел тұрса-ақ сықырлап, қалтырап, дауыл соқса домалай жөнелетін қуыс кеуек. Әке күйін қабағынан, үй күйін қазандығынан аңғарған есті жігіт бұрынғы сауықты бос селтеңбайлық деп, енді кәсіпке айналдырған. Бүгін Қызылжар бетіндегі қалың атығайды бір жұма аралап, ән салып, азбыншы олжамен оралған беті.
Көп ойдың шырмауынан шыға алмай салы суға кетіп, әрі қалтырап тоңып келе жатқан Сұлтанмұрат қалың тоғайдың қалтарысында тұрған арбалыға қалай жеткенін де білмей қалды. Бұл ара ық екен. Жолдан бұрылып шыққан арық ат, желқом қамыты мойнына кетіп, ағаш бауырындағы биік қалың шөпте ауыздығымен оттап тұр. Жолаушы — әйел. Ескі текеметке ораған бір бума теңнің үстінде мойны салбырап үнсіз отыр. Қолындағы делбесі жерге шұбатыда түскен. Сұлтанмұрат сияқты бұл да терең ойда. Ештеме сезер емес.
Әнші жігіт өз көзіне өзі сенерін де, сенбесін де білмей мүдіріп, ұзақ тұрды да, әлден уақытта барып:
— Қадиша, — дегенде, көнетоз жібек шадымен шымқанған әйел селк етіп, басын көтеріп алды.
— Жаным-ау, сен шын Қадишамысың?!
«Жаным-ау» деген жылы сөзді естігенде өзі көңілі босап келе жатқан әйелдің аялы сұлу көзінен жас парлап қоя берді. Бетін жуған көз жасы екенін де, жауын суы екенін де аңғармаған Сұлтанмұрат атынан қарғып түсіп, үсті-үстіне сұрақты жаудырып, сөйлей берді.
— Иә, жол болсын! Бұл не жүріс жападан-жалғыз? Қай жаққа барасың? Атың болдырып қалған ба? Бай аты да болдырады екен-ау! Күн ұзақ өзіңді әрең қуып жеттім ғой.
Көзі жасқа толған Қадиша қайғылы жүзін бұрып, шалысының шетімен жасын сүртті.
— Жаным-ау, өзің… өзің жылап отырғаннан саумысың?! Мен… әшейін байқамай… Не болды, Қадиша?
Қадиша әлі де үндемеді.
Сұлтанмұрат одан сайын бәйек болды. Аттың делбесін көтеріп, көтермесін, қамыттың сұпынын тартып көріп, сөйлеп жүр:
— Қадиша, қай жаққа барасың? Кәне, бірге жүрейік, — деп, аттың шылбырынан тартып, жолға түсірді.
Жалғыз өзі жолға шыққан бай әйелінің мына жүрісі жұмбақ көрінген Сұлтанмұрат енді не айтарын білмей жанамалай беріп еді.
— Қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін, — деді Қадиша күрсініп.
— Не дейсің, не дедің, — деп қатарласа құлақ тосқан Сұлтанмұрат бұрынғыдан бетер қайран.
Ақтоқты Жалмұқанға кеткелі бақандай екі жылға таянды. Содан бері қайтып еліне ат ізін салған жоқ. Келіні табалдырық аттағалы Сүтемген құдалық ырымын жасамақ түгіл, Бақтыбаймен жүз көрісіп сәлемдескен емес. Өздері елеп шақырмаған соң, Бақтыбайлар да біраз уақыт өкпелі боп үнсіз жатып алып еді, қыз алған жақ одан сайын тоң-теріс сыртын беріп, қарым-қатынасты біржола үзді. Сүтемгенге күш көрсетер Бақтыбайда шама қайда? Ағайынды үшеу тек өзді-өзі жұлқысып, бәрі ашуын тырнадан аладының керімен көп уақытқа дейін жақ-жақ боп жүрді. Ақыры бірі «қыз жат-жұртқа жаралған кісі адамы» деп өзіне басу айтып, енді бірі «Ақтоқты шіріген жұмыртқа болды» деп ызасын ішке бүкті.
Бірақ «екі ортада шыбын өледінің» кері Қадишаға келді. Бұрын да кит етсе шамырқанып, бетінен түгі шығатын Тастан жас тоқалды мүлдем тізгіндеп алған. «Отырса опақ, тұрса сопақ» деп, өзінің мазағы аздай, соңына екі бәйбішесін салып қойды.
Биыл ескі жайлауға шыққалы Қадиша тірі жанның жүзін көрмей өзіне тігілген шағын боз үйде іш құса боп өлетін халге жеткен. Не сырттан, не іштен ешкім қатынамайды. Не үй ішінде ермек етер бауырына басқан баласы жоқ. Анда-санда бәйбішелер орап жіберген тамақты талшық етіп, күнде егіліп жылаумен күні өтіп барады.
Кеше өз өзінен шиыршық атып, «бүйтіп басыла бергенше ел-жұрттың бетін көрейін» деп, сергігісі кеп жадағай арбамен көрші ауылға шілдеханаға кетіп бара жатқан Құлмақтарға ілескен. Түні бойы думандатқан жастармен отырып, ұмытыла бастаған әндерін еске алып, көңілі бір жадырағандай болған Қадиша таң алдында Құлмақтың жас келіншегімен қойындасып жатып, мызғып алған да, ертеңіне еліне оралған.
Жолай Құлмақтардың арбасынан түсіп қалған Қадиша үйінің алдына келгенде жүрегі су етті. Жарма есіктің шығыршығына байлаған ала жіп шешілген. Анадай жерде жатыр. Түндікті жауып кеткен еді. Оны біреу ашыпты. Қара желге жалп-жалп етіп, шаңырақты сабалайды. Түндік бау бос жатыр.
Қадиша өз үйінен қорықпаса да әлденеден жүрегі секем алып, есікті баяу ғана сықырлатып ашып, әуелі басын сұқты. Қара көлеңке үй ішінде отырған ақ жаулықты екеуді көргенде шошып кетті. Сайтан ба, адам ба? Қадиша басын тартып алып сырттан үн қатты:
— Кім бар үйде?
Ешкім іштен тіл қатқан жоқ. Құлағын есікке таяп аз уақыт тың тыңдап еді, біреу күрк етіп жөтелді. Тастанның жөтелісі. Қадишаның іші мұздап қоя берді. Бір сұмдықтың боларын сезген ол, енді батыл басып үйге кірді. Оң жақта төсеніш үстінде тізелерін құшақтап, қақшиған қалпы екі бәйбіше отыр. Қат-қабат көрпелердің белін майыстыра түсіп көмілген Тастан сүйекті ағаш төсектен екі аяғын салбыратып жіберген. Белі құнысып, түнеріп алған.
Ешкім бір ауыз тіл қатқан жоқ. Бұл — Қадишаның жынына тиді.
Бұл не «жым-жырт» ойнағандай?! — деп қайда өтерін білмей босағада тұрып қалған Қадиша айнала шолып, ашумен қарады.
Үлкен бәйбіше бойына жаңа ғана жан біткендей, толық денесімен ырғала бір қозғалды да:
— Біз жым-жырт ойнамағалы қашан, қыз ойнақ қуып жүрген сен болмасаң, — деп Тастанға көзінің астымен бір қарап қалды.
— Еһ, үйде омалып отырсаңдар жым-жырт түгілі, көрге түк көрмей кірерсіңдер, — деп үлкен шайқастың боларын сезген Қадиша не де болса тайсалмай, ашық кетті.
— Сен секілді салт басты бедеу емеспіз селтеңдеп ел ақтайтын. Бағып отырған баламыз, күтіп отырған байымыз бар, құдайға шүкір, — деп екінші бәйбіше іліп түсті.
— Қызғанғандарың сол байларың болса, бердім сендерге! — деп қалай аузынан шығып кеткенін білмеген Қадиша тысқа бұрыла берді.
Осы кезде Тастан басын көтеріп алып:
— Қайда болдың түні бойы?! — деді қарлыққан зілді үнмен.
— Болдым ғой әйтеуір бір жерде.
— Ана бүлікшіл Ақан тағы да қыз алып қашыпты, тағы да сен шығарып берген шығарсың?!
— Ақан сені неғып тастап кеткен?! — деп қос бәйбіше қосарлана сөйлегенде, Қадишаның үстіне жай оғы түскендей боп, теңселіп кетті. Бойын тез жиып алып, оқты көзін қадаған Қадиша:
— Әттең, Ақан сері алмайды ғой, біреудің қалған-құтқанын қайтсын. Әйтпесе бұл үйдің төрінде жатқанша, серінің босағасында өлуге бақыл болар ем, — деп теріс айналып, есікті аша беріп еді, қос бұрымынан жұлынып, ұршықша үйіріліп барып қалай төрге мұрттай ұшқанын білмей қалды. Сол-ақ екен Тастанның бұзау бас етігі ішке, арқаға жауып кетті. Басын қорғаштай берген Қадиша көзі қарауытып, созыла берді. Кедейлігін, осында келіп байлыққа күп ете түсіп құтырғанын, күні-түні суық жүріс жасап сайқалсуын айтып, асты-үстін түгел қазған Тастанның балағат сөздерін де түгел ести алмады. Құлағы шыңылдап, есі ауа берді.
Содан түс ауа көзін ашқан. Үйде Тастан мен үлкен бәйбіше ғана отыр екен. Қадишаның тұла бойы көтертпейді. Үнсіз түнерген екеуге білдірмей орнынан тұрды. Бәйбіше алдында жатқан Қадишаның киім-кешегін лақтырып жіберді:
— Мә, ки мына кебіндеріңді.
— Сосын шық осы үйден құтты қонысымды лайламай! — деп Тастан зірк етті, — Далада ат-арба тұр. Қидым саған. Төркініңнен әкелген шоқпыттарың буулы жатыр. Бір сабақ жібің керек емес. Батыр қараңды. Қайда барсаң ерік өзіңде. Төркініңе барамысың, әшнажайыңа барамысың, енді боссың, талақ! Талақ еттім, зән талақ!
Қадиша тез киініп алды да, түк сыр білдірмей ширақ басып, үнсіз тысқа шықты. Есік алдында екі аяқ арбаға жегілген арық ат мөлиіп тұр. Қара суықта қолтығы дір-дір етеді. Қадиша да табалдырықты аттай бере қалтырап, арбаға сүйретіліп зорға мінді…
Бар болғаны осы. Қадиша қасында отырған Сұлтанмұратқа бәрін бүкпесіз айтып берді.
— Енді, сұрастырып отырып жол табармын, еліме барамын. Қорлық, мазақ арқалап барамын. Қайтып келді деп жұрт әке-шешемнің де бетіне салық қылар. Қайтем. Жазу осылай болды. Бірақ, титтей де ренжімеймін. Ата-ананың айтқанынан шыға алмай амалсыз қолға түсіп ем, ол тұңғиықтан ғұмыры өлмей шығам деген ой жоқ еді. Енді аяқ астынан құтылғаныма құдай алдында ризамын, Сұлтанмұрат, — деп жасты көзін көтергенде, жанары жайнап, жүзіне қайтадан күлкі ойнағандай болды.
Сұлтанмұратта жадырап:
— Жол таба алмаймын деп қорықпа. Екеулеп шықсақ, адаспаспыз, әуелі біздің үйге барайық, тынығып ал, төркінге бару қашпас, — деп аттың басын Қантай аулына бұрды…
Байбосын кешке дейін төрт ешкісін іздеп әуре-сарсаңға түсіп, табанынан тозды. Таңертеңнен бері ала жауын көктем жауынындай анда-санда төпеп кетіп, жиі ашылып тұрған аспан түс ауа тұтасып алған. Аспанда жөңкілген қарала-торала бұлт алаботаның түтініндей аунақшып, ауыл үстін бауырымен сыза көшіп жатыр. Жел қиыстай-қиыстай келіп терістікке бұрылған да, жел ызғар шашып көшкен бұлтты қайта ықсыра айдаған. Бүкіл ғаламның сұр бұлты қазір тек Қантай аулының үстінде ғана сияқты. Өткір желмен қоса қара жауын соғып тұр.
Басына киген күләпәрәдан аққан су иығынан сорғалап, жыртық шекпеннің етегінен құйылып келеді. Күздің соңғы өрісінен қайтқан малын іздеген ауыл адамдарынан сұрастыра жүріп, ақыры көз байлана Аю алған жұртынан төрт ешкісін тауып алды. Жаз бойы лақтары емшектерін созбайлап тартқан ешкілер жақында ғана суалып, аса қоңдана алмаған. Қара жүндерінен шөмеле үстінен жорғалағандай су тамшылап, иесіз қораның ығында бүрісіп, біріне-бірі жабысып тұр екен. Байбосын тауып алғанда қуанғанмен, айдауға көнбей ыға берген ешкілерді енді ұрсып келеді. Өмірі аузынан қатты сөз шықпаған момын адам әбден зығырданы қайнап:
— Ой, кебенек келгірлер, сорға біткен сорлы мал. Құйрықтарың шошаңдап не іздеп келдіңдер бұл жаққа. Аяқтарыңды көктен келтіріп, тегіс сойып алайын ба? Бәрібір жарылқанып жатқаным жоқ. Жеті атаңның аузын ұрайын, қу өмір, бірде адамға бетін, бірде сыртын береді деуші еді. Бетіңді берер күнің болмағаны ма. Шек былай, топалаң келгірлер, шек, шек, — деп зекіп, қараңғы түсе үйіне зорға жетті.
Жол бойы тұра-тұра қашып, бой бермеген төрт ешкіні қақпайлап жүгіріп, әбден өкпесі өшіп, сілесі қатқан Байбосын қораға енсе, өрістен қайтқан кәрі қызыл қасқа сиыр есікті мүйізімен жасқап қораға өзі кірген екен. Ашаға байлаулы бұзауының қасына теңкие түсіп, пыс-пыс күйіс қайырып жатыр.
Байбосын үйге кіріп үстіндегі шылқылдаған шекпенін босағаға іле салды да, қолқылдаған кең шапанын киіп, май шам алып қараңғы қораға қайта шықты.
Қасқа сиыр жалғыз болғанына қарай — сүтті, қанша қартайғанша әлі сүтінің маңызы кемімеген. Күзгі кезде желіні бұтына сыймай, жарылардай боп талтаңдап, емшегінен сүті ағып зорға жетеді. Осы үйдің жалғыз құты осы. Байбосын тісі-тісіне тимей дірілдеп тоңса да желіні айырылып кетер деп сиырын аяп, сауып алмақшы болды. Шамды қаңсыған ескі кебеженің үстіне қойып, сиырының сауырынан қағып еді, пысылдап орнынан тұрар емес. Тағы қақты. Сиыр ыңыранып, күйіс қайырып жата берді. Сол кезде ала көлеңке сәуледен бұзауға көзі түскен Байбосын сілейіп тұрып қалды. Әшейінде ағаш шелекті көргенде енесінің алғашқы иіндісін борпылдатып сорғанша асығатын бұзау ашаны шырқ айналып бас жібін ағытқанша аласұрушы еді. Қазір ол мінез жоқ. Маңғазданып, ол да енесіндей күйіс қайырып, тапжылмай жатыр. Аузынан бұрқ-бұрқ ақ көбік ағады.
— Қап, әттеген-ай, — деп қапаланған Байбосын қасқа сиырды алақанымен сартылдатып ұрып-ұрып жіберді. Бір-екі изеңдеп барып орнынан ауыр тұрған сиыр иесіне жазықтымын дегендей көгілдір көзі жалтылдап, мойнын бұрып ыңыранды. Желге үрлеген қуықтай тырсылдап тұратын әжімсіз желін жаңа сойған жылқының жалбыршақ қарынындай қатпар-қатпар боп солып қалған. Күзге қарай кіші-гірім тайыншадай болып, бұла өскен сом бұзау енесіне жанасып, түк қалдырмай еміп қойыпты.
Байбосын бос шелегімен салы суға кетіп үйіне кірді. Май шамның өлеусіреген жарығында үңірейген үй іші азынап тұр. Май шамды тапал қазандықтың кенересіне қоя беріп, бір қолымен қазандық қақпағын көтерді. Ішінде ештеме жоғын білсе де, әлденеге дәмеленгендей үңілді. Кешке сүт қайнатармын деп қаспағын қырып, жалтыратып жуып қойған қазан түбінде шегелеген тана көздей мыс жамаудан басқа түк жоқ. Сұлтанмұрат кейде бұрынғы әдетімен қақпақты жұла ашып, біраз үнсіз тұратын да ауыр күрсінетін. Бұл жолы Байбосын өзінің қалай күрсінгенін байқамай қалды.
Қазандық асты аузы-мұрнынан шыққан күл. Алдында қасан екі қой терісі жатыр. Маңы ыбырсыған ағаш жоңқалары, құранды қоқан ерінің қасы мен екі қапталы, лепіл ағаштар, ерші саймандары — шаппа шот, үскі, аталғы шот, тышуыр, бұрғы, қуысқұлақ, ыңғыру, балта, балғалар есікке дейін шашылған. Қазандық астындағы маздаған оттың алдында маңдайы тершіп ыңылдап ертеден қара кешке ер жасап отыру Байбосынның ежелгі әдеті еді. Тамақ істеп жүріп, «ойпырмай, сен бір, басқа жер табылмайтындай аядай жерге қыстырылып, аяққа оралғы боласың да отырасың» деп кемпірі күнде кейитін. «Оу, кемпірім-ау, сенің қасыңда отырмасам жұмысым өнбейді, әлі отың басылмаған жас қыздай емессің бе маған» деп Байбосын өз-өзіне көзін қысып, қуланатын. «Соқ өтірікті, соншама емешегің үзіліп отырғаны, одан да жасымнан қазандықтың қаспағын жалап үйренген мешелмін десейші» деп қара кемпірі де көзі күлімдеп, шалының қолына бір аяқ үйеме ботқаны, не құрт көжені мөлтектетіп ұстата берер еді. Кемпірінің саңқылдаған ашық даусы құлағына келген Байбосын: «Оуһ, дүние жалған десейші» деп жүрегі қарыс айырылардай оқыс күрсінгенде, тұла бойы түршігіп, қалтырап кетті. Екі тізесі мұздап, жауырын ортасы сіресіп барады. Суық әбден өтіп кетсе керек. Бұрын да күннің амалында тұла бойы құрыстап ауыратын Байбосын, оқыс шалқайып қалып еді, бел омыртқасы күтір етті. «Апырмай, ауырайын деп тұрмын-ау, үйде бала да жоқ» деп өз ауруын өзі тамыршыдай қолмен қойғандай алдын-ала білетін Байбосын кейіп, қазандыққа от жақпақ болып еді, даладағы суда қалған тезегі есіне түскенде амалы құрып, төсекке беттеді. Биыл өлмешінің қамын жасап, кемпірінен көргеніндей сиырдың жас кепесін күрекпен көңге аунатып қомдаған. Кепкен кезде ит арқа ғып қораның сыртына үйе салған еді. Кемпірі су өтпесін деп оның сыртын жас кимен сылап тастайтын. Байбосынға олай ету қайда. Қазір мына аласапыран қар жауында тезектен не қалды дейсің. Құдайдың мына іргеде тұрған қалың ағашынан да қиып әкелу жоқ. Баласы екеуі оны де күзге қалдырған.
Байбосын қабағынан қар жауып, қатты мұңайып ағаш төсекке аяғын шешіп шықты да, кемпірдің терсінді қалың көрпесін жамылып, бұйығып жатып қалды…
Қалың тоғай арасының ми батпағына арба доңғалағы күпшегіне дейін батып зорға жылжыған Сұлтанмұраттар ауыл шетіне ел орынға отыра өліп-талып әрең жеткен.
Дір-дір етіп тоңса да үйге арсалаңдай кірген Сұлтанмұрат әкесін жұлмалап жатыр.
— Тұр, тұр, әке! Әлден жатып қалғаның ба, әлі қызыл іңір, тұр, әке, тұр!
Көзі ілінбей, денесі күйіп, науқастанып қалған Байбосын баласы жан алқымға алып болмаған соң:
— Не боп қалды, соншама, — деп теріс қарап бүркене түсті.
— Тұр деймін, қонақ келді, лұқсат сұрап тұр, жауында жаурап қалатын болды-ау!
— Жаураса қайтейін, мұнда жауынның астымен келмей үстімен келіп пе?! — деп көзі қызарып қанталаған Байбосын баласына жақтырмай қарады, — Қонақ келсе кіргіз, ана бір қора ешкіңнің үш-төртеуін сой да, әйеліңе қазан көтерт, маған қайт дейсің.
Қараңғыда әкенің ашулы, сырқат жүзін көрмеген Сұлтанмұрат ренжіп:
— Қит етсе әйеліңе-әйеліңе дейтінің бар екен. Айналдырған төрт ешкіңмен неше әйел алайын, — деп, тысқа қайта жүгіріп кетті.
Байбосын баласын ренжіткеніне іштей қынжылса да, орнынан тұра алмады. Денесі ауыр тартып ұйи берді. Қолы қысқа болса да мейманды құшақ жайып қарсы алатын қонақжайлығына салып, басын көтерейін деп еді, тарамыстай ілектіре-ілектіре салған қырықжамау көң етіктей құрысқан дене жібермеді. Сүйтіп жатып қайран қалды. «Қонақ келді, лұқсат сұрап тұр дегені несі! Лұқсат сұрайтындай біз бір төре тұқымы ма екенбіз. Өзінде тіпті ес жоқ қой. Ақан сері емес пе келген? Қой, ол болса, лұқсатсыз-ақ келіп сәлем берер еді… Ойбай, келіншек болды!».
Үйге Қадиша кірді. Қатты жаураған. Су сорғалатып шалысын шешіп тастады. Байбосынның қуаныштан жүрегі бүлк етті. Енді ауруын ұмытып, көрпе астынан сығалап жатыр.
Келіншек барқыт шапанын да шешіп тастады. Қара ала кавказдатқан алақандай-алақандай қалың қапсырмасы жарқырап, Сұлтанмұратпен күңкілдесіп, әбігер боп жүр. Қазандық аузындағы саймандарды жиыстырып, қазанға су құйып, күл алып, жүгіріп далаға шығып кетті. Лезде тезек әкеп, отты маздатып жіберді. Сұлтанмұрат сарайдан қалған-құтқан бірдеме әкеп, күңкілдесіп жүріп қазанға салды. Өздері мәз боп күліседі. Жарасып-ақ тұр.
Бір кезде қорадан гүжілдеп самауыр кірді. Тоспалаған жималы дөңгелек стол жасалып, дастарқан жайылды.
— Тұр, әке, енді тұр, — деп бағанағы өкпесін ұмытқан Сұлтанмұрат қасына келгенде, шақыру күтіп жатқан Байбосын орнынан ширақ тұрды. Маңдайы жарқыраған, көзі күлген сұлу келіншекке ұяң ғана амандасып, қолын шайып, дастарқан басына отырды. Сұлтанмұрат от айналған көбелекше ұшып, әкесінің арқасына күпі әкеп жауып, қымтап әлек.
Бір шыныаяқ шайды ұрттай бергенде маңдайынан тер бұрқ ете қалған Байбосын өз-өзінен жымыңдай берді.
Үй іші лезде жылынып кетті. Шай құйып отырған Қадиша шағын ағаш үйдің ішін көзінің астымен шолады. Төбесін тақтаймен қобыздап жапқан аласа үйдің қазандығы жарма пешпен бөлінген. Үй жасауы тым жұпыны. Ыдыс аяқтың көбі ағаштан ойылған, көне аққұман мен бір-екі кәрлен кесе сыммен шандылған. Дастарқан да жұтаң. Тура Үлкен Қараойдағы өз үйі сияқты. Тек ағаш бұйымдар, төсек, есік, терезе кәсектері, төбе тақтайы шебердің қолынан шыққандығы көрінеді.
Киім-киіс, отырысы болған жердің адамына ұқсайтын алтын сырғасы, жүзігі жарқыраған келіншектің кім екенін түсіне алмай Байбосын қайран. Қазақ ғұрпымен қонақ жайын сұрайын десе, келмей жатып тым өлермендегісі келмейді, әрі көңіліне ұялаған қуанышынан айырылып қалам ба деп қорқады. Үшеуі де шайды үнсіз сораптады.
Әлден уақытта Қадишаның көзі сандық үстіндегі беті жабулы ер-тоқымның үзеңгісіне түсті. Оны аңғарған Байбосын:
— Сұлташ, ана ердің үстіндегі желқомын алып тасташы, — деп себеп тауып, сөз бастады.
Бүркенішін сыпырғанда қасы жарқ ете қалған жаңа ер-тоқым көздің жауын алғандай еді. Қасының маңдайын қара ала кавказдатып, айнала жиегіне, оқпанына күміс шеге қаққан ер-тоқымнын алды құлпырып, неше құбылады. Қастың тап ортасына келтірген бармақтай асыл тас пен оның айналасындағы төрт кішірек меруерт екен шам сәулесіне құбылып тұрған.
— Біздің жайды Сұлтанмұраттан естіген боларсың. Атаңның осындай кәсібі бар. Жұрттың бұйрығы бойынша ер, айыл-тұрман жасайтын, аздаған ағаш жонатын, темір соғатын кәсібім бар, қарғам. Сұлтанмұрат әнге, мен ұсталыққа болмасам, шаруаға қыбымыз жоқ, әйтеуір өлмешінің күнімен жүрген жандармыз. Кемпір өлгелі, үйдің түрін көріп отырсың, екеуміз де бір сынық шөпті көтеруге қыбымыз жоқ, епсіз бейбақтармыз, ыбырсып жатқаны мынау. Әйтеуір өзің қолың тиіп, осы үйдің бар дүниесіне жан бітті. Әйтпесе бәрі де біз сияқты тірі өлік еді.
Қадиша ақжарқын мінезбен аппақ тістері ақсиып күле тыңдап отыр. Кей-кейде Тастанның етігі тиген жерлері ауырсынып, қабағын шытынып қалса да сездірмеуге тырысады.
Бұл күні Байбосын үйіне жұмақ орнағандай болып, шалдың құрыстаған белі жазылды, ошақ басына құт келгендей өзгеріп, үшеуінің бетіне де қан жүгірді. Шөкімдей етті мол табақтай көріп тоя жеген Сұлтанмұрат қазандық түбіне кептірген домбырасын қолына алған.
— Әке, мына Қадиша қызыңыз ерен әнші. Қазір көресің, — дегенде, Қадиша көзі күліп:
— Әуелі өзің ауылдың алты ауызын айтпайсың ба, — деп әннен тартынбайтынын білдірді.
Ретсіз қылымсымай көптен үйренген жақын адамдай еркін сөйлеп, еркін күлген Қадишаға Байбосын қызығып, ынтыға қарай береді: «Шіркін-ай, келінім болар ма еді» деген арманын ішінен дұғадай қайталай береді. Енді әнін тыңдағанша асық.
Ән айтылмай қалды. Қуанышты түннің шырқын терезе қағып сырттан келген ел жігіті бұзып кетті.
— Бүгім-ай, кіре бер, есік ашық, — деп Сұлтанмұрат іштен айғайлаған соң, сырттағы жігіт етігі күрпілдеп, жүгіріп кірді де асығыс бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, сәнді киімді, жат келіншекті көргенде көзі жыпылық атты.
— Есенбісіз! Әй, Сұлтанмұрат, қайда жүрсін көрінбей, не естіп, не білдің?!
— Қайда жүрейін, ел ақтап келдім, — деді Сұлтанмұрат қабағын шытып, — отырсайшы. Шайға кел, аптығыңды басшы әуелі.
Мыжырайған кең шұлғауымен қобыратып босағаға сілке тастап, жалбыр тымағын лақтыра салған жігіт, жалаң аяғымен сып етіп шайға отырды.
— Иә, не боп қалды?!
— Естімегенің, — деді жігіт кесені ала беріп.
— Естісем айтпай-ақ қой, бұлданбашы, шырағым, — деп мезгілсіз уақытта жоқ өсекпен келіп, көтерілген көңілді бұзған жігітті ұнатпай қалды.
— Сен Ақанмен бірге болған шығарсың. Жасырып отырғаның сол ма?
Ақан аты естілгенде Қадиша да, Сұлтанмұрат та селк етісіп біріне-бірі қарасты.
— Иә, Ақанға не болыпты, айтсайшы тез, зарықтырмай.
Сұлтанмұраттың түсінен жасырын ештеме көрмеген жігіт «осы шын айтып отырмысың, ештеме білмейсің» дегендей ежірейе қарап отырды да, төпелеп соға жөнелді.
— Ойбай, өздерің түк естімепсіңдер ғой: ана ағакемнің үйінде Су Құсайын отыр. Сол айтты: Ақан тінәлі қажының Ұрқия деген қызын алып қашыпты.
— Не дейт!
— Ұрқия Кемел баласы Әнапияға айттырылып қойған екен ғой. Анық-танығын кім білсін, әйтеуір, Ноғай қарауыл Балташ дегенге де құда түсіпті. Содан не керек, Кемел тұқымы түгел көтеріліп, Нұртаза, Сүлеймені бар, — бәрі іздеу салып жатқан көрінеді. Ақанның қайда кеткені белгісіз. Қараталға бармапты. Нұртаза болыс бар жігіттерін құмырсқаша өргізіп, қаптатып жіберіпті. Қазір Көкшетау өңірін түгел қасқырша тіміскілеп, сүзіп жүрген көрінеді. Оязнайдан, қару-жарақ асынған ғаскер алып, қазір Ақан аулын қоршап тастапты. Тапқан жерде Ақанның басын алыңдар деп ақсақ оязнай Қанабалдың өзі бұйрық беріпті. Қазір сексен болыс деді ме, сегіз деді ме, әйтеуір бар дуанның жуандары, игі жақсылары Қоскөл жақта, әр ауылға бөлініп түсіп жатқан көрінеді. Баяғы кегі бар Сүтемген де, Ақтоқтының әкесі Бақтыбай, Шебек балалары, бүкіл Қожымның ақсақал, қарасақалы — бәрі сонда дейді. Не керек үлкен дау болғалы жатса керек. Ұрқия деген қыз да, ай, үріп ауызға салғандай, Ақанның қолы, серіге дәйт дейді ғой! Бұдан аман қалса Ақан сері жүз жасайтын шығар, — деп жігіт ұшып кегердей қопаңдап, суық хабардың ұзын-ырғасын келте-келте қайырып, сөзінің аяғын Су Құсайыншылап тәмамдады.
— Құдай-ау, елдің ардагер ұлына бір сұлуды қимағаны ма, қашанғы соңына сойыл алып түсе береді, — деп Байбосын кейіді.
— Қолға түсіп қалмаса жарар еді! — деп Қадиша, әлдебір жасырын мұңмен баяу күрсінді.
— Иә, соны айт! — деді Сұлтанмұрат та.
3
Бурабай тауының күзгі түні аса сұсты. Бір-біріне міңгесіп, иек артысқан түйе өркеш, ит жон таулар, состиған шыңдар мен құзар басындағы жақпар-жақпар сандық тастарды жарып шыққан қарағайлар қазанның түп күйесіндей қара бұлтпен астасып, тұтасып алған. Жазда айнадай жарқырап жататын момақан сұлу көлдерде тыным жоқ. Су иесі Сүлеймен үлкен ожауымен біріне-бірін құйып сапырып жатқандай, күні-түні ақ көбігін аспанға атып бір сарынмен сарылдап, гүрілдейді. Тау ішінің қалың орманы да күзгі жапырағын ұшырып шулап тұр.
Түн ортасында қу бұтақтарды жалпақ табанымен бытырлатып, биіктегі тас үңгірге баспалап жеткен қара аю ақырып-ақырып жібергенде үңірейген шатқалдар жаңғырығып, тау дүр сілкінді. Бурабайдың әр тасы бірінен-бірі жаңғырықты қағып алып, әр қуысына үлестіріп әкетті. Оқжетпестің басына шөккен момын піл ішін тартып, ысқырып, Шортандының құбыласында шалқасынан түсіп жатқан ұйқыдағы алып батыр ауыр күрсінгендей болды. Үңгірдің алдындағы қарағайларға байланған аттар тап тұсынан бұрын естімеген айбатты үн құлақ жарғанда оқыс осқырып, жанталасып, көздері шатынап, танаулары пырылдап, шылбырларын үзердей көкке қарғығанда, от алаулаған үңгірден шыға келген адам екі рет қатарымен мылтық атты. Аюға үйренгенмен, мылтыққа үйренбеген тау жыртқыштары гүрс етіп шың құлағандай селк етісіп құлақтарын қайшылады. «Не боп қалды» деп жарбаң етіп ұшқан жапалақтар көздері бақырайып, көр тоғай ішінде кезіп жүр. Шыңда мүлгіген кәрі бүркітте шаңқ етіп, қайрақ тұмсығын тақылдатты. Тау қолтықтарында шайқалған көлдер ғана кемерін құжынаған шағаладай ақ көбігімен сабалап, бір қалыппен шулап жатыр.
«Кенесары үңгірі» деп аталатын киіз үйдің ішіндей тас үңгірдің ортасында лапылдаған от. Отты айнала қоршап қу жапырақтарды жастанған жігіттер елең етісті.
— Әйтеуір аттарға абай болайық, аш аю жарып кетуден танбайды, — деп Ақан серіктерін аса үрейлендірмей сақтық айтып еді, сырттан кірген балуан Ожымбай қара аюдай жай басып, мылтығын тасқа сүйеді:
— Аюға намаз үйреткен таяқ деуші ме еді? Оған да жан керек екен, бастан құлақ садақа деп зытып берді.
— Ә, адамнан, мылтықтан қорықпайтын мақлұқ жоқ қой, — деп, Ақан әңгімесін жалғады.
Күні бойы тынбастан жауған қара жауын астында қалған жігіттер, үңгірге дірдектеп жеткен. Келе қу бұтақтарды жинап алып, өртеп, жаққанда үңгір іші ұядай жылынып сала берген. Қазір үсті-үстіне үстемелеп жаққан оттан жақпар тастар ысып, үңгір қайнап тұр. Әр жерге салбырата ілген киімдерден бу шығып, кебе бастаған. Бәрі көйлекшең пысынап отыр. Ақан алдында бұйығып, қалың қара шашы серінің тізесінен жерге төгілген Ұрқия ғана іш киіммен көрінуге ұялып, шапан жамылып жатыр. Отқа қарап балбырап көзі мөлдіреген сұлуын құшқан Ақан қу мекенде соңынан қуғыншы күткен үрейлі адамдай емес, арманына жетіп шалқақтап, өз үйінің төрінде баппен әңгіме дүкен құрған көңілді сері қалпында. От алауында қызарып, екі ұртына ғана жеткізіп басқан қою мұрт астынан көрінген аппақ тістері ақсиып, әжімсіз беті манаурайды. Бұдан екі жыл бұрын Ақтоқты қайғысымен күрт түсіп кеткен аяулы ағаларының жанары жалтылдап қайтадан жігіт қалпына келгеніне қуанышты Бәтжан, Ожымбайлардың да көздері күлімдейді.
— Содан, Құдайқұл атамыз уағдалы күні сал-серілерімен алыстағы қанжығалы еліне барса, тура қыз-ойнақтың үстінен түседі. Жарықтық Кенжебике анамыз топ қыздың ортасында үкілі домбырасы бұлғақтап, бүкірейіп он салып отыр екен. Құдекең аттан түсе бере тарпа бас салып айтыса кетеді. Содан бір-біріне жеңістік бермей рауандап таң атқанша айтысып, ақыры «үй қапырық болды, таңғы бозторғаймен үн қосайық» деп тысқа шығып, белдеудегі таң асқан аттарына мінеді. Қосалқы бір ат бар екен, оны Кенжебике мініпті. Жиындағы жастар: «бұл да бір көрмеген қызық болды, серілердің жаңа үлгісі болар» деп соңдарынан ереді. Құдекең қасындағы жігіттері өз аттарына мінген. Ел адамдарына дайын ат қайда, бәрі жаяу шұбырады. Сөз арасында сері бұрынғы айтқан уайымын қайталап: «әттең, қолым қысқа, әйтпесе сендей артық туған бұлбұлға он қыздың қалыңын беріп әкетер ем» деп зарлайды. Сонда қыз: «мал байлығы болмаса да сөз байлығы бар емес пе, сөзбен жеңсең мен сендік» деп қосады. Олардың екі жағын қапталдай жүріп шұбырған жұрт ол сөзге мән бермепті. Ел аралаған сері Құдайқұл бүкір қызға әдейі келіпті деп қайдан ойласын. Бүкір болса да ақындығына ақылдылығы, сөзіне көркі сай екен… Не дегенмен қалыңсыз қыз қайда? Соны түсінген қыз да, айтыса-айтыса келіп ауылдан әбден ұзағанда жаңа шыққан күн астында оттай жанып, құрбыларына былай деген екен: «Ал бауырларым, қарауылдың қара бүркіті ауылыма іздеп келіп, шұйлығып еді, ала алмады. Енді мен де бір әкенің бұлғақтап өскен азаматы едім. Ұрғашылық жасады деп мына қонақтар сөкпесін. Енді өзім барып Көкшенің бауырында айтысамын. Қайтып еліме келмесем, — жеңілгенім, қайтып келсем, — жеңгенім, «хош болыңдар!» деп желе жортып, топ жігітпен кете барған екен. Аңырып тұрып қалған қанжығалылар Құдайқұлдың Кенжебикені алып қашқанын сонда ғана біліп, сандарын соғыпты. Үш күндей ұрлана жүріп алғаш жасырынған жері осы біз отырған үңгір екен.
— Ой, ғажап-ай!
— Шынымен осы үңгір ме? — деп таңырқасты жігіттер.
— Иә, иә, осы үңгір. Соңынан қуып келіп, тауып алар қуғыншыдан қауіптенбей еркін жайғасқан соң, уағданы бұзбай, екеуі осы үңгірде басқа жігіттердің алдында тағы да ұзақ айтысыпты. Ақыры атамыз Құдайқұл жеңіп, анамыз Кенжебикемен осы үңгірде алғаш рет табысқан екен.
От жарығының астында, Бурабайдың қалың қарағайындай қою өскен, ұзын кірпіктері жалп-жалп етіп тыңдап жатқан Ұрқия осы жерде мырс етіп күліп жіберді. Басқа жігіттер де қосылып, ду күлді.
— Бұл онда құтты үңгір болды ғой.
— Құдекең сияқты сіздер де ұрпақ жаярсыздар!
— Аумин, айтқаның келсін, — деп беттерін сипаған жігіттің бірі:
— Шынында ақындық сіздің арғы атаңыздан дарыған екен ғой, бұрын да бір шала-шарпы естіген ем, о кісі сіздің нешінші атаңыз? — деді.
— Төртінші ата ғой. Құдайқұл, Құдайқұлдан — Бекназар, Сапақ, Жаназар, Бекназардан — Жарқын, Жарқыннан — Қорамса, Қорамсадан — мен, Рамазан, Мұхаммед, Әйберген… Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу деп, Құдайқұл атамыз бен анамыз Кенжебике тұзы жарасып, артына осынша ұрпақ жайған екен, — деп Ақан өз-өзінен толқып, жігіттерден именбей бауырына қысқан Ұрқияның жұқа қос қабағынан ұзақ сүйді, — Енді, Бәтжан, «Ләйлі — Мәжнүн» хиссасын айтшы, бәрібір ұйқы жоқ, біраз сергір ме екенбіз.
— Ақан аға, соның кей тұсынан жаңыла берем, — деп Бәтжан отқа үстемелеп бұтақ тастай беріп, сәл қысылып еді.
— Ештеме етпейді, қайта осындай жерде жаттығып ал, ұмытқан тұсыңды өзім есіңе салып отырамын, — деп Ақан кеспелтек бір бұтақты домбыра орнына ұстата берді.
Көкше өңіріне жана тараған мұңды дастанды Бәтжан қоңыр үнмен бастап кетті…
Қасында серігі бар, түнделетіп жасырын жортқан Шәкей Шортанды станциясынан ұрланып өтіп, Бурабайдың шетіне таң біліне іліккен. Қалың жыныстың арасымен суға малынып, ұзақ жүрді. Тағасыз аттармен құмалақша шашылған малта тасты жалғыз сүрлеумен жоғары қарай зорға ілбіп, кигіз үйдің шаңырағына өрмелеген құмырсқаша титықтап келеді.
Тау іші салқын, әрі дымқыл. Таң ата бүрікпе жауын толастап, ашылғанмен, қалың қарағай ішін соқыр тұман басқан. Анда-санда жерде тұман сиреп, кей тұсы ашылып кетеді. Шәкейлер ондай алаңқайда деміккен аттарын тоқтатып, аз да болса сарығып, тынықсын деп аттың белінен жерге түседі. Тау етегінен көз тастаса, соқыр тұманнан түк көрінбейді. Алды ашық сияқты. Бірақ аса сұсты. Тау басына дейін қою шықтан түнерген күзгі қарағай найзаларын көтеріп, үнсіз белгі күткен қалың қол, мың-мың ғаскер секілді.
Сарғайып таң атты. Тоғай ішіне бозамық таңдай болып боз тіршілік келді: түнгі ұйқыдан оянған тау құстары бір-біріне енжар дыбыс беріп, қысқа үнмен хабарласып жатқандай. Бейуақытта жүрген жолаушыларды таңырқағандай, иә мүсіркегендей қарағай бұтағына қонған сауысқан таңдайын қағып біраз шықылықтап отырды да, қалақ құйрығын созып, жыпың етіп, ұшып кетті. Жақын арада қарағай қабығын аршыған тоқылдақтың үні келді. Күн шыға тау үстінде ала бұлт көшіп жүрген. Бауыры қанға боялған күз бұлтына, қызыл күн алтын жебелі жүздеген оғын қатар атты да, қылт етіп, биік өркештің ортасынан маңдайын көрсетті. Қайтып күн көрінбейді. Құбыладан қаптаған тұтас алапат бұл күннің көзін қайтадан сірестіріп басып алды. Тоғай іші қайтадан сұрқай тартты.
Шәкей тау ішіндегі достарына белгі беріп, ыңылдап ән айтып жеткенде, «Кенесары үңгірінен» түні бойы ұйықтамай, ауыл жақтың хабарын үрейлене күткен жігіттер де үңірейіп-үңірейіп шыға келген. Бәрі жолаушыларды қаумалап, аттан түсіріп алды.
Құлақтарын тігіп, небір суық хабарды естігенше асыққан Ақандарға Шәкей сыр білдірмейді.
— Өйдейіт дерсің, өздерің тіпті жұмақтың төрінде отырғандайсыңдар ғой, туһ, дүниенің рақаты осында ғой, — деп маздаған оттың алдына жүрелей түсіп дәу қоржынның бауын тартты. Ұрқия түндегі орнынан әлі тапжылмай серінің құшағында отырған.
Ұрқия, шашың жібек, қанжар қасын,
Көрінер тамағыңнан ішкен асың.
Жаманға сені қор ғып қия алмаспын,
Тірлікте аман болса ғазиз басым, —
деп ыңылдап Ақанның әнін айтқан Шәкей, шиеленген ызыңды бауды зорға шешіп, — Оу, Ұрқия, көтер кәне басыңды, өз қолыңмен жай қане, дастарқанды — асыңды, — деп тақпақтап, қоржын ішінен тақталап бүктеген мол ақ дастарқанды шығарды.
Ұрқия басын көтеріп алғанда, қолқылдаған кең шапанның ішінен кәдір түнінде ашылған аспан қақпасындай аппақ аққу төсі бір жарқ етті. Тез қымтана қойған қыз бұрала басып, Шәкейдің қолындағы дастарқанды оттың іргесіне жайды. Ақ білегін түрінген қыз қолына кесек-кесек ет әперіп жатқан Шәкейдің аузында дамыл жоқ. Тістері ақсия күліп, сөйлеп отыр:
— Мынау, Жаңыл шешейдің, сенің болаша алтын енең, Ұрқия, соның әдейі пісіртіп жіберген тоқтысының еті. Дастарқанды алмаймын, далада жүрген оларға не сән керек деп едім, шешей болмады. «Өзім көрмесем де, қолымнан алғаш дәм тататын қызымның дастарқаны мол болсын, — деп ырымдап, тоқты етінің бір жапырағын тигізбей түгел салды, мына біреу сенің төсің, келін шырақ. Ой, апам деген алтын ғой, шіркін, анда-санда көзіне жас іркіп алып, «мына құдайдың күні де бір ашылмады, жауын астында Ұрқияжан жүдеп қалатын болды-ау» деп, маңында ешкім болмаса да, құлағыма: «Олар қайда жүр, бір баспана тапты ма, Ұрқияжанымды жүдетпеңдер әйтеуір» деп сыбырлап, Ақанынан бұрын сені аузына алады. Қайтсін! Бірақ, сендердің қайда екендеріңді апама да айтпадым. «Амандық болса көрерсіз, келініңіз ай мен күндей, ішкен асы тамағынан көрінеді, ақыл деген бір қап, алған бетінен қайтпайтын қайсар, не керек серінің нағыз серігі, Ақан неше жыл іздеу салып жүріп, темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болғанда, тапты ғой ақарманын» деймін… Ал, мынау, күлше нан. Апам әдейі арнап, жұмыртқаға илеп, саған пісіріп жіберді. «Наннан үлкен ештеме жоқ, алдымен өз қолыммен пісірген осы күлшені жесін», — деді, — деп, бетіне ағаш қасықтың басын айшықтап-айшықтап батырған сап-сары күлшені ұсынды.
Үңгір іші Шәкей келгелі бұрынғыдан бетер жылынғандай. Дастарқан үстіндегі тоқтының басынан бастап, әр мүшесі үюлі жатқан тоңжелін етке қарап жұтынып, кешеден бері нәр татпаған жігіттер пышақтарын жалаңдатып даяр отыр.
— Ал мына жағында тамаша нәрсе бар, — деп ортасынан теңдеп буған қоржынның екінші басын ағытқан Шәкей, ішінен салақтатып бір торсық қымыз суырды. Оның артынан шағын бұқар құманы мен екі сырлы тостаған шығарды. Содан соң тұқыраңдап, ішкі бешпентінің терең қалтасынан алып, қадымша жазылған, сарғыш кітап қағазына ораулы жұдырықтай бірдемені Ұрқияның қолына ұстатты. — Мынаны апам әдейі жіберді. Шай. «Қарағымның бойы жылынсын, далада тоңып жүр ғой, балапаным!» — дейді. Қайдан білсін ол балапанының ұядай үңгірде балбұл жанып, сері балапанының ыстық құшағында отырғанын, — деп жігіттерді бір күлдірген Шәкей, — ал, сендер тамақтана беріңдер, — біз енді қабығымызды кептіріп алайық, — деп, сырт киімін шеше бастады.
Түні бойы «Ләйлі — Мәжнүн» хиссасын айтқызып, өзі де ертең сол екі Мәжнүн құсап осы үңгір аузында қалатындай сәл ұнжырғасы түскендей болған Ақан Шәкей келгенде, артындағы бар туысы, өзін сый тұтқан бар ауылы көшіп келгендей жадырап сала берген. Шәкей Ақанға жолдас қана емес, енді қайнаға болмақ. Ақтоқтыдан соң құлазып қалған cepi қайғысын бірге көтерген Шәкей арада екі жыл өткен соң, жасы он жетіге жаңа жеткен, ақылға да, түрге де бай өзінің немере қарындасы Ұрқияны сырттай таныстырып, досына лайықтаған. Ұрқиямен екеуін алғаш кездестіріп, табыстырған да Шәкей. Араға айлар салып бір-біріне қатты құмартқан екі жастың ғашықтығына көзі жетіп, Ұрқияны үйден алып шыққан да Шәкей. Қу тілді, пысық Шәкейге қарап, қияметтің қыл көпірінен де бірге өтуге даяр досының ақжарқын мінезін қызықтап отыр. Шекесіне таңған ақ орамал шетінен қан білінеді. Көзінің алды көкпеңбек. Соққы көрген адамның сыңайы бар. Бірақ оны ешкім сұраған жоқ. Сұратуға келтірген де жоқ. Үсті-басы малмандай су боп, ұзақ жолдан, түнгі ұйқыдан қажып жетсе де, ешкімге міндетсініп, бұлданып сыр білдірмейтін Шәкейдің бойынан қазір Ақан қиындыққа, қайғыға төзімді, досқа дегенде қон етін кесіп беретін, отқа-суға айдасаң да қыңқ етпей жүре беретін, сүйтіп жүріп аузынан қалжыңы, көмейінен әні түспейтін өз жұртының, өз халқының ең жақсы қасиеттерін, үлгілі мінездерін көргендей. Өз елінің ішінде, өз қауымының ортасында өз бағасын да танығандай. Әттең… Күншілдік пен жауыздықтың таспасынан қамшы өретін аз топтың ел шарқын бұзып, жуастыққа жуандық, меймандыққа айуандық көрсететіні-ақ батады. Әйтпесе, қазақ даласы, сахара тіршілігі ән, күй шуағында тербелген шалқар теңіздегі азат кемедей ғой…
Жігіттер ас ішіп тоғайып алған соң барып Ақан:
— Ал енді әңгімеңді айтшы, не көріп, не білдің? — деген.
Шәкей ел ішіндегі үрейлі хабарды, қабақ шыта отырып жай-жапсарлап жеткізді.
— Жағдай жаман, Ақан. Ел іші бүлініп жатыр. Біз Ұрқияны әкеткен күннің ертеңінде-ақ Кемел тұқымына хабар жетіпті. Нұртаза мен Сүлеймен намыстан жарылардай боп бүкіл отыз ауылдың жігітін атқа қондырып, аттан салып іздепті. Көбі адасып, Қызылжар жағын, туу Түменге дейін сүзіп шықса керек. Оязға барып, ғаскер де алдырыпты деседі. Ақыры амалдары құрып, оязға бобылық жарияла деп шағым айтса, Коновалов ел арасындағы жер, жесір дауын билер сотымен шешіңдер, солардың шешімімен іс қылыңдар. Мен соны қолдаймын депті. Сонымен, қазір, Нұртаза атығай-қарауылдың игі жасыларын, атқа мінер шонжарларын, молла, қожа, шорт-мазараттарын түгел шақырып, Қоскөл маңында әр ауылға бөлініп түссе керек. Күнде шапқылап, елді түгел жиып, босып жүр. Түрлері кісі өлтіргендей екен. Мен аңдаусызда қолдарына түсіп қаламын деп, біраз таяқ та жеп алдым. Бұл жолы Ақанның қасында болғамын жоқ, білмеймін деп, бір күн қамауда отырып, зорға құтылдым. Келесі күні айтқан тапсырмаңмен Әлекеңе бардым. Зілғара тұқымына хабар салмаған екен. Әлекең естісімен: «Ішіңді ұрайынға барамын, сыңайларына қарай көрем, тіпті икемге көнбей бара жатса Әлекең күш көрсетуден де танбайды» деп уағдасын беріп қалды. Содан із тастап жүріп, Қараталға барып, сәлем-саухаттарын алып, түнделетіп шықтық. Екінші күн дегенде зорға жеткеніміз осы.
От қызуына жазық маңдайы жіпсіген Ақан басын төмен салып, ұзақ ойланып қалды. Әлден уақытта барып ұйқыдан қызарған үлкен көзінен от шаша жігіттерге бір қарады да:
— Ұрқияш, бері келші, — деп, биік өкше етігі сықырлай басып, қасына келіп бір жамбастай отырған Ұрқияны тағы да бауырына қысып, шашынан сипады, — Не көрсек те енді жазу біреу, көрдік, көндік. Солай емес пе, қалқам! Басымды ажалға тіктім! Қолымнан беріп, қоншымнан басып тіршілік етер енді менде хал жоқ… Қалған өмір сенімен ғана өтпек.
Ұрқия да көзі мөлдіреп, Ақанға қарап оның сөзін құптағандай жымиып күлді. Тұнық көлдің иіріміндей шұңқырая қалған екі беттен алма-кезек сүйген Ақан:
— Екі беттің шұңқырында екі періште. Қоғадай майысқан әр кірпігіңде бір-бір періште. Өзің де періштесің, жаным, — деп емірене, еркелете құшақтап, жігіттерге белгі берді, — Ал, киініп тысқа шығыңдар. Ұрқия да кебу киімдерін ауыстырсын…
Отты сөндіріп бәрі далаға шыққанда, аспан сызданып, жаумай тұр еді. Тау іші, аспанды торлаған бұлт ауа буланып, бар табиғаттан дымқыл сыз білінеді. Таң алдында шыққа қалың түскен ақ тұман төмен қарай жылжып, етекке тұрып қалыпты. Бурабайдың қазіргі тұрқы Нұх пайғамбардың кемесі, немесе иесіз арал сияқты да, жан-жағы түпсіз тұңғиық топан су сияқты.
Көкшенің басындағы ну орманның арасынан тап аяқ асықтың бауырындай ғана боп көрінген сырғанақ шайтан тасқа көзі түскенде Ақанның тұла бойы түршігіп кетті. Ертерек заманда құдай алдында күнаһар болған жанның үкімін шығарған дін иелері, оны сол тастан лақтырып, жазалайды екен дегенді талай естіген. Оның оң жақ, сол жақ қапталындағы жалаңаш таулардың арса-арса тастары, беттерін әжім басқан кемиек шалдар сияқты. Қайсыбірі көздері үңірейіп, тістері ақсиған бағы заман адамдарының қураған бас сүйегіне де ұқсайды. Қашан келсең көз тоймайтын сұлу Көкшенің қазіргі өңінен адам шошырлық.
Құлагерге мінген Ақан, алыстағы ауыл жағына қарап:
— Апыр-ай, ел жақтың түсі қандай суық еді. Анау бұғып жатқан қараңғы тұманның астында қалың қасірет, мың батпан мұң жатыр-ау. Елге лаң, ерге қайғы салған тоң мойын надандар тағы да сол тұманның астында сойыл сілтесіп, тіл безесіп, майдандасып жатыр-ау.Тым құрмаса бір рет ана қара тұманға тау үстінен, биіктен қарайтын күндері болмағаны ма?.. Ай, сейілер түрі жоқ, не деген ұсқынсыз тұман еді, — деп біраз толқып тұрды да, жігіттермен қоштасты. — Ал, достарым, бауырларым, тілектеріңе, шын жүректеріңе мың да бір рақмет! Сендердей қамқор паналары болмаса, жалғыздың үні де шықпас еді. Неше күн, неше түн ұйқы-күлкісіз дала бейнетін бірге тарттыңдар. Енді, салтанат құрып, топтанып жүрер жағдай жоқ. Апандай ашылған ажал аузынан аулаққа шығарып тұрсыңдар. Елге оралыңдар, ауылдарыңа бөлек-бөлек жасырын кірерсіңдер. Ұрқия екеуміз үшін жаза тарта көрмеңдер. Тіршілік болса, әлі-ақ көрісерміз. Қарауылға қырын қарар қалың керейдің ішіне кеттім. Онда тиянақ таба алмасам, аспан асты кең, бүкіл үш жүздің жері — менің жерім. Хабарды Шәкейден білерсіңдер. Ал, жол болсын, хош, бауырларым! — деп, Ақан, Ұрқия, Шәкей үшеуі Оқжетпесті бетке алып ылдилап жүріп кетті.
— Жолыңыз болсын, Ақан аға!
— Ылайым, қуанышпен көрісейік.
4
Күні кеше Сүлейменмен құда түсіп, жылы емеурін көріп көңілі судай тасыған Қорамса баласының төбесінен жай түсіргендей лаңын естігенде қатты шөгіп қалды. Екі күн нәр татпай, күннің амалына қарай ескілігі де ұстап, тас-түйін оранып жатып алған. Қасына отырып, басу айтқан Жаңылға да тіл қатпады, тер ұстап, денесі от боп қызған Қорамса құдалықты кейінге қалдырып созбайға салған Нұртаза, Сүлеймендерге ерегісіп, Ақанға Ұрқияны әдейі өзі алдырғандай іші де өртеніп барады.
Үшінші тәулікте Қорамса орнынан зорға тұрды. Зорлап тұрғызған Нұртазаның поштабай, атшабарлары. «Егер еркіңмен бармасаң, аяқ-қолыңды байлап апарамыз, бұйрық солай», — деп дікіңдеген соң, өйтіп мазақ болмайын деген Қорамса кейіп жүріп амалсыз киінді:
— Құдай-ай, бала бермедің, басыма пәле берген екенсің ғой. Сақалым ағарғанда тілегенім осы ма еді. Көрсеттің ғой, көрсеттің ғой!.. — деп кісесін таға алмай қолы қалтыраған шалына:
— Жарайды енді, болары болды. Сүлейменнің қызын алмады деп құрыстама. Одан да балаларыңның тілеуін тіле. Ана қасқырлардың ортасына барғанда, құйрығыңды шабыңа тығып, панасыз екі пақырды қосыла кінәлап, алдарына жығып берме. Басың кетсе де, басыңды сақта! — деп, Жаңыл ұнжырғасы түскен ерін біраз қайрап жөнелтті, — Мен де соңыңнан барармын…
Аттың жеңіл бүлкегімен ұзақ жүріп, Баялы ауылына Қорамса іңірде жетті. Mөp басқан қағазбен шақыртқан соң жан-жақтан құйылған бек, шонжарлар Мырзалы балаларының қанаттаса қонған ауылдарына бөлініп түскен. Бүгін бәрі Баялы байдың ағаш үйіне бас қосып, жиналған екен.
Үйдің маңы бықырлаған адам, қаз-қатар тізілген айыл-тұрманы бірінен бірі асқан өңшең қабырғалы семіз аттар. Қорамса келгенде үйден кіріп-шығып жүргендер бір-біріне «келді, келділеп», қаралы кісіні көргендей үнсіз бас изесіп, үрейлі көзбен қарсы алды. Бірі мына суық жиынның арты немен тынар екен деп жүректері алып-ұшып, ара түсуге қауқары болмаса да басы-қасында болып қара көрсетейік деп келген жанашырлар, енді бірі аты жиын десе жақсылық па, жамандық па, әйтеуір қызық көрейік деп ұмтылатын далақпайлар, қайсыбірі сойылып жатқан малдан дәм ауыз тиіп қалуға жұтынған өлмеші қарттар мен қатын-қалаш.
Баялының ала көлеңкелеу дағарадай кең үйінде өлік шығаруға дайындалғандай мүлгіп, екеу-екеу боп күңкілдескендер Қорамса кіргенде тына қалған. Жақында ғана жарқылдап сөйлесіп, төс тақасқан құда болмақшы ниеттегі Сүлеймен, Нұртазалардың бетін көруге жүзі шыдамаған Қорамса жасқаншақтанып басын көтере алмай, жұрттың шетін ала отыра кетті.
— Оу, отағасы, ассалаумағалейкүм, — деп орнынан гүрілдей қозғалақтаған біреу сәлемдескенде, Қорамса даусынан таныды. Әлібек батыр екен. Оның артын ала біраз адам жамыраса амандасып жатты: Бекболат би, Сасықтың Тоқсанбайы, Жантайдың Мақаны, Бегалының Кенжеболаты тағы басқа игі жақсылар екенін даусынан шырамытты. Тура қарауға бет жоқ. Сонда да жиынның жарым-жартысы сәлемдескеніне, үндеріне қарағанда іші жылып қоя берді. «Біз саған теріс қарамаспыз» деген шырай байқалады.
Түсте жиналған билер өзді-өзі біраз шарпысып, әлгінде ғана тамақ ішіп алған соң аз тыныстап отыр еді. Қорамса келген соң сөз қайта тірілді. Оязнай Коноваловтың айтуы бойынша билер жиналып, бір сөзге байлам жасауы керек екен. Олардың шешімін Коновалов заң жүзінде орындамақ. Мұнда екі жақтан шығып айтысар би болмағандықтан, бар болыс, билердің сөзіне төрелік айтатын қазық би етіп, орталарынан Қошқұлы Сұрағанды сайлапты. Ең төрде отырған сол. Оның екі жағында Бекболат би мен Көбен би.
Қорамса келген соң, қара бурадай жұлынған Нұртаза тісін қайрай түсіп қайтадан сөйледі.
— Міне, менің жауым келді. Қас жауым. Іргемде жымысқы жүріп жағадан алған жауым, — деп шұйлыққанда, Әлібек шыдай алмады.
— Оу, Нұртаза, сенің келініңді тартып әкеткен Қорамса емес, Ақан cepi емес пе еді. Әй, отағасы, өзің салын суға кетіп неғып отырсың, еңсең неге басылады, — дегенде, Нұртаза жақ бір-біріне қарасып, жөткірініп қалды. Әшейінде көлденең кіріскен адам болса бетінен қауып алатын Нұртаза Әлібекті қағып тастай алмады. Қазір Әлібек Зілғараның ғана Әлібегі емес, батырлығына, сүйегіне сай, арқа тірер аюдай ақырған атығай ішіндегі тегеурінді болыс інісі Ережеп бар, алда келе жатқан болыс сайлауына түсетін Ақбұзау інісі отыр қасында. — Сен де, Нұртаза, жау шаптылап, байбаламдамай не тілейсің, соныңды айтпайсың ба, ішіңді ұрайын!
Шақырусыз келген Әлібекке бата алмай, зығыры қайнаған Нұртаза айылын жиып, сәл баяуласа да, тізгінін тартпады.
— Жау демегенде не дейін. Ертең көрер қызығымды ойрандаса. Талай жыл бұрын ақ адал малдың басын мүжіп, енді бүгін адам басына салып отыр азуды. О заманда бұ заман қайта шапқан жау жаман деуші еді, Ақанның лаңы жетті енді. Ана жылы Сүтекеңе ауыз салып еді. «Жарайды артын күтейік, қояр» деп, ел болып үнсіз шыдап едік. Шыдамның да шыдамы бар, енді басымызға секіріп болды ғой бұл Ақан. Оны істетіп отырған мына сығыры әкесі Қорамса. Әдейі істетіп отыр. Құтырайын деген екенсің. Жо-оқ, жарандар, бәріңе айтарым сол — Ақанға бобылық жариялатып, ұстату керек. Жердің тесігіне кіріп кеткен жоқ. Сосын ит жеккенге айдату керек. Оған дейінгі сұрарым — Ақан табылғанша әкесін кепілдікке Ояздың қолына тапсыру. Өйтпей тынарым жоқ, жандарал күбернаторға дейін барамын. Аяғым жетеді, — деп көзі аларып барып тоқтады Нұртаза.
— Осы менің түсіне алмай отырған бір нәрсем бар, — деді қаба сақал, қасқа маңдай Жантайдың Мақаны. Бұл — қолы қысқа кедейлеу болса да ел арасында әділ билігімен аты шыққан, аздап өлең шығаратын, бір бет, шақпа тілді ақпа би еді, — Жарайды, Ақанға бобылық жариялатып қашқын, бұзақы ретінде ұстатып ит жеккенге, тескен тау өткізіп, Қырым мен Қытайға, ертегінің барса келмесіне батамызды беріп аттандырайық. Жә, дедік. Сонда Ұрқияға қандай жаза әзірлейміз. Алып келіп аман-есен Әнапияға қосамыз ба? Әлде оны да Ақанмен бірге жөнелтеміз бе, мұрындары үсіп өлсін бәлемдердің, ә? Осыған жауап беріңіздерші. Өзің айтшы, Нұртаза?
Тығырыққа тірелген Нұртаза тап-тақыр жұмыртқадай басын сипап, көмек сұрағандай жан-жағына қарап тамағын қыра жөткірініп еді:
— Ойбай-ау, Ұрқияны тауып алса, қалыңдық берген күйеуіне қоспағанда, саған берер дейсің бе, — деп біреу қиқ етіп күлді. Қорамса жаңа аңғарды, Сүтемгенді сағалап, соның ығында жампаңдап отырған Бақтыбай екен.
— Әрине, Әнапияға қосамыз. Сол да сөз боп па! — деп Нұртаза да жеңілденгендей болды.
— Екінші бір сауалым, Нұртаза, Ақанды ұстатамын деген Қанабалың осы оқиғаның жай-жапсарын, Ақан серінің кім екенін сұрады ма?
— Сен де сұрамасты сұрайды екенсің. Ақан кімнің шікіресі еді, оны сұрап қайтеді Коновалов, оған қылмысты адам болса болды, одан басқа не керек, — деп Сүлеймен кіжіне жауап берді.
Мақан қайтып үндеген жоқ. Кейін сөйлермін дегендей «Ә-ә» деп, миығынан күліп, жалпақ маңдайын сипай берді.
Нұртаза зығыры қайнап, «аузыңа құм құйылып отыр ма» дегендей қасындағы Көбей биге алара қарады. Әшейінде ауыз жаппай ақкөт торғайша шыбжың қағатын ол мына топтың алдында тосыла берген. Ана жылы Сүтемген үйінде Бекболатқа тиісіп, сыбағасын алған жеңілтек бидің қызы Күләйім бетіне салық болған. Қырық рулы ел естіп, ауыздан-ауызға тарап кеткелі Көбей жер дауына араласса да, жесір дауы, қыз дауы дегенде тілі күрмеліп, үнсіз кететін. Бұл жолы Нұртаза әдейі дайындап әкелген соң сөйлемеуге әдді жоқ — аз мүдіріп барып сөйлеп кетті:
— Оу, жамағат, осында жиналған бәріміз де бір-бірімізге бөтендігіміз жоқ, атығай-қарауылдың ұрпақтарымыз. Барды бардай, жоқты жоқтай бөліп-жарып әркімнің өз үлесіне, құдай берген ризығына қиянатымыз жоқ кіндігі бір елміз. Сол себепті осында келгенде ара ағайын боп, бір-бірімізге зәбіріміз болса, зорлық етіп, қорлыққа салсақ біреуді, соған араша түсер ағайындығымызды көрсете келдік. Иә, бүгін арамыздан зорлықшыл, қиянатшыл жан табылып отыр. Қорланған жұрт содан қармыжысын сұрап отыр. Зорлықшыл, сотқар Ақан. Бүкіл атығай-қарауылдың, қала берді Орта жүзді жайлаған ат жетер жердегі арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, керей, уақтың бір қызы бұйырмап па. Ылғи ауызды біреудің қалыңдығына салады. Кешегі өзі соғып алған Бірішек сияқты ел арасын бүлдіріп барады. Салмаған таңбасы, батырмаған бармағы қалмады.
Осы бір тұстан ағындап өте шығармын-ау деген Көбеннің ойы болмады, ең қауіптенген зәрәзәп жерден ұстап, гүж етіп Әлібек тура қотырдың бетін тырнап алды.
— Сенің қызыңа да батқан Ақанның бармағы ма еді, байғұс-ай, — дегенде төрдегі Тоқсанбайға дейтін шыдай алмай күліп жіберді.
Бұдан әрі Көбей де кібіртіктеп, адымы тарыла берді, беті оттай күйіп, сөзінен жаңылып, не айтып, не қойғанын білмеді.
— Иә, иә… Ақанды жазалау керек. Ол кімнің шікіресі деді жаңа. Иә, сол кімнің шікіресі, кімнің әулиесі?! Басындырмау керек. Ертең оның жолын басқа қуса, бара-бара қазақтығымыздан қаламыз. Елдің салты, атамыздың дәстүрі бұзылмақ. Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғы арба содан жүреді. Ақан найсап ел ішіне у сеуіп отыр, ертең бар жасымыз сол умен уланады. Бүгін ауыздықтамасаң, ертең тізгіннен айырыласың. Бұл бір кесел, елге деген індет. Оған алдын ала шара қолдану керек. Ауыл шетіне қарғаша салып, өрттей қаулап келе жатқан індеттен сақтану керек. Оның емі — аластау, ағайындар, аластау!
— Дұрыс айтады, дұрыс, бұл кімді бүлдірмеді. Осы күнге дейін құдай қосқан құдам Сүтекеңмен де арамызды ашып қойған Қорамсаның жетпегірі емес пе, — деп ұсақ сөйлеп, тағы бірдеме деуге ұмтыла берген Бақтыбайға Сүтемген қызыл көзімен жаратпай қарап, бірдеме деп зекіп тастады.
Осы тұста Қорамса да басын көтеріп алып зірк етті.
— Аузыңнан бір аталы сөз естімей-ақ кеттік-ау. Қатын-басшыланып саған не жоқ.
Қорамса сөзіне Нұртаза ытырына қалды:
— Мұнда біз сөз таластырып қағысқалы жиналғанымыз жоқ. Әркім өз кесімін айтсын. Тоқа, енді қыз әкесі не дер екен. Кемел тұқымының қалың малын астына басып, қызын қашыртып жіберіп, өзі тасада қалыс қала ма, әлде оның да мына жұрттың алдында берер жауабы, тартар жазасы бар ма?!
Жұрт Тінәліге қарады. Сақал-шашы қара бурыл, отырғанда көбінен мойны ұзын, денесінде арам ет жоқ қағылез, өңі жуас қажы кінәсін мойындай сөйледі.
— Мен не дейін, қызымды қолымнан жөнелткен жоқпын. Әке ризашылығын алмай кеткен қыз, үйден өз бетімен кеткен адам. Өз бетімен кеткен қыз сүйгеніне, өз қалағанына бармақ. Қалағаны Ақан болды. Жасы балиғатқа толмай тұрып атастырып, мал алғаным рас. Пайғамбар жасына келіп өтірік айта алмаймын, бар малымды мұсылманшылық жолына құдайы етіп, қажылыққа құрбан шалғаным рас. Қызым соның бәрін тәрк етіп, көнегімді керегемнің басына іліп кетті. Қайтейін. Ешкімді даттауға да, қарғауға да аузым бармайды. Ондайға әу бастан жоқпын, дау-талас, қырғи қабақтыққа да жоқпын. Әлі бүліне қойған ештеме жоқ… Әнапия Ұрқияны осы күнге дейін көрген емес. Әйтеуір аты Ұрқия демесең, кіші қызым Ұржаным бар. Құдай алдында құдаларыма ант беріп ем. Айтқаным айтқан — Әнапия Ұржанымды алсын, — дегенде жұрт қалың өткінші жауыннан соңғы шайдай ашылған қол бетіндегі дүр сілкінген құстардай болды. «Мынау табылған ақыл», «аталы сөз», «екеуі де бір құрсақтан шыққан — айырма не» деп, гуілдесіп кетті. — Менің тілерім, халқым, жұртым, тыныштық. Егер сол тыныштықты бұзған бір қызым болса, татулыққа әкелер екінші қызым бар. Құдай алдында шыным, сол екеуін бір-бірінен айырмаушы едік. Екеуі де егіз қозыдай… Менің әкелік сөзім осы, жарандар.
Тінәлі Қажыны Мұқанәлі молла бас тарпа бас салды:
— Оу, Тінеке, Кемел тұқымымен құда болған күні періштелер шариғат хақымен сіздің Ұрқияңыздың есімін жазған. Ұржаныңыз өз тілеуі, өз бұйрығы бар мүлдем бөлек фәндә. Адамды алдағанмен, Тәңіріні қалай алдаймыз, Алла тағала өзің кешіре гөр, сұбхан Алла, сұбхан Алла… Және де Ұржаныңыз әлі кәмидәға толған жоқ. Ертең ол жетілгенше тағы біреу оны да ат сауырына салып алып кетсе, Кемел балаларына бұл фәни жалғанда ай қарап отырмақ па? Жоқ, мұныңыз пайғамбар жолына қайшы, күпір, күпір!
— Әй, Мұқанәлі, өзің бір кенек аузыңнан көбік атып, шыбжықай інгендей жұртқа жыныңды шаша береді екенсің, ішіңді ұрайын! — деп Әлібек екі көзі отша жайнап шыға келді. — Сеніңше, немене сонда, Ұрқия Кемел балаларына айшықтап таңба салған жылқы деп отырмысың. Ол қазір Ақанның қатыны. Ал саған керек болса. Әке берем деп отырған уылжыған Ұрқияны қоспағанда, біреудің қатынын әкеп телиін деп пе едің. Сен де мән айтқансисың-ау қ… қысып отырмай!
Әр сөзді ұрдажық бетті Әлібекке батып ешкім ештеме дей алмады. Нұртазаның жақтастары сұрланып, қарсыластар күлімдеп, жымыңдап өзді-өзі күбірлесіп кетті. Ұзақ отырып бір бәтуаға келе алмай тіресіп, әркім әрқалай сөйлеп жатыр. Сөз артын тосып, сөз сыңайын салмақтап отырған Жантайдың Мақаны шықты желпініп.
Әділдікпен аты шыққан Мақан сөйлегенде досы түгілі қасы еріксіз тыңдап, оның ойлылығына, қысылшаң жерден алып шығар тапқырлығына ден қойып, ел арасында кеп уақытқа дейін оның кесімі сөз болып жүруші еді. Бұл жолы да жұрт көптен күткен Мақанның аузына қарасты. Аса діндар болмағанмен қолынан үнемі сары жұмыр тасты таспиғын тастамайтын Мақан жұрт сөйлеген шақта да, саусағының арасымен тартып іштей күбірлеп отырған. Көнетоз бешпентінің түймесін ағытып, ақ сиса көйлегімен суырыла шыққан қасқалдақтай, қоңыр, нұрлы көзі, ойлы күлімдеп, таспиғын кең қалтасына салды да, асықпай ғана жұмсақ үнмен сөйлеп кетті.
— Әлгінде Нұртазаға екі сауал қойдым. Сауалыма болыс көңіліндегі жауабын алдым. Шамданбай, шамырқанбай отырып айтылған жауап жалғыз Нұртазаның емес, шаршы топқа даумен, таласпен түсіп ғәділ кесім іздеп, шындыққа бой ұсынған бүткіл кемел ұрпағының сөзі деп ұқтым. Осы дауға, ел ішінің, ағайын арасының бүлініп, қырғи қабақ болуына екі жас кінәлі. Қызды алып қашқан Ақан ғана емес, оған еріп кеткен қалыңдық та жазықты. Ақан жазаға тартылар болса, сол жазаның екінші басы Ұрқияның үлесі. Оның жазасы, жаңа Нұртаза айтқандай Әнапияға әкеп қосу екен. Оу, жамағат, бұл өзі бұдан он шақты жыл бұрын Ұрқияның сәби кезінде кесілген жаза емес пе. Ендеше Ұрқия ұзатылған күйеуден ғана емес, сол сыбағалы жазадан қашпады ма? Ақан болса — жазалы жанды бауырына басып паналатушы. Егер сол паналатушыны ит жеккенге айдатсақ, соған себеп болған Ұрқияның да ендігі үлесі — сол ит жеккен. Ит жеккен — екі жастың осы тірліктегі жанын өртер тамұқ. Сол тамұқта екеуінің де жаны бірге өртенбек. Оу, ағайын бұл — екі дүниеде бірге боламыз деп ант етісетін қос ғашықтың тілек-арманы емес пе? Онда біз қанша айырғанмен, ол екеуінің сапары, жұбы айырылмасқа, ажырамасқа кеткен екен. Ендеше ол екеуін жазалағаннан түсер пайда, Нұртаза, саған да, Сүлеймен, саған да, Әнапия, саған да жоқ… Екінші сауалым — оязнай туралы еді. «Ақанды ол біліп қайтсын, даудың басын түсініп қайтсын» дейсің Сүлеймен. Онда Қанабалға шағым етіп барғаның, қазақ баласын көзсіз талап алумен бірдей болғаның ғой. Ақанның кім екенін білмей тұрып, сендердің дегендеріңді орындай саламын деген адам тілі, діні жоқ, шүріппесін тартсаң атыла салатын дүлей ақ мылтық қой. Ол ертең, Нұртаза, сені де, Сүлеймен, сені де ойланбай-ақ қан қаптырмасына кім кепіл. Өйткені оның салауатты ойдан, ел тағдырына, қазақ ғұрпына ашитын жаннан жұрдай қанап ал ғой.
— Мақан, орыс ұлығына тиіспей-ақ, өзіміз де жетпейміз бе? Ол сенің ойыншығың емес қой, — деп Нұртаза зіл тастап, сес көрсетті.
— Иә, Нұртаза, — деді Мақан, — менің айтпағым да осы еді. Ол рас, ойыншық емес. Бірақ қазақ қауымы қуыршақ па екен. Бобылық жарияла деп Ақанды елден шыққан сотқар етіп көрсеткенде, сотқарлықтың төркінін іздеп, дініне бағынбаса да, күні соған түскен елінің ортасына келіп ақ пен қараға көзі жетпей ме? Оның орнына билер сотына итеріп, өздерің шеше сал, ар жағын көрермін деп алыстан сес көрсетеді. Билер соты дейтін қазір не қалды. Жапырағынан айырылған селеу-селеу кәрі бұтақтың басында қарқылдаған тозған қара тағандай сөзі де, басы да бірікпейтін бізде енді не қауқар қалды. Әділ билік те түтеленіп барады. Аз жылдың өзінде ел билігі шабағы тозған арбаның доңғалағындай арса-арсасы шықпады ма? Кеше хандығыңды дәріптеп, дәурені өтпей жатып сұлтандықты көтеріп еді, енді бүгін болыс, ауылнай деген құжынаған көп әкім шығыпты. Әкім көбейді дегенше, қақым кетті дей бер. Бір кезде байтақ жерге алғыр қыранша қалықтап қараған сұлтандардың қазір елден де, жерден де жырақ кәрі шыңның ығында мүжілген тұмсығымен өз саңғытын шұқып, жерден тиянақ табар құйрығынан айрылып отырған жоқ па. Ертеңгі күнің не болмақ. Арбаңның доңғалағы бар шабағынан айрылса, күпшегіңмен жер сызып жолың кесіліп, барар жерің қысқарды дей бер.
— Оу, Мақан, бұл арада қазағыңның болашағы емес, екі қашқынның ісі емес пе, қайдағы бір өрен жетпес өрге неге өрмелей бересін, — деп, болыс Шоғырмақ тыйым салып еді.
— Айтсын, айтсын, әй Шоғырмақ, маңқаланбай, тыншыңа отыр, — деп Әлібек те тағы қарсы шапты.- Өтірік пе ана Шыңғыстың, менің ағам Мұсаның қазір бүрге өлтіретін қауқары жоқ. Олардың сұлтандық сесінен мына билердің сөзінен, болыстың тышқан ізіндей басқан мөрі артық, ішіңді ұрайын!
— Өрен жетпеске дейсің, Шоғырмақ, қайдан менің өрем жетсін, өрелі жерлерге сен сияқты өресіз, жетесіздерді қойса, — дегенде, болыс атаулы орындарынан бір қозғалды, — Екі сотқардың ісі дейсін, иә, екі сотқардың ісі, Ол екі сотқарың, қазақтың ендігі жасы, келешегі емес пе. Біз Ақан мен Ұрқия ісі емес, бүкіл қазақтың ұлы мен қызының болашағын қарап отырмыз. Ақандай ардагерді місе тұтып, белі қайыспас түгіл, теріс қарап бауыздай салатын Қанабалдарын, ертең бәріңнің ұл-қызыңның ісін өз қолына алғанда не болар екенсің. Асықпа оған да жетесін. Ендеше, әзір билік қолда болса, айтарым сол ауыл арасындағы жесір дауынан гөрі алысқа көз тігетін мезгіл жетті. Ақан болса Ұрқияны Әнапияның жылы қойнынан суық қолымен әкеткен жоқ екен. Ендеше қаз балапанының бір-бірінен айырмасы не? Көрмей Ұрқияға ғашық болған Әнапия Ұржанға да көзсіз мас болатын шағы емес пе. Әке айтқанына тоқталайық. Өнімсіз даудан талас тудырмай, өнімді даудан қалас қалмасақ екен. Даудың бетін жауға бұратын мезгіл жетпеді ме. Қашанғы іштен іздеп, өз інімізді тереңдеп қазып, топырағымызды, көрімізді көбейтіп, өз қоқсығымызды, қордамызды молайта береміз!
Мақанның сөз әлпетінен Әлібектен басқаның бәрі түршікті. Әсіресе Нұртаза үркіп, бұл сөзді әрі қарай тірілткісі, созғысы келмеді.
— Ал намаз уақыты болып қалыпты. Енді әділ билік Сүрекеңде, — деп орнынан тұра берген Нұртаза інілеріне «бері жүріңдер» деген белгі беріп, үшеуі жұрттан бұрын тысқа шығып кетті.
Баялы үйінің ту сырты қалың қызыл. Талай жылдан бері әлі толыспаған бала қайыңдар қабығы мүжіліп мезгілсіз тозып барады. Жаз шыға кей тұсына қаз оты шығып, әр жерден қылтиып шие, бүлдіргеннің жапырағы, шидиген жас шыбықтар бой көрсететін еді. Кейбір ауыл үйдің адамдары, қыз ойнақ салған жастар, көлеңке іздеп үйездеген жылқылар топырлап, арасы тақырланып қалған. Тамыры тапталған майысқақ қызылдардың жапырақтары да жылдан-жылға сиреп, семіп барады.
Нұртазалар осы қызылдың орта тұсына кеп, бір жамбастай жер сүзе жығылған жіңішке қайыңның үстіне отырды. Әнапия ғана жазықты адамдай мойнынан су кетіп түрегеп тұр. Шоқ іші дымқыл, тастай қараңғы.
— Ал жұрттың сөзін естідіңдер, не дейсіңдер? — деді Нұртаза ашулы үнмен.
— Не дейік, сөздерінің сұрқы жаман. Ана Әлібектер қайдан келген. Ақанды ұстап берер сынай байқамадым, — деді Сүлеймен солғын ғана.
— Оларды ешкім шақырған жоқ. Әдейі келіп отыр. Осы бір тұста бір шалып қалмақ қой ойлары. Бәрінен де әлгі Мақанның сөзін аңғардың ба. Жорта қияс сөйлеп отыр… Даудың бетін қалай аударды.
— Қияс сөйлегенмен Ұржанды аузына алды ғой, көке, — деп Әнапия қаймыға тұрып сөз қосып еді, Нұртаза арс етті:
— Сен немді түсіндің. Ей, сорлы неме, қатыннан да, сөзден де жүрмей мақрұм қаларсың-ау! — деп зекіген Нұртаза, енді Сүлейменге бұрылды, — Мақан ежелгі құйтырқы қу түлкі емес пе. Тілінен май тамыза отырып, оязбен арамызға да май тамызғыны мол тастаған жоқ па. Сөзінің төркіні қандай жаман. Ертең Көкшенің игі жақсылары бас қосып ұлығына тіл тигізіпті дегенді естісе Коновалов маңдайыңнан сипар деймісің. Әдейі жұртты жинап, осындай оғаш сөзді көңірсіткен Нұртаза деп шыға келмесіне кім кепіл. Егер олай бола қалса, қатын түгіл бас қайғының кебін киесің. Коновалов жұрттың аңысын байқап, өз жақтастарыңның аузымен бір шешімге келіңдер, ар жағын өзім орындап беремін деп еді. Енді, сөзді тым ушықтырмай алас-күлес бітіріп, Қорамсадан кек алудың тәсілін ойлау керек.
— Мен де соны ойлап отырмын, — деп кеше қызына құда түсіп, дүйім елге бауырсақтан шашу шашпай, меңдуанадай ащы өсектен шашу шашып масқаралап кеткен Қорамсаға кектенген Сүлеймен де түйіле түсті.
Уыздай Ұржанды естігелі, он беске жаңа толған жас қыздан үміткер Әнапия ағаларының сөзінен үрейленіп, соңғы рет тал қармап қалды.
— Шынында осынша даудың не керегі бар. Маған Ұржан жетеді. Соны алып берсеңдер болады.
— Өй, жасық неме, — деді Нұртаза бетін тыржитып, — Қатынсыз қалармын деймісің. Үш бірдей қатының бар, әзір жерге қарап отырған жоқсын. Шыда. Кейін Ұржанын да, Тыржанын да өзім алып берейін. Қайда кетер дейсің. Қазір оған келіссең жеңілгенің. Жеңілдің дегенше бүкіл атағыңа, атыңа таңба басылды дей бер… Сүлеймен, менімше бұл жолы айлаға айламен әрекет етіп, удың басын умен қайтару қажет. Зәкүнді алға тартып, Қорамсаны тақырға отырту керек. Ол үшін он жылғы қалыңның өсімін даулаған жөн…
— Дұрыс айтасың, менің де ойым осы еді.
— Бәтуә осы болсын.
— Болсын… Сұрағанмен алдын-ала сөйлесіп алайық. Оның да көмейі бар. Арба екеш арба да майласаң жақсы жүреді.
— Жөн сөз…
Шоқ қайыңның ішіндегі бұл бәтуаны ешкім естіген де, сезген де жоқ. Жасырын келісімде болған Әнапия ғана ағаларына тоңтеріс қарап, атына мінген де, іші удай ашып, бетін еліне түзеген.
Қаздың етіндей дәмді, бұзаудың етіндей уылжыған жабағыны таң ата жеген жұрт дуылдаса отырып, ұзақ кеп тартты. Аспанды аунатып түсірердей боп зіркілдеген Нұртазаларды Ұржан арқылы оп-оңай жуасып тез иліктіге жорыған топ даудың артының оңай сұйылғанына бірі қуанып, бірі шоқ-шоқ деп, ішкі пікірлерін іштеріне бүккен. Ендігі күткендері қазық би Сұрағанның елге жария етер белгілі билігі ғана.
Бірақ Нұртаза жуаси отырып сөйлеп, жұрт ойламаған дауды су тезектің түтініндей бықсыта берді.
— Ал, ара ағайын, бәріңнің басыңды қосып, ел бүлігін сыртқа шығармайын, орталарына салайын деп мазалағаныма көптен көп кешірім өтініп, мың да бір рақметпен, кішілік етіп алдарында басымды иемін, — деп Нұртаза Әлібектерге қарап ізет етті. — Мен қазір ел билеген болыс емес, бұл араға құныкер ретінде, жоғымды жоқтап келген даукермін. Дау иесі бір-ақ жақ. Сондықтан билер алдына қояр тілегімді, соңғы шағымымды тыңдаңыздар: Ұрқия — ежелден келе жатқан ата жолымен, қазақ ғұрпымен, мұсылман ізімен ақ адал қалың беріп Кемел тұқымының нәсіліне қосылған басы байлы адамымыз еді. Қазақ дәстүрін таптап, ел бірлігін лайлап бір суық қол сұғанақтықпен алып кетті. Бұдан асқан қара таңба да, салар жара да жоқ. Туысынның кеудесін жарып, сөгіп, қолқасын суырып әкетсе, атой сап шапқан ағайынын кіналамассыңдар. Ақанды ұстатып алып, жер аудартып жіберсек оған да құстаналар жан болмас. Бірақ, ел бар, жұрт бар деп жарға тірелгендей тоқтап, аптығымызды амалсыз басып отырған жайымыз өздеріңе мәлім. Ел бірлігін бұзбайын деп сендердің де Ұржанға тоқтағандай сыңайларың бар. Мен де ел бірлігі үшін — соған тоқтадым…
— Дұрыс сөз.
— Жөн сөз.
— Бәсе, бәсе, осылай болса керек еді, — десіп Әлібектер жағы қоғадай жапырылып кетті.
— Бірақ… бірақ… — деп Нұртаза қабақшытып, сәл бөгеліп қалды… — Қызды алатын мен де, Сүлеймен де емес, Әнапия ғой. Әнапиямен сөйлестік, маңына жуытар емес. Жуытқаны сол, мойнына кісесін салып, елге аттанып кетті. Ол үшін бірге туған бауырымды жазғыра алман. Сүйгені Ұрқия екен, ол бейбаққа Ұржанды зорлықпен қалай тели саларсың. Басқаға жүрсе де, оның қалыңына, жүрегі қалаған сүйгеніңе билігім де, ағалығым да жүрмейді. Екі дүниеде қиянат арқалар жайым жоқ. Сол себепті ендігі қояр шартым мынау: мейлі Ақан-ақ мауқын басып Ұрқияны бауырына бассын. Біз енді адал малымызды қайтарып алмақпыз. Оған адамның да, зәкүннің де қарсылығы жоқ. Тінәліге қолымызбен санап тұрып қырық жетіні байлап-матап бергелі міне табаны күректей он жыл өткен екен. Содан бері ол малды қайда шашты, қайда қойды: несиеге берді ме, ішіп-жеді ме — онда шаруамыз жоқ. Он жыл ішінде жалғыз бұзауды көбейтіп, тері-терсек, жүн-жұрқасымен Қорасаның байып алғаны өздеріңе мәлім. Қырық жеті бас бір бұзау емес. Есептеп отырсақ — он жылда қырық жеті бас ұлылы-кішілісі бар, елу сегіз мың бір дүз де жиырма сегіз бас болады екен…
— Өйдөйт дерсің! — деп қалды біреу.
— Мынауың бүкіл бір дуанның малы ғой.
— Әй, Нұртаза, он жылда осыншама өссе, сенің малың неғып Көкшенің даласына сыйып жүр, — деп Әлібек шыдай алмай қарқылдап тұрып күлді, — Әлгі қырық жеті малын өңкей ұрғашы табатын не деген асыл тұқымды немелер еді. Сүлеймен, Әнапия үшеуіңнің қатындарың неғып ылғи қыз табады десем, өздерін де малдарына тартқан асыл екенсіңдер ғой.
Әлібекпен қатар отырған біраз шонжарлар көздерінен жас аққанша күлді. Әлібек екі иығы селкілдеп, кеңкілдеп күле отырып қара жердей боп тосылып қалған Нұртазаға тағы бір ащы мысқыл айтты:
— Бірақ, байқа, Нұртаза, қанша ұрғашы дегеніңмен олар да айғыр, бұқасыз өспейді. Әлде сенің малың да, жаның да өңшең қызтеке ме еді?!
Лаң іздеп, әдейі соқтыққысы келген адам да бұдан зор ештеме айтпас. Құлақ жарар көп күлкіге тосқауыл бола алмай, қатты үрлеген қуықтай тырсылдап жарыларға жеткен Нұртаза көзін сығырайта қысып, долырып, тісін қайрай берді. Самайынан иегіндегі қою қара сақалына дейін ұстарамен күнде қыратын көк беті тотияйындай талаурап, бүлк-бүлк етеді. Тобылғы сапты сары қамшысын олай бір, бұлай бір жосылта өтетін түс. Бірақ амал не, алдында аюдай ақырған Әлібек бастаған өңшең шұбар ала жолбарыстар отыр. Қарқылдап күлген сайын өзіне қарай арандай ашылған ауыздардан көрінген ақ азу, сойдақ тістер қазір бас салып дал-дұлын шығаратындай. Ғұмырында тұңғыш көрген масқара қорлығын амалсыз көтеріп, күлкі артын үнсіз тымырайып күтті.
Ақыры жұрт күлкісі басылып, сабасына түскен соң Нұртаза түтіге отырып сөзін тамамдады:
— Менің сұрарым сол, он жылғы малымды Қорамса өсімімен қайтарсын. Келін алып отырған мен емес, ол. Егер қайтармайды екен, ояз арқылы ертең бобылық жариялатып Ақанды ұстатамын. Оны ит жеккенге айдатып қана тынбаймын, малымды да қайтарамын. Екінің бірі, көнсе қолынан, көнбесе жолынан. Басқа келісім жоқ.
Жұрт ұзақ дағдарып отырып қалды. Өзара күбірлесіп, бір бәтуаға келе алмай көп талқыға салды. Сондағы бәрінің ойыса беретіні — мал төлемімен дауды басу. Одан өңге Қорамсаны жақтар пышақ ұрар буынды жер табылмады.
Ең артынан билік айтқан Сұрағанның да сөзі осы болды:
— Дау иесі қалыңға берген малын өсімімен сұрағанында айып жоқ. Жөнге келейік. Он жылғы малдың өлім-жітімі бар, ара-тұра келетін жұт бар, бағушының жалы, мінушінің майы деген сияқты көп себептерді есептей келіп Ұрқияны алған Ақанның әкесі Қорамса Нұртазаңа бес жүз бас ірі қара, екі жүз бас ұсақ тұяқ берсін. Тінәліден барымтамен алған малдың тең жарымын Нұртаза қайтарсын. Екі жаққа да ойлануға екі күн пұрсатана. Екі күнде мал орнына түссе, Ақан мен Ұрқияға кеңшілік, түспесе, қалған іс билердің билігінен кетіп, ояздың закүнімен шешілсін.
* * *
Бұл түні — қара суық жаңбырлы желкем түнде Қорамсаның екі ұлы Рамазан мен Мұхамбет жайлаудағы жылқы басында-ды. Бұрын Қызылжарда дүкенші боп, кейін елге оралған соң да саудамен жиі қала шығып шаһар тіршілігіне бейімделіп алған Қорамса ежелден-ақ жайлау дегенді білмейді. Қысы-жазы қалың қарағай бауырына бөренеден қиып салған ағаш үйінен артық жерұйық іздемейтін ол, екі ұлымен, маңында сағалаған жақын-жұрағаттарын қосып, жаз жайлауға жөнелтетін де, өзі Қараталда бертін «Ақан туған» атанған Сарыкөлдің ығындағы мекенінде бірер сауын биесімен отыра беретін. Жайлаумен екі ортада сабылып, шапқылап жүретін кенжесі Әйберген ғана.
Бүгін сол Әйбергенді шапқыншы етіп ағаларына жіберген. Ағаларының бәрін ерке Әйберген екі аяғын бір етікке тығып, киімдерін ауыстыруға да мұрсат бермей, кештетіп алып жетті. Ақан жайын естіген інілері, әлде не боп қалды деп, әйелдеріне де көп сыр білдірмей өздері ғана келді. Төбелерінен түсер жай оғынан олар бейғам еді.
Екеуі де үйленіп, отау боп жеке шыққанмен сауда тиегін ұстаған Қорамса қанатының астындағы балалардың шаруашылықтары бір, қора-қора қой, үйір-үйір жылқылары, жүздеген қара мал ортақ. Бәрінің үстінен қарап, жөн-жоба айтып отыратын Қорамса оларға әлі енші бөлген жоқ-ты.
Күздің қара суығына төтеп берерлік бұттарына тері шалбар, үстеріне қабаттап күпі-шекпен киген ұқыпты балалары, белдерін босатып ыстық тамақ ішіп жылынған соң барып, бар іске кінәлі жан өзі құсап, басын тұқырайтып көтермеген Қорамса жүдеу қалыпта суық хабарды бастады. Табиғатында көп мәймөңке, көсіле тартатын шұбыртпалы астарлы сөзді суханы сүймейтін Қорамса ұзақ сонарға салмай қысқа сөйледі.
— Ал, Рамазан, Мұхамбет, сендердің басыңды қосайын деп әдейі шақырдым. Сендер де мал иесісіңдер. Басымызға қара бұлт үйірілді. Бұл да бір келген зауал да. Ақанның Тінәлі қызын алып қашқанын естіген шығарсыңдар?..
— Иә, естідік.
— Естідік, — деді екі ұлы қосарлана.
— Бұл күнде тегін жатқан қыз бар ма. Соның қалыңын төлеу керек.
— Е, алып қашқан қызға не қалың. Ақан ағам қалыңсыз қыз алам, малға сатылған қыздың керегі жоқ, демеуші ме еді, — деді Мұхамбет жастыққа бір жамбастай қисая түсіп.
— Ақан қашан басы бос қызға ұрынушы еді. Ойнақтаған тайлақ от басады деп Кемелдің Әнапиясына айттырылып қойған қалыңдығын алып кеткен жоқ па?
— Иә , солай деген.
— Ендеше солардың малын орнына салу керек.
— Салғанда… қалай енді… Тінәлі қажының ішіп-жеген малын… — деп күмілжіп Мұхамбет тақыр басын сипай берді.
— Тінәлі ішіп-жеген малды ғана төлеп қойсаң бір сәрі, өсімімен төлеуді ұйғарып қойды билер…
— Өсімімен?.. Билер? — деп Мұхамбет жастықтан иығын көтеріп алды.
— Не дейт?
— Не дейт?
— Ол қайта азайтқандары.
Қорамсаның өзіне тартқан жақ сүйегі қушықтау тарамыс етті Мұхамбеттің өңі бозарып, түсі бұзылып кетті. Етсіз, әжімсіз жазық маңдайлы, отырғанда орнықты мінезі момын Рамазан да сыр білдіріп қалды. Желге тотыққан қоңыр жүзіне қан теуіп күренітіп, мұрын желбезектері лепілдеп, қусырылып барады.
Ағайынды екеуі де күні-түні мал соңында жүріп, әсте қабақ шытпайтын. Жылдан-жылға мал басы көбейіп, соңына шұбыртқан жас төлдерін ерткен сайын қуанысып, бір талын шашау шығармай қызғышша қоритын. Екеуі кейде от басында отырып күңкілдесіп, болашақ байлықтың көзін есептейтін. Төтенше айтпай келетін жұтқа ұшырап, құдайдың кәріне ілікпесе он шақты жылда орташа байлардың қатарына жететіндерін айтып, түнгі күзетке тәтті арман, игі тілекпен аттанысар еді. От аяғы өртке айналып кетпек. Тез сөндірмесе бүкіл көздің құрты — есіл малды түп-тұянағымен жалмап кетпек. Жоқ, ол болмас.
Мұхамбет қаққан қазықтай тіке отырды да, қалтасындағы шақшасын саптама етігінің өкшесіне жұлына қағып-қағып қалып, ерніне жарты уыс насыбайды тастап жіберді. Ащы насыбайды тілінің ұшымен бір жалап алып, ауыз үйге қарай жіптей созылта түкірігін шаптырды.
Әке балаға сыншы дегендей, қысылшаңға келгенде тынысы тар екі ұлының алқымы ice қалғанын сырттай бағдарлап, үнсіз шыдап отырған кірпияз Жаңыл осы тұста Мұхамбетке зекіп тастады.
— Тоқтат әрі жыныңды шашпай. Үйренген екенсің жақсы өнерді. Бар, ана жақтан түкіргіш әкел, өнеріңді қатыныңның алдында жаса! О несі-ай.
Мұхамбет оқты көзімен шешесіне бір қарады да, адуынды анадан қаймығып, ештеме айта алмай, ауыз үйге тұра тартты да, босағадағы жез легенге ерніндегі насыбайын саусағымен көсіп алып, атып ұрды.
Сөзді неден бастарын білмей отырған Мұхамбетті осы қимылы ширықтырып жібергендей, төр үйге сыздана кіріп босағадан өте бере:
— Нұртазаға берер бір тұяқ жоқ. Жұрттың қалыңы үшін жинаған мал жоқ, — деп сандық үстінде жатқан шекпенін, тымағын ала бастады.
— Тоқта, — деді Жаңыл, сен бермесең бермей-ақ қой. Әкең мен шешең береді. Ақанның да еншісі бар.
— Енші бөлсеңдер бұрын қайда қалдыңдар. Қысы-жазы шаруаның азабын тартатын Рамазан екеуміз, мал да біздікі.
— Оны қай жақтан әкеп едің?!
— Менің еншім де бар емес пе? — деп төтеден Әйберген де қосылды.
— Енді сен қалып ең. Әуелі қатын алып ал, — деп Мұхамбет ала көздене қарап еді, Әйберген ыққан жоқ:
— Қатын алам ба, алмаймын ба, оны сенен сұрамаймын. Ал, еншімді аламын. Аламын да түгелдей Ақан ағамның қалыңына беремін.
Өңі Ақаннан аумаған есті кенжесінің мына сөзіне ана жүрегі толқып кеткендей болып, көзіне жас кеп қалды.
— Қатын, бала-шағаң болмаған соң, әрине, саған малдың керегі жоқ, Ақан екеуің ел ақтап ән айтқаннан басқа қолдарыңнан не келеді, — деп қолындағы тымағын не киерін, не кимесін білмей Мұхамбет бөгеле берді.
Қорамса үнсіз.
— Жәрәйді, жетер енді қаршадай баламен тәжікелесуің. Қатын-баламды асырай алмай қалам деп қорқады екенсін ғой, о бейбақ. Рамазан, ал, сен не айтасың? — Жаңыл ортаншы ұлына қарады.
Рамазан сәл күмілжіп, бүгежектеп, семіздеу денесімен ырғалып, ыңғайсызданып отырды да, ағасына көзі түскенде маңдайы жарқырап, басын көтеріп алды:
— Мен… мен енді не айтайын. Осыншама көп мал беретін қалыңды ғұмырымда естісем бұйырмасын. Ақан ағам бұл жаққа келмей қойса, не істер дейсің. Қар жауып, із басылған соң оралса…
— Қайдағы із басылған, — деп Жаңылдың ерні дірілдеп енді шын жыларманға келді. — Екі-ақ күнге пұрсатана беріп отырған жоқ па. Егер екі күнде мал қолдарына түспесе Нұртаза бобылық жариялатып, Ақанжанды ояздың қолына тапсырмақ. Ертең Ақанды ит жеккенге айдатса, сендердің тірлігіңнен, мал-бастарыңның амандығынан не пайда. Малбас садақа Ақанымның жолында, жан пида!
Бұл — мал түгіл ұлы, Ақаны үшін сұраса кеудесінде лүпілдеп соққан жүрегін де қанын сорғалатып суырып беруге бекінген ана сөзі еді. Мұны Қорамса да, Мұхамбет пен Рамазан да түсінді.
Ұзақ созбайға салып түн жарымына дейін шегіншектеп, бірде мөңкіп, бірде қарғып, жалына қол тигізбей дызылдаған ұлдарын Жаңыл күшпен тұқыртып, ақыры жеңді де: Мұхамбет пен Рамазанға елу, елуден жылқы, біраз қой, ешкі қалады да, қалған мал — үш жүз елу жылқы, жүз елу сиыр, екі жүз қой-ешкі түгелімен қалың малдың төлеміне беріледі…
Келесі күннің кешінде өз сыбағаларынан басқа айтылған малды жеке бөліп алып, Рамазан, Мұхамбет, Қараталға қайта жетті. Әйбергеннің алдына салып, күл болмаса бұл болсын деп қалып қойғылары келіп еді, «осынша малды шынымен бермек пе, мүмкін, ойланар» деген мола басындағы түнгі шырақтай болымсыз жылтыраған соңғы үмітпен шұрқыраған жылқы соңынан қайта оралды. Қорамсаны сағалап, малын бірге бағысып жүрген бірер жекжаттары да қоса ілескен.
Қаратал күздің қара суығында дауыл шақырып шулап тұр. Іңір қараңғысымен үңірейген қалың қарағай бауыры кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой-ешкі үнімен азан-қазан. Топалаң тигендей топырлаған мал иірім бермей, жан-жаққа бытырай қашып, көздері алайып түк түсінбейді. Бар жануарды бір қыспаққа тығып, араластырып жібергенде енесінен айырылып қалған жабағы, тоқты-торым шапқылап, иін тірескен қара-құрым малдың арасына сыналай кіріп жан ұшырады.
Баялы аулы жағынан көп жігітімен топтана жеткен Нұртаза тоқтап, жалы тізесіне түскен торы айғырдың үстінде шіреніп, малды саната бастады. Ысылдаған ұзын бишікпен кіріп, жылқыларды үйір-үйірімен бөліп, шықпырта айдаған жігіттердің қамшысы әр биеге, құнажын, байталдың сауырына тиген сайын Мұхамбет пен Рамазан өз арқаларына батқандай қайқан ете қалады. Неше жылдан бері құлынынан білетін түр-түсі түгілі әр қайсының төбеліне, шашасына дейін айыратын жылқылары көзден бір-бір ұшып барады. Әне, биік қара айғырдың үйірі шықты бөлініп.
Басы айналғандай шыр көбелек сенделіп, көкке қарғып, аянышпен кісінеп жүрген — Әйберген жақында ғана үйрететін ала тай. Көп жылқыны қабырғасымен қағып, бытыратып жүрген асау тайға ашуланған бір жігіт алыстан бұғалық тастап, мойнын қылғындыра тартқанда ала тай басын бұлғап-бұлғап төрт тағандап тұрып алды да, еріксіз сүйрегенде қатты бұлқынып көкке қарғыды. Артынан кимелей жеткен тағы бір аяусыз әумесердің қылыштай өткір бишігі шатыр етіп тілерсекті орай тигенде, арда емген тентек тай секіріп шалқасынан түсті. Алыстан бақылап тұрған Әйбергеннің даусы да шығып кетті. Бірақ мына ың-шыңның арасында оны кім естісін.
Кезек көк биенің үйіріне де жетті. Өңкей әсем, мойындары құрықтай жиырма ақ боз ат құйрықтары күлтеленіп, көп жылқының ішінде ағараңдап шыға берді. Бағанадан сыр білдірмей, үйінің қасында шапан жамылып тұрған Жаңылдың да көзінен бір тамшы жас ытып кетті. Ертеден бас үйренген жуас сәйгүліктер ана жылы Ақанның жолдастары асқа барғанда мінген аттар. Біркелкі мауыты шапан киіп, жалдарын күзеген біркелкі жиырма көк аттың үстінде өрімдей сал жігіттер әндетіп ұзай бергенде Жаңыл қуаныштан масаттанып көзіне жас алған. Биік көк айғырдың үстінде Құлагерін жетектеген Ақаны жиырма аттың алдында оқ бойы озып Әлібек аулына қарай беттеп, көзден таса болғанша қарап тұрып еді. «Құлынымның сәнін бұзды-ау, жауыздар» деп Жаңыл кимешегінің омырауымен көзін сүртті. Енді бір топ жігіт қақ сойылдарымен сабалап, мүйіздерімен қағысып, аша тұяқтары сартылдаған жүз елу сиырды алдарына салып қуа айдап барады. Ұзын сақалы желбіреп, иір-иір мүйізін көтеріп алға бастаған биік ақ текенің соңынан топырлай ілесіп, жат елге қарай қой-ешкі де ентелей басып, жосып барады. Бөліп-бөліп алған мал көшкен бұлттай, жыртыла айырылып ұзай бергенде, алдыңғы аяғын соза тастап, басын тізесіне салып шірене тұрған торы айғырдың үстінде бір жамбастаған Нұртаза да тебініп қалып, қасындағы екі-үш шонжарымен жөнеле берді. Қорамсаға қайырылып келіп, қоштаспады да. Не мұқатып, не кекетіп бара жатқаны белгісіз. Жалпақ төсі қайқайып, шалқақ отырған қалпы бір илікпей, ымырттай түнеріп кете барды.
Әлгінде ғана азан-қазан шулаған Қараталдың бауыры әп-сәтте құлазып, сап болды. Азынаған күзгі жел ғана енді құлақ түбінен ысқырып, шулайды.
Аттың жалына еңкейе жабысқан Мұхамбет «қарамға кеткен есіл мал» деп екі иіні дірілдеп, солқылдап жылап тұр. Рамазан мәңгірген адамдай есі ауып, безеріп қалыпты. Әр тұстан жиналған жыртық киімді ауыл балалары, кемпір-шалдар бір-біріне үнсіз қарайды. Ұзын ақтаяғына сүйенген Қорамса қой күзеткен түнгі қойшыдай жауырыны құнысып, қимылсыз қатып қалған.
Қаратал үстін қара түнек түн баса берді. Әлгінде ғана шүпірлеген жарықтық ақ адал малдың ойып-ойып тастаған тұяқ іздері жердің миын шығарып кеткен. Қап-қара болған тұл орын. Көп малдың орнында соңғы белгідей жас қидың исі аңқиды.
Қаратал үстін торыған қалың бұлттан күзгі жауынның салқын, ызғарлы исі білінеді.
Көз байлана бере қалың жауынның алды нөсерлетіп, Қаратал үстіне селдетіп құя жөнелді.
5
Ақандар Қараталға қыс түсе оралды. Серісін сағынған ел-жұрт — жақын-жұрағат, дос-жарандар, қыз-қырқын, жігіт-бозбалалар, шын тілеулес жандар кішісінен кәрісіне дейін күн-түн демей «Ақан туғанға» құйылды. Келген құшақ басталған Ақан — Ұрқия тойы тойдан тойға ұласып, толастамай созыла берді. Қорамса қолында қалған аз малды аяған жоқ. Сырт көзге сағын сындырмай жарқыратып екі ту бие сойып тастаған. Шәкей, Бәтжан, Ожымбайлар болса, жана отауға тарту деп қазақ жоралғысымен бір-бір соғымды ақ сазандай тулатып босағаға байлаған. Ұрқияның шешесі Ырысты да қызын көргенше асығып, бір малмен ол да жетті.
Қаратал бауыры қайтадан әнге бөленді. Кеше ғана өлік шыққан қаралы елдей түнерген ауыл көшесінде сабылған жұрт — қайта реңі кірген сән-салтанаттың белгісі. Малы кем кедей ауыл болса да, Қаратал ән-жырымен, топырлаған жастарымен сауықшыл өнерлі ауылға айналып жүре берді…
Екі-үш күн қызы қолына оңаша тимеген Ырысты төртінші тәулік дегенде барып Ұрқияны жеке бөлмеге апарып, бауырына қысып, мауқы басылғанша аймалап, сүйіп, ұзақ егіліп жылады.
Екі бетінің ұшы қып-қызыл боп тұратын Ұрқияның жүзі қазір қара торыланып, желге тотыққан. Күлгенде шұңқырая қалатын ақша бет сәл солып, қыр мұрны бұрынғыдан көрі пістелене түскен. Бүкіл тал бойының еті таралып, жүдегені білініп-ақ тұр. Қалың, ұзын кірпікті екі тана көз ғана бұрынғыдан бетер жарқырап, нұрлана түскен. Не дегенмен өз үйіндегі Ұрқия емес, өзгерген, жат жұртқа мүлдем бауыр басқан бөтен елдің салмақты қызын көргендей аналық қимас көңілмен Ырысты көз жасын тия алмады.
— Апа, қой енді, бұл қуанышың ба, ренішің бе, — деп өзі де қоса жылаған Ұрқия шешесіне басу айтты.
Ықылық ата отырып көз жасын сүрткен Ырысты даусы жарықшақтанып:
— Қуанышым да бар, ренішім де бар, жаным! Құтты орынға қондың, алдыңнан жарылқасын! Мұныңа қуанамын. Тек, айтпай кеткеніңе ғана әкең екеуміз өкпеліміз. Жұрт алдында масқаралап кеткенің ғана батады. Қолына таспиғын тартып сопылық құрғаннан басқа әкеңде не қауқар бар. Ана Нұртазалар бар малды барымталап тартып әкетті. Одан артық не басынғандық керек. Шәкейдің түрі анау, — деп көңіліндегі сөздерін тоқтаусыз айтып барып сәл іркілді.
Сөз соңын тосқан Ұрқия:
— Апа, — деп мұңайып бетін теріс бұрды, — Өкпе айтысып қайтеміз. Екі әйелдің үстіне Әнапияға атастырғанда сендер де менен сұраған жоқ едіңдер ғой… Ал Шәкейді күстаналамаңдар. Ондай аға жұртта бола берсе, ондай қарындастардың да арманы болмас еді… Мал десең, оның орны толар. Бұрын қалыңға алған малдарың ғой. Тірі болсақ бір оңтайын табармыз…
Айтқанынан қайтпайтын, ұзақ мәймөңкені сүймейтін бірбет қызының мінезіне сыралғы шеше:
— Жәрәйді, құлыным, әншейін оңашада өзіңе бір өкпемді айтайын дегенім ғой. Енді айтсам, аузымнан айырылайын. Бүгін елге жүремін. Ақан екеуің жата-жастана бізге де келіп кетерсіңдер. Жолдастарыңды ерте келіңдер. Сен де даладан кеткен қыз құсамай, үйде боп, тойыңды өткізіп, жасауыңмен аттан, — деп Ырысты батасын беріп, сол күні құдаларымен де қоштасып жүріп кетті.
Мұхамбет пен Рамазан «той жабдығына жаратарсыңдар» деп екі қой әкеп, үйге бас сұққан да, содан қайтып жоламаған. Өз шаруаларымен, өз бала-шағасымен болып, алыстан ғана сыйласатын ағайын сыңайымен бұл босағаны аттамады. Інілерінің алдында бетті, уытты Ақан бұл тұста іштей кейігені болмаса, шақырып алып айтар сөз таба алмады. Бәріне өзі кінәлі. Не десін. Зорлықпен кеткен көп малдың соңынан қуынып, інілеріне қайтарып әкелмекші боп керіп еді, ел ішіндегі Нұртазаның жақтастары мен ояз Коновалов түгілі, көңілі жақын адамдарының өзі сөнген іс екенін аңғартты. Ғаділдік ауылының алыстап кеткенін сезген Ақан содан қайтып мал дауын, өнбес дауды біржола доғарған.
Қыс болса-ақ қыр елінің әдеті. Әркім өз қадари халінше соғым сойып, жақын-жұрағатын, құдандалы-тумаларын шақырысып, күнде бір-біріне ағылып жатқаны. Қалың қарға түскен тар жолда көсем салған қарағайдай қасқыр ішікті шаналы байлар, жоталы шонжарлар алыстағы ауылдарға сыпыртып, боран-шашыныңа, күн-түніңе қарамай өздеріндей дәулетті адамдармен сауық құрады. Енді қайсыбірі әр тұста қылт етіп көрінген қырмызыдай жаңа бір қауыз ашылса, ауыздарын арандай ашып, бірі інісіне, бірі баласына дегендей, немесе қатын үстіне қатын етіп алмаққа жанұшырып шұбырады. Қыз он беске келді дегенше тұс-тұсынан тіміскіген аңшылардың аңдуына түскен мүсәпір көжектің халіне ұшырады дей бер. Қай аңшының қағуында кететінін білмей, көзі жаудырап, тұла бойы қалтырайды. Елдегі болыс, билердің де өз әбігері өзінде. Алда келе жатқан ұлы сайлауды ойлағанда олардың да халі әлгі балиғаға толған қыздардың ахуалындай. Олар да әрісі Омбы, берісі Көкшетаудағы ұлықтарға шапқылап, қыстай шабуылдап, алдын-ала пара-шараның, айла-амалдың торын төрт қабаттап құрып жүр.
Ел ішінде тыныш, бейғам тіршілікпен жанаса өтіп жатқан әбігер, тыншу өмір.
Ақан тобының — серіге ерген жастардың кәсібі өз алдына бөлек.
Биыл қар қалың. Қаңтардың ортасына дейін дамылсыз түтеген ақ боран тоғайлы өңірді белуардан көміп тастаған. Екі үйдің арасы көрінбейтін долы боран қаңтардың аяғына қарай жуасып, ақпан туа біржола басылған. Енді шыңылтыр аяз басталып, шаңытқан аспандағы күн ене бойы екі жерден құлақтанады да тұрады. Қайрақтай қатқан қалың қар мен қырауытқан қалың ағаш инедей қадалып, темірдей қарыған қызылшұнақ аязға шыдамай шытырлап жарылып жатқандай. Бүкіл ен дала сықыр-сықыр етіп, ызғар шашады. Осындай аязды ашық күндері Ақандар үнемі аң соңында. Бабындағы Құлагер, Басарала, Қараторғай дала аңын қынадай қырды. Биыл қыс басында дала бөрісі ит етіне жеріп, ақ түтек борандарда ауыл қотанындағы сабалақ төбеттерді қоймаған. Далада кезікпесе, мал қоралардың төбесінен түсіп, қармаққа ілінген шортандай тулатып әкетіп жүрді. Ішін талғақ өртеген қаншықтар ауыл шетінен ұзамай-ақ иттерді тоң айырғандай дал-дұлын шығарып, жалап-жұқтап жейді де, мазақ етіп, құйрықтарын қарға шаншып кетеді. Әр ауылдың тұсында шаншылған қара, сары, ақ құйрықтар, шашылған сүйек, түлеген жүн, аққан қан боран астында із-түссіз қалып жатыр.
Екі ай бойы дала жүзін көре алмай аңсыраған Басарала, бауырын жазып көсіліп шаба алмаған Құлагер күн ашылысымен ойнақтап шыға келген.
Бұл жылы түлкі де адам айтқысыз көп. Алыс сапардан оралысымен жылы шошалада мүлгіген Қараторғайын Ақан бір ай баптап, қоясын түсірген қыранды жарыққа алып шыққанда, үш түлектегі бүркіт маржан таққан томағасын алғанша шыдамай, борсық терісінен киген биялайға қондырған иесінің қолында талпынып, шаңқ-шаңқ етеді. Қияннан көрінген түлкі болса, балтыры үсімес үшін жүнін ішіне келтіре қаптаған тері балағын алып, томағасын ағытар еді иесі. Ытқымға толмас сан етінін бұлшықтары шиыршық атып, болат тұяқтарымен тері қолғаптың сыртынан бүрістіре сығап ашуланған шәулі бүріт, басы ашылысымен дүр сілкініп, қайрақ тұмсығын тақылдатып шегір көзі жайнап кетер еді. Шыжымын шешіп, серпіп жібергенде сыптығырдай құс қаршығадай лып етіп аспанға бір-ақ атылады. Ызғарлы көгілдір аспанда қалықтаған қыран жал-жал оқапты қардың бетінде жан ұшырып бұлаңдай тартқан қызыл түлкіні жазбай таниды. Қызылшыл қыран көп ойланбайды. Көк аспанды матадай дар еткізіп, қақ айырғандай қос қанатты сатыр еткізіп қағып қалып, жүзіктің шоқтай жайнаған қызыл асыл тасты көзіндей түлкіге садақтың оғындай құйылады. Мұндайда қызық көрген аңшылар аспаннан құдия сорғалаған шәулі қанатының ысқырығын ғана естіп қалар еді. Қайда тығыларын білмей жанталасып, амалы құрып, аузын арандай ашып шалқасынан түскен түлкінің кеудесінде отырған Қараторғайды бір-ақ көрер еді.
Ала көбеден аң аулап, қанжығаларын толтырған аңшылар қыраулы аттарын бұлаңдатып, аязға нарттай қызарып, әзіл күлкімен көз байлана ауылға — Қараталға оралады. Ақан тобындағы аңшы серіктері де бір жосын. Қазақ жұртында, аңшылық ғұрыпта бұрын-соңды болмаған жаңа топ. Ожымбай, Бәтжан, Шәкейлерден бөлек жаңа қосылған жастар бар. Олар өңкей жүйрік сәйгүлік мінген ерке қыздар тобы. Ұрқияның құрбылары — Нұралы қызы Ұрқия, Майқақ қызы Үрім, Жүсіп төренің Жамалы, Шыңғыстың Күлзейнебі, Әлібектің Ғайнижамалы. Бірінен бірі өткен өңкей сұлулардың ортасында Ақанның Ұрқиясы. Ана жылы Ақтоқты мен серінің обалына қалған ұста Тулақ, өз туысы Ұрқияны алған соң, өткен айыбым деп арнайы бұйырып соққан күмістеткен мылтық әкеп тартқан. Алты қырлы оғы бар, сүйменді, перен мылтық Ұрқияның қолында. Үйреткенді тез қағып алғыш зерек, өжет қыз мылтыққа тез төселіп кетті. Тегі нағашыларына тартқан жаратылысына мергеншілік дарыса керек. Аз күнде Ұрқия құралайды көзден атқан мерген болып алған. Ақ қармен қар боп, көзге зорға іліккен салпаң құлақ ақ қояндар мергеннің алдынан құтылған емес. Шаңқ еткен мылтық дәрісінің түтіні тарамай жатып, тыпырлаған қоянды қос құлағынан көтеріп, тісі ақсия күлген Ұрқияны аттан домалай түскен Ақан бауырына қысып, жұрт көзінше тойымсыз сүйер еді. Сері ақын асыл жары атып алған аңды өзі құлатқандай қуанып, қашан елге жеткенше ыңылдап, көңілді ән салатын. Осындай көп ыңылдың артынан Ұрқияға арнаған «Мылтық пен мергеншілік» өлеңі, әнімен қосарланып аңшылықта туған еді.
Аң соңында жүріп Ақан Ұрқиясының екі мінезіне риза боп, бір жағы қатты қайран қалды. Ұрқияның есінен де сол екі оқиға кетпей қойды.
Қыс ортасында қалың қар жауып сонарға шыққан Ақан тобы Қараталдан ұзап, шалғайдағы Сырымбет тауының баурайына жеткен. Күн екіндінің кезі еді. Сырымбеттің шығысындағы Шошқалы көлінің (кейін ел мұны Қылы деп те атайды) тұс-тұсынан аңшылар дара-дара бөлініп түскен. Ұшқыр торы атпен жортқан Ұрқия сапанын бел ортасына дейін қалың қар басқан үкілі сары қамыстың жанынан жалғыз өте беді. Жайбарақат келе жатқан тор ат бір кезде оқыс осқырынып қап, шоқ басып алғандай шоршып, жалт бұрылып ала қашты. Аңдаусыз отырған Ұрқия сыпырылып қала берді. Оппа қарға құлаған мерген тай-тай жүннің үстіне түскендей тез атып тұрып, қолынан ұшып кеткен ақ мылтығын алды да, алыстау барып, құлағын қайшылап осқырған атына қарай малтыға аяңдады. Жалт қараса, тұмсығына дейін қарға көміле жатқан қара қабан орнынан тұра берген екен. Жүрегі су еткен Ұрқия көзін қабаннан алмай шегіне берді. Сығырайған өлімтік көзін аңшыға қадап, он шақты сажыннан аңдысқан қабан сулы танауы шұрылдап, былжырақ аусыл аузын салп-салп еткізіп, үңірейіп тұрды да, танауын тыржитып, бір-ақ атылды. Тоңқаңдап өлерменде шапқан қара албасты қар боратып, сойдиған екі азуын езуінен ақситып, тура Ұрқияның алдына төніп келіп қалды.
Бұл кезде көлдің екінші ығында жүрген Ақан мен Ожымбайлар да көрген. Көздері шарасынан шығып олар да құйғытты. «Қабан жете бергенде жалт бұрыл, жалт бұрыл» деп айтуға Ақанның тамағына тас тығылғандай бітеліп, іштей күбірлеп, дыбысы шықпай қалды. Оны айтуға да үлгермес еді. Шаңқ еткен мылтық түтінінің ішінде Ұрқия да, қабан да көрінбей кетті.
Ақандар жеткенде тез сейілген түтін астында боп-боз боп тұрған Ұрқия мен тоңқалаң аса құлаған қабанды көрді. Өңі қашқан сері де аттан құлай түсіп, Ұрқиясын бас салды:
— Қалқам-ай, амансың ба? Шошып кеттің-ау, — деп аяулысының аман қалғанына қуанып, бетіне қан жүгірді. Ендігі қорқынышы Ұрқияның бойына біткен бала еді. Көңілін жадыратып, тез ұмыттырайын деп Ақан сөз аяғын қалжыңға бұрды, — Бәсе, бәсе, менің Ұрқиям осылай болса керек етті. Не деген жүрек, не деген мергендік. Қабанды жақындатып алып атуға қай еркегіңнің жүрегі дауалар. Жүрегіңнен айналдым!
Қорғасын көп салған қасқыр оқ қабанның тап маңдайының мылжа-мылжасын шығарыпты.
Бұл жолы Ақан Ұрқияның ерге бергісіз өжеттігін, батылдығын көрді…
Арада біраз уақыт өткен. Ара-тұра ашылып, алдап соғатын боранды күндердің бір толасында Ұрқияның құрбылары келіп, аңға шығайын деп жатқан Ақандарға ерген.
Бұл жолы аңшылар Ахмет Сайының қабағындағы қалың шілік ішін аралап, қоянның жымына түсті. Соңдарында иттер. Көзі шалғанды қағып түсер ұшқыр тазылар.
Сол күні аңшылық сәтті болып, бұлар көп қоян аулады. Ұсақ оқпен оқтаған мылтықпен Ұрқия да үш қоян атып алды.
Әттең төртінші қоян… Ақанның оң жағында қалың шілік арасында омбылап ұзақ жүрген Ұрқия төртінші қоянды атқан. «Енді үйге қайтайық» дегісі кеп Ақан соған қарай жүрді. Ұрқия қарға малтығып оқ тиген қоянды ұзын құлағынан көтерген күйі мелшиіп қатып қалыпты. Төрт аяғы тыпырлаған жан-дәрмен қоянды бауыздап жіберіп, тілерсегінен тесіп беліне өткізе салатын Ұрқия, қазір қолындағы қоян емес, шашынан көтерген адам басындай, немесе өзіне қарап ысылдаған жыландай үрейленіп, көзбен арбасқандай үнсіз тұр. Ақан да қарға малтығып жетті. Ұрқия әлі үнсіз. Қолындағы семіз, жуан ақ қоянды не бауыздауға, не лақтырып жіберіп, тұра қашуға батылы жетпеген адамның сыңайы.
— Оу, Ұрқияш, неғып тұрсың, енді кетейік, — деп сөйлей келген Ақанның көзі қабан атқан жолғыдай түсі қашқан Ұрқияның өңіне түсті. Аялы кең көзінің шарасы жасқа толып, бетіне тамып кетті. Қып-қызыл омпақ ерні дірілдеп:
— Бе-ке-ер, атқан еһ-екен-мін! — деп кемсеңдеп, жылап жіберді. Көзінен тарамдана аққан жасын тия алмады, — Обалына қалдым-ау. Байғұс көжектер жарық дүниені көре алмайтын болды. Не деген сұмдық! Не деген қатыгездік! Кім шығарды екен осы мылтығы құрғырды.
Ұрқияның сол қолынан ақ мылтық түсіп кетті.
Ақан сонда барып көрді. Ақ қоянның өкпе тұсынан тиген оқ орнынан қан саулап, емшегінен бұрқырап аққан ақ сүтпен араласып, балтырынан тамып тұр. Аппақ сүт. Қанға араласқан аппақ ана сүті. Ұрғашы қоян айы-күніне жеткен буаз екен.
Бұл жолы Ақан Ұрқияның жаны үлбіреген торғындай нәзік, жүрегі аянышқа толы екенін көрді.
Сол күні Ақан мен Ұрқия Қараталға селсоқ оралған. Бірақ маңындағы жолдастарына көңіл-күйлерін сездірмей, ештеме аңғартпауға тырысып бақты.
Жол бойы бірімен-бірі жарысып, ойын-күлкімен жеткен жастар, «бүгін бір қоянның жас етін жеп, таң атқанша сауық құрамыз» деп Қараталға қас қарая түскен. Қорамса Ақанмен бірге еді. Қора-қопсысы көл-көсір, араны кең ағаш үйдің алдындағы биік күресін қардың ығында бірнеше ат тұр. Үсті-басын қалың қырау басқан таң асқан жүргінші көліктері қатарымен оқыранды.
Жолаушылар үлкен үйде екен. Ақан жігіттерін бастап:
— Ассалаумағалейкүм! — деп сәлемдесіп, сонда кірді. Қыздар жағы Ұрқиямен отау үйге енді.
Қонақтар — етектей сақалдары кеудесін жапқан өңкей қожалар: Шәміл, Шәмбіл, Мұхаммедрахым. Арасында төре тұқымынан Шепе, Ғабдрахман молла, Ақандардың сәлемін жамыраса алған жолаушылардың бірі аузының ұшымен ғана қайырлы болсын айтты.
— Ақан бала, әйтеуір көп лаңмен жүріп құсыңды қондырған екенсің, енді артын қайырлы қылсын!
— Айтсын, айтсын! Қайырлы болмағанда қашанғы жел өтінен шыға берсін! — деп жауапты Шәкей берді.
Шәмбіл Шәкей сөзін жақтырмай басы кекжең ете қалды:
— Қой, фәнде, асылық айтпа. Бұл фәни жалғанда құдіреті күшті құданың кәріне ілектіре көрмесін де. Тәубә, тәубә де! Күпіршілік айтпа!
— Иә, соны айт, — деп түнеріп отырған Мұхаммед-рахым да қостады. — Аңнан қайттыңдар ғой тегі. Осы күні қыздар да желігіп, мылтық атып аң аулайтын көрінеді, мал құлағы саңырау. Аял бала мылтық ұстады деген не сұмдық! Алла, Алла! Әйтеуір қыз ойнақтарың жын ойнаққа айналып кете көрмегей!
Қонақтардың мына келісін сөз сыңайынан аңғарған Ақан қара мұртын сипап, зорлана күлді де:
— Мылтық ұстаушы аял Ұрқия, ақсақалдар! Жаз шыға сойыл ұстатып, қасқыр соғуға үйретейін деп жүрмін, — деп шамдарына тие сөйледі.
— Мейлің, шырағым, сойыл ұстатпақ түгілі гүрзі ұстатсаң да, — деп ұзақ сөзге шыдамы жетпейтін Шепе шіңк ете қалды. — Ұрқия өз иелігіндегі қатының ғой. Бірақ басқа қыз балаларды бүлдірмесең болады.
Ақан үнсіз түйіліп отырып қалды.
— Иә, Ақан қарағым, жата-жастана айтармыз деп едік. Ел ішіндегі қыздардың бұлай бүлінуі жақсылық емес. Мұсылман жолынан кетіп, жайылып бара жатқан түрі бар. Тасып кетпей тұрып, басу айтпасаң, ел ішін жын-шайтан жайлап алуы ықтимал. Көпе-көрнеу отырып, үндемей қалсақ, ертең құдай алдында күнаһар болармыз, — деп Шәміл де ұзақ сонарға түсті.
Бұдан әрі айтар сөздері белгілі. «Жастар бүлінді. Шариғат жолымен атастырған жеріне бармай, қашып кетіп жатқан қыздар көбейіп барады. Діннен безіп, қорқу-үркусіз барам деген жеріне барып, айтам дегенін айтатын әйелдер шыға бастапты. Қатын бүлінді дегенше жатын бүлінді дей бер. Қыз қызықты дегенше, жігіт ұйықты дей бер. Әдептен айырылу — әдеттен айырылу. Қазағынның әдеті, ғұрпы, діні бұзылса, сөгілмеген қай іргесі, қайыспаған қай қабырғасы қалды. Желік ізін салушы Ақан. Бәрін бұзушы Ақан».
Бұл сарынды кейінгі кезде Ақан сері әр жерден ести бастаған. Естіген сайын ерегісе түседі. Ерегіскен сайын ел өсегі көбейіп барады.
Ақанның үнсіз түнерген қалпын көріп, қожалар сөзін аяқсыз қалдырғысы келмей Шәкей:
— Әй, Бәтжан, осы көп мыжыған сөз не керек, көне бірер ауыз өлең айтып, мына арқасы құрысқан шалдардың терісін жазайықшы, — деп, домбыраны алып, шертіп-шертіп жіберді.
Тамағын кеней түсіп, ән бастағысы келіп еді, домбыра үніне тыжырынып отырған Шәмбіл аузын қақты:
— Әй, Шәкей! Әкең жақсы адам, осы сен қайдан жел өкпе боп туғансың?!
— Е, ақсақал, бір енеден ала да, құла да туа береді. Мен күземде, шешем бие сауып жүргенде жел өтінде туыппын, жел өкпелігім содан шығар, — деп Шәкей тісі ақсия күлгенде Бәтжан, Ожымбай, Аяғандар да қарқылдап күлді.
Қонақтар ытырынып отыр.
— Біз сенің күнде зар қақсайтын өлеңіңді тыңдай келгеміз жоқ. Ән — әңгіліктің ісі, домбыра — сайтанның жынысы. Ақан, аз оқысаң да, көп тоқығаның бар деуші еді. Одан да ақиреттен сөйле, — деп серіге көзінің қиығымен қарады.
Әңгіме бетін дінге бұрып, Ақанды біраз сүріндіріп алмақ еді ойлары. Сөйтіп отырып жанағы сөзді қайта қоздату.
Жолаушылап келгендей әдейі ат басын тіреп, өз үйінде басынып, жолына кесе-көлденең тұрған мына қожа-моллаларға Ақанның жыны түсіп, арқасы қозды. Сырттай кектеніп, зығыры қайнаған Нұртаза секілді ел билеген шонжарлар жұмсап отырған қолжаулық, надандардың бетін қайтарып алмаққа бекінген сері көзі шоқтай жайнап, Шәкейдің қолындағы домбыраны алды. Алды да бір-екі шертіп, қожаларға кекесінмен қарады.
— Ақиреттен сөйлеп, шариғат айтатын шамаларыңыз болса қағысуға мен даяр. Дүмше молла ел бұзар, күлше қожа ен бұзар, әуелі өздеріңіздің кім екендіктеріңізді, жолдарыңызды біліп алсаңыздаршы. Байқаймын, оттығуға емес, соқтығуға келген екенсіздер. Онда мен әуелі кім екендіктеріңді мына жігіттерге таныстырайын, — деп Ақан домбырасын қайта шертіп, жыраулардың жеңіл мақамымен тақпақтай жөнелді:
Мұндайлар күндіз жусап, түнде өреді,
Ұрлықты түнде қылған кім көреді.
Жегені қожалардың адал емес,
Баланың шөтейімен күн көреді.
Жігіттер ду күлді. Баласының уытты тілінен жасқанып, қожа-моллаларға тілі тиіп кетер ме екен деп, қабағын түйіп, құнысып отырған Қорамса да, Жүсіп төренің жұмсауымен Шәмбілдерге қосылған Шепе де шыдай алмай иіндері дірілдеп, күлкіге булықты. Жүздері қуарған қожаларға Ақан шүйліге түсті.
Білмей жүр қожа-молла кім екенін,
Қайдан келген, білмейді, әм мекенін.
Тентіреп Түркістаннан келіп едің,
Келе сала биледің қазақ елін.
Момын қазақ сендерді жетілтіп ед,
Семіріп көтермеңдер кеуделерің.
Қонақтар не тұрып кетерін, не мейман боп отыра берерін білмей сақалдарын салалап, жөткірініп төмен бұқты.
— Жігіттер, — деп Ақан енді көзі жайнап, Шәкейлерге қарап, езу тарта жымиды да, сайқы мазақ мысқылмен бітірді сөз соңын:
Жігіттер, ең әуелі іс біліңдер,
Дем салып, қожа-молланы үшкіріңдер.
Сүннәтін пайғамбардың көп айтады,
Алдымен осыларды піштіріңдер.
Жігіттер қыран-топан. Шәкей шек-сілесі қатып, «пышағым қайда, пышағым», — деп сөзін зорға құрап, ішін басып, отырған жерінде домалап қапты. Ақанға тиісем деп зәрдей сыбағасын алған қожалардың өңі сұп-сұр.
Ауыз жақта сөз төркінін құлағы шалған Жаңыл да езуін жия алмай, миығынан күліп есіктен басын сұқты:
— Әй, Ақанжан-ай, жұртты күлдірмесең отыра алмайсың-ау, ал, меймандар, ас пісті, қол жуыңыздар, — деп сөзді бұдан әрі ушықтырғысы келмей, тамақты сылтауратты.
— Ал, ақсақалдар, айыпқа бұйырмассыздар, ақиреттен сөйлегенім, бар білгені осы. Енді көп қышына бермейік, тәуір атты жауыр атқа айналдырып алармыз. Апа, мына сый қонақтарды әкем екеуін-ақ атқарарсыңдар. Бізге қоян етін салып па едің? Ана жақтағы сұлулар қоян етін жейміз деп отыр, — деп Ақан жігіттерін бастап, отау үйге кетті.
Орындарында мелшиген қожалар есеңгіреп қалғандай, мәңгіріп отыр. Серінің бұларға айтқанын Шәкей қыздарға қайталаса керек, көрші бөлмедегілер үйді басына көтере күлгенде, «баланың шөтейімен күн көреді», «әуелі осыларды піштіріңдер» дегенді қалай ұмытарын білмей, мына дардай адамдарды піштірудің сөлекеттігі елестеп ыңғайсызданған Шепе мен Қорамса тағы да жарылды. Артында батпандай зілі болғанмен, өткір әжуаға шыдай алмаған Шәмбіл, Шәміл, Мұхаммедрахым, Ғабдрахмандар да мырс етіп, иықтары селкілдеп күліп, алдарына келген жез легенге қолдарын зорға жуды…
Ұрқия осы босағаны аттағалы Ақан маңына үйірілген қыздар — бірінен-бірі өткен, шетінен үріп ауызға салғандай он жеті, он сегізге келген. Есілдің талындай бұралған Көкше өңіріне әйгілі, атақты, әнші сұлулар. Бәрі де хат таниды, бәрі де саусағынан оймағы түспейтін ісмер Үрім, Ғайнижамал, Ұрқия, Жамалдардың атастырылып қойған жерлері бар. Соған қарамай, сері қасында серілік құрып жүр. Шыңғыстың Күлзейнебі болса, Қызылжардың атақты көпесі Қарағайдың баласын менсінбей бармай отыр. Ұрқия құрбылары Ақанға еріп, ел салтын бұзғалы көркіне еркелігі барабар қыздардың көңілдері өсіп, арқалары кеңігендей аз мерзімді еркін ойын-сауықпен өткізгендеріне мәз. Іші күйгендер сырттан өсекке танып, ешкімнен зәбір көрмесе де бұлардың жүрісін қырық саққа жүгіртіп, Ақанды кінәлай бастаған. Әлгі қожалардың келісі серіге деген қаскөйлердің шабуылының алды еді.
Отау үй мұнтаздай таза, саңғыраған кең бөлме. Төрден есікке дейін тұтас төселген көк жапырақты жасыл кілем үстіне айдында сыланған бір топ аққудай тізілген қыздар бірінен-бірі өтеді. Шұңғыма өзен жиегіндегі түй табан жалпақ жапырақтардың бетіне шыққан аппақ жауқазындардай. Жастар өзді-өзі ойнап, әлде не әзіл әңгіме айтып, жайнай күлгенде, әдепті үндері желідегі құлыншақтардың мойнына таққан қоңыраудай сыңғырлайды. Бір-бірімен апалы-сіңлідей тату құрбылардың бойындағы жарастыққа Ақан тойымсыз көзбен қарап отыр. Бір-біріне ұқсамайтын, бірақ бәрі де Көкшенің жұпар иісті әртүрлі гүліндей әсем қыздарды мадақтауға ақын көңіліндегі әсерлі сөз жетер емес. Әннің де шамасы келер ме екен. Ертең жұптары ажырасып, «жел жеріне, жекен суына» дегендей өз қоныстарына кететін ел аруларына әннен тұмардай белгі қалдырғысы кеп, ақын толғанғалы қашан. Көмейіне тірелген не бір сұлу әуендер лықсып келсе де, бұларға арнаулы әнін қорашсынып, сыртқа шығара алмайды. Қазір де тілі жоқ, мақау Ыбаның алдына алып, баласының мағынасыз уілдеп, ыңыранған үнімен қосылып, Ақан әлдебір әуезді ыңылдап отыр.
Сыртта алдамшы боран тағы көтерілсе керек. Терезе түбіне жақын отырған ақын құлағына жарыққа ұмтылған көбелектей әйнекті дамылсыз сипалап, болымсыз ұйтқыған қар ұнтағының ысылы келеді. Бірде ән салып, бірде ортаға қос уыс асықты шашып жіберіп, бес асық, хан ойнап, қызыл асық алшы түссе талапайласып мәз болған қыз-жігіттерден оқшау қалған Ақанның көңілі өз-өзінен құлази берді. Оның есіне, күндегідей, тағы да Сұлтанмұрат түсті. Бұдан төрт-бес жыл бұрын Ақан мына Бәтжан мен Ожымбайды Құлагердің бәйгесінен қалың беріп үйлендірген. Төре есігінде жалшы боп жүрген Бәтжан еркіндік алып, өз алдына үй боп шықты. Бүгін өзімен бірге келген томпиған, бұйығы келіншегі қазір Ұрқиямен бірге қазандық үйде ас қамдап жүр. Ожымбй болса, әйелі келе үш құрсақ көтеріп, төрт жылда өзі сияқтанған қалың ерінді, шот маңдай үш ұл тауып берді. Алдына аздаған мал салып, он жасынан бері қысы-жазы салпақтап баққан байдың малынан аз да болса мойны босаған. Екеуі де тәп-тәуір үй боп кетті. Шәкей мен Аяған болса әкелерінің аздаған дәулетінің арқасында серілік құрып үйленбей жүр. Ал Сұлтанмұрат ше. Шешесі өлген қолы қысқа әйдік әнші жігіт күн көріс үшін әр ауылды тентіреп әнін жалдап жүр деген. Қысқы соғымға кенеліп, кекірігі азған еріккен байлар шақыртып алып ән салғызады. Таң атқанша, даусы қарлығып зорыққанша хисса айтқызып арқасынан қағып, болымсыз тиын-тебен беріп шығарады…
Кейін бұл төңіректе аты естілмей кетті. Қазір қайда жүр екен? Неге хабар-ошарсыз кетті?.. Ақан үй-ішінің жылуымен қырауы еріген терезе шынысына қарады. Дала үңірейген қараңғы. Май боранның майда ұнтағы шыныны сипап, ішке енгісі келіп жалбарынатын сияқты. Ақын көзіне ар жағында даусы қарлыққан қырау кірпік Сұлтанмұрат телміріп тұрғандай. Ол да алақанымен терезені аймалай сипап, жылы үйге, достарына енгісі келетін сияқты… Ақын әнші шәкіртін сағынып, көңілі босады…
Әлгі бір әзірде сыртқы есіктен сықырлап, дабырлай сөйлеп біреулер кіргендей болып еді, өзі күткен Сұлтанмұратының даусын естігендей Ақан елегізіп қалды. Бірақ, көрші-қолаң болар — дыбыс қазан аспа жаққа жетіп, тез өшті. Әлден уақытта барып, білегін түрінген, белінде алжапқышы бар Ұрқия асыға кіріп:
— Сүйінші, Ақан аға! Алыстан жолаушы келіп тұр! — деді.
— Ал, ал! Кім ол? Ойпырмай, Сұлтанмұрат емес пе? — дегенде Ақанның жүрегі атша тулап кетті.
Аузын жиған жоқ, қап-қара көмірдей бетінде аппақ тістері ақсиып, Сұлтанмұрат кіріп келді. Жастар аяғынан тік тұрды. Ақан екеуі бас салып құшақтасып, көріскен адамша ұзақ аймаласты.
— Апырай, сен үйге бағана кірген сияқты едің, неғып бөгелдің, — болды қуаныштан аузына сөз түспеген серінің алғашқы сөзі.
— Аяз би сияқты қара лашықта өскен мен де қара құлмын ғой, қазан-ошаққа бұрынырақ тарттым, — деп Сұлтанмұрат қыз-жігіттермен қол алысып жүріп, әзіл айтты.
— О, құдаханна, мұндай да ғажап бола береді екен-ау, жаңа ғана сенің сыбдырыңды естіп, даусың құлағымнан кетпей, елегізіп отыр едім. Бұл жазуға дауа жоқ. Түнделетіп қалай жеттің, жалғызсың ба?
— Жоқ, жалғыз емеспін. Өй, Ыбыраймысың. Мынау Ыбан ғой. Қарағым-ау, дырдай жігіт бопты ғой, — деп, Ақанның етегінен ұстап, ығына жасырынған он-он бірлер шамасындағы серінің өзінен аумаған баланың маңдайынан сүйді Сұлтанмұрат. — Ал, Ақан аға, ана жақта тағы бір адам бар. Сізді көруге ұялып, рұқсат сұрап тұр.
— He дейсің, Сұлташ, рас па? Келін болды ғой, кірсін-кірсін, лұқсат. Жігіттер, ана жақтан шашу әкеліңдер, — деп, Ақанның жүрегі өрекпіп, айғай салды, — Бәсе, көптен көрінбей, зарықтырып неғып жүр десем!
Көктен тілегенін жерден бергендей Сұлтанмұрат біреу емес, екеу боп келіп тұр. Ұлықсат сұрауының жөні солай. Келіншегі болмаса да, болашақ қалыңдығы екені аян. Бірақ ел ғұрпында үйленбей жатып, ертіп жүру салтта жоқ. Не де болса, бұл жұмбақ қазір шешілмек. Ақан да, үйдегі жастар да көздері жаутаңдап, есікке телмірді.
Осы кезде екі көзі жауһардай мөлдіреп, маңдайы он төртінде толған айдай жарқ етіп Ұрқиямен бірге үйге Қадиша кірді.
— Қадиша! — деп үй ішіндегілер тегіс шу етіп, таңырқап қалды.
— Қа-ди-ша! — дегенде Ақанның маңдайынан суық тер бұрқ етті.
Қадиша да Ақанға тіктеп қарай алмай, көзін бұрып әкетті. Мұны екеуінен басқа ешкім аңғарған жоқ.
Сұлтанмұрат жүгіріп шығып тыстан асыл тастармен әшекейлеген шошақ бас қозы құйрық ер алып кірді.
— Ақан аға, мынау әкейдің Ұрқияға арнайы жіберген тартуы!
Онша әшекейлеп, әлеміштемегенмен қайыңнан құраған бір қолмен көтерерлік қаңбақтай жеңіл ер аса ұқыпты жасалған. Қара ала кавказдатып күмістеген құйысқаны, өмілдірік, тартпаларын бірге қосып, былғары тоқым, желдік, тебінгілерімен бірге жіберген бітеу ердің қас маңдайында бармақтай асыл тас. Жастардың көзі сол асыл тасқа ауғанда, Ақанның көзі асыл тастай жарқыраған Қадишаның көзіне ауды. Әзіл, оспаққа жүйрік Қадишаның ашық үнмен саңқылдай сөйлеп отырса да, әлде бір аяулсын жоғалтқандай ылғи мұңмен қарайтын көз жанарында жаңа бір ұшқын түскендей. Әсем басып, белі бұрала кетіп бара жатқанда сәл ырғалып, толқи түсетін толысқан денесі бұрынғыдан таралыпты. Жүзінде жадыраңқы кейіп бар. Қадиша мүлдем өзгерген.
— Ал мына жүрістеріңе жол болсын. Кеше қарындасын қызғышша қорып, жастай алған әйелін жұрт көзінен орынды-орынсыз қызғанып, Ақанмен сырттай жауыққан Тастан енді сол әйелін Сұлтанмұратқа қосып, жақсы тілеумен жіберіп отырғаны қалай? Ақан мұның мәнін сұрай алмады. Сұрауға батылы жетпеді.
Сұлтанмұрат ақын ұстазының қасына отырып, құтты болсын айтқанда, екінші жағынан Қадиша да қосылды:
— Cepi аға, Қоскөлдің көгілдірін іле алмай қапы қалып едіңіз, Ақкөлдің аққуы тұзағыңызға түскен екен, қайырлы болсын!
«Өзіңде Сұлташтың құрығына түскен екенсің, қайырлы болсын!» деп әзілдеуге серінің аузы бармады. Бірден, екеуінің арасы әлі жұмбақ. Екіншіден, жұмбақ ойлағанындай шешілген күнде, бұрынғы ісіне кінәсіз болғанмен Ақанның бетіне айықпас шіркеу түспек.
Әйтсе де жөн-жоба білмек боп, Ақан алыстан орағытты:
— Ал, өздеріңе жол болсын, құтты болсын айта келген көңілдеріңе мың да бір рақмет! Екеуің қайдан қосылдыңдар?
— Тағдыр қосайын десе қиын ба, сері аға! Жасағанның жазуы қиыр-шиыр ғой, — деп астарлаған Қадиша сөзін Ақан аса ұқпай қалды.
— Қадиша төркініне барып еді, екі-үш ай сол Қараой жақта болдық. Мен ат қосшы боп бардым, Ақан аға, — деп Сұлтанмұрат та түсін ашып ештеме айтпады.
Сөз осымен доғарылды.
Қадиша өздерінен көп үлкен болмаса да, балауса, тең құрбы қыздар Тастан байдың әйелі орталарына келгенде жат адам тәтті отырыстың шырқын бұзғандай томсырая-томсырая қалып еді, тамақ ішіліп біраз отырған соң, қайта жадырап, араласып кетті. Оған Сұлтанмұрат пен Қадишаның сырнайдай қосыла салған әндері себеп болды.
— Сұлтанмұрат, Қадиша, көрмегелі көп болды, үндеріңді сағындым ғой, — деп Ақан қолқалаған соң, екеуі де іркілген жоқ.
Әуелі Сұлтанмұрат біраз шырқап, Қараой жақтан үйреніп келген өлеңдерін араластыра қарқындап алған соң, Қадиша алды кезекті. Аздан кейін екеуі қиқулап ұшқан егіз қоңыр қаздай қосылып кетті. Ана жылы Тастан үйінде отырып қосылғанда көңіліне ой салған екеуі, Ақанның көкейінде көптен сайраған әнін қозғап жіберді. Екі дауыс жана әннің тұйыққа тірелген жерін ашып, қиналған пернені тап басқандай, сері баяу ыңылдап отырып іздегенін тапты.
Ақан Сұлтанмұраттың кейбір әнін қабағы түйіліп, бет пішіні кіржиіңкіреп отырып тыңдаған. Әнші аузын ашқанда бүкіл тұла бойы балқып, алқымы ісіп, күре тамырлары білеуленіп кететін еді. Бірақ жүзінде мысқалдай қысылыс нышаны білінбейтін. Осы жолы қоңыр бетіне қан теуіп, күреңітіп, қызбай жатып маңдайынан шып-шып тер шықты. Әнді бабымен созбай қысқа қайырып, тез айтып құтылғысы келгендей алқынып қалды. Үнінде аздаған қарлыққан дыбыс бар.
Ұстаз реніш білдіріп,біраз сөгіс айтайын деп оқталды да: «Ел аралап, көрінген жерде жосықсыз айғайлап, әнді кәсіпке айналдырған соң ешкімнен қағу көрмей, тек қолпаш көріп өз әнінен өзі ығыр болған ғой. Оның үстіне жігітшілік бабы келіскенмен, дауыс бабына күтім жоқ, бар салмақ, ауыртпалық көмейіне түскен екен. Қазір бас салып ұялтпайын деп, оның үстіне шәкірт алдында өзін жазықты адамдай санап, тосылып қалды. Тек ән ырғағы, қайырмасы жөнінен бар әншіге ортақ ойын үлгі ете сөйледі.
— Жігіттер, қыздар, көптен сендерге айтайын деп жүрген бір сөзім бар еді. Сұлтанмұрат айтқан өлең сөзіндегі кейбір мүкіс жерлерін естігенде есіме түсті. Ол мүкіс бәрінде де кездесетін малдағы соқыр ішектей артық нәрсе. Ол қайырмада.
Ақан лұғат, кеңес айтса зер салып, ынтыға тыңдауға машықтанған әншілер тегіс құлақ түре қалды.
— Жаңа бір өлеңінде, Сұлтанмұрат, «Сәулем-ай» деген қайырманы орынсыз қолдандың. Бұл жерде «сәулем-ай», «қалқам-ай, қарағым» деген сүйгеніне құлақ қағыс мазмұн жоқ. «Шіркін-ай», «дариға-ай, қайтейін» деген дәрменсіздіктен айтылған өкініш, жігері құм болған қайрансыздық бар. Ендеше бұл араға «шіркін-ай», «дариға» сөзі лайық. Сол сияқты өлең шумағынан соң тыныс алып, қайырылатын тұстағы, ән буынындағы «дүние-ай» деп мұң шағатын, «па шіркін» деп тасыған көңілді көтеретін, «ой, пәле, қыз бала» деп құйқылжытатын, қосымша сөздерді өз мәнімен жұмсай білу керек. Әнде бөлек-салақ, артық-тыртық сылыма жерлер көп болса, солғұрлым әсері кемиді. Ән сөзі оқтаудай жұмыр болмай, кедір-бұдырлы болса, салған ән де, бір жері жұқа, бір жері қалың жайылған еттің нанындай түйіртпектеліп, кебір жұтылады. Олақ әншінің көмейінен шыққан кіршең ән де, салақ әйелдің қолынан шыққан күлді-көмеш дәм секілді. Сондай-ақ «Ахау», «еһей», «гегигей», «ойхой», «халалау» деген үстеме бунақтар да ән, өлең мазмұнына лайық, жатық келсе керек. Сендер Біржандай ән тәңірі туған Көкше өңірінің бетке ұстар әншілері екендіктеріңді еш ұмытпаңдар. Сендер салған ән елге үлгі, болашақ әншілерге мәктәп, сабақ болса деймін. Ән де балауса қайыңдай нәзік жаратылыс — қылт етіп көрінген шыбық кезінде бір жерін жаралап, не қисайтсаң, жетілгенде де сол жара қалып қояды. Әннің бапкері, тәрбиешісі әнші.
Сері біраз көсіліп алды да, әншілерге күлімсірей қарап: — Жаңа Сұлтанмұрат пен Қадишаның қосылып айтқан өлеңдері көкейімдегі бір әнге жан бітірді. Толғағы басталғалы қашан, міне, енді дүниеге келді, — деп жаңа бір ән бастады, — Бұл өзі үш адамның даусымен айтылатын ән сияқты. Ән аты «Үш тоты» еді.
— Мен бүгін ұйқтап жатып көрдім бір түс.
Көргенім Иран бақта үш тоты құс…
Тағы да ұйқтап жатып көрдім бір түс,
Шығыпсыз бір ауылдан үш тоты құс, —
деп өңдері қызарып, қысылыс тапқан сұлу қыздарға қарап отырып, өлең аяғын жұмбақтағандай, іштей Қадишаға да құлаққағыс етіп, бұрынғы өкінішті істен арылайық, ендігі жол — дос арасындағы татулық жолы болсын дегендей тұйықтады.
Бір жақсы бір жақсыны өкпелетпес,
Жем жеген ақсұңқарым қолдан кетпес,
Бұйырса тағдыр бізді татулыққа,
Еске алмай мені дағы қапыда өтпес.
Толқымалы қоңыр ән бірде баяулап, бірде көтеріліп барып басылғанда, жастар қорғасындай балқып, толқып кеткен еді. Өңкей өнерпаз әншілер тез қағып алып, жылдам жаттап, екі-үш дауыспен мәнерлеп салғанда «Үш тоты» Иран бағындағы жүз құбылған тотыдай сайрап, құлпырып сала берді.
Бұл бір — Қаратал бауырында туған, Көкше жұрты көптен күткен шоқтықты, сұлу ән еді. Көрші бөлмедегі шалдар да нақысты жаңа әнге амалсыз құлақ түріп, тына қалған. Ұлының өнеріне іштей қуанып, әмәндә көңілі өсетін Жаңыл шешей босағадан тыңдап, тебіреніп тұр.
— Ағасы, сонымен үш тоты кім болды. Үрім, Жамал, Күлзейнеп, Ұрқия, Ғайнижамал, Қадиша апайдың қайсысы. Айырып айтпайсыз ба, — деп раушандай сұлуларды қырмызыдай қызартып, Бәтжан жеңіл қалжыңмен тосын сұрақ қойды.
— Өзің қалай ойлайсың?
— Өй, сен де бір… үш тотыға ен тағып қайтейін деп ең, — деп Шәкей Ақанды тұйықтан шығарғысы келіп еді, серінің Ұрқиясы күлімсіреп, жолдасын біржола құтқарып алды. Ертеде бір хан болыпты. — Жастар көзіне жылт етіп ұшқын атқан Ұрқияға қарасты, — Ханның отыз кәнизәгі болыпты. Отыз күндес күнде қырқысып, қызғаныштың дертіне шалдыққан соң, хан отызына отыз алтын сақина соқтырып, әр қайсысына жасырып берген екен. «Бұл алтын сақина екі арамыздағы құпия болсын. Мен дүниеден сапар шеккен күні саусағыңа киерсің. Оған дейін сандығыңа салып, тереңде сақта» деп оңашада бас-басына жеке айтыпты. Содан күндестер бұрынғыдай «төремнің ең сүйіктісі менмін, менмін» деп таласып, шапұр-шұпыр бола қалған күн болса, үстіне келген хан бәрін тоқтатып: «Оу, жамиғаттар, текке таласып, жүз жыртыспаңдар. Бәріңді бірдей көрмейтінім рас. Менің ең сүйіктім, — алтын сақина кімде болса – сол. Көңілім де сонда» дейді екен. «Е, хан тақсырдың көңілі менде екен» деп отыз кәнизәктің әрқайсысы іштей мәз боп, тоқтайды екен. Сол сияқты Ақан ағаны бұл арада қинап қайтеміз, — дегенде жастар тегіс күлді.
— Ақылыңнан айналдым! — деп Ақан да сөз тапқыш Ұрқиясына мейірлене қарап, мәз болды…
Әдейі келген шаруаларын тындыру орнына Ақаннан таяқ жеген қожа-молдалар ертеңіне зығырмен аттанған.
Тап жүрер алдында Шәмбіл қожа Қорамсаны жеке алып шығып:
— Қореке, бір-бірімізге жат адам емес, тілеулес ек. Шын жаным ашығасын айтамын. Үйіңе жын-ойнақ орнаған екен. Ана қыздардың шімірікпестен, қымсынбастан келіп түней жатып, сайран салулары жақсылық емес. Түнемел қыздың ашуы қатты болатынын білесіз. Әдет бұзған әдепсіздердің үлгісі Қараталдан, сайтандай еліктіруші Ақаннан басталып отыр. Ел мұны аяқсыз қалдырмайды. Тез тыйыңыз. Тыймайды екенсіз, өкінесіз. Ақылым осы, — деп зіл тастап кетті.
Бірақ Ақан ешкімнен ыққан жоқ. Жаз шыға тіпті еркінсіп алды. Оны еркінсіткен ән сүйгіш сауықшыл елдің өзі. Қайда той, қайда жиын болса Ақанды кісі жіберіп шақырып алады. Аужар Ақансыз айтылмайды, қыз серісіз ұзатылмайды, жаңа туған нәрестеге әншісіз ат қойылмайды. Сері жалғыз жүрмейді. Бар тобымен жүреді. Сері тобы азаймайды, күннен-күнге көбейе түседі.
Үнемі Ақанмен бірге жүретін Ұрқиядай, Сұлтанмұратпен қосыла ән салатын Қадиша да жасырынбақ ойнай алмады. Күндердің күнінде Тастанның құлағына сұмдық сөз де, мұздай боп жетті. Ақан Ақтоқтыға ерегісіп Тастанның тоқалын тартып алыпты, Ұрқия екеуі күндес екен» деген өсек бір шығып еді, іле «Ақан өзіне ерген жігіттерге елдің ең тәуір қыздарын алып береді. Қадишаны азғырып Сұлтанмұратқа қосыпты. Сұмдық-ай, бүйте берсе ұрғашы атаулы құтырған иттей көзі қанталап иесінен безер болар, қыз-қырқын әзәзілдік жолға түсер болар» деген алып-қашпа сөз су жыландай сүйреңдеді.
Іші оттай күйіп, есінен танған Тастан өзі қуып жіберген тоқалынан қайтып өш аларын білмей, жұрт алдында масқара боп, ел бетін көре алмай запыран құсып жатып алды. Кек алудың жолын ойлап, қуарған қу шөптей халге жетті.
Өстіп жүргенде Қараөткел жақтан серіге хабар келді. Үш жүздің басын қосқан Аққошқар-Сайдалының асы болғалы жатыр екен. Күннің ыстығында келер алдағы оразаға дейін өткізбек асқа Ақанды шақыртып, даңқы жер жарған Құлагерін бәйгеге қоссын деп, арнайы шапқын жіберіпті.
Ақан бара алмайтын болды. Аяғы ауыр Ұрқияның күні таяу еді. Сері серігін тастап, сауық қуып кете алмады. Көзінің қарашығындай Құлагерін де біреуге сеніп аманатпен жібере алмады.
Шідерленген дүлдүлдей, топшысы қайырылған қырандай тобан аяқ боп отырып қалған тұлпардың тұсауын шешіп, сұңқардың томағасын ағытқан Ұрқия болды.
— Ақан, сіз жалғыз менің Ақаным емессіз, ел Ақанысыз. Елсіз Ақан жоқ. Ақансыз жердің сәні, елдің әні жоқ. Жер сәнінен, ел әнінен айырылмасын. Мен десеңіз бұл жолдан қалмаңыз. Дүниеде бала тауып, ана болған жалғыз мен емес. Менің қабағым кірбің тартсын демесеңіз, ризашылықпен аттаныңыз. Өзіңізді екеу боп қарсы алармын, — деп соңғы сөзіне ұяла тұрып қиылды. Құлагердің ер-тоқымын өзі алып шығып, атқа салды.
Сөзден тосылған Ақан Ұрқияның ақылына риза болып, тілегін қабыл алған. Құлагерін баптап, әнші-күйшілерін, балуандарын ертіп, салтанатпен аттанғалы жатқанда Ұрқия Ақтоқтының белгісі — сары жібек жабуды үлбіретіп өз қолымен жапты Құлагерге.
Сәкен ЖҮНІСОВ.