«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бабадан жеткен ұлттық спорт түрлерінің бірі әрі бірегейі – күрес екені даусыз. Сан ғасырлық тарихы бар төл өнерімізді дамыту – бүгінгі ұрпақтың мойнына жүктелген абыройлы міндет. Мұны “Қызылжар арландары” клубының балуандары айқын сезініп, түрлі халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Жас та болса, бірнеше жарыста атой салған Батырхан Қайырбекті әңгімеге тартып, қалың оқырманға жақынырақ таныстыруды жөн көрдік.

– Бұрынғыдай емес, қазір балалар үшін неше түрлі үйірме бар. Солардың ішінен не себепті таңдауың қазақ күресіне түскенін айтып берсең.

– Ауылда тұратын балалардың бос уақытын өткізетін жалғыз жері – мектептің спорт залы. Үшінші сыныпта командалық және қысқы спорт түрлеріне ден қоя бастадым. Түрлі жарыстарда туған жерім Шал ақын ауданына қарасты Жаңажол ауылының намысын қорғадым. Кейін күреске ауыстым. Қазақ күресінен өтетін сайыстарда бағымды сынадым.

2009 жылы жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде екінші орынға ие болдым. 2010 жылы осы чемпионатта қола жүлдені місе тұттым. Әрине мақсатым – жеңімпаз атану еді. Сондықтан барымды салып, 2011 жылы чемпиондық атаққа қол жеткіздім. 2016 жылдан бастап қазақ күресінен республикалық жарыстарда бақ сынап жүрмін. Жастар арасындағы біріншіліктерден жүлдесіз қайтқан емеспін.

– Қазір “Қызылжар арландары” клубының сапындасың. Қай уақыттан бері бұл командада өнер көрсетіп жүрсің?

– Биыл “Қызылжар арландары” клубының ашылғанына 5 жыл толды. Өңірімізде қазақ күресі қанатын кеңге жайып келеді. Жерлестеріміз жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мен клуб ашылғалы сонда жаттығамын. Алғашында спортшылар қатары аз еді. Дегенмен есімі облысқа белгілі ағамыз Бауыржан Құлжановтың мұрындық болуымен өзге өңірлерден мықты балуандар келді. Олармен тәжірибе алмасып, өз шеберлігімізді шыңдай түстік.

Мен алғаш рет 2020 жылы ел біріншігінде клуб сапындағы алғашқы жүлдеге ие болдым. Үшінші орын алсам да, мен үшін бұл жүлденің орны бөлек. Ал 2021 жылы “Сарыарқа батырлары” сайысында топ жардым.

Біздің клуб өзге өңірлердегі командалардан ерекше. Себебі директорымыз Алтынбек Аусағитовтың өзі клубты басқарып қана қоймай, түрлі жарыстарға қатысады. Оның биылғы әлем кубогындағы жеңісі “арландарды” жігерлендіре түсті. Жерлестеріміз ел ішіндегі турнирлерде жеңімпаз атанды. Өзім жақында ғана “Дала қырандары” республикалық додасында топ жардым.

– Жүлдең құтты болсын. Осы “Дала қырандары” турниріне тоқтала кетсең. Бұл қандай жарыс?

– Астана қаласында өткен “Дала қырандары” жарысы Тәуелсіздік күніне орайластырылды. Мен 74 килограмда сынға түстім. Үш мәрте бозкілемге шығып, қарсыластарымның барлығынан басым түстім. Кейбірімен бұған дейін де күрескенмін. Бір-біріміздің қолданатын айла-тәсілдерімізді білеміз. Сондықтан белдесулер оңай болмады.

Турнирдің финалдық кезеңінде тараздық балуан қарсылас атанды. Төрешілердің шешімімен жеңіске жеттім. Осылайша бас жүлдеге тігілген 4,5 млн. теңгені қанжығама байладым. Бұл – биылғы жылы өткізілген маңызды додалардың бірі. Себебі оған қатысқан спортшыларға ұпай беріліп, балуандардың рейтингі құрылады. Кейін ұлттық құрама жасақталып, халықаралық сайыстарға қатысуға мүмкіндік беріледі.

– Білуімше, облыстық полиция департаментінде жұмыс істейсің. Спорт пен жауапты қызметті бірге алып жүру қаншалықты қиын?

– Бала кезінде погон тағуды армандамаған бала кемде-кем шығар. Мен де солардың бірімін. Көгілдір экраннан тәртіп сақшыларының іс-әрекетіне тамасана қарайтынмын. Енді міне, сол мақсатыма жеттім. Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніме 5 жыл болды. Қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінің “Арлан” арнайы жасағында қызмет етемін. Полиция капитанымын. Қоғамдық тәртіпті күзетіп, түрлі операцияларға қатысамын. Спорттық дайындығым қызметіме көмегін тигізбесе еш зияны жоқ. Өзімді әрқашан ширақ сезінемін, кез келген жағдайға дайын жүремін.

– Әңгімеңе рақмет, биік белестерден көрінуіңе тілектеспін!

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp