«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЯНДЫ  БАСТАМАЛАР  ЖЫЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2023 жыл еліміз үшін өзгерістерге толы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Осы орайда қоян жылы тарих беттерінде қандай оқиғалармен қалады? Президент қандай маңызды шешімдер қабылдады, нендей тың бастамалар көтерді? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде “Кazinform” агенттігі Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәлимен сұқбаттасқан болатын. Сол сұқбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Берік Уәлиұлы, биыл Прези­дент халыққа арнаған Жолда­уында Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын айқын­дап берді. Жалпы Мемлекет бас­шысы қандай мәселелерге баса назар аударды?

– Ең алдымен, баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құт­тықтаймын! Осы мереке қарсаңында жылды қорытындылап, бізбен сұқ­бат­тассақ деген ойыңызды құптай­мын. Шын мәнінде, Әділетті Қазақ­станды құру жолында маңызды сая­си-экономикалық реформалар жүзе­ге асырылып жатыр. Осы орайда биыл Мемлекет басшысы қоғамда Заң мен тәртіп үстемдігін орнатуға, әділдікке негізделген жаңа экономи­калық үлгіге көшуге, халықтың тұр­мыс сапасын жақсартуға, бәсекеге қабілетті ел болуға, сапалы ұлт қа­лыптастыруға бағытталған көпте­ген бастама көтерді. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолда­уында жаңа экономикалық саясат­тың негізгі бағыт-бағдарын айқын­дап, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке ел экономикасының жыл сайынғы тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу, 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайту, еліміздің байлығы мен табысын хал­қымыздың арасында әділ бөлу мін­деттерін жүктеді. Еліміздің 5-6 жыл­дағы даму траекториясын айқын­дай­тын бұл Жолдау міндеттерінің сәтті орындалуына тек билік қана емес, жалпы халық та, іскерлік орта да мүд­делі болуға тиіс. Осы себепті таяуда ғана Президент отандық бизнес өкіл­дерін жинап, олардың ұсыныс-пікір­лерін тыңдады. Еліміздің макроэко­но­микалық саясаты, оның ішінде жа­ңадан әзірленіп жатқан Салық ко­дексі, экономиканың шикізаттық емес секторларын дамыту жөнінде мазмұнды да сындарлы пікір алмасу болды.

– Осы міндеттерді орындау үшін, алдымен, нормативтік-құ­қықтық актілер қабылдануға тиіс екені белгілі. Биыл Президент қандай маңызды Заңдарға, Жар­лықтарға қол қойды?

– Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен бірқатар маңызды заңдар әзірленіп, күшіне енді. Мем­лекет басшысы биыл жалпы 98 Заң­ға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қой­ды. Бір қызық фактімен бөлісе ке­тейін. Президент жылдың алғашқы күні де жұмысқа шығып, “Агломера­ция­ларды дамыту туралы” Заңға қол қой­ған екен. Астана, Алматы, Шым­кент, Ақтөбе сияқты халқының саны 500 мыңнан асатын шаһарлардың айналасындағы елді мекендерді да­мыту үшін бұл заңның мән-маңызы зор.

Бұдан бөлек, “Ұлттық қор – бала­ларға” бастамасын іске асыратын тиісті Заңға қол қойды. Келесі жыл­дан бастап Ұлттық қордың жыл са­йынғы инвестициялық кірісінің 50 па­йызы еліміздің кәмелетке толмаған азаматтарының бәріне теңдей бөлі­нетін болды. Президенттің тікелей бастамасымен әзірленіп, күшіне ен­ген нормативтік-құқықтық актілердің бірі – “Заңсыз иемденілген активтер­ді мемлекетке қайтару туралы” Заң. Мұның бәрі еліміздің байлығын ха­лық арасында әділ бөлуге негіздел­ген маңызды қадамдар деп айтуға бо­лады. Себебі қайтарылған активтер­дің есебінен ел өңірлерінде әлеумет­тік, инфрақұрылымдық нысандар са­лынып жатыр, яғни, қаржы халықтың мұқтаждығына жұмсалады. Соны­мен қатар құқық қорғау саласын, со­ның ішінде прокуратура мен сот жүйесін күшейтуге, Конституциялық сот органын құруға бағытталған бір­қатар Заң қабылданды.

Бұдан бөлек, Президенттің Жар­лығымен жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі, Өнеркә­сіп және құрылыс министрлігі, Көлік министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт ми­нистрлігі сияқты жаңа ведомстволар құрылғаны мәлім. Мемлекеттік бас­қару жүйесін одан әрі жетілдіру жо­лындағы бұл шешімдер нақты қажет­тіліктен туындағаны сөзсіз. Түптеп келгенде, әрбір құжаттың мазмұнын­да мемлекет мүддесін көздейтін ма­ңыз­ды шешімдер, тұтас саланы рет­тейтін заңнамалық өзгерістер жатыр.

– Биыл Президент бірқатар облысқа барды. Әлбетте, облыс әкім­дері Мемлекет басшысына өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму барысын жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Әйтсе де аймақтарда қордаланған мәселелер баршылық. Мәселен, жылыту маусымы кезінде болған апаттар коммуналдық инфрақұ­ры­лымның әбден тозығы жетке­нін көрсетті. Жалпы Президентке аймақтағы шынайы ахуал бүрке­месіз жеткізіле ме?

– Дұрыс айтасыз, әрбір әкім өзі бас­­қаратын облыстағы жетістіктерді барынша жеткізуге тырысатыны бел­гілі. Әйтсе де Президент еліміздің ты­ныс-тіршілігін ұдайы бақылауын­да ұс­тап отыр. Ел ішіндегі шынайы ахуал­мен жақсы таныс. Оның үстіне, Пре­зи­дент Әкімшілігінің құрылым­дық бө­лімшелері күнделікті қажетті ақпарат­ты жеткізіп отырады. Мемле­кет бас­шы­сының өзі де әлеуметтік желілер­ді, бұқаралық ақпарат құрал­дарын шолып, тиісті тапсырмалар береді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл еліміздің 14 өңіріне жұмыс сапары­мен барды. Сапар барысында об­лыс­тардағы өндірістік, әлеуметтік ны­сандарды аралап қана қоймай, жер­гілікті тұрғындармен, кәсіпкерлер­мен, зиялы қауым өкілдерімен жүз­десті.

Өзіңізге мәлім, Екібастұз, Руд­ный, Риддер, Ақтау қалаларында коммуналдық желілер істен шығып, тұрғындар қиын жағдайға тап болды. Осы жағдайлардың бәрін Президент жіті бақылауына алып, Үкіметке шұ­ғыл тапсырма берді. Тамыз айында Екібастұз жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыста­ры­мен арнайы барып танысты. Жал­пы төтенше жағдайлар кезінде Мем­лекет басшысы жұмыс кестесін бұ­зып, оқиға орнына шұғыл аттанып ке­теді. Мәселен, Абай облысында бол­ған өртке байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Вьетнамға ресми са­парын кейінге шегерді. Қарағанды облысындағы көмір шахтасында бол­ған апат кезінде де оқиға орнында жедел штаб отырысын өткізді. Жа­қын­дарынан айрылған отбасылар­мен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Азаматтарға қажетті көмек көрсетуге пәрмен берді.

Мемлекет басшысының аймақ­тарға жұмыс сапары нәтижесінде об­лыстардағы қордаланған мәселе­лер­ге талдау жасалады, кейін соның негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін тиісті шешімдер қабылданады.

– Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін Мемлекет бас­шысы ұдайы назарында ұстайды деп айтып қалдыңыз. Осы бағыт­та қандай шаралар атқарылды? Нақты нәтиже бар ма?

– Биылғы Президент Жолдауы “Әділетті Қазақстанның экономика­лық бағдары” деп аталуы кездейсоқ емес. Бұл аса маңызды құжатта орта мерзімдегі экономикалық саясаты­мыз айқындалды, соның ішінде ха­лықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән берілді. Қасым-Жомарт Ке­мелұлының тапсырмасымен “Ха­лық­­тың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы” бекітіл­ді. Осы бағдарламаның бір бағыты – бюджеттен қамтамасыз етілетін ұйым қызметкерлерінің еңбекақы­сын жүйелі түрде өсіру. Мәселен, мем­­лекеттік білім беру ұйымдарын­да жұмыс істейтін педагогтардың ең­бекақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға өсіп ке­леді. Осылайша биыл педагогтар­дың лауазымдық жалақысы 100 па­йыз көбейді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтарының да лауа­зымдық жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 пайызға өсті. Жо­ғары оқу орындарының про­фес­сор-оқытушылар құрамының жа­ла­қысы 2023 жылы 26 пайызға арт­ты. Студенттердің шәкіртақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 20 па­йызға, магистранттар мен докто­рант­тардың шәкіртақысы 15 па­йызға көбейді.

Медицина қызметкерлерінің жа­ла­қысы да жыл сайын жоғарылап ке­леді. Атап айтқанда, дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, орта меди­циналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті. Сонымен қатар 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ұйымдары қызметкерлерінің жала­қысын арттыру жоспарланып отыр. Жалпы бұл – өте ауқымды бағдар­лама. Ауыл халқына 2,5% жеңілдікпен несие алып, кәсіп ашуға мүмкін­дік беретін “Ауыл аманаты” бағдар­ла­масы, сондай-ақ, экономиканың нақ­ты секторларында жұмыс орын­да­рын көбейту, мемлекеттің әлеу­меттік қолдау шаралары осы кешен­ді құжат аясында жүзеге асырылады.

– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін инвестиция­ның мәні зор. Осы ретте Қазақстан экономикасына тартылған инвес­ти­ция­ның көлемі қандай?

– Президент экономикамызға, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі мен шикі­заттық емес секторларға инвестор­лар тартуға ерекше мән береді. Кез келген шетел сапарында сол мемле­кеттің ірі бизнес өкілдерімен кезде­сіп, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен артықшылықтарын та­ныстырады. Елімізде инвесторларға барынша жағдай жасалып отыр. Таяу­да Президент Жарлығымен Ин­вестициялық штаб құрылды. Енді аталған Штаб шығарған шешімдерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ, квазимем­ле­кет­тік сектор субъектілері орындауға міндетті. Демек жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс тиімділігі олардың қанша инвестиция тартқа­ны­на, инвестициялық жобаларды нә­тижелі жүзеге асырғанына қарай ба­ғаланады. Жалпы биылғы І жарты­жыл­дықтың қорытындысы бойынша шетелден 13,3 миллиард доллар кө­лемінде тікелей инвестиция тар­тыл­ған екен. Оның ішінде Нидерланды – 3 миллиард доллар, АҚШ – 1,9 мил­лиард доллар, Швейцария – 1,7 мил­лиард доллар, Ресей – 1,1 миллиард доллар; Қытай – 748,3 миллион дол­лар; Оңтүстік Корея – 717 мил­лион доллар; Бельгия – 585,3 миллион доллар; Франция – 458,4 миллион доллар; БАӘ – 408,7 миллион дол­лар; Люксембург – 238,5 миллион доллар инвестиция салған.

– Ал отандық кәсіпкерлерді қол­дауға қатысты қандай жұмыс­тар атқарылып жатыр?

– Отандық кәсіпкерлікті дамыту мәселесі Президенттің айрықша на­зарында. Себебі шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі ті­регі. Қасым-Жомарт Кемелұлы мем­лекеттің кәсіпкерлерге барынша көмек көрсетуі қажет екенін ұдайы айтып келеді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бизнесті қатаң реттеу­ден оны проактивті ынталандыруға бағытталған жаңа нормативтік-құ­қықтық база қалыптасты. Нәтиже­сін­де, кәсіпкерлік белсенділіктің үлесі 10 пайызға артты; әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған бизнес өкілде­рі­нің саны 50 пайызға азайды; мем­лекеттің бизнес-процестерге ара­ла­су көрсеткіші төмендеді.

– Мемлекет басшысы келелі жиын­дарда үнемі маңызды баста­малар көтереді. Соның ішінде биыл жүзеге асырылған бастама­ларды атап өтесіз бе?

– Әрине, атап өтуге болады. Қа­сым-Жомарт Кемелұлының баста­ма­­­ла­ры дәйекті түрде жүзеге асы­ры­лып жатқанына өздеріңіз де куә бол­дыңыздар деп ойлаймын. Айта­лық, жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл­ды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша “Ұлт­тық қор – балаларға” жобасымен ұш­тастыру мақсатында бес жастан ас­қан жеткіншектерге арналған “Ке­ле­шек” атты бірыңғай ерікті жи­нақ­тау жүйе­сін енгізу мәселесі қолға алын­ды. Бала күтіміне жәрдемақы бе­ру мер­зімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзар­­тыл­ды. “Ауылдағы денсаулық сақ­тауды жаңғырту” жобасы жүзеге асы­рылып жа­тыр. Ауылдық аумақ­тарды да­мы­ту­дың 2023-2027 жыл­дарға ар­нал­ған тұжырымдамасы қабылдан­ды.

Президент халықаралық жиын­дар­да да елімізге пайдалы баста­ма­лар көтеріп жүр. Байқасаңыз, Мем­лекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді тран­зит­­тік хаб ретінде дамыту мәселе­сіне баса мән береді. “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында Лянь­юнь­ган портында қазақ-қытай ло­гис­тика орталығы құрылды; “Қор­ғас” құрғақ порты іске қосылды; “Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай” тран­зиттік ма­гистралі жұмыс істеп тұр; Қытай­дан Иранға апаратын жаңа темір­ жол дәлізі тар­тылды. Бұған қоса, Достық – Мо­йын­ты, Бақты – Аягөз, Мақ­таарал – Дар­база темір жол жо­баларын жүзе­ге асыру қолға алын­ды. Сонымен қатар Қытай тарапы­мен “Аягөз – Тачэн” темір жолы құ­ры­лысын жүргі­зу тура­лы меморан­дум­ға қол қойыл­ды. Мемлекет бас­шысы ұсынған бар­лық бастама ел игі­лігіне қызмет етеді.

– Енді халықаралық қатынас­тар саласына ойыссақ. Осы ба­ғыт­та атқарылған жұмыстарды түйіндей кетсеңіз.

– Биыл еліміздің сыртқы саяса­ты­на қатысты жұмыстар өте бел­сен­ді жүргізілді. Жалпы Президенттің қатысуымен көпжақты және екіжақ­ты қарым-қатынастар аясында 268 іс-шара өтті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдерге 19 рет сапар жасады. 27 халықаралық фо­рум мен саммитке қатысты. Атап айт­қанда, шет мемлекеттердің пре­зи­дент­терімен 30, шетел үкіметтері бас­шыларымен, халықаралық ұйым­­дар­­дың жетекшілерімен, іскер топ­тар өкілдерімен 106 кездесу өткі­зіл­ді. Мемлекет басшысының са­пар­ла­ры шеңберінде 18 екіжақты құжат­қа қол қойылды. Сонымен қа­тар 27 мем­лекеттің елшілерінен се­нім гра­мота­ларын қабылдады. 41 елдің бас­шы­ла­рымен телефон ар­қылы сөйлесті.

Теңгерімді және конструктивті сыртқы саясат еліміздің ұстанатын басты бағыты саналады. Осы орай­да ұлттық мүддені қорғау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақ­тау мәселесі басты назарда болды. Биыл Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның халықаралық беделін одан әрі арттыру мақсатында маңызды ше­шімдер қабылдады. Мысалы, Сол­түстік Македонияда Қазақстан Республикасының елшілігін, сон­дай-ақ Қытайдың Сиань, Ресейдің Ека­те­ринбург және Германияның Гамбург қалаларында Қазақстан­ның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылдады.

– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, Мемлекет басшысы биыл көпте­ген елге сапармен барды. Сол са­парлардың мән-маңызына тоқта­ла кетсеңіз.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл Қытайға мемлекеттік, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Вьетнамға, Гер­манияға ресми, Ресейге, Қыр­ғыз­станға, Түркияға, Сауд Арабия­сына, Тәжікстанға, АҚШ-қа, Бела­русь­ке, Әзірбайжанға жұмыс сапа­ры­мен барды. Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Қы­тайға мемлекеттік сапа­ры бары­сында Төраға Си Цзиньпин­мен кез­десіп, маңызды келіссөз жүр­гізді. Кез­десу барысында екі елдің сау­да-экономика, мұнай-газ, мұнай химия­сы, энергетика, білім және ғы­лым, қар­жы салаларындағы жан-жақ­ты ынтымақтастығын дамыту, кө­лік-транзит әлеуетін арттыру мәсе­ле­­ле­рі талқыланды. Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысы JD.com элек­тронды коммерция алаңында Қазақ­станның ұлттық павильонын салта­нат­ты түр­де ашу және Сиань қала­сын­дағы құрғақ портта Қазақстан­ның логис­тика орталығының іргета­сын қалау рәсіміне қатысты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Ке­мелұлы 17-18 қазанда Си Цзинь­пиннің шақыруымен “Бір белдеу, бір жол” халықаралық ынтымақтасты­ғы­­ның III форумына қатысты. Атал­ған жиынға әлемнің 20-дан астам елінің президенттері, 130-дан астам мем­ле­кеттің өкілдері келді. Осы форум­да Қазақстан Президенті Төраға Си Цзиньпин мен Ресей Пре­зиденті Владимир Путиннен кейін үшінші болып сөз сөйледі.

Содан кейін Президент өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет уни­верситетінің аумағында орта ғасыр­лық философ, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған бюстті сал­танат­ты түрде ашты. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайға са­па­рының ең бір көңіл толқытар тұсы болды. Ал Мемлекет басшысының Шыңжаң ұй­ғыр автономиялық өл­кесіне баруын тарихи сапар ретінде бағалауға болады.

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвести­ция­лық ынтымақтастықты дамыту­дың басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ Әмірліктердің іскер топ­тарының өкілдерімен бірқатар кез­де­су өткізді. Вьетнамға ресми сапа­рын­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонг­пен келіссөз жүргізді. Тарап­тар екі ел арасындағы сауда-эконо­-микалық, инвестициялық, энергети­ка­лық, кө­лік-логистикалық, агро­өнеркәсіп­тік және мәдени-гумани-тарлық сала­лар­дағы ынтымақтас­тықты дамыту перспективаларын талқылады. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысы биыл 28-29 қыркүйек күн­дері Германия Феде­ративтік Рес­пуб­ликасына ресми са­пармен бар­ды. Қасым-Жомарт То­қаев Берлин­де Федералдық Канц­лер Олаф Шольцпен және Федерал­дық Прези­дент Франк-Вальтер Штайн­майер-мен келіссөз жүргізді. Сонымен қа­тар Президент Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыла­ры­ның кездесуіне қатысты. Герма­нияның іскерлік қоғамдастығы өкіл­дерімен бірқатар кездесу өткізді.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл С5+ форматында да көптеген кезде­су өт­ті. Соның ішінде Қасым-Жо-март То­қаевтың Америка Президен­ті Джо Байденмен жолыққаны бар­шаға бел­гілі. Бұдан бөлек, Мемле­кет басшы­сы 14 рет шетелге жұмыс сапарымен барды.

Биыл шет мемлекеттер басшы-лары елімізге 19 рет түрлі деңгейдегі сапармен келді. Екіжақты кездесу­лер барысында саяси, сауда-эко-номикалық, көлік-транзиттік, мәде­ни-гуманитарлық салалардағы ын­ты­мақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Қорыта айтқанда, Мемлекет бас­шысы осы жылы шетел сапарына 33, ал еліміздің өңірлерін аралауға 17 күнін арнады. Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы шетелге және еліміздің өңір­ле­ріне сапарлары кезінде 152 921 ша­қырым жол жүріп, 243 сағат 46 ми­нутын ұшақта және тікұшақта өткіз­ді. Бұл Жер шарын шамамен 4 рет айналып шыққанмен тең.

– Өзіңізге мәлім, ел азамат­та­ры өздерін мазалаған сұрақтар жер­­гілікті деңгейде шешілмесе, Пре­зидентке шағымданады. Жал­пы Мемлекет басшысы кері бай­ла­нысқа қаншалықты мән бе­реді?

– Президент Әкімшілігінде өті­ніш­терді қарауды бақылау бөлімі жұмыс істейді. Жалпы әртүрлі мәсе­ле бойынша өтініштер өте көп келе­ді. Осы жылы жеке және заңды тұл­ға­лар­дың 53 237 өтініші қаралды. Олар­дың бәріне уақытылы әрі тиісті жауап берілді. Атап айтар болсақ, Президентке Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлке­нов “Қазақстанның Халық жазушы­сы” атағын қайтару туралы ұсыныс жасады. Нәтижесінде биыл Респуб­лика күні қарсаңында араға 24 жыл салып, 6 жазушыға “Қазақстанның Халық жазушысы” атағы берілді.

Түркістанда 5 жасар бүлдіршін қыздың және Астана қаласында Сал­танат Нүкенованың өліміне қатыс­ты резонанс тудырған істерді жеке ба­қылауына алып, құқық қорғау орган­дарына нақты тапсырма жүктеді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов­ке, Бас прокурор Берік Асыловқа, Жо­ғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев­ке әйелдер мен балалар­ға қатысты зорлық-зомбылық факті­лерінің ал­дын алу керек екенін қа­таң ескертті. Осы орайда айта кете­йік, Президент 8 желтоқсанда “Адам құқықтары мен заң үстемдігі сала­сындағы іс-қимыл жоспары туралы” Жарлыққа қол қой­ды. Бұл жоспарда гендерлік тең­дікті күшейтуге, тұр­мыс­тық зорлық-зомбы­лыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі са­ласында азаматтар­ды қорғауға, азап­тау мен қатыгез­діктің алдын алу­ға бағытталған жан-жақты шаралар қарастырылған. Пре­зидент Әділетті Қазақстанның іргесі сөз жүзінде емес, іс жүзінде, яғни нақты қадам­дар арқылы беки түскенін қалайды әрі соған нақты жағдай жасайды.

Мемлекет басшысының Екібас­тұз қа­ласына жұмыс сапары кезінде қала­лық ардагерлер кеңесінің төр­аға­сы Самат Рамазанов “Шах­тер” саябағын жөндеу туралы өтініш жа­сады. Қасым-Жомарт Ке­мелұлы жер­гілікті әкімдікке қаланы абаттан­дыру, одан да басқа мәселе­лерді шешу жөнінде тапсырма бере­тінін жеткізді. Осындай мысалдар көп. Мұның бәрі Президент айтқан “Ха­лық үніне құлақ асатын мемле­кет” тұжырымдамасының орында­лып жатқанын көрсетеді.

– Бұрын Мемлекет басшысы­ның қызметін www.akorda.kz сай­ты ғана жариялап көрсететін еді. Қа­зіргі уа­қытта ресми Aqorda те­ле­грам-ар­на­сы өте белсенді жұ­мыс істеп жатыр. Ақпараттардың көбі осы арна арқы­лы таралуда. Сон­­дай-ақ баспасөз қызметінің әлеу­меттік желілердегі Facebook, Х (Twitter), Instagram, Tik­Tok парақ­ша­лары арқылы да мәлімет бе­ріледі. Оған қоса Президент­тің Х (Twitter), Instagram әлеуметтік же­лілерінде парақшалары бар. Жал­пы осы бағыттағы жұмыстар ту­ра­лы айтып өтсеңіз.

– Әрине, Мемлекет басшысы­ның ресми www.akorda.kz сайты бас­ты ақпарат көзі саналады. Прези­денттің қызметін халыққа жариялап көрсететін бұл ақпарат ресурсында биыл 977 материал, соның ішінде Президенттің түрлі іс-шараларда сөйлеген сөздері мен үндеулерінің мәтіні және Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды.

Ал Aqorda телеграм-арнасы ту­ралы айтар болсақ, заман талабы мен қазіргі аудиторияның әлеумет­тік желіге жаппай бет бұруын ескере отырып, осындай арна ашу жөнінде 2022 жылғы 1 наурыз күні шешім қабылдаған едік. Содан бері Aqorda телеграм-арнасында 13931, соның ішінде биыл 8022 ақпарат жария­лан­ды. Телеграм арнаға 44 428 оқыр­ман жазылған.

Мемлекет басшысының Х (Twitter) әлеуметтік желісіндегі па­рақ­шасы 2011 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Бүгінде Пре­зиденттің Х парақшасында 391 786 оқырман бар. Ал Instagram парақ­шасына 2,6 миллион жазылушы тіркелген.

Президент Х (Twitter) парақша­сы арқылы еліміздегі қоғамдық, әлеу­меттік-экономикалық, саяси мә­селелерге немесе оқиғаларға қа­тыс­ты жедел үн қатады. Уақыт үнем­деу тұрғысынан мұндай жұмыс стилі тиімді. Жалпы Қасым-Жомарт Ке­мелұлы еліміздегі өзекті мәселелер­ге, қоғамда болып жатқан түрлі оқи­ғаларға қатысты биыл 56 твит жа­риялады. Ал инстаграмда 63 жазба жарық көрді.

– “Президент бұқаралық ақпа­рат құралдарына сұқбатты сирек береді”, – деген пікір бар. Әріптес­теріміз тарапынан осыған қатыс­ты сын да айтылып жатады. Мем­лекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы ретінде бұған қалай жауап берер едіңіз?

– Шынымды айтайын, мұндай пі­кір­мен келісе алмаймын. Прези­денттің жұмыс кестесінің қаншалық­ты тығыз екенін осы әңгімеміздің барысында келтірген деректер мен ақпараттардан анық аңғаруға бола­ды. Қасым-Жомарт Кемелұлы шет мемлекеттердің басшыларымен жүргізілген келіссөздер қорытын­дысы бойынша 8 брифинг өткізді.

Оған қоса жыл басынан бері шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарына 4 рет, соның ішінде соңғы екі айда “Известия” ба­сылымына және “Еuronews” телеар­насына сұхбат берді. Мемлекет бас­шысының 3 мақаласы жарық көрді. Орайлы сәтті пайдалана отырып айта кетейін, Қазақстан Президенті келесі жылы қаңтар айының ба­сын­да республикалық басылымдардың біріне еліміздің ішкі-сыртқы саяса­тын толық қамтитын көлемді сұхбат беруді жоспарлап отыр.

– Президент Жаңа жылды қайда, қалай қарсы алады?

– Мемлекет басшысы өзінің туған күнін де атап өтпейтінін біле­сіздер. Биыл мерейлі жасы болса да, Қытайда мемлекеттік сапармен жүрді. Ал жаңа жылды Қасым-Жомарт Кемелұлы да бәріміз сияқты өзінің үйінде, дастарқан ба­сында әулетімен бірге қарсы алады.

Әңгімелескен

Гүлнұр ҒАЗИЗҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp