Биыл Ұлттық олимпиада комитетінің құрылғанына 33 жыл толды. Осыған орай Петропавлда салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ұлттық олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев қатысты. Кездесуде өңір спортшылары марапатталды.
Ұлттық олипиада комитеті – 1990 жылы құрылған. 1993 жылы Халықаралық олимпиада комитетіне мүше болды.
“Біз биыл ұлттық олимпиада комитетінің 33 жылдығын атап өтудеміз. Шара аясында еліміздің барлық өңірін аралау көзделген. Аға буын ардагерлерімізді, спортшыларымызды және осы саланың дамуына үлес қосқан азаматтарды Алғыс хат, медальдармен марапаттаудамыз. Осы кездесуді ұйымдастырған облыстық әкімдік мамандарына ерекше алғысымды білдіремін. Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын”, – деді Ұлттық олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасында 420 солтүстікқазақстандық спортшы бар. Жыл басынан бері олар Азия, әлем чемпионаттарында, халықаралық және республикалық турнирлерде 630-дан астам түрлі дәрежедегі медаль жеңіп алды.
“Біздің облыста спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Әсіресе балалар спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде облыс тұрғындарының 42 пайызы спортпен шұғылданады. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр”, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты кеште алғашқылардың бірі болып балуан Аманғали Бекболатов марапатталды. Спортшы өңір басшысының Алғыс хатына және естелік сыйлығына ие болды. Аманғали Нұрболатұлы жақында Әзірбайжанда әскерилер арасында өткен грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған.
“Әлем біріншілігі Әзірбайжан астанасы – Баку қаласында өтті. 4 кездесу өткізіп, төртеуінде де жеңіске жеттім. Сөйтіп, әскерилер арасында әлем чемпионы болдым. Алда Қазақстан чемпионаты, Азия біріншілігі күтіп тұр. Оларға тыңғылықты дайындықпен қатысуды мақсат тұтудамын”, – деді Аманғали Бекболатов.
Өңірде күрестің дамуына үлесін қосып жүрген жандардың бірі – облыстық күрес федерациясының президенті Бауыржан Құлжанов. Ардагер мерейтолық медальмен марапатталды.
Жамбыл Тасеменов – Қазақ КСР-ның грек-рим күресінен құрметті спорт шебері, 1966-1970 жылдардағы Қазақстан чемпионы. 1994 жылы №1 облыстық мектеп-интернатына директор болып тағайындалып, спорт саласының дамуына елеулі үлес қосты. Кездесуде құрметті спорт қайраткерінің еңбегі елеусіз қалмады.
“Қазіргі спорт интернатының негізін қалағандардың бірімін. Әлем чемпионатының Әмір Тыналин, Самат Қыдырбеков секілді жеңімпаздарын жаттықтырдым. Қазір білім ордасында Әлем, Азия, Еуропа біріншілігінің чемпиондары тәрбиеленуде. Оларға мен зор үміт артамын. Олар Олимпиада ойындарында өздерін көрсетуі тиіс. Жаттықтырушылар қажымай-талмай еңбек етіп, чемпиондарды баптап, биік жетістіктерге жете берсін деп тілеймін”, – дейді Жамбыл Тасеменов.
Облыста спортта жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген 100-ден астам спортшыға қаржылық қолдау көрсетілетінін айта кеткен жөн.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.