Облыстық кәсіпкерлер палатасында инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша штабтың кезекті отырысы өтті. Шара барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура әзірлеген “Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі” жобасы таныстырылды.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – инвестициялық жобаларды прокурорлық қолдау тетігін жетілдіру және тиімді алдын алу құралдарын енгізу. Әсіресе прокурордың дауы басталғанға дейін алдын ала жұмыс істегені маңызды.
– Осы ретте инвесторларға қатысты тыйым салу және шектеу сипатындағы шараларды прокуратурамен келісу қажет деген шешім шығарылды. Яғни мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері инвесторлардың қызметін шектейтін немесе тыйым салатын кез келген шараларды прокуратурамен ақылдаса отырып қабылдайды, – деп атап өтті облыс прокуратурасының басқарма басшысы Марат Аюпов.
Мемлекет басшысының 4 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес инвестициялық штабтың шешімдерін орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауға міндетті. Осы шешімдерді орындамаған немесе дұрыс орындамаған басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі.
Инвестор мәртебесін анықтау үшін инвесторлардың тізімі құрылады. Оны инвестиция саласындағы уәкілетті орган – Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті құрастырады және ресми интернет-ресурста орналастырады. Бұл құзырет заңмен реттелмегендіктен инвестордың мәртебесін прокуратура, жергілікті атқарушы және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесе белгілейді.
– Енді уәкілетті мемлекеттік органдар инвесторларға қатысты қызметті тоқтата тұру, рұқсаттан айыру немесе осы рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту, сондай-ақ, келісімшартты немесе келісімді біржақты бұзуды қамтуы мүмкін тыйым салу және шектеу шараларын қолданбас бұрын прокуратурамен келісуі керек, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінің басшысы Айдос Кеңбейілов.
Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі ықтимал мәселелер мен қақтығыстардың алдын алудың, сондай-ақ, инвестициялық жобалардың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды құралына айналмақ.
Сағынгүл СӘКЕНОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.