Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, Жамбыл ауданының әкімі қызметіне Азамат Бауыржанұлы Бектасовтың кандидатурасын ұсынды. Депутаттар – бұл ұсынысты қолдап, дауыс берді.
Содан кейін өңір басшысы Жамбыл ауданының активіне жаңа аудан әкімін таныстырды. Облыс әкімі Азамат Бектасовқа аудан экономикасын одан әрі дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
Азамат Бектасов 1989 жылы Есіл ауданында туған. 2011 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін “Экология”, 2021 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін “Құқықтану” мамандығы бойынша бітірген. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Есіл ауданы Покровка ауылындағы Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы болып жұмыс істеді. 2013 жылдың қараша айынан осы колледжде агрохимиялық пәндер оқытушысы болды. 2014-2020 жылдары облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы және осы департамент басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды. 2020 жылдың қыркүйегінен Қарағанды облыстық экология департаменті басшысының орынбасары болып еңбек етті.
2021 жылдың маусымынан осы тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облыстық экология департаментін басқарды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.