Тайынша ауданының орталығында құрылысы 2021 жылы басталған жаңа хоккей корты пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 186 млн. теңге жұмсалды. Нысанның салтанатты ашылуына аудан басшылығы, тұрғындар мен спортшылар қатысты.
“Тайынша ауданындағы спорт сүйер қауым үшін жабық мұз айдынының ашылуы – көптен күткен оқиға. Енді балалар осындай тамаша спорт нысанында коньки теуіп, хоккей ойнауға мүмкіндік алды. Жаңа мұз айдыны жергілікті жастардың сүйікті орнына айналатынына сенімдімін. Өйткені спортқа деген қызығушылық бала кезден басталады. Ауданымызда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, қосымша білім беру, дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары, түрлі спорт түрлеріне арналған алаңдар бар. Оларда 2 мыңнан астам бала жаттығады. Тұрғындар спорттың 51 түрімен, оның ішінде 16 олимпиадалық және 12 олимпиадалық емес, 9 ұлттық және 14 мүгедектерге арналған спорт түрімен шұғылданады”, – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Берік Әлжанов.
Мұның алдында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Ясная Поляна елді мекенінде заманауи хоккей корты тұрғызылған болатын. Келлеровкада дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Алдағы уақытта Тайынша ауданында бассейн салу жоспарланған.
Гүл Нұралина.
Тайынша ауданы.