Жыл өткен сайын елімізде баспа ісі қарқын алып, баспагерлер оқырманды жаңа кітаптармен қуантуда. Кітап дүкендерінде де, кітапханаларда да соңғы жылдары жарық көрген, сиясы кеппеген туындылар жетерлік. Уақыт өткен сайын оқырманның талғамы да өзгеріп келеді. Классикалық шығармалардан бөлек, қазіргі қоғам тынысын суреттейтін туындылар оқырман сұранысына ие болуда. ХХІ ғасырдағы өзгерістерді суреттейтін ақындар, жазушылар, драматургтер, әдебиет сыншылары аз емес. Жуырда осындай бір топ қаламгердің кітаптары С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қорына келіп түсті.
“Жаңа қазақ әдебиеті” сериясы – бұрын еш жерде жарық көрмеген көркем туындылардың жарыққа шығуын көздейтін бірегей жоба. Бұл әдебиетті модернизациялау, әлемдік деңгейде таныту жолындағы нақты қадамдардың бірі. Тәуелсіздік жылдардағы әдебиеттің ірі өкілі Думан Рамазанның “Жан” атты жинағына “Құса”, “Көкжал”, “О дүниедегі кездесу”, “Жын”, “У”, “Жат бауыр” сынды әңгіме-хикаялары топтастырылған. Ал Жүсіпбек Қорғасбектің “Қалам ұшындағы миф” атты жинағына қалам иелері туралы жазған әдеби эсселері жинақталған. Амангелді Кеңшілікұлының “Мұқағали ғасыры” кітабы сын жанрына арналған. Ықылас Ожайұлының “Еркін ойлау немесе көне қағидаларды қирату” кітабы оқырман үшін тосын тұжырым мен терең ойға толы туынды болары сөзсіз. Сол сияқты оқырман кітапханамыздан талғампаз жазушы Мұхтар Анарбектің “Періште махаббат”, Хамит Есаманның “Фәниқұбылыс”, Жадыра Байбұланованың “Сезім сөздігі”, Алпамыс Файзолланың “Аудармалар мен сұхбаттар” атты кітаптарымен таныса алады.
Зәмзәгүл СПАРТАКҚЫЗЫ,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.