«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Қасым-Жомарт Кемел­ұлы, уақытыңыздың тығыз­дығына қарамастан “Egemen Qazaqstan” газетіне сұхбат бе­руге келіскеніңіз үшін ризашы­лығымызды білдіреміз. Сіздің қоғамды толғандыратын мәсе­лелер туралы пікіріңіз қазақ баспасөзі үшін өте маңызды. Сондықтан түрлі тақырыпта өзіңізбен ашық әңгіме өрбіт­кіміз келеді.

Өткен жыл несімен есі­ңізде қалды?

– Осы мүмкіндікті пайдала­нып, барша отандасымды тағы да Жаңа жыл мейрамымен құт­тықтаймын!

2023 жыл еліміз үшін маңыз­ды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәсли­хат депутаттары жаңа ереже бо­йынша сайланды. Алғаш рет ау­дан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Был­тыр 700-ге жуық ауыл әкімі сай­ланды.

Біз әділ және бәсекелі эконо­мика жүйесін құруға кірістік. Эко­но­миканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфра­құрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыс­тарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп ше­шіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, “жайлы мектептер” бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жа­тыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топ­тағы азаматтарға кешенді түр­де қолдау көрсету үшін Әлеу­меттік кодекс қабылданды. Зиян­ды еңбек жағдайында жұ­мыс іс­тейтін азаматтар үшін ар­найы төлемақы енгізілді. Таби­ғатты қор­ғауға жауапты мекеме­лер­дің қызметкерлеріне олар­дың өмірі мен денсаулығына тө­нетін қауіп-қатерге қатысты үс­темеақы төле­нетін болды. Меди­цина қызмет­керлерінің, мектеп­те, колледжде және балабақша­да жұмыс іс­тейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан ба­лаларға қар­жы беру мәселесін рет­тейтін заң күшіне енді. Негізгі эконо­микалық көрсеткіштерді, оның ішін­де инфляция деңгейін ескере отырып, ең төменгі жал­ақы­ны анықтайтын әдістеме қа­былданды.

Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақ­ты және жоспарлы әрекет жасай­мыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады.

– Ал жаңа жылдан не күте­сіз? Еліміздің алдында қандай міндеттер тұр?

– Мен өткен қыркүйектегі Жол­дауымда жаңа экономикалық үл­гіге көшетінімізді айттым, 2029 жыл­ға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мә­селесін басты стратегиялық мақ­сат ретінде белгіледім. Көп ұза­май Үкіметтің кеңейтілген отыры­сы өтеді. Онда еліміздің былтыр­ғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тә­сіл­дері айқындалады.

Ұлттық құрылтайдың отыры­стары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапа­сын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікір­талас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың оты­ры­сын биыл сәл ертерек, көктем­де өткізетін шығармыз.

Осылайша, биыл экономика­лық, қоғамдық-саяси және гума­нитарлық салаларда атқарыла­тын жұмыстың негізгі бағыт-бағ­дары бірінші тоқсанда-ақ айқын­далады.

Біз ұлт мүддесін ескере оты­рып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастыра­мыз. 2024 жылы елімізде бірқа­тар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айт­сақ, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына, Ұжымдық қауіпсіздік тура­лы шарт ұйымына, Азиядағы өза­ра іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңеске, Түркі мем­лекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойы­нын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен сала­мат­ты өмір салтын дәріптеу жа­ғы­нан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халық­тар­дың мәдени-гуманитарлық бай­ланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ға­лым Қаныш Сәтбаевтың туғаны­на 125, даңқты батырлар Саға­дат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауын­ша, Жошы ұлысының іргесі қа­ланғанына – 800 жыл. Мемлекет­ті­лі­гіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерт­теулер қолға алынады. Биыл Қа­зақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтай­мыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық ма­ман жұмылдырылып, тыңғы­лықты жасалып жатқан үлкен шаруа.

Осындай маңызды оқиға­лар­дан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматы­мыздың ерік-жігеріне де байла­ныс­ты. Мен жаңажылдық құттық­тауымда биыл бәріміз тұтас ұлт­тың өсіп-өркендеуіне куә болаты­ны­мызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс іс­теуіміз керек.

– Қасіретті Қаңтар оқиға­сы­нан бері тура екі жыл өтті. Қаң­тар Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұ­рыстың белесі болды. Сіз бұ­ған дейінгі сөздеріңізде, сұх­бат­тарыңызда сол қайғылы оқиғаға нақты баға бердіңіз. Де­генмен, әлі де бірқатар сұрақ бар. Қаңтар оқиғасына әртүрлі түсініктеме беретіндер де кез­деседі. Алмағайып күндерден бері біршама уақыт өтті. Қазір Сіз сол оқиғаны қалай сипат­тар едіңіз? Оның басты себебі неде және оған не түрткі болды деп ойлайсыз?

– Мен бұл туралы көп ойлан­дым, әлі де жиі ойланамын. Ме­ніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасы­на жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проб­лемалар, жалпы тоқыраудың би­лік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.

Мен 2019 жылы Президент бо­лып сайланғаннан кейін мемле­кетіміз саяси жүйені демокра­тия­ландыруға, қоғамдық өмірге ер­кін­дік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұр­ды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкіл­дері, белсенді азаматтар, са­рапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, ме­нің ұсынысыммен арнайы құрыл­ған Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің отырыстарында көптеген бас­тама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.

Ашығын айтсам, осы жаңа бағ­дарымыз кейбір ықпалды адам­дарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден та­мыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің “ерек­ше мәртебесіне” төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адам­дар елдегі өзгеріске астыртын, кей­де тіпті ашық қарсылық біл­діре бастады. Ақыр соңында ре­форманың бетін қайтарып, өзде­ріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан ету­ге шешім қабылдады.

Жоғары лауазымды тұлға­лардан тұратын бұл топтың күш­тік құрылымдарға да, қылмыс әле­міне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күш­пен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман да­йындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойлас­тырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау об­лысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.

Сол кезде Үкімет менің тап­сырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкіл­дерімен кездесіп, ортақ мә­мілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шеру­лері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүдде­сіне пайдаланды.

Бас прокуратураның тергеуі­нен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге бо­лады.

Шерулер алдымен Маңғыс­тау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жа­йылды. Орталық билік және әкім­діктер жағдайды реттеуге тырыс­қанымен, ел ішіндегі ахуал шие­ленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйым­дастырушылар еш мойын бұр­мады.

Көптеген аймақта алғашқы қақ­­тығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жан­сыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қас­көйлер үшін “іздегенге сұраған” болып шықты. Осындай аса күр­делі жағдайдың өзінде құқық қор­ғау органдары күш қолданбай, са­быр сақтады. Бұл – екінші толқын.

Жетекшілері ымыраласқан топ­тың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топ­тар өршелене іске кіріскенде үшін­ші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, аранда­тушылар мен қарақшыларды пай­даланып, бейбіт шерулерді жап­пай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы ради­кал­дар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемле­кеттік органдардың және күштік құ­рылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қор­ғау мекемелері мен әскери бө­лімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орта­лығында да болды. Қаңтар оқиға­сы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшы­лар мен лаңкестер өзара ұйым­да­сып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.

Қаскөйлердің мемлекеттік төң­керіс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстре­мис­тер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылда­ды. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік инсти­туттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның ірге­сін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.

Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда рези­денциясына түрлі шабуыл жасал­ғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпа­рат жетті. Маған бас сауғалап, ре­зиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледи­дар арқылы жасаған мәлімдеме­лерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қала­ты­нымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада бол­дым, күн-түн демей, шұғыл жина­лыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстем­дігін қалпына келтіру ең басты міндет еді.

– Қазақстанға Ресейдің әс­ке­ри қызметшілерін шақыру қаншалықты дұрыс шешім бол­ды? Біздің мемлекетті сол кез­де Ресей құтқарып қалды де­ген пікір көрші елде жиі айты­лады.

– Аймақтарда жаппай тәртіп­сіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіп­сіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну ту­ралы шешім қабылдады. Қазақ­стан оның бітімгерлік күштерін тұ­рақтылық пен қауіпсіздікті қамта­масыз ету үшін ғана қысқа мер­зімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.

Сол кезде осы ұйымның төра­ғасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. Құры­лым жасағы, шын мәнінде, бітім­герлік рөл атқарып, қасіретті күн­дерде елді жайлаған жүгенсіздік­ті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келі­сіл­гендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қой­мастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.

ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаң­кестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы “Ақсай” нан зауытын және “Алматы су” меке­ме­сін, Беларусь жасағы Жетіген­дегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әске­ри қызметшілері Алматы қаласы­ның бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жа­сағы үшінші жылу электр орта­лығы мен телекоммуникация ны­сандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмылдыруға мүмкіндік туды.

– Демек бұл жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті револю­ция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?

– Бастапқыдағы бейбіт шеру­лер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқи­ғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеруге автомат, та­панша және суық қару ұстап ба­рады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлті­ре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жа­сай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тона­лып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард дол­ларға жуық шығын келді.

Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қа­жеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұр­ған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауап­кершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психоло­гия­ның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және ха­лықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осын­дай жүгенсіздікті сынға алу мә­селесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін.

– Онда азаматтар биліктің іс-әрекеті ұнамайтынын қалай білдіре алады?

– Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Аза­маттар өзін толғандыратын мә­селе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен сана­су­ды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петицияларды тап­сыру және қарау тәртібін рет­тейтін заң қабылданды.

Сондықтан бір нәрсені анық бі­лу­ге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қа­таң тосқауыл қойылады. Елі­мізде заң мен тәртіп қана үстем­дік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократия­ның бесігі саналатын батыс елдеріне қараңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіпсіздік жасаған, мемлекеттік органдарға шабуылдаған адамның маңдайынан сипап, өбектеп отырмайды.

Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни, би­ліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әке­ліп таратқан, жағдайды ушық­тырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қал­ған адамдардың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің баста­маммен рақымшылық жасалды. Бұған дейін сотталған 1205 адам­ның 1095-і осы рақымшылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен лаңкес­тік әрекеті, мемлекетке сатқын­дығы, билікті күшпен басып алуға тырысқаны және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін соттал­ғандар жазасын толығымен өтей­тін болады.

– Келесі сұрақ сізге ұна­мауы мүмкін. Бірақ бұл сауалды қоймасқа тағы болмайды. Сіз 2019 жылы Президент лауа­зымына сайланғаннан кейін елімізде қосарланған би­лік жүйесі қалыптастымыс де­ген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иран­ның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік ор­та­лығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?

– Төтесінен қойған сұра­ғыңызға тура жауап берейін. Конституцияға сәйкес, Прези­дент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жо­ғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күштеріміздің жоғары бас­шылығын тағайындайды және оларды қызметінен босатады. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы саналады.

Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. “Билік транзиті” кезіндегі ахуалды саясаттағы ай­лакерлер өз мүддесіне пайдала­нып, қосамжарланған билік орталы­ғын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіп­­сіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезет­те қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағ­дай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөй­лер өздері ойлап тапқан қосар­ланған билік, яғни, “тандем” идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрі­нің мәртебе жағынан Елбасы Пре­зиденттен жоғары тұратынын айт­қаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жа­қын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шы­ғара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. “Кеттің бе – қайырылма!” Болашақта ел тізгінін ұстайтын аза­маттар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.

Өкінішке қарай, ішкі саяси дағ­дарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бет­пердесі сыпырылып, олардың кә­сіби біліксіздігі, қала берді сат­қындығы әшкере болды.

Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені Қаңтар оқиғасынан айқын көрінді. Біз бір ел болып, бұл дағдарысты еңсердік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шықтық. Азаматтарымыздың бекем бірлі­гінің және барлық деңгейдегі би­лік өкілдерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кей­бір қаскөйлер тергеу кезінде ха­лық жауапты сәтте жұдырықтай жұмыла біледі, билік қандай қа­терге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады.

– Қаңтар оқиғасынан кейін Сіз түбегейлі саяси реформа­ларды жүзеге асыруға кірісті­ңіз. Оны Батыс та мойындап отыр. Енді кешегі күнге оралмайтынымызды аңғартатын “асудан” астық деуге бола ма? Қайтадан кері кетпейтінімізге қандай кепілдік бар?

– Мен саяси реформалардың 2019 жылы басталғанын айтып өттім. Сол кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңесте маңызды заңнамалық бастама­лар әзірленіп, жүзеге асырылды. Сайлау, саяси партиялар, Парла­мент туралы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілді. Елімізде оли­гополияның диктатурасы туралы алғаш рет ашық айтыла бастады.

Бұл өзгерістер саяси және эко­номикалық монополия үстемдік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді. Сондықтан олар уақыт тегершігін кері айнал­дырып, бұрынғы күніне оралу үшін жанталасып бақты. Бұдан еш нәтиже шыққан жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін бәз-біреулер “енді билік қылбұрауды қатайтып, режімді сақтап қалу үшін барын салады”, – деп қауіп­тенді. Бірақ біз керісінше жа­садық. Күрделі болса да, дұрыс жолды таңдадық.

Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Реформаның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды. Оған қоса, ат басын артқа бұру, яғни, сая­си өзгерістерді кері қайтару мүмкін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа ай­налатындай ахуал қалыптастыру маңызды еді. Сол үшін консти­туциялық реформа аясында кер­тартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды.

Біріншіден, біз Ата заңның үс­темдігін қамтамасыз ететін, конс­титуциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конс­титуциялық Сотты қайта қалпы­на келтірдік. Біреулерге Консти­туциялық Кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді.

Конституциялық Сот шешім­дері­нің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге, Президенттің де еш қақы жоқ.

Ата заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыру Конституциялық Соттың оң қоры­тындысы болса ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылады.

Конституциялық Сотта он бір қазы бар екені белгілі. Соның ал­тауын, яғни, көпшілігін, Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағасын Президент тағайындағанымен, міндетті түрде Сенаттың келісімі қажет.

Екіншіден, негізгі ұстанымдар Конституцияда нақты айқында­лып, біржола бекітілген. Мысалы, Ата заңның 91-бабына сәйкес, Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері және осы жерде айрықша атап өтейін, Президент жеті жыл мер­зімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді.

Үшіншіден, реформалардың нәтижесінде Мәжіліс жаңа сайлау жүйесімен, яғни, партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақталатын болды. Мәжілістің өкілеттігі де айтарлықтай кеңейді.

Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құ­қықтық сауаттылығы мен белсен­ділігі демократиялық жаңғыру­дың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге ха­лықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өз­герістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін.

– Дегенмен, билікті сынап жүргендер, оның ішінде Батыстың өкілдері де, Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар деп жатады. Бұған не дейсіз?

– Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнама­мызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ.

Керісінше, реформалардың нәтижесінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Заң­дарға қазылардың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгізілді. Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді. Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конституциялық мәртебе берілді. Мен былтыр желтоқсан айында адам құқықтарына қатысты екін­ші Жарлыққа қол қойдым. Мұның бәрі осы салада дәйекті әрі түбегейлі өзгеріс жасалып жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орында­луын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондық­тан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұста­нымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ.

Кейбіреулер прокуратура органдарының ескертуіне қарамастан, адам түсініп болмайтын ке­сірлік көрсетіп, заң бұзады. Он­дай адамдар өзін заңнан жоғары қойып, “Атың шықпаса, жер өрте” деген ұстаныммен елге танымал болғысы келетін сияқты.

Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұр­ған, саяси цензура атымен жоқ елде саяси қудалау бар деу қаншалықты орынды?

Ол аз десеңіз, жаңа заң қа­былданып, бейбіт жиналыс өткі­зу үшін рұқсат алудың орнына хабарлау тәртібі енгізілген соң, Қазақстандағы бейбіт жиындардың саны еселеп артты.

Мен түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, Парламентте өр­кениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтамын.

Қазір Парламентте түрлі көзқарастағы қоғам өкілдерінің мүддесін білдіретін сан алуан саяси күштер бар. Парламенттік оппо­зиция институты заң жүзінде бе­кітілді.

Соңғы сайлауда Мәжіліске алты партия өтті. Оның үшеуі алғаш рет депутаттық мандатқа ие болды. Тіпті қазір Парламентте отырған партияның бірі – әуел бастан оппозициялық ұстанымдағы ұйым.

Көптеген шетелдік сарапшы­лар мен әріптестер, соның ішінде Батыс елдерінің мамандары, Қа­зақстандағы демократиялық реформалардың озық үлгіде екенін айтып, оған қолдау білдіріп отыр. Шынымен де, біз геосаяси төңі­регімізде ауқымды демократиялық өзгеріс жасап, адам құқықта­рын қорғау ісінде зор табысқа жеткен бірден-бір елміз.

– Әлеуметтік желіде Прези­дент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?

– Бұл – жалған ақпарат. Бұ­дан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өз­геріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық ре­форма Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.

Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл та­лап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтас­тығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымас­тай етіп бекітілген.

Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артық­шылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асы­руға болатыны жөнінде көп ойладым.

Суперпрезидентке тән өкі­лет­тіктерді жою үшін 2022 жылы Конституцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам.

– Экономика тақырыбына ойыссақ. Сіз былтырғы Жол­дауыңызда Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарын жарияладыңыз. Онда 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделген. Алайда Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамдарына сенсек, 2023-2024 жылдары ел экономи­ка­сының өсімі 3-4 пайыздан аспайды. Мұндай қарқынмен мақсатқа жете аламыз ба?

– Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни, 2022 жылмен салыстыр­ғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азия­дағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жал­пы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады.

Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп баға­лануда. Халықаралық валюта қо­рының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді.

Шын мәнінде, мен үшін мак­роэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, аза­маттардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқай­да маңыздырақ.

Халқымыз “Жақсы сөз – жарым ырыс”, – дейді. Үкімет эконо­миканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Осы орайда негізгі екі бағытқа тоқталайын.

Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақ­ты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнер­кәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тап­сыр­ма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институ­цио­налды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықта­лып, нақты жұмыс жасалып жа­тыр.

Тағы бір маңызды міндет – ин­вестиция тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты ин­вестиция болса, экономика қарқы­ны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.

Екінші бағыттағы жұмыс эко­номиканың барлық саласына қа­тысты “ойын тәртібін” белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыру шараларын қамтиды.

Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкін­дік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін же­тілдіргенде тек төлем жинау тә­сілімен шектеліп қалмау өте ма­ңызды. Бір жағынан, инвестор­ларға қолайлы жағдай жасау ке­рек. Екінші жағынан, бюджет кірі­сінің азайып кетпеуіне мән бер­ген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет.

Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз “қа­зына қаражатына” деген көзқара­сымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.

Бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқара­ды. Осы құжаттар мемлекеттік са­тып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ эко­номиканы дамытуға қажетті қа­ра­жат қорын қалыптастыруға сеп­тігін тигізеді.

Квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлу қажет. Қазір бұл секторды жаңғырту шаралары айқындалып, іске асырылып жатыр.

Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, мына мәселеге на­зар аударғым келеді. Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жос­па­ры болуға тиіс. Экономиканың өсі­мін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кә­сіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот тө­релігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгілен­ген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз.

– Несиесін өтей алмай жүр­ген адамдар біздің газетімізге жиі хат жазып, қоңырау шала­ды. Жалпы халықтың қарызға батуы күрделі мәселе болып тұр. Осы мәселені шешу үшін не істеліп жатыр?

– Мен азаматтарымыздың қа­рызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мә­селе жұрттың әлеуметтік жағ­дайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мем­лекет басшысы ретінде қол қой­ған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азамат­тардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған не­сиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбе­гейлі өзгерту үшін былтырғы Жол­дауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.

Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екін­ші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек.

Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен мик­рокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адам­дарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақытылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізі­леді. 

Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзір­ленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талап­ты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компания­ла­рына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де ке­ңейтіледі. Қазір бұл құжатты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдауға дайынмын.

– Қазір көптеген отандасы­мыз қымбатшылық белең ал­ғанына, тарифтердің өсіп жат­қанына, жұмыссыздық мәсе­ле­­сінің шиеленіскеніне және аймақтардағы жалпы ахуалға алаңдап отыр. Күнделікті күй­беңнен және аяқ астынан туын­дайтын түйткілдерден бас көтере алмай жатқан қазіргі Үкіметтің стратегиялық мін­деттерді іске асыруға қауқары бар ма? Сіз Үкімет жұмысының тиімділігіне қандай баға бересіз?

– Кез келген елдің Үкіметі стра­тегиялық міндеттері мен күнделікті жұмысын қоса атқарады. Бізде де солай. Ең бастысы, тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалану керек.

Үкіметтің қазіргі құрамы был­тыр көктемде ғана жасақталды. Конституциялық реформа жаса­лып, Парламент сайлауы өткен соң алдыңғы Парламенттің де, Үкіметтің де мандаты күшін жойды. Конституцияға сәйкес бұ­рынғы Үкімет жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алдында өз өкілеттігін тоқтатты. Сай­лауда ең көп дауыс алған “Amanat” партиясы Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсын­ды. Әрине, партия мұны Прези­дентпен ақылдаса отырып жүзе­ге асырғанын жасырмаймын. “Amanat” партиясының сайлау алдындағы тұғырнамасының эко­номикаға қатысты бөлігі қазіргі Үкіметтің бағдарламасы негізінде жасалды.

Бүгінде Үкіметтің өкілеттігі ай­тарлықтай кеңейді. Қыркүйек айында құрылымы өзгерген Пре­зидент Әкімшілігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға баса назар аударатын болды. Енді Әкімшілік бұрынғыдай Үкіметті, кейбір министрліктер мен ведомстволарды жетелеп жүрмейді. Президент Әкімшілігі атқарушы биліктің қызметіне араласпай, басты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейді. Осыған дейін екі органның да құзырында болған бірқатар өкілеттік Үкімет­ке берілді. Түрлі салаға қатысты шешім қабылдау құқығы Үкіметке және басқа да жауапты орган­дарға өтті. Аймақтардың бюджет­ке қатысты дербестігі арта түсті.

Бір сөзбен айтсақ, қазір Үкімет­тің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқару­шы билікке жан-жақты ойласты­рылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асы­руға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосым­ша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ “алмақтың да салмағы бар”, олар­ға қойылатын талап та кү­шейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс.

– Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкіметтің міндеті. Қазіргі Үкі­мет бұл міндетін әупірімдеп, әрең атқарып отыр деуге бола­ды. Апаттардың салдарымен күресіп, қыстың көзі қырауда еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді жылумен, жа­рықпен, сумен шұғыл қамта­масыз етуге тура келеді. Қалайша осындай жағдай қалып­тасып отыр?

– Жылу электр орталықта­рындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүш­кіл ахуал – көп жылғы сал­ғырт­тықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қорда­ланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орта­лықтары мен басқа да құрал-жабдық­тардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммунал­дық шаруашылыққа салынған инвес­тиция бұл саланың қажетін өтеу­ге жеткіліксіз болды.

Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көр­сетіп, жылумен қамтамасыз ету ісін­дегі болмашы олқылықты “қа­сіретке айналдыруға” ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.

Бүкіл Қазақстандағы инже­нерлік инфрақұрылымды толық жаң­ғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айл­арында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жа­ғдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді.

Ең алдымен, күрделі апаттар­дың алдын алып, үйлерге жылу­дың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көзде­рін ашу, желілерді біртіндеп жа­ңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет еке­нін ұмытпаған жөн.

Қазір жылу желілері әрең жұ­мыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шара­ларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды.

– Мұның бәрі еліміздегі энергетикалық қауіпсіздік нысан­дарының жай-күйі көңіл көншітпейтінін білдіреді. Сіз Жолдауыңызда АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдедіңіз. АЭС “жа­сыл” энергия саналғанымен, қо­ғамда бұған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Мұндай ны­сан салу туралы жоспардың гео­саяси астары да жоқ емес. Сіздің ұстанымыңыз қандай?

– Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына ті­келей әсер ететін айрықша ма­ңызды мәселе. Біз табиғи уран өн­діру көлемі жағынан әлемде бі­рінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өн­діреміз. Сол себепті мен еліміз­дің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндік­тер тұрғысынан қарастырып, ғы­лыми зерттеулер негізінде шеш­кен жөн.

Ел ішінде АЭС құрылысына үзіл­ді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық по­лигонының қасіретін ұмыта қой­ған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.

Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мә­селені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Хал­қымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқы­лы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. “Халық үніне құлақ асатын мем­лекет” тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидатта­рының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.

Болашақта әлі талай қоғам­дық талқылау өткізіледі. Азамат­тар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған не­месе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді.

– Былтыр сыртқы саясат са­ласында ауқымды жұмыс ат­қарылды. Қазақстан түрлі сам­миттер мен форумдарда өз ұс­танымын барынша салмақты жеткізе білді. Сіз әлемдік деңгейдегі көшбасшылармен көптеген кездесу өткіздіңіз. Әсіресе, өңірлік “С5+” үлгісіндегі басқосулардың маңызы арта түсті. Мұның бәріне Сіздің әлемдік дипломатиядағы абы­рой-беделіңіз де белгілі бір дә­режеде ықпал еткені анық. Алдағы уақытта сыртқы саяса­тымызда қандай айтулы оқиғалар болмақ?

– Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орын­дап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақ­стан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, эконо­микамыздың орнықты дамуына ба­рынша қолайлы жағдай жасау. Мен он жыл Сыртқы істер министрі болғанда осы басымдықтарды айқындауға тікелей атсалыстым. Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда бізге шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе, көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды.

Сіз “С5+” үлгісіндегі ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын дұрыс аңғардыңыз. Орталық Азия – геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ. Бү­гінде бұл өңір сауда, инвестиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. “С5+” үлгісі маңызды диалог алаңына айналды.

Тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диа­логтер болмаса, аймақтағы мемлекеттердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды дамытуы неғайбыл еді. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама ілгерілеу бар. Әсіресе Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы консультативтік кездесулері нәтижелі өтіп келеді. Айтпақшы, Қазақстан төраға ретінде биыл да осындай үлгідегі кездесу ұйымдастырады. 2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқа­тар ықпалды ұйымдар мен бірлестіктерге төрағалық ететінін жаңа ғана айтып өттім.

Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биылғы маусым айында өтетін алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық дең­гейдегі компаниялардың жетекші­лері қатысады. Жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Франциямен бірлесіп “One Water Summit” халықаралық фо­румын өткізу туралы уағдаластықтың мән-маңызы зор. Бұл басқосу климаттың өзгеруіне қатысты жаһандық қозғалысқа сүбелі үлес қосатын жиын болмақ.

– 2024 жылдың наурыз айында Ресейде президент сай­­лауы өтеді. Бұл оқиға жаһандағы және аймақтағы ахуалға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндіс­танда, Әзірбайжанда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депу­тат­тары сайланады. Әрине, біз осы сайлау науқандарын жіті бақылап отырамыз.

Ресейде өтетін президент сайлауының біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені барша­ға аян. Өткен отыз жылда мем­лекетаралық байланыстардың ір­гесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жа­салған. Барлық саладағы екі­жақты ынтымақтастық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды да­мып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ, өңірлік тұрақтылық пен халық­аралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз.

Былтыр Владимир Путин Қазақ­станға ресми сапармен келді. Бұл екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі болғаны анық. Біз келіссөз ба­рысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қа­рым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өй­тетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады.

Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қа­тынасты нығайтуға әрдайым ай­рықша мән беріледі. Биыл орыс­тың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының басты символының бірі.

Ресей Федерациясының әлем­дік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сө­зі­мен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес. Бұл мемлекеттің қатысуынсыз дүние жүзінде бірде-бір мәселе ше­шілмейді. Ол айдан анық.

Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайла­уының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар ауда­рады.

– Еліміздің сыртқы саяса­тында Қытаймен қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Соң­ғы жылдары Қазақстан қоғамының шығыстағы көршіге деген көзқарасы жақсара бастағаны байқалады. Болашақта ҚХР-мен ынтымақтастық қалай өрбиді?

– Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қар­қынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы ынты-мақтастықтың жаңа “алтын отыз жылдығына” қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.

Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжіңнің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын.

Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспортқа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк тасымалын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрыннан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 миллиард доллар инвестиция салды.

Қытаймен ортақ шекарамыз­дың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұр­ға­нымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен “Бір белдеу, бір жол” атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транс­каспий халықаралық көлік дәлі­зін бірлесе дамыту жөніндегі ке­лісімді және “Аягөз – Тачэн” бағытындағы темір жол құрылысы ту­ралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміздің көлік-логистика саласына тың серпін беретініне сенімдімін. Қа­зақстан Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” мегажобасын толығы­мен қолдайды. Былтыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі.

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз жүру режімі күшіне енді. Мұның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып, келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін.

Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық тех­нология саласында зор табысқа жет­кен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондық­тан шығыстағы көршімізбен ын­тымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артық­шылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды.

– Сіз жақында өткен “Па­рыз” және “Алтын сапа” сый­лықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде отандас­тарымызды тек қана алға қа­рап, алысты көздейтін мақсат­қа ұмтылуға шақырдыңыз. Ескілікке тым бой ұрмау, өсіп-өркендеу жолынан айнымау керектігін атап өттіңіз. Осы арқылы нені меңзедіңіз? Қоғам не нәрсеге мән беруі қажет деп ойлайсыз?

– Күнделікті міндеттерден бө­лек, ұзақ мерзімге арналған мақ­саттарға ден қоюдың мәні зор. Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылау­ға бүкіл күш-қуатымызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әл­декімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз. Мұндай пай­дасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жа­ңыл­мауға тиіспіз.

Баяғыда ұлы халық болған­быз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбет­те, тарих – біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүр­гізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақы­рыптағы кітаптар көптеп шыға­рылуда. Жаңа ғылыми мекеме­лер құрылып, бұрынғы институт­тар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан­дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді.

Алайда біздің бұрын кім бол­ғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болаты­нымыз әлдеқайда маңызды. Сондықтан қандай қиындықтан өткенімізді бағамдайтын кезде ғана ауызбіршілік танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіс­піз. Дүниетанымымызға жат мә­дениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақта­нуымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды.

Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үй­реніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағала­нуға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін “ұлттың қаймағымыз” деп санайтын кейбір зиялы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлт­қа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақтүйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей “біздің халық аса данышпан” деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке “жағдайымды жасамады”, – деп өкпе арту­дан аса алмай отыр. Осылайша ұлт­тық идеологияның даму жо­лында жалғандыққа жол бері­леді.

Біз озық ойлы ұлт ретінде хал­қымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қара­пайымдылық және үнемшілдік – на­ғыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Хал­қымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз.

– Тағы бір мәселені айтпай кетуге болмас. Кейінгі кезде қо­ғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып барады. Әйелдер мен балалардың әлімжеттік көргені, соққыға жығылғаны туралы ақпарат күн сайын шығады. Осындай қылмыстардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қою үшін мемлекет тарапынан не істеліп жатыр?

– Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шара­лар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айна­лысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйел­дерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.

Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жә­бірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көш­ті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.

Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.

– Өткен жылдың қараша айында ер адамның әйелін өлтіруі қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жаза­ны қатайту туралы бейресми петиция жарияланып, оған өте көп қол жиналды. Алайда “Пе­тициялар туралы” заң биыл сәуір айында ғана күшіне ене­ді. Сондықтан бұл петиция заңсыз деген сөз шықты. Көпшілік “Жабулы қазан жабулы күйінде қалады” деп алаңдап отыр. Турасын айтыңызшы, Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды қолдайсыз ба?

– Мен елімізде “заң мен тәр­тіп” қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жа­уап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ес­керіледі. Оған күмән болмасын.

Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды. Жұрт зор­лық-зомбылық жасағандарға жаза­ны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шы­найы өмірдегі кәнігі қылмыскер­лердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылық­тарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек.

Біз заңсыздық пен қатыгез­дікке бір кісідей, батыл қарсы тұ­руымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.

– Өзіңізбен бірге жұмыс істейтін азаматтар Сізді өте талапшыл басшы дейді. Кадр саясатында қандай қағидатқа сүйенесіз? Қол астыңыздағы қызметкерлермен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз ат­қаратын кәсіби маман ғана бол­мауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт. Қарамағымда қызмет істейтін азаматтардың ма­ған емес, Әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы әлдеқайда маңызды.

Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезін­де нәтижелі шаралар қабылдау­ға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін”, – деген қағидатты берік ұстануға тиіс.

– Кадр мәселесін одан әрі жалғастырсақ. Реформалардың нәтижесінде көптеген да­рынды жас мемлекеттік қызметте өздерінің қарым-қабілетін көрсетуге мүмкіндік алды. Қазір олар Парламентте, мәс­лихаттарда, министрліктерде және басқа да мекемелерде жұмыс істеп жүр. Сіз жаңа буын өкілдерін ұдайы қолдап келесіз. Алайда жас басшы­ларға тәжірибе мен пайым-парасат жетіспейді деген пікір ай­тылады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың ат­қарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қа­былданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.

Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жа­сақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нә­тижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастар­дың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңар­туға тың серпін берді.

Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұ­мысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңге­руге және озық білімін тиімді пай­далануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жас­тарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтыла­ды. Сондықтан оларға парасат-пайым жетіспейді деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек. Бұл жерде эксперимент жасаудың қажеті жоқ. Кейбір сарапшысымақтар “Президент Тоқаев жүйені тұра­латып тастады, ешқандай өзгеріс болған жоқ, ескі кадрлар ор­нында қалды” деген сыңаржақ пікірін тықпалаудан танбай жүр. Мұның астарында қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттілігі­міздің іргесін шайқайтын пасық ниет жатыр. Асығыстықтың сал­дары ауыр болуы мүмкін.

Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі кейде олардың өз қа­рым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіреді. Со­ған қарамастан, біз жаңа буын­нан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беріп келеміз. Бұл сая­сат алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Тұңғыш Президенттің ме­муары қоғамда қызу талқы­ланды. Сіз де ол кітапты оқы­ған шығарсыз. Көптеген шешім мен оқиғаға тікелей куә болған адам ретінде қандай әсер алдыңыз? Өзіңіздің мемуар жазатын ойыңыз бар ма?

– Бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Кезінде бір айтқыш “Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті” деген екен.

Нұрсұлтан Назарбаев – бір­неше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз мансабын комсомол белсендісі ретінде Хрущев заманында бастап, арада алпыс жылдан астам уақыт өткеннен кейін қызметтен кетті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қа­лыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам.

Мен мемуарларды, публицистикалық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыжда­ғатпен оқимын. Ал сұраққа келсек, мен үшін қазіргі кезең мемуар жа­зып отыратын уақыт емес.

– Жұрттың айтуынша, Сіз ке­зінде өңір басшыларына өзі­ңізді ұшақтан гүлмен қарсы алуға, аста-төк дастарқан жаюға, думандатып концерт, шоу өткізуге тыйым салыпсыз. Сол рас па?

– Президент ретінде алғаш рет ел аралауға шыққанымда, әкім­дер салтанатты шаралар ұйымдастыруға, көл-көсір дас­тар­қан жаюға, билбордтар орнатуға тырысты. Қазір мұның бәрі тыйылды. Мен облыстарға жұ­мыс бабымен ғана барамын. Уа­қыт өте келе жергілікті жерлерде де осындай жұмыс дағдысы қа­лыптасатынына сенімдімін. Халықты жинап, қыруар қаржы шығындап, салтанатты шаралар ұйымдастыру біржола тоқтатылады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, мазмұнды сұхбат бергеніңіз үшін рақмет айтамыз. Жаңа жылда айтулы оқиғалар көп болады деп сенеміз. Сұхбатымыздың соңында тағы бір сұрақ қояйын. 2024 жылды қалай қарсы алдыңыз?

– Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы.

Наурыз – жаңару мен жаңғы­рудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жа­ңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін.

Сөз соңында барша халқы­мызға бақ-береке тілеймін! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін!

Әңгімелескен

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp