Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Әсем Рахметова өңірде жұмыс сапармен болып, өндіріс орындарын аралады.
Халық қалаулыларын қабылдаған өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларымен, жыл қорытындыларымен, көктемгі су тасқынына әзірлік барысымен, газ тарту жайымен таныстырды.
Сенаторлар Парламент жаңарған құраммен жұмыс істеп жатқанын, 35 заң қабылданғанын, сайлаушылармен белсенді ынтымақтастық арта түскенін, мұндай іскерлік қарым-қатынастар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Бұдан кейін халық қалаулылары “Qyzyljar” еркін экономикалық аймағында іске қосылып, алғашқы өнімін жергілікті нарыққа шығарып үлгерген “Зеленый Север” инновациялық жылыжайында болды.
Серіктестік директоры Екатерина Асаенок заманауи нысанның технологиялық жабдықталуы жайынан толыққанды ақпарат берді. Қазір мұнда күніне 6 тоннаға дейін қияр жиналады. Толық қуатына енгенде бұл көрсеткіш 2,5 есеге дейін молаяды. Барлық үдеріс компьютер арқылы қадағаланады. Алдағы уақытта қиярдан бөлек, қызанақ, басқа да көкөніс түрлері өсірілмек. Жылыжай кешеніне 7,2 млрд. теңге мөлшерінде инвестиция салынған.
Екатерина Александровнаның айтуына қарағанда, басты мақсат – үзіліссіз, циклді өндіріс жүйесін қалыптастыра отырып, облыс тұрғындарын көкөніспен жеткілікті түрде қамтамасыз ету, еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелту. Бұл қадам импорт көлемін барынша азайтуға мүмкіндік бермек.
“Бағдарламаның артықшылықтары көп екеніне көзіміз жетті. Ең бастысы, өнімдерді ұзақ сақтаудың жолдары жете қарастырылған. Тауардың өтімділігі, былайша айтқанда, тұтыну сапасы бұзылмайды деген сөз. Жылыжай үшін теріскейдің таңдап алынуы бекер емес. Ресейдің үш облысымен шектесетіндіктен, экспорттық әлеует те арта түседі”, – деді сенаторлар.
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл кентінде өткен кездесуге облыстық мәслихаттың төрағасы Владимир Бубенко, аудан әкімі Жанат Сәдуақасов, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме, ұйым жетекшілері қатысып, Президент тапсырмаларының орындалуы талқыланды.
Ольга Перепечина Сенат жұмысының негізгі қорытындыларын баяндап, алда тұрған бірқатар маңызды міндеттерден хабардар етті.
“Парламентте қабылданған заңдар кешенді реформалардың дәйектілікпен жүзеге асырылуына айтарлықтай ықпал етері даусыз. 92 заңның қабылдануы – соның дәлелі. Бұдан бөлек, Үкімет сағаттары, “дөңгелек үстелдер”, көшпелі отырыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып, маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдар жолданады”, – деді Ольга Валентиновна.
Әсем Рахметова кездесулерде жұртшылықты алаңдатқан өзекті проблемаларға бірінші кезекте мән берілетінін, тиісті орындарға дереу құлаққағыс етілетінін жеткізді.
“Мұндай жүздесулер халықтың пікірлерін тыңдап қана қоймай, оларды қандай мәселелер толғандыратынын білуге, сонымен қатар, кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жекелеген азаматтарды арнайы әлеуметтік төлемдер енгізу бойынша түзетулер, “Ұлттық қор – балаларға” жобасы қатты қызықтыратынын байқадық. Сондықтан қабылданған заңнамаларды жан-жақты түсіндіру, сауалдарға толық жауап беру маңызды. Мәселелердің нақты шешім табуы сындарлы өзара әрекетке көп байланысты”, – деді Әсем Қалашбайқызы.
Сайлаушылар сенаторларға өз өтініш-тілектерін айтты. Аудандағы емдеу мекемелерінде 46 мың адам тіркеуге алынған. Күніне 200 адамды қабылдауға арналған емханаға 350-ге дейін науқас жүгінеді екен. Жаңа медициналық нысан салу мәселесі алты жылдан бері қозғалып келеді.
Кездесуде бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді билік органдарына жеткізу, тағы басқа жайттар талқыланып, жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасында тиімді байланыс, ашық диалог орнату, барлық аспектілер бойынша мәселелерді бірлесіп шешу жайы да ортаға салынды.
Халық қалаулылары 2020 жылы қолданысқа берілген, бүгінгі таңда 400 оқушы білім алатын №3 орта мектепте болып, ұжыммен кездесті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов Есіл ауданында “Amanat” партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша жол картасына енгізіліп, салынған дене шынықтыру-спорт кешенінде болды. Нысанның құрылысы 2020 жылы басталып, былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілген. Жалпы құны – 473 млн. теңге. 4 жаттығу залынан тұратын кешенде күніне 140 адамға дейін жаттыға алады.
Еркебұлан Нұрмағанбетұлы Николаевка мектеп-интернатының тыныс-тіршілігімен танысты. Күрделі жөндеу жүргізілген білім ошағы жанындағы интернатта 24 бала тұрады. Сергеевка – Николаевка бағытындағы республикалық маңызы бар трасса қалпына келтірілген.
Тұрғындар Парламент Мәжілісі депутатының қабылдауына келіп, өздерін толғандыратын мәселелермен бөлісті. Соның бірі – Қаратал елді мекенінде мобильді байланыстың болмауы. Халық қалаулысы антенна орнатуға жер учаскесі бөлінгенін, Николаевкадан Покровкаға дейін ұзындығы 40 шақырым жол учаскесін орташа жөндеуге ведомстволық қорытынды алынғанын, биыл қаражат бөлінген соң жоба жүзеге асырылатынын жеткізді. Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғындарымен кездесті.
Парламент депутаттарының өңірдегі жұмыс сапары 8 қаңтарға дейін жалғасады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.