Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік бюджетке төленетін төлемдерге мониторинг жүргізіп, кәсіпкерлік субъектілерінің салық сомасын артық төлегенін анықтады.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, мониторинг 2022-2023 жылдар кезеңіне жүргізілген. IV санаттағы объектілердің операторлары қоршаған ортаға эмиссия үшін өздігінен қате есептеу салдарынан бюджетке шамамен 96 млн. теңге артық салық төлеген. Осындай барлығы 210 жағдай белгілі болды.
Тексерістен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет IV санатқа жатқызылған объектілердің операторларына – 161, кәсіпкерлік субъектісіне 54 млн. теңгенің қайтарылуын қамтамасыз етпек.
Салық кодексіндегі өзгерістерге сәйкес қоршаған ортаға барынша аз жағымсыз әсер ететін объектілердің операторлары 2022 жылғы қаңтардан бастап төлемнің осы түрін төлеуден босатылған.
Кәсіпкерлердің құқығын қалпына келтіру мақсатында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік кіріс органдарымен бюджетке төлемнің қате төленген сомасын қайтару немесе есепке алу мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.