Облыстық полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері орман алқаптары мен су тоғандарында рейдтік іс-шараларды жиі ұйымдастырады.
Жуырда оларға қала тұрғындарынан облыс орталығындағы құрылыс нысандарының бірінде жұмысшылар құрылыс алаңына жақын өсіп тұрған ағаштардың тамырларын зақымдағаны туралы хабар түскен. Тексеру барысында құрылысшылардың ағаштардың бүлінуіне қатысы бар екені расталды. Алғашында бұл дерек әкімшілік заңнама шеңберінде қаралды, алайда сараптама нәтижесінде 1086750 теңге шығын келтірілгені белгілі болды.
Шығын көлемі үлкен болғандықтан, материалдар бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тараптар медиативтік келісім жасасты. Келтірілген залал толығымен өтелді.
– Жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясы Қылмыстық кодекстің 340-бабы бойынша 3 істі тексерді. Жалпы 12 ай ішінде облыс аумағында табиғатты пайдалану саласында 38 қылмыс тіркелген. Оның 15-і заңсыз аң аулау фактісіне қатысты, 1 бұғы, 20 сібір елігі атылған. Сондай-ақ аң аулау ережелеріне қатысты 183, балық аулау ережелеріне қатысты 43 дерек анықталды, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Әсет ҚАНАФИН.