“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде XVIII ғасырдан сыр шертетін құнды жәдігерлер аз емес. Солардың бірі – Құлеке батыр пайдаланған найзаның ұшы.
– Бұл жәдігер батырдың алтыншы ұрпағы Қошан Жантілеуовтің қолында болған. Қаруды Құлеке батыр соғыс қимылдарында қолданған. Бабасынан қалған мирасты музейге Қошан Жантілеуовтың баласы Мұрат Жантілеуов сыйға тартты, – дейді музей директорының орынбасары Әсемгүл Қыдыбекова.
Құлеке батыр Тәңірбердіұлы 1702 жылы қазіргі Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының маңындағы Аютас елді мекенінде дүниеге келген. Күшті жұт кезінде оның руы солтүстіктен Сырдария өзені маңына қоныс аударады. Бұл жерде Құлеке үйленеді, оның зайыбы Сандық – Төле бидің қызы. Құлеке Тәңірбердіұлы Төле бидің малын айдап әкеткен қас жауы – Келдек батырды жеңген. Осы жеңістен кейін Құлеке батыр атанған.
Абылай сұлтанның нұсқауына және хан кеңесінің шешіміне сәйкес Құлеке батыр Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне жерленген. Батырдың қабіріне қойылған ескерткіш тас бүгінгі күнге дейін сақталған. Музей мамандары жәдігерді тамашалауға келгендерге осы және өзге де деректерді жан-жақты түсіндіреді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.