«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дәстен БАЙМҰҚАНОВ: “АРТЫНДА ЖОҚТАУШЫСЫ БАР ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ДАҢҚЫ АСПАНДАП ТҰР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Дәстен Абылайұлы, сізді өңір жұртшылығы руханият жа­нашыры, өлкетанушы ретінде жақсы таниды. Абай атамыз айтқандай, “көңілдің кейбір сәт­терін” қағаз бетіне, нотаға түсіруді сүйікті ісіңізге айнал­дыр­ғансыз. Жуырда 66 жас­тың биігіне көтерілдіңіз. Уа­қыт­тың таразысына салып қа­ра­ғанда аз ғұмыр емес. Осы жа­сыңыздың биігінде тұрып, өт­кен өміріңізге көз жібергенде қан­дай сезімде боласыз?

– Алланың пендесіне өлшеп берген өмірінің әр сәтін аманат дер едім. Сол өмірді үлгі-өне­ге­мен өріп, әдемі, ғибратты өткізуге міндеттіміз. Кез келген адам та­лантына, табиғатына, болмысы­на сай әрекет етіп, туған елінің гүл­денуіне атсалысса одан асқан ба­қыт жоқ. Мен жастайымнан ән­ге, әдебиетке, айтысқа, термеге жақын болдым. Бойымда теңіздің толқынындай бұлқынған асау да­рын өрекпіп тұр деп айта алмай­мын. Алайда шама-шарқым жет­кенше өз бойымдағы қабілетімді шыңдауға тырыстым. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы “Қа­зағым” атты ән шығардым. Тол­қы­ныстан туған туынды. “Гүлдер-ай”, “Мерей” фольклорлық ұжым­дарын, Жамбыл ауданының Жа­ңажол ауылында ұлттық театр, Майбалық ауылында ақындар мектебін ашқанымды мақтаныш­пен айта аламын. “Дәуір”, “Қаң­бақ” атты күйлерімді орындап жүр­ген өнерпаздар аз емес. “Адам­ды орта қалыптастырады” деген қағида бар. Сол ортаның өзін қалыптастыратын – адамдар. Ортаң жақсы болуы үшін айна­ла­ңа жақсы адамдарды шоғыр­лан­дыруың керек. Мысалы, өмір – үлкен спектакль, біз – кейіпкер­лер­іміз. Әрқайсысымызға бір-бір рөлден берілген. Спектакльдің жақ­сы-жаман өтуі кейіпкерлерге тікелей байланысты. Өз рөлімізді қалай ойнай алсақ, өміріміз со­лай өтетінін естен шығармайық. Тағ­дырдан алған рөлімізге риза бо­латындай ғұмыр кешуіміз қа­жет.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақ газеттері” ЖШС-ның бас директоры Ди­хан Қамзабекұлына берген сұх­батында “Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз елік­теуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек”, – деді. Бұл – жеке адамдарға емес тұ­тас қазаққа қаратыла айтылған сөз. Қазіргі қазақ қоғамында даңғойлық пен дарақылықтың “салтанат құрып тұрғанын” жа­сыра алмаймыз. Бұл дерттен қалай арылуға болады?

– Қоғамдағы қазіргі ахуал елі­нің ертеңіне алаңдайтын кез кел­ген адамның қабырғасына тас­тай батып тұрғаны шындық. Мем­лекет басшысы айтып өткен көз­сіз еліктеу, жалған намыс, дара­қы­лық – бәрі сәнге айналып ба­ра­ды. Бұл өте қауіпті. Одан ары­луға бізге ата-бабаларымыз ама­наттап кеткен ұлағатты ұғымдар, ұлттық құндылықтар көмектесе­ді. Ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, уақыт кө­ші­нен қалмауы керек. Ұдайы алда болуды өршіл мақсат етуге тиіс. Ата-бабамыз аттың құла­ғын­да қалай ойнаса, жас ұрпақ за­манауи ақпараттық технология­ларды да солай жетік меңгеріп жат­са, үміттің ақталғаны сол бо­лар еді. Ұлттың ұлылығы, дара­лық, отаншылдық сонда ғана та­нылатынына куә болар едік. Жасандылық пен жалған­дық орын алған жерде кері кетушілік, Абай­ша айтқанда “өсек, өтірік, мақ­тан­шақ” сияқ­ты жағымсыз әрекеттер бой көрсете бастайды. Ал бұл ке­сапаттар ұлтты ешқашан ұшпаққа шығармайды. Түптеп келген­де, Отанды сүю, ата-анаңды сый­лап, жақсы көріп, қадірлегенің тә­різді жү­рек­тен саф таза күйін­де шығуға тиіс. Біз сон­да ғана етек-жеңін жинаған баянды ел бола­мыз.

Алаштың асыл перзенті Әли­хан Бөкейханов өз заманында ха­лық­қа жапондардан үлгі алу қа­жеттігі туралы ой тастапты. Неге? Өйткені жапондар адам­гер­шілік қағидатымен өмір сүре­ді. Ол мемлекетте халық деген ұғым ерекше сыйлы. Ел басқару­шысының өзі дүйім жұртшылық жи­налған шараға бір минут ке­шікпей келуі керек. Ғаламтор түн­гі сағат үш-төрттерде бір минутқа істен шықса осы мәселеге жауап­ты министр халықтан кешірім сұ­райды. Айта берсек көп. Бізге өр­кениетті мемлекеттердің артық­шылықтарын өз бойымызға сіңі­ру маңызды. Тағы бір айтпағым, бізді өзгеден қазақы тәрбиеміз ерек­шелеп тұрады. Тамырымыз содан ажырамауы керек. Қазақта “Балаңды бес жасқа дейін пат­шаңдай күт, бес жастан он бес жас­қа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас”, – деген тамаша тәмсіл бар. Осыны кім орындап жүр? Ке­рісінше қазіргі әдебиет, психоло­гия болсын осы қағиданы жоққа шығаруға талпынады. Бұл қате. Кез келген адам ұлттық та­мырынан ажырамауы керек.

– Біздің өңірімізден тарих­шылар мен өлкетанушылар аз шықпаған. Солардың бірі – өзі­ңізсіз. Те­ріскейде бұл сала кенжелеп қал­ған жоқ па деген сауалға өлкетанушы ретінде қалай жауап берер едіңіз?

– Өлкетану ісі – ешқашан тоқ­тамайтын, мүлдем жоғалып кет­пей­тін құндылық. Кешегі күн – бү­гіннің тарихы, ал бүгінгі күн – ер­теңгі күннің тарихы. Біз дәл қазір қасымызда жүрген жандардың ба­ғасын білмей, уақыт өткен сайын ардақтай алмағанымызды түсініп, тарихты түгендеуге жан­таласамыз. Өлкетанушылардың арқасында беткеұстар азаматта­рымыз ортамызға оралып, өл­мей­тіндер тізіміне қосылды. Гомердің “Илиадасын” алып қарайықшы, қаншама ғасырлар өтсе де халықтың аузында жүр. Ел аузында жүрген деректерге мұқият болуымыз керек. “Кү­ріштің арқасында күрмек су іше­ді”, – деген сөз бар. Сол күрмектің ішінен күріштің бір түйірін іздеуге ұмтылуымыз керек. Өлкетану­шы­­лардың жұмысы осымен па­ра-пар.

Қызылжар – қасиетті өңір. Бұл жерде жылқының алғаш рет қол­ға үйретілгені белгілі. Осы жа­ңа­лықтың өзі біздің даңқымызды ас­пандатпай ма? Әрбір өлкенің хал­қына суықта пана, ыстықта сая болған, есім­дері ел есінде сақ­тал­ған бір­туар перзенттері бар. Олардың бәрін өлкетанушылар зерттейді. Өзіңіз айтқандай, біз­дің өңірде тарихшылар да, өлке­танушылар да аз емес. Солар­дың ішінде кейде халқымыздың тарихы жөнінде қазақ тілділер мен орыс тілділер айтқан уәж­дердің басы бірікпей, екі жаққа айырылып жатады. Әркім көрпе­ні өзіне қарай тартып, тарихтың жұлма-жұлмасын шығарады. Осы­ған қарным ашады.

– Қызылжардан шыққан сөз зергерлері қазақ әдебиетінің алтын қамбасын небір оқы­лым­ды туындыларымен то­лық­тырды. Қазіргі жас қалам­гер­лерден не күтесіз?

– 1990 жылдардың соңында сол кездегі мәдениет басқарма­сына республикалық жыр сайыс­тары өтетіндігі туралы хаттар жиі келетін. Сол хаттарға талай мәр­те “Біздің өңірде ол шараға қаты­сатын адам жоқ!” деген мәтіндегі жауаптар қайтарылды. Басшы­лар артық жұмыс істегісі келмеді. Кішкене шегініс жасайын. 2000 жыл­дары өлең жазуға құштар балаларды іздей бастадым. Ол кез­де ақындар, айтыскерлер мек­тебі әлі ашылмаған. Ақындар мек­те­бінің негізін қалауға кірістім. Менің бұл ойымды журналист Кәрібай Мұсырман, ақын ағамыз, марқұм Мүтәллап Қанғожин қолдады. 2-3 жылдай жұмыс істедік. Нәтижесі жаман болмады. Жарқын Ома­ров, Аманжол Зағыпар, Жарқын Жұпархан, Әлібек Серғалиев, Жұмабек Рахимов есім­ді талапты жігіттер сахнаға шықты.

Кейін Әбу Досмұхамбетов атын­да­ғы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта, Бескөлдегі “Парасат” мектебінде, Бәйтеректегі білім ошағында ақындар мекте­бін ашып, балаларға өлең жазу әдістерін көрсеттік, нәтижесінде Шыңғысхан Ғабдуллин, Жалғас Мұқанов, Әйгерім Тасболатова, Сара Қалиақбарқызы, Диас Ая­ған сынды жас талапкерлер өз­де­рінің дарынды екендерін та­нытты.

– Сіз қазіргі уақытта “Асыл мұра” орталығында қызмет етудесіз. Бұл орталықтың жұ­мысына сын айтатындар бар. Сіз қандай пікірдесіз?

– Бұл орталыққа келгеніме көп бола қойған жоқ. Қайролла Мұ­қанов, Ғалым Қадырәлин, Со­циал Жұмабаев сынды ағалары­мыз 2001 жылы “Асыл мұра” ор­талығын ашқанда, сең қозғалған­дай болды. Осы кісілердің табан­ды еңбектерінің арқасында қан­ша­ма тұлғаларымыз тарих сах­на­сына шықты. 70-ке жуық кітап жарық көрді.

Қазіргі таңда артында жоқтау­шысы бар тұлғалардың даңқы ас­пандап тұр. Іздеушісі жоқ, бірақ қа­зақ үшін тер төккен жандар аз болмаған. Мен соларды таныт­қым келеді. “Асыл мұраға” келге­німнің бір мақсаты – осы. Екінші­ден, елдің тарихын түгендеуге атсалысу.

– Жуырда облыс орталы­ғындағы мектептердің бірінің мұғалімі он төрт жастағы қыз баланы зорлады деген хабар же­ліде желдей тарады. Ұлт тәр­биесі мен білімін қолына алған педагогтың педофилге айнал­ғанына көңіл алаңдаулы. Бұл жаға ұстатарлық дерек ұстаз­дың рухани жалаңаш екенін көр­сетіп тұрған жоқ па? Әрине, мұғалімдердің барлығына бір­дей топырақ шашуға бол­майды. Дегенмен бұл сұмдық оқиға қоғамдағы біраз жайт­тың бетін ашып берген секілді.

– Білім беру, мәдениет сала­лары ұлттық құндылық негізінде да­муы керек деп ойлаймын. Бас­шыларға да көп дүние байланыс­ты. Мектеп директорлары қарама­ғындағы ұстаздардың жұмы­сын ғана емес тәртібін де баға­лауы керек. Мен де – білім мекеме­сін басқарған жанның бірімін. Мұ­ғалімнің киім киісіне, сөйлеу мә­неріне, жүріс-тұрысына дейін қа­райтынмын. Өйткені олар – әр оқу­шының айнасы. Бала ұстаздың сөзі мен ісіне қарап бой түзейді.

Шыны керек, қазір қоғамдағы әлеуметтік жағдайы жақсы жан­дар­дың дені – ұстаздар. Мемле­кет тарапынан оларға қолдау жасалуда. Еңбекақылары жыл сайын өседі. Бұған қуану ке­рек. Алайда ұстаздар осы қам­қор­лыққа сай болса құба-құп. Ұс­таз деген сөздің синонимі – ағар­ту­шы. Мұғалімнің барлығы ағар­тушы болуға ұмтылса ғанибет емес пе! Қазақтың тұңғыш ағар­тушысы Ыбырай Алтынсарин атақ-абырой, мансап, ақша үшін ел, жер аралап мектеп ашпады ғой. Ұлттың ертеңін, қазақ бала­ларының болашағын ойлады. Сол сияқты қазіргі ұстаздардың барлығына осындай жауапкершілік жүктелген.

Қоғамда арсыздардың кө­беюі­нің бір себебі – жастардың өз шежіресін білмеуі. Шежіреңді тал­қылауға тыйым салған кеңес үкі­меті тұсында да халқымыз жеті атасын ұмытқан жоқ. Біз бала кү­німізде шежіремізді солақай сая­саттан қорқып, үйде тығылып оты­рып жаттаған едік. Сол заманда бұл ескінің сарқыншағы ретінде саналатын. Ал қазіргі балалар айдың-күннің аманында арғы те­гін білмейді. Тегіңді түгендеу – руға бөлінгенің емес. Жеті атаға дейін қыз алыспаудың мәнін ме­дицинаның өзі де растап отыр.

Туған жерім – Бірлік ауылын­да 100 үй болса, соның 10 қазы­налы қариясы шежіре айтқанды.

– Дәстен Баймұқанов – фи­зика пәнінің мұғалімі, кәсіпкер, ақын, әуесқой сазгер. Сізге қай­сысы жақын?

– Менің тағы бір қырым бар. Ол – аңшылық. Бәрінен бұрын фи­зи­ка-математика факультетін бі­тір­геніме қуана­мын. Физика мен математика көзімді ашты.

Білімің тоқтағанда саған ақыл айтқыш көбейеді. Білімің болма­са, әркім пікірін тықпалайды. Бақ­сы, молда, балгер, нумеролог, пси­холог саған көрінген дүниені дәлелдеп береді. Ал физиканы оқысаң, дүниені танисың.

Егіз баланың бірі ауырса, екін­шісі жырақта жүрсе де, сыңарының науқастанғанын сезе бастайды? Ана жүрегі баласының ауырғанына неге сыздайды? Бұл сауалдардың жауаптарын фи­зика ғылымынан табасың. Оған терең бойлай отырып, таби­ғаттың тылсым күшін түсінесің. Сондықтан ғылымға ұмтылу еш­қашан да өзектілігін жоймайды.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақ­мет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp