Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен 18 жастағы петропавлдықты облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде қолға түсірді.
Тәртіп сақшылары жас жігіттен ұсақ пакеттерге салынған 34 түйіншек тәркіледі. Сараптаманың нәтижесіне сәйкес, олардың ішінде жалпы салмағы 29,95 грамм мефедрон синтетикалық есірткісі болған. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Ұсталған жігіттің тұрғылықты мекенжайынан есірткіні қолдануға арналған құралдар табылды.
– Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
“Qyzyljarnews.kz”.