ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Egemen Qa­zaq­stan” газетіне берген “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қа­рауымыз керек” атты сұхба­тын­да жұртшылықтың көкейін­де жүр­ген өзекті мәселелер әң­гіме өзегіне айналды. Әсіресе Қаңтар қасіретінен бастап, қо­сарлан­ған билік жүйесі, Үкімет­тің стратегиялық міндеттері, энергетикалық қауіпсіздік ны­санда­рының жай-күйі, сыртқы саясат саласындағы айтулы оқи­ғалар, жаһандағы және ай­мақтағы ахуалдың Қазақстанға әсері, көрші мемлекеттер­мен ынтымақтастық, кадр сая­сатына қойылатын қағидаттар сынды көкейкесті тақырыптар кеңінен қамтылды.

Мемлекет басшысының “Қа­зақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар деп жатады. Бұ­ған не дейсіз?”, – деген сұраққа жауабынан жоғары деңгейдегі дипломат екені аңғарылмай қалмайды. Негізгі ойын қысқа да нұсқа дөп берген. Реформа­лардың нәтижесінде елімізде адам құқықтарын қорғау жүйе­сінің нығая түскеніне бәріміз куә­міз. Бірқатар заңдарға қазылар­дың тәуелсіздігін күшейтетін тү­зе­тулер енгізілді. Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты жұ­мыс істейді. Оған конституция­лық мәртебе берілген. Мұның бәрі – соңғы жылдардағы түбе­гей­лі өзгерістер. Бұдан кейін қандай саяси қудалау бар деп айта аламыз? Заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға ілік болатын бір­де-бір нормативтік құқық жоқ. Керісінше, мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтік­сіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету десек, бұл бағыттағы құқық­тық реформалар рет-ретімен жү­зеге асырылып келеді. Заң ал­дында – бәрі бірдей, тең. Бұ­рын бейбіт жиындар өткізу үшін арнайы рұқсат алынатын. Қазір бұл рәсім оңайлатылды, тиісті орындарға хабарласса, жеткі­лікті.

Саяси жаңғыру үдерісінің айшықты мысалдарының бірі, конституциялық бақылауды жү­зе­ге асыратын жоғары орган – Конституциялық Соттың қайта қалпына келтірілуі. Заңға сәй­кес, заты да түбегейлі өзгерді. Енді Конституциялық соттың күшін ешкім де жоя алмайды. Оның шешімдеріне, азаматтар­дың конституциялық құқықта­рына қатысты байламдарына кү­­мән келтіруге, тіпті Президент­тің де еш қақысы жоқ.

Конституцияда Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деп жазылған. Әлеу­меттік желіде желдей ес­кен “Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр” деген қауесеттің жалған ақпарат екені атап көрсетілген. “Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Конституциялық рефор­ма Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасал­ған жоқ”, – деген нақты жауап­тан көп нәрсені аңғаруға бола­ды. Оның үстіне 2022 жылы Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізіліп, суперпрезидентке тән өкілеттіктер жойылғаны мәлім.

Сәуле САДЫҚОВА,

облыстық соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp